Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Дәріс 10



1.Тақырыбы: Қадыр Мырза Әлінің шығармашылық ғұмырнамасы.

2.Қарастырылатын сұрақтар:

1. Қадыр Мырза Әлінің өмірі мен шығармшылығы туралы.

2. Қадыр шығармаларының жанрлық ерекшеліктері.

3.Дәрістің мақсаты: Қадыр ақынның дүние тану даналығы: ақын нақылнамасы.

Қадыр Мырза Әлінің лирикасы мен поэмаларының көркемдік ерекшеліктері.

Дәрістің мазмұны:

Қадыр Мырза Әлі (1935 жылы туған) — ақын, Қазақстанның халық жазушысы (1995), ҚР Әнұранының сөзін жазған авторлардың бірі.

Ақын 1935 жылы 5 қазанда Орал облысының Жымпиты кентінде туған. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған.

Еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған балалар журналы «Балдырғаннан» бастаған. «Жұлдыз» журналы редакциясында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-1973 жылдары «Жазушы» баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі, «Балауса» баспасының редакторы, кейін Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі болған.

1966 жылы «Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілді. 1980 жылы «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ол Қазақстанның халық жазушысы. 2001 жылы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын алды.[2]

Оның тұңғыш туындысы 1954 жылы республикалық «Пионер» балалар журналында жарияланды. Содан бергі уақыт ішінде оның жетпістен астам поэзиялық, прозалық, сондай-ақ әдеби-сын кітаптары жарық көрді, өлеңдері мектеп оқулықтарына енді. Ал әнге арнап жазылған өлеңдерінің саны екі жүзден асты. Олардың көбі халыққа кең тарады, «Күндер-ай» атты жеке кітап болып басылып шықты. Талантты ақын қаламынан халық фольклорының атақты күлдіргі кейіпкері Алдар көсе жайлы «Сақал саудасы», «Қасқыр қақпан» атты өткір сатиралы комедия мен Махамбеттің ең соңғы азапты күндеріне арналған «Жаралы жолбарыс» атты және «Әмір Темір» кесек драмалық шығармалары да жарық көрді. Тұңғыш жинағы «Көктем» 1959 жылы жарық көрді.

Қадыр Мырза Әлі көркем аударма саласында да жемісті еңбектері көп. Әлемдік әдебиет ғүламаларының талайының шығармаларын ол қазақ тіліне аударады. Ал өзінің біраз топтамалары мен таңдаулы өлеңдері ағылшын, француз, неміс, поляк, болгар, венгер, фин тілдеріне аударылды. Орыс тілінде «Бессонница» (1967), «Белая юрта» (1968), «Соловьиный сад» (1971), «Степные пути» (1975), «Твой дом» (1976), «Верхная струна домбры» (1976), «Ладони» (1984), «Нижная струна домбры» (1985), тағы басқа кітаптары жарық көрсе, өзбек тілінде «Күміс қоңырау» (1975), қырғыз тілінде «Алақан» (1979), Әзірбайжан тілінде «Бұлбұл бағы» (1980), моңғол тілінде «Шымыр жаңғақ» секілді еңбектері басылды[1]. Сондай-ақ дарынды ақынның оннан аса кітабы бүрынғы КСРО халықтарының көптеген тілдеріне аударылып, Ташкент, Баку, Бішкек, Алматы, Мәскеу қалаларында басылып шықты.

Поэзия — әлемдік өмірдің қан тамырының құштарлықпен шиыршық ата соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен нұры, ал лирика – поэзияның поэзиясы секілді қағида адамзат баласының танымына сөз өнерін тани және таныта алатын қабілет дарығалы бері айтылып келеді. Қадыр Мырзалиев өзінің ақындық, азаматтық өмірінің мәні мен мағынасын осыдан, поэзияның поэзиясынан – лирикадан тапқан.

Ақындық өнер өнер біткеннің алды екендігінде сөз жоқ. Шын талант үшін ақындық өнер емес, өмір. Заманның қилы қияндарында өмірі өлеңіне, өлеңі өміріне айналған талант тағдыры ғана талайлы болмақ. Мұндай талант үшін өлеңсіз өмір жоқ. Қадыр Мырзалиев – өмірі өлеңді, өлеңі өмірлі талант.

Қазіргі оқырманның интеллектуалдық деңгейі биік, эстетикалық талғамы жоғары. Олар кез келген қаламгерден әдемі ырғаққа, шымыр да селкеусіз ұйқасқа құрылған өлең ғана іздемейді, әр шығарманың астарынан өзіне ой салар философияны, өзі бұрын көп біле бермейтін ғылыми пайымдаулардың поэтикалық үлгісін, сол арқылы сөз зергері тұжырымдаған соны байлам, тың шешім іздейді. Меніңше Қадырдың қадырын арттырып, өзгелерден өзгешелеп тұратын да осындай ой мен сезімнің тұтасқан бір бүтінге айналып, өлең өмірінің әр кезде де жаңаша сипатта көрінуі, шығарма шешімінің әрқашан да біз күтпеген тұстан келіп шығып, ойлануға итермелеуінде деп түсінемін.

Ол нені жырламасын, бізге беймәлім әлемнің әр түкпіріндегі аң мен құсты, жан-жануарлар мен жәндікті сөз етсе де, ақын ойы, оның өзі өлеңге объект етіп алған дүниесі бізге таныс нәрседей, көзімізбен көріп, қолымызбен ұстағандай анық та айқын болып келеді. Ол қай-қайдағы бегомот па, керік пе, мүйізтұмсық туралы айта ма оларға өзіміздің қазақы теңеулер мен салыстыруларды шебер пайдаланады. Керек болса, олардың әр қилы қасиеттерінің өзін қазақы ұғымдармен сараптайды.

Қадыр өлеңдерінің тақырыбы мен мазмұны- адам, адамға тән алуан түрлі сезімдер, ойлар, толғаныстар, адамның өмірге көзқарасы, адамның табиғатқа қарым- қатысы, сайып келгенде, адамның тағдыры мен тіршілігі. Бұлардың қай- қайсысы да тақырып- мазмұн ретінде жаналық, емес, сан рет толғанған сырлар, жырланған шындықтар, әбден шиыр болған тақырыптар мен мазмұндар. Бірақ осы тақырыптар мен мазмұндардың қандайы болмасын, Қыдырдың жырлауында жаңа қырынан, бұрын- соңды ешкім айтпаған соны мағынада, тың пішінде көрінеді.

Пайдаланған әдебиет:

1. Қабдолов З. Сөз өнері. А., 1998

2. Тілепов Ж. Тарих және әдебиет. –А., 2000

3. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: қысқаша очерк: жоғары оқу орнының студенттеріне арналған оқу құралы. –А., 2003

4. Е.Ысмайылов, Жаңа белеске, А., 1962

5. Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі, А., 1958;





Дата публикования: 2015-01-10; Прочитано: 935 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.009 с)...