Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

С) Діни сана 11 страница



СОФИСТИКА – даму үстіндегі объектінің кездейсоқ бір жағын, белгілі бір қасиетін негіз етіп алады да, сол арқылы пікір түйіндейтін әдіс. Антикалық философияда бұл әдіс – ақталуда және даулы мәселелерді шешуде қате пікірлерді, яғни софизмдерді пайдаланып, формальды шындық ретінде көрсетуге қолданылды. Софистер (Протагор, Горгий, Гиппий, т.б.) риторикаға (әдемі сөйлеу өнері) үйрететін ұстаздар болған. Олардың басты қағидасы – өз позицияңды дәлеледей білу. Софистер объективтілік ақиқатқа ұмтылған жоқ, осы үшін Сократта, Платонда оларды сынға алды. Протагор «Адам – барлық заттардың мөлшері» деп санаған.

СОЦИУМ – тұрмыс-тіршіліктің, мекен-жайының бірлігімен сипатталатын, осыған байланысты ортақ мәдениетке ие тұрақты қауымдастық.

СТОИЦИЗМ – антика заманының белгілі мектебі. Стоицимнің ұзақ тарихы бар. Стоицизмнің өкілдері болып Зенон Китионский, Сенека, Марк Аврелий, т.б. саналады. Стоиктарға адамға, оның жеке тұлғасына деген қызығу тән болды. Олар құдайлық пен адамдықтың арасындағы қарым-қатынас, өлген жанның тіршілік етуі проблемаларын қарастырды. Олар ең алғаш болып «ұят» ұғымын моральдың іргелі ұғымы ретінде және адамның «жігері» ұғымын моральдық іс-әрекеттің механизмі ретінде қарастырды.

СТРУКТУРАЛИЗМ ЖӘНЕ ПОСТСТРУКТУРАЛИЗМ – қазіргі заманғы философиялық және гуманитарлық білімдегі мәдениет құбылыстарының көптүрлілігінің астарында объективті өмір сүретін логикалық құрылымдарды іздеумен байланысты бағыттардың жалпы атауы. Структурализм өзінің негізгі міндеті деп тұрақты логикалық құрылымдарды, яғни объектілердің тұрақты байланыстарын іздеуді есептейді.Структализмнің жалғасы және өзіндік сыны постструктурализм болды, ол субъектінің құрылымдарға редукциясы мүмкін емес деп тұжырымдады, бұл адамға субъект ретінде оралуды білдіреді.

СУБЛИМАЦИЯ – психологияда аффектілік құмарлықтарды әлеуметтік қызметтің және мәдени шығармашылықтың мақсаттарын қайта өзгертетін және аударатын психикалық процесс.

СУБСТАНЦИЯ (латынша – substantia – негізінде жатқан) – өзгермейтін, мызғымайтын, бастауы басқада емес, өзінде, басқа арқылы емес, өзінің арқасында, өзінде өмір сүретін, бәрінің негізінде жатқан нәрсе.

СУБСТРАТ (лат. sub-түпкі жәпе tum-құрылыс) – бірліктің, тұтастықтың негізі, әртүрлі заттардың және жеке бір зат қасиеттерінің, нәрселер мен олардың жиынтығының түпкі біртектілігі (субстанция).

СУБЪЕКТ ЖӘНЕ ОБЪЕКТ (лат. subjektum – бастауыш және objektum – зат) – философиялық категориялар. Субъект ұғымы алғашқыда (Аристотель) субстанциямен деңгейлес келетін қалып пен әрекеттің қасиетін білдірді.17 ғ. бастап бұл ұғымдар гносеологиялық мазмұнда берілді. Қазіргі күнгі түсінік бойынша субъект – белсенді әрекет етуші және дүниені танушы, саналы және ерікті индивид немесе әлеуметтік топ; объект – субъектінің танымдық және басқа да әрекеттерінің бағыталу нысанасы.

СУБЪЕКТИВТІК ИДЕАЛИЗМ – объективті шындықтың субъективті бейнесі, адамның мақсатқа негізделген қызметі процесінде туындайды, сананы табиғаттан тыс өмір сүріп, әрекет етеді деп қарастырады. Сезіну, уайым, көңіл-күй, субъектінің іс-әрекетінің жиынтықтарын субъективті идеализм әлемнің бөлінбес тынысы деп санайды. Себебі олар дүниенің діңгегі «мен», «менің санам», «менің сезімім» деп санайды. Мен бар жерде, дейді субъективтік идеалистер, дүние бар, мен жоқ болсам, дүние де жоқ дегенді айтады. Оған жататындар: Дж. Беркли, И. Фихте, Д. Юм, И. Кант, махистер, неопозитивистер мен экзистенциалистер. Субъективті идеализмнің шегіне жеткен түрі солипсизм.

СХОЛАСТИКА (грек. scholasticos – мектептік) – христиандық діни сенімді рационалды тұрғыдан негіздеп және жүйелеуге бетбұрыс жасаған схоластардың ортағасырлық «мектептік философиясы». Ол үшін олар антикалық философияны (Платон және әсіресе, Аристотель) пайдаланды. Схоластардың философиясы білімнің дінге қатынасы төңірегінде қалыптасты. Схоластар ақылдан діни сенімді жоғары қойды. Олардың талас пікірі жалпылық пен жекелік қатынасы. Философия тарихында бұл таласты әмбебаптар, яғни универсалдар (лат. Unuversalia – жалпылық), яғни жалпылық ұғымының табиғаты жайлы айтыс деп атайды. Схоластика тарихы бірнеше кезеңдерге бөлінді: Алғашқы кезеңіне (9-13 ғғ.) неоплатонизм тән, өкілдері: Эриуген, Ансельм Кентерберийский, Ибн-Рушд, Ибн-Сина, Маймонид; Классикалық кезеңде (14-15 ғғ.) «христиандық аристотелизм» үстемдік етті, өкілдері: Ұлы Альберт, Ф.Аквинский; Соңғы кезең (15-16 ғғ.) католиктік (Ф.Суарес) және протестанттық (Ф.Меланхтон) діни ілімдердің арасындағы талас-пікір ушыға келе, католиктік шіркеудің Реформацияға қарсы күресін туғызды. Кейінгі ғасырларда схоластиканың ықпалы төмендейді, Жаңа замандағы жаңа идеялар (Декарт, Гоббс, Локк, Кат, Гегель) оны мүлдем жоққа шығарады. Бірақ 19 ғасырда схоластика қайтадан жанданады, католиктік (томизм, платондық-августиандық, францийстік) және протестанттық (неміс филологы Ф.Меланхтонның ілімін қайта жаңғыртушылар) философиялық түрлі мектептер біріге бастайды.

СЦИЕНТИЗМ (лат. scientia және ағылш. science – білім, ғылым) – қоғам өмірі мен мәдениет жүйесінде ғылымның рөлін абсолюттендіре қарастыратын концепция. Сциентизм негізінен жаратылыстану және нақты ғылымдарды ғана мойындайды.

Т

ТАНТРИЗМ (tantra – айла-әдіс) – индуизмнің брахмандық емес ортодоскальдық бағыты

ТАНЫМ ТЕОРИЯСЫ немесе гносеология – танымдық қызмет процесіндегі субъект пен объектінің өзара қатынасын, шындыққа білімнің қатынасын, адамның дүниені тану мүмкіндігін, ақиқаттың критерилерін және білімнің дәлелдігін зерттейтін философияның бөлімі. Яғни, таным процесінің заңдылықтарын зерттеуді таным теориясы деп атайды. Философияның негізгі мәселесін дұрыс немесе теріс шешуге байланысты екі түрлі таным теориясы: материалистік және иделистік түрі қалыптасты. Танымда сезімдік және рационалдық танымның деңгейлері болады. Сезімдік таным үш негізгі формада жүзеге асады: түйсік, қабылдау, елестету. Сезімдік таным танымның бірінші және қажетті сатысы болып табылады, бірақ ол заттардың құбылыстардың ішкі мәнін түсінуге мүмкіндік бермейді. Ол міндетті жоғарғы түрі абстрактілі ойлау болып табылатын танымның келесі рационалды түріне көтеріліп барып шешуге болады. Дамыту процесі үш түрлі негізгі формалар арқылы өтетін ойлау мазмұны құрады: ұғым, пікір, ой түйіндеу. Танымның сезімдік және рационалды жақтарының бірлігі – құбылыс түсінігінен мән түсінігіне өту процесі, яғни, сана мен тәжірбие арасындағы қайшылықтарды шешу арқылы сапалық секіруге ұқсатуға болады.

ТАРИХ ФИЛОСОФИЯСЫ – адамзат дамуының негізгі бағыттарындағы тарихтың мәнін, оның заңдылықтарын, ондағы проблемалар төңірегінде зерттеу жасайтын білім саласы. Философия тарихы негізінен өз бастамасын антика заманынан алады, Жаңа заманда Виконың және 18 ғ. ағартушыларының (Вольтер, Гердер, Кондорсе, Монтескье) еңбектерінде қарастырылды.

ТЕИЗМ (гр. Theos-құдай) – ақыл-ойы мен ерігі бар және жұмбақ түрде барлық материалдық және рухани процестерге ықпал ететін жаратылыстан тыс тіршілік иесі ретіндегі жеке құдайды мойындайтын діни-философиялық ілім. Дүниеде болып жатқанның бәрін теизм құдайдың құдіреті деп қарастырады. Жаратылыс заңдылығын да теизм жаратқанның жазмышымен байланыстырады. Деизмте қарағанда теизм барлық дұниежүзілік оқиғаларға құдайдың өзі тікелей қатынасатындығын уағыздайды, ал пантеизмге қарағанда құдайдың дүниеден тыс және одан жоғары өмір сүретінін мойындайды. Теизм – клерикализм, теология және фидеизмнің идеологиялық негізі. Теизм ғылым мен ғылыми дүние-танымға мүлдем кереғар.

ТЕОЛОГИЯ (грек. theos – құдай, logos - ілім) – Құдай туралы діни ілім. Теология Құдайдың өзі мен оның әрекеттерінің мәнін анықтайтын діни шығармалар жинағынан тұрады. Теология бір жағынан, Құдайдың адамдарға арнайы өзі түсірген кітаптарының – киелі мәтіндерінің арқасында, екінші жағынан, діни-идеалистік сарындағы философияның болуының арқасында мүмкін. Теологияны христиан шіркеуі, иудаистік немесе мұсылмандық қауым сынды әлеуметтік ұйымдардан тысқары қарастыруға болмайды, өйткені тыңдаушысы жоқ «Құдай сөзі» болмақ емес. Мыс., христиан теологиясы тауратқа, алғашқы дүниежүзілік соборлар қаулылары мен «шіркеу аталарының» ілімдеріне ілімдеріне сүйенеді. Христиан теологиясы діни ілімге, догматтық діни ілімге, парасаттық діни ілімге, шіркеу туралы ілімге, т.б. бөлінеді.

ТЕОРИЯ – дүниедегі заттар, құбылыстар, процестер, олардың қасиеттері мен байланыстары туралы ғылыми білім сан алуан түрде бейнеленеді. Солардың ішіндегі ең елеулісі – теория.

ТЕОЦЕНТРИЗМ (грек. theos – құдай) – дүниенің бастамасы мен себебі жалғыз құдай деп қарастыратын, орта ғасырларда еуропа елдерінде кеңінен тараған христиан философиясындағы түсінік. Ол барлық бастамалардың белсенді және жаратушы негізі, дүниежаратылысының орталығы.

ТЕРІСТЕУ – белгілі бір зат пен құбылыстың қайшылықтарын ашу, оларды шешудің жолдарын анықтау, жаңа сапаның пайда болуына мүмкіндік туғызу.

ТЕХНИКА (грек. techne - өнер, шеберлік, машық, кәсіп) – қоғам мен табиғатты байланыстырып жатқан феномен. Техниканы кең және тар мағынасында қарастыруға болады: тар мағынасында техника – индустрия, өндіріс, кәсіп дегенді білдіреді (экономикалық Т., өндірістік Т., әскери Т., машина – жабдықтар тұрмыстық Т., т.б), кең мағынасында техника деп өнерді, шеберлік түрін айтады (ойлау Т., бейнелеу Т., би-өлең Т., т.б). Техниканың мәні адамға аз күш жұмсатып, көп нәтижеге жеткізуде жатыр. Техника мәдениеттің негізін қалайды. Адам техникаға өзінің адам ретінде қалыптасуымен қарыздар. Бірақ Н. Бердяевтің «Техника туралы сұрақ адамзат пен оның мәдениетінің тағдыры туралы сұрақ» дегенін естен шығармаған дұрыс. Расында да, қазіргі техниканың даму қарқыны, оның игі әсерімен қатар, кері ықпалының көбеюі арқылы бар адам баласын ойландырмай қоймайды. Батыста техниканы философиялық – мәдениеттанушылық ізденістердің нысанасына айналдыру И.Бекманның «Технология туралы нұсқау немесе мануфактура, фабрика және шеберлікті тану» (1777 ж), Э.Каптың «Техника философиясының негіздері» (1877 ж) атты шығармаларының дүниеге келуімен байланысты жүріп отырды.

ТЕХНИКА ФИЛОСОФИЯСЫ – қазіргі замандағы техника феноменің философиялық-методологиялық және көзқарастың зерттеу бағыты. Техника философиясы техникалық білімінің құрылымы мен динамикасын сараптау, техникалық ғылымдардың методологиясы проблемаларын, сонымен қатар, адамның шындықты техникалық игеруінің гносеологиялық және антропологиялық аспектілерін зерттейді. Қазіргі уақытта техника философиялық контексте кешенді, күрделі, көп аспектілі, қайшылықты құбылыс және адамзат өркениеті дамуының факторы ретінде қарастырылады.

ТЕХНИЦИЗМ – техниканы қоғам тағдырын анықтауыш күш деп түсіндіретін әлеуметтік-психологиялық нұсқау және саяси-қоғамдық ой бағыты. Техницизм қоғамдағы елеулі өзгерістер тікелей техниканың әсерімен жүзеге асады деп ұғындырады. Техницизм идеологиясы адамзат үшін техниканың дамуы қашанда ізгілік деген үстірт көзқарасқа негізделген. Техницизм идеологиясының мәдениеттанушылар, әлеуметтанушылар ілімдерінде кездесуін олардың адамзат мәдениетінің тарихи негізгі сатыларын техниканың белгілі бір аспектілерімен байланысты қарастыруларынан байқаймыз. Мыс., олардың бірі (Дж.Ленский) мәдени кезеңдерді еңбек құрамының өзгерісімен байланыстырса, келесісі қуат көзінің өзгерісімен, үшіншісі, (Л.М.Мак-Люэн) қарым-қатынас, ақпарат алмасу құралдарының өзгерісімен байланыстырады.

ТЕХНОКРАТИЯ (гр. fechne- кәсіп, өнер, kratos – өкімет, билеу) 1. Қазіргі қоғамға енетін мемлекеттік-монополиялық өндірістің жоғарғы басшылығының әлеуметтік тобы. 2. 20 ғ. 20 ж-дары американдық экономистер Г.Скотт пен Т. Веблен негізін қалаған социологиялық ілім. Бұл ілімді жақтаушылар техника мамандарының саяси өкімет орнату қажеттігін насихаттады, әлеуметтік өмірде техниканың ролін асыра дәріптеді және индивидтерді (жеке адамдарды) қазіргі технология мен «машиналар құлы» ретінде қарастырды. Технократияның теоретиктері қазіргі қоғамды басқаратын капиталистік емес менеджерлер (Д.Бэрнхем) немесе кең тұрғыдан алғанда –«техноқұрылым» (Дж. К.Гэлбрейт), яғни қарапайым инженерлерден бастап ірі фирмалардың бас директорына дейінгі мамандардың сатылық бірлестігі деп есептеп, саяси жүйенің міндетті қызметінде жеке меншіктің ролін жоққа шығарады.

ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ДЕТЕРМИНИЗМ – қоғамдық-экономикалық құрылымдардың дамуындағы шешуші фактор-өндірістің техникалық және технологиялық жақтарын өзгерту деп тұжырымдайтын метологиялық ұстаным.

ТЕХНОФОБИЯ (грек.techne –техника, fobia – қорқыныш) – техникалық іс-әрекеттер мен объектілердің жаттанған дүниесін адамның өз болмысына қауіп төндіретін құбылыс ретінде қабылдауын бейнелейтін ұғым. Тағы бір анықтамасы, техникалық прогресті теріс қабылдау, техникаға үміт артудан гөрі оның әкелер қауіп-қатерінен үрку, техниканы адамның жауы деп санау. Технофобия идеологиясы адамзатты жөн-жосықсыз тұтынушылық жолында техниканың құлы болып, соның бір тетігіне айналып кетуден сақтандырудан туындайды. Технофобия адамның жеке басының тұлғалық ерекшеліктерін техника жоққа шығарады деп үрейлендіреді. М.Голдман, Дж. Форестер, Д.Медоуз өздерінің технофобиялық концепцияларында экологиялық кризис себептерін ғылыми-техникалық революциядан табады. Олар технологиялардың дамуын осы қазіргі деңгейден ары асырмау керек, тек сонда ғана әлемде табиғат мен техника арсындағы тепе-теңдікті («глобальды тепе-теңдікті») қалыптастыруға болады деп түсіндіреді.

ТОЛҒАУ – қазақ фольклорының дәстүрлі жанры. Ақын толғауда өзінің ой толғанысын, уақытқа, заманға, оқиғаға, құбылысқа көзқарасын білірді. Ол – ақынның философиялық поэтикалық монологы. Автор сезім түйсігін, ой-пікірін, өмірлік тәжрибесін қорытып, сыршылдықпен, ұлағатты салиқалы жыр жолдарымен толғайды. Ақынның өзі жөнінде айтып алып (шабыт шақыру үшін), өткен-кеткенді, төңіректі шешу (қорытындыға тыңдаушыны дайындау үшін) ақырында негізгі ой-пікірін жинақтап түйіп айтуы көптеген толғаулардың композициялық шарты болып келеді. Толғаудың дидактикалық шешендік, шежірелік, патриоттық сарынды түрлері болады.

ТОМИЗМ – христиандық ортағасырлардағы Фома (Томас) Аквинский негізін қалаған діни-философиялық ілім. Ол өзінің әлемнің жаратылысы туралы ілімінде діни көзқарасын былай білдірді: жаратылыс идеясы, материяның болмысын жоққа шығару; жаратылыстың өзі жасалған әлемнің алдында болмыстың жоқтығын көрсетеді. Жер жүзіндегі жаратылыстың түкке тұрмайтындығын мойындау – ортағасырлық көзқарастың үстемдік құрушы идеясы еді. Томизм ілімі 19 ғ. (неотомизм) католик шіркеуінің ресми идеологиясы болып жарияланды.

ТОП – қоғамдағы алатын орны мен мақсаты бір болып келетін әлеуметтік ұйым.

ТРАКТАТ (лат. tracatus – талқылау, tracto – зерттеймін) – қандай да бір жеке мәселені, жеке проблемены түбегейлі зерттеп баяндайтын ғылыми жұмыс. Трактат деп философиялық тақырыптағы зерттеулерді жиі айтады. Мысалы: Әл-Фарабидің «Ғылымдардың шығуы», «Ғылымдар классификациясы» т.б.

ТРАНСЦЕНДЕНТАЛЬДЫҚ – таным мүмкіндіктерінің априорлық (тәжербиеден тыс немесе тәжірибеге дейін)жағларына жатады

ТРАНСЦЕНДЕНТТІК – схолостикалық философияда туындаған термин, сезімдік тәжірибе шекарасынан шығатынның бәрін сипаттайды; діни және метафизикалық таным пәні.

ТРИАДА (гр. trias – үштік) – дамудың үштігі, үш сатылылығы. «Триада» ұғымын алғаш рет Платон және неоплатоншылдар (әсіресе Прокл) қолданды. Ол кейіннен классикалық неміс философиясында жан-жақты дамытылды (әсіресе Гегельде). Гегельше кез келген даму процесі үш сатыны басып өтеді: тезис, антитезис, синтез. Әрбір саты өз алдындағыны теріске шығарады да оның қарсыласына айналады, ал синтез болса антитезисті теріске шығарып қана қоймай, сонымен бірге өзінің алдындағы дамудың екі сатысының кейбір белгілерін өз бойына сіңіреді. Синтез, өз кезегінде, келесі жаңа триаданың басы болып табылады және тезис жүріп өткен жол қайта басталған кезде триадада дамудың неғұрлым жетілген, ерекше баспалдағы көрінеді. Гегель триаданы абсолюттендірді және өз ұйғарымдарын елеместен философиялық жүйе жасаудың формальды тәсіліне, ұғымның үш сатылы даму схемасына айналдырды. Триаданың рационалды мазмұны философияда даму процесіне баға беруде пайдаланылды.

ТҰЛҒА – қоғамдық қатынастардағы индивид, біртуар Мен ретінде алынған жеке адам. Тұлға ұғымы «индивид», «адам» ұғымдарымен салыстырыла анықталады. «Адам» ұғымы барлық адамдарға тән қасиеттер мен қабілеттерге мінездеме беру үшін қолданылады. Бұл ұғым адамның жануарлардан, өсімдіктерден, машиналардан, т.б. айырмасын атап көрсетеді. Индивид – адамзаттың дара өкілі, адамдық ақыл, ерік-жігер, көзқарас, т.б. да әлеуметтік-психологиялық сипаттармен анықталушы жан иесі. Тұлға болып туылмайды, тұлға болып өсу барысында қалыптасады. Жас нәресте – адам, бірақ жеке тұлға емес, себебі ол өзінің іс-әрекеті үшін әлі жауап бере алмайды. Тұлға болу дегеніміз – өзінің ешкімге ұқсамайтындай бірегей ішкі рухани дүниесін құрай білу, қалыпты дамып, өмір тәжірбиесі мен өзіндік қасиетке ие болу, әлеуметтік ортадан өз орнын таба білу. Адамның тұлғалық қасиеттері оның іс-әрекеттегі белсенділігінің өрістеуіне ықпал етеді. Адамның белсенді қимыл-әрекеті оның мінез-құлқынан, ниет-тілегі мен бағыт-бағдарынан айқын байқалады, сөйтіп, жеке адамның ішкі дүниесінің сыры, жан сарайы сыртқа бөлініп тұрады. Тұлғаның қасиетті құпиясы оның еркін рухында жатыр. Соның арқасында адам өзіне дейінгі ұрпақтар мұрасын – мәдениетті жасампаз түрде қайта қарап, өзгертеді. Тұлғаның шынайы айқындалатын саласы – адамгершілік, мораль. Сыртқы мақсаттарға бет бұрмай, өзінің рухани еріктілігін ізгі ықтиярымен тоғыстыра білу – тұлғаны танытушы іс. Осы жайында неміс классикалық философиясының ірі тұлғасы Кант былай деген: «Адамзатқа, оның ішінде өзіңе де, басқаларға да барлық уақытта мақсатқа жетудің тек бір құралы емес, тек мақсат деп қатынас жасап әрекет істе». Тұлғаны зерттеуде З.Фрейд, К.Юнг, Н.Бердяев, А.Камю, Ж.Сартр, М.Хайдеггер, К.Ясперс, Х.Ортега-и-Гассет, Э.Фромм, М.Бубер, т.б. көп үлес қосты.

ТҮЙСІК – сезім мүшелеріне тікелей ықпал жасайтын материалдық заттар мен құбылыстың жеке сапаларының, қасиеттерінің, жақтарының мида бейнеленуі болып табылады.

ТҮСІНУ (ұғыну) – шындықты игерудің санаға тән формасы; оның мәні нәрселердің мазмұнын ашып, қайта жаңғыртуда. Мұнда адамды қоршаған шындық дүние, ең алдымен әлеуметтік-мәдени және сондай-ақ табиғи орта «адам дүниесі» нәрселерінің өзара бай­ланысты жүйесіне айналады. Түсінудің басты қызметі жеке адам­ның қоғамда, тарихта және мәдениетте өзін дұрыс ұстауы мен саналы мінез-құлқын қамтамасыз етумен байланысты болады. Түсіну адамдардың қатынас жасау процесінде, түрліше мәдениеттердің қарым-қатынасында дамиды. Түсінудің ғылымға дейінгі бастапқы түрлері тілді, басқа адамдардың түсінігін игеру (пікірлесу, көніл білдipy), әлеуметтік нормаларды, белгілірді, рәміздерді түciнy — тікелей өмip процесінде қалыптасады. Ғылымда түсіну арнаулы методологиялық ережелерді пайдалануды талап етеді де түciндipy түрінде көрінеді. Ғылыми-теориялық түсіндірудің түрлеріне мыналар жатады: өткен замандарды түсіндіру (тарихи түсіндіру); бөтен мәдени рәміздер мен метаформаларды түсіндіру, ертедегі текстерді аудару, түсіндіру (филологиялық түсіндіру); тіршіліктің басқа формаларын, мәдениетін, нормалары мен байлықтарын түсіндіру (Әлеуметтік антропологиялық зерттеулердегі түсіндіру), микрообъектілерді және ғылыми теориялардағы формализмдерді түсіндіру (жаратылыстанудағы түсіндіру).

ТІЛ — кез келген табиғи құбылыстың адамның ic-әрекеті процесінде танымдық және коммуникативтік (қарым-қатынас) міндетін атқаратын белгілер жүйесі Тіл табиғи да, жасанды да болуы мүмкін. Күнделікті өмірде ойды бейнелеу формасы және адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы қызметін атқаратын тіл табиғи тіл делінеді. Жасанды тілдi адамдар белгілі бip аясы шағын қажеттер үшін жасайды (математикалық, символика тілі, физикалық теориялар тiлi, әр алуан дабыл жүйелері және т. б.).

У

УАҚЫТ – материя болмысының жалпы формасы, атрибуты, болмыстың ұзақтығын және дүниедегі барлық материалдық жүйелер мен процестердің жағдайларының ауысу реттілігін білдіреді.

УНИВЕРСАЛИЙЛЕР – (лат. universalis – жалпы) – орта ғасырлық философиядағы жалпы идеяларды білдіретін ұғым. Схоластардың талас пікірі – жалпылық пен жалқылық қатынасы. Философия тарихында бұл таласты әмбебаптар, яғни универсалдар, яғни жалпылық ұғымның табиғаты жайлы айтыс, талас деп атайды. Мұны шешудің түрлі жолдары айтылды. Біреуі – жалпы ұғым - әмбебаптар адам санасынан тыс өмір сүретін шындық деп түсіндіреді. Яғни, заттардың рухани құндылықтары ретінде жалпы түсініктер нақты болады. Бұл көзқарасты жақтаушылар реалистер деп аталды. Реализм өкілдері – А.Больштетский, Ф.Аквинский, Р.Луллий, т.б. Бұған қарама-қарсы екінші пікір бойынша әмбебаптар адамнан, нақты заттардан тыс өмір сүрмейді. Бұл тек нақты заттарды қорыту арқылы пайда болған жалпылық ұғым. Бұл пікір бойынша «жалпы адам» дүниеде жоқ, адам қашанда нақты бейне. Ал «адам» деп жалпы айту – тек нақты адамдардың бәріне тең, ортақ ұғым. Бұл пікірді жақтаушыларды «номиналистер» деп атады (лат. nomina – атау). Номинализм бағытының өкілдері – Р.Бэкон, У.Оккам, Н.Оразмский, т.б.





Дата публикования: 2015-10-09; Прочитано: 747 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.01 с)...