Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Дәріс 11



1.Тақырыбы: Қадыр Мырза Әлі прозасы мен драмматургиясы.

Қарастырылатын сұрақтар:

2. Қадыр Мырза Әлінің прозалық шығармалары.

3. Қадырдың драмалық шығармаларының ерекшеліктері.

4.

Дәріс мақсаты: Қадыр Мырза Әлінің прозалық және драмалық шығармаларының ерекшеліктері.

Дәріс мазмұны:

Қазақстан Республикасы Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әли 1935 жылы 5 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының Сырым (Жымпиты) ауданында туды. 1958 жылы әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін үздік бітіргеннен кейін, ғылыми кеңестің шешімімен оны аспирантурада оқуға қалдырады. Алайда поэзияны пір тұтқан жас ақын жаңа ашылған «Балдырған» журналына қызметке орналасады. Содан арада төрт жыл өткенде республикалық әдеби журнал «Жұлдызға» ауысып, онда білім меңгерушісі, жауапты хатшысы, бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарады. Сол уақыттан бері осынау көрнекті журналдың тұрақты редколлегия мүшесі. 1968-1973 жылдар аралығында ол «Жазушы» баспасында қазақ поэзия бөлімінің меңгерушісі, одан кейін Қазақстан Жазушылар Одағында поэзия секциясының кеңесшісі болады.

Қадыр Мырза Әли - еліміздегі аты мәшһүр жыр дүлділерінің бірі. Оның бірінші туындысы 1954 жылы республикалық «Пионер» балалар журналында жарияланды. Содан бергі уақыт ішінде оның жетпістен астам поэзиялық, прозалық, сондай-ақ әдеби-сын кітаптары жарық көрді, өлеңдері мектеп оқулықтарына енді. Ал әнге арнап жазылған өлеңдерінің саны екі жүзден асты. Олардың көбі халыққа кең тарады, «Күндер-ай» атты жеке кітап болып басылып шықты.

Өз елін, халқын өлшеусіз махаббатпен, жан-тәнімен, жалынды жүрегімен беріле сүюдің үлгі - өнегесін де

Қадыр Мырза Әли өлеңдерінен танимыз. Ақынның бірсыпыра өлеңдерінде жер бетіндегі адамзаттың халыққа апат әкелетін қырғын соғысқа қарсылығы, бейбітшілік үшін қажырлы күресі суреттелген. Ол арғы-бергі тарихтағы Шыңғысхан, Бату, Напалеон, Гитлер, Муссолини сияқты басқыншы қолбасшылардың қолымен, жасалған жауыздық ізін жырға қосады, айуандықты айыптайды.

Қадыр Мырза Әли - достық атты адамдар бойындағы ең бір асыл қадыр- қасиеттің жыршысы. Оның «Миым менің қажығанда», «Досым болсаң!», «Айтқан бойда еретін», «Танып ниет теңіз», «Жолдас үшін үй жақын» т.б сияқты өлеңдерінде адамдар арасындағы достық сезімінің алуан-алуан әдемі суреттері бар. Адам бойындағы достық атты қасиетті, киелі сезімді жырлағанда Қадыр бұрын-соңды қазақ поэзиясында ұшырайтын көптеген көркемдік бояуларды қайталамайды. Ол тың поэтикалық өрнектерді табуға ұмтылады. Бұл адамдардың арасындағы шынайы достықты жырлау үстінде ақын тапқан қазіргі қазақ поэзиясындағы жаңа көркемдік - бейнелеу құралдары, тың да мәнді-мазмұнды поэтикалық өрнектер.

Қадыр Мырза Әли - эпик ақын. Ол ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі поэма жанрының өсіп жетілуіне көп еңбек сіңірді. Оның поэмаларының көбі лирика - публицистикалық сипатта жазылған.

Поэманың бұл түрлерінің арғы тегі қазақтың ежелгі жыр, толғауларымен тығыз тамырлас екені мәлім. Жиырмасыншы ғасырда қазақтың лирика-публицистикалық поэмасы қатты дамыды. С.Торайғыровтың «Адасқан өмірі», «Кедей»,

І. Жансүгіровтің «Дала», Ж.Молдағалиевтің

«Мен - қазақпын» сияқты лирика - публицистикалық поэманың классикалық түрлері туды. Сол әдебиет алыптарының жасап кеткен ізгі дәстүрін жалғастырып, поэманың осы саласына жаңа өрнек, тың сарын әкелген қазақ ақындарының бірі - Қадыр Мырза Әли. Ол эпикалық кең құлашпен, терең лирикалық тебіреніспен берілген толғау-сырлар арқылы туған елі - Қазақстанның, тұтас бір ұрпақтың, дәуірдің бет- бейнесін таныта білді.

Ақынның поэмаларында да соны идеялық кең серпін жаңа көркемдік бояулар молынан ұшырайды. Мәселен, оның «Қызыл кітап» (1986) поэмасы - ой толғамы ауқымды, Бүкіл адамзатты ойландырар пікір - тұжырымға бай философиялық туынды. Ақын «Заман-ай» поэмасында (1997) Қазақстанның Кеңес өкіметі жылдарындағы тарихына бүгінгі биіктен жаңаша көзқараспен қарап, шамырқана толғанады. 70 жыл ішінде қазақ халқы бастан кешкен адам небір қиындықтарды нақты көркемдік ойлармен жинақтап, әсерлі бейнелеген. Қадыр Мырза Әли поэмасында 1917-1991 жылдар арасындағы Кеңес Одағындағы халық қасіретінің әрі нақты, әрі жинақталған көркем бейнесі бар. «Заман-ай», «Бес жыл өткен соң» поэмалары - қазақ халқының ХХ ғасырдағы көркемдік тарихын оқырман санасына толық жеткізетін көрнекті эпикалық туындылар.

Тұтастай алғанда Қадыр Мырза Әли поэмалары бұрын - соңды ешкім айтпаған, айта алмаған жаңа ой - пікірлерге толы. Көркемдік бояулары қалың да жарқын оның поэмалары қазақ поэзиясына жаңа үн, соңы серпін әкелді. Ұлттық эпиканың өрісін кеңейтті.

Қадыр Мырза Әли - драма жанрына да белсене араласқан ақын. Оның «Әмір Темір», «Жаралы жолбарыс» атты драмасы, «Мың бір мұң» атты трагедиясы, «Сақал саудасы», «Түрт сайтаным түрт!» атты комедиялары, «Отырар ойраны» (Ә.Хасеновпен бірлесіп жазылған), «Төле би» (Ә.Таразимен бірлесіп жазылған) атты либреттолары қазақ драматургиясына елеулі көркемдік үлес болып қосылған туындылар.

Қазақ поэзиясының дамуына көп еңбек сіңіріп, зор көркемдік үлес қосқан Қадыр Мырза Әлидің ұзақ жылдарға созылған шығармашылығы әдебиет ғылымы мен сынының әрдайым назарында болып, жоғары бағаланып келеді

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Қабдолов З. Сөз өнері. А., 1998

2. Тілепов Ж. Тарих және әдебиет. –А., 2000

3. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: қысқаша очерк: жоғары оқу орнының студенттеріне арналған оқу құралы. –А., 2003

4. Е.Ысмайылов, Жаңа белеске, А., 1962

5. Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі, А., 1958;





Дата публикования: 2015-01-10; Прочитано: 1039 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...