Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Мақсаты:көркем мәтінмен жасалатын жұмыс түрлерін, ерекшеліктерін ұғындыру



  1. Көркем мәтін түрлері
  2. Көркем мәтінмен жұмысты ұйымдастыру жолдары

Негізгі ұғымдар: мәтін, көркем мәтін, әдеби талдау, мазмұндау, көркем мәтін түрлері, жанр

Жазушы көркем туындының болмысын танытатындай, ондағы оқиғаларды бір‑бірімен байланыстырады. Ондағы кейіпкерлер тіршілік кешеді, еңбек етеді, бір‑бірімен қарым‑қатынасқа түсіп, тартысқа да барады. Соңында уақыт пен кеңістікке сіңісіп, орнығады. Осы кезде ең бірінші көзге түсетіні – автор баяндайтын оқиға. Ол жекелеген эпизодтардан құралып, шығарманың тақырыбын, идеясын, жанрлық ерекшелігін ашады. Автор өз шығармасында өмірдің әлеуметтік‑қоғамдық жағдайын, бір кезеңдегі адамдардың өмірін суреттейді. Көркем шығармада адам, адамгершілік, табиғат, атамекен, махаббат мәселелері сипатталады. Яғни, әдебиет – заманның рухани, адамгершілік, моральдық жағын ашып, көркем бейнелейді. Көркем мәтіннің осындай ерекшеліктері әдебиет сабақтарында игертіледі. Оқушы көркем шығарманы тек өтілген материал, баға алу үшін қажет міндетті оқу деп түсінбеу керек. Көркем шығарманы оқушы жан дүниесімен ұғып, одан алған әсерін, көркем танымын одан әрі қолдана алуы керек. Яғни, көркем дүние оқушы жанына эстетикалық жарасымды ықпал тудырып, таным көкжиегін кеңітуге, мінез қасиетін қалыптастыруға жәрдем етуі, ойға шақыруға тиіс.

Көп ретте көркем шығарма, оның ішінде көлемді туынды үстірт қана өтіледі. Оған себеп біріншіден, шығарманың ауқымдылығы, мазмұнының көпқырлылығы, мәтіннің психологиялық жағының күрделілігі; екіншіден, шығарманы оқып‑үйренудегі уақыттың аздығы, бір сарынды әдіс‑тәсілдердің қолданылуы. Көркем мәтінге барудағы жол – мазмұнды игеруден басталады. Көркем мәтіннің мазмұнын меңгертудің бірнеше жолдары бар.

1) Шығарманың таңдап алынған тұстарын, яғни мейілінше әсерлі тұстарын мазмұндау. Бұл мәтінді үстірт оқу дегендік емес. Оқушы шығарманы толық оқығаннан соң, оның ең қызықты тұстарын есіне көбірек сақтайды. Осы дағдыны пайдаланып, мұғалім оқушыларға шығарманың маңызды сәттері бойынша сұрақтар қойып, оқушылардың жауабын тыңдайды. Сол тұстардың мазмұнын ашуды сұрайды. Оқушы әңгімелеу барысында, өзінің мазмұндайтын бөлігін неғұрлым қызықтыра, өз сөзімен беруге талпынады. Мұның өзі оқушының мәтіннен алатын әсерін қалыптастырады. Осындай әсерлі тұстарды басқа шығармалардан табуға ұмтылады. Соның арқасында көркем мәтін оқуға деген ықыласы қалыптасады.

2) Логикалық тізбекті мазмұндау. Бұған шығарманың мазмұнын қуалай отырып, жүйелі мазмұндауды жатқызамыз. Бұл оқиғаларды ретімен, ішкі байланыстарын сақтай отырып, мазмұндауға да жол салады. Екінші бір тиімді жағы көркем шығарманы сыныпта мазмұндатқанда, тек бір оқушыдан ұзақ‑сонар сұрай алмайсыз. Осы кезде сөйлеп тұрған оқушының жауабын тиянақтатып, әрі қарай екінші оқушының жалғастыруын сұрағанда, ол сол тоқтаған жерден әрі іліп әкету керек. Бұл сабақ үстінде оқушының ықыласты отыруына, бір‑бірін тыңдауына, ой қосуына дағдыландырады. Бір жағынан бірінің мүдірмей бастап, соны екіншісінің кідіріп қалмай, жалғастырып әкетуі жарыс секілді әсер етеді.

3) Бүкіл мазмұны немесе жекелеген эпизодты шығармашылық түрде мазмұндау. Мұнда ең маңыздысы оқушының өз көзқарасын, ойын айта білуі. Оқушы мәтін мазмұнын сақтай отырып, оны өз атынан немесе кейіпкердің біреуінің атынан жеткізеді. Бұл тәсіл оқушының ой‑өрісін ұштайды, шығарма мазмұын жақын қабылдауға, кейіпкерді айқын елестете алуға шақырады.

4) Автор тақырыбына өзінің қиялын (фантазиясын) қоса отырып мазмұндау. Бұл оқушының шығармашылық белсенділігін өсіреді. Мәселен, ортаңғы сынып оқушыларына белгілі бір мәтінді мазмұндатқызу үстінде, оларға тқмендегідей сұрақтар қойып, ой‑қиялдарына қозғау салуға болады:

- егер көп уақыттан соң, сен осындағы кейіпкердің орнында болатындай жағдайға кездессең, не істер едің?

- Осы шығармадағы ең қызықты оқиғаға не қосар едің?

- Егер сен автор болсаң, шығарма оқиғасын қалай аяқтар едің?

Яғни, оқушы мәтін мазмұнын айту үстінде тек автордың дайын дүниесін баяндап тұрғандай емес, өзі соған қатыып отырғандай жанды әсер алады. Бұл әрі қарайғы көркем мәтінді терең талдауға апарады.

Ғ.Мүсірепов өзінің суреткерлік жолында қазақ халқы өмірінің әр алуан жақтарын суреттеп, өткен тарих пен жаңа қоғам бейнесін көркем бейнеледі. Жазушының шағын жанрдағы туындылары “Тулаған толқында”, “Көк үйдегі көршілер”, “Өмір ертегісі”, “Алғашқы адымдар”, “Үздіксіз өсу”, “Кездеспей кеткен бір бейне” қазақ әдебиетіндегі толымды көркем дүниелер болды. “Кездеспей кеткен бір бейне” повесінде Еркебұлан мен сол ортаның жуандары арасындағы тартыс көрінеді. Жалпы, қай жанрда болсын тарихи тұлға туралы шығарма жазу қаламгерден дәлдікті қажет етеді. Жазушы шығармасында Сәкен өмірінің әр қилы оқиғаларға толы сипатын ашқан да, соның аясында қоғамдық‑әлеуметтік тартысты көрсетеді. Бұл жөнінде зерттеуші Р.Бердібай: “... шығарма кейіпкері Еркебұланды бірнеше қиын‑қыстау, сын кезеңдерден көреміз. Оның өмірі ылғи тартыс үстінде, әрбірі қаһармандыққа барабар асу, тосуларда өтеді. Алған мақсатынан таймайтын, ісінің әділдігіне нық сенген, өз өмірін халық тәуелсіздігі жолында бағыштаған ер көз алдымызға келеді”, ‑ дейді. Осы хикаяттағы Еркебұланның әрекеттерін Сәкенің қоғамдық қызметтері жайлы мағлұматтармен байытып, “Тар жол, тайғақ кешу” романымен байланыстыруға болады. Шығарма оқиғаларын топтап, бас кейіпкер Еркебұланның айналасында жинақтай мазмұндауға болады. Әдебиеттану әдіснамасындағы күрделі мәселенің бірі – мазмұн мен пішіннің бірлігін басшылыққа ала отырып, талдау тәсілдері мен жолдарын табу.





Дата публикования: 2014-11-19; Прочитано: 3961 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2025 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.062 с)...