![]() |
Главная Случайная страница Контакты | Мы поможем в написании вашей работы! | |
|
Негізгі ұғымдар: пән, әдеби талдау, пәндік білім жүйесі, кәсіби біліктілік, ұстанымдар, білім беру жүйесі.
Әдебиетті оқу және талдай тану нәтижесінде келесі шешуші біліктіліктер жүзеге асуы тиіс:
- әдеби‑теориялық біліктілік ‑ әдебиеттегі тектер, түрлер, жанрлар, тақырып, идея, сюжет, композиция, көркем тіл, бейнелілік, образ, кейіпкер, көркемдік шындық, өлең құрылысы, шығармашылық, автор тілі сол сияқты негізгі мәселелерге байланысты теориялық түсініктердің қалыптасуы;
- әдеби‑тарихи біліктілік ‑ әдебиеттің даму заңдылықтары, ұлттық және әлемдік әдебиеттің тарихи кезеңдері, оларға тән негізгі сипаттар, шығармашылық тұлғалар мен басты туындылар, ағым‑бағыттар мен көркемдік әдіс‑тәсілдер жайында білім негіздерін игеруі;
- әдеби‑шығармашылық біліктілік – жастардың шығармашылық тұрғыдан ойлауы, ой‑пікірлерін әдеби көркем тілмен жүйелі жеткізуі.
Әдебиет пәнінен оқу үрдісін ұйымдастыру барысында төмендегідей мәселелерге назар аудару қажет:
- ұсынылған көркем мәтіннің мазмұнын түсініп игеру;
- тілдік қолданыстың мағыналық, эмоционалды‑экспрессивті, бейнелілік ерекшеліктерін тани білу;
- көркем бейне мен көркемдік шындықтың ерекшеліктерін, байланыстылығын ажырата білу. Осы негізде оқушының өмірлік көзқарасы мен дүниетанымын қалыптастыру;
- ұсынылған материалдар негізінде әдеби даму заңдылықтарын ашуға бағдар ұстану, соған орай қоғамдық‑әлеуметтік өмірдегі жаңа құбылыстардың мәнін түсіне білуге үйрету;
- ұлттық және әлемдік әдебиет үлгілерін салыстыра оқыту нәтижесінде ұлттық мәдениет пен тарихты, салт‑дәстүрлерді құрметтеу, оларға деген мақтаныш сезімдерін қалыптастыруға бағдар ұстану;
- әдебиетті оқыту барысында пәнаралық байланысты, жаңа технологияларды мақсатты пайдалану.
Оқу орындарында әдебиетті оқытуда жоғарыда көзделген мәселелер жүзеге асып жатса құба‑құп. Пән оқытушыларының міндеті ‑ әдебиет пәні бойынша студент жастарға түсінікті, мән‑маңызы айқын білім беру. Жастар игерген білімді одан әрі дамыта, жетілдіре отырып, бүгінгі күн үдесінен шығатындай пайдалана алуы керек. Бұл ретте әдебиет пәнінің басқа пәндерге қарағанда жетекші орында тұратыны белгілі. Осыған байланысты бұл ұсынылып отырған еңбектің мақсаты да айқын. Яғни, әдебиет пәнін игертуге байланысты тиімді, орныққан әдіс‑тәсілдерді саралай отырып, оны әдеби жанрларын оқыту, көркем мәтін түрлерін талдау мен көркем туындының бейнелілігін таныту бойынша білім мазмұнын үйретуде қолдану. Бұл кітапты жазуда жоғары оқу орнында оқылған дәріс материалдары, әдебиет зерттеушілері мен әдіскер ғалым, ұстаздардың еңбегі басшылыққа алынды. Оқу құралы жоғары оқу орындарында, колледждерде “қазақ тілі мен әдебиет” мамандығында білім алатын студенттерге, оқытушыларға және мектеп мұғалімдеріне арналған.
Еңбектің құрылымы жеке тақырыптардан, пайдаланылған әдебиеттерден, сабақ талдамаларының үлгілерінен және пәндік тест сауалдарынан тұрады.Әрбір пән өмір құпиясын өзінше бедерлейді. Оның ішінде әдебиет пәні “өміртану құралы” бола отырып, ондағы көкейкесті мәселелерді, адам тіршілігі мен болмысына тән сипаттарды терең ашады. Білім мекемелерінде оқытылатын пәндер жүйесінде әдебиеттің алатын орны айырықша. Әдебиет‑өмірге деген көзқарасты, эстетикалық талғам мен рухани ізгі мұраттарды қалыптастырады.
Әдебиеттің басқа өнер түрлерінен айырмасын атауға болады: алдымен, оның ішкі мазмұнымен бірге, сырт пішіні болады. Яғни, әдеби шығарманың пішіндік (стиль, жанр, композиция, көркем тіл, ырғақ) және мазмұндық (тақырып, фабула, конфликт, характер, идея, ағым) сипаты бір‑бірімен байланысты. Мазмұн да, пішін де тарихи категория. Әр жаңа дәуірде көне мазмұн жаңа пішін тауып, жаңғырып, жаңа дәуірге сай, сол қоғам шындығын бойына жиып, жаңа мазмұн тауып отырады. Ендеше, әдебиет өзгермелі, дамып отыратын ғылым. Оның осы қасиетіне сай оны оқып‑үйрету де кемелденіп отырады. Әдебиет пәнін оқып‑үйрену бағытындағы әдіс‑тәсілдер үнемі жетіліп отырады. Қазіргі әдебиетті оқытуға қойылатын басты талап – жастарға берілетін білімнің нәтижелілігі, шығармашылық тұрғыда құрылуы. Оқытушылар өздерінің тәжірибеден өткен, орныққан әдістерін жастарды ізденіске, ойландыруға, білім нәтижесін игеріп, оны шығармашылық түрде әрі қарай жетілдіруге, жастардың санасын ізгілендіруге бағыттап отырады. Осы ретте әдебиетті жастардың санасына серпін әкелетін, адамгершілік ізгі мұраттарға бастайтын рухани дүние деп қабылдауымыз керек.
Тұжырымдама. Әдебиет пәнін оқып‑үйрену бағытындағы әдіс‑тәсілдер үнемі жетіліп отырады. Қазіргі әдебиетті оқытуға қойылатын басты талап – жастарға берілетін білімнің нәтижелілігі, шығармашылық тұрғыда құрылуы. Оқытушылар өздерінің тәжірибеден өткен, орныққан әдістерін жастарды ізденіске, ойландыруға, білім нәтижесін игеріп, оны шығармашылық түрде әрі қарай жетілдіруге, жастардың санасын ізгілендіруге бағыттап отырады.
Дата публикования: 2014-11-19; Прочитано: 2084 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!