Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Дәріс. Прозаның шағын түрлері. Әңгіме жанрын таныту



Мақсаты: Прозаның шағын түрлеріне байланысты мағлұмат беру.

1.Прозаның шағын түрлеріне байланыстымағлұмат

2.Әңгіме жанрының ерекшеліктері

Негізгі ұғымдар: әңгіме, сюжет, әңгіме кейіпкері, көркем образ, пролог, эпилог.

Дәріс (түйіні)

Әңгіме жанры – прозаның шағын түрі. Онда оқиға, кейіпкердің іс‑әрекеті қысқа болып, уақыт жағынан да аз мерзімді қамтиды. Әңгіме жанрының осы қасиеті тыңдаушылардың оны тез игеріп, түсінуіне жағдай жасайды. Алайда, бұл әңгімені жеңіл деп, үстірт оқыту дегендік емес. Керісінше, оқушылар әңгіме жанрынан бастап, көлемді прозалармен танысады. Ендеше, әңгімені мұқият меңгерген оқушы повесть, роман жанрларын талдауды тез игереді. Мұғалім осы үлкен прозаның бастауы болатын әңгімені меңгертуге көп көңіл бөлгені жөн. Оқушылардың мәтінді түсініп, нақты сюжетті меңгеруінде жоспардың атқаратын ролі айталықтай. Мұғалім жоспарды екі жолмен ұсына алады. Жоспарды оқушыларға дайын күйде алдын ала беріп, сол арқылы әңгіменің сюжетін ашып, рет‑ретімен баяндауға жол салуына болады немесе мұғалім мәтін мазмұнын аша отырып, оқушылармен бірлесе жоспар құрады. Мәселен, Ыбырай Алтынсариннің әңгімелері бойынша бірнеше жоспар жасайық.

“Бақша ағаштары” әңгімесі.

Жоспар

1) Әке мен бала.

2) Баласының әкесіне қойған сауалы.

3) Әке сөзінің ғибраты.

“Таза бұлақ” әңгімесі.

Жоспар

1) Жолаушылардың бұлақ басында кездесуі.

2) Бұлақ басындағы сөздің мәнін ашуы:

- саудагердің сөзі;

- молданың сөзі;

- жас жігіттің сөзі.

3) Сөздің тәлімдік мәні.

Осы әңгімелердің көлемі шағын болса да, маңызы аса терең. Жалпы, Ы.Алтынсарин шығармаларына тән қасиет қандай мәселенің де тәрбиелік, ғибраттық мәнін жете ашады. Әңгіме сюжетін терең береді. Алғашқы әңгімеде бақша ағаштарына қатысты баласының қойған сауалдың мәнін әкесі бала, ұрпақ тәрбиесімен сабақтастырады. Баласының көз алдындағы екі түрлі өскен ағаштың себебін балаға беретін тәрбиенің оң, терістігімен байланыстырады. Балаға айнала қоршаған табиғаттың әдемілігін тануға, оны қорғауға үйретеді, ой салады. Сол арқылы айнала жаратылыстың көркемдігі адамға қаншалықты маңызды болса, сол табиғат ортасында жасайтын адамның оны қорғап, сақтауы соншалықты мәнді екенін ұғындырады. Мұғалім осы әңгіменің жетегінде өз оқушыларының табиғаттың жанды, жансыз құбылыстарын сақтап, қорғауға деген ойларына қозғау салады. Табиғат кереметіне байланысты аңыз, мақал‑мәтел айтып, оның мәнін ашады.

Екінші әңгімеде бұлақ басында кездескен үш жолаушының ондағы тасқа жазылған «Әй, жолаушы, болсаң осы бұлақтай бол” деген сөздің мағынасын ашуда айтқан уәждерін келтіреді. Саудагер де, молда да өз түсініктерінің, жасап жүрген кәсіптерінің төңірегінде пікір білдірсе, әлі жас, ой‑көңілі таза жас жігіт ойын сол таза қалпында береді. Бұлақтың көпті аялдататын себебінің өзі оның кірбіңсіз таза екендігінде. Ендеше ақын осы әңгімелері арқылы жас ұрпақтың санасына жер бетіндегі, айнала қоршаған ортадағы жақсылықты, мейірімділікті, еңбекқорлықты, тазалықты сіңіргісі келеді.

Үшінші әңгімеде автор екі түрлі әлеуметтік ортада өскен балалардың ауылдан көз жазып қалғандағы әрекеттерін суреттейді. Асан мұндай жағдайда не істерін білмей, дәрменсіз болып қалса, Үсен саспастан, ескі жұртты қарап, тауып алған заттарды, балық аулауда, құсқа тұзақ құруда кәдеге жаратады. Соның бәрінде әкеден көрген, естіген тәлімдерін жадында ұстап, солардан түйгендерін пайдаланады. Тіпті, құсты ұстап, алғанда, онымен ойнап барғысы келген Асанға тыйым айтып, әкесінің тірі жан иесінің обалы болатындығын айтқанын еске алады. Автор алдымен екі баланың екі түрлі жағдайда өскен әлеуметтік ортасынан хабар берсе, екіншіден еңбектің ролін дәріптейді. “Еңбекпен табылған дәмнің тәтті” болатыны сияқты, Үсен әке қасында жүріп, күнделікті тамағын әрекетпен табумен бірге, әкесінің айтқандарын құлағына құйып өскендігін, соның керек жерде пайдаға асқанын көрсетеді. Осы әңгіме арқылы ата‑ана кәсібіне құрметпен қарап, еңбек етуге жақын болу керектігін, халықтың салт‑дәстүрін сақтау қажеттігін айтудың артықтығы жоқ.

Жазушы Ә.Кекілбаев жас ұрпақтың тәрбиесі туралы былай дейді: “Өмірдегі бүгінгі өзгерістер қаурыт, әрі түбегейлі. Қазір бір орында қадалып тұрып, ілгері басу қандай мүмкін болмаса, бар нәрсені сол қалпында қалдырып жаңа сапаға көтерілу сондай мүмкін емес. Осындай өзгеріске бірден‑бір зәру жер – мектеп. Өйткені, мектеп өзгермей тұрып, адам өзгермейді. Бүгінгі мектеп өсіп‑өніп жатқан адамзаттың кезекті бір жаңа буынын көзқарақты етумен қатар, дүниені сын кезеңнен алып шыға алатындай жаңа парасатты ұрпақ тәрбиелеуге тиіс”. Ендеше, шағын әңгімеден түйетін тәлім терең екен. Оқушы көркем шығарма арқылы көптеген жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, көркем ойлауға, одан алған тәлімін өмірде қолдануға үйренеді.

Қазақ әдебиетінде балаларға арналған шығармалар әр кезеңде де жазылып келеді. Халқымыз “Баланы – жастан” деген қағиданы алға ұстап, кемел адам қалыптастырудың қиын да киелі парызын бала жанын қорғаудан бастады. Балалар тақырыбына жазатын қаламгерлердің ұстанымы – жаны таза, ой‑арманы биік, парасатты адамның бастауы – бала жанының дұрыс қалыптасуына ықпал ету. Бұл тұста жазушылардың бағыт етер мұраты – ізгілік.

Ғабит Мүсіреповтің аналар тақырыбына арналған шығармаларының маңызы бір сала. Жазушы әр қоғамдық кезеңдегі аналар бейнесін суреттей отырып, олардың ойындағы ерлік пен төзімділік, мейірім мен өмірге құштарлық секілді қасиеттерді ашады. Мәселен, “Ер ана” әңгімесінде немістер жайлаған мектептің күлін көкке ұшырған өжет ана бейнеленсе, “Ананың арашасы” әңгімесінде бір ауылды ақтардың азабынан арашалап қалған Нағима бейнесі суреттеледі. Ал, бейбіт заманда еңбектегі ерлігімен, батыл ойларымен ерекшеленген Айгүлдің бейнесі өзінше дара кейіпте бейнеленеді.

Тұжырымдама. Әңгіме жанры – прозаның шағын түрі. Онда оқиға, кейіпкердің іс‑әрекеті қысқа болып, уақыт жағынан да аз мерзімді қамтиды. Әңгіме жанрының осы қасиеті тыңдаушылардың оны тез игеріп, түсінуіне жағдай жасайды. Алайда, бұл әңгімені жеңіл деп, үстірт оқыту дегендік емес. Керісінше, оқушылар әңгіме жанрынан бастап, көлемді прозалармен танысады. Ендеше, әңгімені мұқият меңгерген оқушы повесть, роман жанрларын талдауды тез игереді.

Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама: Студенттерәңгіме жанры бойынша жасалатын жұмыс түрлерін саралай алулары керек.





Дата публикования: 2014-11-19; Прочитано: 4062 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...