Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Мақсаты:Көркем шығарманы талдау бойынша жасалатын жұмыс түрлерін, ерекшеліктерін ұғындыру



  1. Көркем шығарманы талдау жолдары
  2. Бағдарлаушы әңгіменің мәні

Негізгі ұғымдар: мәтін, көркем туынды, әдеби талдау, талдау түрлері, бағдарлаушы әңгіме, образ, проблемалық әдіс.

Талдау сөзінің алғашқы терминологиялық мағынасы – “зат пен құбылысты танып, білу” дегенді білдіреді. Талдау әдісі – бұл әдеби талдаудың ғылыми негізделген әр түрлі жолдары мен тәсілдерін іздестірумен айналысатын сала. Әдеби шығарманың мазмұнын меңгергеннен кейін оған талдау жасалады. Әдеби талдау кезінде көркем мәтінді кез келген бөлшектерге бөліп, жіктеуге болады. Мәтінге талдау жасай отырып, біз суреткердің ой‑мақсатын, дүниетанымын білуге ұмтыламыз. Талдау жасағанда мәтіндегі әрбір шағын, жеке элементтер де назардан тыс қалмау керек. Әдеби талдау үстінде көркем шығарманың мазмұн‑пішіні, кейіпкерлер қатынасы мен тілдік құралдар ашылады. Әдебиетті оқытудағы басты мәселе – шығармаға, яғни көркем мәтінге талдау жасау. Әдіскер Т.Ақшолақов көркем шығармаға талдау жасаудың төрт түрлі әдісін көрсетеді. Олар: образ бойынша талдау; проблемалы талдау; тұтас талдау; тақырыптық талдау.

а) Образ бойынша талдау кезінде оқушылар адамды танып‑біле отырып, сол кейіпкер бойындағы ұнамды, адамдық қасиеттерді білуге талпынады. Әрине, шығармадағы қандай орталық кейіпкердің барша қасиеті жеке‑дара ашылмайды. Себебі, автор өз кейіпкерін мәтіндегі әр алуан іс‑әрекеттермен, оқиғалармен, басқа кейіпкерлермен байланыстырады. Яғни, бас кейіпкер шығармада қанша алғы орында көрсетілгенімен, ол басқа кейіпкерлермен қарым‑қатынасқа түсіп, іс‑әрекет үстінде байланысып отырады, сол арқылы толыққанды ашылады. Сондықтан, көркем шығармадағы бейнелер жүйесін өзара тұтастыру қажет.

ә) Шығарма талдаудағы келесі әдіс – проблемалы талдау. Көркем шығармада сан тарапты әрекеттер баяндалып, көптеген қарама‑қайшылықты, талас пікірлі оқиғалар туындап жатады. Осыған байланысты жазушы көтерген проблеманы танып‑білу керек. Ол үшін оқушыны ізденіс‑толғанысқа бастайтындай, туындының идеялық‑эстетикалық қуатын танытатындай жұмысқа бастау керек. Осыған байланысты оқушының алдына проблемалық ситуация ұсыну қажет. Мәселен, С.Көбеевтің “Қалың мал”, М.Әуезовтің “Көксерек” т.б. шығармалары өтілгенде тап тартысы, бай мен кедей мәселесі, табиғатты қорғау, жаратылыс байлығын сақтау, халықтық ғұрыптың сақталуы жайлы проблемалы сауалдар әзірлеп, оқушылардың бүгінгі күн тұрғысындағы көзқарасын айтқызуға, ой бөлісуге шақыруға болады. М.Әуезовтің повесінде Құрмашқа әкесі қасқырдың бөлтірігін әкеліп береді. Құрмаш енді сол бөлтіріктің айналасынан шықпай, тамақ беріп, қасына алып жатады. Осылайша өскен бөлтірік бірте‑бірте тағы мінезін білдіре бастайды. Күн өте ол үлкейіп, өседі, ауылдан ұзап кетіп қалып жүреді. Қыс түсе, ол тіпті қасқырларға қосылып, малдарға шауып, ауылдың мазасын кетіреді. Сөйткен Көксерек бірде малды бағуға шыққан Құрмаштың өзін мерт етеді. Ауыл болып қасқырды ұстау әрекетіне кіріседі. Осы тұста жемін тартып жеуге үйренген даланың жыртқышы қасқырды кінәлаймыз ба, жоқ оны қолға әкелген адам әрекетін жөнсіз санаймыз ба? Осы шығарманы С.Мұратбековтің “Жабайы алма” повесімен, қырғыз жазушысы Ш.Айтматовтың..романымен салыстыруға болады. Мәселен, С.Мұратбековтің “Жабайы алма” повесіндегі бір эпизодта иттің киесі жайлы әңгімеленеді. Қысқаша айтсақ, ауылдың сырт жағындағы биік алма ағашының түбін бір ит мекендейді. Бірде ол ауыл ішіне кіріп, Бүбітай деген әйелдің аулада тұрған қазандағы сүтін ішіп кетеді. Бұған ашу шақырған Бүбітай күрек алып барып, иттің апанын ішіндегі көзін ашпаған күшіктерімен бірге, көміп тастайды. Ит қайтып келгенде, бітелген апанды көріп, тұншығып өлген күшіктерін аршып алып, ғайып болады. Енді сол алма ағашына жақындауға сескенетін балалар оған емін‑еркін баратын болды. Ағаштың ең биігіндегі алманы сілкіп түсірем деп, Бүбітайдың Сыпатай деген баласы құлап өледі, шешесі Бүбітай есінен айырылады. Міне, шығарма сюжетіндегі осындай оқиғаларды талдау үстінде жыртқыштар өмірі, олардың адамға тигізер пайдасы мен зияны, халық сеніміндегі кие тұту ұғымы туралы ой өрбіту керек.

б) Тұтас талдау. Бұл шығарманың желісіне сай жүргізіледі. Мұнда көркем шығарманың бөлімдері бойынша ондағы оқиғаның дамуына сай автор ізімен жүре отырып, талдау жасалады. Мұның тиімді жағы шығармадағы оқиғаны, іс‑әрекетті жан‑жақты, жүйелі қарастырға мүмкіндік береді. Көбіне көлемді мәтіндерді талдағанда, ондағы оқиға реті ауыстырылып, қалыс қалдырылып немесе толық баяндалмай жатады. Бұл талдау осындай мәселеде реттілікті сақтап, оқиға барысын автор баяндауынан ауытқымай жүргізуге көмектеседі.

в) Тақырыптық талдау. Бұл да ұтымды әдістердің бірі. Талдау кезінде көркем шығарма жан‑жақты, терең қарастырылады. Яғни, бір көркем мәтінді іштей бірнеше тақырыптарға жіктеп, әрқайсысына атау беріп, сол ретпен талдау жүргіземіз. Бұл көркем мәтіннің тарауларын, ондағы оқиғаны топтап қарастыруға көмектеседі. Мәселен, “Ер Төстік” ертегісін бойынша “Ер Төстіктің достары”, “Ертегідегі жағымсыз қаһармандар” т.б. түрде тақырыптық жіктеулер жасауға болады. Ал, эпостық жырларда батырларды, арулар бейнесін, хандар мен тұлпарлар бейнесін топтап, тақырыптық үндестік жасауға болады. Мәселен, “Жырдағы батырлар бейнесі”, “Жырдағы әйелдер бейнесі”, “Жырдағы тұлпарлар бейнесі” деп топтап, екі жырдың ұқсастығын салыстырып, жыр мазмұнын толық игеруге болады.

Көркем мәтінді талдау ‑ әдебиеттегі өзекті мәселе. Көркем шығарманы оқудың түрлі кезеңдері бар. Мәселен, мәнерлеп оқу, түсініп оқу, ықшамдап оқу, тұтас оқу, баяндаушының жағын өзгертіп оқу.

Оқу – шығармашылық еңбек. Мәтінді түгел оқығаннан кейін, оны талдауға әзірленеміз. Алдымен, мұғалім кіріспе немесе бағдарлаушы әңгіме жүргізген жөн. Мысалы, мектептің ортаңғы сыныптарында мәтін бөлім бойынша оқытылады. Алдымен, шығарманың бір бөлімі сыныпта оқытылып, мазмұндалады да, қалған бөлімдері үйде оқуға беріледі. Ал, жоғары сыныпта көркем мәтін тұтас оқытылып, талдану керек. Яғни, оқушы мәтінді алдын‑ала оқып, мұғалімнің кіріспе әңгімесіне дейін біліп отырғандары жөн. Бағдарлаушы немесе кіріспе әңгіменің бірнеше түрлері бар:

- қысқаша әңгіме арқылы мұғалім мәтінді түсіндіреді де, оның бас кезі сыныпта оқылады;

- маңызды эпизодтарға мұғалім айырықша көңіл бөле отырып, қысқаша әңгімелейді;

- көркем мәтін кейіпкерлерін топтай отырып, танытады. Мінездеме беру үлгісін көрсетеді;

- шығарманың басты‑басты проблемаларын алдын‑ала атап, оқушылар көңіл аударуға тиісті мәселелерді бөліп көрсетеді.

Барлық оқушы мәтінді үйде толық оқығанымен, оның оқиғасын есте сақтап, тақырыбы мен проблемасын, басты образдарын жете ұғына бермейді. Бағдарлаушы әңгіме осы мәселелердің болмауына септігін тигізеді. Осы жұмыстың негізінде көлемді шығарманың мазмұнын игеру, оқу, кімнің қалай түсінгенін байқап, басты оқиғаларды бөліп алу жүзеге асырылады. Мұнда сұрақ‑жауап әдісі қолданылады. Бағдарлаушы әңгіме көбіне күрделі, сюжеттік шығармаларға қолданылады (роман, повесть, әңгіме, поэма, драмалық шығармалар). Мысалы, М.Әуезовтің “Қорғансыздың күні” әңгімесі кезінде жалпы жазушының шығармашылығында сол кезеңнің жиырмасыншы жылдары қорғансыздар, жетімдер тақырыбы болғаны айтылады. Қаламгердің..жылдардағы прозалық шығармалары жөнінде Зерттеуші‑ғалым С.Қирабаев: “Ол алғашқы шығармаларынан‑ақ, шындықты бұлтақсыз, күрделі күйінде бейнелей алуымен халықтық негізді берік қалады. Характер жасау, образ шындығы, сурет байлығы, тіл шеберлігі, психологизм молдығы тұрғысынан қарағанда, Мұқаң жеткен биік те басын сол дәуірден, сол шығармалардан алады”,‑дейді. Жазушы “Жетім” әңгімесінде қорғанышсыз қалған жетім баланың аянышты өмірін, мейірімсіз жамағайындарынан көрген зәбірін суреттейді. Бұған қоса, СДөнентаевтың “Көркемтай” әңгімесінің сюжетіне шолу жасалып, “Қорғансыздың күні” шығармасында жалғыз Ғазиза емес, зағип шешесінің де, кәрі әжесінің де қорғансыз қалған ауыр тағдыры туралы айтылып, бұл шығармалардың басын қосып тұрған ортақ сюжет арнасы ашылады. Ал, өлең, мысал, қысқа әңгіме кезінде тақырыптық түсінік беру жеткілікті. Оқушыларға мәтінді жеке бөліктерден тұтас, кешенді талдауға дайындау қажет. Мәселен, көркем мәтіннен эпизодтарды бөліп алуға үйрете отырып, оларға жоспар құруды, шығарма бөліктеріне ат қоюды тапсыруға болады. Одан соң шығарма құрылымының ерекшелігін ашқызып, автордың идеясын, кейіпкерлер жүйесін, шығарманың тіл көркемдігін айқындаймыз.

Көркем шығарманы талдау үстінде қаламгердің тіл шеберлігі де ашылады. Мәтін тілін шартты түрде екіге бөлеміз: жазушы тілі және кейіпкер тілі. Шығармадан алынған бейнелі көркем сөз оқушылардың тіл байлығын еселеп, сөздің мәнін ұғуға, эстетикалық талғамын оятуға әсер етеді. Мәселен, “Қорғансыздың күні” әңгімесіндегі қарт ана: “Кешегі баламнан қалған жалғыз көзім бұл жылаған сқң, бізде не тақат тұрады. Бұны жылатқан соң, қуарған қу өмірдің не бағасы бар? Жыластық: аяғында сонымен қойдық,”‑ дейді. Жазушының өзі кейіпкерінің осы бір сабырлы, бойұсынса да, қатал тағдыр тәлкегінің ойыншығы болмаған өр алпын қостап отырады. “Әңгімесін аузымен тоқтатса да, көңілінде соның аяғын тағы да созып, түкпірлеп ойлап, қайғының қат‑қабат шыңына ақылмен кіріп отыр. Кемпірдің жүзінде үлкен сабыр бар, сынбаған ажар, қажымаған қайтар, кең салқын ерлік бар”. Шығармадағы Ғазизаны автор: “Көрген көзге алғашқы жерден‑ақ сүйкімділігін сездіретін уыз жас. Жалғыз‑ақ ұяң, жұмсақ қарайтын қара көзінде және ылғи шытынаған, кірбіңдеген қабағында қалың уайымның салған ізі бар. Пішіні мұңды, жүдеу”, ‑ деп суреттейді. Суреткер сұм заманның шынайы суретін бере отырып, екі дай өмірдің қарама‑қайшылығын, әлдінің әлсізге жасаған қиянат‑зорлығын көркем бейнелейді.





Дата публикования: 2014-11-19; Прочитано: 12859 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2025 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.104 с)...