![]() |
Главная Случайная страница Контакты | Мы поможем в написании вашей работы! | |
|
Мақсаты: Ертегі жанры, оның қаһармандарының ерекшеліктеріне байланысты мағлұмат беру.
Негізгі ұғымдар: ертегі, миф, ертегілік сюжет, ертегі қаһарманы, әсірелеу, дамыту.
Шағын көлемді эпикаға тән жанрлық түрлердің бірі – ертегі. Ертегі адам өмірінде, не хайуанат дүниесінде болуға лайық, әр алуан қызық, кейде тіпті ғажайып оқиғаларды ойдан шығарып, өсіре әңгімелейтін көркем баян, әсерлі хикая.
Көркемдік жағынан алғанда, ертегінің көлемі қысқа, сюжеті ықшам, композициясы жинақы, тілі ауызекі айтуға лайық қарапайым, бірақ образдары өткір, дәл, мазмұны тартымды, идеясы бүкпесіз, ашық. Оқиғаға қатысатын адамдар санаулы, мінез-құлқы көбіне бір қырынан көрініп, ең елеулі ерекшелігімен ғана көзге түседі.
Қазақтың төл ертегілері аса мол. Ғалымдар оларды әртүрлі жіктеп, саралайды. Мысалы, қазақ ертегілерін жете зерттеген ғалым-жазушы М.Әуезов қазақ ертегілерін шартты түрде мынадай топтарға бөледі:
а) Қиял-ғажайып ертегілер.
ә) Хайуанаттар жайындағы ертегілер.
б) Салт ертегілері.
в) Балаларға арналған ертегілер.
г) Аңыз ертегілер, күй аңызы.
Қиял-ғажайып ертегілер. Кейіпкерлері әр алуан ғаламаттар болып келеді. Олар: жеті басты жалмауыз, жалмауыз кемпір, мыстан кемпір, айдаһар т.б. Кез келген құбылыстың жаны бар деп түсінушілік қиял-ғажайып ертегілердің бәрінде де ұшырасады. Қиял-ғажайып ертегілерден ежелгі адамдардың космогониялық ұғым-нанымдарын ғана танып қоймаймыз, сонымен бірге мал баққан тайпа өмірінің тұрмысын, тіпті ертегі кейіпкерлерінің әлеуметтік негізін білдіретін ишараны да табамыз.
Қиял-ғажайып ертегілердің бәрінде де ақиқат дүние мен қиял дүние араласып жатады. Соның бәрінде де ой бар. Ол – адамның тылсым табиғат сырларын ашуға, өзін қоршаған ортадан алыстағыны болжап білуге ұмтылуы.
Хайуанаттар жайындағы ертегілер. Бұл қазақ фольклорындағы мол саланың бірі. Қазақ тұрмысында үй хайуанаттарының маңызы мен рөлі ерекше. Халықтың күнкөріс кәсібінің, тіршілігінің тірегі болған хайуанаттардың маңызды орын алғанына бұл саладағы ертегілердің мазмұнымен қатар, молдығы да куә. Сондықтан олар жайындағы ертегілерде түйе, ешкі, қой, сиыр қызығылықты суреттеледі.
Салт ертегілері. Бұл топқа жататын ертегілер: қиял-ғадайып сарындар араласқан әрі нағыз салт ертегілері болып екіге бөлінеді. Аңшы кейіпкерлердің характері мен тұрмысының реалистік сипаттары мен һиял-ғажайып кереметтердің ерекше оқиғаларға тап болатын хайуанаттардың бейнесі өзара астасып, ұласып жатады.
Көбінесе мұндай ертегілерге махаббат тақырыбы және сұлу қызды қиялы кереметтердің тылсым түрде ұрлап әкетуі тақырыбы араласады.
Нағыз тұрмыс-салт ертегілері көшпелі бақташылық тұрмысты суреттейді және арманға толы болып келеді. Сол сияқты мұндай ертегілердің бір тобын үй-ішілік, отбасылық ертегілер құраса, енді бір тобында қатыгез, кекшіл хандар жайы баяндалады. Қалың малға сатылып, сүймесіне еріксіз қосылған әйел тағдыры мен тұрмысы, өгей шешенің қорлығы мен зорлығы сияқты тақырыптағы ертегілер де осы топқа жатады.
Балаларға арналған ертегілер. Бұл қиял-ғажайып ертегілердің, тұрмыс-салт ертегілерінің және хайуанаттар туралы ертегілердің жиынтығы сияқты. Олар қызықты әрі күлкілі болып келеді. Кейде оларды өтірік ертегілер деп те атайды.
Балаларға арналған ертегілер адам мен оны қоршаған табиғаттың арасындағы шекті елемейді. Оларда адам табиғатпен сіңісіп кетеді немесе соның ішінен ғажайып көрініске түсіп шығады, адамның әдеттегі қалпынан бөлек небір күлкілі күйлерге енеді. Бұл ертегілер баланың ой-санасы оянып, қиялы шарықтап өсуіне әсер етеді.
Аңыз ертегілер. Қазақ аңыздарының ертегілерден ерекшелігі сол – барлығы да тарихта болған адамдар жайында айтылған, халық шығарған көркем әңгіме болып келеді.
Аңыз ертегілерінің бір ерекшелігі – ошл әңгіме етілетін адамның өз өміріндегі шын ісі мен мінезінің суреттелуінен туады. Сондықтан батыр жайындағы аңыз болса, тірліктегі іс-әрекетіне қосымша ұлғайтылып айтылған шығарма болады.
Аңыздардың тағы бір ерекшелігі бірнеше циклдан тұратындығы. Белгілі оқиға немесе белгілі адам жайындағы аңыздар шағын-шағын новеллалардан тұрады.
Қазақ аңыздар екі топқа бөлінеді. Бірінші топқа жататындар – Қорқыт, Асанқайғы, Алдарқөсе сияқты адамдар жайындағы аңыздар және Қожанасыржайындағы аңыз анекдоттардың қазақша нұсқалары. Екінші топқа күй аңыздары жатады. Домбыра мен қобызда, сыбызғыда тартылатын күйлер арқылы әр аңыздың мазмұны баяндалады. Қазақта күй өте көп. Солардың бәрінің де ауызша кіріспесі болады.
Ертегілердің қай түрі болмасын оқушылар оны сүйіп, қызығып оқиды. Сондықтан ең бірінші оларға ертегінің мазмұнын м еңгертіп, идеясын ұғындыру керек. Талдау барысында түрлі сабақ үлгілерін қолдануға болады.
Көркем әдебиет өзінің бар болмысымен сол халықтың танымын, өткендегісі мен болашағын бейнелейді. Әдебиеттің ұлттық ерекшелігі халықтың тарихи дамуымен тығыз байланысты. Ал, оның қайнар бұлағы – фольклорлық мұра – көркемөнер дамуына ұдайы елеулі ықпал жасап отыратын шығармашылық фактор.
Дата публикования: 2014-11-19; Прочитано: 3978 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!