Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Соғыстан кейінгі Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмір



Орталықта болып жатқан кез келген саяси науқан ұлттық республикада жаңа серпінмен қайталанып отырды. Биология, медицина, геология ғылымдары салаларында жемісті еңбек етіп жүрген көптеген ғалымдарға 1948 ж. “космополит” (басқаша ойлайтындар) деген айдар тағылды. Қоғамда болып жатқан құбылыстарға өзіндік пікір айтып, өзгеше ойлағаны үшін қудаланғандар басшылықтың ортаңғы және төменгі буындары арасынан да көп кездесті. 1950 жылдардан бастап жазалау әдістері біршама өзгерді: партия қатарынан шығарылды, қызметтен қуды, оған бой бермегендерді психиатриялық ауруханаларға күштеп салу етек ала бастады.

Сол кездегі орталықта ұстанған қоғамдық пікірге қарсы қатаң бағыт Қазақстанда да шешімін тапты. 1947 жылы 21 қаңтарда Қазақстан Коммунистік партиясының “Қазақ КСР Ғылым академиясы тіл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателер туралы” қаулысына сәйкес – Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Сәрсен Аманжолов, Ғабит Мүсі­репов, Есмағамбет Исмаилов, Қажым Жұмалиев, Нығмет Сауранбаев т.б. сынға алынып, аяусыз талқыға түсті және қызметтерінен қуылды.

“Абай жолы” романы жөнсіз сыналды. Ғ.Mүсіреповтің “Оянған өлке”, Ғ.Мұстафиннің “Қарағанды”, “Көз көрген” романдары қоғамдық өмірдегі қайшылықтың, солақайлықтың салқынына ұрынды. М.Әуезов қуғын-сүргінге ұшырап, бой тасалап Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. Оған ұлтшылдығы, “арандатушы-консерваторлық, патриархалды өткен заманғы пантүркішілдік көзқарасты уағыздағаны” үшін айып тағылды.

Тарихшы Бекежан Сүлейменов те сотталды. Республиканың танымал тарихшысы Әлкей Марғұланның көзқарасы ғылыми жалған деп жарияланды. 1952 жылы кітапханалар мен сауда жүйесінен алынып, көзі жойылған кітаптар тізіміне: “Батырлар жыры” (1940), “Айтыс”, Қ.Аманжоловтың “Өзім туралы”, “Мариям Жагорқызы”, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғаб­дуллин туралы өлеңдер мен очерктер жинағы жатқызылды. Қазақстандық ғалымдардың жазықсыз жазалануына араша болуға ұмтылған республика Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қ.И.Сәтбаев қызметінен босатылып, Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды. С.Мұқанов қазіргі тақырыпқа пьеса жазбайтындар ретінде сыналды. Ә.Тәжібаевтың “Біз де қазақпыз” шығармасы ескі хандар мен бай-шонжарлар өмірін мақ­тау, ма­рапаттау деп сынға алынды. Белгілі композитор А.Жұбанов “феодалдық-байшылдық дәстүрлерді асыра дәріптегені” үшін қатаң сынға ұшырады.

«Бекмаханов ісі». 1940-1950 жж. Мәскеуде “Дәрігерлер ісі”, Ленинградта “Ленинград ісі” деп аталған саяси қуғындау ісі жүргізіліп жатқанда, Қазақстанда “Бекмаханов ісі” қолға алынды. Бекмаханов 1943 жылы жарық көрген “Қазақ КСР тарихы” атты көлемді еңбектің негізгі авторларының бірі бола отырып, аталған кітапта Кенесары Қасымұлы қозғалысы туралы жаңа материалдарды енгізді. Ол 1947 жылы “Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында” деген атпен монографиясын жариялады.

Осыдан кейін-ақ Кенесары көтерілісін сынаушылар ашықтан-ашық Бекмахановқа қарсы тұрды. Егер бұрын сын пiкip Қазақ КСР тарихына бағытталса, енді Е. Бекмахановтың монографиясына ауысты. 1950 жылы 26 желтоқсанда “Правда” газетінде “Қазақстан тарихын маркстік-лениндік тұрғыдан зерделейік” атты мақала жарық көрді. Осы мақала КСРО ҒА Тарих институты Ғылыми кеңесінде талқыланып, Бекмахановтың жұмысы “күйе жағу, теориялық және саяси тұрғыда марксизмге жат буржуазиялық-ұлтшылдық көзқараста жазылған” деп бағаланды. Белгілі тарихшы А.М.Панкратова Бекмахановтың еңбегін Қазақстанның жинақталған тарихын жазудағы алғашқы сәтті қадам деп бағалап, қаралау қорытындысында қол қоюдан бас тартты. 1951 жылы 6 қазанда Е.Б.Бекмахановты ғылыми дәрежелері мен атағын алып тастады, ал 1952 ж. 5 қыркүйекте тұтқынға алды.

Осыдан кейін Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті Н.Бекмахановқа “сенімсіз адам” ретінде көңіл аударып, ic қозғады. Оған Кеңес өкіметіне қарсы пікірде болып, 1942-1951 жылдар аралығында ұлтшылдық идеяларды уағыздады және анти­советтік үгiт жүргізді деген айып тағылды. Қазақ КСР Жоғарғы Соты оны 1952 жылы 4 желтоқсанда 25 жылға соттады.

Дегенмен Сталиннің қайтыс болуымен және елдегі демократияландырудың ұшқынымен байланысты Е.Бекмаханов 1953 жылы 16 қазанда ақталды.

Кеңес билігі тұсында ауыр нәубеттердің сырын ашуға бағытталған зерттеулер жүргізуге тыйым салынды. Соның салдарынан көпшілік санасында Қазан төңкерісіне дейін қазақ халқы тек көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданған, мәдениетке тек Кеңес билігі тұсында қол жеткізді деген ұғым қалыптасты.

4. Теміртаудағы 1959 жылғы оқиға.

Теміртау оқиғасы ке­ңестік жүйенің тоталитарлық кейпінде сақталып, әлеуметтік-саяси мәселелерді шеше алмағандығының дәлелі. Халықтың әлеуметтік жағдайына немқұрайлы қарау қашанда тектен-текке кетпейді. 1950 жылдың ортасында Теміртауда салынып жатқан металлургия комбинаты комсомолдық екпінді құрылыс деп жарияланып, онда 1959 жылдың аяғына дейін 25 мың адам келді. Жаңадан келгендерге арнап үйлер салынды, алайда оның жеткіліксіз болуынан жұмысшылар шатырларға орналастырылды. Ауа райының жайсыздығы, ауызсудың тапшылығы, азық-түлікпен қамтамасыз етудің дұрыс жолға қойылмауы адамдардың заңды наразылығын тудырды. Жұмыс болмай отырып қалу да жиі қайталанып тұрды. Әлеуметтік наразылық жарылысы үшін бір сылтау қажет болатын.

Теміртаудағы толқудың басталуына 1959 жылы 1 тамыз күні бір топ жастардың қоғамдық тамақтандыру мекемесіне баса-көктеп кіруі себепші болды. Алғашқы заң бұзу әрекеттері кейін, үш күнге созылған тәртіпсіздікке ұласты. Тәртіпсіздікті тоқтату үшін әскер шақырылып, милиция мен әскерилердің қаруды заңсыз қолдануынан 16 адам оққа ұшып, 50-ден астамы жараланды. Тәртіпсіздікті ұйымдастырғандарға сот процесі өткізілді. Өкінішке қарай, Новочеркасск (1962 ж. маусымдағы), Теміртау және басқа да бірқатар жерлерде болған оқиғалар, республика және ел басшыларының қоғамның одан әрі дамуына деген көзқарасын өзгертуге мәжбүр ете алмады.

Сонымен халық наразылығынан туындаған мәселелер билік тарапынан күш қолданумен біржақты шешіліп отырды. Бұрынғыша, тағы да жекелеген кінәлілер: жергілікті буын басшылардан, милиционерлерден, жұмысшылардан табылды. Әміршіл-әкімшіл билік тарапынан әлеуметтік мәселелерді күш қолданумен шешу жалғасын тауып, Хрущев

Негізгі әдебиеттер:

1. Төлентаева К. Қазақстан тарихы. Оқу құралы. – Алматы: «Зият Пресс», 2006. 168 бет.

2. Адамбеков Б.К. ХХ ғасырдағы Ресей империясы, Кеңес мемлекеті және ТМД тарихы: Оқу құралы. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2005. -344 бет.

3. Аяған Б.Ғ., Әбжанов Х.М., Махат Д.А. Қазіргі Қазақстан тарихы: Жоғары оқу орындарының тарихшы емес мамандықтарына (бакалавриат) арналған оқулық / Б.Ғ.Аяғанның жалпы редакциясымен. –Алматы: Раритет, 2010. - 448 бет.

4. Қазақстан тарихы ежелгі дүниеден бүгінгі күнге дейін: Бес том­дық. 3-том. – Ал­ма­ты: «Атамұра», 2002. -768 бет.

5. Қазақстан тарихы көне заманнан бү­гін­ге дейін (Очерк): Оқу құралы. – Алматы: Дәуір, 1994. – 446 бет.

6. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 4-том. - Алматы: «Атамұра», 2010, 752 бет.

7. Қандық Е.С. Қазақстан тарихы (Кеңес дәуірі және тәуелсіз Қазақстан) Оқулық. –Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2012. -512 бет.

8. Қазақстан тарихы: Лекциялар курсы. Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ.С. Қаражан. - Алматы: Заң әдебиеті, 2009.

9. Қазақстан тарихы: Оқулық /Жұмақаева Б.Д. – Алматы, -ТОО «Издательство LЕМ», 2010.

10. Қазақстан. Фотошежіре. Казахстан. Фотолетопись. Том 1. -Алматы: RUAN, 20057 -128 бет.

11. Қазақтар, казахи: Тоғыз томдық анықтама. – Алматы, 1998.

12. Новейшая история Казахстана. Сб. документов и материалов. Т.1 (1917-1939 гг.). Сост. Каражанов К.С., Такенов А.С. -Алматы: Санат, 1998.

13. Садыков Т.С., Кеңестік тоталитарлық саясат және Қазақстан қасіреті. Оқу құралы. – Алматы: Эверо. 2014.

Қосымша әдебиеттер:

1. Прімбетова Ә.Ө. Қазақ елінің тарихы: Оқу құралы. - Алматы, 2003.

2. Тәтімов М. Қазақ әлемі. - Алматы: Атамұра, 1993.

3. Козыбаев М.К. История и современность. - Алматы, 1991.

4. Қозыбаев М.Қ. Тарих зердесі (Замана асуы). 1-кітап. - Алматы, 1998.

5. Мұхамедов М.Б., Сырымбетұлы Б. Қазақстан тарихы, оқу құралы. – Алматы: «Қарасай», 2009.

6. Голод в Казахской степи. Сб. документов. - Алма-Ата, 1991.

Электрондық оқулықтар мен оқу құралдары тізімі:

1. Өскембаев Қ.С. Қазақстан тарихы (1917-1991 жылдар). Электрондық оқулық. ҚР Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы тізімдегі. № 1511 (2013 жыл 12 қараша).

Интернет көздері:

1.История Казахстана. // http://ru.wikipedia.org/wiki

2. История Казахстана. // http://www. encyclopedia.kz/wiki/

3. История Казахстана, Информация об истории Казахского народа. Исторический очерк о 4. Казахстане. // http://www.kazakhstan.orexca.com/rus/ kazakhstan_history.shtml

5. Культура Казахстана 19 века. // http://www.panasia.ru/main/kazakhstan/culture/1.html





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 11875 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.008 с)...