Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Дәріс. Ғұмырнамалық шығармаларды таныту



Мақсаты: Ғұмырнамалық шығармаларға байланысты мағлұмат беру.

1. Ғұмырнамалық шығарма жанрына байланыстымағлұмат

2.Кейіпкерлері, прототип

Негізгі ұғымдар: роман, эпикалық сюжет, баяншы, көркем бейне, кейіпкерлер жүйесі, прототип.

Дәріс (түйіні)

Ғұмырнамалық шығармаларды таныту. Көркем әдебиет өткеніне қайырылмай, өзінің бүгінгі жеткен биігін өткенмен салыстырмай, қоғамы мен ортасында өткендүбірлі оқиғалар мен тұлғаларды бейнелемей тұра алмайды. Суреткер өзінің көркемдік‑таным қабілетін жұмсай отырып, дәуір рухын, өмір болмысын танытатын шығармалар тудырады.Бұл мәселеде көрнекті орынды ғұмырнамалық шығармалар алады. Әдебиет зерттеушісі Л.Гинзбург: “Естелік, өмірбаяндық әдебиет адам туралы тікелей әңгіме (прямой разговор) жүргізеді” десе, зерттуші С.Розанова: “Тарихи‑әдеби және өмірбаяндық мәліметтерге жанама құжат ретінде қызмет еткен естеліктер, енді сөз өнерінің дербес жанры ретінде, жеке тұлғаны танып‑білуде әдебиеттің өзіне ықпал етеді”,‑дейді.

Қазіргі әдебиетте тарихи тұлғаны таныту, оның өмір кезеңін, айналасы, жеке мінез‑болмысын суреттеуге деген қызығушылық өсуде. Оған себеп – ел болып, еңсеңімізді тіктеп, дербестік алғанан кейінгі кезеде тарихқа қайта үңіліп, бар‑жоғымызды түгендедік, ақтаңдақтар ақиқаты ашылып, көмескі дүниелер айқындалды. Әдебиеттің түрлі жанрларында шынайы адам болмысын жасау өрістеп,әіресе, мемуарлық‑өмірбаяндық, публицистикалық салада белең алды. Ғұмырнамалық шығармалардың алғашқылары Сәкен Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешу”, С.Мұқановтың “Өмір мектебі”, Д.Әбіловтің “Сұлтанмахмұт”, С.Көбеевтің “Орындалған арман”, Ғ.Мұстафиннің “Көз көргендер”, Б.Момышұлының “Ұшқан ұя” романдры. Солардың бірі ‑ өткен ғасырдың төңкерістен кейінгі кезеңінде туған С.Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешу” романы Қазақстан жеріне төңкерістің келуін алғаш көрсеткен көркем шығарма, даңқты жылдар шежіресі. Осы шығарманың жанры туралы көптеген пікірлер болған. Осы ретте, орыс сыншысы В.Белинскийдің мемуар туралы пікірін келтіре кетейік: “Егер мемуарлар шебер жазылған болса, ол роман өлкесіндегі тағы бір мүмкіндік болып табылар еді. Тарихты дәлме‑дәл көрсету мен ойдан қосылған қиял арасындағы ортақ нәрсе – көркемдеп айта білу. Тарихшыларды суреткерлер деп текке айтпаған. Жазушы деректермен, фактілермен жұмыс істей бастағанда, оларды өнер ету үшін сл фактілерді мүмкін болғанша дұрыс көрсетуге тырысу керек. Ол үшін бір ғана білім аздық етеді. Мұның үстіне фантазия қосылу керек”. Белинский..... С.Мұқанов “Өсу жолдарымыз” еңбегінде: “Тар жол, тайғақ кешу”, “Жолдастар” тағы басқа күрделі романдар жаңа ауыл тақырыбына әлі жазылған жоқ, бұл түр жағынан мемуарлық (естелік) шығармалардың қатарына қосылады” дейді. Әдебиет зертеушісі Е.Ысмайылов: туындыны “мемуарлық шығарма”десе, зерттеуші Б.Кенжебаев: “Қазақстанда кеңес өкіметін орнату жолындағы күрес туралы жазылған очерк” дейді.

С.Сейфуллин шығармасында өзінің бүкіл өмірбаянын қамтымайды, тек бір кезеңде ғана басынан кешкенін баяндайды. Сонымен бірге, өзі тікелей қатыспаған оқиғаларды да суреттейді. Қазақстанда..жылдары болған бірқатар тарихи оқиғаларды арқау етеді. Автор қандай оқиғаны болсын тек мемуар (естелік) мақала стилінде емес, көркем шығарма түрінде суреттейді.

Ғалым Б.Кенжебаев: “Сәкен шығармасында көркем әдебиеттің типтендіру құралдарымен қабат, публицистикалық құралдар да пайдаланып отырған. Ал, мұның өзі тек очерк жанрыны тән қасиет.Очерк идеяны оқушыға көркем құралдар (образдылық, портрет, сөзді даралау, пейзаж, сюжет пен композиция арқылы және публицистикалық элементтердің, яғни жинақтау, толғау, тарихи параллель, аналогия, цитата, цифр, документтер, газет мақалаларынан үзінділер, партия ұйымдарының шешімдері т.б. көмегімен жеткізеді. Бұл элементтердің қай‑қайсыда “Тар жол, тайғақ кешуде” баршылық”,‑дейді.

Яғни, кітапта публицистика мен көркем сурет қабысып, алма‑кезек келіп отырады. С.Мұқанов өзінің “Өсу жолдарымыз” еңбегінде: “Тар жол, тайғақ кешу” бір жағынан тарих, екінші жағынан саяси оқулық, үшінші жағынан көркем шығарма”,‑дейді. Со сияқты әдебиет зерттеушісі Б.Шалабаев: “Көптеген тарихи деректер шығармада мол келтірілген. Мұнда жеті жүзге жуық кейіпкер бар. Оқырман мұнда сол жылдардағы партиялар арасында болған қиян‑кескі күрестің құнды мағлұматтарын, Қазақстанның ішкі жағдайының сипаттамасын кездестіреді”‑ дейді.

11 сыныпта осы романды өтерде, Т.Кәкішевтің “Қызыл сұңқарлар” әдеби‑тарихи очеркін, 1972 жылы “Тамаша адамдар өмірі” сериясынан шыққан “Сәкен Сейфуллин” ғұмырнамасын, 1976 жылы “Өнегелі өмір” сериясынан шыққан “Сәкен Сейфуллин” ғұмырнамасын, 1999 жылы жарық көрген “Мағжан мен Сәкен” ғылыми эсселерін пайдалануға болады.

Романды 1916-1919 жылдардағы қазақ өмірінің энциклопедиясы деуге болады. Мұнда көптеген тарихи тұлғалар бар. Олар: Әліби Жанкелдин, Амангелді Иманов, Сабыр Шарипов, Тоқаш Бокин, Әбдірахман Әйтиев, Нығмет Нұрмақов т.б. Ромада автор сол кезең шындығын, әлеуметтік‑саяси жағдайды, төңкерісшілердің айдаудағы ауыр өмірі суреттеледі. Мәселен, романда тұтқын революционерлердің “азап вагонындағы” жағдайы былайша суреттеледі: “Қып‑қызыл болып қызған пештің айналасында қыздырынып, қайнаған суды ішіп отырмыз. Вагонның саңылауларынан кірген қыраулар еріп су болып ағады. Вагонның кей жеріндегі темірлерге аппақ қырау тұрды. Тыс қатты аяз. Сібірдің кәдімгі шытырлақ аязы. Вагонның халі нашар. Қырау, мұз, дым, су, ызғар, уілдеген суық. Пешке от жақсақ, қайнап, ысып кетеді. Тұс‑тұстан су ағады. Пеш сөнсе, айнала қырау, мұз қатады. Ызғарлы суық аңырайды. Вагонның қасында түрме ұжмақ тәрізді. Вагон тозақ”.

1918 жылдың маусымынан 1919 жылғы 5 қаңтарға дейін совдепшілер Ақмола Бұл өмірбаяндық роман қазақ халқының тарихындағы өзгеріс кезеңін сипаттаған туынды.

Т.Кәкішев: “Қазақ әдебиетінде ғұмырнамалық дәстүрдің қалыптасуын айтқанда, Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебі” трилогиясын айырықша атаймыз. Бұл шығарма М.Горькийден тарамдалған көркемдік ерекшеліктерді өнерпаздық жолмен игерудің айғағы. Өмір шындықтарының қастерленуі жағынан алғанда Қазан төңкерісіне дейінгі және одан кейінгі сұсты да жалынды жылдардың бейнесін айна‑қатесіз көркем полотноға түсіріп, қазақ халқының жарты ғасырлық өмірін баяндаған эпопеялық сипаты бар шығарма”, деген.

Роман тілінде көркем бейнелеу, тамылжыған табиғат суреті де мол. Мәселен, шығарманың “Әупілдек” бөлімінде мынадай үзінді бар: “Төңірек ылғи бір белес, ылди, ойпаң. Тұтасқан қап‑қара көк. Қалың көк шөп, көк шалғын тұтасып, жер‑дүниені қаптаған тәрізді. Жер үсті қап‑қара көк теңіз тәрізді. Күн еңкейген мезгіл еді. Алтын күн аспаннан сұлу жерге еңкейген тәрізді. Күннің алтын шұғыласы көк теңіздей тұнған төңіректі неше құбылтады. Ақырын ескен майда ескек тұтасқан көк теңізді тұтасымен ақырын ғана қозғайды. Жер үсті ұшы‑қиыры жоқ, алғаракөк теңіздей құлпырады. Теңіздей ырғалады. Төңірек тып‑тыныш”. Пейзаж – әдеби шығармадағы жаратылыстың, яки табиғаттың әсем көрінісі, көркем бейнесі. Жазушы табиғаттың көркем бейнесін қайталай, сүйсіне суреттейді.

Жазушы С.Мұқановтың да мемуарлық шығармасы қазақ әдебиетінде алдыңғы лекте жазылған туындылардың бірі. “Жазушының “Өмір мектебі” тақырыбына қалай келгені туралы автор ойы мынадай: “Менің мектептерім” атты шығарма жасау идеясы авторға 1929 жылы Алексей Максимович Горькийдің “Менің университеттерім” атты шығармасын оқығаннан кейін туған еді. Бұл идеяны іске асыруға автор келер жылы кірісті де, алғашқы варианттарының бірер тарауын “Жаңа әдебиет” тарауының сол жылғы 3-4-5 сандарында жариялады. Одан кейінгі 4-5 жылда оқумен шұғылдануға тура келгендіктен, жалғасын жазуға уақыт бомады”.

“Өмір мектебі” романы ортаңғы сыныптарда бастап, үзінділері беріле бастайды. Кітап “Менің туу тарихым” деген бөлімнен басталады. “Мен ес білген кезде, біздің ауыл қыс “Жаманшұбар” деген жерде, жаз “Дос” аталатын көлде отыратын еді. Сол жерде әкем Мұқан 1907 жылы өлді. Ол туралы кейін айтамыз. Әзірге менің тууым туралы. Қандай жағдайда туғанымды мен әкем өлген жылы естідім”. Шығарма баяндауы бірінші жақта, еске алу түрінде келген. Бала шағын еске алудан тұратындықтан, оның қабылдауындағы айнала жаратылыс құбылысы, ауыл тірлігі, адамдар арасындағы қарым‑қатынас шынайы түрде берілген. “Өмір мектебін” оқу үстінде оқушылар Сәбиттің балалық шағынан бастап өткен өмір жолына қанығады. Оның ішінде, халқымыздың тұрмыс‑тіршілігіндегі көптеген санамызға сіңген дәстүр‑салттармен танысады. Солардың бірі – балаға есім беру.

Романда Сибан ауылына асқа барған кезде жетімсіреп, шеткері қалған Сәбитке тамақ беріп отырған қазан басындағы әйелдер: “... Мұқан одан кейінгі бір қызының атын “артынан ұл туар ма екен” деген оймен Ұлтуған қойды. Шынымен де, оның соңынан қыстың бір қытымыр кезінде осы Сәбит туды”, деп әңгіме айтады. Осыдан басқа көшпелі ауылдың қар кете қырға көшуі, малдың қамы, Сәбиттің бақыршы бала аталуы, жылқы малының қасиеті, Сәбиттің ауыл молдасынан хат тануы, өлең сөзге құмарлығы секілді көріністер суреттеледі.

Қазақ әдебиетіне көптеген ірі романдар берген Сәбит Мұқанов іште жатқан өмірлік материалдардан белгілі бір көркем шығарма тудырып, мемуарлық туындыға айналдырды.

Автордың “Өмір мектебі” романы жеңіл, тартымды тілмен жазылған. Жеке атауларға жіктелген тарауларында белгілі бір оқиғалар тиянақталып отырады. Солардың кейбіріне жоспар құрып көрейік.

“Менің туу тарихым”

1. Асқа бару.

2. Сәбиттің шетқақпай қалуы.

3. Сәбитті тамақтандырған әйелдердің әңгімесі.

4. Сәбиттің өмірге келу хикаясы.





Дата публикования: 2014-11-19; Прочитано: 2787 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.01 с)...