Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

С) Діни сана 3 страница



ӘЛЕМ – дәстүрлі түсінігімізде материалдық дүние, материалды объектілер, саналық жағынын әртүрлі болып келетін материя формаларының толық бастауы. Әлем – космология объектісі, танымның қазіргі таңдағы дәрежесінде тек астрономиялық (бақылау және теориялық) зерттеулерге ғана өз сырын ашатын материалды дүниенің бір бөлігі. 18 ғ-ға дейін космологияда Күн системасы, жұлдыздар табиғаты және оларға дейінгі ара қашықтық туралы бірде бір фактілер жоқ еді. Ол 20 ғ. кейін жұлдыздар әлемін, яғни Галактиканы, ал қазір Метагалактиканы зертейді.

ӘЛЕМНІҢ ГЕЛИОЦЕНТРЛІК ЖӘНЕ ГЕОЦЕНТРЛІК ЖҮЙЕСІ. Әлемнің геоцентрлік (грек. ge – Жер) жүйесіне сәйкес, Жер қозғалмайды және дүниенің орталығы болып табылады; оның айналасында Күн, Ай, планеталар мен жұлдыздар айналады. Бұл жүйе діни көзқарас тұрғысынан негізделініп, сонымен қатар Платон мен Аристотельдің шығармаларында көрініс табады, (2 ғ.) Птолемейдің ілімінде аяқталады. Дүниенің гелиоцентрлік (грек. helios – Күн) жүйесі бойынша, Жер, өз осьімен айналады, сонымен қоса, Күнді айналатын планеталардың бірі. Осы жүйе төңірегінде Аристарх Самосский, Николай Кузанский және т.б. пікірлері кездеседі, бірақ бұл теорияның шынайы негізін қалаушы, оны жан-жақты зерттеп, математикалық тұрғыдан негіздеген Коперник болып саналады. Кейінннен Коперниктің жүйесі тағы да толықтырылды: Күн бүкіл Әлемнің емес, тек Күн жүйесінің ортасында ғана орналасқан. Бұл жүйені негіздеуге көп үлес қосқандар Галилей, Кеплер, Ньютон болды. Ғылымдағы бұл жаңалық Жер – Әлемнің ортасы деп санаған шіркеулік ілімге тойтарыс берді.

ӘЛЕУМЕТТІК – қоғамның жүйелік сипаттамалары. Әлеуметтік дегеннің өзі адамдарға және олардың символдық іс-әрекетінің жемістеріне қатысты айтылатын ұғым. Әлеуметтік кез-келген тұлғаға тән болады және оны жеке кісі игереді, демек, адам әлеуметтендіріледі. Қоғам тек өз элементтерінен ғана емес (жеке адамдардан), сонымен бірге кәсіби, демографиялық, экономикалық, саяси, дүниетанымдық мазмұндағы макроқұрылымдық бірліктерден тұрады. Адамдардың шағын топтарынан бастап ұжымдар, тіпті ұлттар, халықтар, таптар құралатын барлық макроқұрылымдары белгілі түрде бір-бірімен байланысты болады. «Әлеуметтік» деп социумның түрлеріне қатысты отбасылық-туыстық, ұлттық-этникалық, аумақтық-елді-мекендік қауымдастықтар түсіндіріледі.

ӘЛЕУМЕТТІК ИНСТИТУТ – қоғамның белгілі бір саласындағы әлеуметтік рөлдер мен статустар жиынтығы. Әлеуметтік институттарға отбасын, балабақша мен мектепті, жоғарғы оқу орнын, еңбек ұжымын, парламент пен сотты, армияны, дәстүрлі діни ұйымдарды, т.с.с. жатқызуға болады. Солардың қызметінің арқасында адам әртүрлі рөлдерді меңгеріп, неше түрлі статустарға ие болып, тұлғаға айналады.

ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰРЫЛЫМ – қоғамдық еңбек бөлінісіне, өндіріс күштерінің және өндірістік қатынастардың деңгейіне байланысты қалыптасқан қауымдардың тұтастығы және олардың өзара тұрақты қатынастары. Әлеуметтік құрылым қатарына халықтың жас шамасына, жынысына, ұлтына, кәсібіне, т.б. ерекшеліктеріне байланысты шоғырланған топтары жатады. Әлеуметтік-таптық құрылым таптардан және сол таптардың құрылымына енбейтін әлеуметтік топтардың жиынтығынан тұрады. Әлеуметтік құрылымның әртүрлі элементтері арасында қызметтік, қайшылық және таптық күрес қатынастары болуы мүмкін.

ӘЛЕУМЕТТІК НОРМАЛАР – адамдардың іс-әрекеттерін белгілі бір жолға қойып, оны қадағалайтын категориялар. Адам ол талаптарды бұзса, оған неше түрлі санкциялар қолданылуы мүмкін.

Б –

БАДЕН МЕКТЕБІ – 20 ғасырдың басындағы неокантшылдықтың ықпалды мектептерінің бірі. Б.м. ілімнін Баден өлкесінің университтерінде – Гейделберг пен Фрейбургте – профессорлар Вильденбанд пен Риккерт баяндағандықтан осылай аталады. Баден мектебі – тарихилық әдісті жаратылыстану әдісіне қарсы қояды, тарих – мәдени құндылықтарды өмірге әкелетін дамудың жекелеген фактілері туралы ғылым, жаратылыстану – табиғат құбылыстарының жалпы заңдылықтары мен қайталанулары туралы ғылым. Екі ғылымда да, ұғым – шындықтың бейнесі емес, априорлық принциптерге тәуелді, оның ойдағы қайта түрленуі: жаратылыстануда – жалпыны танудың, тарихта – жекелікті танудың негізі. Баден мектебінің идеясы Кант іліміне негізделіп, болудың болмысқа қарама-қарсылығынан туындайды. Тарихилық заңдылықты жоққа шығару құндылық теориясымен байланыстырылады. Бұл ілімді Г.Мюнстерберг (1863-1916), Э.Ласк (1875-1915), эстетикада И.Кон (1869-1947), Б.Христиансен, әлеуметтануда М.Вебер жалғастырды. Бұл социалогияның ГФР-дағы өкілдері – В.Таймер мен Г.Риттер. 20 ғ. неміс әлеуметтануында марксизмге қарсы субъективтілік пен валюнтаризм рухында дамыды.

БАЗИС ЖӘНЕ ҚОНДЫРМА. Базис – қоғамның экономикалық құрылысы немесе өндірістік қатынастардың жүйесі. Үйдің өзіндік іргетасы іспетті базистің үстіне, біріншіден, қоғамдық сананы, екіншіден, идеологиялық қатынастарды, үшіншіден, оларды бекітетін қоғамдық мекемелері мен ұйымдарын қамтитын қондырғы көтеріледі.

БАҚЫЛАУ – ғылыми зерттеушілер үшін алғашқы дерек беретін, сыртқы дүниені мақсатты да жүйелі түрде қабылдау. Бақылау қарапайым және күрделі, тікелей және жанама тәжірибелермен үйлесімді келеді. Бақылау процесінің тәжірибеден айырмашылығы – онда субъектінің объектіге басым әсері жоқ, дегенмен кейбірде (психол., социол. және т.б. бақылаулар) ондай әсердің әлсіздігі кемшілік емес, артықшылық болып саналады. Бақылау приборлар мен аспаптарды қолдануға жол ашады, сол арқылы адамның сезім органдарының табиғи шектеулігінің орнын толтырады. Кейбір жағдайларда (мыс., микродүние құбылыстарын зерттеуде) прибордың бақыланатын объектіге «ауытқушылық» әсерін ескерудің қосымша қажеттігі пайда болады.

БАТЫСШЫЛДАР – Ресейдің әлеуметтік қайта құрылу келешегін (19 ғ. 40-50 жж.) Батыс Еуропа елдері жетістіктерін игерумен байланыстырды. Ерте бой көрсеткен батысшылдардың арасынан философ, жазушы А.И.Герцен ерекшеленді. Ол батыс философтарының еңбектерін тамаша білді. Ол Гегель диалектикасын «революция алгебрасы» деп бағалады және адамзаттың антагонизмнен ада қоғамға ұмтылу заңдылығын негіздеуге талпынды. Батысшылдық ағым әдеби-сыни мақалаларда, пікірталастарда, философиялық шығармаларда кеңінен көрініс тапты. Бұл бағыттың негізгі өкілдері: А.И. Герцен, В.Г. Белинский, Н.П. Огарев, Т.Н. Грановский, В.П. Боткин, К.Д. Кавелин, т.б. көзқарастарындағы белгілі бір бірліктің болуы (самодержавилік-крепостниктік құрылысты айыптау, «ресми халықшылдық» идеологиясына қарсы күрес, Ағарту идеяларын дамыту, Ресейді европаландыруға ұмтылу т.б) және олардың обьективтік буржуазиялық мазмұнын мойындау олардың арасында алауыздық болмады деген сөз емес. Бастапқыда батысшылдар арасындағы (эстетикалық, философиялық, ал содан кейін әлеуметтік-саяси мәселе бойынша) айтыс үйірме шеңберінен шыға аламады. Алайда 40 жыл-ң аяғына таман негізгі 2 тенденция барған сайын айқындала түсті: Белинский, Герцен, Огарев – материалистер, революционер демократ және социалистер ретінде әрекет етті. Ковалев, Боткин, Корш және т.б идеализмді қорғап саяси мәселелерді буржуазиялық-помещиктік либерализм идеяларын дәріптеді. Сонымен қатар жекеленген батысшылдар (мыс: Грановский) таптан тыс ағартушылық дәрежесінде қала береді.

БЕЙБІТШІЛІК – халықтар және мемлекеттер арасындағы қатынас ахуалы – соғыстың болмауы және жалпы қабылданған негізгі халықаралық нормалардың сақталуымен сипатталады. Бейбітшілік қатынастары – саясатты зорлым-зомбылықсыз ілгері бастыру. Эразм Роттердамский, Гоббс, Локк, Руссо, Кант «мәңгі бейбітшілік» идеясын дәлелдеуге тырысты. Алайда олардың жобалары утопиялық түрде болды. Тек соғыстардың әлеуметтік-экономикалық т.б. себептерін ашып көрсету тұрғысынан ғана түрлі мемлекеттердің арасында әділетті бейбітшілік орнату мүмкіндігі ғылыми жағынан негізделеді.

БЕЙНЕЛЕНУ – материалистік таным теориясындағы негізгі ұғымдардың бірі және бейнелену теориясының өзегі. Бейнелену – жалпы материяның қасиеті. Бейнелеудің негізінде бір құбылыстың екінші құбылысқа, бір дененің екінші денеге жасайтын ықпалы жатыр. Мыс: жүріп бара жатқан адамнан із қалады, із бейнелеуге жатады. Күннен, желден, ыстық пен суықтан, жаңбыр мен қардан жартас бұзылып, қиыршық құмға айналады, т.б. Өлі материяда бейнеленудің екі түрі кездеседі: бірі – изоморфизм, екіншісі – гомоморфизм. Бейнеленудің ең жоғарғы түрі – тіршілікке, өмірге байланысты биологиялық түрі. Тірі табиғаттағы бейнелену – биологиялық зат алмасудан басталып, адам әрекетінің саналы-шығармашылық, болжаушылық және қайтақұрушылық қызметімен сипатталады.

БЕЙСАНАЛЫҚ – кең мағынасында – субъектінің санасында жоқ психикалық процестердің, операциялардың және жағдайлардың жиынтығы. Бұл психикалықтың сана құбылыстарынан сапалық жағынан өзгеше ерекше саласы. Бейсаналық шын мақсаттары мен салдарлары сана деңгейінде түсінілмейтін жеке және топтық мінез-құлықты сипаттайды. З.Фрейд бейсаналықты сананың қызметіне қарама-қарсы аса зор күш ретінде көрсетеді.

БИ – дәстүрлі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік жүйесіндегі демократиялық биліктің иесі. Халықтың көкейіндегісін айтқан, ойын жарыққа шығарған әділет жоқшысы. Даулы мәселелерде қара қылды қақ жарып, әділдікті берік ұстаған. Билер – елші, мәмлегер, заңгер, психолог, ақын, шешен, саясаткер, қоғам қайраткері, тәрбиеші, ойшыл, ғалым.

БИХЕВИОРИЗМ (ағылш. behaviour – жүріс-тұрыс) – қазіргі замандағы буржуазиялық психологиядағы кең дамыған бағыттардың бірі. Бихевиоризмнің негізі – прагматизм және позитивизм. Бихевиоризм ілімін 1913 ж. Дж.Уотсон енгізді. Оның теориясын К.Лешли, А.Вейс және т.б. қолдады. Бихевиоризм психикалық құбылыстарды ағза реакциясына қосып, психологияда механикалық бағытпен дамуда; ынта мен реакцияның байланысын негізгі бірлік ретінде қарап, сана мен жүріс-тұрысты теңестіреді. Бихевиоризмнің барлық танымы ағзадағы (адамның да) шартты реакцияның пайда болуына әкеледі.

БОЛМЫС – бүкіл әлемнің тұтастығын, дүние мен адамның бірлігін, тіршіліктің мәнісін білдіретін философиялық категория немесе санадан тәуелсіз өмір сүретін объективті дүниені білдіретін философиялық ұғым. Кең мағынасында болмыс, бірдеңенің жалпы түрде өмір сүруін білдіретін жалпы және абстрактілік ұғым. Қарапайым санада болмыстың баламалары ретінде әлем, ғарыш, дүние, табиғат, өмір тәрізді жалпы ұғымдар қолданылады. Философиялық әдебиеттерде болмыстың мынадай негізгі түрлері аталады: 1) табиғи және адам жасаған заттар мен процестер болмысы; 2) адам болмысы; 3) рухани болмыс; 4) әлеуметтік болмыс. Болмыс жалпы түрде реалды және идеалды деп бөлінеді. Реалды болмысты өмір сүру, бар болу деп, идеалды болмысты мән деп атайды. Реалды болмыс кеңістік пен уақыттық сипатқа ие және қайталанбайтын, индивидуалды заттардың, әрекеттердің нақты өмір сүруі. Идеалды болмыс мәңгі, уақытқа тәуелсіз, өзгермейді. Құндылықтар, идеялар, ұғымдар осыларға ие. Болмыс мәселесін онтология зерттейді.

БҰРМАЛАУ ( лат. falgus – жалған және facio – жасау) – тәжірибе нәтижесінде алынған эмпиризмдік деректермен салыстыру жолымен теориялық пікірлерді (жорамалдарды, теорияларды) теріске шығару арқылы олардың ақиқаттығын тексеру әдістерінің бірі. Бұрмалаудың негізіне формальді – логикалық қатынас алынған, оған сәйкес, егер теориялық пікірдің теріске шығарылуы бақылаудың өзара қабысатын көптеген пайымдауларынан логикалық түрде туындайтын болса, ол жоққа шығарылған болып табылады. Осы логикалық қатынасқа сүйене отырып, Поппер верификацияның неопозитивистік принципіне (Верификациялау принципі) қарама-қайшы бұрмалауды енгізді, оны ғыл. пайымдаулардың ақылға қонымдылығын анықтаудың әдісі деп емес, ғылымды ғыл. емес нәрседен бөліп қаратудың тәсілі деп түсіндіріледі. Поппердің айтуынша, ғылымилық статусы шын мәнінде тек бұрмалауға болатын пікірлерде ғана болады, ал негізінде бұрмаланбайтын пайымдаулар одан ажырайды. Ғылым логикасы мен методологиясының жаңа концепциясында бұрмалау ғылыми теорияларды тексерудің практикаға бағындырылған жеке тәсілі деп саналады.

БҮТІН-БӨЛШЕК – философиядағы категориялар. Бүтін – іштей байланысты құрамдас бөлшектерін бірлікке әкеліп, оларды анықтайтын зат, я болмаса құбылыс. Бөлшек – бүтіннің құрамына кіріп, оның сапалық қасиеттерін өз бойына қабылдайтын зат, я болмаса құбылыс. Бөлшек әрқашанда бүтіннің ерекшелігін көрсетеді, сонымен қатар өзіне тән ерекшелігін де бойында сақтайды. Ал бүтін өзінің бөлшектерін біріктіріп, солар арқылы өз ерекшеліктерін болмысқа әкеледі.

БРАХМАН – бірнеше мағынаға ие ұғым – 1) абыздар кастасының, брахмандардың өкілі; 2) абыз; 3) қасиетті мәтіндер; 4) құдай; 5) субстанция.

БРАХМАНИЗМ – ежелгі Үндістанда ведашылдықтың негізінде пайда болып, оны алмастырған діни-философиялық жүйе. Ведалар дегеніміз – діни сарындағы дұғалардың, құрбандық шалу негізінде айтылатын сөздердің, табиғаттың поэтикалық бейнелерінен хабардар ететін өлеңдер жиынтығы. Б.з.б. 9-8 ғғ. бастап ведаларға түсіндірмелер – упанишадтар маңыздылығы арта түседі. Брахманизмда о дүниемен салыстырғанда адам өмірінің өткінші екендігі және оның мәнсіздігі туралы идеялар басты орын алған. Адамның о дүниедегі тағдыры оның бұл дүниелік ғұмырындағы адамгершілік іс-әрекеттеріне байланысты.

БУДДИЗМ – ежелгі Үндістанда б.з.б. 6-5 ғғ. пайда болған діни-философиялық ілім. Негізін салушы Ситддхарта Гаутама Шакья-Муни, кшатрийлер варнасына жататын ханзада, өмір ләззаттары мен нәпсіқұмарлықтан бас тартып, Буддаға (тура мағ. – көзі ашылған, түсінген) айналған. Будда өз уағыздарында брахманизмді байлық пен сән-салтанатты өмірге бой бұрушылығы үшін және джайнизмді әсіре аскетшілдігі үшін қатты сынға алды. Ол өзінің көзқарастарын «Бенарес уағыздары» атты еңбегінде жүйелі түрде баяндап берді. Буддизм бойынша ең бастысы, адамдар танымға, білімге бастайтын, олардың ақыл-ой өрісін кеңітетін дұрыс жолға түсулері қажет. Бұл жол – тармақтары көп, сегіз салалы жол. Олар: дұрыс көзқарас, дұрыс сөйлеу, дұрыс бағытта ойлау, дұрыс өмір салты, дұрыс жүріс-тұрыс, дұрыс бетбұрыс, дұрыс күш-салу, дұрыс зейін қою. Буддизм бойынша, өмірдің азаптары жайындағы қасиетті шындық мынадай: өмірге келу – азап, қартаю – азап, жүрегің қаламайтын адаммен қосылу – азап, жақсы көрген адамыңнан айырылу – азап, көздеген мақсатыңа жете алмау – азап. Осы азаптардан құтылудың басты жолы – сегіз салалы қасиетті өмір жолын таңдап алу, жеке өзін азат ету. Карма және жанның қайтадан басқаға ауысуы принциптері бойынша, адам азаптардан о дүниеде де құтыла алмайды. Адамдар төрт қағиданы мүлтіксіз орындауы тиіс: зұлымдықтың алдын алу, зұлымдық пен қатыгездікке жол бермеу, ізгілік пен қайырымдылыққа даңғыл жол ашу, адамгершіліктік қасиеттерді батыл қолдау. Бұл жағдайда адамдар бақытты нирвана қалпына түсе алады. Нирванада адам карма заңдарынан босатылып, өзімен өзі тұрақты келісімділікке келе алады. Буддизм Үндістан жерінде қалыптасқанымен, кейін Оңтүстік Азияның көптеген елдерінде басты діни жүйеге айналды. Буддизмнің махаяна тармағы Бирма, Тайланд сияқты елдерде ресми дін жағдайына көтерілген. Бұл тармақта буддизм құдай дәрежесіне жеткізіледі. Хинаяналық тармақ дәстүрлі түсініктерді көбірек сақтап қалған. Қытайда буддизм конфуцийлік-даосистік ағымдармен қатар өмір сүрді. Жапонияда дзэн буддизм кең тараған. Тибет, Моңғолия және бұрынғы Кеңес Одағының кейбір аймақтарында ламаистік буддизм әрекет етеді.

В –

ВАЙШЕШИКА философиясы б.з.б. 6-5 ғғ. дүниеге келді. Ол атомистік теорияға сүйенеді. Ньяя философиясы сияқты, вайшешика философиясы да этикаға көбірек мән берді. «Адамның» меніне бостандық беру үшін оны рухани азаптан, қыспақтан босату қажет дейді. Бүкіл әлем: от, су, жер, жел, атомнан құралады. Қозғалыс сапа емес, қасиет дейді. Бірақ бұл материалистік пікірді олар идеализмге жеңдіреді. Өйткені атомды да билейтін ырық, күш бар екенін мойындайды.

ВЕДАЛАР (санскр. veda-білім) – үнді әдебиетінің ең көне (2 ғ.соңы – б.з.д. 1 ғ. басындағы мыңжылдықтар) діни және философиялық мұралары. Ведаларда әнұрандар мен құрбандық шалу формулаларынан (Ригведа, Самаведа, Яджурведа, Атохорваведа), теологиялық трактаттардан (брахмандар мен упанишадтар) тұрады. Ведалардан Ежелгі Үндістанның мәдени-әлеуметтік өмірі туралы көптеген деректер ала аламыз. Оларда дүние, адам, адамгершілік туралы алғашқы философиялық түсініктер бейнеленді. Ведалар төрт бөліктен тұрады: Самхиттер; Брахмандар; Араньяктар; Упанишадтар.

ВЕДАНТА (тікелей мағынасы – Ведалардың соңы) – Упанишадтар базасында пайда болған діни-философиялық ілім, үнді философиясындағы ортодоксальдық жүйелердің бірі. Веданта индуизм философиясында қазіргі кезде де маңызды орын алады. Алғаш рет веданта Бадараянның веданта-сутраларында көрініс табады. Кейінірек веданта осы шығармалар жайында баяндаған еңбектер мен упанишадтарда кеңінен дамыды. Ведантаның екі бағыты белгілі. Біріншісі – адвайта (абсолютті дуализм-емес), негізін 8 ғ. Шанкара салды. Екінші бағыт – вишишта-адвайта (бөлінетін дуализм емес), негізін салушы Рамануджа (11-12 ғғ.).

ВЕРИФИКАЦИОНИЗМ (лат. verus – ақиқат, facere – жасаймын) – ғылыми ақиқат, оның деректері эмпирикалық тексеру арқылы айқындалады деген әдістемелік концепция. Верификационизм логикалық позитивизм мен аналитикалық фигоафияның бір тармағы болып табылатын ғылым тіліне қатысты логикалық эмпиризмде кең қолданыс тапты. Оны 1920 ж. Вена логикалық үйірмесінің мүшелері (М.Шлик, О.Нейрат, Ф.Вайсман, К.Гедель, Р.Карнап, Х.Рейхенбах) зерттеп ұсынды. Олар Л.Витгенштейннің «Логикалық-философиялық трактаты» қағидаларын басшылыққа алды. Верификационизм принципі бойынша, кез-келген ғылыми зерделеген қағида «таза тәжірбиенің» нәтижелерін білдіретін және кез-келген білімнің негізі болып табылатын «хаттамалық сөйлемдер» дегендердің тұтастығымен анықталады. Кейін верификационизм принципі орнын фальсификациялау принципіне берді.

ВЕСТЕРНИЗАЦИЯ (ағыл. western – батыстық) – Батыс мәдениеті үлгілерін қабылдау, басқа мәдениеттердің батыстандырылуы немесе батыстық донор мәдениеттен реципиент ретінде жеке құндылықтарды қабылдауы. Вестернизация негізінен, мәдени қабылдаушы елдің басқарушы элиталық тобының белсенділігімен жүргізіледі. Мыс., І Петрдің жүргізген реформалары, Түркиядағы Кемал Ататүріктің «жас түрікшілдер» революциясын, Латын Америкасының АҚШ-тық құндылықтарды біртіндеп қабылдауын т.б. атап өтуге болады. Вестернизация тек Батыс технологиясы мен өндіріс жаңалықтарын қабылдаумен шектелмей, осы өркениеттілікке тән құндылықтарды (демократия, адам құқықтарының басымдылығы, толеранттылық, ақпарат еркіндігі, азаматтық қоғам, т.б.) енгізумен айқындалады. Бұл белгілері бойынша, вестернизация қамтыған елдер деп Жапония, Оңтүстік Корея, Шығыс Еуропаның кейбір мемлекеттерін атап өтуге болады.

ВИТАЛИЗМ (лат. witalis - өмірлік) – тіршілік қызметінің барлық процестерін тірі ағзалардан болатын (энтелехия, «жаратушы күш», «формаға ұмтылыс» т.б.) материалдық емес факторлардың әрекетімен түсіндіретін биологиядағы идеалистік ілім. Витализм бағыт ретінде 17-18 ғ.ғ. қалыптасты. Витализм өкілдері – Г. Шталь, Я. Икскюль, Г. Дриш және т.б.

ВОЛЮНТАРИЗМ – (лат. voluntas – (воля) жігер, 1883 ж. Ф.Теннис енгізген термин) – философиядағы идеалистік бағыт, жігерді болмыстың жоғарғы принципі ретінде қарастырады. Рухани болмыста жігерді бірінші орынға қоя отырып, волюнтаризм барлық заттың негізі ретінде интеллект, ақыл-ойды танитын интеллектуализмге немесе рационализмге қарсы тұрады.

Г –

ГЕДОНИЗМ (грек. hedone – көңілділік, рахаттану) – Кирен философиялық мектебі (б.з.б. 4 ғ.) мен Эпикурдың (б.з.б. 341-270) дамытқан этикалық ілімі. Гедонизм эвдомонизмнің бір тармағына жатады және ләззат алуды (негізінен сезімдік) тіршіліктің бастауы мен өмір мағынасы деп жариялайды. Жақсы игілік рахаттануға жеткізеді, жамандық қайғы-қасірет әкеледі. Гедонизмнің салыстырмалы толық ілімін Сократ шәкірті Аристипп қалыптастырған. Эпикуршілдікке гедонизм принципі сезімдік ләззаттардан рухтың тыныштығына (атаракция) және қасіреттен құтылу жолдарын іздеуге көбірек бағытталған. Қайта Өрлеу мәдениетінде гедонистік бастаулар адам құдіреттілігіне қатысты қарастырылады. Жаңа заманда моральдық гедонизм тұрғысынан пайымдаулармен философ-ағартушылар және жазушылар әуестенген. Қазіргі философиялық дәстүрде гедонизм индивидуализмді дәріптеумен байланысты.

ГЕНЕЗИС (грек. – пайда болу, қалыптасу) – генетикалық-диахрондық әдістемеде дамушы құбылыстың, нәрсенің, болмыс бітімдерінің бастапқы кезеңі, шығу тарихы, қлыптасу сатылары. Генезис ұғымы мәдениеттану ілімінде кеңінен қолданыс табады. Тарихи мәдениеттануда тарихи-мәдени типтердің қалыптасуына үлкен мән беріледі. О.Шпенглер, Н. Данилевский, А. Тойнби оқшау мәдени типтерді зерделегенде, олардың бастапқы қалыптарын талдау нәтижесінде алынған ерекшеліктерінен кейінгі даму бағыттарын айқындайды. Мифология санада генезис хаостан (ретсіздіктен) гармонияға (үйлесімділікке) өту ретінде қарастырылады. Антиктік мәдениетте генезис табиғи және әлеуметтік нақтылы болмыс бітімдерінің қалыптасуы түрінде зерделенген (логос, атом, стихиялар, субстрат пен субстанция). Жаңа заманда Гердер, Кант, Гегель және т.б. генезис ұғымын жалпы даму ілімінің аумағында қарастырады. Эволюциялық теорияның қалыптасуы генезис ұғымын жан-жақты толықтырды. К. Юнг генезис ұғымын дамудың бастапқы үлгілері – архетиптер тұрғысынан зерделейді. Феноменологияда ғылыми зерттеудің статикалық және генетикалық әдістемелері негізделеді. Қазіргі мәдениеттануда құрылымдық-синхрондық зерттеулердің генетикалық-диахрондық ізденістермен бірге жүргізілуі маңызды әрі нәтижелі болады деп есептеледі.





Дата публикования: 2015-10-09; Прочитано: 641 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.01 с)...