Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Дәріс. Прозаның орта жанрын таныту



Мақсаты: Прозаның орта түріне байланысты мағлұмат беру.

1.Прозаның орта жанрына байланыстымағлұмат

2.Повесть жанрының ерекшеліктері

Негізгі ұғымдар: повесть, идея мен сюжет, баяншы, көркем бейне.

Дәріс (түйіні)

“Повесть” – орыстың көне дәуірден келе жатқан сөзі. Бұл өмірде болған оқиғаларды жылнама, шежіре беттеріне тізіп жазу дегенді білдіреді. Повестің жанрлық ерекшелігі туралы ұғымды әңгімемен салыстыра отырып беруге болады. Повесте бірнеше эпизодтық әрекеттер суреттеледі, сюжет желісі күрделі, кейіпкерлер саны көп.

С.Сейфуллиннің “Жер қазғандар” повесін талдап көрейік. Повестің басында темір жол құрылысы жүріп Көкшетау өңірінің әсем табиғаты беріледі. Автор мұнда еңбек етіп жатқан жұмысшыларды жалпы суреттей келе, өздерінше бір қос болып еңбек етіп жатқан бес жұмысшыны даралап көрсетеді. Олар: Әзімхан, Бұзаубақ, Қалкен, Хасен, Сатай. Автор жұмысшылардың портреттерін, киім киістері мен мінез‑қасиеттерін жекелей суреттейді. Осы жер‑жерден бас қосқан жұмысшылардың кешкі ермегі бір‑біріне әңгіме айтқызып, осыған дейінгі өмірлерін білу. Повесть баяндауында әңгіме айту кезегі келген Әзімханның әңгімесі өз алдына жеке бір оқиға болып суреттеледі. Повесть композициясында автор еркін еңбек етіп жатқан жұмысшылардың өмірін, осылардың арасындағы Әзімханды бірінші кезекте суреттейді де, оның төңкеріске дейінгі өмірін екінші кезекте бейнелейді. Әзімханның “Жер асты хикаясы” оның ауыр өмірді бастан кешіп, азабы мол жұмыста жүрген кездегі жағдайынан сыр шертеді.

Әзімхан Көкшетау өңіріндегі еңбекке келгенге дейін, шахтада жұмыс істейді. Ондағы ауыр еңбек өз алдына, шахта басшылары жұмысшылардың еңбегін қанап, әділетсіздік көрсетіп жүреді. Оларға бір күндік жұмыс көлемі бөліп беріледі. Жұмысшылар белгіленген жердің көмірін кешке дейін құлатып бітіруі керек. Егер оны орындай алмаса, оларды “ақ ауыз” деп, сол күнге еңбекақы есептелмейді. Бір күні Әзімхан сырқаттанып қалып, қолын қайла ұстайтын дәрмені болмайды. Оны біле тұра, шахта уряднигі оған ақ ауыз деп белгі салып кетеді. Осы әділетсіздікке төзбеген Әзімхан онымен жанжалдасып қалып, жұмыстан шығады. Осыдан кейін Әзімхан осы дала төсіндегі қызуы мол, өнімді де еркін еңбекке келеді. Әзімхан баяндаған “Жер асты хикаясы” повесть ішіндегі жеке бір сала әңгіме түрінде өрістейді. Әзімханның осы әңгімесіне бір жоспар құруға болады:

1) Жер астына алғаш түсу.

2) Әзімханның сырқаттануы.

3) “Ақ ауыз” болу.

4) Жанжал.

5) Әзімханның жұмыстан шығуы.

Повестегі табиғат суретінің өзі шығарманың идеялық‑көркемдігін ашуда үлкен роль атқарып тұр. Мәселен, Әзімхан шахтадан жанжалдасып шыққанда, табиғат та алай‑түлей күйде, қаһарлы суреттелсе, ал Көкшетау өңірінің көркем табиғаты сондағы азат еңбекпен үйлесіп тұр. Әзімханның іс‑әрекетімен танысқаннан кейін, оған мінездеме беру үшін мынадай сұрақтар қоюға болады:

‑Әзімхан қандай адам?

‑Оның көңіл‑күйіне жігер берген қандай суреттер?

‑Ол әділетсіздікке қарсы қалай күресті?

‑Әзімхан мінезінің қандай қырларынан үлгі алар едің?

Осы сұрақтарға берген жауаптарды мәтіндегі автор берген мінездеумен салыстырып, толықтырады. Повесть композициясының басқа да құрылымдары: суреттеу, баяндау, мінездеме, портрет, диалог, табиғат суреті талданып, мәтін кең түрде таныстырылады. Біз бір повесть ішіндегі өзінше бір бөлек әңгіме түрінде келген үзіндімен жұмыс жасадық. Сол сияқты, повесть жанрының көркемдік жүйесін талдау өзегі етуге болады.

Қазақ әдебиетінде көркем прозаның өрістеген тұсы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары болды. Бұл кезде прозаның шағын, орта көлемдісі дамыды. Мәселен, Б.Майлин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, С.Сейфуллин, М.Әуезов сияқты қаламгерлердің туындылары белгілі болды.

Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы Бейімбет Майлин көркем проза саласында ерекше еңбек еткен қаламгер. Автор поэзия, драматургия саласындағы өнімді еңбегін прозада да жалғастырды. Автор қырық төрт жасқа келгенше алпыс алты кітап шығарған. Оның қырық тоғызы өзінің төл туындылары, қалғандары басқа авторлармен бірігіп жазған еңбектері. Б.Майлиннің 1914 жылдары жазылып, “Қызыл Қазақстан” журналында жарияланған алғашқы повесі – “Шұғаның белгісі”. Бұл повесть жеке кітап болып та басылды, жинаққа енгізілді, орыс тіліне аударылды. Әйел басында еркіндік болмаған кезеңнің ауыр жағдайы повесте терең суреттеліп, феодалдық сананың адамға ерік бермеген қытымыр кезі шынайы ашылады. Жастардың қоғамды жайлаған әділетсіздікке қарсы тұрар дәрмені болмайды. Сол себептен, Шұға мерт болып, Әбдірахман жапа шегеді. Шұғаның өлімі әділетсіз қоғамға, махаббат сезімін аяққа таптаған үстемдерге деген қарсылық еді. Повесть әдеттегі баяндаудан басталмайды. Ең басында екі жолаушының әңгімесі беріледі. Ол – Шұға туралы болады. Яғни, шығарманың басында‑ақ, автор Шұғаға назар аударады. Оның сырт келбеті де ұнамды суреттеледі: “...төрт ұлдың ортасында бұлаңдап өскен Шұға дейтін қызы болды. Шұға десе, Шұға, әй шіркіннің өзі де келбетті еді ау... Аққұба, талдырмаш, көзі де қап‑қара, өзі үріп ауызға салғандай еді. Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Жеңілдік дегеннің не екенін білген емес, сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай; бір түрлі паң еді‑ау, шіркін!”

Повесте Шұғаның бейнесі бірте‑бірте ашылады. Яғни, Әбдірахманды ең алғаш көргендегі қалпы, бірінші хатына берген жауабы, алтыбақан ойналатын кештегі көрініс, Әбдірахманға ғашық болуы. Шұғаға тән қасиет – ұстамды, сабырлы мінезі, уәде‑сертке беріктігі. Өз заманын, әлеуметтік орта жағдайын ақыл‑парасатымен түсінген Шұға тән дертінен айықса да, жан сырқатынан жазыла алмайтынын сезеді. Сондықтан алдағы күнге деген үміті сөнген Шұға сарыуайымға салынады. Тіпті Қасымжанмен тілдесіп отырып, “‑ жазылып керегі не, бәрібір бақытты бола алмаймын. Әкем аяса, менің дертім жаныма батқан соң, аяп жатыр. Ертең жазылсам қайта күйсеуден тайынбайды” деп қайғыға салынады. Осыдан келіп Шұғаға мінездеме беруге болады.

Шұғаның өз ортасынын озған ақыл‑парасаты бар;

Шұға ақыл‑біліміне қарамастан, орта тәрбиесінің шырмауынан шыға алмайды;

Діни нанымнан да қол үзбейді. Бұл дүниеде жетпеген бақытқа о дүниеде қол жеткіземіз деп ойлайды. Шұғаның бойындағы шешімділіктің болмауы, Әбдірахманға қосылу әрекетіне бел шешіп кіріспеуі оның осындай жағдайға кезігуіне себеп болады.

Әбдірахманға тән қасиеттер: уәдеге беріктік, табандылық, адалдық. Мәселен, оған әкесі ауылдың қызы Гүлзипаны айттырғысы келгенде, ол әкесіне де, ауыл ақсақалдарына да көнбейді. Шұғаға берген сертінен тайдырғысы келгендерге ерік бермейді. Әбдірахманға ауыл ішінде кедергі келтіргісі келгендер көп. Есімбек балаларының айбаты, Айнабайдың елге жайған өсегі. Бұлардың ақыры Әбдірахманға жала жабылып, ұсталуымен аяқталады. Әрине, Әбдірахман кедергілердің бәріне шамасы келгенше қарсы тұруға тырысады. Кей‑кейде кедейлігін ойлап, уайым шегеді. Шұғамен алғаш кездескенде, жылы жауап естімеген Әбдірахман: “Осы менің кедейлігім‑ау. Бай баласы болсам, Шұға сөзсіз қабыл етер еді” деп жасиды, кедейлігіне қорланады. Ал, Шұғамен алтыбақан тепкенде, ән айтып, шалқыған қуаныш сезімінде болады. Кейде “Шұға айныса, амалым жоқ, ол сөзінде тұрса, не қиындық болса да көнем”‑деп ширығады. Түрмеден босап, алып‑ұшып ауылға келгенде, Шұғаның қазасын естіп, қатты қайғырады. Әдірахман бір басында білімі де, мінез қасиеті де мол кейіпкер. Оның шынайы сезімі қанша терең болғанымен, күш‑жігері заман кедергісін жеңуде дәрменсіз болады. Өзіне жабылған жаладан құтылғанша, арада болған үзіліс оны Шұғадан айырады. Сөйтіп, адам құқығы қорғалмаған заманның құрбаны болады.

Повестегі үшінші кейіпкер ‑ әңгімеші Қасымжан. Ол шығарма оқиғасына бастан‑аяқ қатысып, оның сюжетін баяндап отырады. Қасымжан – Шұға мен Әбдірахманның қуаныш, қайғысына ортақтасып, қолынан келген жәрдемін де аямайды. Ол Шұғаның жан сырын, соңғы аманатын сеніп айтқан адамы. Қасымжан оқиға барысын әңгімелеу үстінде екі жастың арасындағы махаббатты қолдап, барынша олардың қарым‑қатынасына дәнекер болады. “Шұғаның белгісі” повесі халықтық дәстүрлерді бойға жиған көркемдігі жоғары шығарма. Онда халықтық эпостарға үйлесетін тұстары кездеседі. Мәселен, Шұғаның көп ағаның ортасында еркін өсуі жырлардағы Назымға, Жібекке ұқсатады. Ал, Шұғаның әкесінің құрдасы Қалимен құдаласуға серттесуі “Қозы Көрпеш Баян сұлудағы” Қарабай мен Сарыбайдың әрекетін еске түсіреді. Сол сияқты, Шұғаның хаты, оның құрылымы халық өлеңдеріне ұқсайды. Повестегі әдемі табиғат суреті, халықтың дағдылы тұрмыс‑тіршілігін көрсетеді. Повесті “Қалың мал”, “Қамар сұлу”, “Бақытсыз Жамал” шығармаларымен салыстырып, ұқсастығы мен айырмасын даралауға болады.

Тұжырымдама. Төңкерістен бұрынғы қазақ әдебиетінде Ш.Уәлихановтың әдеби очерктері мен публицистикасы, Ыбырайдың әңгімелері, Абайдың қарасөздерінен басқа шығармалар аз еді. Алайда, прозаның жанрлық элементтері тұрмыс‑салт ертегілерде, тарихи аңыз‑әңгімелерде кездеседі. Бұл туралы М.Әуезов: “Салт ертегілер қазақта көп, бүгін туып отырған прозаның мол іргесі, кең қоры осы түрде екенін даусыз дәлелдейтін ауызша айтылған салт романы, тарихи ұзақ әңгіме, тарихи хроника, ең алғашқы қысқа әңгіме, өткір, өсиет, күлкі, жорық әңгімесі сияқты құбылысы көп қиын түйінді шытырман әңгімелер осы топтан табылады”,‑ дейді. Яғни, қазіргі әдебиетте қалыптасқан прозаның сан алуан жанрларының бастауы халық шығармашылығында жатыр.

Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама: Студенттерәңгіме жанры бойынша жасалатын жұмыс түрлерін саралай алулары керек.





Дата публикования: 2014-11-19; Прочитано: 2419 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.008 с)...