Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырыбы:хамза Есенжановтың өмірі мен шығармашылығы



2.Қарастырылатын сұрақтар:

1. Хамза Есенжановтың прозалық шығармалары, публицистикалық мақалалары және драмматургиясы.

2. «Ақ Жайық» трилогиясы – қазақ әдебиетіндегі үздік туындылардың бірі.

3. Дәрістің мақсаты:

Х.Есенжановтың аудармалары туралы. (М.Шолоховтың «Тынық Дон» шығармасының аударылымы туралы)

Дәріс мазмұны:

Хамза Ихсанұлы Есенжанов 1908 жылдың 25 желтоқсанында, Батыс Қазақстан облысының, Ақжайық ауданында дүниеге келді. Қазақ кеңес жазушысы.

Жазушының басты шығармасы — “Ақ Жайық” трилогиясы (1-кіт., 1957, 2-кіт.,1959, 3-кіт., 1965) жариялады. Шығарма Батыс Қазақстандағы тұтас бір кезеңнің оқиғаларына арналған. Автор отарлық езгіден қиналған халық бостандығы мен бақыты үшін күрескен ерлердің жиынтық бейнелерін (Хакім, Әлібек, Әділбек, Мүнариа, Шолпан, Нұрым) жасаумен қатар, нақты тарихта болған адамдардың (Дмитриев, Әйтиев, Қаратаев, Белан, т.б.) өмір жолын шебер суреттеді. 1963 жылы трилогияның заңды жалғасы болып табылатын “Көп жыл өткен соң”, ал 1970 жылы “Ағайынды Жүнісовтер” романдарын жазды. Соңғы екі кітапта жаңа өмір құрған елдің сан қырлы тұрмыс-тіршілігі мен әділеттігі үшін күресі, адамның азамат ретінде қалыптасуы бейнеленген. “Ақ Жайық” трилогиясы мен “Көп жыл өткен соң” роман-диалогиясы 5 кітаптан тұратын тұтас эпопея іспетті.Хамза Есенжанов өмірінің соңғы жылдарында “Қарт қазақ”, “Жайын ілерде”, “Жар”, т.б. әңгіме, очерк, әдеби-сын мақалалар жазды. 1978 — 1981 жылдары жазушының 6 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Ол М.Шолоховтың “Тынық Дон” романының 1-және 4-кітабын, И.С. Тургеневтің “Рудин”, И. Шуховтың “Өшпенділік” романдарын, А.С. Пушкиннің “Дубровский” повесін, т.б. шығармаларды қазақ тіліне аударды. Сонымен қатар бастауыш, орта мектептер үшін оқулықтар жазды.”Ақ Жайық» романы үшін авторға 1967 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық берілді.

Заманымыздың заңғар жазушысы М.О.Әуезов трилогияға «Еуропа үлгісінде жазылған тұңғыш шығарма» деп кезінде жоғары баға берді. Әдебиетiмiздiң тарихында өзiндiк орны бар белгiлi қаламгер Хамза Ихсанұлы Есенжанов қазақ халқына талай тың дүниелер сыйлады. «Ақ Жайық» трилогиясы кезiнде оқырманды елең еткiзген кесек туынды болатын. Ол қандай тақырыпта жазса да, оқырманын бей-жай қалдырған емес. Ақын Әбу Сәрсенбаевтың 1979 жылы қаламгер iнiсiнiң 70 жылдық мерейтойы қарсаңында жазған мақаласының стилiн сақтай отырып, оқырман назарына арнайы ұсынып отырмыз. Мақаланы редакцияға әкелiп тапсырған Әбекеңнiң жары — Райхан жеңгей. Әбу Сәрсенбаев жалпы қазақ әдебиетiн, оның iшiнде романдар саласын әңгiмелер болсақ, Мұхаң, Сәбең, Ғабең, Ғабиден бастаған әулеттi шоғырдан кейiн есiмдерiн атамай өтуге болмайтын тағы да бiр топ әдебиет жұлдыздары бар. Бұлар бозбалалық шақтарынан бастап-ақ сонау әулеттi шоғырларды саялай, солардан үйрене жүрiп, балапан прозамыздың iргесiн қаласуға септiгiн тигiзген Саттар Ерубаев, Ғабдол Сланов, Зейiн Шашкин, Хамза Есенжанов топтары. Әрине, олар бiрден жетiлiп кетпеген-ақ шығар. Әйтеуiр қанатымен су сепкен қарлығаш болғандары хақ. Осылардың арасынан Зейiн Шашкин әдебиеттiң қасиеттi ордасына бет түзеген алғашқы адымдарын сонау 1927 жылдан бастаса да, өз тiлектерiнен тыс ұзақ мерзiм үзiлiс жасауға мәжбүр болды. Сөйтiп әдебиетке қайта оралар сапарларын елуiншi жылдардан бастаған бұл екi қаламгер өкiнiштi жылдардың есебiн қайтармақ болғандай ерен қимыл жасады. Шабыттары да қайту теңiздiң жаңадан тасуы iспеттес ақ толқын өрiп, дарын арнасын кемерледi. Бөгелiп қалған бұлақ көзiнiң мұндай күштi серпiн жасауы табиғи заңдылық та шығар-ау. Әйтеуiр осы бiр қос дарын аз ғана мерзiм iшiнде оқырмандар сезiмiн ұйытып аларлық шебер де, өнiктi де жазып, ортадан оза көрiнiс бердi. «Тоқаш Бокин», «Доктор Дарқанов»,сияқты төрт кiтаптан тұратын «Ақ жайық» романдары қазақ кеңес прозасын шырайландыра да, шоқтықтандыра да түстi.Бүгiнгi сөз жасы жетпісте- сонау 1928 жылғы тұңғыш әңгiмелерiнен бастасақ қаламгерлiк сапарына жарты ғасыр толған, көп салалы тарихи романдардың авторы Хамза Есенжанов төңiрегiнде ғана болса керек едi ғой.

Алайда дараламай, өскен ортасымен алған дұрыс шығар.Хамза Есенжановты ең алғаш рет 1930 жылдары қазақ ғылымының қара шаңырағы Абай институтының әдебиет балапандарын аялайтын қасиеттi кең залында кездестiрсек керек. Бұл тұста үлкенде де, кiшiде де бәрiн бiлсем, бәрiне де үлгерсем деген қанағатсыз бiр ұмтылыс болатынды. Жаза ма, жоқ па бәрiбiр, әйтеуiр бiр жақсы лебiз тыңдауға құштарланғандар Абай институтының кең залындағы жиындардан қалмауға тырысатын едi. Осындай кеңестердiң бiрiне «Еңбекшiқазақ» газетi редакциясына Ғали Орманов, Әбдiрахман Мусин, Ғабдол Сланов төртеуiмiз бара қалдық. Әбдiрахман Мусин қысылып-қымтырылуды бiлмейтiн, ашық-жарқын адам болатын. Бiздi қолтықтап барып, шеттеу тұрған бiр топ жас жiгiттермен таныстырды. «Менiң ағаларым…» Кiл бiр таза киiнген сындарлы сұлу жiгiттер кiшiлiк iзет бiлдiрiп, қолдарын ұсынды. Шалғайдағы қалыңқы ауылдан таяуда келген қысылшаң кезiм, аты-жөнiмдi өзiме де естiлер-естiлмес ерiн ұшымен ғана күбiрлеп ұяң сәлемдестiм. Шүйiркелесiп те үлгерген жоқ едiк, екiншi есiктен шалқақтай адымдап шыққан шағын бойлы, жалтыр шеке қара жiгiт сәл қарлығыңқы жарқыншақ дауыспен, тiстене ашу бiлдiрдi: «Әй, Хамза, Тайыр, Мұхамеджан, Сағыр, қашанғы күтемiз…» Өзгелерi бiрден кiлт бұрылды да, кермеге қоярдай сындарлы сұлу, талдырмаш жiгiт менiң Әбдiрахман iнiмнен қолын босатып ала алмай, сәл кiдiрiп қалған едi. Ашулы қара тағы да дауыс көтердi. «Әй, қураған, мына бiреу кiм өзi? Бөгеме анау кербездi. Сұлудың бәрi қыз емес…» Оң қолын ендi ғана босатып алған сындарлы жiгiт бұрыла берiп биязы ғана жымиды. «Ағатай-ай, тентексiң-ау…» Алдыңғылардың бiрi жалт бұрылып, көзiне түскен кекiлiн желкесiне қаға тастап, жұлып алғандай шекесiнен қарады да, сындарлы жiгiттi асықтырды. «Пай, шандозым-ай, сұлудай сыланбай болсаңшы. - Мынау қара бақсы түтеп тұр… Бiздер түгiл төбемiздегi мықтының өзiн түтуге дайын…» Кербез басын шұлғып, арқаға қақты. «Әй, ақиығым-ай, кiл бiр осылай сөйлейсiң-ау…»Толық танысып үлгiрмеген алғашқы дидарласуымыз осылай аяқталған едi. Бұдан кейiн сол жiгiттердi үнемi институт манында, театр залында, Жазушылар Одағында көретiн болдым. Кейде дуылдаса келiсiп, «Еңбекшi қазақ» редакциясына да кiрiп шығатын. Мүмкiн ретi де солай келетiн - дi, тiптi топтарын жазбайтын. Бұлардың бiрiн-бiрi әзiлмен қағытатын жарасымды мiнездерiне, шынайы достық-тұтастығына, бiр сөзден-ақ аңғарылып тұратын бiлiмдарлығына сүйсiне қарайтын едiк.

1936 жыл. Мен қазақ мемлекеттiк баспасына ауыстым. Ол кезде бүкiл әдебиет, бүкiл оқулық осында шоғырланған болатын. Бiр күнi профессор Құдайберген Жұбанов бес-алты жасты ертiп баспа директоры Киселевтің кабинетiне кiрдi. Солардың iшiнде Хамза мен Есмағамбет бар едi. Директор Сабыржан Үкенов екеуiмiздi шақыртты. Профессор бiздермен бас изеп амандасты да, әңгiмесiн жалғастырды. Әңгiме келешектiң жүгiн көтерер өте бiлiмдi жас әулеттер төңiрегiнде екен. Болашақ осылардыкi дей келiп, Мұхамеджанның, Әлiбектiң, Қажымның, Есмағамбеттiң, Хамзаның есiмдерiн мақтанышпен атады. Хамза Гольдонидiң «Екi мырзаға бiр қызметкерiн», Тургеневтiң «Рудинiн» аударып жүргенiн әңгiмеледi. Құдайберген ағай оның есiмiн атаған сайын Хамза соншама ыңғайсызданып отырды. Кешiкпей профессор ұсынған жас бiлiмдарларға арнап әдебиет оқулықтарын тапсырды.Профессор қателеспесе керек. Сол күзде бұл жас дарындардың әрқайсысы әр тұстан шаң көрсетiп, үмiттi қауымды қуанышқа бөлеген. Хамза мен Мұхамеджан оқулықтарын сәттi аяқтап, кезектi әдеби-ғылыми жұмыстарына кiрiскен кезі еді. Қажым, Есмағамбет әдебиет теориясымен шұғылданған болатын. Сағыр Қамалов «Ер Тарғын» опереттасымен жарқ етті. Бұл опера сахнаның «Қыз Жiбектен» кейінгі соңғы белесi едi. Жас дарын шоғырларының осы сәттегi жүрекжарды қуаныштары сiздiң кiрпiктерiңiзге де мақтаныш моншақтарын сабақтар едi. Олар халық әндерiнiң басын шебер құрастырып, орын-орнына пайдалана бiлген композитор еңбегiн бағалай тұрса да, либретто авторын тiптi биiк құрметтесе керек. Ол кезде ауыр қоңжиып қалған денелi Сағырды қолдарына көтерiп бара жатты. Мүмкiн тiптi маған солай көрiнген шығар-ақ.Мiне, жас дарындар шоғырының араларындағы достық осындай кiршiксiз болатын. Мен бұларды бiрiнсiз - бiрi тыныстай алмастай сезiнер едiм.…Соғыстан кейiнгi жылдарда әдебиетiмiздiң ортасы толып, шексiз бiр шалқыған тұстары болды. Қаламгерлердiң бiрi майданнан, бiрi өзге сапардан оралды. Талайлары көңiл дәптерiне жазылған күрделi шығармалармен келiптi. Солардың бiрi Хамза Есенжанов болатын. Бiрақ та алып-қашпа асаулығы жоқ, биязы адам көңіл дәптерiнде жазылған тарихи романдарды қағазға кешiрiп болғанға дейiн ешкiмге жар салған жоқ. Шұқылай жүрiп, «Тынық Донның» аудармасына қатысты. Мүмкiн осының өзi де ұлы жазушының тақырыптас шығармасынан үйрену жолдары болар.

Тайыр Жароков пен Хамза Есенжанов шығармаларының өлке тарихындағы іздері бүгінгі орта, заман, қоғам бір басқа, бірақ біздің әрқашан өзіміздің түп тарихымызды, тамырымызды, ұлттық құндылықтарымыздың бастауын, сонымен қатар оларды сақтауға, дамытуға зор үлес қосқан аға буын өкілдерін ұмытпауымыз керек екендігі - бұл ешбір дау туғызбайтын аксиома. Осы бағытта өткен тарихымыз бен қазіргі кезімізді екшелеп, материалдық және рухани байлығымызды жинақтап, зерделеп, келесі ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде, олардың тарихи танымдары мен эстетикалық талғамдарының қалыптасуларында мұражай мекемесінің алатын орны ерекше екендігі хақ. Қазақ рухани әлеміне небір өнер мен әдебиет дүлдүлдерін сыйлаған киелі Ақ Жайық өңірінің, қасиетті Нарын құмының қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Хамза Есенжанов пен Тайыр Жароковтың өмірі мен шығармашылықтарында ерекше орын алатыны сөзсіз. Мәдениетті – қоғамның өмір сүруінің қозғаушы күші деп санайтын біздің мұражай мекемесі өмірбаяндары облыс тарихымен бірге өрілген саңлақ ақын – жазушылардың өмір және шығармашылық жолдарына қатысты жәдігерлерді жиыстыруды өздерінің басты міндеттерінің бірегейі санайды. Өйткені ақынды, жазушыны тану арқылы біз рух және руханияттың тылсым сырына үңілмекпіз. Олардың тілі–бір ұлттікі болғанымен, жазғандары, көкейдегілері –адамзаттыкі. Кейінгі буын өкілдерінің адамзаттық биікке шығуларында, одан үйренулерінде осы арыстарымыздың өмір жолдарын бейнелейтін жәдігерлер сәл де болса себеп болса, бұл мұражай орындарының көкірегі ояу азаматты тәрбиелеуге қосқан тамшыдай болса да үлесі деп білеміз. Осы жерде қазақтың талантты ақын ұлдарының бірі, бұл өмірден ерте баз кешкен, отыз алты жыл ғана ғұмыр жасаған (1948-1984) Сағат Әбдуғалиевтің “Хамза Есенжанов” атты өлеңіндегі зұлмат жылдардың құрбаны болған қаламгердің бұралаңға толы өмір соқпақтарын айта келе, “Жампоздарды жаратқанда нар етіп, Жасық итке тумысынан тар етік”, “Ақ қарындай өзің басқан Сібірдің, Шашыңыз да ерте кетті ағарып”, “Залалы ащы зауалдардың зәуінде, Аға сені отырамын үлгі етіп” деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Бұған біздің облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорында сақтаулы тұрған жәдігерлер, тарихи-танымдық құжаттар куә бола алады. Облыстық мәдениет басқармасының ұсынысымен мұражай қызметкерлері түйірлеп болса да, Хамза Есенжанов пен Тайыр Жароков туралы мағлұматтар жиып, мұражай жәдігерлерін жинаумен айналысуда. Айта кетуіміз керек, бүгінгі таңда мұражай қорында жинақталған асыл ағаларымыздан қалған көз - жәдігерлер бұл тек биылғы жылдың ғана еншісінде емес. Ардақты жандарға қатысты, олардың өмір кезеңдері мен шығармашылық жолдарын бейнелейтін, оларға куә болатын жәдігерлерді облыстық тарихи-өлкетану мұражай қорына жиыстыру өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастау алды.

Ендеше ғылым мен білім дамыған заманда біздің қазақтың аяулы азаматтарының қолдарының ізі қалған әрбір жәдігер заттарды күндердің бір күнінде қастер тұтылмай, тартылар өнегеге айналмай ізім-қайым жоғалады-ау деп ойламай, қазірден бастап жиыстыра беруіміздің мәні зор болмақ. Ендеше, Музей ісі – өнер мен ғылым буданынан туатын, қызметкерінен ізгілік пен кісіліктің алты атасын талап ететін өте нәзік әрі күрделі іс деп қабалдағанымыз жөн. ҰЛТ БОЛЫП ҰЙЫСУЫМЫЗДЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ -“МӘДЕНИ МҰРА” мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен жасалған осы бір кішкене ғана ісіміз көкірегі ояу көзі ашық азаматты тәрбиелеуде тамшыдай болса да үлесін тигізсе біз мақсатымызға жете алдық-ау деп ойлауға мүмкіндік бергендей боламыз.

Пайдаланған әдебиет:

1. Е.Ысмайылов, Жаңа белеске, А., 1962

2. Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі, А., 1958;

3. Қаратаев М. Арман асуы, Көргенім мен көңілдегім. – Алматы: Жалын, 1982. 29-бет

4. Хакімжанова М. Біздің Хамза: Өлең, Таңдамалы. – Алматы:Жазушы, 1986. 27 – бет

5. Ғалиев Г. Асыл ағамыз ұмытылмасын. Жайық үні. 1988. №49 (17 желтоқсан)

6. Шарабасов С. Жазушы тағдыры. Орал өңірі. – 1998.-№71. -16 желтоқсан

7. Сейданов Қ. Қазақ әдебиеті және Хамза. Жұлдыз. – 1989. -№2. -185-бет





Дата публикования: 2015-01-10; Прочитано: 4447 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.008 с)...