Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

С) Діни сана 5 страница



ДҮНИЕНІҢ ДІНИ БЕЙНЕСІ – негізгі элементі – жалғыз Құдай бейнесі (монотеистік діндер) немесе құдайлар санының көптігі (политеистік діндер). Қай уақытта болмасын, барлық діндер біздің эмпирикалық шындық өз бетімен өмір сүре алмайды және өзін-өзі қамтамасыз ете алмайды, тек жаратылған, себебі ол екінші, нағыз, ақиқат шындықтың – Құдайдың жемісі, проекциясы деп есептейді.

ДҮНИЕНІҢ ҒЫЛЫМИ БЕЙНЕСІ – шындықтың жалпы қасиеттері мен заңдылықтары туралы түсініктердің іргелі ғылыми түсініктерді, принциптерді және теорияларды жалпы қорыту мен синтездеу нәтижесінде құрастырылған тұтас бейнесі.

ДҮНИЕНІҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ БЕЙНЕСІ – көптүрлі. Бірақ бәрі адам және дүние қатынасының төңірегінде қалыптастырылған. Бұл қатынас материалистік немесе идеалистік, диалектикалық немесе метафизикалық, объективтік немесе субъективтік тұрғыдан түсінілуі мүмкін.

ДҮНИЕТАНЫМ – адамдар мен табиғатқа, жалпы құндылықтарға, моральдық нормаға тұлғаның жалпы қатынасын білдіретін негізгі сенім, қалып, таным немесе қоғам мүшелерімен ортақ көзқарас қалыптастырып, қоршаған ортамен қатынас қалыптастыруындағы негізгі өлшем. Дүниетаным – адамның дүниені ақиқатпен теориялық және практикалық жағынан бірлікте тану мақсатындағы рухани-практикалық тәсілі. Дүниетанымда тұтас адамзат әлемі моделі сияқты мәдениет категорияларының жүйесі көрініс тапқан.

ДХАРМА (санскрит – dharma) – бірнеше мағынаға ие ұғым. Ең әуелі Будда ілімі, рухани білімнің квинэссенциясы дегенді білдіреді, ар-ұждан, адамгершілік ілімі, әділеттілік, міндет, заң, табиғи, діни қағида және тағы басқа ұғымдарды біріктіреді. Төмен Дхарма қарапайым деңгейдегі құбылыстардың әрекетін, ал Жоғарғы Дхарма болмыс заңдылықтарының асқақ деңгейде әрекет етуін түсіндіреді. Тағы бір мағынасы – болмыстың элементтері. Әлемдік процесс – себептерден туындайтын және өшуге бағыт алған нәзік, өткінші 72 дхарма-элементтердің өзара әсер етуі және оның соңғы нәтижесі – абсолюттік тыныш күйге, сөнуге жету.

ДІН ФИЛОСОФИЯСЫ – кең мағынасында – дінге қатысты философиялық ұстанымдардың, оның табиғаты мен функциялары туралы концепциялардың, құдайшылдықтың өмір сүруінің философиялық негіздемелерінің, сонымен қатар, оның табиғаты және дүние мен адамға қатынасы туралы философиялық пайымдаулардың жиынтығы; тар мағынасында – құдайшылдық пен дін туралы автономдық пайымдау, философиялық пайымдаудың ерекше типі.

Е –

ЕЛЕСТЕТУ – қазіргі сәтте сезім мүшелеріне тікелей әсер етпейтін, бірақ бұрын олар белгілі бір формада қабылданған заттың сезімдік бейнесі. 1) ертеректе қабылданған заттың немесе құбылыстың бейнесі; 2) елестету арқылы жасалған бейне.

ЕҢБЕК – бұл «ең алдымен... адамның өз іс-әрекеті арқылы бір-бірімен және табиғатпен зат алмасуына жанама әсер етіп, оны реттеп және бақылап отыратын процесс» (Маркс К., Энгельс Ф. 23-т. 188-б.). Еңбек адамның табиғатқа белгілі бір көзқарасы. Сыртқы табиғатты өзгерте отырып, адам сонымен бірге өз табиғатын да өзгертеді. Сыртқы табиғаттың өзгеруі дегеніміз ең алдымен заттарды адам қажетіне бейімдеу. Еңбек мынадай карапайым сәттерді қамтиды: 1) мақсатты іс-әрекетті немесе еңбектің өзін; 2) еңбек затын; 3) еңбек құралдарын, 4) еңбектің нәтижесін.

ЕРЕСЬТЕР – (грек. hairesis-ерекше сенім ілімі) – қандай да бір діннің ресми сенім көзқарастарын жоққа шығарып, оған оппозициялық немесе жаугершілік бағытта болу. Алғашқы христиандық ересьтер – монтанизм, иудеохристиандық, гностиктер 2-3 ғғ. христиандық догматтардың шарттарына қарсы ағымдар болды. 4-5 ғғ. христиандық Рим империясының мемлекетттік дініне айналған кезде – ариандық, несториандық, монофизиттер қалыптасты. Ересьтердің көтерілісі (құдайсүйгендер, вальдендер, альбигойлар, беггардтар, табориттер) ортағасырларда феодалдық қоғамда католиктік шіркеудің билігі үстем болған кезде кеңінен бел алады. Ересьтер негізінен шіркеу тарапынан қолдау көрсетіліп отыратын фелдалдарға қарсы бағытталған бұқара халықтың әлеуметтік көтерілісі болды, кейін олар капиталистік қоғамда діни секталарға айналып кетті.

ЕРІК – адамның белгілі бір іс әрекетті атқаруға деген саналы құлшынысы. Идеализм ерікті сыртқы ықпал мен жағдайларға тәуелсіз және объективті қажеттілікпен байланысты қасиет емес, қайта адамның идиалистік тұрғыдан көрінетін, «азат» еркінің көрінісі ретіндегі іс-әрекеті мен қимылы түрінде қарастырады. Шынына келгенде адамның ерік қызметінің көзі объективті дүние, адамның дүниені өзгертуге бағытталған және табиғаттың объективті заңдарына негізделген нақты – практикалық іс-әрекет болып табылады. Субъектің ішкі жағдайларының шоғырлануы арқылы (қажеттері, мүдделері, талап-тілектері, білімі және т.б.) бейнеленген объективті дүние оның әртүрлі мақсаттар қоюына, шешімдер қабылдануына, белгілі бір қимылдар жасауына мүмкіндік туғызады. Субъектінің талап-тілегін ғана негізге ала отырып тандау жасайтын (волюнтаризм, экзистенциализм) ерік емес, объективті қажеттілікке сәйкес тандау жасайтын ерік азат болады. Энгельстің айтуынша, ерік азаттығы – істі біле отырып шешім қабылдау қабілеті. Шопенгауэр мен оның ізбасарларының философиясында ерік – дүниенің көзсіз соқыр, ой-санасыз, мақсат-мүддесіз бастапқы негізі, яғни, Кант іліміндегі «өзіндік заттың» бір көрінісі.

ЕУРОПОЦЕНТРИЗМ – философия мен мәдениеттануда ғылым, өнер, философия, әдебиеттің құндылықтары тек Еуропада ғана пайда болды деп тұжырымдайтын концепция.

Ж –

ЖАҒДАЙ – заттың өзін қоршаған құбылыстарымен қызметін көрсететін философиялық категория, ол зат осы құбылыстарға байланысты ғана өмір сүре алады. Заттың өзі шартты нәрсе, ал жағдай – затқа сырттай салыстырмалы объективті дүниенің алуан түрлілігі сияқты көрінеді. Табиғат заңдарын білгеннен кейін адамдар өз іс-әрекетіне қолайлы жағдайлар жасап, қолайсыздарын жояды. Жағдай құбылыстар мен процестерге ықпал жасай отырып, өзі де солардың ықпалына ұшырайды. Мәс., адамдардың материалдық және рухани өмірінің белгілі бір жағдайында пайда болған қандай болмасын осы жағдайдың өзін одан әрі түбірімен өзгертеді.

ЖАН (грекше psyche, латынша anima) – көне грек философтарының түсінігінде дене мен материяға қарама-қарсы субстанция, психикалық құбылыстардың, сезімдер мен ұмтылыстардың, тірі мақұлықтың негізі және оның санасының талпыныстарының жиынтығы.

ЖАРАЛЫСТАНУ – табиғат туралы ғылым; тұтас алынған жаралыстану ғылымдарының жиынтығы; адам ілім-білімнің негізгі үш саласының бірі (қоғам және ой-толғам туралы ғылымдармен қатар). Жаралыстану - өнеркәсіп және ауыл шаруашылық техникасы мен медицинаның теориялық негізі; философиялық материализм мен табиғатты диалектикалық тұрғыдан ұғынудың табиғи ғылымы – іргетасы. Жаралыстанудың зерттеу объектісі материяның әралуан түрлері мен олардың табиғаттағы қозғалыс формалары, олардың байланыстары мен заңдылықтары. Өзінің мазмұны және табиғат құбылыстарын зерттеу әдістері жағынан жаралыстану – эмпирикалық және теориялық болып, ал өз объектісінің сипаты бойынша - өзіне өлі табиғаттың қозғалу формаларын (мех., физ., хим. және т.б.) тақырып ететін органикалық емес және тіршілік құбылыстарын тақырып ететін органикалық болып бөлінуі мүмкін. Жаралыстанудың ішкі құрылымы, ғалымдардың саралануы осымен анықталады. Табиғат туралы ғылымды яғни «физикалық» ғылымды, әлемнің бейнесін әзірлеуге қатыса отырып, жаралыстану негізінен өзінің теориялық жағынан (ұғым, категория, заңдар, теория, болжам), сондай-ақ ғылым зерттеулерінің тәсілдері мен әдістерін әзірлеуі жағынан философиямен ұштасады; ол философияның дамуына тікелей ықпал етеді, табиғат туралы ғылым ретінде ашылған жаңалықтарға байланысты материализм формаларының ауысуына заңды түрде себепші болады. Екінші жағынан жаралыстану техникамен, өндіріс процессімен мейлінше тығыз байланысты.

ЖАТТАНУ – бастапқы бірліктің бұзылуының нәтижесінде қалыптасатын, субъект табиғатының жұтаңдануында, өзгеруіне, бұрмалануына әкелетін субъект пен оның қандай да бір функциясының арасындағы қатынастар; сонымен қатар, осы бірліктің бұзылу процесі. Сонынмен қатар, жаттану – өздері жасаған, өз іс-әрекеті туындыларының адамдарға үстемдік етуі, адамдарға қарсы тұратын жау (жат) күшке айналуын білдіретін ұғым. Адамдардың практикалық және рухани қызметі нәтижелерінің қоғамдық қатынастар немесе қалыптасқан, дәстүрлер мен ұғымдардың дамуының құралы болудың орнына, керісінше, адамдарды өз дамуының құралына айналдыруы. Жаттануды алғаш байқап, ол туралы ой айтқан XVIII ғ.француз (Руссо) және неміс (Шиллер, Гете) ағартушылары болды. Жаттану проблемасын зерттеу кейіннен неміс классикалық философиясында жалғасты. Әсіресе Гегель философиясында жаттану идеясы кең орын алды.

ЖАҺАНДЫҚ ПРОБЛЕМАЛАР – бір-бірімен тығыз экономикалық, ғылыми-техникалық, саяси, мәдени байланыстағы біртұтас адамзат қауымдастығының қалыптасуы. Жаһандану үрдісі әртүрлі елдермен жақындасу, бүкіл адамзаттың ортақ тағдырын сезіну, ұлттық мәдениет жетістіктері, жаңа технологиялармен алмасуға әкеледі. Сонымен қатар жаһандану үрдісі біршама бүкіладамзаттық теріс салдары бар проблемаларды тудырды. Мысалы: 1) дүние-жүзілік термоядорлық соғысқа жол бермеу, қарусыздандыру және халықаралық қатынастардың бейбіт негізінде дамуы үшін жағдайлар жасау; 2) бүгінгі қалыптасқан тәндік-сезімдік өмір бағыт негізінде тойымсыздық, табиғи ресурстарды өлшемсіз пайдалану, қоршаған ортаны ластау – адамзатты болашақ экологиялық апатқа әкелу мүмкін, сондықтан табиғи ресурстарды ұтымды және кешенді пайдалану; 3) демографиялық мәселелер, яғни жер бетіндегі халықтың тым тез қарқынмен өсуі; 4) жер бетіндегі әлеуметтік әділетсіздіктің ең сұмдық көріністері – ашаршылық пен қайшылықты болдырмау, бұл «Солтүстік пен оңтүстік» проблемасы – дамыған елдер мен дамып келе жатқан елдердің арасындағы қайшылықтан көрініс табуда. Жалпылай келе, экватордан жоғары орналасқан елдердің даму қарқыны мен өмір сүру деңгейі төмен жатқан елдерден анағұрлым биік. Дамыған елдерде тойымсыздық жолына түскен 6 млрд. тұрып жатса, жер бетінде осы күнге дейін тағы 1 млрд. жуық адам, басқа қажеттіліктерді өтеуді айтпағанда, күнбе-күн азық-түлікке жарымай отыр, ал 75 млн. адам аштықтың зардабынан жыл сайын дүниеден кетеді. 5) білім беру мәселесі – халықтың білім деңгейін көтермей, бүгінгі технологияларды игеру мүмкін емес; 6) Денсаулықты сақтау мәселесі – бүгінгі таңда адамзаттың қоршаған ортаны түбегейлі өзгертуі мен адамдардың денсаулығы төмендеуінің арасындағы байланыстың анықталуы: жүрек, бүйрек, бауыр, мұрыннан қан кету, СПИД, қатерлі ісік, депрессия (жүйкені тозуы), жұқпалы аурулар «цивилизация аурулары» деген атқа ие болып отыр. Жаһандану мәселелерін шешу жолдарын зерттеуде, негізінен, екі бағыт қалыптасты. Олар: технооптимизм (Дж.Гельбрайт, Р.Арон, Д.Бэлл, Ж.Фурастье, А.Тофлер) және технописсимизм (Г.Маркузе, К.Лоренц, Д.Гудмен, т.б.).

ЖЕРҰЙЫҚ – Асан қайғының іздеген жер жаннаты. Ол жердің суы сүт, шөбі шүйгін, топырағы май, тасы алтын, халық зардабы, қырғын-соғыс, бай мен кедей бөліністері жоқ елді мекен. «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман» деген түсінік береді.

ЖҮЙЕ - өзара қатынастар мен байланыстарда болатын, белгілі бір тұтастықты, бірлікті құрайтын элементтер жиынтығы.

ЖЫРАУ – қазақ дәстүрлі поэзиясының басты өкілі, топ алдында сөз сөйлеуші, қобыз, домбырамен сүйемелдеп жыр шығарушы ерен тұлға, хан мен билердің ақылгөйі, хан ордасындағы халық жаршысы. Жыраулық поэзия көшпенділер тірлігінің жағдайында сахнасыз театр, риторика, софистика, дәстүрлі өмір философиясы қызметін атқарған.

З –

ЗАҢ – құбылыстардың жүйелі түрде өзгеруіне себепші болатын оның ішкі, мәнді және тұрақты байланысы.

ЗАР – ЗАМАН – қазақ мәдениетінің болашағы туралы қам жеуінің уақыттық таңбасы. Қазақ әдебиетіндегі байырлық рух 18 ғ. жоңғарлар мен қарсы күресте 19 ғ. ұлт азаттық күресте, (Махамбет, Нысанбай) қайта көтерілгенмен, Қазақстанның Ресей құрамына өтуі нәтижесінде зарзаман кезеңі басталды. Қоғамда болып жатқан өзгерістерге өзіндік көзқараста болған және сол бағытта жырлаған ақындарды М.Әуезов «Зар - заман» жыршылары деп атаған болатын және әдебиет тану тарихында да олар осылай айтылды. Зарзаман ақындарының көпшілігіне тән ерекшелік – келешекті көрегендікпен болжап, алдағы уақыттағы ел сипатының өзгерісін қолмен ұстап, көзбен көргендей бейнелеп айтуы. Бұл ақындардың ішінде өлең – жырдың бар қуатын пайдаланып, ата – баба дәстүрімен астарлай айтып, батыс пен шығыстан келетін кесапатты бірдей болжап бергені. Зар – заман ақындарының қайраткерлік биікке көтерілуі отаршылдықдықтың белең алунан басталады. Жыр жүйріктері бар құдыреті мен бар қабілетін ел жұртының санасын оятуға жұмсалды. Олар қатерді, зорлық – зомбылықты, алдын – ала ескертті, зардаптарын күнілгері таңба басқандай айтып берді. Олар патшалық отаршылдық саясатты сынаумен қатар былайша жарқын өмірдің қайта орындалатынына сенді.

ЗАТ – салыстырмалы түрде өзінше жеке өмір сүретін материалдық дүниенің бөлшегі. Бір зат екінші заттан өзіне тән қасиетімен анықталады және ерекшеленеді. Заттардың бір-бірімен өзара теңдігі мен өзара айырмашылықтары туралы мәселе гносеологиялық және арнайы-ғылыми мәселеде маңызды болып табылады.

ЗОРЛЫҚЗОМБЫЛЫҚ ТЕОРИЯСЫ – қоғамдық теңсіздік адамдардың бірінің өкінішіне зорлық жасауынан туындайды дейтін идеалистік теория. Зорлық – зомбылық теориясыбуржуазиялық идеологтар арасында кеңінен таралған. Дюринг таптардың пайда болуын қоғамның бір бөлігінің екінші бөлігіне зорлық-зомбылық (ішкі зорлық) жасауымен байланыстырды: австриялық социолог Л. Гумилович (1838 - 1909), сондай-ақ Каутский және т.б. таптардың, мемлекеттің пайда болуының түп төркіні күшті тайпаның әлсіздеу тайпаны құлдыққа салуынан (сыртқы зорлықты) деп есептеді. Негізі тарихтағы зорлықтың рөлін жоққа шығармай, оны қоғамдық құрылымды сақтау, яғни өзгерту мақсатымен белгілі бір әлеуметтік топтың басқа топтарды мәжбүр етудің түрлі формаларын қолдануы деп қорытқан жөн.

ЗОРОАСТРИЗМ – ежелгі ирандық дуалистік дін, оны Заратуштре (Зороастру) пайғамбар негізін қалаған. Б.з.б. 7 ғ. түпкілікті орнықты. Зороастризмнің басты нәрсесі – дүниедегі қарама-қарсы екі негіздің: ақ ниетті құдай Ахурамазда (Ормуад) бейнесіндегі және зұлымдылықтың қара ниетті құдайы – Анхравайнью (Ариман) арасындағы үздіксіз күресі туралы ілім. Зороастризм ақырзаман, о дүниелік тозақ, ақтық сот және өлілердің тірілуі туралы айтады. Бойжеткеннің болашаққа жебеушіні тууы туралы эсхотологиялық идеяларды (Эсхатология) уағыздайды, иудаизм мен христиан дініне үлкен ықпал жасады. Қазіргі кезде Зороастризм нарсизм формасында өмір сүруде, онда бұрынғы дуалистік идеялардың сақталуымен қатар құдіреті күшті хақ тағала түралы түсінік дамыған.

И –

ИГІЛІК – шапағат, ырысты (бұған қарама-қарсы – шығысы, ауыртпалық) белгілеу үшін философияда қолданылатын жалпы ұғым; адамның белгілі бір қажеттіліктерін қанағаттандыратын, адамдардың мүдделеріне, мақсаттары мен ниеттеріне сәйкес келетін нәрселер мен құбылыстар. Игіліктер табиғи және қоғамдық болып бөлінеді; табиғи игілік – стихиялық табиғи процестердің, мыс., топырақтың құнарлығы, пайдалы қазбалар (соған сәйкес табиғи ауыртпалықтар – стихиялық апаттар, ауру-кеселдер) нәтижесі және қоғамдық игілік – адам қызметінің нәтижелері.

ИДЕАЛ (гр. idea – түр, бейне, түсінік, ұғым)– 1) Қоғамдық-экономикалық және саяси мүдделеріне сай келетін және талап-тілегі мен іс-әрекетінің түпкі мақсаты болып табылатын белгілі әлеуметтік топтың кемеліне келген қоғамдық құрылым туралы түсінік. 2) Парасаттық – жоғарғы адамгершілік қасиеттердің үлгісі болып табылатын, көбінесе осы қасиеттерді меңгерді деген жеке адамның бейнесі түрінде көрінетін, кемел ақыл иесін меңзейтін түсініктер. 3) Эстетикалық идеал – адамның шығармашылық күштерінің өзіндік мақсаты болып табылатын еркінше және универсалды дамуымен субъект пен объектінің, адам мен қоғамдық тұтастықтың (және табиғаттың да) тарихи ең толық үйлесімді бірлігі. эстетикалық идеалы болады.

ИДЕАЛИЗМ – дүниенің бастамасы сана, рух, идея деп қарастыратын материализмге қарсы философиялық бағыт. Идеалистер іштей екі бағыт ұстанады – субъективтік идеализм және объективтік идеализм.

ИДЕНТИФИКАЦИЯ (лат. identificare – барабарлау) – ұқсастық белгілеріне сүйене отырып әртүрлі объектілердің барабарлығын анықтау.

ИДЕОЛОГИЯ – белгілі теориялық негіздер мен солардан шығатын әрекет бағдарламаларын және қоғамдағы идеологиялық нұсқауларды тарату механизмдерін қамтитын күрделі рухани құрылым. Идеология қоғамдық психология сияқты адамдардың күнделікті әрекеттерінде пайда болмайды, оларды идеологтар, әлеуметтік ойшылдар мен саясатшылар жасайды.

ИДЕЯ – философиялық термин, «мән», «мағына» дегенді білдіреді және ойлау және болмыс категорияларымен тығыз байланысты.

ИММАНЕНТТІ – затқа, құбылысқа немесе процеске ішкі тән қасиет немесе заңдылық.

ИНДИВИД (лат. – бөлінбейтін) – 1. Объектілердің белгілі бір түрінен, тегінен немесе класынан бөлініп шыққан жалқы, жеке объект. Қазіргі логикада – санадан тыс немесе оның белгілі бір қасиеттері бар және басқа объектілермен байланыса алады, бірақ сол қасиеттер мен байланыстар тарапынан қарастырылмайды. 2. Индивид - өзінің физиологиялық және психологиялық ерекшеліктеріне қарай қайталанбайтын қасиеттері бар нақты адам, адамзаттың жалқы өкілі, нақты антропологиялық және әлеуметтік ерекшеліктеріне қарамастан ол жеке кісі. Сәби – индивид алайда ол әлі де жеке дара кісі емес. Индивид «адамзаттың өкілі» ғана болудан, қоғамдағы өз болмысына біршама дербестік алғаннан кейін ғана дара, жеке адамға айналады. Индивид пен қоғам өзара диалектикалық байланыста болады. Оларды қарама-қарсы қоюға болмайды, өйткені индивид дегеніміз қоғамдық тіршілік иесі және оның өмірінің көрінісі – қоғамдық өмірінің көрінісі болып табылады. Бұл жерде индивид пен қоғамды өзара теңестіру де дұрыс емес, өйткені әрбір индивид өз тегінің жалпы белгілерін сақтай отырып, өзіндік ерекшелігі бар дара тұлға ретінде де көрінеді.

ИНДУИЗМ – Үнді елінің көптеген тұрғындарына (үндіс деп – кем дегенде ата-анасының біреуі үндіс болса және басқа дінді ұстанбаған кез-келген адам атана алады) тән әлеуметтік-тұрмыстық, діни рәсімдердің, діни дүниетанымдардың және әдет-ғұрыптардың жиынтығы. Индуизм өз тамырын көне үнділік дін брахманизмнен алады, олардың генетикалық байланысын брахмандық үштік: Брахман (жаратушы), Вишну (сақтаушы) және Шива (бірегей жаратушы, сақтаушы және қиратушы) құдайларын ардақ тұтуынан-ақ байқауға болады. Сонымен қатар индуизм адам өмірі мен әрекеттеріне қатысты мәселелерінің сан қырлы жақтарымен өзгешеленеді. Индуизм қоғамдық-тұрмыстық дәстүрлеріне қатал талаптар қояды. Индуизм тұрғындарды түрлі бөліктерге бөліп, олардың арасында айырмашылықтарды берік сақтауға, көптеген топтар мен касталардың және жеке адам өмірінің, жанұялардың, қоғамның салаларына тән ғұрыптар мен тыйымдарды бұзуына қатаң қарайды.

ИНДУКЦИЯ – (лат. induktio – жетелеу) – ойша пайымдаудың бір түрі және зерттеу әдісі. Индукция теориясының мәселесі Аристотельде кездеседі, бірақ оның ғылыми тұрғыдан негізделуі 17-18 ғ.ғ. эмпирикалық жаратылыстанудың пайда болуымен байланысты. Индукция мәселесін зерттеп талдауда Ф.Бэкон, Галилей, Ньютон, Дж.Гершель және Дж.С.Милльдің еңбектерінің маңызы зор. Ойша пайымдаудың формасы ретінде индукция жекеден жалпы ережеге өтуді қамтамасыз етеді.

ИНТЕНЦИОНАЛДЫҚ – феноменологияда – сананың дүниеге мәнқалыптастырушылық (смыслообразующая) ұмтылысы сананың затқа мәнқалыптастырушылық қатынасы, түйсіктердің заттық интерпретациясы.

ИНТЕРПРЕТАЦИЯ – тарихи-гуманитарлық ғылымдарда – мәтіндердің мәндік мазмұнын ұғынуға бағытталған мәтінді түсіндіру; математикалық логикада, логикалық семантикада, ғылым философиясында – формальдық тілдің сөйлемдерінің мағынасын анықтау.

ИНТЕРСУБЪЕКТИВТІЛІК – субъектінің құрылымы, субъектінің индивидуальдік көптігі фактісіне жауап береді және олардың қауымдастығы мен коммуникациясының негізі ретінде көрінеді.

ИНТУИТИВИЗМ – философиялық-методологиялық ұстаным, болмыс пен танымның соңғы негіздемесі ретінде шындықтың субъект пен объектіге бөлінуін жоятын, затқа тікелей, «тірі» енуді таниды.

ИНТУИЦИЯ – (ортағасыр. лат. intueri – қадағалап қару, үңілу) – алдын ала әртүрлі дәлелдеу арқылы талдауларға сүйенбестен ақиқатқа тікелей жету. Интуиция тікелей интеллекетуалдық білім түрі (интеллекетуалдық интуиция) ретінде қабылданады. Декарт өз ілімінде интуитивті түрде табылатын, дәлелдеуді керек қылмайтын айқын, ақиқат танымды интуиция мағынасында қарастырады. Интуиция мен дедукцияны ақиқатты ашудың басты құралы деп біледі. Спинозаның пікірінше, танымның үш түрі болады: ең төменгісі сезім мүшелерінің көмегімен жүзеге асады; одан кейінгісі ақылға сүйенеді, бірақ әртүрлі дәлелдеуді керек етеді; ең жоғарғысы да ақылға сүйенеді, бірақ дәлелдеуді керек қылмайды, заттың мәнін бірден ашып береді. Бұл интуиция болып табылады. Интеллектуалдық интуиция танымның ең жоғарғы түрі деп танылады. Фейербах интуицияны танымның сезім арқылы әсерлену түрі деп таниды. Интуицияны организмнің ешқандай алдын ала түсіндірілмей келетін инстинктік қалыбы ретінде (Бергсон), шығармашылықтың санасыз келетін алғашқы шарты (Фрейд) деп те тану ғылымда орын алған.





Дата публикования: 2015-10-09; Прочитано: 1846 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.018 с)...