Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

С) Діни сана 12 страница



УНИВЕРСАЛИЗМ – жан-жақтылық, көпқырлылық, бәрін қамтушы білім, тұтастыққа ұмтылу,универсумды тұтас ретінде қарастыратын, осы тұтастан жекені бөліп шығарып,түсіндіруге және ұғынуға тырысатын ойлау түрі.

УПАНИШАДТАР – веда тарауларының бірі, ғасырлар бойы жинақталған ведтік әнұранға көне үнділік діни-философиялық түсініктеме. Упанишадтардың ең ежелгісі б.з.б. 7ғ. жатады. Ведтік құдайлар упанишадтарда философия мазмұнына сай шектеледі, адам мен дүние-әлемнің аллегориялық бейнесі түрінде түсіндіріледі. Жан дүниесінің басқа жаққа ұшып кететіндігіне баса назар аударылады. Жоғары реалдық табиғаты тұрғысындағы мәселелерге упанишадтар, қалған нәрселердің де айқындығына сая отырып, идеалистік жауап береді: барша заттардың қайдан пайда болғандығы, олардың пайда болғаннан кейін қайда өмір сүретіндігі және олардың жойылып біткеннен кейін қайда кететіндігі; бұл дүниенің рухани бастауы брахман, ол адамның рухани мәні – атманмен барабар. Жердегі жаңадан туып-өліп жататын тұйықталған тамұқтан арылу үшін адам упинишадтар бойынша, өзінің жан-дүниесінің (атман) даралығы туралы брахманмен бірілікте ой тұңғиығына шомуы керек. Упинишадтарда материалистік идея көріністері де болды. Бұл идея бойынша, дүниенің алғашқы бастауы су, ауа, сәуле, кеңістік және уақыт; адам өлгеннен кейін оның жаны өмір сүре алмайды деп есептелінді. Бадараянның (б. з. 2 ғ.), кейіннен Шанкараның (8 ғ.) упанишадтарға жазған түсіндірмелері Ведантаның негізі болып саналады.

УРБАНИЗАЦИЯ – (лат.urbanus – қалалық) – қалалардың және қала тұрғындарының көбею процесі. Урбанизация тұрғындардың белгілі бір кеңістікте шоғырлануына, ғылым мен мәдениет институттарының бір орында жинақталуына әкеледі.

УТИЛИТАРИЗМ (лат. utilitas- пайда) – өнегелі іс-әрекеттің пайдалылығын мойындайтын буржуазиялық этикалық теория. Утилитаризм негізін қалаған және негізгі принциптерін анықтаған Бентам болды. Ол адамдарға олардың жеке мүдделерін қанағаттандыра отырып, «көп адамға үлкен бақыт сыйлау» принципін ұстанды. Бұл жерде іс-әрекеттің үлгі - өнегелігінің нәтижесі математикалық түрде есептелініп, көнелген қуаныш пен шеккен жаңа арақатынасымен айқындалады. Милль утилитаризмге ақыл-ой рахатын тәндік рахаттан жоғары қою принципін енгізді. Утилитаризм сонымен бірге мемлекет функциясын ұғындырудың негізінде орын алған. «Пайда принципін» таным теориясына ойыстыру прагматизмнің пайда болуына ықпал етті. 20 ғ-дың 60 ж. утилитаризм қоғамның апологетикалық концепцияларында қайта жаңғырды.

УТОПИЯ ЖӘНЕ АНТИУТОПИЯ (гр. u - ештемеде емес, жоқ және topos-орын, «еш жерде жоқ орын») – ойша құрылған және көбінесе статистикалық әлеуметтік идеал ойша жүзеге асырылған, ойдан шығарылған қоғам. Бұл мұраттың практика жүзінде іске аспайтындығы анықталғаннан кейін «Утопия және антиутопия» ұғымы метафизикалық түр алды және кез келген ғылымда негізсіз тұжырымдардың синониміне (әлеуметтік, техникалық т.б.) айналды. Утопиялық түсінік ежелгі грек ақыны Гесиодтың (б. з. з. 8-7 ғ.) «Алтын ғасырынан» бастап, әлеуметтік ой-сана тарихымен қатар жасасып келеді. Утопия белгілерін Плотонның «Мемлекет», Августиннің «Құдай қаласы туралы», әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы», 12 ғ. италиян ойшылы Иоахим Флорскийдің «Апокалипсиске түсінік», Асан Қайғының «Жерұйық», Т.Мордың «Утопия», Т.Компанелланың «Күн қаласы» шығармаларынан да табуға болады. «Утопия және антиутопия» ұғымын Т. Мор енгізген.

Ұ

ҰҒЫМ – дүниені танып-білу сатысындағы белгілі бip тұтастықта қарастырылып отырған заттың мәнін оның қалыптасу тәсілін анықтау арқылы олардың теориялық танымның формасы. Ұғым ойлаудың логикалық формаларының бірі, ұғымда шындықтың заттары мен құбылыстары және олардың арасындағы байланыстар олардың жалпы және ерекше қасиеттерін анықтау арқылы жалпы түрде бейнеленеді. Бүкіл ойлау процесі ұғымдар туғызу, оларды жүйеге келтіру және пайдалану жолымен қалыптастыру. Ұғымның қалыптасуы, бейнелендірудің cезімдік формаларынан оған өтyi күрделі процесс: мұнда дүниені тануды салыстыру, талдау мен синтез, абстракциялау, идеализациялау, жалпылау сияқты әдістеpi және ой-қорытындысының айтарлықтай формалары қолданылады. Ұғымның көмегімен шындықтың мәнін ашып, маңызды жақтарын бөліп алып, зерттеу арқылы оны әлдеқайда тереңірек танып білу icкe асады.

ҰЖДАН – адамның ішкі тұңғиық жанын да, сыртқы мінез-құлқы мен тәртібін реттеуші, бақылаушы құралы міндетін атқарушы, оның тұлғалық негізін анықтаушы қасиеті. Шәкәрім де ар-ұят, ұжданды адамның қалғып кетпеуін қадағалайтын, оның санасына үнемі қозғау салып отыратын мазасыз, тыныш таптырмайтын қасиет деп қарастырды.

ҰҚСАСТЫҚ – бір заттың қандай да бір қасиетінің басқа заттардың бойынан табылуын айтамыз.

ҰЛТ – ортақ тілі, мәдениеті, біріктіруші салт-дәстүрлері мен діні бар адамдардың әлеуметтік бірлестігі.

Ү

ҮЙЛЕСІМДІЛІК – бүтіннің бөлшектерінің өзара үндесуі, белгілі бір тәртібін, көптүрліктің біртұтастығын, объектінің формасы мен мазмұны арасындағы сәйкестікті анықтайтын категория.

Ф

ФАЛЛИБИЛИЗМ (ағылш. fallible – қателікке ұрынған, кінәлі) – таным процесіндегі қателіктерінің өспелі нақтылықпен алғандағы түбегейлі мүмкіндік беретін идеясы, постпозитивизм бағыты. Фаллибилизм принципі Поппердің толеранттылық принципімен сәйкес.

ФАЛСАФА (грек сөзі философияның арабша аталуы) – антикалық философиялық пайымдауды үлгі еткен араб ойшылдарының философиясы.

ФАТАЛИЗМ (лат. fatum – тағдыр, fatalis – қашып құтылмайтын) – антидиалектикалық дүниетанымдық тұжырымдама. Фатализмге сәйкес дүниеде орын алатын барлық құбылыстар мен процестер алдын-ала белгіленіп қойылған, яғни әлемде тағдыр, жазмыштың бұлтартпас үкімі жүреді. Ендеше, бұл әлемде бостандыққа, шығармашылыққа орын қалмайды, бәрі де қажеттіліктің үстемдігіне бағындырылған. Дүниедегі заттар мен құбылыстар, оқиғалар мен жағдайлар реті о баста, алдын-ала белгіленіп, «маңдайға жазылып» қойылған. Фатализмнің варианттары көп, бірақ солардың бәріне ортақ нәрсе – орын алып отыратын жағдай қисыны адамға байланысты емес, енднше, оның қолында тұрған жоқ деп қарастырылуы. Теологиялық фатализм тарихтағы оқиғалар мен адам өмірінің қилы жағдайларын Құдайдың құдіретімен анықталады деп түсіндіреді.

ФАЦЗЯ (легистер, «заңшылдар») – Ежелгі Қытайдағы басты идеялық ағымдардың бірі. Фацзяның көрнекті өкілдері – Шань Янь (б.з.б. 390-338), Хань Фэй (б.з.б. 288-233) және т.б. Фацзяны жақтаушылар айырбас сауда қатынастарын дамыту арқылы байыған жаңа ақсүйектердің мүдделерін көксей отырып, рулық құрылыстың сарқыншақтары мен қауымдық – патриархалдық дәстүрге қарсы, елді біріктіру және басқаруды қатаң орталықтандыру жолында батыл күрес жүргізді. Мәселен, Цинь патшалығы тұсында Шан Ян бір сыпыра реформаларды жүзеге асырып, б.з.б. 3 ғ. аяқ кезінде тұңғыш Қытай империясының құрылуына жәрдемдесті. Фацзяның экономикалық және саяси көзқарастарына философиялық негіздемені Хань Фэй жасады. Адамзат қоғамында, сондай-ақ адамдардың іс-қимылына өлшем боларлықтай өз заңдары (фа) болуға тиіс. Ол түрлі әлеуметтік – саяси күштерге қарсы, деспоттық құралдармен елдің қуатын нығайту мен оны гүлдендіру жолындағы күресте мемлекеттің басты қаруы болып табылады. Хань Фэй және фацзяның басқада өкілдері конфуцийшілдікке қарсы болды.

ФЕМИНИЗМ (лат. femina - әйел) – қоғамдағы әйел рөлі және құқығын кеңейту, сөйтіп оған ерлермен тепе-тең деңгейдегі жағдайлар жасауды талап ететін қоғамдық қозғалыс және рухани ағым. Ұғымды француз тіліне 1840 ж. шамасында француз экономист-философы Ш.Фурье өз еңбектері арқылы енгізген. Бұл ұғым екі деңгейде анықтауды қажет етеді, өйткені феминизм бір жағынан, әйелдердің өз құқық, бас бостандықтарын қорғау үшін бастаған қоғамдық қозғалысы, екінші жағынан, әйелдің қоғамдағы орнын анықтайтын әлеуметтік – философиялық, социологиялық, психологиялық, мәдениеттанушылық ілімдер жинағы. Қазіргі феминизмде жыныстар қарым-қатынысы мәселесі биліктік қатынас түрі ретінде қарастырылады. Адамзаттың бір бөлігі ғана, яғни еркектер билікті уысына жиып, мәдениет нормалары мен мән-мағыналарын қағидалау еркіне ие болғандықтан, еркектер өз бастарының мүдделерін бүкіл адамзат мүддесі ретінде көрсетеді. Сондықтан жыныстар тепе-теңдігін қамтамасыз ету үшін, бүкіл мәдени құрылым негіздерін өзгерту керек деп түсіндіреді замандас феминистер. Феминизм теориясын жасауға барынша атсалысқан ғалымдар: М.Фуко, Ю.Кристаева, Ж.Бодрийар, Ж.Деррида, Ж.Делез, Ф.Гваттари, Ф.Соллерс, т.б.

ФЕНОМЕН – мән ұғымымен байланысты және оған қарсы қойылатын ұғым. Шындықты мына түрде қарастырады: адам аңғал реализмнен («заттарды көріп тұрамын») заттардың құбылысы (көрінісі) олармен бірдей еместігін түсінуге көшеді. Идеалистік философияның түсіндіруінше тек санада ғана өмір сүретін,танып білуге болмайтын ішкі мәніне – ноуменге қарама-қарсы деп есептелінетін құбылыс. Ауыспалы өмірде сирек кездесетін,ерекше жаралған ерен қабілеті бар адам; не бір ғажап құбылыс.

ФЕНОМЕНОЛОГИЯ (грек. Феномендер туралы ілім)- басында философиялық пәндердің бірі, кейінірек идеалистік философиялық бағыт, философиялық сананы натуралистік ұстанымдардан (объект пен субъектіні бөліп тастайтын) арылтуға, философиялық сараптаудың өзіндік саласына – сананың өз актілері және олардың мазмұны туралы рефлексиясына жетуге, танымның, адамның өмір сүруінің және мәдениеттің бастапқы негіздерін, толық сипаттамаларын анықтауға ұмтылады.

ФЕТИШИЗМ (франц. fetiche – тұмар, қасиетті күш бар зат) – көбінде алғашқы қауымдық құрылыс, архаикалық мәдениетіне тән жансыз заттарға қасиетті деп табыну. Фетиштер арқылы рухани, киелі күштер әрекет етеді, қамқорлық көрсетіп, қорғап қоршайды деген түсінік алғашқы адамзаттың мифологиялық-синкреттік санасына сай туындаған болатын. Фетишизм ретінде әрбір затты қарастыруға болады, тек ол үшін сол затқа өзіндік күш-қуат берілсе болғаны. Фетишизм Батыс Африкада бүгінгі күнге дейін жақсы сақталып қалған. Ал енді фетишизм элементтерін бүкіл дүние жүзіндегі мәдениеттерден кездестіруге болады. Мыс., әлемдік діндердегі иконаларға табыну (христиан діні), қасиетті «баспалдақтарға» сыйыну (буддизм), «қара тасқа» ғажайып күш ретінде қарау (мұсылмандық), өмірде – капитал өз-өзінен, еңбекке байланыссыз өседі, байлық байлықты өзіне тартады деп, ақшаға, алтынға бас ұрушылық түрлері; өкімет құдіретіне, саяси мекемелерге, идеялогиялық ұрандарға мойынсұну, т.б. фетишизмнің түр көріністері.

ФИЗИКАЛИЗМ – ғылымдағы кез-келген жайттардың дұрыстығын, ақиқаттылығын тек физика тілінде ғана түсіндіруге болады деген неопозитивистік тұжырым.

ФИЛОСОФИЯ – (грек. philo-сүйемін, sophia-даналық; тікелей мағынасы – даналықты сүю) - әлемнің, дүниенің, қоғамның және ойлау жүйесінің ортақ заңдылықтары туралы ғылым. Философия ой дамуы адамзат қоғамының қай кезеңінде де болған. Әсіресе көне Шығыс өркениеттерінде. Бірақ дін мен мифологиядан өзгеше дүниетаным ретінде ол Ежелгі Грекияда қалыптасты. Философия дүниетанымдық, теориялық, методологиялық ғылым. Оның тікелей айналысатын проблемалары (логика, онтология, гносеология, аксиология) мен әдістері (диалектикалық және метафизикалық, герменевтикалық), бағыттары (материализм, идеализм, эмпиризм, рационализм), өзіндік заңдылықтары мен категориялары бар. Философияның көзқарастық, әдістемелік, рациональды жүйелеу, танымдық, сыни, болжам жасау, гуманистік, практикалық деген функциялары бар. Философия ғылымының мәнін және мақсатын анықтау үшін философия туралы философия тарихында айтылған анықтамаларды қарастырып көрейік: К.Ясперс: «Философиялық пайымдау дегеніміз философия тарихына үңілу»; Сократ: «Философия – ойлау арқылы ақиқатқа, білімге жету»; Геродот: «Философия – білімді, ақылдылықты сүю»; Аристотель: «Философия – ғылымдар негізі»; Августин: «Философия – ақылдылыққа құштарлық»; Ф.Аквинский: «Философия – барлық ақиқаттың негізі болатын ақиқат (Құдай) туралы ілім»; М.Монтень: «Философияның қайғылы, іш пыстыратын нәрселерге еш қатысы жоқ. Даналықтың ерекше бір белгісі – ақылдың көмегімен өмірді қуанышты сипатта ғана қабылдау, ол жан жарасын жеңілдетеді, ауруды жеңуге көмектеседі»; Т.Гоббс: «Философия адамның ақыл-ойы, ол жаратушы тәңірдің барлық істерін зерттеуші, осы істердіңретін, себептерін, салдарын анықтауға көмектеседі»; Р.Декарт: «Философия – даналық, адам танып-біле алатын заттар туралы егжей-тегжейлі, жан-жақты білім»; Фихте: «Ғылыми даму барысында оның шеңберінен шығып кеткенімен, философия адамның ақыл-ойымен тығыз байланысты».

ФИЛОСОФИЯЛЫҚ АНТРОПОЛОГИЯ – кең мағынасында – адамның табиғаты және мәні туралы философиялық ілім. Философиялық антропология, тар мағынасында, адамның және оның қатынастарының өмір сүруімен және түсінілуімен байланысты күрделі, көптүрлі проблемаларды қарастыратын философиялық білім саласы.

ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ГЕРМЕНЕВТИКА – бастапқыда (антика дәуірінен) бұл сөз мәтіндерді түсіндіру өнері дегенді білдіреді. 20 ғ. бастап (М.Хайдеггер, Г.Гадамер, П.Анкер және т.б.) бұл терминмен рухани мәдениет феномендерінің мәнін түсіну және игеру туралы философиялық ілім.

ФЛУКТУАЦИЯ – физикалық шамалардың өздерінің орташа мәндерінен кездейсоқ ауытқуы.

ФОРМАЛИЗМ (франц.formalisme, лат. formalis – форма, пішінге қатысты) – шығарманың пішініне артық мән бергенсіп, мазмұнды мансұқ ететін ағым. Формализм «таза форманы ғана құнды көркем элемент» деп қарастырудан көрінеді, яғни көркемдік форманы мазмұннан бөліп алады. Формализм нышаны 20 ғ. байқалып, 20 ғ. кеңінен тарады. Формализмнің түр көріністеріне: футуризм, кубизм, абстракционизм, сюрреализм, фовизм, ташизм, экспрессионизмді т.б. жатқызуға болады. Бұлардың барлығына ортақ принцип - өнерде адамгершіліктен, саясаттан тәуелсіз, өмір шындығынан арылған «таза» эстетикалық шығармалар жасау.

ФОРМАЛЬДЫ ЛОГИКА – ой формаларын – ұғымды, пайымдауды, ой түйіндеуді, дәлелдеуді логикалық құрылымдық жақтан, яғни, ойдың нақты мазмұнына мән бермей және осы мазмұн бөліктері байланысының тек жалпы тәсілін жіктей отырып зерттейдің ғылым. Формальді логиканың негізгі мақсаты – бұлардың сақталуы ақтық білімді алу прцесінде ақиқат қорытындыларға жетудің қажетті шарты болатын заңдарды, принциптерді тұжырымдау. Формальді логика силлогистиканы талдаған Аристотель еңбектерінен бастау алады. Формальді логиканың одан әрі дамуына ертедегі стоиктер, орта ғасырларда – схоластар (Петр Испанский, Дунс Скот, Оккам, Лумий және т.б.); Жаңа заманда, негізінен Лейбниц үлес қосты. Дедуктивті логика проблемаларын оқып үйренудің ғасырлар бойғы қалыптасқан дәстүрінен ауытқу индукцияны зерттеуге және индуктивтік ой қорытындылау ережелерін тұжырымдау талпынысына (Ф.Бэкон, кейіннен Дж.Милль және т.б.) байланысты. Формальді логика дамуының жаңа кезеңі логиканың (символдық) қарқынды дамыған 20 ғ. бас кезінен басталады. Математикалық логика пікір айту мен дәлелдеулердің қисындық теорияларын талдай отырып, Формальді логиканы логика зерттеулердің жаңа әдістерімен және құралдарымен байытты.

ФРАНКФУРТ МЕКТЕБІ – батыстағы әлеуметтік – философиялық ойдың солшыл – радикал бағыты, неомарксизм дейтіннің бір түрі. Маркстың «нағыз идеяларын» қалыпқа келтіріп, оны «жаңадан ашпақ» болған, бірақ ол іс жүзінде марксизмді бұрмалау болды. 30 – шы жылдары Франкфурт әлеуметтік зерттеу институты негізінде құрылған. Көрнекті өкілдері М.Хоркхаймер. (1895-1973, негізін салушы); Адорно, Маркузе, Фром, Ф.Поллок, Л.Левенталь. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін «орта буын» (Ю.Хабермас, А.Шмидт, О.Негт, А.Вельмер); 60-ж. жастар және экстремистік бағыттағы буын қалыптасты (Х.Краль т.б.). Франкфурт мектебінің эволюциясы «қоғамға сын теориясынан» бастап (ол Хоркхаймер және Маркузенің 30-ж-дардағы еңбектерінде), тарихтың пессимистік философиясында (Хоркхаймер мен Адорно бірігіп жазған «Ағарту диалектикасы», 1947) және солшыл экстремистердің «негативтік диалектикасына» (1966 ж. Адорно «Негативтік диалектикасы» және Маркузенің біршама еңбектері), одан пессимистік келісушілікке дейін созылды. Бұл эволюцияның негізгі бағыты қоғамдық қатынастарды тұрпайы – әлеуметтік тұрғыдағы пайымдаулардан айқындалады Франкфурт мектебінің даңқы Батыста «жаңа солшылдар» қозғалысы күшейген тұста өсіп, олардың күресі әлсіреген кезде құлдырады.

ФУТУРОЛОГИЯ (лат. futurum – болашақ, грек. logos – білім) – адамзаттың болашағы туралы мағлұмат беретін білім саласы. Бұл терминді 1943 ж. неміс социологы О.Флехтхейм ұсынған болатын. Оның ойынша, футурология – «болашақ философиясы». Содан бастап футурология болашақты болжайтын ғылым ретінде қарастырылып келеді. 60 ж. «постиндустриялық қоғам» теориясы (Д.Белл, Р.Арон, Б.де Жувенель) – футурологияның жаңа көрінісі.

Х

ХАЛЫҚ – қоғамдық дамудың әр түрлі сатыларында құрамы үнемі өзгеріп отыратын әлеуметтік топтар.

ХАЛЫҚШЫЛДЫҚ – Ресейдегі ұсақ буржуазиялық шаруалар бұқарасы көзқарастарының жүйесі. Халықшылдықтың өзіндік ерекше белгісі – аграрлық демократияның крестьяндық утопиялық социализмі арасындағы шиеленіс, капитализмге қарсылық. Халықшылдық буржуазиялық-демократиялық төңкеріс жолына кеш түскен елдер қатарына тән, капитализмнің өзіндік қайшылықтары айқындалған кезде, пролетариаттардың социалистік қозғалысын тудырды. Ресейдегі халықшылдық ағымының негізін салушылар: Герцен және Чернышевский.

ХАРИЗМА – адамның ерекше рухани қабілеттілігі, басқа адамдароны игерудің және әсер етудің қарапайым адамдарда жоқ жаратылыстан жоғары, құдайы күші деп түсінеді.

ХРИСТИАНДЫҚ - әлемдік діндердің бірі. І ғасырда Рим империясының шығыс аймақтарында пайда болған, қатты жәбір көрген халықтың үміті мен мүддесін, азапты ауыр тағдырдан өз күшімен және діни нанымның немесе «құдайшыл құтқарушының» көмегімен өзгертуге деген талпыныстарын бейнелеген. Христиандық діни көзқарастың қалыптасуында мессиандық секталардың, грек-римдік және шығыс діндерінің кейбір элементтерінің енуі, сонымен қатар антик философтар Филон Александрийский және Сенеканың ықпалы зор болды. Христиандық ілімнің негізі – Иссус Христостың тірілгеніне, о дүниедегілердің тірілетініне, құдіретті «Үштіктің» бар екендігіне кәміл сену болып саналады. «Үштік» ұғымы құдайдай дәріптеледі. Ол өзінің үш бейнесінде де біртұтас: өйткені дүниені жаратушы: құдай-әке, құдай-бала, қасиетті Рух және күнәларды өтеуші Иссус Христос - әрі мәңгілік, әрі бір-біріне тең. Христиан діні адам өзінің табиғатынан-ақ әлсіз және күнә жасауға бейім тұрады, міне сондықтан да оны шіркеудің көмегімен ғана құтқарып қалуға болады деп үйретті. Христиандықтың ішінара қайшылықтарының нәтижесінде 1054 жылы екі ірі бағыты бөлініп шықты: батыстық-католиктік және шығыстық-православиелік. ХVІ ғ. Еуропадағы антикатоликтік және антифеодалдық қозғалыс Реформацияның нәтижесінде үшінші бағыты – протестантизм қалыптасты.

Ц

ЦИ немесе ЮАНЬЦИ – қытай натурфилософиясының негізгі ұғымы. Бастапқы мағынасы – «ауа», «бу», «тыныс алу». Ауқымды ұғымдарды — алғашқы материя, табиғаттың негізгi материясы, «өмірлік күш» және т. б. қамтиды. Ежелгі натурфилософиялық ұғымдар бойынша әлем — алғашқы материядан түзілген, оның жеңіл әpi таза бөлігі жоғары көтеріліп, аспанды құрайды, ал ауыр және бұлдыр бөлігі төмен шөгіп, жерді жасайды. Бipiншiciн янци, екіншісін — иньци деп атайды. Сонымен бipгe бес бастапқы элемент бар, олар — табиғаттың «апат күштері» - су, от. ағаш, металл, жер. Инь мен Яннің және бес «апат күштерінің» шарықтауы мен құлдырауы жылдың төрт мезгілінде қайталанып отырады. Инь және ян мен бес «апат күші» бip мезгілінде жартылай физикалық және жартылай метафизикалық ұғымдар ретінде түсіндірілетiн бұл натурфилософиялық схема қытай философиялық ойының дамуына үлкен ықпал жасады. Оны даосцизм, конфуцийшілдік және iшiнapa буддизм кеңінен пайдаланды.

Ч

ЧАРВАКА-ЛОКАЯТА – философиялық әдебиетте Көне Үнді философиясындағы материалистік деп қабылданған бағыт (локаятиктер). «Чарвака-локаята» сөзінің мағынасы белгісіз. Зерттеушілердің бір тобы тарихта Чарвака деген ойшыл болған деп болжамдайды, басқа бір ғалымдар бұл ағымның негізін салушы Брихаспати деп есептейді. Чарвака-локаятаның материалистік сипаты оның таным теориясында айқын көрінеді. Таным-праманың негізі – прамана ретінде локаятиктер логикалық түйін-тұжырымдарды емес, ақиқат екендігі күмән туғызбайтын қабылдауы ғана мойындайды, оның негізі – түйсіктер. Чарвака-локаяталар о дүниеге сенбейді, бұ дүние ғана бар және бұ дүниедегі болмыс пен онда өмір сүруші заттар мәңгі және өзгермейтін төрт элементтен: жер, от, су және ауадан тұрады деп есептейді. Сана, ақыл және сезім мүшелерінің негізі де осы элементтер, олар мақұлық дүниеден өткенде ыдырайды. Локаятиктер жанның, Құдайдың бар екендігін терістейді. Олар адам өмірінің мән-мақсаты – осы нақты өмірде рахатқа бөлену, азап-қасіреттен аулақ болуға ұмтылу деп түсінді, яғни чарвака-локаята гедонизм принципін ұстанды.





Дата публикования: 2015-10-09; Прочитано: 716 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.011 с)...