Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

МОДУЛЬ 1. XVII ғасырдың ортасы мен XX ғасырдың басындағы Азия халықтары



Дәріс комплексі

VI семестр

Д1. Кіріспе

1. Азия және Африка халықтарының тарихы – дүниежүзілік тарихтың құрамдас бөлігі.

2. Жаңа дауір қарсанындағы Азия және Африка халықтарының қоғамдық құрылысы мен саяси тарихы.

3. Азия және АФрика елдерінің жаңа тарихы пәні бойынша негізгі деректері мен әдебиеттер.

«Азия және Африка елдерінің тарихы» курсы жаңа және қазіргі заман тарихын қамтыған екі үлкен кезеңді зерттейді. Лекцияның бірінші бөлімінде жаңа кезең тарихы (XVII ғасырдың ортасы – XX ғасырдың басы), екінші бөлімінде қазіргі заман тарихы (бірінші дүниежүзілік соғыс – XXI ғасырдың басы) қарастырылады.

Жаңа кезеңнің, немесе жаңа тарихтың, негізгі мазмұны капитализмнің дамуы мен нығаюы болып табылады. Жаңа кезеңнің басталу уақыты XVII ғасырдың ортасындағы ағылшын буржуазиялық революциясы, ал аяқталуы бірінші дүниежүзілік соғыс деп есептеледі.

Капиталистік өндіріс тәсілі ерекшеліктерінің бірі оның экономикалық заңдалықтарымен айқындалатын отарлық қанау болып табылады. АШҚ және Еуропаның капиталистік мемлекеттерінің отарлық агрессиясы нәтижесінде Шығыс халықтарына өздерінің үстемдігін орнатты. Англия және Франциядағы буржуазиялық революциялар арқылы жол ашылған Батыста капитализмнің жеңіске жетуі мен нығаюы Азия мен Африка елдерін отарлық езгіге салуының бастамасы болды. Сондықтан Шығыс елдерінің жаңа кезеңдегі дамуы алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда басқаша жүрді.

Курстың екінші бөлімі қазіргі заман тарихы бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуынан бастап бүгінгі күнге дейін уақытты қамтиды.

Курстың пәні - XVII ғасырдың ортасынан XXI ғасырдың басына дейінгі Азия және Африка елдерінің тарихы.

Курстың міндеттері: афро-азиаттық елдердің дамуындағы жалпы және ерекше сипаттарын айқындау, жекелеген елдер бойынша нақты тарихи материалдарды қарастыру.

Жеке елдер мен халықтардың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны түрлі себептерге байланысты біркелкі болмады. Тарихтың бір кезеңінде бір елдер жетекшілік жағдайында болса, екінші кезеңде – басқалары, бірақ мұндай жағдай қандайда бір таңдаулы халықтардың артықшылығы болған емес.

Азия мен Африка елдерінде әлеуметтік-экономикалық дамуы деңгейіндегі ерекше өзгешіліктер де байқалды. Осыдеңгейінде болса, Ауғанстанда, мысалы, тайпалық құрылыс үстемдік етті. Ал Тропикалық және Оңтүстік Африканың көптеген халықтары алғашқы қауымдық құрылыстың әр түрлі сатыларында тұрды.

Зерттеушілердің көпшілігі Азия мен Африка елдеріндегі капиталистік қатынастар қалыптасуының тежеуші себептеріне түрлі факторлар жиынтығының ықпалы мен өзара байланысын ескере отырып, бертекті жауап беруді жоққа шығарады. Шығыс елдерінің бір қатарында жерге феодалдық меншіктің үстемдік етуші формасы – мемлекеттік-феодалдық меншік сақталды. Мысалы, Үндістанда ауыл шаруашылығы мен қолөнердің негізінде бекітулі тар шеңбердегі ауылдық қауым сақталды. Азияның көптеген елдерінде, орта ғасырлық Еуропадағы сияқты, қала ауылмен тығыз экономикалық байланыста болған жоқ. Кейбір жағдайларда Шығыс мемлекетінің дамуы көшпелілердің шабуылы мен күшті қарсыластарының жаугершілігі нәтижесінде құлдырауға ұшырады. Әсіресе жойқын соғыстар ирригациялық жүйенің күйреуіне әкелуі Шығыстың көптеген елдерінің шаруашылық дамуын тоқтатты. Капиталистік қатынастардың дамуын тежеген факторлардың бірі өсімқорлық болды.

Шетелдік отарлаушылардың енуі, халықты шетел капиталына тәуелді етуі жаңа кезеңдегі Азия және Африка елдерінің экономикалық және мәдени артта қалушылығының бекіп, нығаюына басты және шешуші ықпал жасады.

Шығыс елдері әлемдік капиталистік шаруашылық шеңберіне оның аграрлық-шикізат қосымшасы ретінде күшпен біріктірілді. Нәтижесінде Азия мен Африкада капиталистік қатынастар біржақты, отарлаушылардың экономикалық қажеттіліктеріне сай дамыды. Алайда ұлттық капитализмнің қалыптасуына демеу бергенімен, оның дамуына отарлық қанау мен феодалдық сарқыншақтар зор кедергі келтірді.

Отарлаушылардың енуі мен отарлық қанау жаңа кезеңдегі Шығыс елдерінің артта қалушылығының бекуінің негізгі себебі болғандығын Жапония тарихынан айқын көруге болады. Орта ғасырлар мен жаңа кезеңнің басындағы Жапония әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан Азияның қатарлы мемлекеттерінен айырмашылығы болмады. Кейін Жапония, басқа да азиялық елдер сияқты, отарлау агрессиясының объектісіне айналды. Америка қаруының күші арқылы бұл ел «ашылып», шетел капиталының енуіне жол берілді. Алайда бірқатар ішкі және бұдан былай империалистік державалардың біріне айналған жалғыз мемлекет болды.

Отарлау жүйесінің құрылуы капиталдың алғашқы қорлануы және феодалдық қатынастрдан капиталистік әлеуметтік-экономикалық формацияға өтудің алғы шарттары қалыптасып келе жатқан қарсаңында басталды. Капиталистік елдерде өнеркәсіп дамып, капитализм нығая бастауымен байланысты Азия мен Африканың халықтары бірінен соң бірі отарлық езгі объектісіне айналып, XIX ғасырдың аяғы – XX ғасырдың басына қарай Жапонияны қоспағанда Азия және Африка елдері әлемдік капитализм тарапынан отар және жартылай отар елдерге айналдырылды. Сөйтіп капиталистік державалар арасында әлемді территориялық бөліске салудың аяқталуы кезеңінде және капитализмнің имперализмге айналуынан кейін империализмнің отарлық жүйесі де толық құрылды.

Орта ғасырлар мен жаңа кезең тоғысында Азия және Африкадағы Еуропа елдерінің отарлық иеліктері ауқымды емес еді. XV ғасырдың аяғы – XVI ғасырдың басында Азия мен Африкада өзінің отарлық империясын құрған Еуропаның алғашқы державасы Португалия болды. Португалияның Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия, Парсы жағалаулары, Индонезияда бірқатар тірек мекендерінің орнығуы оған Шығыс пен Еуропа саудасында үстемдік жағдайына ие болуына мүмкіндік туғызды. Бұдан кейінгі кезеңдерде Азиядағы Португалия иеліктерінің көпшілігі Голландия мен Англияның қолына көшті. Испания отарлау экспансиясын негізінен Батыс жарты шарында өрістетті.

XVII ғасырдың басында Африка алғаш ағылшын, француз, голланд отарлаушылары назарын өзіне аударды. 1618 жылы Англия Гамбияда (Батыс Африка) өзінің алғашқы фортын құрып, Алтын жағалауына (Гана) орнықты. 1637 жылы Алтын жағалауына голландықтар да келіп орналасты. Осы жылы Франция Сенегал өзені сағасында өзіндік портының негізін қалады. 1652 жылы Голландия Мейірімді Үміт мүйісі (мыс Доброй Надежды) аймағын басып алып, Кап отарын құрды.

Ұлы географиялық ашулар кезеңінде еуропалық державалардың Азия мен Африкада бірқатар жерлерді басып алуына қарамастан, жаңа дәуірдің басына қарай отарлаушылар Шығыс елдері халықтарының негізгі көпшілігінің саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне күшті ықпал ете алмады. Еуропалық отаршылаулардың келуімен байланысты Шығыс пен Батыс Азия арасындағы сауда байланысын әлсіретті. Бірақ бұл жағдай Азияның көпшілік мемлекеттерінің әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуы үшін және олардың халықтары тағдырына шешуші маңызға ие бола алмады.

Африкаға еуропалықтардың келуі айтарлықтай ықпалын тигізді. Отарлаушылар оны «қара түстілекрді аулаудың қорығына» айналдырды. Басып алынған аймақтар мен оған жақын облыстардағы жергілікті тұрғындардың маңызды бөлігі қырғынға ұшырады, тірі қалғандары құлға айналдырылды. Құл саудасы Африка халықтарының күрт азаюына, шаруашылықтың күйреуіне, өндіргіш күштердің дамуын ұзақ уақытқа тежелуіне әкелді. Құл саудасынан азап шеккендердің жалпы саны құлдарды аулау кезінде қаза болғандар мен жолда өлгендерді қосқанда 100 млн жетті.

Шығыс Азияның ең ірі мемлекеті – XIV ғасырдың ортасынан бастап Мин әулеті билік құрған Қытай елі. Сан ғасырлық тарихы барысында қытайлықтар (ханьдықтар) мекендеген территориялар көлемі бірнеше рет өзгергенімен, этнографиялық шекаралар Қытайдың өз провинцияларының, Ұлы Қытайқорғаны шеңберінен сыртына шыққан емес.

Қытай көптеген мемлекеттермен экономикалық және саяси қатынастар орнатқан, дамыған феодалдық мемлекет болды. Қытай негізінен әлсіз кішігірім мемлекеттермен қоршалды. Бұл қытайлықтардың сана-сезіміне «варварлармен» қоршалған «Орталық империя» туралы түсінік ұялатуына көмектісті. Қытай билеушілері басқа халықтарды өздерінің вассал-бағыныштылары және салық төлеушілері ретінде есептеді. Кейде олар көршілерін түрлі деңгейдегі вассалдық тәуелділік жағдайында ұстауға қол жеткізді. Бірақ бұл, бір жағынан, номиналды сипатта болды.

Оңтүстік Азияның ірі мемлекеті Ұлы Моғолдар мемлекеті болып табылды.XVII ғасырдың ортасына қарай моғол императорларының билігі барлық Солтүстік және Орталық Үндістанға таралды. Ауғанстанның маңызды бөлігі өзінің билігін Орта Азияға да таратуға ұмтылған моғолдардың қолында болды.

Филиппин жаңа кезеңнің басына қарай Испанияның отары болса, Индонезия Голландияның отарына айнала бастады. Жапонияда абсолюттік түрдегі орталықтанған мемлекет құрылды.

Орта Шығыстың кең территориясы Сефевидтер әулеті басқарған Иран мемлекетінің құрамына енді. Шах Аббас I билігі тұсында (1587-1629) гүлденген Сефевидтер әулетінің құрамына қазіргі Ауғанстанның, Түрікменстанның, Теріскей КАвказдың Ирактың батыс аймақтары кірді. Бұл империяның құрамына біріктірілген халықтар өздерінің әлеметтік-экономикалық және мәдени дамуы жағынан әр түрлі дәрежеде болды. Тіпті гүлдену кезеңінде Сефевидтер империясы берік мемлекеттік құрылысы болған жоқ.

Сефевидтер мемлекетінен батысқа қарай орналасқан Кіші Азхия және араб елдері түрік-османдарының көптеген басқыншылық жорықтары нәтижесінде пайда болған және иеліктері әлемнің үш бөлігінде – Азия, Еуропа және Африканы қамтылған Осман империясының құрамына енді. Сефевидтер мен Осман империясы арасында Ирак және Парсы шығанағының араб жағалаулары үшін күрес жүрді. Сирия, Ливан, Палестина, Ирак, Хиджаз, Йемен түріктер тарапынан жаулап алынды, бірақ осман сұлтанының Аравия түбегінің үстінен жүргізген билігі номиналды сипатта болды.

Солтүстік Африканың үлкен бөлігі Осман империясының құрамына енді.

Орта ғасырларда араб географтары Египеттпен батысқа қарай орналасқан Солтүстік Африка елдерін, яғни Ливия, Алжир, Тунис және Марокконы, жалпы Магриб атымен біріктірді. Бұл атау осы кезге дейін қолданыста.

Ливия, Тунис және Алжир Египеттің артынан түріктер тарапынан жаулап алынды. Африканың солтүстік-батысында орналасқан МАрокко XV-XVI ғғ. Португалия мен ИСпания агрессиясының отарлау объектісі болды.

Африка материгінің шығысында орналасқан Сомали түбегі XVII ғ. Осман басқарушыларының номиналды билігінде болды.

Сомалиден басқа қарай Абиссин таулы өлкесінде, одан әрі солтүстікке қарай Қызыл теңіз жағалауына дейін Эфиопия жері жалғасты.

Қазіргі Судан мемлекетінен батысқа және Ливиядан оңтүстікке қарай Чад Республикасы, Орталық Африкалық Республика, Камерун орналасқан территориялар, сондай-ақ НИгерияның солтүстік-шығыс бөлігінде хауса, фульбе, канури халықтары мекендеді. Канури халқы Чад көліне жақын жерде XVI ғасырға қарай гүлденген Борну мемлекетін құрды. Борну күшті мемлекет болды. Ал хаусалар қазіргі Нигерияның солтүстік бөлігінде орналасқан бірнеше қала-мемлекеттерін құрды: Кано, Кацина, Даура және т.б.

Гвиней шығанағы жағалауында жаңа кезеңнің басына қарай алғашқы қауымдық құрылымның ыдырауы нәтижесінде біріккен тайпалық бірлестіктер негізінде бірнеше кішігірім мемлекеттер пайда болды. Олардың ішіндегі маңыздысы Йоруб (қазіргі Нигерия территориясында), Дагомея және Ашанти мемлекеттері (қазіргі Гана территориясында) болды.

Жаңа кезеңнің басына қарай Тропикалық және Оңтүстік Африканы алғашқы қауымдық құрылыстың әр түрлі сатысында тұрған тайпалар мен халықтар мекендеді. Тропикалық және Оңтүстік Африканың тек жекелеген халықтары ғана таптық қоғам қалыптасуы деңгейіне және мемлекеттіліктің алғашқы формаларын құруға көшті.

Әдебиет:

1. История Востока / Под ред. Якобсона В.А. М., 1997.

2. Новая история стран Азии и Африки / Под ред А.М. Родригеса. В 3 т. М., 2004.

3. Сейдхан К. Батурина Л.Л. Азия және Африка елдерінің жаңа және қазіргі заман тарихы. Караганда, 2008.

МОДУЛЬ 1. XVII ғасырдың ортасы мен XX ғасырдың басындағы Азия халықтары

Д2. Цин династиясы билігіндегі Қытай.

1. Қытайдың жаңа дәуір қарсаңындағы жағдайына жалпы сипаттама.

2. Цин империясының құрылуы. Мемлекеттік құрылысы мен діни-идеологиялық ілімдері (буддизм, Күн-Фу-цзы ілімі, Даосизм).

3. XVII-XIX ғғ. Цин империясының сыртқы саясаты.

4. Тайпин Тян-Го мемлекетінің құрылуы. Тайпин мемлекетінің саясаты.

1. Мин империясы өзінің әулеттік құлдырау кезеңіне аяқ басып, өкімет билігіне наразы халық 1628-1644 жылдары бүкіл Қытайды қамтыған жаппай көтеріліске шықты.

Бірнеше жеңістерге жетіп, 40 жылдары халық көтерілістері өзінің шарықтау шыңына көтерілді. Бұл кезде көтерілісшілер лагерінде екі орталық болды: біреуі Хубэй – Шэньси провинцияларының шекарасы маңында (үкіметке қарсы болып тұратын дәстүрлі көтерілістер ошағы), екіншісі – Сычуаньда болады. Хубэй – Шэньси ауданындағы көтерілісшілерге егінші отбасынан шыққан, бұрын малшы әрі пошта тасушы болған Ли Цзычэн (1606-1645) деген адам жетекшілік етеді, ал сычуандық көтеріліс ошағына бұрыңғы үкіметтік әскердің жауынгері болған Чжан Сяньчжун (1606-1647) басшылық жасайды.

Көтерілісшілер өз қарулы күштерін тұрақты негізде қайта құрып, жаңа өкімет ұйымдарын құрмақ болды. Бұны Қытайдың бұрыннан келе жатқан сол дәстүрлі мемлекеттік басқару жүйесі негізінде іске асырды. Көтерілісшілердің негізгі талабы билік етіп отырған Мин әулетін құлату, шектен шыққан ауыр салықтарды қысқарту, өзінің қатігездігімен және пара алғыш жемқорлығымен көзге түскен қызметкерлердің көзін құрту болды. Хубэй-Шэньси провинцияларының көтеріліс көсемдерінің мақсаты Пекинді басып алып, жаңа әулеттің билігін орнату болды. Көтерілісшілердің қолына қалай Сиань қаласы тиді, дереу 1643 жылы Хубэй-Шэньси орталығының жетекшісі Ли Цзычэн қзін император деп жариялайды. Бұл Қытайдағы үкіметке қарсы қозғалыстың дәстүріне толық сай келетін оқиға болатын.

1644 жылы көктемде үкімет әскерлері Пекинге қарай бет түзейді. Көптеген қалалардың тұрғындары көтерілісшілерге қақпаларын кеңінен ашып береді. 15 жыл бойы үздіксіз жүрген ішкі шиеленістерден әбден қалжыраған және Қытайға тыным тапай тонаушылық жорықтарын жүргізіп келген маньчжурлардан шаршаған Мин билеушілері ішкі бүлікке қарсы тұрар қауқары болмады. Сондықтан, 1644 жылы 25 сәуірде, Пекин қаласы Ли Цзычэн бастаған көтерілісшілерге көп қарсылық көрсетпей, оған берілді. Соңғы Мин императоры, бұндай қорлыққа шыдай алмай, Жазғы бақтағы ағашқа асылып өледі.

Көтерілісшілер өз үкіметін Қытайдың дәстүрлі монархиялық билік үлгісімен құрады. Жаңа үкіметтің әскери құрамы әртүрлі болды. Астананы алған жоқ, жеңімпаздар қалада тәртіп орнатып, тыныштықты қамтамасыз етуге кіріседі. Ли Цзычэн өкіметі қалалықтардың сауда, қолөнер корпорацияларына тұтқындар босатылып, қылмысқа қатысы бар дейтін миндік әкімдерді түрмеге жабады. Жаңа өкіметке әскер мен мемлекеттік аппаратты ұстап тұру үшін, елеулі қаржы қажет болды, оны тек салық жинау жолымен ғана табуға болатын еді. Сондықтан Ли Цзычэннің үкіметі аз уақыт бұрын ғана жойылған салықтар мен еңбек міндеткерлерліктерін қайта қалпына келтіруге мәжбүр болады. Бұл қадам көтерілісшілердің бұдан былайғы үмітіне селкеу түсіріп, жаңа биліктің болашағына қауіп төндіреді. Жаңа әулеттің билігіне бұдан басқа, Қытайдың солтүстік жағынан аса қатты қауіп маньчжур тайпалары болды.

2. Маньчжурлардың ең көрнекті билеушісі Нұрхаци (1559-1626) болды. Оның әкесі, атасын кезінде қытайлар өлтірген еді. Ол маньчжур тайпаларын біріктіріп «Маньчжоу» одағын құрды, сөйтіп Нұрхаци 1616 жылы өзін мемлекет басшысы деп жариялап, Мин империясына салық төлеуді доғарды. 1618 жылы маньчжурлар Қытайға соғыс жариялайды. Нұрхаци әскері Қытайдың солтүстік-шығыс шекарасы жағындағы мықты бекіністерін басып алып, Қытай әскерін жеңіліске ұшыратты. Бұл Қытайдың экономикалық және саяси жағдайын қиындатты. Бұл кезде маньчжурлар мемлекетті басқарудың қытайлық маңызды принциптерін өздеріне үлгі етіп қабылдады. Нұрхаци мемлекетіндегі билікті қытайлық ұңым бойынша, Аспанның еркімен жүргіземін деп мәлімдейді. Нұрхаци өзінің құрған патшалығына 1618 жылы қытайлық дәстүрмен Цзинь (Алтын) деп ат берді. 1621 жылы Нұрцахи Мукденді алып, оны 1625 жылы Цзинь мемлекетінің астанасы етті. Нұрцахиден кейін таққа баласы Абахай (1626-1643) отырады. 1636 жылы ол мемлекетін қытайлық дәстүрмен Цин (таза) деп атап, өзін жаңа мемлекеттің алғашқы билеушісі император деп жариялайды. 1637 жылы Абахай Кореяны басып алды. 1644 жылдан 1683 жылға дейін, Қытай жерінде маньчжурлардың басқыншылық соғысы жүрді. Тек, 1683 жылдан кейін ғана, Цин әулеті бүкіл Қытайға өзінің үстемдігін орнатты. Жат жерлік маньчжур басқыншыларына қытай халқы ұзақ уақыт қарсылық көрсетті. Қытайды осы уақыттан бастап 1912 жылға дейін Цин империясы деп аталады.

Елде көтерілістер басталды, олардың ұйымдастырушылары құпия қоғамдар мен діни секталар болды. Мысалы, XVIII ғасырдың соңында «Ақ лотос қоғамының» басшылығымен жаңа кезең кезеңіндегі аса ірі халық көтерілістерінің бірі басталды. Көтерілісшілер Маньчжур династиясын құлату, сатқын қатал шенеуніктерді жою ұрандарын көтерді.

3. XVI ғасырдың ортасында үш хандыққа бөлінген монғолдардың Шығыстағы Чахар хандығын маньчжурлар 1636 жылы өздеріне бағындырды. 1691 жылы Солтүстік моңғолиядағы Халха хандығы Цин империясына бағындырылды. Ал Батыс Монғолиядағы ойрат тайпаларының Жоңғар хандығы циндіктерге қуатты қарсылық көрсетіп, ұзақ уақыт өзінің дербестігін сақтап тұрды. XVIII ғасырдың ортасында Жоңғар хандығының ішкі дағдарыстарын пайдаланып, Цин әскерлері 1755-1757 жылдарындағы соғыстың нәтижесінде бұл хандықтың жерін де иеленді. Қанды қырғын арқылы бүкіл бір жандықтың жерін халқынан босатып, Цин империясының құрамына қосты. Цин империясының басқыншылық саясаты Тибетке, Үндіқытай елдеріне де таралып, Цин империясының құрамына Тибет, Бирма, Вьетнам, Непал сияқты елдер кірді. Басқыншылық соғыстар арқылы Цин билеушілері империя құрамына орасан зор жерлерді қосып, Қытайдың шекарасын кеңейтті. Сонымен қатар, тәуелділікте ұстады. Ол елдер Қытай императорына жыл сайын елші аттандырып, сыйлық тапсырып отырды. Цин империясының басқыншылық саясаты Қытай халқына оңайға түскен жоқ. Үздіксіз жүргізілген соғыстар мемлекет қазынасына үлкен шығын әкелді, бұл шығынды толтыру үшін өқімет халықтың мойнына ауыр салықтар салды.

XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында Цин империясы әлсірей бастады. Елдің экономикалық жағдайы нашарлап, ашаршылық,жұқпалы аурулар, қайырышылық етек алды. Цин империясыныңішкі дағдарысына сыртқы әсерлер де қосылды. Қытайға ағылшындардың отарлық әректі басталды. Капиталистік Англия өз тауарларын өткізетін сыртқы рынок ретінде Қытайды ашуға кірісті. XVIII ғасырдың соңынан бастап ол Қытайға үш елшілік аттандырды. 1791 жылы Қытайға Макартней елшілігі, 1816 жылы Амхерст, 1834 жылы Нэпир елшілігі келді. Қытайдың сыртқы елдермен сауда жасауға рұқсат берілген бір ғана аймағы Гуаньчжоудағы «Гунхан» сауда монополиясы болатын. Англия Қытайға қарсы соғыс бастады. 1840-1842 жылдары болған бірінші апиын соғысы нда ағылшындар жеңіске жетіп, Цин империясын тізе бүктірді. Қытай жеңілгенін мойындап, еуропалықтар алдында тізе бүгіп, әділетсіз Нанкин келісімшартына қол қойды. Бұл келісімшарт бойынша Қытай ағылшындар үшін тағы да бес порт ашық деп жариялауға, орасан зор мөлшерде өтемақы (контрибуция) төлеуге мәжбүр болды. «Гунхан» сауда монополиясын жойды. Нанкин келісімінен кейін Цин империясы жартылайй отар елге айналып, шетелдіктерге тәуелділікке түсті. Осыдан кейін Англия мен Франция бірлесіп, Қытайды отарлауды кеңейту үшін екінші апиын соғысын басталды. 1856-1860 жылдары болған екінші апиын соғысы кезінде Қытайдың ішкі жағдайы да өте ауыр болды.

1856-1860 жылдары болған екінші апиын соғысы кезінде Қытайдың ішкі жағдайы да өте ауыр болды. 1850 жылы елдің оңтүстігіндегі Гуандун, Гуанси провинцияларында шаруалар көтерілісі басталды. Елдің экономикалық күйзелісі, апиын қозғалысының зардаптары, Цин империясының елді дағдарыстаншығаруға дәрменсіздігі шаруалардың ашу-ызасын туғызды. Олар тайпиндер деген атпен өздерінің саяси көсемі Хун Сюцюанның басқаруымен көтеріліске шықты. Қытай Англиямен және Франциямен жеке-жеке Тяньцзинь келісіміне қол қояды. Англия мен Франция Пекинде өздерінің елшілерін ұстауға және өзелдерінің азаматтары Қытайда емін-еркін жүріп-тұруына, Янзцы өзені бойында сауда жасауға мүмкіндік алады. Апиын сатуға шек қойылмайтын болды, саудаға салынатын салық мөлшері қысқартылды. Осыдан кейін іле-шала америкалықтар да Қытайға өз талабын қойды, олар да Тяньцзинде келісімге қол қойды. Американың сауда кемелері де қытай порттарына келіп сауда жасауға рұқсат алды. Тяньцзинь келісімі Қытайды шетелдіктерге тәуелді, жартылай отар елге айналдырды. 1860 жылы Цин мемлекеті атынан Гун Англия және Франциямен Пекин конвенциясына қол қойды. Бұл бойынша Тяньцзинь келісіміне қосымша Қытай 16,7 млн лян өте мақы төлеп, Тяньцзинь портын ашуға келісті. Англия Қытайдан кули (жалдамалы жұмысшы) әкетуге рұқсат алды. 1860 жылы Ресей Қытайдан Уссурий аймағын толық қайтарып алды.

Екінші апиын соғыстың зерттеуі Қытайдың Еуропалық мемлекеттердің жартылай отары болып әкелген себептері мен алғышарттарын көрсетеді. Еуропалық тарихышылардың еңбектерінде тек қана Англия мен Францияның рөлі, олардың бәсекелестігі көрсетілген. XX ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап ғылыми әдебиетте Бірінші апиын соғыстан кейін Қытай үкіметі Батыс елдермен дипломатиялық қатынастарды орнатуға қарсы шыққандықтан Цит империясын «ұлттар отбасына» кіруінің қажеттілігі Екінші апиын соғыстың себебі деп айтылды. Бұл ой У. Костиннің «Ұлы Британия мен Қытай, 1833-1860» деген еңбекте жарияланды. Сондықтан Еуропалық тарихнамада Екінші апиын соғыстың нәтижелерін талдағанда Қытайды «дипломатиялық жолымен ашу» концепциясын қолданды.





Дата публикования: 2015-11-01; Прочитано: 5016 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.011 с)...