Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

С) Діни сана 10 страница



ПРАГМАТИЗМ (грек. pragma – іс-әрекет) – буржуазиялық философияда кеңінен тараған субъективті идеалистік бағыт. Негізін салушылар Ч.Пирс (1839-1914жж.) және У.Джеймс (1842-1910 жж.). Прагматизм өкілдері нақты дүниені практикалық ұғымдар арқылы түсінуге рухани ойлау тұрғысынан қарады. Америкалық прагматизм тұрғысынан философия болмыс пен танымның алғашқы бастаулар туралы ойлау емес, ол ел алдында тұрған нақты, эмпиризмдік проблемаларды шешудің жалпы әдістері үшін қажет. әрекетке қызмет етіп, адамға нақты тығырықтан шығуға жәрдемдесетіннің бәрін прагматизм ақиқат деп жариялайды. Прагматистер пікірінше ақиқат – табысқа жетелейтін білімдер жиынтығы.

ПРАКСИОЛОГИЯ (гр. proktikos - іскер) – социологияның әртүрлі іс – қимылды немесе іс қимылдар жиынтығын, олардың тиімділігін анықтау тұрғысынан зерттейтін саласы. Негізін салған поляк ғалымы Т. Котарбиньский, басты зерттеу обьектісі әртүрлі еңбек дағдылары мен тәсілдерін практикалық (және тарихи) тұрғыдан зерттеу мен сипаттау, олардың элементтерін анықтап, соның негізінде практикалық сипатты түрлі ұсыныстар әзірлеу. Праксиология аталған категориялардың тарихымен, сондай – ақ қойылымдардың еңбегін нақты зерттеумен, еңбектің ұйымдастырылу мен мамандандырылу формаларына талдау жасаумен, еңбекті ұйымдастырудың тиімділік дәрежесіне ықпал етуші субьективті (кейде, сирек болса да, обьективті) факторларымен айналысады. Праксиология индивидтердің, сондай –ақ индивид пен ұжымның өндіріс процесіндегі өзара істестігін зерттейді.

ПРАКТИКА – адамның материалдық, сезімдік-заттық, мақсатты қызметі, адам қоғамы мен танымның қозғаушы күші, жалпы негізі, оның мазмұны – табиғи және әлеуметтік объектілерді игеру және өзгерту.

ПРИНЦИП (лат. principium – негіз, бастама) дүниені тану мен өзгерту процесінде фактілерді немесе білімдерді бір ізге салуға қызмет ететін, олардың кейбір жиынтығының түп негізі ретінде көрінетін ғылыми танымның ерекше формасы. Принцип деп тағы да - ереже, іргетас, басты идея, басты ұғым; түсініктер арасындағы дәнекерші буын; құбылыстың қажеттігінің немесе заңының көрінісі; заңдар арасындағы қатынас және басқа бір білімге жол ашатын білім; қоғамдағы адамдар арасындағы қатынасты сипаттайтын этикалық норма деп қарастыруға болады.

ПРОВИДЕНЦИАЛИЗМ (лат. providentia – құдайдың жазғаны) – әлемдік оқиғалар, тарих және жеке адамның әрекетінің барлығы да құдайдың жазғанымен басқарылады деген көзқарастар жүйесі. Тарихқа деген мұндай көзқарас еріксіз фатализмге әкеледі.

ПРОГРЕСС ЖӘНЕ РЕГРЕСС – (лат. progressus – ілгері қозғалу, rеgressus – қайтып оралу) – қоғам дамуында жалпы қоғамның немесе оның жекелеген салалары дамуының қарама – қарсы формалары, олар тиісінше не қоғамның қарышты қадаммен үрдісті дамуын, гүлденуін немесе ескі, күні өткен формаларға қайтып оралуын, тоқырауы мен азғындауын білдіреді. Қоғамдық прогресс өлшемі ең алдымен өндіргіш күштердің, экономикалық құрылыстың даму дәрежесі, ғылым мен мәдениеттің дамуы мен таралуының, жеке адамның даму деңгейінің, қоғамдық бостандықтың өркендеу дәрежесі болады.

ПРОТЕСТАНТИЗМ ( лат. protestans – қарсылық білдіруші, әшкерелеуші ) – христиан дінінің правосливие мен католицизмнен кейінгі, Реформация кезеңінде пайда болған үшінші түрі. Протестантизм – бір-бірінен догматтық және канондық ерекшеліктері бар дербес және алуан түрлі діндердің жиынтығы. Протестанттар католиктік арылуды мойындамайды, проваславиелік және католиктік әулиелерді, періштелерді, құдай ананы теріске шығарады. Протестантизмнің католицизм мен православиеден басты айырмашылығы – құдай мен адамның тікелей байланысы тұралы ілімде болып табылады. Протестанттардың түсінігі бойынша, игілік адамға шіркеу арқылы емес, құдайдан беріледі, «арылуға» адамның жеке басының сенімі мен жаратушының шапағаты арқасында ғана қол жеткізіледі. Бұл ілім рухани биліктің заңдылықтан басымдығын және католиктік шіркеу мен Рим папасының басшылық рөлін әлсіретті. Формальды түрде протестантизм тек қана Інжілге негізделеді, ал іс жүзінде әрбір протестанттық дінде өз нанымның символдары, беделдері, «Қасиетті» кітаптары, яғни өзінше бір «Қасиетті аңызы» болады. Қазіргі протестантизм негізінен алғанда Скадинавия елдерінде, Германияда, Швейцарияда, Ұлыбритания мен АҚШ – та, Канада, Австралияда және т.б. таралған. 20 ғасырда протестантизмде экумендік қозғалыс өріс алып, бүкіл дүние жүзі шіркеулер кеңесін құруға әкеліп соқты. Протестантизм әртүрлі саяси тенденциялармен байланысты.

ПРОЦЕСС (лат processus - өту, жүру) – құбылыстың заңды, дәйекті өзгерісі, оның басқа құбылысқа көшуі (даму).

ПСИХОАНАЛИЗ – психотерапия методы және бейсаналық психикалық процестер мен мотивацияларды басты деп есептейтін психологиялық ілім. 19 ғ. с. – 20 ғ. б. З.Фрейд қалыптастырды.

ПІКІР – қазіргі формальды логикада оның ақиқаттық (ақиқат, жалған) немесе модальдық (ықтимал, мүмкін, мүмкін емес, қажетті және т.б) бағаларына байланысты қарастырылатын белгілі бір тілдің сөйлемі. Құрамына басқа да пікірді енгізетін пікірді күрделі; ал керісінше жағдайда қарапайым ден айтады. Кез келген пікір оның мазмұны болып табылатын қайсыбір ойды білдіреді және ол мағына деп аталады. Пікірдің қайсыбір ақиқаттық бағасы оның ақиқаттық мәні болып табылады. Пікірге қатысты объектіні пікірдің пәні дейді. Пікір атауымен қатар «сөйлем» және «пайымдау» деген атаулар да қолданылады.

Р

РАЦИОНАЛДЫ – адамның ақиқат шындықты ақылмен меңгеруі.

РАЦИОНАЛИЗМ – (лат. ratio – ақыл-ой) – таным процесінің басты құралы ретінде ақыл-ойды, пайымды, ойлауды танитын метод және оның негізінде қалыптасқан философиялық бағыттар. 17 ғ. Жаңа заман философиясында рационализмді қолдағандар: Р.Декарт, Б.Спиноза, Г.Лейбниц; 18 ғ. И.Кант, И.Фихте, Шеллинг, Г.Гегель болды.

РЕАЛИЗМ (лат. realis – нағыз, шын) - өнердің объективтік-танымдық және эстетикалық-қайтақұрушылық табиғатын кеңірек қамтитын көркемдік әдіс. Реализмге адамзаттық тұлғаның түрлі қатынастарының, өмір заңдылықтарындағы шындықты индивидуалдық бейнелеудің көмегімен ашу. Реализмнің белгілері мен ағымдары өнер тарихының алғашқы бастауларында байқалған. Бірақ, ерекше көркемдік әдіс болып Қайта жаңғыру дәуірінде (М.Сервантес, У.Шекспир, Ф.Рабле және т.б.) қалыптасты, өзінің одан арғы дамуын Ағартушылық дәуірде (Д. Свифт, Лессинг, Вольтер, П.Бомарша және т.б.) жалғастырды, ал аяқталу кезеңі, 19 ғасырдың соңында сыншыл реализм (Стендаль, О.Бальзак, Ч.Диккенс, Н.В.Гоголь, М.Е.Салтыков-Щедрин, Н.А.Некрасов, Л.Н.Толстой, Шевченко, И.Е.Репин және т.б.) өнерінде көрініс тапты.

РЕАЛИЗМ (ортағасырлық)– жалпы ұғымдар немесе универсалийлер нақты заттардан бірінші және шынайы өмір сүреді деп тұжырымдаған ортағасырлық схоластикадағы бағыт. Ортағасырлық реализм Платон іліміндегі ұғымдар мен объективтік әлем, жалпылық және жекелік араларындағы мәселені шешу бағытын жалғастырды. Реализм католицизмнің философиялық негіздемесі болды. Оның көрнекті өкілдері Ансельм Кентерберийский, Гильом Шампо және Фома Аквинский. Реализмге қарсы номинализм бағыты тұрды. Бұл күрес философиядағы материалистік (номинализм) және идеалистік (реализм) екі бағыттың күресінің айқын көрінісі болды.

РЕЛЯТИВИЗМ – танымды, көзқарастық жүйелерді, мәдениетті сараптау мен интерпретациялаудың методологиялық принципі, құбылыстардың сапалық тұрақсыздығын, олардың әр түрлі жағдайлар мен ситуациялардан тәуелділігін абсолюттендіреді.

РЕФОРМАЦИЯ (лат. reformare – түзеу, қайта өзгерту) – Еуропада протестантизмнің пайда болуына түрткі болған, XVI ғасырдың І жартысында кең өріс алған антифеодалдық және антикатоликтік қозғалыс. Буржуазия дворяндық топтың жартысымен одақтасып, феодалдық құрылыстың тірегі болып келген католиктік шіркеудің билігіне қарсы бағытталып, адамзат тарихындағы алғашқы, онша пісіп-жетілмеген буржуазиялық революцияны өмірге әкелді. Реформация алғаш Германияда пайда болып, кейін бүкіл Еуропаның мемлекеттерін қамтыды, сөйтіп, Англияның, Шотландияның, Данияның, Швецияның, Норвегияның, Нидерландының, Финляндияның, Швейцарияның, Чехияның, Венгрияның католиктік жүйеден біршама алыстауына мүмкіндік берді. Рефомацияның нәтижесінде католиктік шіркеудің ықпалы азайып, демократиялана түсті, жаңа сенім түрі пайда болды, буржуазиялық моральдық нормаларға құдіреттілік санкцияны (рұқсат) иелендірді. Реформация жеңіске жеткен мемлекеттерде шіркеу мемлекеттің ықпалына өтіп, шіркеудің қолынан билік кете бастады, осының нәтижесінде ғылым мен зайырлы мәдениеттің өркендеуіне мүмкіндер туды. Жаңа діннің ұлттық мазмұны буржуазияның қалыптасуына жауап берді. Бұл уақытта дворяндық және бюргерлік топтармен қатар шаруа-плебейлік топ та өмір сүрді. Сословиелік және мүліктік теңдікте зор айырмашылықтары болған бұл топ рухани қызмет басшыларына ғана емес, дворяндарға да қарсы шықты. Бұл ретте олар кейбір евангельиелік ережелерге (ерте христиандықтағы) сүйенді. Католиктер де реформацияға контрреформациямен жауап бере отырып, протестантизмнің одан ары өрлеуіне тежеу қойып, Польша мен Францияда түбірімен жоюға бетбұрыстар жасады.

РИМ КЛУБЫ – футурологиялық зерттеулермен айналысатын, әлемнің отыз шақты елінің ғұлама ғалымдарын біріктірген беделді халықаралық орган. 1968 ж. Осы аталмыш ұйымның президенті, италиян экономисті, қоғам қайраткері және жеке кәсіпкер А.Печчеидің инициативасымен құрылды. Құқықтық негізде рим клубы Швейцарияда тіркелді. Бұл ұйымның негізгі бағдарламасы адамзат өмірінің әр қырлы аспектілерін – әлеуметтік, саяси, рухани, мәдени, экономикалық жақтарын өзара байланыстықта ала отырып ғаламдық үлгілеумен (модельдеумен) сипатталады. Рим клубының зерттеулері екі бағытта жүрді: экономикалық өсудің бағыттары мен шектерін зерттеу және адамзат қатынастары мен өзара әрекеттері саласындағы зерттеулер. Рим клубы жыл сайын дүние жүзінің саяси қайраткерлерін жинап, семинарлар өткізіп, симпозиум пен кездесулерді ұйымдастырып тұрады. бүкіл адамзат баласын мазалап толғандыратын адамзат дамуындағы глобальдық мәселелерді шешуге атсалысып, көпшілік қауымның пікіріне келісімді ықпал етуге тырысатын рим клубы түрлі зерттеу жобаларын жүргізіп, жұмыстарын баяндама түрінде шығарып отырады.

РОМАНТИЗМ ( франц. Romantisme) – 18 ғ. соңы мен 19 ғ. ортасы аралығында байқалған Батыстың рухани өміріндегі идеялық және көркем қозғалыс. Германияда пайда болып, бүкіл Еуропа мен Ресейге таралды. 19 ғасырдың басында тек Романтикалық өнер (Д. Байрон, В. Гюго, В. Жуковский) ғана емес, романтикалық философия мен эстетика да (ағайынды Шлегельдер, Новалис, Шеллинг, Гельдерлин, Шлейермахер) қалыптасты. Романтизм эстетикаға метафизикалық статус береді. Неміс романтизмнің ерекшелігі - тарих идеясын адамзаттық рухани мәдениетінің қалыптасуы тарихы ретінде қарастыру, болашақ пен өткенге үңілу, ал осы шақты – тұрақтанбаған, ретсіз нәрсе деп түсіну. Романтизм тек идеологияда ғана емес, сондай – ақ сол дәуірдің белгілі бір дүние түйсінуі, дүниені қабылдауы ретінде қоғамдық психологияда да өз көрінісін тапты. Романтикалық дүние түйсінудің мәні – жалған дүние мен оған сай келмейтін жоғары идеал арасындағы шешілмес қайшылықты мойындау.

РУХ (лат. spiritus- леп, дем, иіс) – сөздің кең мағынасында – материалды бастамаға қарағанда идеалдыққа, санаға барабар ұғым: тар мағынасында – ойлау ұғымымен деңгейлес. Философиядағы әр түрлі ағымдардың өкілдері тек субьективтік рух субьектіні, жеке адамды, индивидті бөліп алып, оларды басымды деп қарастырғанда субьективтік идеализмге әкеліп соқтырады да, тек обьективтік рухты адамнан ажыратып алынған және мистикалық тұрғыдан өзіндік күш ретінде қарастыратын сананы алғашқы деп мойындаушылық обьективтік идеализмге тән.

РУХАНИ МӘДЕНИЕТ – ғылым жетістіктері,әдебиет және өнер туындылары, қоғамдық идеялар мен теориялар, тіл, адамдардың саяси өмірге араласу дағдылары, адамгершілік сапалары мен қоғамдық мінез-құлық әдеттері, құқықтық қатынастар, діни көзқарастар, адамдарды ғылым, әдебиет, өнер жетістіктеріне тарту әдістерінің жиынтығы. Мәдениет адам бойындағы адамдықтың өлшемін, қоғамдық тіршілік иесі ретіндегі адам дамуының сипатын білдіреді. Әрине, мәдениетті материалдық және рухани деп бөлу салыстырмалы сипатқа ие.

С

САБАҚТАСТЫҚ – жалпылық байланыс пен дамудың арақатынасын бейнелейтін материалистік диалектика ұғымы.

САЛЫСТЫРМАЛЫҚ ТЕОРИЯСЫ — 1905 ж. (арнайы теория) және 1910 ж. (жалпы теория) Эйнштейн тұжырымдаған кеңістік пен уақыттың физикалық теориясы. Ол Галилей — Ньютонның классикалық салыстырмалылық деп аталатын принципінен келіп шығады. Бұл принцип бойынша, механикалық процестер бірі екіншісіне қарағанда түзу сызықты және бірқалыпты қозғалатын инерциалды жүйелерде біртектес жүреді. Салыстырмалық теориясы—классикалық механиканы рационалды қорытушы және механика принциптерінің қолдану өрісін денелердің жарық жылдамдығына жақын жылдамдықпен қозғалысына дейін кеңітуші теория ретінде қалыптасты. Философияның идеалистік және позитивистік бағыттары салыстырмалық теорияның ғылымның субъективтік сипаты және физикалық процестердің бақылаушыға байланыстылығының дәлелі ретінде пайдаланғысы келді. Бірақ салыстырмалық теориясынемесе релятивистік механиканы ғылыми білімнің объективтілігін жоққа шығаратын философиялық релятивизммен шатастыруға болмайды. Салыстырмалық теориясы реалдық шындықты бейнелейтін, классикалық механикадан гөрі адекватты теория.

САН – материяның негізгі ұғымының бірі. Қарапайым түрде алғашқы қоғамдарда-ақ пайда болған. Кейін қолданыс аясы кеңейіп әрі жалпыланады.

САНА – объективті шындықты бейнелеудің жоғарғы, адамға ғана тән формасы, оның адамдардың қоғамдық-тарихи қызметінің жалпы формалары арқылы көрінетін дүниеге және өзіне қатынасы тәсілі.

САНСАРА – азап-қасіретке толы қайта туылудың, өмір мен өлімнің үздіксіз процесі. Сансараның тамыры – білместікте, сондықтан одан құтылу жолы – нирванаға ену.

САНКХЬЯ – Үнді философиясында б.з.б. 6 ғ. пайда болды. Ол философия бойынша дүние екі бастамадан тұрады: бірі – зат, екіншісі – жан. Ол екеуі біріне бірі себепкер, біріне бірі бастама. Олардан басқа ешқандай себепкер жоқ.

САПА – объектіні анықтаушы, заттың, құбылыстың, процестің тұтастығын, өз-өзімен тепе-теңдігін білдіреді.

САТЬЯ – джайнизм іліміндегі ұғым: әрқашанда ол қандай қиын болса да шындықты айту.

СӘЙКЕС КЕЛУ ПРИНЦИПІ — ғылым дамуының негізгі методологиялық принциптерінің бірі. Оның философиялық мәні таным процесінің диалектикасын, салыстырмалы шындықтан абсолюттілікке, яғни барынша толық шындыққа ауысуын білдіреді. Оны алғаш рет 1913 жылы Бор енгізген. Сәйкес келу принципіне орай бір табиғи ғылыми теория екіншісін ауыстырғанда олардың арасында айырмашылық қана емес, сонымен бірге математикалық дәлдікпен өрнектелетін тығыз байланыс, сабақтастық байқалады. Ескінің орнын басқан жаңа теория өзінен бұрынғыны мүлде шығарып тастамайды, қайта белгілі бір формада оны ұстап тұрады. Осыған орай кейінгі теориядан алғашқысына қарай кері алмасу арасында айтарлықтай маңызды айырмашылық жоқ тұста олар бір-бірімен үйлесуі мүмкін. Сәйкес келу принципі релятивизмнің қисынсыз екендігін көрсетеді.

СЕКІРІС – ескі сападан жаңа сапаға өтудің жалпы түрі, ішкі қайшылықтың шешуші әдісі.

СЕМАНТИКА – тіл білімі мен логиканың саласы, онда мәнмен, мағынамен және белгілер мен белгілік сөйлемдердің интерпретациясымен байланысты проблемалар зерттеледі.

СЕНСУАЛИЗМ – таным теориясындағы бағыт, сезімдікті нақты танымның басты формасы және танымның барлық мазмұны сезім мүшелерінің қызметінен туындайды деп есептейді.

СИЛЛОГИСТИКА – силлогистикалық ойша пайымдау әдісі, философия тарихында бірінші болып Аристотель дедукцияның логикалық жүйесі ретінде қалыптастырды. Мысалы: «Егер кез-келген металл ток өткізгіш және кейбір сұйықтық – металл, онда кейбір сұйықтық та ток өткізгіш». Силлогизм субъективті-предикативтік құрылымдық қос үш пікірді жасаушы үш терминнен тұрады: екі алғышарт және қорытынды. Силлогизмде пайымдау сапасына қарай – бекіту немесе теріске шығару және санына қарай – жалпы немесе жеке деп бөлінеді.

СИМВОЛ – материялдық заттардың, оқиғалардың, сонымен қатар, сезімдік бейнелердың тікелей, сезімдік-денелік болмыстан өзгеше идеалдық мазмұнды білдіру қабылетін көрсететін ұғым.

СИНТОИЗМ – жапон еліндегі діни сенім. Синто – жапон діни нанымдарының қытайша жиынтық атауы. Синтоизм еуропа ғылымында қалыптасқан атау, жапондықтардың өзі оны «каминомити» («құдайлар жолы») деп атайды. 8 ғ-да «Кодзики», «Никонги» деген жинақтарға біріктіріліп, өзінің бастапқы үлгісінде біздің заманымызға жеткен мифологияға негізделеді. Оларда барша әлемді жаратушы құдайлар түсінігі жоқ. Көне мифтердегі «нами құдайлары» әлем жаратылғаннан кейін келіп, жер дүниені тәртіпке келтіруші құдайлар десе де болады. Синтошылар табиғат күштерінің бәрінен, тау-тастан, орман-тоғайлардан құдай сипатын көреді, олардың әрқайсысының өз камиі, яғни рухы бар деп сенеді. Синтоизмнің басты сипатының бірі императорларды құдай дәрежесіне дейін көтеріп, қастерлеу. Синтоизм догматикасы мейлінше қарапайым және мұнда құдай жөнінде айқын орнықты түсінік жоқ. Күнә, жаза, о дүние туралы ілімдері солғын. Адамшылық нормалары көбіне конфуцийшілдік қағидалармен, ғасырлар бойы қаыптасқан салт-дәстүрлермен, қатаң тәртіппен реттеледі.

СКЕПТИЦИЗМ (грек. skeptikos – қарастыратын, зерттейтін, сынайтын) – объективтік шындықты танудың мүмкіндігіне күмән келтіретін философиялық концепция. Скептицизмнен агностицизм және нигилизм туындайды. Скептицизм ескі қоғамдық илеалдар құлдырап, жаңа қоғамдық көзқарастар енді ғана қалыптасып келе жатқан қоғамның даму кезеңдеріне тән сипат. Скептицизм тарихта б.з.б. 4 ғ. дүниені түсіндіру мақсатында түрлі философиялық қарсылас пайымдауларға тап болған, антикалық қоғамның дағдарыс шағында пайда болды. Скептицизм Пирронның, Аркесилдің, Карнеадтың, Энесидемнің ілімдерінде кеңінен дамыды. Көпшілік қабылдаған дәлелденген білімнің мүмкіндігіне күмәндану антикалық скептицизмнің этикалық концепциясының өзегі болды. Скептицизм сонымен қатар, ортағасырлық діни дүниетаным мен догматтық идеологияны сынға алды. Монтеннің, Шарронның, Бейльдің еңбектерінде теологтардың аргументтеріне күмән келтіріліп, материалистік түсінікті игеруге бетбұрыстар жасалынды. Ал Паскаль, Юм, Кант және т.б. ақылдың мүмкіндігін мүлдем шектеген болатын. Қазіргі философияда скептицизмнің міндетін позитивизм атқарып келеді.

СЛАВЯНОФИЛЬДЕР – 19 ғ. орыс қоғамдық ой-пікіріндегі консервативті саяси және діни-философиялық ағымның өкілдері. Ол ағымның өкілдерінің айтуы бойынша, Ресейдің Батыс Еуропамен салыстырғанда өзіндік ерекше даму жолы бар деп қарастырылады. Славяншылдықтың негізін қалаушылар – И.В.Киреевский (1806-1856), А.С.Хомяков (1804-1860), К.С.Аксаков (1817-1860, Ю.Ф.Самарин (1819-1876), т.б. Славянофильдердің алғашқы идеялары әдебиетте 1839 ж. көрініс тауып, 1940-1950 жж. ары қарай дамыды. Славянофильдердің пайда болуына Ресейдің рухани өмірінде «батысшылдық» идеялық ағымының таралуы басты себепкер еді. Славяншылдықтың негізінде орыс мәдениетінің, тарихи дамуының, әлеуметтік-экономикалық құрылысының өзіндік қасиеттері туралы көзқарастар тұр. Славянофильдер православиені, қауымдық құрылысты, орыс халқының көнбістік, төзімділік қасиеттерін, таптық жіктелудің шиеленіспегендігін орыс тарихының, орыс діннің ерекшелігі деп есептейді. Славянофильдер көп еңбектерінде шынайы ақиқат дін ретінде тек православиені қарастыру керек деген асыра сілтеушілікпен де айналысты. Сөйтіп, тіпті, православие дініне бас ұратын орыс халқының етегінен ұстаған жағдайда ғана басқа бұратана халықтар болашақтан үміт күте алады деген колонистік көзқарастарды да кеңінен уағыздап отырады. Қазан төңкерісінен кейін (1917 ж.) славянофильдер көбінде шет елдерге қоныс теуіп, сондағы орыс эмирциясының арасында таралды.

СОЛИПСИЗМ (лат. solus – жалғыз, ipse - өзі) – объективті дүние тек адам мен адамның санасына тәуелді өмір сүреді деп қарастыратын субъективті-идеалистік теория. Көрнекті өкілдері: Беркли, Фихте. Солипсизмнің гносеологиялық негізі сезінуді таным процесінің көзі ретінде қарастыруында. Солипсизмді «Материализм және эмпириокритицизм» атты еңбегінде Ленин сынға алады.

СОПЫЛЫҚ ДҮНИЕТАНЫМ – исламда13-9 ғғ. пайда болған діни-мистикалық ілім. Сопылық ілімнің ислам әлемінде кең таралуы Джами, Руми, әл Фараби, әл-Ғазали, Хафиз, О.Хайям секілді исламның классикалық кезеңінің ойшылдарына байланысты. Сопылық ілім адамды жетілдірудің жеке-дара діни-мистикалық жүйесі болғасын, онда эзотерикалық сипат басым. Сопылық жолға түсу алдымен ұстаз табудан басталады. Кейін ұстаздың бақылауымен мүрит психофизикалық жаттығуларға көшіп, сопылық танымның ілімдік негіздерін ұғынуға көшеді. Сопылық тәжірбие арқылы күнделікті білімнің сыңаржақтылығын түсініп, шәкірт дүниені өзгеше тани бастайды: әртүрлі заттардың, дүниенің төрт бұрышының қарама-қайшылығы сыдырылып, бірлігі айқындала береді. Бұл бірліктің негізі ретінде сопымен байланысқа түскен Ақиқат көрінеді. Сопылық жолға түскендер танымның үш сатысынан өтеді: шариатты тану, тарихатқа түсу, хақиқатқа жетіп, «фана» болу. Орта Азияға кең тараған Қожа Ахмет Иасауидің ілімі бойынша, сопылықтың төртінші сатысы бар, ол – мағрипатқа жету. Христиан дінімен салыстырғанда, исламның Құдайы тұлғасыз болғандықтан, сопылықта микрокосм макрокосмда жоғалады. Әл-Халладж, әл-Бистамилар өздерін Хақпен теңеген. Бірақ сопылық тұрғысынан «фана» - буддизмдегідей жолдың ақыры емес, адам жанының мәңгілік ғұмырға көшуі. Сопылық жолының өзге діндермен ұқсастығы оның көп мәдени ықпалдан өтуін айғақтап, көптеген философиялық және танымдық сауалдар туындатады. Қазіргі араб ғалымдары Еуропадағы көптеген рыцарлық, масондық (қасиетті Августин, Ассиздік Франциск, Фома Аквинский, Дунс Скотт және т.б.) христиан философтарын еуропалық сопылық дәстүрге жатқызады. Орта Азия мен Қазақстанда ортағасырдан бері сопылықтың Иасауи және нақышбандиалар бағыттары таралған.





Дата публикования: 2015-10-09; Прочитано: 738 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.015 с)...