Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Дәріс. Кейіпкерге мінездеме беру жолдары



Мақсаты: Кейіпкерге мінездеме беру туралы мағлұмат.

1.Кейіпкер түрлеріне байланыстымағлұмат

2.Мінездеме түрлері

Негізгі ұғымдар: кейіпкер, жанама кейіпкер, кейіпкерлер жүйесі, монолог, диалог, портрет, мінездеме.

Дәріс (түйіні)

Көркем мәтінді талдау кезінде кейіпкерлерге мінездеме берудің мәні үлкен. Әрбір мінездеме мәтіннің өзінен тудыра талданады. Оқушылар кейіпкердің бір сипатын атап, соған мәтіннен дәлел келтіреді. Сөйтіп, мінездеменің жоспары айқындалады немесе мінездеме жоспарын алдымен жасап алып, оған мысалдар тапқызуға болады. Мұндай жұмыс түрлері үйрету, бірлесіп талдау сабақтары үшін қажет.

Кейіпкер мінезінің әрбір сипатын аша отырып, олардың әрқайсысына атау беріледі. Оқушылардың осылайша талдау тәжірибесі орныққан соң, мінездеме жоспарын жасауды үйге беруге болады. Ол сыныпта талданып, толықтырылады. Осыдан соң мұғалімнің көмегімен, оқушылар образ табиғатын, автор суреттеуін қалай түсінгенін айтады. Кейіпкерлер кезекпен мінезделген соң, өз ара салыстырылады. Мұғалім алдымен оқушылардың жасап келген мінездеулерін оқытады, оларды бір‑бірімен салыстырады.

Зерттеуші Б.Сманов “Кейіпкер бейнесін талдау” әдістемеік еңбегінде көркем бейнені талдаудың мынадай тәсілдерін көрсетеді:

‑ Кейіпкерлер портреті, іс‑әрекеті, оның ішкі психологиясы жайлы автордың ойын білдіруі;

- Көркем бейнеге тән ерекшеліктерді өзге кейіпкерлерді сөйлету жолымен беру;

- Әдеби бейненің ішкі толғаныстарын (монологтарын) келтіре отырып ашу;

- Қаһармандар табиғатын оларды бір‑біріне қарсы қою әдісімен (диалог, әңгімелестіру) ашу.

Кейіпкерді мінездеу ең алдымен шығарма жанрына байланысты. Мәселен, лирикалық шығармаларда кйіпкер кейде тікелей көрінсе, кейде ақынның ойы көңіл‑күйі, бейнесі арқылы беріледі. Мысалы, Абайдың “Адамның кейбір кездері”, “Өлсем орным қара жер сыз болмай ма” өлеңдерінде екі заман шендестіріледі. Оның кейіпкері – ақын және заман. Сол сияқты ақынның “Адамның кейбір кездері” өлеңінде сөз өнері, өлең, ән туралы мәселе қозғалады. Бұл өлең арқылы Абай поэзияның, сөз өнерінің міндетін айқындайды, ақындық шабыттың сыры, қуаты туралы тебірене ой толғайды. Ақын өмірдің сәулелі, нұрлы жағымен қатар, көлеңкелі жағын да сынға алады. Зұлымдық пен надандық жайлаған заманның жағымсыз сипатын ызалана ашады, шенейді.

Қыранша қарап қырымға,

Мұң мен зарды қолға алып,

Кектеніп надан зұлымға,

Шиыршық атар, толғанар.

Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащы тіл.

Не жазып кетсе жайы сол,

Жек көрсеңдер өзің біл.

Мұнда ақын‑кейіпкер ішкі ширыққан көңіл‑күйін, сөздің алмастай өткірлігін береді. Осыған байланысты мынадай жоспар беруге болады,

1) ақын толғанысы.

2) заманға көзқарасы.

3) надандықты шенеуі.

4) сөз қуатын дәріптеуі.

Сол сияқты, С.Торайғыровтың “Шәкірт ойы” өлеңінде лирикалық кейіпкердің асқақ ойы, халқына деге шексіз сүйіспеншілігі беріледі:

Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып, күн болам.

Қараңғылықтың кегіне

Күн болмағанда кім болам.

Мұздаған елдің жүрегін,

Жылытуға мен кіремін

Қазақ ақынының халқының жағдайын қапысыз таныған сергек санасы, асқақ ой‑мұраты танылады. “Көк” қазақтың кие тұтқан дүниесі. Аспан көгіндегі күн сәулесі тіршілікке қалай нәр берсе, ақынның да арманы халқына жарық әкелу, қараңғылық шырмауынан босату, еңсесін көтеру. Осы жолда ақын‑кейіпкердің аңсар‑тілегі‑халықты ояту, жаңалыққа бастау. Мұндай асқақ арманды осы тұста Мағжан да, Міржақып та айтты. Олардың халықты ағарту жолындағы еңбектері сан салалы еді. Көркем шығарма арқылы, публицистикалық мақалалары арқылы, қоғамдық қызметтері арқылы ат салысты. Кейіпкерге мінездеме берудің мынадай түрлері бар:

1) Дара мінездеу

2) Салыстырмалы мінездеу

3) Топтау түріндегі мінездеу

Дара мінездеу көбіне туындыдағы бас кейіпкерге беріледі. Мәселен, Ғ.Мүсіреповтің “Қазақ солдаты” романындағы Қайрошты шығарма сюжетіндегі әрекет‑оқиғаға қатысуына, мінез‑сипатына байланысты даралап мінездеме беруге болады. Ал, салыстырмалы мінездеу іс‑әрекеті, мінез‑құлқы ұқсас немесе әр түрлі кейіпкерлерге беріледі. Бұл жағдайда ұқсас кейіпкерлер салыстырылады. Қарама‑қарсы кейіпкерлер шендестіріледі. Мәселен, Ы.Алтынсариннің “Бай баласы мен жарлы баласы” әңгімесіндегі Асан мен Үсеннің мінез‑қасиеттері шендестіріледі. Үсеннің мінезі ‑ өмірге икемді, сабырлы, еңбекқор, әкеден көрген тәлімі мол. Асанның мінезі ‑ өмірге икемсіз, еңбекке қырсыз, өнеге‑тәрбие көрмеген. Ал, кейде шығарма кейіпкерлеріне топтай мінездеме береміз. Бұл көбіне көлемді шығармаларды өткенде қолданылады. Мәселен, “Абай жолын” өткенде, Құнанбай мен оның төңірегіндегілерге, Абай мен оның айналасындағыларға, аналар бейнесіне, халық өкілдріне топтап мінездеме беруге болады. Бұл оқушыларға мәтін мазмұнын жете түсініп, кейіпкерлерді жүйелей алуға көмектеседі.

Кейіпкерге мінездеме беру тәсілдері түрліше болады. Онда кейде кейіпкердің сырт кескіні, кейде міне‑құлқы көрінеді. Яғни, мінездеуде кейіпкердің жас ерекшелігі, дене бітімі, бет пішіні, киім киісі, дене қозғалысы, бет‑жүз қимылы кіреді. Бұған портрет тәсілінің қатысы бар. Портрет тікелей адамға бағытталып, сөз арқылы оның бейнесі жасалады. Портрет біржақты тәсіл емес, ол кейде толығып, кейіпкердің мінез сипатын, әлеуметтік жағдайын ашып та тұрады. Мысалы, Ғ.Мұстафиннің “Аяз қарт” әңгімесінде мынадай үзінді бар: “Ақ басты, ақ таяқты бір қарт келеді. Қара көзі көкшіл, қызыл шырайы қуқыл тартыпты, таяғы жерге қадалғанда, көзң де бірдемеге қадалады. “Көп көрсем де, көрмегенім көп екен, көп білсем де білмегенім көп екен” деп оқтын‑оқтын ыңылдайды. Ыңылы күй ме, сарын ба, сағыныш па, әлде шаттық па, әйтеуір кеудесін тебірене шыққан бір дыбыс, бір тыныс”. Бұл кейіпкер портретінен адамның көңіл‑күйі, арман‑тілегі қоса танылып тұр. Өмірінің көбі артта қалған қарттың тіршілікке деген құштарлығы байқалады. Ал, кейде портрет пен мінездеу аралас та келеді: “Қияс он төртке енді толды. Бірақ дене бітімі он төртте деуден гөрі он алты‑он жетіге келіп, буыны беки бастаған бала жігіт деуге болар еді. Жасынан‑ақ ірі, әкесі секілді мінезі ауыр болып өсті. Жұмыстың қай түріне болса да, бейімі бар және тындырымды еді”. Көркем образ ‑ өмірлік шындықты игеру мен қайтадан қорытып жаңа сапада жасап шығарудың өнерге ғана тән ерекше тәсілін сипаттайтын категория. Кейде оқушы күнделікті өмірдегі адам мен әдеби қаһарманды бірдей ұғым деп қабылдайтыны бар. Алайда, әдеби кейіпкер мен түптұлға (прототип) бір емес. Әдеби бейнеде қаламгердің ұстанымдары жинақталып, соған сәйкес көркем бейне жасалады. Мінез – адамның ішкі болмысы, қоғамдық жағдай қалыптастырған психологиялық ерекшеліктерінің жиынтығы. Осы мінез сипатты ашу үшін жазушы әр түрлі тәсілдерге жүгінеді.

Тұжырымдама. Көркем мәтінді талдау кезінде кейіпкерлерге мінездеме берудің мәні үлкен. Әрбір мінездеме мәтіннің өзінен тудыра талданады. Оқушылар кейіпкердің бір сипатын атап, соған мәтіннен дәлел келтіреді. Сөйтіп, мінездеменің жоспары айқындалады немесе мінездеме жоспарын алдымен жасап алып, оған мысалдар тапқызуға болады. Мұндай жұмыс түрлері үйрету, бірлесіп талдау сабақтары үшін қажет.

Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама: Студенттеркейіпкерге мінездеме беру бойынша жасалатын жұмыс түрлерін саралай алулары керек.





Дата публикования: 2014-11-19; Прочитано: 10573 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.009 с)...