Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

С) Діни сана 7 страница



Л

ЛЕГИЗМ (заң мектебі, Фацзя) – көне Қытайдағы әлеуметтік ілімдердің ірі бағыты. Негізін салушылар Шан Ян (б.з.б. 390-338 жж.) және Хань Фэй (б.з.б. 228-233 жж.). Б.з.б. 3 ғ. император Цинь-Ши-Хуаның тұсында легизм Қытайдың ресми идеологиясына айналды. Легизмнің маңызды мәселесі қоғамды басқару. Қоғамды басқарудың жолы қатаң тәртіптер мен қатал тәрбиеде деп білді легистер.

ЛИБИДО (лат.libido – құмарлану, қалау, ұмтылу) – Фрейд қалыптастырған психоанализдің негізгі ұғымдарының бірі. Фрейдтің түсінігінде либидо сексуалды сипаттағы құмарлық, көбіне бейсаналы түрде болады.

ЛОГИКАЛЫҚ ҚАТЕЛЕР – ойлану барысында ойдың бұрыс жолмен кетуінен туындайтын қателер. Логикалық қателер белгілі бір пікірлерді айту үшін ойлаудың алғы шарттарын бұрыс талқылаудан немесе пайдаланудан; ойлау барысында логика заңдарының бұзылуынан; пікірдің қорытындысын бұрыс талқылаудан, т.б. келіп шығады. Логикалық қателер: байқаусызда болған қателік (паралогизмдер) және әдейі жасалынған қателік болып бөлінеді.

ЛОГОС (грекше сөз және мән-мағына) – Гераклит болмыстың тұтастығын, тұрақтылығын және гармониясын бейнелеу үшін енгізген философиялық субстанционалдық термин; ой, ұғым, ақыл-ой, дүниежүзілік заңдылық мағыналарында түсініледі.

М

МАЗМҰН және ФОРМА – философиялық категориялар. Мазмұнға – зат немесе құбылыстың барлық құрамдас бөліктерінің жиынтығы, олардың қасиеттері мен байланыстары, қайшылықтары жатады. Форма – мазмұнның өмір сүру тәсілін, оның ішкі ұйымдасу тәртібі.

МАЙЕВТИКА – пікірталас, диалог, әңгімелесу нәтижесінде ақиқатқа жетуге болатын логикалық әдіс. Майевтиканы философияға Сократ (б.д.д. 470) енгізіп, кеңінен қолданды. Оның пікірінше, адам ақиқат білімге философтардың көмегімен, олармен әңгіме-сұхбат арқылы жете алады.

МАҚАЛ – халық поэзиясының жанрлық түрі, түйінді ойды білдіретін, тура мағынасына орай астарлы мағынада бере алатын ықшамды нақыл сөз.

МАҚСАТ – белгілі бір межеге қол жеткізуге бағытталған әрекеттің ой-санадағы көрінісі. Мақсат тікелей міндет ретінде іс-қимылды бағыттап, реттеп отырады. Адам өз ерік-жігерін бағындыратын ішкі заң есебіндегі практикаға өзек болады. Мақсат адам санасының белсенді жағын білдіре отырып, объективті заңдарға, қоршаған ортаның және субъектінің нақты мүмкіндіктеріне сай келуі керек, сонда ғана адамдардың нысаналы қызметінде азаттық пен қажеттілік арасындағы диалектикалық қарым-қатынаста көрініс табады. Мақсат шындықты жүзеге асыру үшін қажет белгілі құралдармен бірлесе іс-қимыл жасағанда ғана оны өзгерте алатын күшке айналады. Мақсат келешектегі, таяудағы тікелей, жалпылама, жеке, аралық және түпкі мақсатттарға бөлінеді. Шартты мағынада «Мақсат» терминімен ғылымда кері байланыс жолымен қол жеткізетін жүйенің жалпы күй-жайы белгіленеді.

МАРБУРГ МЕКТЕБІ – неокантшылдық бағыттарының бірі. Оның басты өкілдері Коген, П.Наторп, Кассирер, Р. Штаммлер болды. Кант іліміндегі объективтік тенденцияны теріске шығара отырып, олар дәйекті субъективизм позицияларына көшті. Марбург мектебі іліміне сәйкес, философиялық дүние туралы білім бола алмайды, ол жеке ғылымдардың метадологиясы мен логикасына саяды. Объективті болмысты теріске шығара отырып, марбург мектебінің философтары танымды сезім-түйсік мазмұнынан оқшаулауға ұмтылды, оны ұғымдар құраудың таза логикалық процесі деп санады. Бұл жағдайды марбург мектебі методологиясы жеке ғылымдарға күштен танылатын тұрлаусыз ортақ принциптер түрінде көрінді. Сол принциптердің бастысы ретінде міндетті болу принціпі деп саналады, оны марбург мектебінің өкілдері социология саласына да таратты. Қоғам дамуының объективті заңдылықтарын теріске шығарып, марбург мектебі социализмді қулықтық құбылыс, топтан тыс «этикалық идеал» деп санады. Марксизмді кантшылдықпен «толықтыруға» шақырғанымен, теоритиктері, шын мәнінде социологиялық идеялары Ресейдегі «жария марксизмге» ықпал жасап, П Интернационал өкілдерінің (Берштейн, Каутский, М. Адлер және т.б.) марксизмді қайта қарауына негіз болды. Қазіргі кезде бұл идеяларды оңшыл социалистер кеңінен пайдалануда.

МАРКСИЗМ – диалектикалық және тарихи материализмді, ғылыми коммунизмді, әлеуметтік-саяси және экономикалық көзқарастарды қамтыған ғылыми жүйе. Диалектикалық – материалистік философияның негізін салушылар – Карл Маркс (1818-1883 жж.) және Фридрих Энгельс (1820-1895 жж.), ал бұл бағытты кейіннен шығармашылық негізде одан ары дамытқан Ленин болды. Маркстік философияның теориялық негізі немістің классикалық философиясы болып табылады. Маркстік философияның мәні: «Философтар әр түрлі жолдармен дүниені түсіндірумен болды, алайда мәселе оны өзгертумен дәйектеледі» деген қағидада көрінеді. Маркс пен Энгельс идеалистік тәсілдің қоғамдық-тарихи құбылыстарды түсіндірудегі дәрменсіздігін көрсетті. Маркс пен Энгельс ғылыми айналымға мәні материалдық өндірістің қоғамдық өмірдің өзге салаларына қатысты анықтаушы рөлін танумен дәйектелетін «тарихты материалистік түсіну» ұғымын енгізді. Маркс тарихи процесті жіктеудің формациялық концепциясының авторы. К. Маркс тарихтың материалистік түсінігін философия тарихында алғаш жасап берген. Маркстің ілімі бойынша қоғамдық болмыс қоғамдық сананы анықтайды. Сонымен бірге олар әлеуметтік-экономикалық детерминацияны абсолюттендірудің, оны сыңаржақты процесс ретінде қарастырудың қате екенін атап көрсетті. К.Маркстің негізгі шығармалары: «Капитал», т.б. Ф.Энгельстің негізгі шығармасы «Табиғат диалектикасы». В.И.Ленин (1870-1925 жж.) маркстік философияның негізгі идеяларын ары қарай дамытқан. Маркстік-лениндік идеология кеңестік кезеңінде біздің қоғамда үстемді рөл атқарған. Лениннің негізгі философиялық шығармалары: «Материализм және эмпириокритицизм», «Философиялық дәптерлер».

МАТЕРИАЛДЫҚ МӘДЕНИЕТ – біртұтас адамзаттық мәдениеттің бір бөлігі. Адамның заттық пішінге түскен руханилығы, табиғи объект пен оның материалы заттарға, қасиеттер мен сапаларға айналған және мұның бәрі адам арқылы ғана бола алатын, демек, мәдени мақсатқа сәйкес міндеті және өркениеттік рөлі бар шығармашылық қызметтің нәтижелері. Рухани мәдениетке қарағанда, материалық мәдениет табиғи объектілердің сапалары мен белгілеріне, адам материалдық заттарды, ішетін тамақ және өмір сүру үшін қажет басқа да жабдықтарды жасағанда, негізгі материал немесе шикізат ретінде пайдаланатын заттар түрлері энергия мен ақпаратқа тікелей тәуелді. Материадық мәдениетке өндірістің әртүрлі құрал-жабдықтары, энергетикалық және шикізат ресустары, еңбек құралдары, өндіріс технологиясы және адам өмір кешер ортаның инфрақұрылымы, коммуникация мен көлік құралдары, тұрмыстың, ойын-сауықтың ғимараттары, пайдаланылатын әртүрлі құралдар жатады. Тұтастай алғанда, адам қызметінің нәтижесі болып табылатын материалдық құндылықтардың барлық түрі.

МАТЕРИАЛИЗМ (лат. materialis – заттай) – идеализмге қарсы ғылыми философиялық бағыт. Философиялық материализм материяны кеңістік пен уақыт аралығында өмір сүретін мәңгілік, шексіз, жоғалмайды, жоқтан пайда болмайды деп қарастырады. Онтологиялық мәселе материалистер үшін сыртқы дүниенің объективті өмір сүруін, оның мәңгі, шексіз тіршілігін мойындаушылық, ал идеалистер үшін рухтың болмысын алғашқы, қозғаушы күш ретінде уағыздаушылық. Бірақта сыртқы және ішкі дүниенің өзгерістері туралы көзқарастар үнемі жаңарып отырды. Осыдан материализмнің негізгі үш тарихи түрін ажыратуға болады: Тұрпайы материализм – көне Грекия, Үнді, Қытайда пайда болды, өкілдері: Лао цзы, Ян Чжу, Ван Чун, локаята мектебі, Гераклит, Анаксагор, Эмпедокл, Демокрит, Эпикур және т.б.; Механикалық-метафизикалық материализмді – 17-18 ғғ. француз материалистері Ламетри, Дидро, Гельвеций, Гольбах дамытты, сонымен қатар Фейербахтың антропологиялық материализм концепциясыда негізделді; Диалектикалык материализмнің негізін – К.Маркс пен Ф.Энгельс 19 ғ. ортасында салды.

МАТЕРИЯ (лат. material – зат) – дүниеде өмір сүріп отырған объектілер мен жүйелердің бәрінің шексіз көптігі, кез-келген қасиеттердің, байланыстардың, қатынастардың және қозғалыстың формаларының субстраты. Материя – адамның санасынан тыс, тәуелсіз өмір сүретін және санада бейнеленетін объективтік шындық.

МӘДЕНИЕТ (лат. cultura – өңдеу, тәрбиелеу, білім, даму) – адам қызметін ұйымдастыру мен дамытудың ерекше тәсілі; белгілі бір кеңістік пен уақыт аралығында адамзат баласының қол жеткізген материалдық және рухани жетістіктерінің жиынтығы; адамдардың табиғатқа, өзара және өздеріне қатынастары. Философиялық түсінікте «мәдениет» сөзімен адам жасағанның бәрін атайды. Қай жерде адам, оның қызметі, адамдар арасында қатынас бар – сонда мәдениет те болады. Мәдениет – өркениеттің жетістігі, ондағы ең жетілген – адамдық триумф.

МӘДЕНИЕТ ФИЛОСОФИЯСЫ – мәдениетті оның тарихи қалыптасуын және құрылымдық ерекшеліктерін толық қамти отырып зерттейтін философиялық пән.

МӘҢГІЛІК – әлемнің өмір сүру уақытының шексіз ұзақтығы, оның шарты – материаның жаратылмайтындығы мен жойылмайтындығы, оның субстанциялылығы, әлемнің материалдық бірлігі. Мәңгілік тұтас алғанда жалпы материяға ғана тән; әлемдегі әрбір нақты құрлым уақыт жағынан өтпелі болып келеді.

МӘТЕЛ – халық поэзиясының ықшамды нақыл сөз үлгісіндегі келетін жанрлық түрі, кестелі сөз. Мәтелде көбінесе айтылатын ойдың ұшығы, тұспалы ғана болады, ол нақышты сөйлемше түрінде келеді.

МЕМЛЕКЕТ – белгілі бір аумақта мемлекет етіп, сол жердегі халықтың еркін дамуына мүмкіндік беретін қоғам қатынастарынан туындайтын ортақ істерді атқаруға қажетті органдары бар саяси ұғым. Мемлекет – саяси жүйенің басты элементі, оның негізгі ұйымы. Ол – керек кезінде арнаулы күштеу органдарын пайдалана отырып, өз аумағында тұратын адамдардың мүддесін қорғауға тиіс және соған орай олардың арасындағы арақатынастарды құқықтық ережелер арқылы реттейтін қоғамдық механизм. Сонымен мемлекет деп белгілі бір аумақ шеңберінде адамдардың әлеуметтік топтар, таптар мен бірлестіктердің қатынастары мен қызметтерін ұйымдастыратын, бақылайтын қоғамның саяси жүйесінің негізгі элементін айтамыз.

МЕН (философияда) – адамның дүниеге және өзіне-өзі өзімсіне қарайтын жекелігінің, даралығының рухани орталығы. Өзінің іс-әрекетін дербес меңгере білетін және жан-жақты инициативаға қабілетті адамның өз «Мені».

МЕНТАЛИТЕТ, діл(лат. menta – жан құрылымы) – әлем бейнесін жасайтын және мәдени дәстүр немесе қауымдастықтың бірлігін нығайтатын жалпы рухани көңіл-күй, наным-иланым, рух дағдысы, ойдың біртұтас жиынтығы. Менталитет жеке және ұжымдық сананың өзіндік ерекшелігі бар деңгейлерін сипаттайды; бұл орайда менталитет - өзгеше ойлау типі. Менталитет – табиғат және әлеуметтік жағдайлар салдарынан туындайтын және адамның өмір әлемі туралы ұғым-танымын ашатын жалпылық. Менталитет терминін жанның негізгі орталық метафизикалық мәнін құндылықтар мен ақиқаттың түпдерек ретінде қарастыра отырып, американ философы Р.Эмерсан (1856) енгізді. Менталитет қоғамның мәдениеті, рухани өмірі бейнелегенде белгілі бір дәуірдің философиялық, діни, саяси, эстетикалық теорияларында көрінетін метаұғым болып табылады.

МЕТАГАЛАКТИКА («галактиканың арғы жағында» деген сөз) – миллиардтаған галактикаларды біріктіретін ғаламдық жүйе. Бұл терминді американдық астраном Х.Шенли енгізді. Ертеректе «үлкен әлем» деген терминінде қолданылды. («жұлдыздар әлемінен», яғни біздің Галактикадан тыс), метагалактика қазіргі заманғы бақылау құралдарының көмегімен көруге болатын материялық жүйелердің ең үлкені болып табылады. Оның диаметрі 28 млрд. жарық жылы шамасында. Біздің Галактика өзінің екі серік – галактикасымен және Андромеда жұлдыздар шоғырындағы бізге ең жақын галактикамен қоса алғанда барлығы он алты галактика жергілікті топ деп аталатын метагалактиканың көптеген ішкі жүйелерінің біріне жатады. Спектрдегі Қызыл ауытқу метагалактиканың тұрақты еместігін (кеңейе беретіндігін) көрсетеді.

МЕТАФИЗИКА – бірінші түсінігі (Аристотель бойынша) – болмыстың, білімнің және мәдениеттің тәжірибеден жоғары принциптері мен бастаулары туралы философиялық ілім. Екінші түсінігі – диалектикалық материализм метафизиканы диалектикаға қарама-қарсы, болмыстың қайшылықтар арқылы өзіндік сапалы дамуын терістейтін, дүниенің біржақты, тек ойдағы бейнесін құрастыруға бейім философиялық метод деп есептеді. Қазіргі кезеңде бірінші мағынасы басымырақ.

МЕТОД (грекше metodos – жол, зерттеу) – таным жолы, белгілі бір мақсатқа жету тәсілі, шындықты теория немесе практикалық деңгейде меңгеру әдістерінің жиынтығы.

МЕТОДОЛОГИЯ – қандай да бір ғылымда қолданылатын танымдық құралдардың, методтардың, әдістердің жиынтығы. Танымдық және практикалық-өзгертушілік қызметті ұйымдастырудың алғышарттары мен принциптерін, құралдарын зерттейтін білім саласы.

МИ – нерв жүйесінің орталық бөлімі, оған бас миі және жұлын жатады. Бас миінің жоғарғы бөлімдері хайуанаттар мен адамның психикалық өмірімен тығыз байланысты, басқару органы, яғни түрлі органдардың қызметін өзара қарым-қатынасын психиканың көмегімен реттеуші роль атқарады.

МИКРОКОСМОС ЖӘНЕ МАКРОКОСМОС (басқаша: микроскосм және макрокосм) (гр., микрокосмос- кіші әлем және макрокосмос-үлкен әлем деген сөздерінен) – тиісінше Адам мен Универсумды (ғарыш, ғалам), сондай-ақ олардың арақатынасын білдіретін ұғымдар. Бұл орайда космос деп әлдеқандай тұтас бір кеңістік қана емес, сонымен бірге оның құрылымы ретінде түсініледі.

МИЛЕТ МЕКТЕБІ (ионийлік) – Грециядағы ең көне материалистік философиялық мектеп; оның алғашқы өкілдері б.з.б. 6 ғасырда өмір сүрді. Милет ол кезде сауданың, теңізде жүзудің, мәдениеттің ірі орталығы болды, ал бұл Фалес, Анаксимандр, Анаксимен сияқты көрнекті милеттіктердің ой-өрісі мен ғылыми ынта-талабының жан-жақты өрістеуіне жағдай жасады. Олар математика, география, астрономия салаларында ғылыми жаналықтар ашты. Олар шексіз көп құбылыстардың негізін құратын бастама ретінде тұрқы бар материалдық заттарды – суды, ауаны және т.б. санады.

МИМАНСА (дұрысы, пурва-миманса) – үнді философиясындағы ортодоксальдық жүйелердің бірі. Бұл ұғымның діни және философиялық мағыналық жағы логикалық талдауды қажет етеді, бұған жауап брахмандар мен Упанишадтың мәтіндерінде кеңінен ашылады. Миманса ілімі бойынша соңғы сәт – мокшадан босану рационалды тұрғыдан түсіндіріліп, сана мен білімнің көмегімен анықталамайды деп тұжырымдалады. Бұл жолда тиымдар мен шектеулерден тұратын түрлі салт-жоралғыларды ұстануды талап ететін, қоғамдық және діни міндетті – дхарманы тұту басты орынға шығады. Миманса көзқарасы бойынша, индивид өз талап-тілектерінен тәуелсіз, дхармаға бой ұсынса, оның соңғы нәтижесі – абсолюттік тыныш күйге, сөнуге жетеді деп пайымдалады. Миманса санкхья сияқты дүниенің екі бастамасы рухани және материалдықты қолдайды. Миманса ілімі алғаш рет Миманса-сутраларда кездесетін Джайминидің (3 ғ.) жазбаларында баяндалады. Ал кейінгі комментаторлар мимансаның теологиялық жағын күшейте түсіп, өзінің құдіреттілік идеясын дамытты. Бір жағынан мимансаның реалистік және рационалистік методологиясы көне үнділік материализмге де жақын.

МИФ ФИЛОСОФИЯСЫ – мифологиялық сананың құрлымын мифтің мәдени-психологиялық құрылым ретінде атқартын функцияларын зерттейтін философиялық сала.

МОДАЛЬДІК – (логикада) (лат. Modus – өлшем, тәсіл) – пікірлердің қосталып айтылуының «күші» бойынша сипатталуы: пікірдің қажетті, мүмкін, кездейсоқ, мүмкін емес және т.б. болуы ықтимал. Дәстүрлі логикада қажеттілікті (аподиктикалық), мүмкіндікті (проблематикалық) және шындықты (ассерториялық) білдіретін пікірлер белгілі. Қазіргі логика пікірдің, сөйлемнің қасиетіне белгілі «методологиялық» баға бере отырып, модальдықтың қасиетін талдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, модальдық деп кейбір объектілердің немесе құбылыстардың өмір сүруінің жүру барысының, сонымен қатар объектілер, құбылыстар, оқиғалар мен процестер туралы пікірлер мен логикалық пайымдаулар құрастыру және түсіну тәсілдерінің ерекшеліктерінің сипаттамасы.

МОДУС (лат. modus - өлшем, тәсіл) – заттың кейбір сәтінде ғана көрініс табатын, атрибуттан бөлегірек қасиетті белгісі. Модус маркстік философияға дейінгі қолданылған философиялық термин. Спиноза философиясында модус өзіне-өзі себепші болатын және ешбір өзге себептерді қажет етпейтін бірегей, мәңгі, шексіз материалдық субстанция ретінде көрінеді.

МОИЗМ – Конфуций іліміне қарсы Мо-цзы (Мо Ди, б.з.б. 479-400 жж.) атты ойшыл «адамды сүю» идеясын өз ілімінің негізі етіп алады. Оның ойынша, елдегі жағымсыз құбылыстардың себебі – адамдардың бірін-бірі жақсы көрмеуі. Адам өзін ғана сүйсе, мұндай эгоизм мемлекетке зұлымдық әкеледі. Ол өз пайдасын ғана ойламай, қоғамдағы басқа адамдардың да қамын ойласа, жеке пайда жалпы пайдаға ұласып, мемлекетте тыныштық орнайды. Мо-цзы елдегі ретсіздіктердің негізі кедейліктен басталады деп есептеп, адамдарды тынымсыз еңбек етуге шақырады, еңбектенген адамның кедей болуы мүмкін еместігін дәлелдеуге тырысады. Оның негізгі тұжырымдары «Мо-цзы» еңбегінде баяндалған.

МОНАДА (грек. monas – бірлік) – болмыстың құрылымдық, субстанцианалдық бірлігін көрсететін философиялық термин. Әр философиялық жүйелерде әрқалай талданылды. Пифагорлық философияда – монада дүниенің негізі ретіндегі математикалық бірлік. Н.Кузанский («Об ученом незнании», 1440) мен Дж.Бруноның («О монаде, числе и фигуре», 1591) көзқарастары бойынша – монада болмыстың бірегей бастамасы, жанданған материяның көрінісі. Монада – Г.Лейбництің («Монадология», 1714) негізгі философиялық ұғымдарының бірі. Лейбництің пікірінше, Құдай өзінің ішкі даму заңдылығына сәйкес субстанцияларды дүниеге келтірді. Барлық мәнділіктердің түпнегізі – ұсақ денелі және саналы монадалар. Монадалар табиғаттың нағыз атомдары. Монаданың негізгі қасиеттері: олар қарапайым және бөлінбейді, әрқайсысының бөлек және әрекетшіл мүмкіндігі бар, кеңістікте көсілмейді. Олар тек «философиялық нүкте» - әрекетшіл күштің түпнегізі. Құдай алғашқы монада ретінде саналса, ал қалғандары оның сәулелері болады. Монадалардың түрлері: минералдар мен өсімдіктер, жануарлар, адамның жандары, Құдай. Ломоносовтың еңбектерінде материяның бір бөлшегі (корпускулдар) ретінде «физикалық модус» термині кездеседі.

МОНИЗМ (грек. monas – жалғыз, дара) – барлық дүниенің негізі жалғыз бастама деп анықтайтын философиялық ілім. Материалистер дүниенің бастамасы мен негізін материя деп білсе, идеалистер жалғыз бастама рух, идея деп қарастырады. Идеалистік монизм Гегель философиясына тән. Ғылыми және материалистік монизм дүниенің өзі табиғатынан материалдық, ал құбылыстардың барлығы қозғалыстағы материядан құралады деп қарастыратын диалектикалық материализм болып табылады. Марксизм философиясында материализм қоғамдық құбылыстарға да қатысты болып келеді. Монизмге қарсы ұғым – дуализм.

МОРАЛЬ (лат. «moralis» – әдет-ғұрып) – адамдар мен әлеуметтік бірлестіктер арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін қағида; адамның мінез-құлқын реттеу қызметін атқаратын әлеуметтік институт. Мораль әлеуметтік шындықтың этикалық сапаларын (ізеттілік, мейірбандылық, әділеттілік мінез-құлық, әдеп-ғұрып) бейнелейтін қоғамдық сананың ерекше нысанына жатады. Моральдің бірқатар ерекшеліктері бар: а) Моральдық ережелер мен талаптар қоғамдық ғасырлар бойы қалыптасқан құндылық негізін құрайды және жалпылама сипатта болады. ә) Моральдық қағидалар мен сезімдер нормативті, міндетті, тиісті болып табылады. б) Мораль әлеуметтік мұраттың бір түріне жатады, ол күнделікті тұрмыс қалыптарынан жоғары қойылады. в) Мораль мемлекеттік күшпен танылмайды, ол адамның еркіндігі аясымен байланысты.

МӨЛШЕР – заттардың, құбылыстардың қасиеттерінің, құрамдас бөлшектерінің санын, даму ауқымын білдіреді. Сапа мен мөлшер – болмыстың жалпы, объективті сипаттамасы. Олар адам ойлауының да жалпы түрлері, дүниені тану мен практикалық өзгерудің сатылары, адамның практикалық қызметінің түбегейлі принциптері болып табылады. Заттың сапасы мен мөлшері диалектикалық бірлікте болады. Затты тану оның сапасын танудан басталады, сонан кейін бірте-бірте оның мөлшері тану сатысына көтеріледі.

МҮМКІНДІК және ШЫНДЫҚ – философиялық категориялар. Шындық – кең мағынасында, бүкіл өмір сүріп жатқан ғажап Дүние, тар мағынада, кеңістік пен уақыттың шеңберінде өзінің мән-мағынасына толы нақтылы өмір сүретін жеке объект. Мүмкіндік – заттың бүгінгі болашағы. Оның өзгеруі мен дамуының көрініс табатын кейбір нышандары, алғышарттары. Тағы бір анықтамасы: мүмкіндік – белгілі бір жағдайларда жүзеге асуы ықтимал бар болмыс, шындық – жүзеге асырылған мүмкіндік.

МУТАЗИЛИТ (оқшанушылар, бөлектенушілер) – қаламның беделді мектептерінің бірі, рационалистік бағыт айқынырақ байқалады. Діни мәселелерді талқылаумен шектелмей, табиғат, қоғам, антрософия, философия мәселелерін де зерттеуге ұмтылған мутазилиттер фалсафаның негізін қалады.





Дата публикования: 2015-10-09; Прочитано: 871 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.011 с)...