Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

С) Діни сана 8 страница



МУТАКАЛЛИМ – қаламды жалғастырушылар, құр догматтарға сүйеніп қана қоймай, ақыл-ойға да жүгініп, діни және ғылыми білімдердің басын ашып отырады, Құдай, ерік еркіндігі, құдайы әділеттілік, Құранның пайда болуы және т.б. мәселелерді кеңінен талқылады.

МІНЕЗ – адамның генетикалық ерекшеліктеріне байланысты, өмір жағдайларына сәйкес және солардың ықпалымен байқалып отыратын оның тұрақты психикалық ерекшеліктерінің жиындығы. Мінез арқылы адамның белгілі бір жағдайда өзін қалай ұстайтындығын алдын ала білуге, бойына қоғамға пайдалы қасиеттерді қалыптастырып, мінез-құлқын бағыттап отыруға болады.

– Н –

НАДАНДЫҚ – адам бойындағы білімсіздікті, қараңғылықты, мәдениетсіздікті білдіретін құбылыс. Надандық адамшылық қасиеттердің кемел формасы «кісіліктің» антиподы.

НАЗАР – белгілі бір объект немесе әрекет үстіндегі адамның практикалық және танымдық қызметінің бағытын және назарын қамтамасыз ететін психикалық жай-күй. Бір нәрсеге еріктен тысқары назар осы нәрсенің тосындылығына, ондағы өзгерістерге, басқа нәрселерден айырмасына, оның әсер ету күшіне байланысты туындайды. Ал ерікті түрдегі назар саналы міндет түрінде айқындалады. Тек адамға ғана тән ерікті түрдегі назар оның еңбек тәжірибесіне байланысты өрбиді.

НАНЫМ – субъектінің жағдайы, ол жеке адамның рухани дүниесімен тығыз байланысты болады, идеяларда бейнеленетін, объект туралы белгілі бір ақпарат хабарының негізінде пайда болады, басқа да сезімдермен қатар наным сезімімен қосарласып, адам қызметінің мотиві, стимулы, мақсаты және бағдары болып табылады. Философия мен психология тарихында наным теориясы үш түрге бөлінеді: көбінесе сезім ретінде қарастырылатын эмоциялық наным (Юм, Джеймс және т.б.); интеллектінің феномені ретінде түсіндірілетін интеллектуалдық наным (Дж, Ст. Миль, Гегель және т.б.); ерік атрибуты деп танылатын ерік нанымы (Декарт, Фихте және т.б.). Наным жеке және қоғамдық сананың қажетті элементі, адамдар іс-әрекетінің маңызды кезеңі болып табылады. Наным объектілері – табиғи және әлеуметтік өмір шындығының фактілері, құбылыстары және даму тенденциялары - субъектіге сезімдік жағынан берілмеген және мүмкіндік түрінде ғана көрінеді. Бұл орайда наным объектісі шын мәнінде бейнелі, эмоциялы деп саналады. Сонымен қатар, наным феноменінің пайда болуында діни наным ерекше жағдай болып табылады, діни нанымды қоғамның өмір сүруінің өзіне тән жағдайлары туғызады. Бұл күйінде наным парасатқа, білімге қарсы қойылады.

НАТУРАЛИЗМ – философиялық позиция, барлық бар болып отырғанды табиғатпен теңестіреді, табиғатты болмыстың бөлігі ретінде түсінуді терістейді және теориялық түсіндіруден жаратылыстан тыстың бәрін шығарып тастайды.

НАТУРФИЛОСОФИЯ – табиғат философиясы. Оның ерекшелігі – табиғатқа тұтас күйінде қарап, оны үстірт пайымдау арқылы түсіндіру. Жаратылыстану мен натурфилософия арасындағы шеп, натурфилософияның басқа философия жүйесіндегі орны сияқты философия тарихында өзгеріп отырады.

НЕГІЗ – белгілі бір құбылыстың (нәтиженің) өмір сүруіне және оны айқындауға алғышарт жасайтын қажетті жағдай. Негізді анықтау, талқылау және одан нәтиже шығару процесі негіздеу делінеді. Философия мен нақты ғылымдар тарихы негізді іздестіру кезеңі болып табылады, әрі соның көмегімен табиғатты және қоғамдағы құбылыстарды түсіндіруге ұмтылады. Диалектикалық логика жүйесінің категориясы ретінде негізді Гегель түбірлі зерттейді. Оның көзқарасы бойынша негіз дегеніміз орныққан, шешімін тапқан қарама-қарсылық. Гегель қарама-қарсылықты шешу, сайып келгенде негіздің абсолютті іс-әрекетіне және абсолютті негізге әкелетінін анықтады. Гегельден кейінгі буржуазиялық философияда негіз категориясы негізінен жалпы логикалық аспект ретінде қарастырылды. (Шопенгауэр, Вунд, Зигвард, Витгенштейн т.б.).

НЕОГЕГЕЛЬШІЛДІК – идеалистік философиялық бағыт, ол 19 ғ. 2-жартысында Англия мен АҚШ-та жаратылыстық-тарихи материализм мен позитивизмге қарсы, дін мен спекулятивті философияны (Г.Х.Грин, Ф.Г.Брэдли, Дж.Ройс, Дж.Э. Мак-Таггарт және т.б) қорғау үшін пайда болды. Неогегельшілдік 19 ғ. басы мен 20 ғ. аяғында марксизмге қарсы бағыт алып, Италияда (Кроче, Джентиле), Ресейде (И.А.Ильин), Нидерландыда (Г.Болланд) тарады. Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында және одан кейін неміс неогегельшілдік идеялар (Г.Глокнер, Р.Кронер, Т.Литт) қалыптасты. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін экзистенциализммен (Ж.Валь, Ипполит, А.Қожев) қосыла отырып, Францияда тарады. Неогегельшілдікке диалектикадан бас тарту немесе оны тек сана саласында ғана қолдану және Гегельді өмір философиясы рухында иррационалдық тұрғыдан пайымдау тән. 30 жылдары неогегельшілдікті Маркузе құрмет тұтты. Қарама-қайшылық мәселесін неогегельшілдер әрқалай шешті: қарама-қайшылықтарды «ымыраластырудан» бастап, мәселені шешудің мүмкіндіктерін мүлде жоққа шығаруға дейін (А.Либерттің «трагедиялық диалектикасы»). Әлеуметтануда неогегельшілдердің кейбір өкілдері Гегельдің рух философиясының кертартпа жақтарын отаршылдық мемлекет саясатында (Б.Бозанкет), одан соң қоғамдағы таптарды татуластыру құралы ретінде фашистік корпоративті мемлекетті «негіздеу» үшін пайдаланады. Бүгінгі күнде қызметін жойған неогегельшілдік орталық 1930 жылы «Халықаралық гегельдік одақ» болып құрылған.

НЕОКАНТШЫЛДЫҚ 19 ғ. 2-жартысында Германияда «Қантқа қарай, кейін!» ұранымен (О.Либман, Ф.Ланге) пайда болған идеалистік ағым. Ол сонда-ақ Францияда (Ш.Ренувье, О.Амлен), Италияда (К.Кантони) және Ресейде (Введенский, Челпанов, «жария марксизм» ағымы) тарады. Неокантшылдық Кант философиясының материалистік және диалектикалық элементтерін жоққа шығарып, оның идеалистік және метафизикикалық белгілерін қайта жанғыртып, дамытады. «Өзіндік зат» мүлдем лақтырылып тасталады немесе субъективтік идеалистік тұрғыдан «шегіне жеткен түсінік», немесе таным (сезімдік белгілері априорлық жасалған деп таңылуы), мақсатты ұмтылыс ретінде түсіндіріледі. Неокантианшылдық немістің екі мектебі: марбургтік (Коген, П.Наторп, Кассирер) және фрейбургтік немесе баден (Виндельбанд, Риккерт) мектептерінде үлкен маңызға ие болды. Оның алғашқысы ғылыми пайымдаулар мен философиялық категорияларды логикалық конструкция ретінде түсіндіре отырып, оның идеалистік тұжырымдалуына ерекше көніл бөлді. Екіншісінің назарында – Канттың практикалық және теориялық сана туралы ілімінің негізінде жаратылыстық және қоғамдық ғылымдардың қарама-қарсылығын және әлеуметтік құбылыстарды ғылыми тұрғыдан танудың мүмкін еместігін, яғни бұған аксиологиялық-нормативтік және телелогиялық тұрғыдан ғана қарау мүмкін екендігін дәлелдеу.

НЕОПЛАТОНИЗМ ілімініңнегізін салушыАммоний Саккас өзінің артынан ешқандай жазбаша дерек қалдырмағанмен, оның көзқарасы бойынша неоплатонизмдегі негізгі белгілер: платонизм мен аристотелизмді қиыстыру, жанның заттылығы туралы стоиктердің ілімін сынау, рухани бастаманың біржақтылығн мойындау. Неоплатонизм өзінің тарихи дамуынада мынадай кезеңдер мен мектептерге бөлінді: 1) римдік мектеп (3 ғ.) спекулятивтік-теориялық жүйені жасады, негізін салушы – Плотин, өкілдері: Амелий, Порфирий. 2) кішіазиялық неоплатонизм (4 ғ.) – спекулятивтік теориядан бас тартпай-ақ практикалық мистиканы алға қойды. Екі мектептен тұрды: сириялық (Ямвлих, Феодор Асинский, Сопатр Апамейский, Дексипп) және перғамдық (Эдемий Каппадокийский, Юлиан, Салмостий). 3) Жүйелеуші-түсіндіруші неоплатонизм (5-6 ғ.ғ.) афиналық және александриялық мектептердің негінде жасалынды. Афиналық мектептің (Плутарх Афинский, Сириан, Прокл, Дамаскин, Симпликий) теориялық ынтасы жоғары болды. 529 жылы император Юстиниан неоплатонизмді оқытуға қарсы болып, афиналық мектеп жабылады. Александриялық мектеп (Гипатия, Асклепиодот, Аммоний, Иоанн Филофон, Олимпиодор) Платоннан гөрі Аристотельге бағдарлары жақын болды. Кейіннен неоплатонизм христиандық философияға (Августин, Боэций, Эриуген) және араб тіліндегі философияға (әл-Кинди, әл-Фараби, т.б.) өзінің ықпалын тигізді. Неоплатонизмнің белгілері Қайта өрлеу дәуірі (Н.Кузанский, Ф.Патрицци, Дж.Бруно) және жаңа заман (кембридждік платондықтар, спиноза, Лейбниц, Берклий) ойшылдарының көзқарастарынан көрініс тапты. 18 ғ. соңында неоплатонизм дәстүрін жалғастыру тоқтайды.

НЕОПОЗИТИВИЗМ (логикалық позитивизм) – позитивизмнің қазіргі заманға формасы. Философияны табиғи және жасанды тілдерді сараптаушы қызмет түрі ретінде түсіне отырып, неопозитивистер белгілік-символдық құралдардың ғылыми танымдық рөлін, білімді математизациялау мүмкіндігін, ғылымның теориялық аппараты мен эмпирикалық базисінің арақатынасын анықтауда белгілі бір нәтижелерге жетті. Олар ғылыми білімдерді тексерудің негізгі принциптері ретінде верификация, фальсификация және конвенция принциптерін ұсынды. Көрнекті өкілдері К.Поппер, И.Лакатос, Т.Кун, Б.Рассел, Л.Витгенштейн, Р.Карнап.

НЕОПРОТЕСТАНТИЗМ – бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Европада (К.Барт, Э.Бруннер), 30 ж. АҚШ-та (Рейнгольд және Ричард Нибурилер, П.Тиллих және т.б.) кеңінен тараған буржуазиялық діни ілімдегі бағыт (Диалектикалық теология). Неопротестантизм либералдық христиандықты қатал сынға алып, абсолюттік әмір иесі құдай мен өзінің мүмкіндігі жағынан шектеулі адамды біріне-бірін қарсы қойды. Неотомизмдегі құдай болмысы мәңгі заң делінген ұғым, неопротестанттық философиялық ілімде құдай өзінің еркін ерікті түрде орындайтын субъект деп алмастырылды. Неопротестанттық көзқарас тұрғысынан адамның жердегі болмысы құдайға қарсы және оның еркіне қайшы келеді, адамның жоюға келмейтін күнәһарлығы да осында. Бұл бағыттың өкілдері адамды «құдайға қарсы бүлік шығарушы», тарихты өзі жасаушы тәуелсіз тұлға деп қарастырады. Неопротестанттар өз этикасында христиандық моральды әлеуметтік практикада «іске аспайтын мүмкіндік» ретінде қарастырды.

НЕОРАЕАЛИЗМ – 20ғ. ағылшын-американ философиясындағы ағым. Негізгі өкілдері: Англияда–Мур, Рассел (қызметінің бастапқы кезеңінде), Александер, Ч.Д.Броуд; АҚШ-та–Р.Б.Перри, У.П.Монтэгю және т.б. Германияда – Ф.Брентано, Н.Гартман және т.б. Неореализмнің таным теориясының негізінде бейнелеудің материалистік теориясына қарсы бағытталған «дуализм» ретінде сыналған «тәуелсіздіктің иманенттігі» идеясы, танылуға тиіс заттың тікелей санада болу мүмкіндігін, бірақ соған қарамастан өзінің өмір сүруі мен табиғат тұрғысынан алғанда танымға қатыссыздығын мойындау жатыр. Неореалистік танымның бір теориясы «эпистемологиялық монизм» - мысалы, Расселде тәжірибедегі «тәуелсіз элементтердің»махистік тұжырымымен және физикалық пен психикалықтың «функционалдық» өзгешелігімен байланысты. Онтологияда неореализм «идеяалды өмір сүретін» қасиетке ие жалпы ұғымдардың жиынтығын, сондай-ақ нәрселердің өздерін құрайтын қатынастардың тәуелсіздігін мойындайды («сыртқы қатынастар теориясы»). Неореализмнің гносеологиялық мәні – жалпылықтың жеке заттардан алшақтауы, сондай-ақ логикалық байланыстар мен ұғымдарды онтологизациялау. Неореализмде сондай-ақ әмбебаптық философиялық жүйені идеалистік тұрғыдан түсіну теориясын дамытудың негізінде дамыған «космологиялық» бағыт та бар (Александердің эмерджентік эволюция теориясы, Уайтхедтің «үрдіс философиясы», Я.Х.Смэтстің холизмі).

НЕОФРЕЙДИЗМ – адамды, қоғамдық институттар құрылымындағы оның орны мен рөлін зерттеуде психоаналитикалық қағидаларға негізделген қазіргі буржуазиялық философиядағы бағыт. Неофрейдизм өзiнiң тұйықталушылығы мен кeлeшeксіздігі байқалған фрейдизмнің кейбір жағдайларын қайта қарау нәтижесінде 30-жылдары пайда болды. Неофрейдистер (К.Хорни, Г.Салливэн, Фромм) классикалық психикалық талдаудың қақтығыс ситуацияларын тудыратын, санадан тыс болатын механизмдер мен психика құрылымын ұғындырудың, жүйке ауруының жыныс қозушылықтан пайда болуы және өлім инстинкті туралы болжамдардың бірқатар тұжырымдары мен қорытындыларын сынға алды.

НИГИЛИЗМ (латынша nihil – ештеңе) – мәдениет құндылықтарын, адамгершілікті, мемлекетті жоққа шығару. Батыста философиялық және этикалық нигилизм «уақытты, өткен дәуірді» терістеу ретінде көрініс табады. «Нигилизм» ұғымын ғылыми айналымға енгізген неміс жазушысы және фмлософы Ф.Г.Якоби (1743 - 1819). А.Шопенгауер нигилистік сипаттағы дүниеге толғаусыз қатынастың буддалық теориясын жасайды. Ницше бұл теорияны өзінше қабылдап, нигилизмді «барлық құндылықтарды қайта қарау» ретінде түсінуді ұсынды. Ницше нигилизмді христиан моральының, гуманизмнің дағдарысы ретінде қарастырды. М.Хайдегер «Құдай өлді, Ницше сөздері» (1950) еңбегінде: «Ницше нигилизмді тарих барысында жүзеге асқан процесс ретінде түсінеді», – деп, бұл процесті жоғарғы құндылықтардың құнсыздануы ретінде қарастырды. Құндылықтарды қайта қарау идеологиясы кейіннен француз экзистенциалистерінің (Сартр, Камю) тұлғадан тыс моральдық императивтерден арылу идеяларында өз жалғастарын тапты.

НИРВАНА – «жоғалу», «сөну». Күнделікті өмір бітпейтін күйбең тіршілікке, азап-қасіретке толы бақытсыз болмыс, ал нивана – осы азап-қасірет шегуден, карма заңының негізінде қайта туылудан құтылып, сананың өшуі, болмыстың арамдықтан тазаруы. Адамның бұл күйін сипаттап жеткізу қиын, үнді ойшылдарының өздері нирвананы логикадан және уақыттан тыс деп қарастырады. Әдетте нирвана ұғымын рахат ұғымы арқылы ұғынуға тырысуға болады, бірақ рахат түйсікпен, сезіммен байланысты күй, ал нивана – абсолютте түйсіктер де, сана да, жігер де жоқ, ол зұлымдық пен құмарлықтардың тынышталуы, сезінбеудің толық дәрежесіне жету.

НОМИНАЛИЗМ (латынша nomen – ат, атау) – ортағасырлық философиядағы бағыт, жалпы ұғымдар жеке заттардың атауы ғана деп санады. Ортағасырлық реализмге қарсы бағытталып, нақты өмір сүретін өздеріне тән қасиеттері бар жеке заттар, ал жалпы ұғымдар, универсалийлер ойдың субъективті формалары, жай ғана сөздер, заттардың белгілері мен атаулары ғана, ойлаудан тыс ешқандай объективті шындықты бейнелей алмайды деген пайымдауды ұстанды. 11-14 ғғ. көрнекті номиналистер – Росцелин, Дунс Скотт, У.Оккам. Жаңа заманда номинализм идеалистік негізде Беркли мен Юмның ілімдерінде, қазіргі заманда семантикалық философияда көрініс тапты.

НООСФЕРА, ақыл-парсат сферасы – биосфера дамуындағы, адамның рухани шығармашылығы шешуші мағынаға ие болатын ерекше кезең. Ноосфера ұғымын 20 ғ. 20 ж. Француз философы Э.Леруа енгізді. Араға ондаған жыл салып, ноосфера теориясы Вернадский мен Тейяр де Шарденнің бір кезде іс жүзінде жасалған жұмыстарында өз дамуын тапты. Екі ғалым да дүниетанудың бастау тұсы – Адам, өйткені адамның пайда болуы ғарыштың заттық эволюция процесімен байланысты дегенді негізгі алады. Олар адамның пайда болуын сананың қуатты концентарциясымен, оның өз-өзімен тұйықталуымен байланыстырады, өйткені мұндай қалып дүниеден адамды ерекшелендіретін жеке тұлғаның негізінің пайда болуына бастайды деп есептейді. Бүкіл адамзат бірыңғай тұлғаға біріккенде ноосфераның жасалуы аяқталады. Бірақ эволюция әрі қарай жалғаса, жүре береді. Вернадскийдің пайымдауынша, ол дегеніңіз – планета мен жер айналысы кеңістігінің жаңа қабаттарын қамти отырып саналы түзілуі, ал Шарден пікірінше, ноосфераның бұдан жоғары эволюциясы адамзаттың Құдаймен қосылуымен қорытындыланатын сапалы өзгерістерге әкеледі. Екі теорияның елеулі ұқсастықтарымен бірге айырмашылықтары да бар: Вернадский ғылыми білімнің пайда болуы мен дамуын тіршілік иесі эволюциясының негізгі векторы деп танып, жоғары бағалады.

НОУМЕН (гр. noumenon) – мәнге тек ақыл-ой арқылы ғана (ой-өріс) қол жеткізуге болатындығын білдіретін, феноменге кереғар термин. Платон бұл терминді алғаш қолдана отырып, ноуменді өз бетінше өмір сүретін шындық және ойша бағдарлау пәні деп тұжырымдады. Кантта ноумен екі түрлі мағынада қарастырылады; проблематикалық теріс түсінік түріндегі («Таза ақыл-ойға сын») ноумен. Мұнда ол интеллектуалдық интуицияның, талқылаудың объектісі ретінде көрінеді, ал «Практикалық ақыл-парасатқа сында» Кант ноумен туралы дұрыс түсініктің мүмкіндігіне меңзейді, бұл жерде ноумен – сезім-түйсіктен тысқары, пайымдаудың объектісі болып келеді. Бұл күйдегі ноуменге адам өрісі жетпейді, өйткені, Канттың қорытындысы бойынша, адамның аңдау-пайымдау қабілеті тек сезім-түйсікке байланысты.

НУС (гр. nous - ақыл) – сана мен ойлаудың барлық актілерінің әлемдік жиынтығын білдіретін көне философияның негізгі ұғымдарының бipi. Бұл ұғым алғашқыда Анаксагор философиясында ай­қын көрінді, онда ол формасыз материяны жасаудың және peттiліктің принципі ретінде айтылды. Бұл ұғым Платонда, әcipece Аристотельде идеалистік тұрғыдан түсіндірілді Сонымен қатар ұғым неоплатоншылдарда үлкен мәнге ие болып, олар оған аристотелизм негізінде барлық дүниені ұғындыратын және белгілі бip фopмa бepeтін ерекше бip сезіммен тыс болмыс деп түсініктеме берді. Материалистер де осы ұғымды қолданды. Демокрит нусты шар тәрізді от деп түсінді. Нус Фалесте де космологиялық мәнге ие. Нус көне материалистерде табиғат заңдарының жиынтығы немесе сезімдік материалдық формада елес беретін оның көзі болып табылады. Гносеологияда Демокрит нусты дәлдік принципі ретін­де танымға абыржушылық пен ретсіздік әкелетін толқымалы сезімдік түйсіктерге қарсы қойды. Көне нус – өзінен жеке алғашқылықты тапқан орта ғасырлық ілімге қарағанда өзіндік қасиеттен тыс, тіпті өзіндік касиеті жоқ нәрсе.

НЬЯЯ философиясы – таным ілімі, логикалық қорытындыларға негізделген бағыт. Олар дүниені тану, сезіну, оны логикалық қорыту арқылы қалыптасады дейді. Жалпы алғанда ньяя философиясы – тұрпайы материалистік бағытқа жатады. Ол б.з.б. 3 ғ. пайда болды.

О

ОБЪЕКТИВТІК АҚИҚАТ – жеке адамның epкi мен тілегіне катысы жоқ адам білімінің мәні. Ақиқат адамдардың еркі мен тілегіне байланысты жасалмайды, бейнеленетін объектінің объективтілігін көрсететін мазмұнымен анықталады. Объективтік ақиқат туралы ілім ақиқат – адам еркінің туындысы, адамдар арасындағы келісім нәтижесі деп үйрететін толып жатқан субъективті тұжырымдарға қарсы бағытталған. Адамдардың көпшілігінің мойындауынан түрлі ырым, діни нанымдарды ақиқат ретінде қарастырып, түcінy ғылыми тұрғыдан теpic. Қaзipгi заманғы буржуазиялық философия әдетте ақиқаттың объективтілігін мойындауға қарсы, ал бұл ғылыми ілімдерді субъективтілікке ұштастырып, жалпы ғылымға деген ceнімдi жоққа шығару болып табылады. Мысалы, прагматизм өмірде жақсылыққа ғана жеткізетін қағиданы ғана ақиқат деп есептейді; неопозитивизм математикалық және логикалық ақиқаттарды конвенциялар т.с.с деп жариялайды.

ОБЪЕКТИВТІК ИДЕЯ – идеализмдегі бастапкы ұғым тек объективтік шындык қана емес, сезімдік болмыс болып та анықталады. 1) объективтік идеяның дуалистік теориясы (мегар мектебі, Декарт) бойынша заттардың маңыздылығы сезімдік болмысқа ешқандай қатысы жоқ, себебі, ол идеалдық шындық; 2) объективтік идеяның монистік теориясы заттардың идеяға «ұқсауы», заттарда идеяның «көрініс табуы», сезімдік дүниеге идеалдық дүниенің анықтаушы қатынасы сияқты ұғымдармен сәйкес келеді. Объективтік идея материалдық шындықтың субъективтік бейнесі болғанымен, материалдық негіздің қайта құрылуы мен дамуына өз ықпалын тигізеді.

ОБЪЕКТИВТІК ИДЕАЛИЗМ – идеализмнің нeгізгі түрлерінің бipi. Рухтың алғашқылығын және материяның одан кейінгілігін, туындылығын мойындай отырып, объективтік идализм субъективті идеализм сияқты дүниедегі бар нәрселердің нeгізі жеке, адамдық сана деп емес, объективті, о дүниелік сапа – «абсолютті рух», «дүниежүзіліқ парасат» және т.с.с. деп біледі. Сонымен қатар объективтік идализм барлық заттардың объективті өмір сүретін мәні. Олар дүниені жаратушы күш бар, ол бізден тыс өмір сүреді. Ол күшке идеяны жатқызып, оны жаратушы күш «құдірет» - деп түсінген. Бұлардың пікірі діни көзқарасқа өте жақын келеді. Әлемді билеуші – идея, не объективтік идея, әлемдік сана дейді объективтік идеалистер, ал діншілдер ол күшті құдірет, жаратушы құдай деп атайды. Оның өкілдері: веданта ілімін ұстанушылар, конфуцийшілдік ілімі, Платон, Ф.Аквинский, Августин, Гегель, Ф.Шеллинг, қазіргі заманнан – неотомистер және персонализм өкілдері.

ОЙЛАУ – объективтік дүниедегі ұғым, пікір, теория және т.б. формасында бейнелеудің белсенді процесі; бұл процесс белгілі бip мәселелерді шешумен, шындықты жанама бейнелендіру тәсілдерімен және оларды жалпылаумен байланысты жүзеге асады. Ойлау айрықша түрде ұйымдасқан мидың жоғарғы материалдық жeмici.

ОЙ ТҰЖЫРЫМЫ – алғышарттар делінетін бip немесе бірнеше пікірлерден жаңа пікір туады да (қорытынды немесе нәтиже деп аталады), оның алғы шарттардан логикалық түрде қорытылып шығуының барысында келіп тірелетін пікіp қорыту. Алғышарттардан қорытындыға ауысу процесі логиканың белгілі бip ережесі бойынша жүзеге асады (қорыту ережесі). Демек, ой тұжырымы дегеніміз ойлау формасы (пікіp, ұғым деңгейлес) қызметін атқарады, оның шеңберіндегі абстрактілі ойлау сатысында сыртқы әлемді танып-білуге жол ашылады. Ой тұжырымының негізінен жалпылама екі түрі белгілі олар: дедувтиктік және индуктивтік (дедукция, индукция).

ОККУЛЬТИВИЗМ (лат. occultus-құпиялы) – дүниеде ғылыми зерттеулер қол жеткізе алмайтын тылсым тіршіліктің бар екендігін мойындайтын ілім (Магия, спиритизм). Ертеде (мысалы: халдейлер мен индустарда) және ортағасырларда (Р.Бэкон, Луллий, Парацельс және т.б.) қоғамның әлеуметтік-экономикалық және ғылыми дамуының төмендігінен оккультивизмтабиғат пен адам туралы жалған көзқарастарды білдірді. Оккультивизм – материалистік көзқараспен күресетін құралдардың бір түрі. Теософияның шеңберінде бұл идеяны әсіресе, Р.Штейнер кеңінен насихаттады, оның ойынша, «құпиятану» – нақты, тәжірбиелі ғылым. Оккультивизмнің жаратылыстануда азғантай орны болғанымен, шындығында, ғылыми мәні жоқ. Қазіргі уақытта көптеген капиталистік елдерде оккульттік қоғамдастықтар мен оккульттік әдебиеттер тараған.





Дата публикования: 2015-10-09; Прочитано: 933 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.009 с)...