Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып. Кәсіпкерлік шарт



1. Кәсіпкерлік шарт түсінігі

Нарықтық экономика жағдайында кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің өзара қатынастарын реттеудің негізгі құралы шарт болып табылады.

Шарт жайындағы қазіргі заманғы түсініктер жоғарыда келтірілген аспектілерді бойына сіңірген: шарт ретінде екі немесе бірнеші адамның азаматтық құқықтық қатынастардың пайда болуы, өзгеруі немесе тоқтатылуы туралы келісімін танумен қатар, шарт деп оның барлық қатысушыларының еркі бойынша заңдық факт, құқықтық қатынас, құжат, міндеттемелердің пайда болуын тікейтін кесі және басқалары түсініледі.

Кәсіпкерлік шарттың мәні туралы мәселеге көше отырып, «шаруашылық шарт» терминінің өткен жүзжылдықтың 30 жылдары бастапқыда өнім беру шартының синонимі ретінде пайда болғанын айтқан.

Ғалымдардың пікірлері қазіргі таңда кәсіпкерлік шарт түсінігіне байланысты бөлініп отыр:

1. Кәсіпкерлік шарт – бұл шарттың дербес түрі;

2. Кәсіпкерлік шарт – бұл азаматтық-құқықтық шарттың ерекше түрі.

Сөйтіп, кәсіпкерлік шарт – бұл кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында жасалатын, тараптар немесе тараптардың бірі кәсіпкерлік қызмет субъектісі болып табылатын келісім.

2. Кәсіпкерлік шарттың белгілері мен қызметтері

С.А.Паращук шаруашылық шарттың келесідей ерекшеліктерін атайды:

Ø Ол кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында жасалады;

Ø Оның тараптары немесе тараптардың бірі болып кәсіпкерлік қызмет субъектілері саналады;

Ø Қайтарымдық сипатында болады;

Ø Онда кәсіпкерлердің шарттық міндеттемелерінде барынша еркіндік және көтеріңкі талап үйлесім тапқан.

В.С. Белых шарттарды кәсіпкерлік санатына жатқызудың мынадай белгілерін бөліп көрсетеді:

Ø Кәсіпкерлік қызметке қатысты әртекті қатынастар туындайтын кәсіпкерлік қызмет саласында қалыптасқан қатынастар;

Ø Субъектілік құрам – кәсіпкерлік қызметтің екі тарабы да болатын жағдай;

Ø Мүлікті пайдаланудың кәсіпкерлік мақсаты.

Сонымен, кәсіпкерлік шарттың басты және айқындаушы белгісі екеу:

1. айрықша субъектілік құрам (тараптар немесе тараптардың біреуі кәсіпкерлік қызмет субъектісі болып табылады);

2. шарт жасасудың мақсаты (шарт кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін жасалады, сол себепті кәсіпкерліктің барлық белгілеріне сай болады).

Кәсіпкерлік шарт қызметтеріне мыналар жатады:

1. Кәсіпкерлік қызмет субъектілері арасында заңдық маңызы бар байланыстар орнату қызметі;

2. келісімге қатысушылардың өзара байланысты қызметінің мазмұнын (яғни кәсіпкерлік қызмет субъектілері ретіндегі тараптардың өзара құқықтары мен міндеттемелерін) анықтау қызметі;

3. кәсіпкерлік қатынастарды қалыптастыру қызметі;

4. келісімге қатысушылардың шарт тәртібін сақтауын қамтамасыз ету қыметі.

3. Кәсіпкерлік шарт жасасу, оны өзгерту және тоқтату ерекшеліктері

Кәсіпкерлік шарттың нысаны мәмілелер мен шарттардың нысанына жататын жалпы ережелермен, сонымен қатар кәсіпкерлік шарттардың көптеген түрелірінің нысанына жататын арнайы ережелермен реттеледі. Жалпы ереже бойынша мәмілелер ауызша немесе жазбаша түрде (жай немесе нотариалдық рәсімдеу) жасалады. Егер мәмілелердің жекелеген түрлері үшін заңдарда өзгеше жағдай арнай көзделмесе немесе іскерлік қызмет аясынан туындамаса, мәмілелерді жасау барысында орындалатындардан басқа, кәсіпкерлік қызмет үрдісінде жүзеге асырылатын; сонымен қатар нақты мәмілелерден басқа, жүз есептік көрсеткіштен асатын сомаға жасалатын мәмілелер жазбаша орындалуға тиіс (ҚР АК 152 б. 1 т.).

Мәміленің жай жазбаша түрін сақтамау оның жарамсыз болып қалуына соқтырмайды, бірақ дау туған жағдайда тараптарды мәміленің жасалғанын, оның мазмұнын немесе орындалғанын куәгерлік айғақтармен растау құқығынан айырады; алайда тараптар мәміленің жасалғанын, оның мазмұнын немесе орындалғанын жазбаша немесе өзге, куәгерлік айғақтардан басқа дәлелдермен растауға құқылы. Заң актілерінде немесе тараптардың келісімінде тікелей көрсетілген жағдайда мәміленің жай жазбаша түрін сақтамау оның жарамсыз болып қалуына әкеліп соқтырады (ҚР АК 153/3 т.).

ҚР АК шартты өзгерту және бұзу тәртібі белгіленген, оның үстіне шартты біржақты бұзудың мүмкін еместігі жалпы ереже болып табылады. Егер тараптар шарт жасасқанда тараптардың біреуінің бастамашылығымен шартты біржақты бұзу мүмкіндігін қарастырмаған болса, онда бұл мәселе тек сот арқылы және белгілі бір себептерге байланысты, атап айтқанда, екінші тарап шартты елеулі бұзған кезде шешіледі (ҚР АК 401 бабы). Тараптардың біреуінің шартты бұзуы екіншісіне шарт жасасу кезінде үміттенуге құқылы болған нәтижеден айтарлықтай айырылып қалатын шығынға ұшыратса, мұндай шарттың бұзулуы елеулі деп танылады.

Шарт бұзылғанда тараптардың міндеттемелері тоқтатылады, ал өзгергенде әрекет ете береді, бірақ өзгерген түрінде. Міндеттемелердің тоқтатылуының немесе өзгеруінің уақыты тараптардың шартты өзгерту немесе бұзу туралы келіскен сәті болып табылады, ал шартты бұзу немесе өзгерту сот тәртібімен шешілген жағдайда, соттың шартты бұзу немесе өзгерту туралы шешімі заңды күшіне енген сәттен есептеледі.

Шартты орындаудан біржақты бас тартуға (шарттан бас тартуға) азаматтық заңмен, басқадай заң актілерімен немесе тараптардың келісімімен қарастырылған жағдайларда рұқсат етіледі. Сонымен, мынандай:

Ø шартқа негізделген міндеттемелерді орындаудың мүмкін еместігі;

Ø белгіленген тәртіпте екінші тарап банкрот болып танылса;

Ø срның неігізінде шарт жасалған мемлеккеттік органның актісі өзгергенде немесе заң күшін жойғанда;

Ø егер заңмен немесе тараптардың келісімімен басқадай көзделмесе, шарт мерзімі көрсетілмей жасалған жағдайларда тараптардың біреуі шартты орындаудан бас тартуға құқылы.

Егер заңмен немесе тараптардың келісімімен өзгедей белгіленбесе, тараптар шарт бұзылғанға немесе өзгергенге дейін міндеттемелері бойынша орындағандарын қайтаруды талап етуге құқылы емес. Егер шарттың бұзылуына немесе өзгеруіне тараптардың біреуінің шартты елеулі бұзғаны негіз болса, екінші тарап шарттың бұзылуы немесе өзгеруі себепті келтірілген залалдың орнын толтыруды талап етуге құқылы.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 8679 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...