![]() |
Главная Случайная страница Контакты | Мы поможем в написании вашей работы! | |
|
Негізгі ұғымдар: мақал, мәтел, аллегория, нақыл, афоризм.
Қазақ мақал-мәтелдері туралы Абай өте дәл пікірлер айтса, оларды теориялық тұрғыдан А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан, Б.Шалабаев, М.Ғабдуллин, Б.Ақмұқанова, Ә.Қайдаров, Б.Адамбаев, Н.Төреқұлов, С.Омарбаев, Р.Сәрсенбаев зерттеді.
Олардың баршасындағы пікірлер бір арнаға саяды. Қазақ мақал-мәтелдері – сөз өнеріміздің телегей-теңіз байлығы, ғасырлар бойы жиналған халық даналығының айқын көрінісі осы асыл, үнемді, ықшам, көркем, шебер, дәл, терең, астарлы, ұйқасты, бейнелі сөзде жатыр. Адам, оның сан-алуан мінезі, тағдыры; табиғат, ғарыш, оның толып жатқан құбылыстары, жан-жануары, өсімдігі, жақсылық пен жамандық, махаббат пен ғадауат, достық пен дұшпандық, байлық пен кедейлік, өмір мен өлім, жастық пен кәрілік, әйел мен еркек – осы алуандас құбылыстар, түйіп айтқанда адам баласына қатысты мың сан көкейкесті сұраулардың диалектикалық шешімі бар.
Қазақ мақал-мәтелдері – қазақ халқының тарихының, моралінің, этикасының, эстетикасының, психологиясының, педагогикасының, философиясының поэтикалық шеберлікпен түйінделген көркем энциклопедиясы. Ол ұйқасқа, дауысты, дауыссыз дыбыстар үндестігіне, сан алуан айшықтауларды – теңеуді, ауыстыруды, айқындауды, кішірейтуді, үлкейтуді, түйдектеуді, кекесінді, әзіл-қалжыңды, пернелеуді пайдаланып, иненің көзінен өтетіндей, мірдің оғындай өткір етіліп, жасалған. Тез жатталып, ойда сақталатындай, алтын жүзіктей ықшам сөз.
Мақал-мәтелдің басты қасиетінің өзі – нақты өмірден туған байлам, қорытынды түйін. Оның тақырыбы өмірдің алуан түрлі саласын қамтиды. Мәселен, «алтын, күміс тас екен, арпа, бидай ас екен» дегенде, нан қадірін ұғынуға шақырса, «ер қанаты – ат» деген мақалда төрт түлік малдың ішіндегі жылқының қасиетін көрсетіп тұр. Мақалдың мәні әрдайым белгілі бір нәрсені үйрену, жеріне жеткізе айту, ойды бекіте түсуімен тереңдей түсетіні мәлім. Мәселен, «таныған жерге бой сыйлы, танымаған жерге тон сыйлы», «талапты ерге нұр жауар», «қайырсыз болса байдан без, панасыз болса, сайдан без» деген мақал-мәтелдер өмір құбылысын тиянақтай жеткізіп тұр.
Мақал-мәтелдер – тәрбиелік мәні күшті, балаларды жақсылыққа баулап, жамандықтан аулақ болуға үгіттейтін өнегелі сөз. Сондықтан оқушыларға мақал-мәтелдерді оқытудың тәрбиелік мәні зор.
Жұмбақ – халық шығармаларының ішіндегі ең ескі түрінің бірі және барлық халықтардың ауыз әдебиетіне ортақ. түр. Жұмбақтар формасы жағынан мейлінше көркем болып келеді. Көптеген жұмбақтар поэтикалық диалог түрінде құрылады.
Жалпы жұмбақты - сөз өнерінің кілті есебінде тануға болады. Жұмбақ тақырыбы адамның дүниетану жолындағы шама-шарқын білдіреді.
Жұмбақ өзге ауыз әдебиеті үлгілеріне қарағанда бітмі бөлек, ерекше затты сөз. Мәселен,
Кішкене ғана тостаған,
Лақтырып мені тастаған (үзеңгі) немесе
Мұндағы ой тұспалмен келіп, кейде метафораға да (ауыстыруға) ұқсап та жатады. Жұмбақ -өмірдегі реалды зат пен құбылысты танытудың құралы. Оның айналатын қазығы – сөз (ұғым). Бірақ, сол ұғымға біз төтелей емес, түрліше салыстыру, ұқсастыру жүргізу арқылы келеміз. Жұмбақта абстракция күрделенген, яғни, жұмбақты шешу оңай емес. Өз кезінде Аристотель де жұмбақтың өзгешелігін аңғарып, «говоря о действительно существующем, соединяет вместе с тем совершенно невозможное» деген. Жұмбақтау ертегіде, айтыста да кездеседі, тіпті естірту, түс көру мен оны жору да жұмбаққа құрылып жатады.
Жұмбақ балалардың өздігінен ойлауына мүмкіндік жасайды, оларды дерексіз ойлаудан нақтылы ойлауға жетелей түседі. Ой-қиялын шапшаңдатады.
Қазіргі кезде мақал-мәтел мен жұмбақтың мәні тереңдеп отыр. Себебі, ұлттық құндылықтар мен халықтың салт-дәстүріне байланысты ықылас өсіп, ұлттық тәрбиенің маңызы артуда.
Көркем әдебиет өзінің бар болмыс-бітімімен халықтың таным-түсінігін, өткені мен болашағын бейнелейді. Әдебиеттің ұлттық ерекшелігі халықтың тарихи дамуымен тығыз байланысты. Оның қайнар бұлағы – фольклорлық мұра. Фольклорлық шығармалардың бүгінге шұрайлысы, мәйегі жетеді десек, ол көркем әдебиеттің сын-сипатын, айшық-бедерін тереңдете түсері сөзсіз.
Дата публикования: 2014-11-19; Прочитано: 1923 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!