Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып. Сыртқы экономикалық қызметті құқықтық реттеу



1. Сыртқы экономикалық қызмет түсінігі

Нарықтық қатынастардың дамуы жағдайларында кәсіпкерлік қызмет ішкі нарықпен шектеліп қала алмайды. Тауарларды сатып алу және сату, жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету үшін кәсіпкерлер халықаралық нарыққа шығады, яғни сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асырады.

«Сыртқы экономикалық қызмет» термині алғаш рет Қазақ КСР-інің 1990 ж. желтоқсанның 15-гі №408-ХІІ «Қазақ КСР сыртқы экономикалық қызметінің негізгі принциптері» деген Заңымен еңгізілді. Аталған Заңның 1-бабына сәйкес, «Қазақ КСР-гі сыртқы экономикалық қызмет» болып «заңды тұлғалардың және азаматтардың шетелдік заңды тұлғалар және азаматтармен экономикалық, сауда-саттық, валюта, ғылыми-техникалық, мәдени және басқадай қатынастарын қамтитын қызметі» саналады. Заң шығарушы тұрғысынан алғанда, «сыртқы экономикалық қызмет» - бұл экспорт, қайта экспорт, импорт, қайта импорт және өнім тасымалдау бойынша жүргізілетін қызмет.

Заң әдебиетінде «сыртқы экономикалық қызмет» - ол субъектілердің тауарлар (қызметтер) экспорты, импорты, шетелдік инвестициялар, сақтандыру, республиканың нарықтық экономикасын құру және қалыптастыру мақсатында материалдық және басқадай өндіріс саласында бірлескен кәсіпкерлік қызметі, республиканың әлемдік экономикаға ену, ал, ең бастысы, республика халқының қажеттіліктерін қанағаттандыру мәселелері бойынша жүргізілетін қызмет деп түсініктеме берілген. Мұндай қызмет коммерциялық сипатта немесе коммерциялық емес сипатта болуы мүмкін. Сыртқы экономикалық кәсіпкерлік қызметтің бір түрі сыртқы сауда қызметі болып табылады.

Сыртқы сауда қызметі – бұл тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді, ақпаратты, зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелерін халықаралық айырбастау саласындағы кәсіпкерлік қызмет. Сыртқы сауда қызметі қызметтің басқа түрлерінен мынандай белгілері арқылы ерекшеленеді:

1. Бұл – кәсіпкерлік қызмет түрі;

2. Ол тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді және т.б. айырбастау саласында жүзеге асырылады.

3. Тиісті мәміле нысанын кеден аумағынан тыс шығару (экспорт кезінде) және тиісінше, оны осы аумаққа енгізу (импорт кезінде) орын алады.

Кәсіпкерлік қызмет түрі ретіндегі сыртқы экономикалық қызмет кеден шеқарасы арқылы тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) және мүліктің басқадай түрлерін шетелдік мемлекет аумағына өткізуге байланысты қызмет болып табылады. Жеке тұлғалардың сыртқы экономикалық қызметінің құқықтық нысандары ретінде кәсіпкерлік шарттың өзгеше бір түрі болып табылатын сыртқы экономикалық шарттар қолданылады.

Сыртқы экономикалық қызметтің негізгі екі түрін бөліп айтуға болады:

1. мемлекеттің сыртқы экономикалық қызметі (яғни мемлекеттің сауда, экономика, туризм, және т.б. салаларда басқа мемлекеттермен ыңтымақтастықты дамыту бойынша жүргізілетін қызметі);

2. заңды және жеке тұлғалардың сыртқы экономикалық қызметі.

2. Сыртқы экономикалық қызмет субъектілері

«Экспорттық бақылау туралы» (18.06.1996 ж.) Заңның 1 бабына сәйкес, экспорт, қайта экспорт, импорт, қайта импорт және өнім тасымалдау бойынша қызметті жүзеге асыратын ҚР заңды және жеке тұлғалары, шетелдік заңды және жеке тұлғалар сыртқы экономикалық қызмет субъектілері бола алады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы және шетелдік мемлекеттер де сыртқы экономикалық қызмет субъектілері болып санала алады. Алайда, негізінен, сыртқы экономикалық қызмет субъектісі – заңды тұлға болып табылады.

Сыртқы экономикалық қызмет субъектілері ретіндегі заңды тұлғаларды үлкен екі топқа:

1. ҚР заңды тұлғалары;

2. Шетелдік заңды тұлғалар деп бөлуге болады.

Өз кезегінде, ҚР заңды тұлғалары сыртқы экономикалық қызмет субъектілері ретінде тағы екі топқа бөліне алады:

1. ҚР шетелдік капитал қатыспайтын заңды тұлғалары (мұнда қатысудың бар үлесі немесе акциялар пакеті түгелдей ҚР азаматтарына, ҚР заңды тұлғаларына немесе мемлекетке тиесілі);

2. Шетелдіктер қатысатын заңды тұлғалар.

Шетелдік кәсіпорындардың қабылдаушы мемлекет аумағындағы кәсіпкерлік қызметі, негізінен, келесідей нысандарда жүзеге асырылады:

1. кәсіпкерлік шарттар жасасу, мемлекеттік бағалы қағаздар және т.б. сатып алу);

2. заңды тұлға құру (оның ішінде бірлескен кәсіпорындар, толығымен шетелдік қатысушыға жататын кәсіпорындар, еншілес кәсіпорындар);

3. шетелдік заңды тұлғалардың филиалдарын, өкілеттіктерін құру.

Сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына байланысты ҚР заңдарында тағы «резидент» және «резидент емес» деген түсініктер қолданылады («Валюталық реттеу туралы» Заңның 1 б. 15 т. Және 10 т.).

3. Сыртқы экономикалық қызметті валюталық реттеу

ҚР сыртқы экономикалық қызметті валюталық реттеудің құқықтық негіздерін валюталық реттеу туралы заң және басқа нормативтік құқықтық актілер құрайды.

Валюталық реттеуді орнықты экономикалық өсуге қол жеткізу және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты қолдау мақсатында ҚР Ұлттық банкі, сондай-ақ жалпы құзыретті органдар жүзеге асырады.

«Валюталық реттеу туралы» Заңның 13 бабына сәйкес, резиденттер арасындағы валюта операцияларына тыйым салынады, ал тыйым салынбайтын операциялар төмендегідей:

Ø тараптардың біреуі ҚР Ұлттық Банкі және ҚР Қаржы министрілігі болып табылатын операциялар;

Ø қызметкерлерді ҚР аумағынан тыс жерлерге іссапарларға жіберуге байланысты шығындарды төлеу;

Ø жеке тұлғалардың басқа жеке тұлғалар пайдасына банк салымдарын салуы;

Ø ҚР заң актілерінде қарастырылған жағдайларда салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуге байланысты операциялар.

Резиденттер төмендегілерді орындауға:

Ø ҚР валюта заңына сәйкес, тараптардың келісімі бойынша резидент еместермен ұлттық және шетелдік валютада мәмілелер жасасуға;

Ø Резидент еместермен жасалатын операциялар бойынша шетелдік валютамен вексельдер шығаруға құқылы.

Резидент еместер: салымдар (депозиттер), бағалы қағаздар, қарыз беру және валюталық реттеу туралы заңда көзделген тәртіпте резиденттермен жасалған басқа да валюталық операциялар бойынша шектеусіз дивидендтер, сыйақылар және басқадай табыстар алуға және аударуға құқылы. ҚР аумағында резидент еместермен валюта операциялары заң тәртібімен белгіленген талаптарды есепке ала отырып, шектеусіз жүзеге асырылады.

Резиденттердің және резидент еместердің валюта операциялары бойынша төлемдері мен аударымдары уәкілетті банктердегі шоттар арқылы жүзеге асырылады.

Жеке тұлғалар – резиденттер және резидент еместер ҚР қолма-қол шетел валютасын 10 мың АҚШ долларының балама сомасынан аспайтын мөлшерде, шығарылатын қолма-қол соманың шыққан тегін растайтын құжаттарсыз-ақ сыртқа әкете алады. 10 мың АҚШ долларының балама сомасынан асатын қолма-қол ақшаны сыртқа шығару үшін, ҚР кеден органдарына олардың шыққан тегінің заңдылығын растайтын құжаттар көрсетілуге тиіс.

ҚР-ға жеке тұлғалар – резиденттер және резидент еместердің қолма-қол шетел валютасын және 3 мың АҚШ доллары баламасынан асатын ұлттық валютаны алып келу және сыртқа шығару – кіретін немесе шығатын қолма-қол шетел валютасының және ұлттық валютаның барлық сомасына ҚР кеден органында кеден мағлұмдамасын беру жолымен міндетті мағлұмдауға жатқызылады. ҚР-да нақты құны ұлттық және шетелдік валютамен белгіленген төлем құжаттарын (вексельдерді, чектерді, оның ішінде жол чектерін) кіргізу және одан шығару жазбаша мағлұмдауға жатпайды және шектеусіз жүзеге асырылады.

4. Сыртқы экономикалық қызметті кәсіпкерлердің қатысуымен кедендік реттеу ерекшеліктері

Сыртқы экономикалық қызметті кедендік реттеу деп: өкілеттік мемлекеттік органдардың тауарлар мен көлік құралдарын ҚР кден шеқарасынан алып өту ержелерін белгілеу және жүзеге асыру, осы ережелердің сақталуын қамтамасыз ету және оларды бұзғаны үшін ҚР заң актілерінде көзделген тәртіпте жауапкершілік шараларын қолдану қызметін түсіну керек.

Кедендік реттеуге тап болған сыртқы экономикалық қызметтің субъектілері болып коммерциялық мақсатта тауарлар мен көлік құралдарын ҚР кеден шеқарасы арқылы алып өтетін тұлғалар саналады. Сонымен бірге кәсіпкерлік қызмет субъектілері қатарына кәсіпкерлік қызметті кдендік қызмет көрсету бойынша жүргізетін басқа да тұлғаларды жатқызуға болады.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 8105 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.009 с)...