Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Мақсаты: Мысал, мақал-мәтелдертуралы білімдерін қалыптастыру, түрлеріне байланысты мағлұмат беру



  1. Мысалтуралы мағлұмат
  2. Мысал жанрының ерекшелігі, тілі

Негізгі ұғымдар: мысал, мақал, аллегория, тұспал, нақыл, афоризм.

Мысал – тұспалмен, ишарамен айтылатын жанр. Мұндағы ой астармен, жұмбақпен беріледі. Мысалдың басқа жанрлардан, мысалы ертегіден ерекшелігі оған адам қатыспайды. Мысал жанрына аң, құс, өсімдік бейнесі алынады. Әдебиетті оқу бағдарламасында мысал жанрын оқыту көбіне бастауыш буындарында беріледі.

Мысал жанры сонау Эзоп заманынан бастау ала отырып, қазақ топырағында да дамыған. Жазба әдебиетінен бұрын қазақ ауыз әдебиетінде де осы жанрдың элементтері кездесіп отырған. Ақын‑жыршылардан бастап, мысал жанрына ықылас білдірген әдебиет өкілдері мол болған. Мәселен, Абай, Ыбырай, Дулат, А.Байтұрсынов, С.Дөнентаев, С.Көбеев секілді қаламгерлер өздерінің төл шығармалары мен аударма мұраларында мысал жанрына ерекше көңіл бөлген. Зерттеуші М.Әуезов: “Тегінде, қазақ әдебиеті тарихына Крылов мысалдары жалғыз Абайдың аудармасынан емес, одан бұрын да кіре бастаған. Бұл және де бір Крылов емес, орыс көркем әдебиетінің өлең сөз, қара сөздегі әр алуан үлгісін өз жазған оқу кітабына кіргізіп, алғаш аударған Ыбырай Алтынсарин болатын. Абай Алтынсариннің еңбегін жақсы білген де, зор бағалаған”, ‑ дейді. Зерттеуші Абайдың Крылов мысалдарынан оның заманындағы әлеуметтік, саясаттық ерекшеліктерінен туған әжуа, сатира жақтарын көп алмай, оның орнына өз оқушысына оңай, ұғымды боларлық мысалдарды алғанын айтады. Мәселен, “Есек пен бұлбұл” мысалында Крылов бір ауыз сөзбен ғибрат айтса, оны Абай төрт жол өлеңмен береді.

Мысалдың басты мақсаты – адам баласының бойына жақсы, ізгілікті қасиеттерді сіңіру, терең ғибрат пен тәлім‑өнеге беру. Мәселен, ақын, сатирик Асқар Тоқмағамбетовтың “Бидай мен қаңбақ” мысалын алып көрейік. Мысалдың мәні – адам бойындағы міншіл, күншіл қасиеттерді болдырмау, еңбекке жақын болып, қоғамға пайдалы болуды насихаттау. Осы ретте, мысал кейіпкерлері бидай мен қаңбақтың диалогы беріліп, екеуінің өздерінің қасиеттерін санамалап, кімнің мағыналы өмір кешіп жатқаны сарапқа салынады. Қаңбақ:

Ашып айтсақ дұрысын,

Осы қай тұрысың?

Жүрмейсің, көрмейсің, кезбейсің,

Не бар, не жоқты да сезбейсің,

Көктемде шығып,

Күз болса бұғып,

Бастарың салбырап,

Тұрғандарың маужырап,‑деген күншіл қаңбақ бидайды сөгіп, өзінің таяз ойының таразысына салады. Өзін асқақ ұстап, жөнсіз әрекет‑тірлігін дәріптейді:Қаңбақтың бұл есірген мінезіне шыдамаған бидай оны ащы сөзбен түйрей жөнеледі:

Ашып айтсақ дұрысын,

Осы қай жүрісің?

Белгілі тұрағың жоқ,

Бас түгіл құлағың жоқ.

Қаңғырған қаңбақсың,

Кімге пана болмақсың?

Бидай өздерінің дән мен әнге, бақ пен даңққа, ерлік пен жеңіске толы мағыналы өмірін қарсы уәж етеді. Қаңбақ пен бидай дауының дұрыстығын саралауды ақын оқырманның өздеріне салмақтауды тапсырады. Осы мысалды мәтінді талдауда жиі қолданылатын рөлге бөліп оқыту арқылы, мұғалім оқушылардың адамның мінез‑құлқы, кәсібі, іскерлігі туралы пікірлерін ашық айтуға бейімдейді. Ол үшін мынадай сұрақтар қоюға болады:

1) бидай мен қаңбақтың таласынан не түсіндіңдер?

2) қаңбақ секілді өмір сүруді дағды еткен адам кездесе ме?

3) сәнді, абыройлы өмір сүру дегенді қалай түсінесің?

4) өмірдің мағынасы неде?

Осы сұрақтарға жауап алғаннан кейін мақал‑мәтелдер мен қанатты сөздер келтіріп мәнін ашқызуға болады. Мысалы: “Кәсіп, кәсіп түбі – нәсіп”, “Ердің атын еңбек шығарады”, “Жан қиналмай жұмыс бітпес, талап қалмай мұратқа жетпес”, “Еңбегі ештің – күні кеш”, “Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен,” “Арсызға алты күн мейрам”. Осыдан соң, мысалда кездесетін астарлы ой, ишарат мағынаның ерекшелігін ашып, мәтіннен дәлел келтіреді.

Мысал жанрымен таныстырғанда ертегімен салыстыруға болады. Негізінен екі жанрда да жан‑жануарлар, табиғат құбылыстары мол қатысады. Екеуінің де танымдық мәні жоғары. Әсіресе, хайуанаттар жайлы ертегілердің мысалмен үндестігі мол. Тек, ертегілерде бірыңғай хайуанаттар қатыса бермейді. Кейде адам мен жануарлар аралас келеді. Екіншіден, мысал көбіне, өлең түрінде келетін ықшам жанр. Ал, ертегі негізінен қара сөз, баяндау түрінде келеді. Екі жанрдың аяқталысы да үндес.

Ертегі үнемі жақсылықпен, халық қалаған қаһарманның барша мұратына жетуімен аяқталса, мысал да негізінен өмірдегі жақсылықты насихаттаумен, ишаралаумен бітеді. Қазақ мақал-мәтелдерінің, жұмбақтарының барлығы дерлік өлең түрінде келеді. Және ондағы сөздер өзара үндесіп, үйлесіп, ассонанс, аллитерациялар мол болады. Мағына-мәні де мейлінше терең болады.





Дата публикования: 2014-11-19; Прочитано: 2500 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2025 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.086 с)...