Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Дәріс 14



1.Тақырыбы: Жанғали Набиуллин, Айтқали Нәріков поэзиясы.

2.Қарастырылатын сұрақтар:

1. Жанғали Набиуллин поэзиясы

2. Айтқали Нәріков поэзиясы.

Дәрістің мақсаты:

Қазіргі кездегі Батыс өңірінің жас ақындары туралы ақпарат.

Дәрістің мазмұны:

Ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Жанғали Набиуллин 1936 жылы 13 желтоқсанда бұрынғы Жаңақала ауданы Саралжын ауылында, қазіргі Бөкейорда ауданының «Құрманғазы» ауылдық округінде дүниеге келген.

1960 жылы Оралдың А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтының филология факультетін ойдағыдай бітіріп шықты. Жаңақала, Жалпақтал аудандарында, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстық газеттерінде кызмет істеді.Қазақстан Жазушылар Одағының кеңесшісі болды. Кейін республикалық «Аққұс», облыстық «Орал өңірі», «Серпер» басылымдарында қызметте болды.Оның алғашқы бір топ өлеңдері «Жас дәурен» атты ақын-жазушылардың топтама өлеңдер жинағында 1961 жылыжарияланды, ал 1977 жылы өлеңдері «Қазақ кеңес поэзиясының антологиясына» кірген.

1967 жылы «Жазушы» баспасынан Жанғалидың «Ақ жаңбыр» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. Ақынның тырнақалды кітабын «Ақ жаңбыр» деп атауының өзі-ақ кітаптың бүкіл тынысын, жас таланттың байсалды ой түйінін анықтап тұрғандай.

Жинақ кітаптарына енген өлеңдердің тақырыптары негізінен-соғыс, бейбітшілік, заман тағдыры, туған жерге деген сүйіспеншілік, замандастардың ой-арманы, еңбектегі ерлігі, жастарға үлгі-өнеге боларлық тебіреністер.Сондай-ақ Жанғали Набиуллиннің қаламынан «Таныс әуендер» (1968ж), «Ақ сөйле жүрегім» (1970ж), «Орда -қаһармандар қаласы» (1972ж), «Қас қағым» (І983ж),

Жырлайды жылдар» (1985ж), «Жоғары кернеу» (1989ж), «Жетінші перне» (2001-2006 жж) атты 5 томдық жинағы және «Он сегіз жасқа толмаған махаббатым» (2009ж) өлеңдер жинақтары жарық көрген.

Ақын Жанғалидың қаламгерлік қарымына, ақындық адымына, өмірдің өзіндей өлеңдеріне ақын-жазушылар, теорик әдебиетші ғалымдар тарапынан бағалар да көптеп беріліп келеді.Соның бір шоғыры төмендегідей ой өреді. Мәселен, ақын Ғафу Қайырбеков: «Ақын диапазоны, тынысы кең. Жалған айқай жоқ, жан сенетін дауыс бар. өлең өрнектері, формасы, техникасы, буын ырғақ – бәрі айтар тақырыпқа бағынған, палитрасы бар. Сондықтан да өлеңдері ішінде сайран саласың, кеңшілік сезінесің. Ауқымды тақырып, биік идеяны жырлауға мүмкіндігі мол, алғашқы ауру-еліктеулерден алыстап, өз орбитасына қарай тартқан өзгеше мінезді ақынды көремін», - дейді. Ғафу ақын қалайша дәл айтқан десеңізші! Тамыршыдай тапқыр. Ақынды шалқар шабытқа шомылдырар осындай алдыңғы толқын ағалар тарапынан берілген орынды бағалар ғой.

Ақын Боранғали Ырзабаевтың «Жанғали өмірлік тақырыпты өзінше илейді, иін де өзінше қандырады, ешкімнің сүрлеуіне түспейді, ешкімнің шаңының астында да қалғысы келмейді, ойды өзінше қорытындылайды, өз философиясы бар және ол қарапайым да түсінікті»,- деуінің де бір артық-кемі жоқ деп білеміз.Қысқасы, ақын Жанғали өмірді, адамды өзінше жырлайды, ойлы өлеңдерімен оқушысын еліктіріп, өзіне ертіп отыратын бірегей ақын, тума талант. Ақынның өлеңдері өміртану иірімдерінің өзгеше жазылуымен қызықтырады. Жанғали аға – оқырманы бар және бола беретін ақын.

Нәріков Айтқали Нұрышқалиұлы 1940 жылы 20 маусымда Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы, Ширявское селосында туған. 1968 жылы Орал пединститутын бітірген. 1968–1988 жж. Батыс Қазақстан Маңғыстау облыстық газет редакцияларында, 1988–1992 жж. Қазақстан Жазушылар одағы көркем әдебиетті насихаттау бюросының уәкілі, 1992 жылдан «Аққұс» қауымдастығы Батыс Қазақстан облысы бөлімшесі басқармасында, облыстық теледидарда әртүрлі жұмыстар істеген. Тырнақалды туындылары республика жас ақындарының «Жас керуен» атты ұжымдық жинағында 1969 жылы жарияланған. «Жалын» баспасынан шыққан «Жүрек толқындары» кітабында көлемді топтамасы жарық көрген. «Көк майса», «Самал», «Сағыныш», балаларға арналған «Еркін есейіп келеді» кітаптары шыққан. Республикалық жастар поэзиясы фестивалінің дипломанты (1972), Тасқала ауданының Құрметті азаматы.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Қабдолов З. Сөз өнері. А., 1998

2. Тілепов Ж. Тарих және әдебиет. –А., 2000

3. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: қысқаша очерк: жоғары оқу орнының студенттеріне арналған оқу құралы. –А., 2003

4. Е.Ысмайылов, Жаңа белеске, А., 1962

5. Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі, А., 1958;





Дата публикования: 2015-01-10; Прочитано: 849 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...