Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама:Студенттерқазақ әдебиетін оқыту әдістемесі



Пәні, мақсат-міндеті туралы түсініп, талдай алулары керек.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қазақстан республикасының білім туралы Заңы. Алматы, 1999.

2. Әуезов М. Әдебиет тарихы. Алматы, 1991.

3. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. Алматы, 1989.

4. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Құраст. З.Ахметов, Т.Шаңбаев. Алматы, 1997.

3-дәріс. Оқу процесін ұйымдастыру. Сабақ, оның түрлері (мазмұны, құрылымы, типологиясы)

Мақсаты:Қазақ әдебиетін оқытудағы басты мәселелерді, оқу процесін ұйымдастыруға қажетті ақпараттарды ұғындыру

  1. Оқу процесін ұйымдастыру
  2. Сабақ, оны ұйымдастыру жолдары
  3. Мектепте ұйымдастырылатын сабақ түрлері

Негізгі ұғымдар: оқу процесі, сабақ, ұйымдастыру формасы, кәсіби біліктілік, сабақ құрылымы, типологиясы

Мектеп, колледж, университет ‑ білім беру мекемелерінің ішіндегі үздіксіз оқу процесін жүргізетін мекемелер. Ондағы басты қызмет ‑ оқу процесі. Ол жалпы айтқанда оқушы мен мұғалімнің белгілі бір уақыт ішінде бірлесіп жүргізетін жұмысы. Оқу процесі мектепте бір оқу жылын қамтиды, ол оқу жартыжылдықтары мен оқу тоқсандарына бөлінеді. Ал, басқа білім мекемелерінде ол семестрге жіктеледі. Оқу процесін ұйымдастыруда оқу материалдарын жоспарлау, оны сабақта қабылдатуға, игертуге жағдай туғызу – басты мәселе болады. Оқу процесін жоспарлауда екі мақсат көзделеді. Біріншісі, бір қалыпты жұмысты ұйымдастыру; екіншісі пәнді оқытудағы жетістік‑кемшіліктерді бақылап, саралау, бағыт‑бағдарын айқындау. Мектептегі оқу процесінде үш жоспар жүзеге асырылады:

- күнтізбелік,

- тақырыптық

- сабақ жоспары.

Күнтізбелік жоспар – бұл бағдарламадағы тақырыптардың оқу тоқсандарына және апталарға жіктелуі. Оқытушы осы жоспар арқылы пәнді жүргізуге бағдар жасап, әрбір сыныпқа байланысты оқу мақсатын бірқалыпты, жүйелі жүзеге асырады. Күнтізбелік жоспар жасауда әр сыныптағы апталық сағат саны, сол жылдағы күнтізбенің ерекшелігі (мереке күндері, демалыстар) ескерілу керек.

Тақырыптық жоспар – бұл бағдарламадағы әрбір тақырыпқа белгілі мөлшерде берілген сағатты тақырыптың күрделі немесе жеңілдігіне қарай бөлу. Бұл жоспар тақырыпты ретімен, мақсатты түрде өтуге көмектеседі.

Сабақ жоспары – бұл әрбір сабаққа күнделікті жасалатын жоспар түрі. Ол мұғалімнің сабақты жоспарлы, ұйымдасқан түрде өтуіне бағдар береді. Ал, колледж және университеттерде жұмыстық оқу жоспары жасалады. Ондағы тақырыптар дәріс, машықтандыру, зертханалық, арнайы курстар мен семинарларда өтіледі.

Сабақ – белгілі бір сынып оқушыларын, топ студенттерін белгіленген бағдарлама бойынша оқытудың негізгі формасы. Онда оқу материалын оқып‑үйрену, меңгеру жүзеге асырылады. Ол үшін сабақтың нақты мақсаты болу керек. Сабақ – оқу процесінің ең кіші бөлшегі бола отырып, оның мақсатын, мазмұнын жүзеге асырады. Сабақтың тақырыбы, мақсаты, әдіс‑тәсілі анықталғаннан кейін, оның дидактикалық материалы жасалады.

Мектепте өткізілетін сабақтың қалыптасқан құрылымы бар. Олар: - ұйымдастыру кезеңі;

- үй тапсырмасын сұрау;

- жаңа материалды түсіндіру;

- сабақты бекіту, үйге тапсырма беру;

- оқушы білімін бағалау.

Сабақтың бөліктеріне уақыт белгіленеді. Сабақ үстінде оқушылардың білім‑дағдылары қалыптасады. Сабақтың ойдағыдай өтуінің алуан түрлі шарттары бар. Ең бастысы – мұғалімнің білімі мен әдіс‑тәсілдерінің жан‑жақтылығы. Сабақты жоспарлау, ұйымдастыру, өткізу үлкен нақтылықты қажет етеді. Сабақ – күрделі процесс. Сабаққа көптеген талаптар қойылады. Солардың бастылары мыналар:

- оқушыларың сабақты бар зейінімен, ықыласымен тыңдауын ұйымдастыру;

- мұғалімнің материалды жеткізу шеберлігі, тиімді әдіс‑тәсілдері;

- оқушының теориялық жағынан меңгергенін іс‑тәжірибеде, күнделікті сабақта қолдана алуы;

- оқушы алдына проблема қойып, оны ізденіске бастау;

- оқушының шығармашылық белсенділігін арттыратындай өз бетінше жұмыс беру;

- көрнекі құралдың нақтылығы, әсерлілігі, мазмұндылығы;

- мысалдардың өмірмен байланыстылығы, оқушыны ойлантуға, сөйлетуге, тәрбиелеуге ықпалы;

- сабақты басқа пәндермен, өнер салаларымен үйлесіміне, ұқсастығына қарай түрлендіру.

Бұл мәселелерге қоса, әр сабақта педагогикалық, психологиялық, физиологиялық талаптар ескеріледі. Бір сыныптағы оқушылар бірдей талап, әдіспен оқытылған сабақты бірдей қабылдай бермейді. Осыдан келіп жеке оқушыларды зерттеу, олармен жеке жұмыстар жүргізу талабы туындайды. Яғни, сабақта оқыту, үйрету, тәрбиелеу, дамыту шарттары жүзеге асырылады. Осы бағыттағы жұмыстар колледжде, жоғары оқу орындарында да жүргізіледі. Олардағы оқу процесі дәріс, машықтандыру, зертханалық сабақтар үстінде жүзеге асады. Дәріс сабағын негізінен, оқытушы‑лектор өткізеді. Онда іргелі, блоктық тақырыптар жекелей өтіледі, студенттерге дәріс тақырыбы, жоспары, керекті әдебиеттер ұсынылады. Лектор жаңа материалды ауызша баяндап, қажетті тұстарын жаздыртып, бағыт‑бағдар береді, дәйектер, мысалдар келтіреді. Студенттерге қосымша әдебиеттерден, оқу құралдарынан нақты тапсырмалар беріліп, жазбаша орындауға тиісті жұмыстар көрсетіледі. Бұлар машықтандыру (семинар) сабақтарында сұралады. Ал, зертханалық сабақтарда неғұрлым нақты тапсырмалар орындайды. Мәселен, белгілі бір мәтінге әдеби, лингвистикалық, талдау жасау, көркем мәтіннің ерекшеліктерін ажырату т.б.

Өзінің мақсаты мен құрылымына қарай мектептегі сабақ екі топқа бөлінеді:

‑оқыту‑үйрету мақсатындағы сабақ;

‑бақылау мақсатындағы сабақ.

Оқыту‑үйрету мақсатындағы сабақты мынадай төрт түрге бөлуге болады:

- жаңа материалды үйрету, түсіндіру сабағы;

- білім‑дағдыны қалыптастыру сабағы;

- өткенді қайталау сабағы;

- оқушылар жіберген қате‑кемшіліктермен жұмыс сабығы.

а) Жаңа материалды үйрету, түсіндіру сабағы оқушыларды жаңа біліммен қамтамасыз етеді. Ол әрі қарай көрнекілік, баяндау, түсіндіру түрлерімен толықтырылады.

ә) Білім‑дағдыны қалыптастыру сабағы алған білімді бекітіп, дамытады. Мұнда әр түрлі тапсырмалар орындалып, оқушының жаңа материалды қалай игергені тексеріледі.

б) Өткенді қайталау сабағы бұрын өтілген тақырыптарды жүйелеп, қалай игергенін білу мақсатында жүргізіледі. Бұл сабақты тоқсан соңында, белгілі бір ірі тақырыптарды, тарауларды өткеннен кейін жүргізуге болады.

в) Оқушылардың ауызша және жазбаша жауаптарында жіберген қателерге үнемі назар аударып, оларды түзеу жұмыстарын жүргізіп отыру керек. Мәселен, тіл дамыту, мәнерлеп оқу, стильдік кемшіліктерді түзеу т.б. жұмыстар жасалғаны жөн.

Бақылау мақсатындағы сабақта оқушының игеріп‑меңгерген білімдері тексеріледі. Бұл сабақты мынадай үш түрге бөлуге болады:

- оқу материалдарын игеруін бақылау;

- ауызша жүйелі сөйлеуін, сөз, тіл байлығын бақылау;

- жазбаша жұмыс түрлерін орындай алуларын қадағалау.

а) Оқу материалдарын игеруін бақылауда оқушылардың сұраққа жауап беруі, өз ой‑пікірлерін айта алуы, оны мысалдармен, мәтіндермен дәлелдей алуы талап етіледі.

ә) Ауызша сөйлеу кезінде оқушылардың ауызша жауаптарының жүйелі, нақты, толық болуы, ойларын көркем, бейнелі жеткізуі бақыланады.

б) Жазбаша жұмыс түрлерін орындау кезінде оқушылардың әдебиет сабақтарында мазмұндама, шығарма, мінездеме, пікір, тезис, конспект түрлерін жаза білуі тексеріледі. Мұнда сынып оқушыларының жас ерекшелігі ескерілу керек.

Кейде осы сабақ түрлерін аралас етуге де болады. Мұнда оқыту‑үйрету және бақылау сабақтарының элементтері аралас қолданылады. Мәселен, жеңіл бір сағаттық тақырып өткенде, оны шағын бақылау немесе өздік жұмыспен күрделендіріп, алдын ала дайындықсыз шығарма, мазмұндама, жеке жұмыс, ауызша сұрау түрлерін жүргізуге болады.

Оқушылардың белсенділігі, қызығушылығы әр сабақта түрліше болады. Мектеп практикасында қазір сабақ түрлері көп. Оларды шартты түрде дәстүрлі немесе дәстүрлі емес деп бөлеміз. Қалыпты сабақтан дәстүрлі емес сабақтың өзгешелігі жалпы сабақтың дәстүрлі құрылымы сақталғанымен, оны жүргізу, өткізу түрлері өзгереді. Олардың қатарында бірнеше сабақ түрлерін атауға болады: дәріс сабақ, семинар сабақ, диспут сабақ, сайыс сабақ, көрнекілік сабағы, әңгіме сабағы, әдеби‑әуендік сабақ, сабақ викторина т.б.

Дәріс сабағы мұғалімнің материалды баяндауынан, түсіндіруінен тұрады. Сыныпқа жетекші, қорытындылаушы сауалдар қоя отырып, мұғалім оқу материалдарының негізгі тұстарын жаздыртады.

Машықтандыру (семинар) сабағы. Бұл сабақтың бірнеше ерекшелігі бар:

а) оқушылар белгілі бір тақырып бойынша өз бетімен дайындалады;

ә) оқушы сол тақырып бойынша хабарлама жасайды;

б) тыңдалған материалды талдайды;

в) талқыланған мәселені мұғалім қорытады. Сабақтың мұндай түрі оқушылардың өзара ұқсас тақырыптарды қалай қабылдағанын тексеруге мүмкіндік береді. Мұғалім оқушыларға алдын ала тапсырма беріп, тиісті әдебиеттерді көрсетеді.

Диспут сабақ. Мұғалімнің сабақты пікірталасқа құруы оқушы белсенділігін арттырып, пәнге деген қызығушылығын өсіреді. Мұндай сабаққа мұғалім балама жауаптары болатын сұрақтар ойластыру керек. Сонда оқушылар әр түрлі пікірлер айтып, керекті дәлелдерін табады.

Сайыс сабақ. Бұл ортаңғы сыныптарда өткізуге қолайлы сабақ. Оқушылардың белгілі бір тақырып бойынша білімдерін сарапқа сала отырып, шапшаң, мүдірмей жауап таба білуі, өзінің пәнге деген ықыласын жан‑жақты білдіре алуы, сыныптас оқушылардан ерекшелігін таныта алуы көзделеді.

Көрнекілік сабағы. Оқытушының пәнді үйретуде қосымша материалдарды, көрнекілікті тиімді қолдана алуы сабақты түрлендіре түсуге септігін тигізеді. Мәселен, белгілі бір тақырыпты аяқтаған соң, дағдылы жазба жұмысы, қайталау сабақтарының орнына сынып ішіне сол қаламгердің шығармашылығына байланысты мәлімет беретін көрнекілік түрлерін іліп, еске түсіру, қорыту мақсатындағы сабақты ұйымдастыруға болады. Көрнекілік негізінен ақын‑жазушының шығармашылық өмірбаянын ретімен қамтып, суретті, иллюстративті, фильм материалдарын, үнтаспа, басқа да көру, есту құралдарынан тұрады. Оқушы тек мұғалімнің басшылығымен, әр көрнекілікке байланысты өтілген тақырыптарды пысықтайды, жеке тапсырма, ауызша және жазбаша жұмыс түрлерін орындайды. Әрине, қай сабақтың түрі болсын негізгі мақсаты оқушыларға білім дағдыларын беру, жаңа ақпаратпен қамтамасыз ету. Ең бастысы оқушыларға түсінікті, айқын білім мазмұны берілу керек.

Әңгіме сабақ. Бұл сабақты жаңа материалды түсіндіргенде де, өткен материалды қайталауда да жүргізуге болады. Әрине, бұл қалыпты сабақтың түрін ығыстыру деген емес. Әңгіменің көмегімен мұғалім неғұрлым маңызды сұрақтарды айқындап, оқушылардың ой белсенділігін жоғарылатады. Мұндағы әңгіменің дидактикалық мәні түрліше. Ол оқушының материалды қалай меңгергенін білуге ғана көмектеспейді. Сонымен қатар, олардың білімін жүйелеуге, жаңа ақпаратты меңгеруге де көмектеседі. Әңгіме жүргізуде қойылатын сұрақтар оқушыларға түсінікті әрі нақты болу керек. Оның бір бөлігі оқушылардың есте сақтауын, қабылдауын, өткен материалды қаншалықты түсініп, меңгергенін білуге құрылса, екінші бөлігі жаңадан игеріп жатқан материалды қаншалықты түсінгенін білуге бағытталады.





Дата публикования: 2014-11-19; Прочитано: 3124 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2025 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.119 с)...