Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

С) Діни сана 4 страница



ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ОРТА ( гр.ge – жер және grapho – жазу) – қазіргі тарихи кезеңдегі қоғамдық өмір процестерімен қамтылған және қандай болмасын қоғамның дамуы мен сақталуына қажетті жағдай жасайтын заттар мен жанды және жансыз табиғат құбылыстарының (жер беті, атмосфераның төменгі қабаты, гидросфера, топырақ қабаты, өсімдікжәне жануарлар дүниесі) жиынтығы. Қоғамның дамуы мүмкіндігіне қарай географиялық орта шеңбері де өзгеріп, кеңейе түседі.

ГЕРМЕНЕВТИКА (грек.hermeneutike –түсіндіру өнері) – алғашқы мазмұнында көнеліктен немесе көпмаңыздылықтан түсініксіз мәтіндерді түсіндіру өнері және ілімі. Герменевтика ежелгі антик дәуірде көне ақындардың (ең алдымен Гомердің) шығармаларындағы рәміздерді, таңбаларды, құпиялап айтуларды түсіндіру тәсілі ретінде қалыптасқан. Ортағасырларда Библиядағы көркем бейнелер мен меңзеп айтуларды түсіндіруге байланысты герменевтиканы діни өкілдер жан-жақты қолданған. Қайта Өрлеу дәуірінде герменевтика антик мәдени мұралардың тілін тірі, сол замандағы мәдени тілге аудару мақсатында пайдаланылған. Ф.Шлейермахер еңбектерінде герменевтика Қасиетті Жазу мәтіндеріндегі астарлы тілді жаңаша түсіндіру үшін кеңінен пайдаланылды. Ол үшін догматтар мен рәміздер діндарлық сезімдер болып табылады, дамушы діни тәжірбие сенімнің субстанциясына айналды. Шлейермахер қазіргі философиялық ұғымдарды қолдану тәжірбиесі арқылы ескі діни мәтіндерге жаңа мазмұн беруге болады дейді. Ал Г.Гадамер герменевтиканы «тұлғалық түсінуші тәжірбиемен» байланыстырады.

ГИЛОЗОИЗМ (грек. hyle және zoe – зат және өмір) – материяның да жаны бар деп түсіндірілетін философиялық ілім. Алғашқы гилозоистерге грек материалистері, Бруно, француз материалисті Робине және т.б. жатады. Гилозоизм термині 17 ғ. енгізілді. Бұл ілім бойынша материяның барлық формалары ойлай және сезіне алады. Ал шындығында, сезіну – тек жетілген жоғарғы органикалық материяға ғана тән қасиет.

ГИПОТЕЗА – нысанның, құбылыстың себебі туралы қорытынды жасауға мүмкіндік беретін пайымдаулар мен ой тұжырымдар жүйесі, ғылыми ойлаудың сатысы.

ГНОСЕОЛОГИЯ – Таным процесін қараңыз.

ГНОСТИКТЕР (грек. gnosis – білім) – христиан теологиясын Көне Шығыс діндерімен, неоплатонизм және пифагореизммен біріктірген діни философиялық ағым. Гностиктердің түсінігі бойынша, Құдайды тану мүмкін емес. Оны тек материядан тыс құрылуынан танисың. Себебі материя – зұлымдық, қасірет. Философия тарихында ізі қалған гностиктер ретінде мысырлық Валентинді және сириялық Валентинді атауға болады. Екеуі де 2 ғ. өмір сүрген.

ГОМЕОМЕРИЯ ( грек. homoiomereia – бөлшек тәріздес) – Анаксагор философиясындағы ұғым. Анаксагордың ойынша, «Әр нәрсе өзіне өте ұқсас бөлшектерден – «тұқымдардан», гомеомериялардан пайда болады». Ол тұқымдар стихиялардың ішінде қалқып жүріп, бір-бірімен қосылып заттарды тудырады. Ал барлық заттардың пайда болуына түрткі болған, оларды ретке келтіріп отыратын ол Нус – дүниежүзілік ақыл-ой.

ГУМАНИЗМ (лат. humanus – адамдық, адамгершілік) – тұлға ретіндегі адамның, оның еркін дамуы және өз қабілеттерін қоғамдық қатынастарды бағалаудың өлшемі ретінде қабылдау. Тар мағынасында – ортағасырдағы діни схоластикаға қарсы Қайта Өрлеу дәуіріндегі зайырлы еркін ой.

ҒЫЛЫМ – адамның табиғат пен қоғам туралы объективті білімін қалыптастыруға мүмкіндік беретін танымының ең жоғарғы пішіні, оның практикалық қызметінің бір саласы. Адамзат қоғамының дамуы барысында Ғылым сол қоғамның маңызды әлеуметтік институтына және тікелей өндірістік күшіне айналды. Ғылымның басты мақсаты – Ғылым заңдарының негізінде ашылып отырған болмыс құбылысы мен процесін болжау, түсіндіру және жүйелеп мазмұндап беру.

ҒЫЛЫМ ФИЛОСОФИЯСЫ – ғылыми-танымдық қызметтің сипаттарын зерттейтін философиялық бағыт. Тарихи-мәдени контексте ғылым философиясының басты проблемалары мынадай: а) ғылыми білімнің бірлігі идеясы және онымен байланысты дүниенің ғылыми тұтас бейнесін қалыптастыру міндеті, детерменизм, себептілікұғымдарын, динамикалық және статикалық заңдылықтардың арақатынасын сараптау; б) ғылыми зерттеудің құрылымдық сипаттамалары – анализ бен синтездің, индукция мен дедукцияның, логика мен интуицияның, жаңалық ашу мен негіздеудің, теория мен фактінің арақатынасы; в) демаркация проблемасы – ғылым мен метафизиканы, математика мен жаратылыстануды, әлеуметтік-гуманитарлық және жаратылысты ғылымдық білімді бөлу; ғылыми білімді негіздеу проблемасы, верификация жасауды сараптау; д) ғылыми-зерттеу парадигмаларын қарастыру; е) ғылыми білімді гуманизациялау мәселесі.

ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ТӨҢКЕРІС – ғылымды өндірістік дамудың жетекші факторына айналдыру арқылы өндіргіш күштерді түбегейлі өзгертіп, сапалық жағынан дамыту. 20 ғ-дың 40-жылдарынан басталған ҒТР барысында ғылымның өндіргіш күшке айналу үрдісі қарқын алып, елеулі нәтижелерге қол жетті: ең бастысы, еңбектің хал-ахуалы, сипаты мен мазмұны, өндіргіш күштердің, еңбек бөлінісінің құрылымы өзгеріске ұшырап, еңбек өнімділігі күрт өсті, сол арқылы қоғам өмірінің өзге салалары, әсіресе, адамдардың мәдениеті, тұрмысы, психологиясы жетіліп, табиғаттпен қарым-қатынасы айқындала түсті. ҒТР-дың - екі негізгі алғышарттары болды: ғылыми- техникалық және әлеуметтік. Оның пісіп-жетілуінде 19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың басындағы жаратылыстанудағы жетістіктер шешуші рөл атқарды. ҒТР-дың басты бағыттары: өндірістік үрдістерді, өндірісті бақылау мен басқаруды кешенді түрде автоматтандыру; энергияның жаңа түрлерін тауып, пайдалану; жаңа құрылымды материалдарды, биотехнологияны, информатиканы қолдану.

ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ПРОГРЕСС – ғылым мен техниканың бірегей, бір-бірімен сабақтаса, біртіндеп дамуы. Ол 16-18 ғ.ғ. мануфактуралық өндірістен, ғылыми-теориялық және техникалық қызметтердің өзара жакындасып, тоғыса түскен кезден бастау алады. Бұған дейін материалдық өндіріс негізінен эмпирикалык тәжірибені, кәсіби кұпияны қорландырып, әдіс-тәсілдерді жинақтау есебінен баяу дамып келді. Сонымен бірге табиғат туралы ғыыми-теориялық таным аясында да ілгерілеу ниеті байқалды, бірақ ол теологиялық-схоластикалык деңгейде камалып, өндірістік амал-шараларға ұдайы әрі тікелей ықпал ете алмады. 16 ғ-да адамзат баласының сауда-саттықты өрістетіп, теңіз жолын меңгеруі, ірі мануфактураларға ие болуы бірнеше келелі міндеттерді теориялық және тәжірибелік тұрғыдан шешу қажеттігін алға тартты. Нақ осы кезде ғылым Қайта өркендеу дәуірі идеяларының әсерімен схоластикалық дәстүрлерден қол үзіп, практикаға жүгіне бастады.

Д –

ДАМУ – қайталанбайтын және бағытты өзгеріс­терді білдіретін философиялық-ғылыми категория. Ол жалпы өзгерісті білдіретін қозғалыс категориясымен салыстырғанда, жаңару, жаңа түзілістердің пайда болуы процесі деп ұғынылатын қалыптасу категориясымен салыстырғанда да анағұрлым нақты. Дамудың онтологиялық мәнін түсінуде екі түрлі ұстаным бар. 1) Даму дегеніміз барша болмыстың жалпыға бірдей, әмбебап әдісі ретіндегі қозғалыстың дара нәрсеге қатысты көрінісі. 2) Даму барша болмысқа тән. Қозғалыс, қалыптасу және даму — бұл тіршілік етудің үш түрлі әдісі емес, тіршілік етудің бір әдісінің үш түрлі деңгейі. Даму – нақтылы категория, оның көптеген белгілері бар. Оның белгілерінің арасынан ең әуелі кеңістік пен уақыт ерекше байқалады. Кеңістік даму процесінің экстенсивті, ал уақыт интенсивті сипатын білдіреді.

ДАНЫШПАН – шығармашылық дарындылықтың жоғары дәрежесі; өзінің үздік қабілеті мен орасан зор еңбегі арқасында адамзаттың дамуын ілгері бастыра алатын жеке тұлға.

ДАРАЛЫҚ – дербес қызмет ететін субъект ретіндегі нақты жеке адам болмысының қайталанбас, ерекше әдісі, адамның қоғамдық өмірінің дара формасы. Жеке адам мәні жағынан әлеуметтік тіршілік ету әдісі жағынан дара болады. Даралық индивидтің өзіндік дүниесін, оның ерекше өмір жолын бейнелейді, оның өмір жолы мазмұны жағынан әлеуметтік жағдайлармен анықталады, ал тегі, құрылымы және формасы жағынан дара сипатта болады.

ДАО (қыт.жол) – қытай философиясының ең басты ұғымы. Дао – бүкіл әлемнің, әрбір заттың даму заңдылығы. Бір өзі бар абсолютке тең, бүкіл тірліктің негізі, әрбір бастаманың басы, Дао - әрбір қайталанбас сәттің нәрі. Дао сезім арқылы тануға көнбейді, ол барлық жерде және еш жерде емес, түрсіз, бейнесіз. Заттар әлемі дао арқылы жасалып, өмір заңына бағынады, яғни өткінші: барлық заттар ұлы айналымда болады, кейіннен шегіне жетіп, қайтадан өзінің қайнар көзі даоға қайтып, содан жаңадан туылады. Б.з.б. 6-4 ғғ. ол Лао Цзы, Чжуан Цзы, Ле Цзы еңбектерінде баяндалып, кейін конфуцийшіл және чань буддизм ілімдері арқылы дамыған дао туралы ілімге қытай мәдениетінің барлық философиялық, діни, саяси, эстетикалық иірімдері өрілді.

ДАОСИЗМ б.з.б. 6-5 ғғ. Қытайда пайда болған философиялық бағыт, негізін қалаушы Лао Цзы немесе Ли Дань («кәрі дана»). Оның негізгі трактаты «Дао дэ цзин» деп аталды. Даосизмнің басты назарында табиғат, ғарыш және адам тұрды. Әлем тұрақты қозғалыс пен өзгеріс үстінде болады, дамиды, ешбір себеп-салдарсыз өмір сүріп, әрекет жасайды. Дао жолы түсінігі – орталық түсінік. Түп негізді білдіретін түсінік ретінде Дао барлық жерде, бәрінде, тұрақты түрде өмір сүреді және оған бәрінен бұрын тән болатын қасиет – әрекетсіздік (у-вэй). Әлемде бәрі жол үстінде, қозғалыста және өзгерісте болады, бәрі тұрақсыз және шектеулі. Бұл «инь» және «ян» қағидалары арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ әрбір құбылыста, процесте диалектикалық бірлікте болып, олардың өзгеруі мен қозғалысына тікелей ықпал етеді.

ДӘЛЕЛДЕУ құқықта – заңды жолмен жинақталған әрі тергеу материалдарында бекітілген, қылмыстық немесе азаматтық істің дұрыс шешімін табу үшін маңызы бар мән-жайлар туралы деректер, мәліметтер.

ДӘСТҮР (лат. tradition – тапсыру, жалғастыру) – тарих барысында қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отыратын әдет-ғұрыптар, салт-сана, қоғамдық тәртіп, заң, мұрат пен игілік мінез-құлық қалыптары және т.б., қоғамда, ұлтта немесе жекелеген әлеуметтік таптарда ұзақ уақыт бойы сақталатын әлеуметтік-мәдени мұра элементтері. Дәстүр мәдениеттің шығармашылық дамуына байланысты прогрестік және өткен кезеңнің ескірген сарқыншақтарымен байланысты реакциялық дәстүрлер деп бөлінеді. Ғылымда дәстүр білім мен зерттеу әдістерінің сабақтастығын, өнерде – стиль, шеберлік сабақтастығын білдіреді.

ДЕГРАДАЦИЯ – (франц. degradation – құлдырау) – бірте-бірте төмендеу, құлдырау, жағымды қасиеттердің төмендеуі немесе жоғалуы. Мәдениет деградациясы белгілі бір мәдениеттің тұрақты элементтерінің құлдырауын немесе жоғалып кетуін білдіретін ұғым – термин.

ДЕДУКЦИЯ (лат. deductio – бөліп шығару) – ойлау процесіндегі жалпыдан жекеге өтудің, жекені жалпыдан бөліп шығарудың амалы, логика мен ғылым методологиясындағы логика ережелерін қолдану арқылы алғышарттар есебінде берілген пікірлерден тұжырымға өтуді білдіретін ой қорыту үрдісі. Дедукция атауы логикалық ой қорытудың жалпылама формалды теориясын да, нақтылы ой тұжырымдау процесін де белгілеу үшін қолданылады. Таным теориясында дедукция ғылыми теорияларды дедуктивтік теориялар санатына жатқызып, әдістің өзін аксиоматикалық – дедуктивтік әдіс деп те атайды. Философия тарихында эмпиризм өкілдері (Декарт, Лейбниц, т.б.) дедуктивтік әдісті ғылыми танымның ақиқатқа бастайтын бірден-бір сара жолы деп қабылдады.

ДЕИЗМ (лат. deus-құдай) – Құдай дүниені жаратушы, бірақ одан кейінгі дүниенің дамуына қатысы болмайды, себебі, өмір өзінің даму заңдылықтарымен жүреді деп қарастыратын ілім. Деизмнің негізін қалаушы ағылшын философы (17 ғ.) Г. Чербери болды. Бұл ілімді одан ары жалғастырғандар Вольтер, Руссо (Франция); Локк, Ньютон, Толанд, Шефтсберии (Англия); Радищев, И.П.Пнин, И.Д.Ертов (Ресей), т.б. болды.

ДЕКОНСТРУКЦИЯ – мәтінге қатысты ерекше стратегия, «деструкцияны» да, реконструкцияны да қамтиды. Термин метафизика дәстүрі ретіндегі европалық дәстүрді қайта түсінуді білдіреді, мұндағы басты нәрсе бұзу емес, позитивті мән құрастыру.

ДЕМАРКАЦИЯ (франц. demarcation – шек кою,айыру) – межелеу, шектесіп жатқан мемлекеттер арасын айыру үшін арнаулы шекаралық белгілермен шекара енгізу, белгілеу. Мұны екі жақтан келісілген аралас комиссия шекараны делимитациялау туралы құжаттар негізінде іске асырады. Кейбір жағдайда шекаралық белгілердің ұқыпты сақталуын қадағалау үшін арнаулы келісім-шарттар жасалады.

ДЕМИУРГ ( грек.demiurgos - өнерші, қолөнерші, ұста; екінші мағынасы – жаратқан, жаратушы) Платон және неоплотоншылардың ілімінде - әлемді жаратушы, дүниені жаратқанның анықтамаларының бірі. Ол мәңгілік өмір сүріп жатқан енжар материядан идеяларға ұқсайтын, соған сәйкес заттарды жасайды. Демиург идея әлемі мен заттар әлемін бір-бірімен қосқан.

ДЕМОГРАФИЯ (грек. «demos» -халық, «gzafo»- жазу) – әр қоғам халқының өсу, өнудегі ерекше даму заңдылықтарын зерттейтін ілім. Халық, кең мағынасында ел-жұрт адамдардың жиынтығын білдіреді. Ол белгілі бір территорияда (немесе жер көлемінде) өмір сүреді, іс-әрекет, қызмет жасайды. Демография халықтың құрамын, санын және оның өсуін, өнуін, көбеюін, азаюын зерттейді. Бұл процесте адамның жынысы, жасы, атқаратын қызметі, жұмысы, т.б. жақтары негізге алынады, (мысалы, некелесу, туу, миграция, өндіріске әсерін, т.б.) зерттейді.

ДЕМОКРАТИЯ (грек. demos-халық, kratos-күш, билік) – азаматтардың еркіндігі мен теңқұқықтылығы мойындалған, азшылықтың көпшілікке бағынуына негізделген билік түрі.

ДЕОНТОЛОГИЯ (грек. deon – парыз, logos – ілім) – парыз және борыш, моральдық міндеттемелер мен нормалар мәселесін қарастыратын этикалық теорияның бөлімі. Терминді ғылымға енгізген ағылшын философы, экономисі Бентам Иеремия болды. Ол бұл ұғымды мораль ілімін толығымен талдауға қолданған.

ДЕРБЕСТІК — жеке адамның қайталанбайтын, өзіндік болмысы, өзінің субъектісі түрінде оның мақсаты мен мән-мағынасы болатын іс-қимылы. Сыртқы мақсатқа лайықтылық пен сыртқы қажеттілікке бағындырылған іс-әрекетке (жатсыну жүйесіндегі қызмет, сондай-ақ материалдық өндіріс саласындағы еңбек) қарсы қойылады. Маркс адамның әлеуметтік жағынан азаттық алуын оның қандай да болсын іс-әрекетін шын мәніндегі дербестікке бағыттауымен байланыстырды. Алайда бұл әрекет табиғатқа жауапкершілікпен қарау қажеттілігінен адамды шет қалдырмайды, адам іс-әрекетінің мүдделері оған қайшы келмеуі керек.

ДЕСТРУКЦИЯ – философиялық онтологиялық конструкциялардың негіздемелерін айқындау. Деструкция, бір жағынан алғанда, антикалық дәстүр ашқан, кейін ұмтылыңқыраған мүмкіндіктерді ашады, екінші жағынан – болмысты өз бетімен, шегіне жете түсінуге бағыттайды. Тарихи - философялық контексте деструкция адамның өзінің нақты уақытында өз мәнін табатын өзекті өмір сүру мүмкіндіктерінің бірі ретінде түсініледі.

ДЕТЕРМИНИЗМ ЖӘНЕ ИНДЕТЕРМИНИЗМ (лат. determinare – анықтау) – себептіліктің рөлі мен орны туралы мәселесі жөніндегі қарама-қарсы философиялық концепция. Детерминизм қағидасына сәйкес себепсіз құбылыстар болмайды, барлық құбылыстардың себептілігі бар. Детерминизм – барлық құбылыстардың себептілігі мен жалпы заңды байланыстары туралы ілім. Индетерминизмге себептілік принципінің мәнін жоққа шығару тән. Себеп дегеніміз - өз алдына жүре отырып өзге құбылысты туғызады. «Салдар» категориясында өзара әсер процесінен жаңа пайда болған себептің нәтижесі бекітіледі. Кейбір себептен туындаған салдар өзі де өзге құбылыстардың себебіне айналады, сөйтіп себеп-салдар байланыстары пайда болады. Себеп хронологиялық түрде салдардың алдында жүріп отырады. Іс үстіндегі себеп өз әрекетін табиғат заңдарына сәйкес жүзеге асырады. Себептің мұндай заңды әрекетін табиғат детерминизмі деп атауға болады.

ДЕФИНИЦИЯ (лат. definitio – анықтау) – заттың маңызды ерекшеліктерін немесе ұғымның мағынасын, мазмұнын және шекараларын айқындайтын қысқаша логикалық анықтама.

ДЖАЙНИЗМ – б.з.б. 6 ғ. пайда болған көне үнді философиясындағы ортодоксальдық емес мектептер жүйесінің бірі. Джайнистік ілімнің негізін аттары аңызға айналған 24 тақуа-тиртханкарлар дамытқан. Олардың соңғысы – б.з.б. 6-5 ғғ. Өмір сүрген, Джина (Жын) немесе Жеңімпаз деген атқа ие болған ойшыл Махавира Вардхамана болды. Джайнизм дуализмді насихаттайды. Адамның жеке тұлғасының мәні екі қырлы – материалдық (аджива) және рухани (джива). Джайндардың көзқарастарында олардың өмір сүрген кезеңдеріне байланысты ерекшеліктер болғанымен, мынадай төрт тиым салуды лоар бұлжытпай сақтады: ахимса – тірі мақұлықтардың ешқайсысының өміріне зиян келтірмеу; астейя – ұрлық жасамау; сатья – шыншылдық; апариграха – үйірсектікке тиым салу. Махавира бұл тиымдарға бесіншісін - брахмачарья – некеден бас тартуды қосты. Жайндардың онтологиясы туралы айтсақ, олар заттарды санадан тыс және одан тәуелсіз өмір сүреді деп түсінді және алты субстанцияны бөліп көрсетті: 1) джива – тірі, жан, рухани субстанция; дживалардың саны шексіз көп; 2) зат; 3) кеңістік; 4) қозғалыс (дхарма); 5) тыныштық (адхарма); 6) уақыт. Жайндардың пікірінше, субстанциялар мәңгі және өзгермейді, өзгеретін олардың көріністері ғана, заттан басқа субстанциялар бөлінбейді және формалары жоқ, яғни, олар сезім мүшелері арқылы қабылданбайды, сезілмейді және денесіз. «Тірі» болып есептелетін дживадан басқа субстанциялар «тірі емеске» жатады.

ДЗЕН-БУДДИЗМ – буддизм бағытының бір тармағы. 6 ғ. Қытайда пайда болды, Жапонияда кеңінен дамыған. Дзен-буддизм Будданың бірлік идеясы мен даоның табиғи жолы ілімінің негізінде құрылды. Басқа мектептерден ерекшелігі дзен-буддизм тез арада нұрланып, ақиқатқа – «сатори» жетуге үгіттейді. Дзэн-буддизм – буддизмнің иррационализмі мен интуитивизмі, оның экзотикалық ғұрпы әсіресе соңғы он жылдықтарда Батыс Европада және Америка философтарының назарын аударуда.

ДИАЛЕКТИКА – табиғаттың, қоғамның, адамның және ойлаудың жалпы даму заңдары туралы ғылым. Философия тарихында объективті және субъективті диалектика ұғымдары қалыптасты. Материалдық дүниенің даму процесі, яғни объективті шындықтағы құбылыстар мен процестердің өзара заңды байланыстары объективті диалектикаға жатады. Ал таным процесі субъективті диалектика болып табылады, ол объективті диалектиканың санадағы бейнесі, ойлау барысындағы түсініктердің, пікірлердің, т.б. заңды байланысы. Материалистік диалектика тек табиғат пен қоғамның болмысы туралы онтологиялық ілім ғана емес, сонымен қатар таным туралы гносеологиялық ілім, дүние дамуын ойда бейнелейтін заңдар мен формалар туралы ғылым ретіндегі логика.

ДИАЛЕКТИКАЛЫҚ ЛОГИКА – диалектикалық материализмнің логикалық ілімі, объективті дүние дамуының ойда бейнелеу заңдары мен формалары туралы, ақиқатты тану заңдылықтары туралы ғылым. Диалектикалық логика ғылым ретінде диалектикалық материалистік әдістің негізінде ғана мүмкін болады, және сонымен бірге ойда бейнеленудің заңдары мен формалары, қозғалыс шексіздігінің шектіліктегі көріністерін, қозғалыстағы шексіздік пен шектіліктің, ішкі мен сыртқының бірлігіп т.с.с. зерттей отырып, бұл әдісті нақтылай түседі. Оның түпкі мақсаты - диалектика заңдарының заттар мен құбылыстарда т.с.с. әрекет етуін ұғымдарда қалай бейнелеуге болатындығын зерттеу.

ДИАСПОРА (грек.- aspora – бытырау, шашырау) – күштеп көшіру арқылы геноцид қаупі төнген, түрлі саяси-әлеуметтік жағдайға душар болған, басға елдердің ортасына барып паналаған халықтардың шашыранды топтары.

ДИЗЪЮНКЦИЯ – « лат. disjunctio – бытырату, жекелеу) кең мағынасында - күрделі айтылған сөз, екі немесе одан да көп сөйлемдерден құралып «немесе» жалғауы арқылы байланысады, ол альтернативаны немесе таңдауды білдіреді.

ДИСКУРСИВТІ (лат. diskursus – пайымдау) – пайымдық, логикалық, тікелей емес, сезімдік, тікелей, интуитивтіден өзгеше түрдегі пайымдық, жанамалылық, логикалық, демонстративтік. Ақиқаттарды жанамалық емес (интуитивтік) және жанамалық (айғақтар негізінде қабылданатын) деп бөлу Платон мен Аристотельде, ал дискурсивтік термині Фома Аквинскийде кездеседі. Метафизиктер ойлаудың дискурсивтік ролін не теріске шығарады, не оны әсіреледі (Вольф және басқ.). Жаңа философия дискурсивтіктің таным тұрғысында маңызды роль атқаратынын мойындайды.

ДОГМАТИЗМ (грек. dogma – пікір, ілім, шешім) – қатып қалған ұғым мен пікірді жақтайтын, тәжірбие мен ғылымда жаңалықтарды мойындамайтын, шығармашылық даму мен ақиқаттың нақтылығын шектейтін принцип, ойлау әдісі. Догматизм ұғымының тарихы діни түсініктердің дамуымен байланысты, яғни, діни догматтарға сенуді талап етіп, оны сынау мүмкін еместігін, ондағы талаптар сенушілердің барлығына міндетті екендігін түсіндіру.

ДУАЛИЗМ (лат. dualis – екі жақты) – Дүниенің бастамасы материалдық және идеалдық негізде қатар пайда болған деген көзқарасты ұстана отырып, монизмге қарсы тұрады. Дуализм материализм мен идеализмді біріктіруге тырысады. Дуализм ілімі әсіресе Декарт пен Кант философияларына тән.

ДҮНИЕГЕ КӨЗҚАРАС – жеке дамның, әлеуметтік топтың, таптың немесе тұтас қоғам қызметінің бағытын және шындыққа деген қатынасын айқындайтын принциптердің, көзқарастардың мақсат-мұраттар мен сенімдер жүйесі.





Дата публикования: 2015-10-09; Прочитано: 927 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.011 с)...