Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып. Кәсіпкерлік қызмет субъектілері



1. Кәсіпкерлік қызмет субъектілері ұғымы

Кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып коммерциялық ұйымдар (меншік түріне қарамай, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттік емес заңды тұлғалар да) және кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғалар (жеке кәсіпкерлер) саналады. Кәсіпкерлік қызметтің басқа қатысушылары қатарына: кәсіпкерлікпен айналысатын коммерциялық емес ұйымдарды; кәсіпкерлік қызметпен тіркеусіз айналысатын азаматтарды, коммерциялық ұйымдардың (оның ішінде шетелдік те) филиалдары мен өкілліктерін, кәсіпкерлер бірлестіктерін – холдингтерді, қаржылық-өнеркәсіптік топтарды, консорциумдарды (жай серіктестіктерді) және заңды тұлға құрмаған басқа да бірлестіктерді жатқызуға болады.

Кәсіпкер дегеніміз – ол кәсіпкерлік қызметті заңмен немесе келісім шартпен белгіленген тәртіпте тұрақты негізде жүзеге асыратын тұлға.

Экономикалық қатынастардың қандай да бір қатысушысын кәсіпкер деп тану үшін, ол белгілі бір талаптарға: 1) оқшауландырылған (дара) мүлкінің болуы; 2) кәсіпкерлік құқықтары мен міндеттерінің (шаруашылық құзырының) болуы; дербес мүліктік жауапкершілік; кәсіпкелік қызмет субъектісі ретінде мемлекеттік тіркелуі сияқты белгілерге сай болуға тиіс.

Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін субъектінің оқшауланған мүлкі болуға тиіс, өйткені кәсіпкерлік қызмет белгілі бір мақсаттарға жету үшін мүлікті пайдалануға тікелей байланысты. Мұндай оқшауланудың негізгі формалары болып жеке меншік құқығы және шаруашылық жүргізу құқығы саналады (сонымен бірге тікелей басқару құқығы және жалдау құқығы және т.б. формалары да болуы мүмкін).

Кәсіпкерлік қызмет субъектісіне заңға немесе келісім-шартқа сәйкес берілген құзыреттер жинала келе, оның шаруашылық құзыретін құрайды. Әдетте, шаруашылық құзыреттің мынадай түрлері ажыратылады: 1) жалпы құзырет (соған сәйкес субъект кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға қажетті субъективтік құқықтар мен заңдық міндеттерге ие болады, яғни жалпы құзырет жеке кәсіпкерлік субъектілеріне беріледі); 2) арнайы құзырет (құрылтайшылық құжаттарда айқындалады және заңмен белгіленген нақты субъект (мысалы, коммерциялық емес ұйым) қызметтің мақсаттарына сай болуға тиіс); 3) шектеулі құзырет (жалпы құзыретке ие субъектінің өз қалауы бойынша құрылтайшылық құжаттарда айқындалады); 4) дара шаруашылық құзырет (қызметтің басқа түрлерімен айналыса алмайтын кәсіпкерлік қызметтің жекелеген субъектілеріне, мысалы, табиғи монополиялар субъектілеріне, банктерге және т.б. қатысты заң белгілейді).

Азаматтық заңдар кәсіпкердің жоғары жауапкершілігін белгілеген, ол кінәсінің бар – жоғына қарамастан, кәсіпкердің міндеттемелерін орындамағаны немесе қанағаттанғысыз дәрежеде орындағаны үшін мүліктік жауапты екендігінен көрінеді. ҚР АК 359–бабының 1 тармағына сәйкес, кәсіпкерді жауапкершіліктен босататын жалғыз негіз форс-мажорлық (төтенше) жағдайлар немесе шама жетпейтін күш жағдайлары (табиғи апаттары, әскери қимылдар және т.б.) болып табылады. Мұндай жағдайларға, мысалы, нарықта тауарлардың, жұмыстардың немесе атқаратын қызметтердің болмауы жатқызылмайды.

Мемлекеттік тіркеу нәтижесінде субъект кәсіпкер мәртебесін иеленеді және толық көлемде өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жеңілдіктер мен артықшылықтар алу мүмкіндігіне ие болады. Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеудің жалпы негіздері мен тәртібі ҚР Азаматтық кодексі және 1995ж. сәуірдің 17-сіндегі № 2198-ші «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» ҚР Заңы арқылы реттеледі. Арнайы ережелер «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңмен көзделген (6 тарау).

Сөйтіп, бір немесе басқа қатысушыны кәсіпкерлік қызмет субъектісі деп тану үшін, барлық жоғарыда аталған белгілердің болуы міндетті.

2. Кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің құқықтары мен міндеттері.

Жеке кәсіпкерлік субъектілері мынадай құқықтарға ие:

- ҚР заңдарын сақтай отырып, жеке кәсіпкерлікті бөтеннің еңбегін жалдау арқылы жүзеге асыруға;

- ҚР заңдарында көзделген тәртіпте филиалдар мен өкілдіктер ашуға;

- өндіретін тауарларға (қызмет, жұмыстарға) дербес өзі баға қоюға;

- Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне ақылы негізде несие беруге;

- өз құқыққабілеттілігі шегінде сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруға;

- Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестігін құруға;

- Сараптамалық кеңес жұмысына қатысуға;

- Құқық қорғау және мемлекеттік органдарға жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқығының бұзылуына кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту туралы өтінішпен жүгінуге;

- өз құқықтары мен заңи мүдделерін қорғау үшін сот органдарына жүгінуге;

- жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғауға қатысты нормативтік құқықтық актілер ережелерінің жұмыс істемеуіне тосқауыл болып отырған себептерді алып тастау туралы ұсыныстармен мемлекеттік органдарға шығуға.

Сонымен қатар жеке кәсіпкерлік субъектілеріне мынандай міндеттер жүктеледі:

- Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, жеке не заңды тұлғалардың құқықтары мен заңи мүдделерін сақтауға;

- өндіретін өнімдері Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келуін қамтамасыз ету;

- лицензиялауды талап ететін жеке кәсіпкерлік қызмет түрлерін жүзеге асыруға лицензия алу;

- Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес міндетті азаматтық-құқықтық сақтандыруды жүзеге асыру.

3. Кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің түрлері.

Кәсіпкерлік субъектілерін жіктеу әртүрлі негіздер бойынша жүргізулуі мүмкін. Біріншіден, соның неігізінде құрылған және жұмыс істейтін меншік түріне байланысты мемлекеттік және жеке ұйымдарды бөлуге болады. Екіншіден, кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің заңды тұлға құқықтарының болуы немесе болмауына сүйене отырып, оларды мынандай: кәсіпкерлер – заңды тұлғалар немесе жеке кәсіпкерлер деп саралауға болады. Үшіншіден, ұйым пайда (табыс) табу үшін құрылғанына және оны өзара қатысушылар (құрылтайшылар) арасында бөлуіне байланысты коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар деп бөлуге болады.

Бөлудің басқа негізі ретінде жүзеге асырылып жатқан кәсіпкерлік қызметтің «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңмен белгіленген сандық және сапалық көрсеткіштері алынуы мүмкін және соларға сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілері: 1) шағын кәсіпкерлік субъектілері; 2) орта кәсіпкерлік субъектілері; 3) ірі кәсіпкерлік субъектілері деп топқа бөлінген.

Заңды тұлға құрмаған, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын дара кәсіпкерлер және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын және жыл бойғы активтерінің орташа жылдық құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген алпыс мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.

Мыналарды:

· есірткі заттарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың айналымымен байланысты қызметті;

· акцизделетін өнімді өндіруді және (немесе) көтерме сатуды;

· астық қабылдау пункттерінде астық сақтау жөніндегі қызметті;

· лотереялар өткізуді;

· ойын және шоу-бизнес саласындағы қызметті;

· сертификаттау, метрология және сапаны басқару саласындағы қызметті;

· мұнай, мұнай өнімдерін, газ, электр және жылу энергиясын өндіру, қайта өңдеу және сату жөніндегі қызметті;

· радиоактивті материалдардың айналымымен байланысты қызметті;

· банк қызметін (не банк операцияларының жекелеген түрлерін) және сақтандыру нарығындағы қызметті (сақтандыру агентінің қызметінен басқа);

· аудиторлық қызметті;

· бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік субъектілері болып таныла алмайды.

Заңды тұлға құрмаған, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан астам дара кәсіпкерлер және жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елуден астам, бірақ екі жүз елу адамнан аспайтын және жыл бойғы активтердің орташа жылдық құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген үш жүз жиырма бес мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын заңды тұлғалар орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.

8. Жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны екі жүз елу адамнан артық немесе жыл бойғы активтердің жалпы құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген үш жүз жиырма бес мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын заңды тұлғалар ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 14286 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.009 с)...