Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

ІІІ БӨЛІМ. Банк активтерін басқару



6-тақырып. Банк активтерін қалыптастыру және басқару тәсілдері: олардың сапасы және құрылымы.

Банк активтері – пайда табу мақсатында банктік ресурстарды, әр түрлі активтер бойынша орналастырылған қаражаттары.

Банктік активтердің құрылымы баланстың актив жағында көрсетілетін сапасына қарай бөлінген баптардың баланс нәтижесіне қатынасын сипаттайды. Активтердің сапасы активтік операциялардың түрлендірілуіне, тәуекелді активтерінің көлеміне, толық құны жоқ активтердің көлеміне және активтердің өзгеріске ұшырау белгілеріне қарай анықталады.

Коммерциялық банктің активтерін төмендегідей төрт топқа бөлуге болады:

1.касса және оған теңесетін ақшалай қаражаттар;

2.берілген несиелер;

3.бағалы қағаздарға жұмсалынған инвестициялар;

4.банктің ғимараты мен жабдықтары.

Активтердің сапасы, олардың өтімділігіне, тәуекел активтердің көлеміне, толық бағалы емес активтердің үлес салмағына, активтердің көлеміне, табыс әкелуіне қарай анықталады.

Банк өзінің міндеттемелерін күнделікті орындап отыруын қамтамасыз етуі үшін активтердің құрылымы өтімділіктің қоятын талаптарына сәйкес келуге тиіс. Осы мақсатта банк өзінің активтерін, олардың өтелу мерзімдеріне байланысты және өтімділік дәрежесіне қарай жіктейді. Өтімділігіне қарай банк активтері төмендегідей топтарға бөлінеді:

1. жоғары өтімді активтер;

2. өтімді активтер;

3. ұзақ мерзімді өтімді активтер.

ҚР-ғы екінші деңгейдегі банктеге арналған пруденциялдық нормативтерге сәйкес жоғары өтімді активтерге мыналар жатады:

· қолма-қол ақшалар;

· мемлекеттің бағалы қағаздары және Қазақстан ипотекалық компаниясының боырыштық бағалы қағаздары, сондай-ақ өтімділігі жоғары басқа да бағалы қағаздар;

· құйма қымбат бағалы металдар;

· Ұлттық банктегі Standard & Poors және басқа рейтингтік агенттіктердің “А” төмен емес ұзақ мерзімді рейтингі бар бейрезидент-банктердегі талап етуге дейінгі депозиттер;

· Standard & Poors және басқа рейтингтік агенттіктердің “А” төмен емес ұзақ мерзімді рейтингі бар ҚР банктерге берген “овернайт” займдары.

Банктің бұл қаражаттары банктің айналымынан қажет уақытында алуға мүмкіндік беретін активтерге жатады.

Банктің өтімді қаражаттарының құрылымына жоғарыда аталғандарынан басқалары, яғни қайтару мерзімі 30 күнді құрайтын, шетел валютасында берген барлық несиелер, алдағы 30 күн ішінде аталған банкке келіп түсуге тиісті басқа да төлемдер жатады.

Ұзақ мерзімді өтімді активтерге бір жылдан жоғары уақытқа берілген несиелердің бәрі, сондай-ақ 50% кепіл хат және кепілдікпен 1 жылдан жоғары уақытқа берілген несиелер, Үкіметтің кепіл хатымен, бағалы қағаздарды және бағалы металдарды кепілге алып берілген ссудаларды шегеріп тастағандағы мерзімі өткен несиелер.

Активтердің тиімді құрылымын жасай отырып, банктер өтімділікке қойылатын талаптарды орындауға тиіс, демек, олардың жоғары өтімді, өтімді және ұзақ мерзімді өтімді активтері міндеттемелердің мерзімдеріне, сомаларына және типтеріне сәйкес келуі керек.

Кейбір шетелдік әдебиеттерде банк активтерін, олардың өтімділігі мен пайдалылығына қарай 4 топқа бөледі:

1-топ. Алғашқы резервтер – бұл алынатын салымдарды төлеуге және несиеге деген өтінішті қанағаттандыру үшін тез арада пайдаланылатын ең өтімді активтер. Мұндай активтерге мыналар жатады:

· Касса;

· Орталық банктегі корршоттағы және өзге де шоттардағы ақшалай қаражаттар;

· Инкассациялау процесіндегі чектер және өзге де төлем құжаттары;

· Басқа да коммерциялық банктердегі корршоттағы қаражаттар.

Мұндай активтер банкке табыс әкелмейді, бірақ банктің өтімділігінің негізгі көзі болып табылады.

2-топ. Екінші реттегі резервтер – бұл банкке шамалы ғана табыс әкелгенімен де жоғары өтімді активтер қатарына жатады. Себебі, оларды ең төменгі тәуекелмен, кішкене ғана кешіктіріп, қолма-қол ақшаға айналдыру болады. Оларға мыналар жатады:

· Вексельдер және өзге де қысқа мерзімді бағалы қағаздар;

· Талап етілетін (онкольдық)несиелер;

· Бірінші сыныпты қарыз алушыға берілетін несиелер.

Бұл топтың активтерінің тағайындалуының басты мақсаты – алғашқы резервтерді толықтыру көзі ретінде қызмет ету болып табылады.

3-топ. Банктік активтердің маңызды бөлігі – банктік несиелік портфелі. Банктің несиелері біршама табысты және ең тәуекелді болып келеді. Бұл топ банктің пайдасының басты көзін құрайды.

4-топқа инвестициялық портфель жатады. Инвестициялық портфельді қалыптастыру екі мақсатты көздейді: банкке табыс әкелу және ұзақ мерзімді бағалы қағаздардың өтелу мерзімінің жақын қалуына байланысты, сондай-ақ оларды қысқа мерзімге айналдыруда екінші реттегі активтерге қосымша ретінде болу.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банктің Басқармасының 2002 жылы 16 қарашадағы N 465 қаулысымен бекітілген “Активтердің, шартты міндеттемелердің жіктелуі және оларды күмәнді және үмітсіз санаттарға жатқыза отырып, оларға қарсы провизиялар құру” туралы ережесіне сәйкес, ҚР қаржылық қадағалау комитетіне банктер ай сайын айлық баланспен бірге активтер мен шартты міндеттемелердің жіктелуі және оларға қарсы провизиялар құру туралы мәліметтер береді.

Мұндағы активтерге заңды және жеке тұлғаларға қатысты, сондай-ақ басқа банктерге байланысты банктің талаптары жатады.

Аталған ережеге сәйкес, активтер мен шартты міндеттемелер стандартты және жіктелінген болып бөлінеді.

Жіктелген активтер қатарына жатпайтын активтер стандартты болып табылады.

Жіктелінген активтер мен шартты міндеттемелер күмәнді (5 санатты күмәнді) және үмітсіз болып бөлінеді.

Жіктелген активтер қатарына банк несиелері, депозиттері, бағалы қағаздары, дебиторлық қарыздары және шартты міндеттемелері жатады.

Несиелердің жіктелуі олардың сапасына, қамтамасыз етілуіне, қарыз алушының қаржылық жағдайына, оның несиелік тарихына, несиелердің жіктелу санаттарына байланысты жүзеге асады.

Банкаралық несие басқа банктердегі депозит сияқты жіктеледі.

Басқа банктерде орналастырылған банк депозиттерінің жіктелуі өзінше ерекше. Егер А тобындағы рейтингінен төмен емес рейтингі бар шетел банкінде немесе Қазақстан Республикасының суверенді рейтингі бір деңгейге төмен емес жеке рейтингі бар кез келген резидент банкте депозит (соның ішінде корреспонденттік шот) орналастырылған болса, депозиттен, соның ішінде корроспонденттік шоттан қаржатты аудару уықтында жүзеге асып отырса, онда ондай депозит стандартты болып табылады.

Сонымен қатар, егер А тобындағы рейтингінен төмен емес рейтингі бар шетел банкінде немесе Қазақстан Республикасының суверенді рейтингі бір деңгейге төмен жеке рейтингі бар кез келген резидент банкте депозит (соның ішінде корреспонденттік шот) орналастырылған болса, онда банк құжат негізінде оның қаржылық жағдайына мониторинг жүргізеді.

Қаржылық жағдайын анықтайтын мониторинг болмаған жағдайда, ондай банкте орналасытырлған депозит не корреспонденттік шот бір категорияға төмендеп жіктеледі.

Бағалы қағаздарды жіктеудің өзіндік ерекшелігі бар. Бағалы қағаздарды жіктеу банктің инвестициялық портфеіліндегі баланста қайта бағалауға жатпайтын қарыздық бағалы қағаздар түрлері бойынша жүзеге асырылады.

Заңды тұлғалардың акцияларына жұмсалынған инвестициялар жіктелуге жатпайды. А тобындағы рейтингінен төмен емес рейтингі бар шетел эмитентінің немесе Қазақстан Республикасының суверенді рейтингі бір деңгейге төмен емес жеке рейтингі бар резидент-эмитетнттің, сондай ақ Қазақстан қор биржасының А категориясының ресми тізіміне енген бағалы қағаздар бойынша төлемдер кешіктірілмеген жағдайларда олар стандартты болып саналады.

А тобындағы рейтингінен төмен рейтингі бар шетел эмитентінің немесе Қазақстан Республикасының суверенді рейтингі бір деңгейге төмен жеке рейтингі бар резидент-эмитенттің қаржылық жағдайына құжат негізінде банк мониторинг жүргізеді.

Бағалы қағаз эмитентінің қаржылық жағдайын анықтайтын мониторинг болмаған жағдайда, ондай бағалы бағаздар бір категорияға төмендеп және олардың жіктеледі.

Дебиторлық қарыздарды жіктеуге әкімшілік және шаруашылық қызметке байланысты өтеу мерзімі үш айдан жоғары дебиторлық қарыздардан басқалары жатады. Қайтару мерзімі алдын ала белгіленбеген, бірақ банк баланыында алты айдан жоғары мерзімде есепте тұрған дебиторлық қарыздар бойынша бір категоряға төмендейді.

Егер бір дебитордың дебиторлық қарызы банктің меншікті капиталының 5 пайызынан жоғары болса, онда дебиторлық қарыздың пайда болған күнінен бастап банк дебитордың қаржылық жағдайына тиісті құжаттар бойынша мониторинг жүргізеді. Дебитордың қаржылық жағдайына жүргізілетін мониторинг болмаған жағдайда ондай активті жіктеу бір категорияға төмендейді.

Банктің шарты міндеттемелерінің жіктелуі клиенттің тапсырмасы бойынша қабылданған және келісім-шартқа сәйкес клиент үшін банкке төлем тәуекелін тудыратын міндеттемелер бойынша жүзеге асады.

Шартты міндеттемелерді есепке алу және жіктеу банкпен оның клиенті арасындағы келісім-шарт жасалған күннен басталады.

Шартты міндеттеме бойынша сый ақы төлеу мерзімі кешіктірілмеген және шартты міндеттеме ашылған клиенттің қаржылық жағдайы тұрақты болған жағдайда ондай шартты міндеттеме стандартты болып саналады. Клиенттің қаржылық жағдайы тұрақты болмаған және сый ақы төлеу мерзімі кешіктірілген жағдайда ондай шартты міндеттемелер жіктеледі. Несиелердің, басқа банктердегі банктік депозитерінің (соның ішінде кореспонденттік шоттардың), бағалы қағаздардың, дебиторлық қарыздар және шартты міндеттемелердің жіктелуі белгілі бір критерилерге байланысты жүзеге асады. Провизиялардың көлемі жіктелген активтердің сомасынан, олардың сапасына байланысты 5%-дан 100% -ға дейін құрылады Провизиялар – активтердің қайтарылмауы немесе олардың құнының төмендеуінен келген шығындарды жабу үшін қажетті құралдардың сомасы. Провизиялар жалпы және арнайы болып бөлінеді. Жалпы провизиялар – бұл банктің арнайы провизияларды құруды қажет ететін активтерден басқа да барлық жиынтық активтері бойынша мүмкін шығындарды жабу үшін құрылған провизиялар. Арнайы провизиялар – бұл құны өзінің сатып алу құнынан екі есе төмен немесе қайтарылмай қалуы мүмкін нақты жіктелінген активтер бойынша шығындарды жабуға арналған провизиялар (шығындарды жабуға арналған арнайы қаражат қоры). Активтерді жіктеу барысында анықталатын қорытынды балл жоғарыда атлған барлық критерийлерді қосу арқылы анықталады. Қорытынды балдың мәнінің негізінде несие бөлімінің қызметкері жіктелетін активтер санатын бекітіп, соған сәйкес провизия мөлшерін анықтайды:

Баллдар саны Активтердің жіктелім санаттары Провизия мөлшері (негізгі қарыздың сомасынан %-бен)
1-ге дейін Стандартты  
  Күмәнді  
1-ден 2-ге дейін 1-санатты 5% - төлемдерді уақтылы және толық төлеген жағдайда
2-санатты 10% - төлемдерді кешіктірсе немес жартылай төлесе
2-ден 3-ке дейін 3-санатты 20 % - төлемдерді уақтылы және толық төлеген жағдайда
4-санатты 25% - төлемдерді кешіктірсе немес жартылай төлесе
3-тен 4-ке дейін 5 санатты 50% - барлық жағдайларды
4-тен жоғары Үмітсіз 100% - барлық жағдайларды

Активтер мен шартты міндеттемелер айына екі рет жіктеледі.

1) Алдын алы жіктелу, яғни оның мақсаты:

- айдың соңына таман Банк бойынша жалпы алғанда активтер мен шартты міндеттемелердің сапасын тәуекелдің дәрежесіне қарай болжау;

- провизияның мөлшерін болжау;

- айдың соңына дейін қарыз алушыларды қарыздары бойынша ескерту және қайтармай қалу тәуекелінің алдын алу;

- қарыз алушыға қызмет көрсетумен байланысты болуы мүмкін мәселелерді несиелік бөлімшелерге хабарлау.

Ұсынылатын әдебиеттер

Негізгі: [ 1. 39-48, 2. 38-47, 5. 41-54 бет],

Қосымша: [ 9. 3-11 бет]

Бақылау сұрақтары:

1. Банк активтеріне нелер жатады?

2. Банк активтері неше топқа бөлінеді?

3. Жоғары өтімді актвтерге нелер жатады?

4. Жіктелетін активтерге нелер жатады?





Дата публикования: 2015-07-22; Прочитано: 2944 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.006 с)...