Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

С) Діни сана 6 страница



ИНЬ ЖӘНЕ ЯН (қытай философиясы) – этимологиялық мағынасы «төбенің немесе өзен жағасының көлеңкесі мен күнгейі» дегенді білдіреді. Инь мен Ян дүниедегі ретсіздіктерді тәртіпке келтіруші Көк пен Жер күштері ретінде қарастырылады. Олар бір-біріне қарама-қарсы, бірақ олардың үндесіп, бірігуі бар нәрсенің бәрін басқаратын адамды дүниеге әкеледі, Инь – дүниенің рационалдық, «әйелдік бастауы», Ян – бейсаналық, «ер адамдық» бастауы деп түсініледі. Қытай философиясында Инь мен Янның өзара әсерленуінен табиғат құбылыстары да, қоғамдағы өзгерістер де туындап отырады деп тұжырымдалады.

ИРРАЦИОНАЛДЫ – ақыл-ой шеңберінен тыс, логикалық ойлау арқылы жету мүмкін емес, рациональдіге қарама-қарсы.

ИРРАЦИОНАЛИЗМ – философиядағы идеалистік ағымдарды белгілейтін термин. Иррационализм рационализмге қарама-қарсы, таным процесіндегі ақыл-ойдың мүмкіндіктерін терістейді немесе шектейді және дүниені танудың негізі ретінде ақыл-ой жете алмайтын немесе оның табиғатына қарсы бірдеңені түсінеді, болмыстың өзін логикаға қарсы, иррациональдік сипатта деп тұжырымдайды. Иррационализм ағымы К.Ясперс, Сартр сияқты экзистенциалистердің, Ницше, Бергсонның өмір философиясында, К.Юнгтың еңбектерінде қалыптасты.

ИСЛАМ (араб. – момындық, бағыныштылық) – әлемдік ірі үш діндердің бірі. Ислам діні Таяу Шығыстың шөл даласында пайда болып, кейіннен Солтүстік Африка, Орталық Азия, Индонезия және Малайзия шекараларына кеңінен таралды. Қазіргі күнде ислам дінін ұстануышлардың саны миллиардқа жетіп жығылады. Ислам дінін ұстанатын адам – мұсылман деп саналады. Ислам діні – өте икемшіл дін. Ол құранда жазылған уағыздар, шариғатта көрсетілген талаптарды халық бойына сіңіре отырып, сол халықтардың жергілікті әдет-ғұрыптарына икемделе де білген, олармен санасқан. Мұсылмандық: «суннит» және «шийттік» болып екіге бөлінеді. Қазақтар оның сунниттік бағытына жатады. Ислам дінінің қазақ жерінде орнауы халықтың рухани, идеялық жағынан бірігуіне, ынтымақтасуына жағдай жасады. Мұсылмандық қалалы өңірлерде, ең алдымен, оңтүстікте, содан соң Жетісуда таралып орнықты. Орталық, шығыс, солтүстік, батыс аймақтарындағы көшпелі, жартылай көшпелі казақтар арасында ислам діні XII ғасырға дейін біртіндеп таралды. Мұсылмандық этикасының, мәдениетінің қазақ жеріне таралуына әл-Фараби, әл-Жаухари, Исхан әл-Фараби, әл-Қимани, Бақырғани, Жүсіп Баласағүни, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Йасауи, т.б. өлшеусіз еңбек етті. Ислам діні – қазақ халқын мұсылмандық мәдениетке жақындастырып, ғылым-білімнің, әдебиеттің дамуына да оң әсер етті. Исламның адамды жақсы істерге, ой тазалығына, қарапайымдылыққа, шыдамдылыққа тәрбиелеуі – қалың бұқара арасында бұл дін уағыздарының кең таралуына жағдай жасады. Ислам тек қана Құдайға құлшылық етумен шектелмейді, ол өмір сүру үшін дүниетаным мен адамдардың күнделікті іс-әрекеттерін де анықтайды. Ислам діні әлеуметтік құрылымды, экономикалық, саяси және мәдени қатынастарды, отбасылық және тұрмыстық мәселелерді реттейді.

ЙОГА (санскр. – байланыс, ойды жинақтау, бірлесу, тәртіп, терең ой) – көне және ортағасыр үнді философиясының жүйесі. Йоганың негізгі Патанджали, Упанишад йога және Титада жүйеге келтірілген. Йога жанды дүние құбылыстары әсерінен азат етуді көздейді. Ондағы мақсат – санадан, өзін өзі танудан арылып, абсолюттік тыныштыққа жету не жеке жанды абсолюттікке, Құдайға жақындату. Олар адамның тынысын, демін, тамақтануын реттеудің ережесін жасады. Йогтар екі түрге бөлінеді: бірі - өмірден безу, екіншісі – этикалық қатаң тәртіпке жүгініп, өзін тек қыспақта ұстау. Йога идеясы 20 ғ. мәдениетіне қарқынды ене бастады. Йоганы түсіндірудің жолдары қай кезеңде болсын көне бастауларға апарады. Йоганы хатха-йога, джанана раджа, бхакти, карма-йога деген бес бағытқа бөліп қарастырады.

К –

КАЛАМ (арабша калам – сөз) – ортағасырлық мұсылман философиясының бағыты, ислам дінінің принциптерін, негізгі көзқарастарын зерттеп, түсіндіруді және қорғауды мақсат еткен. Каламды спекулятивтік теология деп те атайды, бұл жерде спекуляция деген тәжірибеден тыс жатқан заттар туралы білімге ойлау арқылы жетуді білдіреді.

КАРМА – «іс-әрекет», көне Үнді философиясының ұғымы. Ең мардымсыз деген іс-әрекеттің өзі бүкіл өмір ағымына әсер етеді де, бұл себеп, жақын уақытта болсын, не біраз уақыт өткен соң болсын, - міндетті түрде салдар туғызады, ол жақсы немесе жаман болуы мүмкін. Жағымды істердің нәтижесінде бақыт пайда болады, ал жағымсыз істер азап, қасірет әкеледі. Осы адамгершілік заңдылығы карма деп аталады.

КАРТЕЗИЙШІЛДІК ( Декарт есімінің лат. транскрипциясы ) – Декарттың, әсіресе оның ізбасарларының пір тұтқан ілімі. 17-18 ғ.ғ. француз және нидерланд философтары арасында көп таралған картезийшілдік мектеп екі бағытқа: Декарттың табиғатты механистік-материалистік түсінуіне қосылған прогресшіл бағытқа (Г. Леруа, Ламетри, Кабанис) және Декарттың идеалистік метафизикасына сүйенген бағытқа (окказионализм, Мальбранш) бөлінеді.

КАСТА – үнді қоғамында тарихи пайда болған жабық әлеуметтік топ. Оны кейде варна деп те атайды. Негізінен кастаның 4 түрі бар: Брахмандар (ақтар) – ой еңбегі, негізінен діни қызметкерлер, ел басқарушылар. Кшатрилер (қызылдар) – жауынгерлік іспен айналысушылар. Вайшьилер (сарылар) – еңбекшілер, негізінен, егін егу, мал бағу, қолөнермен айналысушылар. Шудралар (қаралар) – ең ауыр, кір жумыстармен айналысатындар. Әрбір кастанын өзінің әдет-ғұрыптары және басқа касталармен қандай қатынаста болу керек жөніндегі ережелері бар. Үлкен касталардың өзі іштей әртүрлі топтарға бөлінеді. Басқа жақтан келген адамдар бірде-бір кастаның ішіне кіре алмағаннан кейін, өзінше дербес каста болып қалыптаса бастайды. Касталық қоғам қалай пайда болғаны, оған әкелген қандай себептердің болғаны белгісіз болса да, оның негізінде жатқан 3 принципті көрсетуге болады. Олар: Әрбір кастаның ішкі тазалығы және басқалардың сол тазалықты бұзу мүмкіншілігінен пайда болатын үрей, қорқыныш сезімі; Касталық қоғамның пирамидальдық құрылымы. Әр каста өзінен төмен жатқан топтарға жоғарыдан қарап, өзінің қадірлігін сезінуге мүмкіндік алады.

КАТАРСИС (гр. katharsis- тазарту) өнердің адамға эстетикалық ықпалын сипаттайтын ежелгі грек эстетикасындағы ұғым. Катарсис сөзін гректер көп мағынада: діни, этикалық, физиологиялық мағыналарда қолданды. Аристотель өзінің еңбегі «Поэтикада» трагедияны жанашырлық білдіру мен үрей туғызу арқылы құштарлық сезімінен тазартатынын атап өтті. «Политикада» ол музыка арқылы «адамдардың әлдеқалай тазаратынын және ләззатпен байланысты бойын жеңілдететінін» айтады. Байтақ әдебиетте катарсис пен оның мән-мағынасы туралы бірегей пікір жоқ.

КАТЕГОРИЯ – шындықтың, пікірлердің және ұғымдардың жалпы және қарапайым формалары, олардан басқа ұғымдар туындайды. Сонымен қатар, категориялар таным объектілері болмысының алғашқы және негізгі формалары.

КАТЕГОРИЯЛЫҚ ИМПЕРАТИВ – Кант философиясының ұғымы, жалпыға бірдей, жеке принципке (максима) қарама-қарсы, міндетті түрде орындалуға тиіс мінез-құлықтық ереже. Кант этикасындағы адамгершілік заңын сипаттайтын философиялық термин. Кант бұйыру формасында жасалатын ұсынысты императив (лат. іmperativus — әмірлі) деп атады. Канттың пікірінше, императив не болжамдық, не категориялық болуы мүмкін. Біріншісі көкейдегі мақсатқа (мыс, утилитарлық пайдаға ұмтылуға) байланысты (құрал ретіндегі) бұйыруды білдіреді; «екіншісі үзілді-кесілді бұйырады.

КАТОЛИКТІК (гр. каtһоlікоs - ғаламдық) – негізінен Батыс Европа мен Латын Америкасы елдерінде таралған христиан дінінің бір түрі. Католицизмнің ерекшеліктері: қасиетті рухтың жеке құдайдан ғана емес, бала-құдайдан да шыққанын мойындау, Рим папасының христиан наместнигі ретіндегі үстемдігі туралы, папаның пәктігі және т.б. туралы догматтары. Католицизмнің православиядан діни және ережелік айырмашылықтары: дінбасыларының некелеспеуі (целибат), марианизмнің ерекше дамуы (құдай-анаға табыну) және т.б. Католицизм орталығы — Ватикан, католиктік партияларға, кәсіп-одақтарға, жастар және әйелдер ұйымдарына, оқу орындарына, баспасөзге, баспаларға және т. б. ерекше ықпал жасап отырады. Қазіргі Католицизм өзінің діни ілімін жаратылыстану деректерімен байланыстыруға, католиктік «әлеуметтік доктринаны» жариялау жолымен әлеуметтік-саяси өмірге ықпал етуге әрекет жасады. Соңғы жылдарда католицизмде, өзінің бұқара арасындағы позицияларын нығайтуға бағытталған және католиктік догматтар мен мінәжат етуді жаңғыртудан, мінәжәт етуді жергілікті тілдерде жүргізуден, Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінде жергілікті халықтан дін басыларын даярлаудан, шіркеуді «саясатсыздандыру» ұранынан және т. б. тенденциялар байқалуда. Бұқараның көңіл-күйін ескере отырып, католик дінінің көптеген өкілдері әлеуметтік реформаларды және салиқалы, реалистік саяси бағытты жақтауда, мұның өзі, мысалы Рим папаларының кейбір энцикликаларынан айқын керінді. Неотомизм католицизмнің ресми философиясы (XIII Лев папаның энцикликасы «Этерни патрис», 1879) болып табылады.

КЕҢІСТІК – материя болмысының формасы, оның көлемін, барлық материалдық жүйелердегі элементтердің өзара әсерін және болмыстық кеңістіктік-универсалдық, жалпы категорияларын сипаттайды. Кеңістік бір уақытта бірге өмір сүріп отырған объектілердің орналасу тәртібін білдіреді. Дүниенің құрылымдық қасиеттерін, материалдық объектілердің және жүйелердің, оларды құрайтын бөлшектердің аумағын, басқа заттардың, денелердің, құбылыстар мен процестердің арасындағы алатын орнын, олардың өзара орналасуы мен байланысын сипаттайтын ұғым.

КИНИКТЕР – б.з.б. 4 ғ. негізін Антисфен қалаған антикалық философиядағы сократтық кезеңдегі мектептердің бірі. Бұл бағыттың көрнекті өкілдері Синоптан шыққан Диоген, Кратет. Олардың идеялары құлиеленушілік қоғамдық құрылыста демократиялық ұстанымға негізделді. Жалпыға бірдей қоғамның заңдылықтарынан бас тартып, кез-келген қоғамда өздерінің ғана ережелерімен өмір сүруге, жалғыздық пен кедейшілікте, басқарушы тап өкілдері мен идеалистік философиялық ілімдерді сынға ала отырып, байлық пен рухани құндылықтардан бас тартты.

КЛЕРИКАЛИЗМ (латынша clericalis – шіркеулік) – католик шіркеуі мен оның басшысының беделін көтеруге және күшейтуге бағытталған талпыныстар жиынтығы.

КОГЕРЕНТТІК АҚИҚАТ – ғылымда ашылған жаңа деректердің негізінде жасалған белгілі бір тұжырымдардың бұрынғы өмір сүріп жатқан теорияға сәйкес келуі. Егерде жаңа ашылған ғылыми жаңалықтарды ескі теорияның шеңберінде түсіне алмасақ, яғни олар бір-біріне когерентті болмаса, онда ғылымның сол саласында дағдарыс басталып, жаңа ізденістерге жол ашылады.

КОНТРМӘДЕНИЕТ – мәдениеттануда сырқы күштердің мәдениетке ықпалын айқындайтын термин.

КОНФУЦИЗМ – көне Қытайдағы «қызмет етушілер философиясы» деген атауға ие болған негізгі ағымдардың бірі. Конфуцизмнің іргесін қалаған Конфуций (б.з.б. 551-479). Бұл мектеп алғашында жу – «ғалым-интеллектуалдар мектебінің ілімі» деп те аталды. Өзінің филоофиялық мектебін Конфуций өмірлік тәжірбие жинақтап, адамға қажетті алты өнерді – салттарды білу, музыканы түсіну, садақ ата білу, күйме арба айдау, жаза және санай білу істерін меңгерген, әбден кемелденген жасында құрды деп есептеледі. Өзінің қоғамадағы рөлін Конфуций өте қарапайым бағалап, өзін жаңа ілімді жасаушы емес, көне данышпандардың «Шу цзин» және «Ши цзин» кітаптарындағы даналығын халыққа жеткізуші ғанамын деп түсінген. «Лунь юй» («Әңгімелер мен пікірлер») еңбегі Конфуций туындысы ретінде қабылданады. Оның негізгі мазмұны – мемлекет пен жеке адамды жан-жақты жетілдіру жолдарын көрсету. Конфуцийдің пікірінше, мемлекеттің жақсы болмағы оны құрап отырған адамдарға байланысты, сондықтан да жеке адамның міндеті – мемлекетке, өзіне жоғары тұрған адамға қызмет ету.

КОНФОРМИЗМ (лат. тәрізді, ұқсас, сәйкес) – ықпалы күшті, үлгілі стеоротипке сынмен қарамай еріп кету, бейімделген, пассивті әлеуметтік іс-әрекет түрі.

КОНЦЕПТУАЛИЗМ ( conceptus – лат. сөзі, ұғым) схоластикалық философияның бағыты, өкілдері – Абеляр, Иоанн Солисберийский және т.б. Жалпы ұғымдар жөніндегі пікірталаста концептуалистер номиналистер сияқты ортағасырлық реализм ілімін сынға алып, жалпы ұғымдардың нақты заттардан тәуелсіз өмір сүретінін жоққа шығарды, бірақ олардың номиналистерден айырмашылығы, концептілер ақиқатты танудың ерекше формасы, деп тұжырымдап, жалпы ұғымдардың ақыл-ойда өмір сүруін мойындауы. Басқаша айтқанда, жалпы ұғымдар бөлек өмір сүре алмай, болмыстық орны болмағанмен, бірақ олар тек қана заттарға қойылған ат емес, негізінде ақыл-оймен қорытылған заттардың жалпы қасиеттерін бейнелейді. Жаңа заманда концептуалистік ұстанымға Дж. Локктың көзқарасы жақын болды.

КОСМОС ( грекше – ғалам) – хаосқа қарама-қарсы, реттелген тұтас, жүйелі құрастырылған бірлік ретінде түсінілетін әлем, дүние. Дүниені реттілік пен үйлесімділіктен тұратын космос деп ең алғаш рет Пифагор атады.

КРЕАТИВТІЛІК – шығармашылықты тұлғаның, процестің, өнімнің мәдениет универсумын, индивидтің тәжірибесін немесе әлеуметтік маңыздылығын өзгертуге көрінетін тудырушы қаблеті.

КРЕАЦИОНИЗМ – дүниені жаратылыстан жоғары тіршілік етуші жаратқандығы туралы діни ілім.

КРИТИЦИЗМ – философиялық және ғылыми-теориалық ойлауға тән ұстаным, методологиялық әдіс. Критицизм ақиқат білімнің қатаң логикалық өсуін қамтамасыз ететін универсалдық метод жоқ, сондықтан ғылымның міндеті – ізденіс және формальдық-логикалық тәсілдердің көмегімен жалған теорияларды теріске шығару деп пайымдайды.

КӨЗҚАРАС – метафизикалық ойлау мен зерттеулер нәтижелерінің жиынтығы, объективті дүниеге және ондағы адамның орнына, адамның өзін қоршаған ортасы мен өзіне деген қатынасын білдіретін пікірлерінің және олардан туындайтын өмірлік ұстанымдарының, сенімдерінің, идеалдарының, құндылықтық бағыттарының жүйесі.

КУМУЛЯТИВИЗМ – ғылым философиясының методологиялық ұстанымы, білімнің дамуы ақиқат білімдердің қордаланған мөлшеріне жаңа ережелерді біртіндеп қосу арқылы жүреді деп есептейді.

Қ –

ҚАБІЛЕТ (философияда) – адам психикасының өмір сүруінің ішкі шарттары мен тәсілдері. Қабілеттің үрдіс табиғаты оны табиғи бірлік сәттеріне жетелейді, психика дегеніміз де – осы бірлік, ал қабілет – оның сыртқы және ішкі көрінісі. Адамның табиғи жаратылысы болып табылатын психика оның белгілі бір жақтарын өзгеріссіз түрде сақтаумен ғана емес, сонымен бірге өмір шындығын психикалық бейнелеудің жаңа, тұтас жүйесін іске асырушы (пайда болу, туу негіз) бола білу қабілетімен де сипатталады.

ҚАБЫЛДАУ – материалдық дүниенің заттары мен процестерінің сыртқы құрылымдық сипаттарының сезім мүшелеріне тікелей әсер ететін сезімдік бейнесі.

ҚАЖЕТТІЛІК пен КЕЗДЕЙСОҚТЫҚ – философиялық категориялар. Мүмкіндіктің шындыққа айналуы қажеттілік пен кездейсоқтықтың өзара диалектикалық байланысының нәтижесінде іске асады. Өйткені Дүниеде, бір жағынан қажеттілік, екінші жағынан, кездейсоқтық бар. Қажеттілік – құбылыстың дамуындағы болмай қалмайтын, әрдайым іске асатын жақтары. Кездейсоқтық – ол болуы, я болмауы да, өмірге енуі, я енбеуі де мүмкін.

ҚАЙШЫЛЫҚ – қандай да болсын дамудың, қозғалыстың ішкі даму көзін көрсететін категория.

ҚАРАМА-ҚАРСЫЛЫҚ – заттардың ішкі айырмашылығынан туындайтын, бірін-бірі жоққа шығаратын, сонымен қатар, бір-бірімен байланысып жататынын көрсететін, қайшылықтың даму сатыларының бірін білдіретін категория. Өзгешелік секілді, қарама-қарсылықта сыртқы және ішкі қарама-қарсылық болуы мүмкін. Сыртқы қарама-қарсылық дегеніміз - әлдеқандай ұқсас, бірақ ішкі жағынан бір-бірімен байланысты емес мәселелердің, заттардың, процестердің және т.б. бірдей болмауының шекті сатысы. Ішкі қарама-қарсылық қарама-қарсы мәселелердің, заттардың, процестердің және т.б. ішкі, қажетті байланыстың, ішкі бірліктің болатынын көрсетеді.

ҚАТЫНАС – заттар мен құбылыстардың өзара тәуелділігін, байланысының бір сәтін білдіретін категория.

ҚОҒАМ – адамдардың арасында қалыптасатын сан алуан байланыстар мен қарым-қатынастардың жиынтығы. Тар мағынасында қоғам ұғымы жалпының бірлігі, ерекше және дара белгісі ретінде (Мыс: алғашқы қауымдық, құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік, социалистік) және бөлек аймақ, мемлекет (Мыс: үнділік, американдық және т.б.) түрінде берілуі мүмкін. Кең мағынасында, қоғам табиғаттан дараланған, материалдық ұйымдастырылған, дамудың жоғарғы сапалы деңгейі, бірақ, қайткенмен оның құрылымдық бөлігі жалпы объективтік заңдылықтарға, дамудың нақты-тарихи кезеңдеріне тәуелді. Табиғаттағы соқыр және санасыз күштермен салыстырғанда, қоғамда дарынды сана мен ерікке ие, алдарына мақсат қоя біліп, оған жетуде қажырлы еңбекпен айналысатын адамдар әрекет етеді. Қоғам – күрделі, тарихи дамитын біртұтас жүйе. Қоғамның қалыптасуы – бірнеше миллиондаған жылдарға созылған ұзақ процесс. Қоғамның әлеуметтік қатынастарында көрініс табатын қоғамдық сана мен қоғамдық болмыс және қоғамдық идеология мен қоғамдық психология белсенді қызмет атқарады.

ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШТЕРІ. Құрылымды-функционалдық аспект тұрғысынан қоғам дамуының қозғаушы күштері табиғи (демографиялық және географиялық) және қоғамдық факторларға бөлінеді; қоғамдық фактор материалдық-экономикалыққа, әлеуметтікке, саяси және руханилыққа, объективті және субъективтікке жіктеледі. Басты жалпытарихтық қозғаушы күш-материалдық өмірдің өндіріс тәсілі.

ҚОҒАМДЫҚ ҚАТЫНАСТАР – адамдардың бірлескен практикалық және рухани қызметі процесінде олардың арасында қалыптасатын қатынастар. Олар материалдық және идеол. қатынастар болып екіге бөлінеді. Материалдық игіліктер өндіру адамзат қоғамының дамуы мен өмір сүруінің негізін құрайды. Сондықтан барлық қоғамдық қатынастар ішінде аса маңыздылары өндірістік, экономикалық қатынастар болып табылады. Өндірістік қатынастар барлық басқа қоғамдық қатынастар – саяси, құқықтық, адмгершілік, діни және т.б. қатынастардың сипатын белгілейді. Барлық қоғамдық қатынастар өндірістік қатынастарға байланысты екенін мойындау қоғамның тарихи дамуының заңдылықтарын ғылым негізінде түсіндіріп беруге мүмкіндік берді.

ҚОҒАМДЫҚ САНА – қоғамның өзін-өзі, өзінің қоғамдық болмысын және қоршаған ортаны түйсінудің нәтижесінде пайда болатын қоғамдағы әр түрлі пікірлердің, теориялардың, идеялардың, діни сенімдердің жиынтығы. Ол қоғамдық болмысты бейнелейді, бірақ салыстырмалы түрде белсенді, яғни, қоғамдық болмысты пассивті бейнелеп қана қоймай, өзі де қоғамдық болмыстың дамуына белсенді әсер етіп отырады. Қоғамдық сананың құрылымында көбінесе төмендегі деңгейлер - әдеттегі және теориялық саналар, қоғамдық психология және идеология бөлініп көрсетіледі. Қоғамдық сананың формалары шындықты рухани игерудің әр түрлі әдістерін бейнелейді. Қоғамдық сана формаларына саяси, діни, эстетикалық, этикалық, құқықтық, т.б. сана түрлері жатады.

ҚОЗҒАЛЫС – материяның маңызды атрибуты, өмір сүру тәсілі. Табиғат пен қоғамда жүріп жатқан процестердің бәрі қозғалыс болып есептеледі. Ең жалпы түрде алатын болсақ, қозғалыс – кез-келген өзгеріс, марериалдық объектілердің өзара әсері және олардың күйлерінің ауысуы.

ҚҰДАЙ – дүниені жаратқан және оны басқарып отыр деп саналатын табиғаттан тыс құдіретті тіршілік иесінің қиялдағы бейнесі; иудаизмде – Яхве, Исламда –Алла, христиан дінінде – «қасиетті үшеу» (әке құдай, бала құдай және қасиетті рух құдай) және т.б. Құдай туралы түсінік діннің негізі болып табылады. Діни көзқарастардың дамуының алғашқы кезеңдерінде «Құдай» ұғымы болмаған. Алғашқы қоғамдық құрылыстың ыдырауы, тайпалық бірлестіктердің дамуы, таптар мен мемлекеттің пайды болуы жағдайында Құдай бейнесі туады. Теологияда Құдайдың бар екенін философиялық тұрғыдан дәлелдеуге, Құдайды абсолютті идея, әлемдік ерік, әлдебір түр-түссіз парасатты негіз түрінде көрсетуге тырысатын қағидаларды пайдаланады. Қазірде теологтар философиялық ілімдер мен жаратылыстану деректерін пайдалана отырып, Құдай идеясын жаңартуда.

ҚҰНДЫЛЫҚТАР – адам өмірінің бағытын анықтайтын, оған керек, мәнді, оның құрмет тұтатын, керек болса, бас иетіннің бәрін жатқызуға болады. Сонымен қатар, қоршаған ортадағы объектілердіңадам мен қоғам өміріне тигізетін игі немесе жағымсыз құбылыстарды айқындайтын өзіндік әлеуметтік анықтама (табиғат пен қоғам өмірінде көрініс табатын игілік, жақсылық, жамандық, әсемдік, ұсқынсыздық сияқты құбылыстар). Құндылықтарды зерттейтін философия саласы аксиология (aksios – құнды, logos – ілім) деп аталады.





Дата публикования: 2015-10-09; Прочитано: 723 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.011 с)...