Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Мақсаты:Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі пәні, мақсат-міндеті туралы түсінік беру



  1. Әдістеме ұғымы, пәндерді оқытудың ерекшелігі
  2. Әдеби білім берудің басты талаптары, ұстанымдары
  3. Қазақ әдебиеті пәнін оқытудың өзіндік ерекшелігі

Негізгі ұғымдар: әдістеме, әдеби талдау, білім жүйесі, кәсіби біліктілік, құзыреттілік, үздіксіз білім беру жүйесі.

Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан бері елдің санасында түбегейлі өзгерістер болды.Бұл өзгерістер Қазақстан мемлекетін дүниежүзілік экономикалық қауымдастыққа мүше етумен қатар, еліміздің ішкі нарығын да әлемдік деңгейге көтерді. Мұнымен қоса, білім мен ғылым саласының алдында да жаңа талаптар пайда болды. Оның дәлелі – “Қазақстан республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасы”. Бұл құжат еліміздің білім жүйесінде реформалық өзгерістер жасау қажеттігінен туындайтын басты бағыт‑бағдарды айқындайды. Білім беруді дамытудағы негізгі мақсат – білім беру жүйесінің барлық деңгейінде қоғамның жаңа талаптарына сәйкес келетін білімді, кәсіби біліктілігі жоғары жастарды тәрбиелеуге қол жеткізетін сапалы, бәсекеге қабілетті білім ордаларын қалыптастыру. Осы тұрғыдан келгенде, үздіксіз білім беру жүйесінің базалық буыны саналатын жоғары, арнаулы, орта білім беру мекемелерінің жастарға сапалы білім беріп, ұлтжанды азамат етіп қалыптастыруда атқарар ролі зор.

Жалпы білім беру жүйесінде үйреншікті дағдыдан үйлесімді, күрделі сабақтастықтарды қамтуға ұмтылатын көп деңгейлі оқу жүйесін орнықтыру, жаңа оқу бағдарламаларымен қатар, оқу стандарттарын дайындау, жаңа ақпараттық, компьютерлік жабдықтармен жұмыс істеуге көшу – қазіргі заман талаптарынан туындап отыр.

Мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтып, халықтық құндылықтарды – шынайы мәдени‑этникалық мұраларды жандандырып, ұлттық тектілікті сақтау жолындағы қадамдары алдымен білім мекемелерімен байланысты. Шәкірт мектеп табалдырығын аттап, сауат ашуға ден қоя бастаған кезден, сөз, тіл құпиясына бойлайды.

Әдебиет ‑ өнер, халықтың сана‑сезімін көркемдік ойлау қабілетін байытатын рухани дүние. Әдебиетте адамның ілгерідегі жақсылықты көксеген асыл арманы, ұшқыр қиялы, осы жолдағы күрес‑тартысы, халқымыздың басынан өткен әр қилы оқиғалар, ерлігі мен елдігі суреттеледі.

Әдебиет пәні білім беру жүйесінде мынадай мақсаттарды көздейді:

‑ ұлттық және жалпыадамзаттық әдеби дамуға тән сипаттардың ұқсастығы мен даралығын саралау үстінде, ұлттық, адамзаттық құндылықтарды, халықтық мәдениет пен салт‑дәстүрді құрметтейтін рухани кемелді, отансүйгіш ұрпақты тәрбиелеу;

‑ көркем шығарма мәтіндерін мазмұн мен түр, негізгі әдеби‑тарихи мағлұматтар және теориялық‑әдеби ұғымдар бірлігі тұрғысынан игеру, әдебиет тарихы бойынша қажетті мәліметтерді, сондай‑ақ, әдебиеттану ұғымдарын пайдалана отырып, көркем шығармаларды оқу мен талдау дағдыларын меңгерту;

‑ көркем мәтінді сезімталдықпен қабылдауды, бейнелі ойлау жүйесі мен шығармашылық қиялдауды, оқырмандық мәдениет пен авторлық ұстанымды түсінуді; өнердің басқа түрлерінің ішіндегі әдебиеттің өзіндік ерекшеліктері туралы алғашқы түсініктерді; оқушылардың көркем шығарманы өз бетімен оқуға деген қажеттілігін; шығармадағы нақты тарихи және жалпы көркем мазмұнды анықтай алуды; ауызша және жазбаша түрде өз түсініктерін беріп, қазақ әдеби тілін сауатты пайдалануды дамыту;

‑ шәкірттерге әдеби пәндер жүйесіне тән білім, іскерлік дағдыларды меңгерту, сондай‑ақ, сөйлеу және жазу әрекеттеріне бейімділігін, оқу үрдісінде өздігінен жұмыс істеуге бағытталған шығармашылық қабілетін жетілдіру, игерген білім, дағды іскерліктерін өмірлік тәжірибеде қолдана білуге үйрету.

Бұл мақсаттар әдебиетті оқыту үрдісінде өзара байланыста іске асады және осы негізде төмендегідей базалық біліктіліктер айқындалады:

- көркемдік‑эстетикалық біліктілік ‑ әдеби шығарманы көркемдік тұрғыдан игеру дағдыларын қалыптастыру арқылы жастардың көркемдік‑эстетикалық талғамының, рухани‑адамгершілік қасиеттерінің өсуі;

- құндылық біліктілік – жастардың өзін‑өзі және қоғамдық‑әлеуметтік ортаны дұрыс тани білуіне, дұрыс бағдар ұстануына ықпал ететін дүниетаным негіздерінің қалыптасуы;

- оқу (интеллектуалдық) біліктілік – оқу үрдісінде мақсаттылық, жоспарлылық, жүйелілік, шығармашылық сипаттардың ұштасуы;

- ақпараттық біліктілік ‑ әдеби‑мәдени дамуға байланысты жаңа ақпараттарды тиісті дерек көздерінен өздігінен іздеп табу, пайдалану іскерліктерінің қалыптасуы;

- әлеуметтік біліктілік – жастардың әдеби‑көркемдік шындықты дұрыс түсіну және бағалау дағдыларын өмірлік тәжірибеде қолдана білуі, әлеуметтік ортада өз орнын табуға бейімделуі.

Әдебиетті оқытуда мынадай мәселелер шешімін табуға тиіс:

- жастардың көркем шығарманы талғампаздықпен түйсіну, эстетикалық тұрғыдан қабылдау, эстетикалық‑бейнелілік жүйені талдай білу қабілетінің артуы;

- түрлі ұлттар әдебиетіндегі тақырыптық‑идеялық, сюжеттік ұқсастықтарды, бейне жасаудағы типологиялық байланыстарды анықтай білу дағдыларының қалыптасуы;

- көркем шығарманың өзге өнер туындылары қатарындағы даралық сипаттарын анықтай білуінің іске асуы;

- көркем шығарманы тану арқылы қоғамдық‑әлеуметтік ортадағы өз орнын таба білуі;

- эстетикалық талғам мен көркемдік таным дағдыларының қалыптасуы;

- жастардың сөз мәдениетінің, тілдің талғамының орнығуы.





Дата публикования: 2014-11-19; Прочитано: 3745 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2025 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.069 с)...