Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Мақсаты:Оқушыларға лирика жанрына байланысты мағлұмат беру



1. Лирика, жанрлық ерекшелігі, түрлері

  1. Лирикалық шығармаларды оқыту ерекшелігі

Негізгі ұғымдар: Лирика, лирикалық кейіпкер, өлең, шумақ, бунақ, кідіріс, көркем туынды, логикалық бірлік.

Лириканы оқытуда мынадай мәселелер ескерілу керек:

- Алдымен, лириканы оқуда эмоциялық, логикалық бірлікті сақтау керек;

- Оқушының лирикалық шығармаға деген көзқарасы болуы шарт;

- Өлеңнің әрбір бөліктерін өзара тұтастыру керек. Сол арқылы ақынның айтайын деген ойы анықталуы керек;

- Ақын шығармасында қандай көркемдік құралдарды пайдаланғаны талдану керек;

‑ Лирика мен ақынның бірлігі танылуы шарт.

Лириканы терең түсіну үшін қайталап оқып, басқа ақынның соған ұқсас өлеңдерімен салыстыру керек. Одан соң, мәнерлеп оқудың мәні үлкен. Академик З.Қабдолов:”Лириканы тақырыбына қарай топтап талдау оны жазған ақынның творчестволық бітімін пайымдау үшін айырықша мәні бар нәрсе: оның әр түрінен ақынның бір қырын тануға болады” десе, ғалым Ж.Дәдебаев:”Лирикалық шығармада ақын өмірден, айналасынан көргені мен білгендерін ғана жазып қоймай, сол құбылыстардан лирикаға арқау боларлықтай ең басты асыл қасиеттерін тани білу керек,”‑деген нақты ой түйеді.

“Өлең” ұғымы XIX‑XX ғасырларда нақты мазмұн иеленді. Өлең ‑ өлең сөзбен жазылған лирикалық сипаты басым шағын әдеби туынды. Өлең белгілі бір ырғаққа бағындырыла оқылады. Өлең шумақтан, тармақтан, бунақтан, буыннан, ұйқастан тұрады. Барлық тілдегі өлең тармағының негізгі өлшем бірлігі – буын. Буынның фонетикалық сипатына әуез, екпін секілді белгілер тән. Соған орай, өлең жүйесі метрикалық, силлабикалық, тоникалық, силлабо‑тоникалық болып жіктеледі.

Лириканы оқытудың өз заңдылығы бар. Оның интонациялық, синтаксистік, фонетикалық ерекшеліктері мәнерлеп оқу үстінде ашылады. Лириканы мәнерлеп оқу оның табиғатынан туындайды. Мәнерлеп оқудың өзіндік шартары бар. Солардың бірі – кідіріс. Оның үш түрі бар:

Грамматикалық кідірістің (бұл кейде өлеңаралық немесе тасымал кідірісі деп те аталады) эмоциялылығы жоғары. Бұған әр сөзді бөліп, ашық, түсінікті, тыныс белгілеріне орай кідіріп оқу жатады.

Логикалық кідіріс. Бұл – табиғи кідіріс. Мұнда шығарманың мән‑мағынасына орай, сол шығарманың идеясын ашатын жекелеген сөздерге салмақ түсіріледі. Бұл кезде тыныс белгілеріне онша назар аударылмайды.

Психологиялық кідіріс. Мұнда жеке сөздерге, сөз тіркестері мен тармақтың әсеріне көбірек салмақ түсіріледі. Бұл кідіріс арқылы лирикадағы негізгі ой ашылады. Яғни, қуану, шаттану, толғаныс, өкіну, сағыну, кекету және басқа көңіл‑күй беріледі.

Лириканың жекелеген компоненттерін таныту ‑ әдебиет сабағындағы басты мәселе. Оларға тақырып, идея, образ, композиция, сөз, тіл жатады. Ең алдымен лириканың тақырыбы ашылады. Мәселен, Абайдың “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым” өлеңінің тақырыбы – үстем тап билеген замандағы өмір қайшылығы, ал идеясы орта тартысының шындығын ашу, заман келбетін шынайы беру. Ел‑жұртының қамын ойлап, кем‑кетігін түгелдеудің жолын қарастырып, өмір шындығын бүркемелемей, ашық көрсеткен ақын ішкі жан дүниесін толқытқан, ашындырған мәселені жайып салады. Осы ойын беруде ақын қолданған амал‑тәсілдерді айқындап, тіл өрнегін талдау керек.

Мәселен, Абайдың “Жасымда ғылым бар деп ескермедім” (14 жол) өлеңін талдауға болады.

Өлең мәнерлеп оқылғаннан кейін, мәні ашылады. Мәнерлеп оқыған кезде тиісті кідірістің түрлерін қолданамыз. Абайдың бұл өлеңі баяу, салмақты үнмен оқылады. Ақынның оқу‑білімнен кеш қалып қойғандағы өкініші кезінде психологиялық (“жасымда ғылым бар деп ескермедім, ержеткен соң түспеді уысыма, қолымды мезгілінен кеш сермедім, бұл махрұм қалмағыма кім жазалы”) кідіріс қажет. Оның құрылымы үш түйінді ойдан тұратындығы айтылады. Олар:

- Ақын өкінішінің себебі (алты жол)

- Баласын оқуға беру (төрт жол)

- Өзі туралы (төрт жол).

Өлең мәтініндегі “махрұм”, “қызмет қылу”, “шен алу”, “қара сөзге дес бермеу”, “басқа шауып төске өрлеу” деген сөздерге түсінік беріледі, мағынасы айқындалады. Жазушы М.Әуезовтің: “Көркемөнер – біздің ішкі дүниемізге, жан жүйемізге әсер етіп, адамдық қалпымызды тәрбиелейді”,‑дегені еске түсіріледі. Әрбір көркем мәтін оқушының танымдық біліктілігін қалыптастырып, эстетикалық деңгейіне қозғау салады. Осы өлең арқылы жастар оқу‑білімге деген көзқарасын, ғылымның мәнін, қоғамға, адамзатқа пайдалы болып, игілікті істер атқаратындай, азамат болу керектігін түйсінеді. Осы ой Абайдың басқа да өлеңдерінде жалғасатындығы айтылады. Қазіргі кездегі “ғылым”, “білім” сөздерінің мағынасы ашылып, оқу‑білімнің пайдасы ұғындырылады.

Абай өлеңдерін оқытудың өз ерекшелігі бар. Олар шағын лирика ғана емес, көбісінде эпикалық сипат басым. Сондықтан Абай өлеңдерін оқуға үлкен дайындықпен кіріскен жөн. Ол үшін Абайдың өмірі, өскен ортасы туралы мәліметтерді кірістіріп, Абай жасаған заманның ерекшелігін түсіндіре кету керек. Осы тұста М.Әуезовтің “Абай жолынан” үзінділер келтіріп, оқушыларды көлемді шығарма оқуға дайындай беру керек. Мәселен, Абайдың шығармасына үлкен жаңалық қосатын өлеңі – “Интернатта оқып жүр”. Бұл өлеңде сыншылдық та көп, қоғамы үшін жаны ашушылық та байқалады. Жаңа буынға басшы болған Абай патшаның билік жүйесіне терең сын айтады. Қазақ баласының ендігі талаптанатыны тек орыс оқуы болу керектігін Абай бұрын да айтқан. Алайда екі түрлі оқу бар: бірі патшаға қызмет қылатын шала оқу; екіншісі толық адам болуға бастайтын терең оқу. Ақын бірінші оқуға баратын баланың халқы үшін залалды адам болып шығатынын дәлелдейді. Абай жастарға “Сен арман еткен чиновник пен адвокаттарды Толстой, Салтыков‑Щедриндер қаншалықты әшкерелегенін, сорақы кескіндерін әйгілеп бергендерін ойлаңдар!” дейді. Сөйтіп, Абай адам бойындағы қазынаның үлкені – білім екенін ескертіп, соған жетуге насихаттайды. Бұл тұста “Абай жолы” романындағы Абай мен орыс чиновнигінің кітапханадағы кездесуін айтып кетуге болады.

Поэзия қай дәуірде де адамның көңіл‑күйін, буырқанған, шабыттанған, күш‑жігерге шақырып, қайраттанған, рухтанған, өмірлік мұраттарға ұмтылған сәттерін бейнелі, көркем суретпен бере алған. Халқымыздың азаттықты аңсауы тек найзамен келе бермеген. Елдің намысын қайрап, рухын көтеруге өлең‑жырдың да себі тиген. Алаштың қайраткер тұлғасы М.Шоқай: “Ұлттық тәуелсіздік – отаршыл озбырлардың езгісінен, талан‑таржсынан атамекеніміз бен халқымызды құтқару болып табылады”,‑деген. Өткен дәуірдің тоқсаныншы жылдарының орта тұсынан былайғы жыр‑өлеңдер негізінен, тәуелсіздікті жырлап, еркіндік деген ұғым жаңа идеялық‑көркемдік сапада жырлана бастады. Мысалы, ел мен жер, атамекен, тіл мен дін, мемлекеттік рәміздер секілді тақырыптар желі тартып, өзіне дейінгі поэзияда орныққан дәстүрлерді жалғастырды. Мәселен, Иран‑Ғайып, С.Тұрғынбеков, К.Ахметова, Е.Раушанов, Ғ.Қайырбеков, И.Сапарбай жырларында елдің егемендікке қол жеткізген сәті тебірене жырланып, оның баянды болуына деген тілек‑аңсарлары көрінеді. Ақындар тәуелсіздікті жырлаудың ғасырларға кеткен жалғастығын дәнекерлеп, жаңа көркемдік ізденістерге, тың тақырыптық арналарға, биік күрескерлік рухқа қадам жасайды.





Дата публикования: 2014-11-19; Прочитано: 3674 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2025 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.054 с)...