Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

С) Діни сана 2 страница



АКСИОМА (грек. axioma – мақұлданған қағида) – белгілі теорияда дәлелденбейтін тұрғыда алынатын және одан (немесе оның жиынтығынан) теорияның барлық басқа сөйлемдері ондағы тұжырымдау ережелері бойынша (салыстыр: постулат) қорытып шығарылатын қайсыбір ғылыми теорияның бастапқы тұжырымы (сөйлемі).

АКЦИДЕНЦИЯ (лат. аccidens – кездейсоқтық) – заттардың негізгі және субстанциялық қасиеттерінен бөлек уақытша, өтпелі, негізсіз белгілері. Ұғым алғаш рет Аристотельдің еңбектерінде кездеседі, кейін схоластика мен 17-18 ғғ. философиясында кеңінен қолданылады (Спиноза, т.б.).

АҚИҚАТ - танушы субъектінің объектіні дәл күйінде бейнелеуі, оны өмірде бар күйінде, адамның өзінен және оның санасынан тыс және тәуелсіз көрсетуі; сезімдік, эмпирикалық тәжірбиенің, ұғымдардың, идеялардың, пікірлердің, теориялардың, ілімдердің және диалектикалық дамушы дүниенің тұтас бейнесінің объективті мазмұны. Тағы бір анықтамасы, ақиқат – өмір шындығының ойдағы нанымды, дұрыс бейнесі, әлеуметтік процесс, практика, сайып келгенде оның өлшемі болып табылады. Ақиқаттың сипаттамасы заттарға және олардың тілмен тұжырымдалу тәсілдеріне емес, нақты ойға қатысты. Философияда ақиқатты түсінудің дәйекті материалистік негіздемесін тұжырымдап, оны зерттеудің жаңа диалектикалық аспектілері қызмет етеді (Объективті ақиқат, Абсолюттік және салыстырмалы ақиқат, Ақиқаттың нақтылығы, Ақиқат өлшемі, Теория мен практика).

АҚИҚАТ ӨЛШЕМІ – (грек. Kriterion – бір нерсені бағалауға арналған өлшем) – белгілі бір пайымдауды, болжамды, теориялық пікірді және т.б. тексеру құралы. Ақиқат өлшемі қоғамдық практика болып табылады.

АҚПАРАТ – (лат. informatio – мәлімдеу, түсіндіру, мазмұндау) – кейбір мәлімет, қандай да бір мағлұматтардың, білімдердің жиынтығы.

АҚПАРАТТЫҚ ҚОҒАМ ( лат. informatio – түсіндіру, хабарлау) – 1945 жылы жапон ғалымы Е.Масуда енгізген термин. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дамыған елдердегі капитализмнің бұрынғы индустриалдық капитализмнен бөлек екендігі айқындала түсті. 1960-1970 жж. Батыс ғалымдары (Д.Белл, Р.Арон, З.Бзежинский, О.Тоффлер, Рим клубы өкілдері, т.б.) принципті жаңа қоғам қалыптастыру туралы ілімдерін көпшілікке ұсынады. Оны әртүрлі атаулармен атады: супериндустриялық өркениет, постиндустриалдық қоғам, технотронды, телекоммуникациялық, ақпараттық қоғам. 1990 ж. шыққан Д.Нэсбит пен П.Эбурдемнің «Мегатенденциялар. 2000 ж.» еңбегінде жаңадан қалыптасып келе жатқан өркениеттің төмендегідей басым бағыттары аталып өтті: 1) жаңа жоғары технологиялар; 2) социализмнің кейбір элементтерін еркін нарықтық қатынастармен үйлестіру; 3) әмбебапты өмір салты және мәдени ұлтшылдық; 4) жеке және мемлекеттік дәулеттіліктің ұштасуы; 5) өнер мен көркем мәдениеттің өркендеуі; 6) діни жаңғыру; 7) тұлға марапаты.

АҚЫЛ және ЕС – ғылыми танымның, адамгершіліктік және көркем ойлаудың дамуына қажетті өзара біріне-бірі қолдау көрсететін ұғымдар. Ақыл – зерде, ес, парасат; түсінуге және ұғынуға мүмкіндік беретін адамның қабілеті. Ес – ақылдан бұрын болатын, оған қажетті материалды беретін, психикалық қызмет. Ақыл мен ес таным қызметінің екі түрлі сатысы. Парасатты ойлану бұл ақылды қорытынды жасауға дайындалу дегенді білдіреді. Ес – ұғымдардың, тұжырымдардың, ережелердің құрылуының қабілеті, деп қарастырды Кант. Бірақ ес ұғымның, ал ұғым естің көмегінсіз пайда болуы әбден мүмкін.

АҚЫЛ НЕМЕСЕ ИНТЕЛЛЕКТ (лат. intellectus-түсіну, ұғыну, танып білу, ақыл-ой) – жоғары дамыған және күрделі миы бар организмдердің психикалық қызметінің айрықша функциясы; ақпар алуға, оны сақтауға, өңдеуге және беруге, жаңа білімдер қорытып шығаруға, жеткілікті негізделген шешімдер қабылдауға, алға қойылатын мақсаттарды тұжырымдап, соларға жетуге бағытталалған іс-әрекеттерді қадағалауға, қоршаған ортада болатын хал-ахуалдарды дұрыс бағалауға қабілеттік. Ақыл-ой өңдейтін хабардың аса маңызды қайнар көзі және ол қорытып шығаратын білімдерді, шешімдер мен мақсаттарды қолданудың объектісі – объективтік дүние. Осы тұрғысында адамның ақыл-ой немесе интеллектілік қызметі объективті шындықты өзгертуге бағытталған қызметтің негізінде бейнелендіру болып табылады. Европалық философияның дәстүрінде ақыл-ой қызметінің негізгі деңгейлері ретінде ақыл-парасат пен пайымдауды бір-бірінен ажыратып көрсетеді. Пайымдау әлеуметтік-тарихи және мәдени даму процесінде және жеке адам қызметі барысында қалыптасқан нормалар мен қалыптар шеңберінен шықпайтын ақыл-ой қызметі ретінде қарастырылса, ақыл-парасат – ақылдың мүлдем жаңа білімдер қорыта алатын және шындықтың аса терең мәнін танып біле алатын жоғары жасампаздық кабілеті ретінде қарастырылады.

АҚЫН – поэзиялық шығармаларын (өлең, жыр-дастан, т.б.) ауызша айтып не жазып шығаратын өнер иесі, халықтың көркем-өнер мәдениетінің басты тұлғаларының бірі. Көшпелі қоғамда әлеуметтік пікірді жеткізуші. Қазақтың сөз мәдениетінде жырау, жыршы, өлеңші сияқты тұлғаларды қамтыған. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде шынайы ақын өзінің суырып салма өнерімен дараланған. Ол өлеңді, жырды домбыра немесе қобыз сияқты музыка аспаптарының сүйемелдеуімен орындаған. Зерттеушілер қазақ поэзиясының тарихи кезеңдеріне, мәдени ақпарат беру тәсілдеріне, стилі мен жанрына қатысты ақындарды жыршы ақындар және жазба ақындар деп екі топқа бөледі. Қазіргі күндері ауызекі ақындарды шығармашыларының ерекшеліктеріне байланысты: айтыс ақындары, әнші ақындары, термешілер, т.б. жіктер таратады.

АЛҒЫШАРТТАР – логикада – пайымдау, бұдан ой түйіндеу арқылы жаңа пайымдау (қорыту) келіп шығады. Ой түйіндеудің түріне байланысты алғышарттың алуан түрлі пайымдаулары мен олардың үйлесімі болуы мүмкін. Ой қортындылаудың түйіні ақиқат болуы үшін алғышарттардың ақиқат болуы және олар ой қорытындылауда қисындық тұрғысынан дұрыс қабысуы қажет.

АЛХИМИЯ – дүниетанымдық,натурфилософиялық және діни-мистикалық ортағасырлық ілім. Оның мақсаты «философиялық тасты» алу болды. Алхимия ілімі бойынша философиялық тас (даналар тасы, эликсир, тинктура) – ерекше зат, яғни өзінің ықпалымен жай металды алтын және күміс сияқты бағалы металдарға айналдыруға, жастық шақты қайтаруға болады деген түсінік қалыптастырды. Кейбір алхимиктер жасанды жолмен адамды (гомункулус) жасаудың тәсілдерін іздестірді. Алхимия жердегі және космостық, тірі және өлі табиғат, табиғат және қоғам, адам және заттардың әрекеттері процесінің бөлінбеген бейнесін көрсетті. Заттар әлеміне билікке иелікті алхимия табиғаттың объективтік заңдылықтарын танумен байланыстырмады. «Ақиқат» дегеніміз өзіміз тілеген заттың айналу кілті, ол «жоғарыдан» берілген, оны аяқтау үшін философиялық тастың көмегімен мистикалық ашылулар мен магиялық жоралғыларды пайдалану керек. Алхимияның идеялық тамыры ертедегі батыс және шығыстық дүниетанымдарда төрт элементтің (от, су, ауа, жер) бір-біріне айналуы туралы ілімінде кездеседі. Алхимия мың жылдан (4-16 ғғ.) артық өмір сүрді. Батыс Еуропаға Египет пен араб елдерінен енді, сонымен қатар Қытай мен Үндістанда да тараған. Танымал өкілдері: Ұлы Альберт, Р.Бэкон, Луллий. Философиялық тасты іздеу мақсатында жүргізілген түрлі стихиялық эксперименттер маңызды заттар мен материалдарды (фосфор, мүсәтір, фарфор, т.б.) алуға, техниканың дамуына, металды, тұздарды, дәрілерді алу тәсілдерінің жетілуіне әкелді. 17-18 ғғ. алхимия идеялары жоққа шығарылды.

АЛЬТЕРНАТИВ – бір-бірін өзара жоққа шығаратын шешімдердің бірін таңдау қажеттігі.

АЛЬТРУИЗМ (лат. аlter – басқа) – адамның өзі үшін емес, өзгелер үшін өмір сүруі, басқаларға әрдайым қамқор болуы сияқты қасиеттерді басшылыққа алатын адамгершіліктік принцип, эгоизмге қарсы ұғым. Терминді философияға алғаш енгізген О.Конт болды. Буржуазиялық этикада альтруизм ұғымы жақыныңа махаббат, кешірімді болу сияқты принциптерге негізделген діни моральдық іліммен ұштасты. Жаңа заман ағартушылары: Юм, А.Смит, Руссо, Гёте және т.б. кеңінен қарастырды. Социализм дәуірінде ұжымдастық, бірлестік және өзара көмектесу, қоғамдық борыш ұғымдарымен астасты.

АНАЛИЗ ЖӘНЕ СИНТЕЗ ( грек. analysis – бөлу, synthesis – қосу) жалпы мағынасында ойдағы немесе фактілік процестердегі бүтіннің құрылымдық бөліктерге, ал бөліктердің бүтінге айналуы. Анализ және синтез ойлаудың логикалық әдісі ретінде оның барлық деңгейлері мен ойлау операцияларында (абстрактілеу, жалпылау) қолданылады.

АНАЛИТИКАЛЫҚ ФИЛОСОФИЯ – 20 ғ. кеңінен таралған және әртекті бағыттардан құралған, түрлі топтарды, ағымдар мен жекелей философтарды біріктірген, осыған дейін де философияның дәстүрлі мәселелері болып келген, проблеманың мәнісін айқындау мақсатында тілдегі сөздерді, ғылыми сөйлемдерді логикалық жолмен талдау жасау философияның міндеті деп қарастырған. Анализ тілдегі мәселенің анық емес бейнесін, мәселенің айқын шынайы мәнімен ауыстыруы қажет. Бұл ретте проблема дұрыс қойылмауы мүмкін, немесе түрлі тілдік формалардың қолданылуынан, немесе философияға оның мүлдем қатысы болмауы мүмкін де, оны жеке ғылымдардың құралының негізінде шешу қажет. Аналитикалық философия негізінен АҚШ пен Англияда кеңінен тарады, оның кейбір өкілдері мен топтары Скандинавия елдері мен Австралияда да болды. Англияда аналитикалық философияның басты түрі лингвистикалық философия қалыптасты. Ал АҚШ-та лингвистикалық философияға жақын философтардың көзқарастарынан басқа логикалық эмпиризм (Карнап, Г.Фейгль, т.б.) және неопрагматизм (В.Куайн, Н.Гудмен, М.Уайт) ағымдары пісіп жетілді. Сонымен қатар ешқандай ағымдарға жатпаған американдық еркін аналитиктер (У.Селларс және т.б.) болды. Философиялық білімнің дүниетанымдық мазмұнын жоққа шығарған, аналитикалық философия қазіргі батыс философиясында позитивизм үрдісін тудырды.

АНАЛОГ (грек. analogos – сәйкестік) идеалдық объектіні анықтайтын (ұғым, теория, зерттеу әдісі, т.б.), материалдық затты, процесті, заңдылықты толықтай айқын көрсететін таным теориясының термині.

АНТИКА – көне гректік құлиеленушілік қоғам (б.з.б. 7 ғ.) мен ежелгі римдік құлиеленушілік қоғамындағы (б.з.б.2 ғ. – б.з. 6 ғ.) қалыптасқан философиялық ілімдер мен мәдениеттерінің жиынтығының кезеңі.

АНТИЛОГИЗМ (грек. anti-қарсы, logos-ақыл) – категориялық силлогизмнің сілтемелердің үйлесімсіздігін көрсетіп, оның қорытындысын да терістейтін логиканың түрі. Антилогизм теориясы силлогистика нұсқаларының бірі.

АНТИНОМИЯ (грекше – заңның өзіне өзі қайшы келуі) – 1) зат туралы екеуі де қайшылықты пікірлердің бірлігі, бұл пікірлердің логикалық негізделуі бірдей дәрежеде нанымды бола алады; 2) идеяны немесе заңды дәлелдеп тұжырымдауға тырысқанда пайымдалатын жойылмайтын қайшылық.

АНТРОПОЛОГИЗМ – философиялық концепция, оның өкілдері «адам» ұғымын негізгі көзқарастық категория деп қарастырады және табиғат, қоғам, ойлау туралы түсініктер жүйесін тек осы категория арқылы ғана жасауға болады деп тұжырымдайды.

АНТРОПОМОРФИЗМ (грек. anthropos-адам, morphe-түр) – табиғаттың сыртқы күштеріне және қияли мифтік бейнелерге адам қасиеттері мен ерекшеліктері тән деп қарастыру. Яғни, адамның өзіндік мәндік қасиеттерін бүкіл табиғатқа таратуы, табиғаттың құбылыстары мен заттарын олардың адам сияқты жаны, ойы, сезімі, іңкәрі бар деп түсінуі. Ксенофан антропоморфизмде діннің ерекше белгілерін байқаған, ал Фейербах діндегі антропоморфизмнің маңызын толық ашты. Антропоморфизм анимизммен, тотемизммен байланысты және қазіргі діндердің көбіне тән; ислам мен иудаизмде жасырын түрде келеді. Жаңа заманда дінді антропоморфтық түсініктерден тазарту әрекеттері жасалынған (деизм, теизм, т.б.). Антропоморфтық жеке ғылыми ұғымдарға да (Мыс: күш, энергия, басқару, т.б.) тән сипат. Алайда, «семаниткалық» антропоморфизм олардың объективтік мазмұнын жоққа шығармайды.

АНТРОПОЦЕНТРИЗМ (грек. anthropos – адам, centrum – орталық) – дүниенің орталығына адамды қоятын италияндық Қайта Өрлеудің концепциясы. Ол еуропалық Жаңа заман мен Ағартушылық идеологиясы һәм өмірлік өлшеміне және гуманизмнің маңызды шартына айналды. Адамды әлемнің түпқазығы деп есептеу арқылы оның белсенділік идеясы тұжырымдалды. Еуропалық жасампаз «фаустық адам» іргетасы антиктік қоғамда қалыптасқанымен, антиктік субъект табиғат аясынан шыға алмады. Жаңа заманда адам еріктері мен мінез-құлықтары туралы концепция қалыптасты, оның қағидалары нарыққа, демократияға, азаттық қоғамға бет бұрған әлеуметтік мәдениетті басшылыққа алды. Неміс философы И.Кант адамды қашанда құрал түрінде алмай, оған түпкі мақсат ретінде ұмтылу керек деді. Антропоцентризмнің кейбір қағидалары 19 ғ. екінші жартысында қалыптасқан мәдени антропологияда ұтымды қолданылды. 20 ғ. кейбір мәдениеттанушылары антропоцентристік өркениеттің шектерін де атап өтті: табиғатқа қарсы бағытталған тежеусіз адамдық шовинизм экологиялық дағдарысқа әкелді.

АПАРИГРАХА – джайнизм іліміндегі ұғым: дүниедегі заттарға қызықпау, байланбау, самарқау қарау.

АПАТИЯ (грек. apatheia - бейтараптық) – қандай да бір әрекетке бейқам, ниетсіздікпен қарайтын адамның күйі (көбінде жоғарғы нерв қызметы бұзылған адамдарда кездеседі). Стоиктердің этикалық ілімінде, апатия – бейтараптық, рухани сабырлылық, сезімнің ақылдың қызметіне кедергі жасамайтын сәтімен анықталған. Стоиктерге, сірә шығыстық діни-философиялық ілімдер ықпал етуі мүмкін, әсіресе, буддизм мен джайнизм ілімдеріндегі адам жанының ең жоғарғы күйі, абсолюттік тыныштыққа жетуі – нирвана түсінігімен байланыстылығы.

АПЕЙРОН ( apeiron – шектелмеген) – шексіз. Анаксимандрдың пікірінше, формасы жоқ алғашқы зат, барлық заттар осы апейрондардан құралған. Натурфилософтар апейронды алғашқы бастау деп қабылдады. Платон мен пифагоршылар оны материяның синонимі ретінде түсінді.

АПОЛОГЕТИКА (грек. apologetikos – қорғаушы) – теологияның тармағы. Христиандық дүниетанымды негіздеу мен қорғауда маңызды роль атқарды. Апологетиканың құрамына: құдай болмысын дәлелдеу, жанның мәңгілігі туралы, дін мен оның жеке догматтарына қарсы шығушыларға тойтарыс беруге арналған ұғымдар, т.б. кіреді. Апологетика діни догматтарды меңгеруде ақылдың күші жетпейтіндігін айтып, иррационалистік мазмұнға жақын болды. Апологетикаға софистика, догматизм, обскурантизм және антиғылымилық белгілер тән. Апологетиканың көрнекті өкілдері: Квинт Септимий Тертуллиан, Тит Флавий Климент және Ориген.

АПОРИЯ (грекше aporia - тығырық) – көне грек философиясында шешімі қиын немесе шешілмейтін мәселелерге байланысты қолданылған ұғым. Алғаш рет апория ұғымы Зенонның қозғалыстың болмайтындығы туралы философиялық талқылауынан көрініс табады. Бірақ ойшыл бұл ұғымды тікелей мағынасында қолданбаған. Апория философиялық термин ретінде Платонның, кейін Аристотельдің еңбектерінде «қарсы қорытындылардың теңдігі» мағынасында беріледі. Апорияға Канттың антиномиялары да жақын келеді.

АПОСТЕРИОРИ (лат. a posteriori – келесіден) – тәжірбиенің нәтижесінде алынатын білімді анықтайтын термин.

АППЕРЦЕПЦИЯ (лат. perception – қабылдау) – адамның әрбір қабылдауының, оның өткен өмірлік тәжірбиесі мен психикалық қалпына тәуелділігі. Терминді алғаш енгізген Лейбниц болды, оның философиясында апперцепция өзіндік санамен байланысты.

АПРИОРИ (лат. a priori – тәжірбиеге дейін) – тәжірбиеге, іс-әрекетке дейін, оған тәуелсіз танылатын, ешқандай тәжірбиелік дәлелдеуді қажет етпейтін ұғым. Априориге қарсы Кант философиясында апостериори ұғымы қолданылады.

АРГУМЕНТ (лат. argumentum). Логикада – қандай да бір ойдың ақиқаттылығын растауды пайымдау немесе дәлелденеген барлық дәлелдеулердің жиынтығы.

АРХАТ – Көне Үнді философиясының ұғымы, «жеңімпаз» дегенді білдіреді. Архат деп нирванаға жеткен, сананың тыныш ағынын бұзатын құштарлық-құмарлық сезімдерін жеңген адамды атайды.

АРХЕТИП – алғашқы образ, идея. Архетиптер аналитикалық психологияда инстинктілермен қатар «ұжымдық бейсаналықтың» қатпарларында болатын және жалпыадамзаттық символиканың негізін құрайтын, туа біткен психикалық құрылымдар болып табылады.

АСКЕТТІК (грек. asketes – жаттығу, ерлік) – саналы түрде табиғи қызықтардан, өмір игіліктері мен ләззаттықтан өзін рухани құтқару мен жоғары мағыналықты көздеп, адами немесе діни мұраттарға жету үшін бас тартып, өткінші дүние құндылықтарын тәркі ету. Аскетизм көптеген діни (буддизм, индуизм, иудаизм, христиан, ислам) және философиялық (пифагоршылар, стоиктер, гностиктер, неоплатоншылдар) жүйелердің жалпы принципі болып келеді.

АСТЕЙЯ -джайнизм іліміндегі ұғым: ұрламау, өлейін деп жатсаң да, еш нәрсені рұқсатсыз алмау, сұрап қана алу.

АТАРАКСИЯ (грек. ataraxia – тыныштық) – кейбір көне грек философтары мен данышпандарының көзқарастары бойынша жан тыныштығы немесе бейқам сәт. Демокрит, Эпикур, Лукрецийдің пікірлерінше атаракцияға қол жеткізу дүниені танып білу, қорқынышты жеңу, үрейден арылу арқылы болады. Скептиктер (Пиррон, т.б.) ойлауды шектеген кезде мүмкін деп санаса, стоиктер апатия туралы ілімді одан ары дамытып, болып жатқан құбылыстарға бейқам қарауға шақырды.

АТЕИЗМ (франц. atheiste, грек. аtheon – құдайсыздық) – табиғаттан тыс күштерге (рухтар, құдайлар, ақыреттік өмір, т.б.) сенуді жоққа шығаратын көзқарастар жүйесі, бүкіл дін атаулыны бекерге шығару. Адамзаттың тарихи даму барысында атеизм әртүрлі әлеуметтік топтардың идеялық қаруы ретінде пайдаланылды. Мысалы, маркстік атеизм диалектикалық және тарихи материализмді өзінің философиялық негізі етіп алды. Ол атеистік тәрбие жүйесінің теориялық негізін құрайды. Коллективтендіру, тәркілеу, т.б. саяси науқандарда дін иелері қатты қудаланды. Қоғамдық ғылымдар академиясы жанынан Ғылыми атеизм институты құрылып, «Ғылыми атеизм мәселелері» атты мерзімді басылымды жарыққа шығарды. Кеңестік жүйенің әрбір халыққа тән өзіндік салт-дәстүр, діни наным-сенім ерекшеліктерін күштеп жою бағытында жүргізген әрекеттері бұқара халықты рухани тоқырауға соқтырды.

АТМАН – бұл ұғымның бірнеше мағынасы бар: «мен», «өзімді», «дене». Бірақ атман ұғымының ең басты мағынасы – индивидуальдік және универсальдық космостық психикалық болмыс ретіндегі «адам». Осы мағынада атман бүкіл бар болып отырғанның генетикалық және субстанционалдық бастауы, негізі және соңы. Атман рухани және денелік деп бөлінеді, сондай-ақ, ол көбіне ақыл-ойдан, сөз бен тыныстан тұратын рухани бастау ретінде, «брахман» ұғымымен бірдей деңгейде түсініледі.

АТОМИЗМ – «әлемде атомдар мен бос кеңістіктен өзге ештеңе жоқ» және «барлық заттар атомдардан тұрады» деп санайтын философиялық ілім. Мұндай тұжырымдама 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басына дейін өмір сүрді. Атомистиканың алғашқы түсініктемесі көне үнді философиясындағы ньяя, вайшешика ілімдерінде беріледі, ал толыққанды жүйеленген түрде Левкипп, Демокрит, Эпикур және Лукрецийлер қарастырады. Демокрит атомдардың бір-бірінен өзгешелігі формасында деп санаса, ал Эпикур салмағында, шамасында деді.

АТРИБУТ (лат. attribuo – бөлемін) – заттың онсыз ойлай да, өмір сүре де алмайтын ажырамас қасиеті. Аристотель атрибутты акциденциядан бөлек деп қарастырса, Декарт субстанцияның маңызды қасиеті деп санады. Сондықтан оның материалдық субстанциясының атрибуты созылмалылық, рухани субстанцияда – ойлау. 18 ғ. француз материалистері материяның атрибуты кеңістікте көсілу мен қозғалыс, ал кейбіреулері (Дидро, Робине) ойлау деген пікірде болды. Термин қазіргі заман философиясында да қолданылады.

АХИМСА – джайнизм іліміндегі ұғым: ешнәрсеге зәбірлік жасамау, өйткені барлық тіршіліктің жаны бар.

Ә –

ӘДІЛЕТ – ғибраттық-құқықтық, әлеуметтік-саяси сана категориясы, адамның түпкілікті құқықтарының тарихи кезеңдерде өзгерістерге ұшырауына байланысты оған берілетін шынайы баға туралы ұғым. Әділет жеке адамның немесе әлеуметтік топтың қоғам өміріндегі атқаратын рөлі мен олардың әлеуметтік жағдайы арасындағы үйлесімділікті талап етуі, олардың құқықтары мен міндеттері арасындағы атқарған істері мен оны бағалаудың қылмыс пен жазаға тартудың, адамдардың сіңірген еңбегі мен оның қоғам тарапынан елеп-ескерілуінің араларындағы үйлесімділікті талап ету тұрғысында қаралады. Бұл қатынастар арасындағы үйлесімсіздік – әділетсіздік деп есептеледі. Қоғамдық сана тарихындағы ең бірінші әділет туралы түсінік алғашқы қауымдық құрылысқа тән бұлжымас қағидаға байланысты пайда болды: қағида бұзылса ол әділетсіздік деп танылды және дереу жаза қолданылды.

ӘДІСНАМА – 1) қандай да бір ғылымда қолданылатын әдіс-тәсілдердің, таным құралдарының жиынтығы; 2) танымдық және практикалық-жаңартылған қызметтің ұйымдастыру принциптері мен алғышартын, құралдарын зерттейтін білім саласы.





Дата публикования: 2015-10-09; Прочитано: 964 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.012 с)...