![]() |
Главная Случайная страница Контакты | Мы поможем в написании вашей работы! | |
|
Жалпы алғандағы өзін-өзі тану секілді, кәсіптік өзін-өзі тану педагогтың іс-әрекетінің, қатынасының және тұлғасының ерекшелігімен анықталатын, белгілі бір мотивацияның әсерімен өзектелінеді. Кәсіптік өзін-өзі танудың мотивтері алуан түрлі. Олардың ең негізгі түрлері төмендегідей көрсетуге болады.
Біріншіден, кәсіптік өзін-өзі тануға өзіне деген қызығушылық, кәсіпқой ретінде өзінің мықты және әлсіз қасиеттерін ұғынуға, өзінің тұлғасы туралы дүниетанымын кеңейтуге ұмтылыс түрткі болады.
Екіншіден, өзін-өзі тануға деген қажеттілік тәрбиеші немесе мұғалім өз еңбегі мен оның нәтижелері арасындағы дисбалансты тапқан кезде пайда болады, бұл да өзін тану процесін ынталандырады. Мысалға, оқушылардың нашар үлгерімі мұғалімді өзінің жүріс-тұрысында, сабақ беру әдістемесінде ненің қанағаттанғысыз нәтижелерге немесе балалармен, әріптестерімен, әкімшілікпен кикілжіңдерге алып келетіндігін ойланып қалуға мәжбүрлейді. Өзін зерделеу, дисбаланстың себептерін табу педагогқа: іс-әрекетіндегі, жүріс-тұрысындағы, өзара әрекеттесуіндегі кемшіліктерді жоюға; өзі мен қоршаған адамдар арасындағы тепе-теңдікті қалпына келтіруге; дисбалансқа ілесе жүрген теріс эмоциялық уайымдауларды жоюға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, өзін-өзі тану өз атына басқалардың: әкімшіліктің, әріптестерінің, ата-аналардың, кей кездері оқушылардың да сын тұрғысынан жасалған ескертулерінің нәтижесінде өзектелінеді. Сынға берілген жауап әртүрлі болуы мүмкін: деструктивті - өкпелермен, кек алу ниетімен ілесе жүріп, сын қабыл алынбайды; конструктивті – мұғалімнің пікірі бойынша істің нақтылы жай-күйіне сай келмейтін нәрсе ғана қабыданбайды және оның кейбір кемшіліктері қабыл алынып мойындалады. Кез-келген жағдайда конструктивтік тұрғы өзін-өзі тануға және өз іс-әрекетін бағалауға итермелейді.
Төртіншіден, өзін-өзі танудың стимулдары ретінде кәсіптік өзін тану және дамытудың мотивтері: өзін-өзі бекітулер, өзін-өзі жетілдірулер, өзін-өзі танытулар көрініс табуы мүмкін. Басқаша айтар болсақ, педагог өзін өз іс-әрекетін айтарлықтай жақсарту, өзі тұлға ретінде өсуі, өз еңбегінде елеулірек нәтижелерге қол жеткізу үшін танып-біледі. Егер өзін-өзі бекітудің мотивтері туралы айтар болсақ, олардың өз құндылығы бойынша айтарлықтай ерекшеленетіндігі есімізде. Бір жағдайларда мұғалім өзін басқаларға билік ету және осы арқылы бекіну үшін таниды; өзге жағдайларда – оны меңгеруде жоғары нәтижелерге қол жеткізе отырып, өзінің мүмкіндігін жаңа педагогикалық технологияға бейімдеп кәсіпқой ретінде нығаяды. Егер де басым рөлді өзін-өзі жетілдіру және өзін таныту мотивтері ойнай бастайтын болса, онда өзін тану тұлғалық өсу қажеттігін ұғынумен байланысты терең мағынамен толығады. Одан өзге, психологияда педагогтың өзінің кәсіби еңбегінің қандай саласын негізгі, жетекші ретінде бөліп көрсететіндігімен сипатталатын «педагогикалық центрация» түсінігі бөліп көрсетіледі. Психолог А.Б.Орлов жеті негізгі педагогикалық центрацияны бөліп көрсетеді:
өзінің Менінің мүдделерінде;
әкімшіліктің, басшылықтың мүддесінде;
жұмыстағы әріптестерінің мүддесінде;
оқыту және тәрбиелеу технологиясының талаптарында;
оқушылардың қызығушылықтары мен қажеттіліктерінде;
гуманистік, яғни өз мәнісінің және басқа адамдардың: әріптестерінің, ата-аналарының, оқушылардың мәнісінің мүдделеріне центрация.
Педагогтың жүріс-тұрысы мен іс-әрекетінің мотивациясы оның центрациясының типімен анықталады, бұл кәсіптік өзін-өзі танудың өзгешелігін де бағыттайды. Мысалға, мұғалім әкімшіліктің мүделеріне центрацияланған, осыған орай мақтау сөзге лайық болу, осыларға жақын болу және т.б. үшін директордың, оқу ісі жөніндегі меңгерушінің талаптары мен күтулеріне сәйкес келу, олардың нұсқауларын дәл және мүлтіксіз орындау мотивтері белсенді бола бастайды. Сондықтан өз бойыңнан аталған мотивті ең толықтай қанағаттандыруға мүмкіндік беретін қасиеттер мен тұлға ерекшеліктерін тану, «ашу» керек. Осыған ұқсас ой жүгіртулерді центрацияның басқа типтеріне қатысты да жасауға болады. Ең құнды болып гуманистік центрация табылады, оған өзін тану және дамыту мотивациясы, өзін тұлға ретінде және кәсіпқой ретінде ең терең және жан-жақты тану себепкер болады және осы гуманистік центрация да бұларға себепкер болып келеді. Кәсіптік өзін-өзі тану тәсілдеріне келетін болсақ, олар жалпы алғанда тұлға өзін-өзі танығандағыдай: табу, белгілеу, талдау, бағалау және қабылдау, ал кәсіптік өзін-өзі танудың құралдары өзгеше және педагогикалық еңбектің сипатымен анықталады.
Өз іс-әрекетін, қатынасты және тұлғаны талдау – бұл өзінің сабақты қалай өткізе алғандығын, өзінің жетістіктері мен кемшіліктерін, эмоциялық күйін, өзінің сенімділік деңгейін және басқа да көптегенін бағалай отырып, іс жүзінде педагог күн сайын пайдаланатын жетекші құрал. Осындай талдаудың барысында мұғалім өз тұлғасын зерттейді, өзінің мықты және әлсіз жақтарын анықтайды, ықтимал кикілжіңдердің себептерін іздеп табады. Өкінішке орай, кемшіліктер мен кикілжіңдерді табу әрқашан өз тұлғасымен ара қатыста бола бермейді. Ағаттықтар, кикілжіңдер үшін жауапкершілік өзіне емес, басқаларға (нашар сабақ үлгерімі – балалар қабілетсіз, ата-аналармен кикілжіңдер – ата-аналар кінәлі және т.с.) жүктелетін мысалдар аз емес. Мұндай позиция өзін-өзі тануды ынталандырмайды, тұлғаның қорғаныс реакциясы бола отырып, оны тежеп отырады.
Өзін педагогтың қандай да бір нормативтік үлгісімен немесе идеалымен, сондай-ақ педагогикалық іс-әрекетпен айналысатын нақтылы адамдармен салыстыру. Педагогикалық кәсіпті таңдап алған кез келген адамда (бұл кез келген басқа кәсіпке де тән) уақыт өте келе тәрбиешінің, мұғалімнің, оқытушының және т.с. қандай да бір нормативі немесе идеалды бейнесі қалыптасады. Бұл бейне анық ұғынылған немесе ұғынылмаған абстрактылы немесе нақтылы адам түрінде көрініс табуы мүмкін (мысалға, менің өзімді мектепте орыс тіліне оқытқан мұғалімге ұқсас болғым келеді). Бірақ кез келген жағдайда тұлғаның нормативке немесе идеалға сай болуға ұмтылысы табиғи құбылыс. Егер салыстыру барысында өз тұлғасының нормативке жақындығының пайдасына қорытындылар жасалатын болса, педагог қанағатттану сезімін бастан кешеді, оның өз өзін құрметтеуі мен өзін-өзі қабылдау деңгейі арта түседі. Олай болмаған жағдайда екі тенденция өзектенеді: әлде осылар өзін-өзі жетілдіруге деген ұмтылыспен ілесе жүрмейтін, өзін-өзі құрметтеудің төмендеуі, қанағаттанбау сезімінің арта түсуі, әлде өзін қабылдау аясында кәсіптік өзін-өзі тәрбиелеу мотивтері дамиды. Өзін салыстыру тек нормативтік үлгімен немесе идеалмен ғана емес, нақтылы адамдармен, жанында жұмыс істеп жүрген өз әріптестерімен жүреді. Мұнда да салыстырудың нәтижелеріне жауап қайтарудың әртүрлі варианттары табылады: егер тұлға өзін басқалардан жоғарырақ бағаласа, ол қанағаттану, өзімен бірдейлік, ұқсастық сезімін, өзін-өзі құрметтеу мен өзін-өзі қабылдаудың жоғары деңгейін бастан кешеді; егер мұндай салыстыру оның пайдасына болмаса, педагог басқаларды «жолы болғыштар» деп санай отырып, қызғанышты бастан кешеді, алдау, манипуляциялау және билік механизмдерін пайдалана отырып, бірақ өзінде немесе басқада ештемені өзгертпей, кез келген амал-тәсілмен нығаюға, бекуге тырысады немесе өзге, ең жақсы жағдайда – салауатты қызғаныш өзін тану және дамытуды күшейтеді («Мен басқалардан кем болмай, жоғары болсам, дәл осындай нәтижелерге қол жеткізе аламын»).
Педагогтың тұлғасын және оның іс-әрекетін басқа адамдардың бағалауы.
Педагогикалық іс-әрекет, басқа еш іс-әрекет осындай болмағанындай, қарқынды бағалау іс-әрекетіне ұшырап отырады. Педагогтар ашық сабақтарды жиі өткізіп отырады, олардың балалармен өткізетін сабақтарына әкімшілік қатысып отырады, алуан түрлі тексерулер жүреді және т.с. Онымен қоймай, тәрбиешілер, мұғалімдер балалардан қызығушылық, әуестену, нәтижелілік, ұйымдасқандық және көптеген басқа реакциялар түрінде тұрақты кері байланысты алып отырады. Өзі туралы, өзінің жүріс-тұрысы туралы белгілі бір ақпаратты ата-аналармен қатынас жасау береді. Педагог әрқашан жұрттың көзінде, сабақты, сыныптан тыс жұмысты талдау болсын, оқушылармен, ата-аналармен қатынас және т.б. болсын, басқаларға қарағанда сынға жиірек ұшырап отырады. Мұғалімдерге кей кездері ата-аналар, және тек бір біріне емес, әкімшілікке шағым айтады. Әкімшілік, мұғалімге талаптар қоя отырып, олардың орындалуын қадағалайды, олай болмаған жағдайда оны сынға алады. Сынға деген көзқарас – педагогтың кемеліне жету өлшемдерінің бірі. Сын өзін-өзі тану үшін стимул болып шығуы мүмкін, бірақ өзін-өзі танумен айнлысуға деген барлық ниетті жойып жіберуі де мүмкін. Солай болса да, өз тұлғасын басқалар тарапынан бағалау өзін-өзі тану мотивациясын дамытудың және осы процесті өрістетудің қуатты факторы ретінде көрініс табады.
Өзінің біліктілігін педагогикалық курстарда жүйелі түрде арттыру да тек кәсіптік құзыреттілікті арттырудың шарты болып қана қоймай, өзін-өзі тануды ынталандыруы мүмкін. Өзінің біліктілігін арттыра, жаңа білімдерді, ептіліктерді, технологияларды меңгере отырып, педагог бір мезгілде өз өзін де таниды. Әсіресе бұл курстардың бағдарламасына психологиялық сипаттағы білімдер мен технологиялар енгізілген жағдайларда тиімді болып келеді. Педагогтармен өзін-өзі тану, өзін-өзі жетілдіру, тұлғалық өсу тренингтерін өткізу дамуға да, өзін-өзі тануға да мүмкіндіктер береді.
Өз-өзіне білім беру. Кез келген кәсіп өз өзіне білім беруді қажет етеді, бірақ педагогикалық кәсіп – тұрақты, бүкіл өмір бойындағы өз өзіне білім беруді керек етеді, олай болмағанда «формаңды жоғалтып аласың». Өзіне өзі білім беру бірінші кезекте - өзін тану бойынша сан көптеген міндеттерді қосатын, өзін тану және дамыту факторы (кез келген жаңа, өз бетінше алынатын ақпарат өз тәжірибесімен, өз тұлғасымен ара қатыста болады, осының нәтижесінде тұлғаның өзі де тұрақты қайта бағалауға ұшырап отырады. Өзін-өзі тануды жетілдіру тұрғысынан психологиямен – оның теориялық та, білім берумен және педагог тұлғасымен байланысты қолданбалы бағыттарымен де өз бетінше шұғылданулар жақсы нәтиже беретіндігін тағы бір қайталайық. Қазіргі психологияда бар, педагог тұлғасын және оның іс-әрекетін зерттеу әдістемелері мұғалімге, тәрбиешіге және басқаларға тұтастай өз өзін сипаттауды құрастыруға, өзіне жан-жақты қамтыған баға беруге көмектесуі мүмкін. Өзін-өзі тану механизмдері – индентификация мен рефлексия да өз сипатына ие бола бастайды. Идеалмен, нормативтік бейнемен немесе өз кәсібіндегі нақтылы адаммен, сонымен қатар өз тұлғасының, іс-әрекетінің және қатынасының әртүрлі аспектілерімен сәйкестендіре отырып, педагог өзінің тұлғалық қасиеттерін, жүріс-тұрыс сипаттамаларын бөліп көрсету және бекіту мүмкіндігіне ие болады. Рефлексия тереңдігі бойынша әртүрлі талдау жүргізуге және өзін бағалауға мүмкіндік береді. Қазіргі психологияда педагог рефлексиясының жоғары деңгейінің терең де жан-жақты тануға ықпал ететіндігін, кәсіптік құзыреттілік дамуының стратегиясын қолдайтын, дәлелдейтін талай эксперименттік мәліметтер бар. Таптаурынға немесе стереотиптендіруге деген анық тенденциямен бірлесе отырып, рефлексияның төменгі деңгейі индивидтің өзін-өзі танудағы және өзінің кәсіптік өзін тану және дамытуының мақсаттарын қоюдағы мүмкіндіктерін күрт төмендетіп жібереді. Өзін-өзі тану нәтижелеріне келер болсақ, олардың өзгешелігі өзі туралы, өзінің оқытушылық қабілеттері, педагогикалық бағытталғандығы, ойлауы және т.б. түсініктерінің толықтығынан, жан-жақтылығынан және тереңдігінен, жалпы алғанда кәсіптік Мен-концепциядан тұрады. Өзін-өзі танудың мазмұнына: жоғары немесе төмен өзін-өзі құрметтеу, өзімен ұқсастық немесе ұқсас еместік сезімі, өзін-өзі қабылдау деңгейі қатынастары әсер етеді. Біз атап өткеніміздей, педагогтың оптимальды Мен-концепциясы, өзін-өзі қбылдаудың жоғары деңгейі педагогикалық процеске қатысушылардың барлығымен қатынастарды тұрақты құрудың, әртүрлі жастағы оқушылардың тұрақты жағымды Мен-концепциясын қалыптастырудың шарттары болып табылады. Психологияда педагогқа өзінің кәсіптік өзін-өзі тануын ұйымдастыруына көмек бере алатын дамыған құралдары бар. Бұл алуан түрлі тесттік әдістемелер, сонымен қатар өзін-өзі бағалауға негізделген әдістемелер. Мысал үшін ағылшын психологы Р. Бернс ұсынған, салыстырмалы түрде қарапайым сұрақтардың тізімін келтіреміз. Оларға жауап бере отырып, мұғалім өзін-өзі түсінуін және Мен-концепциясын ұғынуын тереңдете алады:
1. Мен өзімді аяқталған, толығымен қалыптасқан тұлғамын деп есептеймін бе, әлде менде ішкі өсу мен дамудың резервтері бар ма?
2. Мен өзіме жеткілікті сенімдімін бе?
3. Мен әртүрлі көзқарастарды шыдамдылықпен қабылдауға қабілеттімін бе? Догматизмнен аулақ болуға, айталық: осындай міндеттерді шешудің бір ғана әдісі бар; аталған тақырып дұрыс баяндалған бір оқулық қана бар, бір нәрсеге үйренудің бір ғана тәсілі бар және т.с. деген пікір айтпауға менде зияттық икемділік жеткілікті ме?
4. Менің тұлғалық және кәсіптік дамуым үшін қажетті, өзіме айтылған сынды қабылдауға қабілеттімін бе? Мен басқа адамдармен өзімнің жеке басымның және кәсіптік мәселелерімді ашық талқылай аламын ба?
5. Мен шындығына келгенде: менің оқушыларымның әлемді қалай қабылдайтындығын? Қандай мұғалім болып шығатындығымды? Менің өзіме олардың көзімен қарай алатындығымды білемін бе?
6. Маған оқушылармен тығыз қатынастар ұнай ма, әлде олармен тұлғасыз, жатсынып қатынас жасауды жөн көремін бе? Мен үшін не маңыздырақ – оқу пәнінің мазмұны ма немесе оқушыларды қабылдаудың қажеттіліктері мен ерекшеліктері ме?
7. Баланың алдында оқуда туындайтын қиындықтардың себебін анықтауға тырысамын ба, әлде мен оларды әрқашан баланың қабілетсіздігі есебіне жатқызуға дайынмын ба? Оларға табысты, түсінуді, өзіне деген сенімділікті сезінуге мүмкіндік беру үшін, артта қалып отырған оқушылардың оқу сабақтарының сипатын өзгертуге тырысамын ба? Балалардың дамуының жеке ерекшеліктерін ескеру қажет екендігіне сенемін бе? Менің сабақтарым әрбір оқушы өз мүмкіндіктерін көрсете алатындай етіп ұйымдастырылған ба?
8. Менің сабақ беру стилім, мәнерім мектеп оқушыларында оқуға деген сүйіспеншілікті және «менің» пәніме деген қызығушылықты оята ма?
Тақырып бойынша тапсырмалар:
1.Педагогтың кәсіптік өзін тануының психологиялық ерекшеліктеріне сипатта беріңіз?
2. Кәсіптік өзін-өзі танудың мотивтеріне ашып көрсетіңіз?
Студенттердің өзіндік жұмыстарына арналған тапсырмалар:
1. Кәсіптік құзыреттілікті арттырудың қандай шарттарын білесіз?
2. Қазіргі психологияда педагог тұлғасын және оның іс-әрекетін зерттеу әдістемелеріне мысал келтіріңіз?
3. Психологияда педагогқа өзінің кәсіптік өзін-өзі тануын ұйымдастыруына көмек бере алатын тестер, әдістемелерді мысалға келтіріңіз? Әдістемелерді жүргізіп, интерпретатциялап (сандық және сапалық талдау) және қорытындылаңыздар?
Дата публикования: 2015-10-09; Прочитано: 1655 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!