Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Профессор



Хейвудтың

«Патшалар ғылымы»

(алғы сөз орнына)

Көне заманның кемеңгер ғұламаларының бірі әзіл-шыны аралас «Таңдай қақтырар таңғажайып деп нені айтар едіңіз?» дегенде: «Күресіп өткен қайраткердің, қартайып қаза табуы» деген екен.

Көне тарихтың қойнауынан бізге жеткен осынау қанатты сөздің қуаттылығын қария тарих қашанда дәлелдеуден жалыққан емес. Халқының қамын жеген қайраткердің қай бірін алсаң да, мына жалған дүниедегі қысқа ғұмырын тұрақтылық пен тыныштықта, үйлесімділік пен сүйіспеншіліктің құшағында ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің ортасында, бақыт құшағында аяқтаған емес. Әрине әңгіме бұл арада ортанқол саяси шенеуніктер, ұсақ және ірі клерктер, өзгенің әмірін құрақ ұшып орындайтын, кеңселік «кемеңгерлер» немесе иненің көзінен өтер жылпостар мен түн ортасында оятып кімді қолдайсың десең, Талейранның тәсілі бойынша: «Билік кімнің қолында болса соны қолдаймын!» дейтін қәдімгі қарапайым мансапқорлар туралы емес. Әңгіме саясаттың сарабдал сардарлары туралы. Александр Македонский, Авраам Линкольн, Жорж Дантон, Максимилиан Робеспьер, Наполеон, Джон мен Роберт Кеннеди, Индира және Раджив Ганди, Әнуар Саадат, Патрис Лумумба, Сальвадор Альенде, Уолф Пальме … Олардың есебі жоқ. Бұл олар туралы, олардың қасіретті тағдырлары туралы сыр шертетін қанатты сөз. Бұдан біздің отандастарымыз да - тыс қалмайды. Біз бұл арада Батыс пен Шығыстың қай- қайсысымен де тепе–теңбіз. «Күллі Рустің» қай әміршісін алсаңда, өзге әлемге өз еркімен өзінің «адал бұқараларының» «көмегінсіз» аттанған емес. Айрықша таң қалдыратын мысалдар: Павел І, Александр ІІ, Николай ІІ… Және де «лениннің гвардиясының» барлық «маршалдары», әйгілі ХХ ғасырдағы «тағдырларды тағайындайтындар» - Троцкий, Бухарин, Зиновьев, Каменов, Рыков, Томский, сондай-ақ олардың «ұлылары» - Ульянов пен Джугашвилидің - өздері де қылмыс қамтыған ортада қасіретті жағдайда өмірден озды.

Саясат – албасты арбаған кәсіп. Бұл түсінікті де. Үйткені оның басты қызметінің бірі – қоғамдағы мүдделерді үйлестіру болып табылады. Бұл мүдделер бетпе-бет тұрып көбіне бір-бірін теріске шығарады. Сен оларды бітістіріп көр, әлеуметтік үйлесімділікті, қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін «тепе-теңдікті» тауып көруге талпын. Мұнда қандай шешім қабылдасаң да бәрі бір – көптің көңілінен шығу қиын-ақ. Мұнай магнаттарына билеушінің өздерін қолдап, бәсекелестері металл балқытушылар әулетін тұқыртып қоюы өмірдің заңындай болып көрінеді – ал металл балқытушылар әулеті өз кезегінде өздерін қолдауды талап етеді. Сонан соң екі жақ та сан миллиардтық таразы тасын өз жақтарына аудару үшін жалдамалы жендетке жүгінеді (өз кезегінде киллердің де тағдыры саудаға түсері сөзсіз) – ал біз көгілдір экраннан жаңа ғана көз алдымызда қол бұлғап, күлімдеп тұрған Джон Кеннедидің ашық автомобилдің орындығының арқасында ақырын құлап бара жатқанын, сондай-ақ, әсем ару Жаклиннің есі шыға (ессіз, дегенмен адами әрекет!) көлік капотынан күйеуінін шашылып кеткен бас сүйегін жинауға әрекеттеніп жатқанын көреміз...

ХІІI

Ия, бұл саясат дегенің, шынында да албасты арбаған кәсіп.

Әй дегенмен, дегенмен… Адамдар оған бара береді, бара береді. Жап жас, талантты, үміт пен жігерге толы. Бара жатыр, үйткені бұл сонымен бірге өз еліңнің, өз халқыңның Тарихын жасау сияқты жаныңды жаулап алатын қызықты да, құрметті және шабытты іс. Мұның негізінде қол аяғыңды тұсайтын «жағдайлар» емес, қайта сенің «жағдайларды» қалыптастырушы болуға деген талпынысың мен өмірдің ағымына үнсіз мойынсұнуың емес, өміріңді өзің сомдауға деген ұмтылысың жатады.

Маяковский айтқандай:

Ұйқысыз төсектер әдірем қалып

Коперникке қызығып, ұмтыл алға.

Қайтесің Мария Ивановнаның мұжығын,

Болар ма қарсылас ол саған, бұл жолда!

Коперниктер шебінде қызмет ету, - міне жас жүректер мен албырт жандарды жаулап алатын ұлы сезім... Әрине уақыт өте келе, өмірдің өзек талдырар бұралаңдары талайларды Коперниктей кемеңгер болу мұратынан бас тартып, өзінің қарапайым да көркем «Мария Ивановнасын» іздеуіне және «әлемдік деңгейдегі» кәсіпке құлаш сермемей-ақ тыныш та, бейғам ғұмыр кешуге мәжбүр етеді (Құдайға шүкір!). Алайда арманы асқақ талайлар, толайым тағдырдың тауқыметіне бас тігіп Коперниктердің «үлкен әлемінде» қалып қояды.

Осынау асау жүректі албырт жастардың Үлкен Саясаттағы коперниктер әлеміне деген ғажайып та, мөлдір сенімін көркем сөздің керемет құдіретімен тамаша сипаттаған тарихи бір тұлға өзінің мектеп қабырғасында жазған «Кәсіп таңдау барысындағы бозбаланың толғанысы» атты шығармасында былай дейді (есімін еске салудың қажеті шамалы!): «Кәсіп таңдау барысындағы біздің басшылыққа алатын басты бағдарымыз, адамзаттың игілігі және өзіміздің тұлғалық толысуымыз болмақ... Адамзат өзінің жаратылысында өзгенің мұңын мұңдап, замандастарын жетілдіре отырып, олардың игілігі үшін жетілмек болар. Егер біз таңдаған кәсібіміздің аясында адамзаттың игілігі үшін бәрінен де көп қызмет ететін болсақ, онда толайым тағдыр тауқыметі біздің белімізді бүге алмас, үйткені біз – баршаның игілігі үшін басты бәйгеге тіктік; сонда біз жеке бастың жалқы, шектеулі және күйкі қуанышын сезіне алмаспыз, бірақ біздің бақытымыз миллиондардың бақыты болмақ!».

«Баршаның бақыты үшін басты бәйгеге тігу» - міне саясат дегеніміз осы (немесе осылай болуы керек). «Біздің бақытымыз миллиондардың бақыты болмақ!» - міне сен таңдаған саясаттың мүмкін болған жемісі.

Мен мүмкін болған жемісі деп кездейсоқ айтқан жоқпын. Себебі саясаттың нәтижесі жоғарыдағыдай жасампаз рухта болмауы да мүмкін ғой. Ия, әрине, нағыз саясат осынау ғажайып сезіммен – «миллиондардың бақыты үшін» басталуы мүмкін (солай болуы қажет). Алайда «ғажайып ниеттер» керемет білім және біліктілікпен қуат-талмаған болса – Қасірет қақпасы ашылмақ. Бұл қасірет сенің жеке басыңа ғана қатер төндірмейді (бәле сонымен кетсе кәні), ол сондай-ақ бүкіл қоғамға, сен бақытты етпек болған отандастарыңа да апат әкелмек.

Михаил Сергеевич Горбачев ешқандай да «сатқын» болған емес (кейбір жалған «солшылдардың» солай деп айтып жүргендеріне қарамай) және ешқашан да «мұхиттың ар жағында даярланған дәстүр бойынша» іс жүргізген емес. Ол шын жүректен өзінің отандастарына және өзінің еліне жақсылық жасағысы келді. Оның шынында да ниеті жақсы болатын. Алайда ол елге қажетті кең көлемді Реформаларды жүзеге асыруды басқаруға дайын болмай шықты (мұны оның өзі де білмеген болса керек). Үйткені оның өмір жолы әкімшіл-әміршіл жүйенің аясында өтті, онда биліктің баспалдақтарымен жоғары көтерілу шығармашылық еркіндікке емес, жоғарының нұсқауларын (ұсақ және үлкен айлакерлік элементтерін қолдана отырып) мүлтіксіз орындауға негізделген болатын.

ХІV

Мұнда саяси қайраткердің өсуінің басты шарты әлеуметтік қайшылықтардан туындаған нақты мәселерді шеше алу қабілеттілігі емес, керісінше «басты бағыттан» ауытқымау болатын. Түптеп келгенде бұл өзіңнен жоғары тұрған бастықтың көлеңкесін сағалауға келіп тірелетін. Бұл Н.К. Михайловскийдің әйгілі: «егер шенеуніктер баспалдағына төменнен жоғары қарасаң көтерліп бара жатқан мырзалардың мысын сезесің, ал егер де жоғарыдан төмен қарасаң, төмен түсіп бара жатқан күтушілердің күңкілін көресің» деген қанатты сөзінде көрініс беретін шенеуніктік-иерархиялық тіктеме (вертикаль) болатын. Мұндай баспалдақта Реформатордың пайда болмасы анық. Мұндай жүйеде қоғамның алдында туындайтын мәселелерді шешуге қабілетті интеллектуалдық және ұйымдастырушылдық күштердің де пайда болуы неғайбыл болатын. Саясаттану тілімен айтқанда қоғамды трансформациялаушы Субъектінің пайда болуы мүмкін емес еді. Міне сондықтан да саяси қайраткерге тарихтың тың, беймағлұм сүрлеуімен сүрінбей өту үшін көктемедегі мұз үстімен, миналар алаңымен жүргендей аса сақтықпен («бүлдірме!»), әр қадамыңды теңестіріп, әріптестеріңмен бірге жолды жүре үйреніп, іс-әрекет жасау қажет болатын. Бірақ, өкінішке орай, тағдыр тәлкегімен бюрократиялық баспалдақтың ұшар шыңына шығып қалған адамның шектеулі дүниетанымы оған өзінің мүмкіншіліктерінің шектеулі (айтарлықтай шектеулі) екендігін және өзінің біліктілік деңгейінің (айтарлықтай жоғары еместігін) түсінуіне мүмкіндік бермейді. Сонымен бірге номенклатура өсіріп шығарған «көсемнің» шектеулігі, әдетте оның менмендігі мен өзіне деген сенімі: қалайша бұл мен ғой, мен қараптан қарап ең жоғары қызметке келген жоқпын – мен бәрінен алысты болжаймын, бәрін түсінем, бәрі қолымнан келеді деген сияқты өзін өзі бағамдауының шектен тыс жоғарылығымен толысып отырады...

Михаил Сергеевичтің реформаторлық қызметінің нәтижесі белгілі. Жалпы, Черномырдин айтқандай: «Жақсы болсын дедік, бірақ бәрі де әдеттегідей болды».

Және бір рет: Ниеттер Біліммен қуатталуы қажет. Өзің басқармақшы (немесе басқаруға қатыспақшы) болып отырған әлеуметтік-саяси машинна туралы – біліммен; Көне қоғамның сан – алуан саяси институттары сан-алуан елдерде және сан-алуан жағдайларда қалай басқарылғандығы туралы - біліммен; Өткен күндердегі сан – алуан саяси қайраткерлердің сәттіліктері мен сәтсіздіктері туралы, жеңістерінің шаттығы мен жеңілістерінің ащы өкініштері туралы – біліммен қуатталуы қажет. Егер де сен «қайта құруды» бастаған екенсің, ең болмағанда: Нені «қайта құрмақсың» және Немене «құрмақсың» соны өзің білуің қажет.

Саясат - ең әуелі Ғылым, сондықтан, ол өзіне ғылыми ұстанымды талап етеді. Саяси көшбасы – ең әуелі, әлеуметтік-саяси болмыстың даму заңдылықтарын білетін Ғалым және осы заңдылықтар бойынша творчесволық сипатта әрекет етеді.

Сіздерге Саясат әлеміне, Саяси Ғылымдар әлеміне алғашқы қадам жасауға, сіздерге ұсынылып отырған әлемдегі ең үздік саясаттану оқулықтарының бірінің авторы профессор Эндрю Хейвуд көмектеседі.

Сіздерге қазіргі заманғы саясат әлемінің лабиринттерінде осынау тәжірибелі «жол бастаушымен» серуендеу естен кетпес әсер қалдырады. Профессор Хейвуд саяси өмірдің, саяси болмыстың күрделі мәселелерін қарапайым тілмен баяндауға айрықша машықтанған. Ол секілді ешкім де өзі баяндап отырған мәселенің тартымдылығын ғылыми дәлдікпен ұштастыра алмаса керек. Ол жалған «түсінушілік» үшін теорияны қарабайрландырып, ауылдың алты ауызына айналдырмайды. Ол өзінің соңынан оқырманды қарапайымнан күрделіге қарай, әр қадам сайын күнделікті, күйбең, өмірлік көзқарастардан күрделі теориялық құрылымдарға қарай еліктіріп жетелеп кете алады.

Оның оқырманмен арадағы қарым-қатынасы өзіне еркісіз баурап алады.. Ол профессор кафедрасының биігінен «насихат» айтпайды, оқырманның түсінігіне ауыр тиетін ғылыми тұжырымдарды да (қажетсіз тұста) қолданбайды, ұзын – сонар

ХV

ұлылардың есімін тілге тиек етіп, қаралып отырған мәселе туарлы алуан түрлі пікірлер келтіріп өзінің «білгіштігін» де көрсетпейді. Яғни бүгінгі оқырманға түсінікті болуды емес, өзінің білімділігін көрсетіп қалғысы келетін, бейшара оқырманды есінен тандырғысы келетін жас (және менмен) саясаттанушыларға тән қасиеттердің еш бірін көрсетпейді. Профессор Хейвуд оқырманмен ақырын және түсінікті де тұщымды тілде - дос, жасы үлкен, көргені көп жолдас ретінде сұхбат жүргізеді. Міне қараңыздар оның кітабы қалай басталады: «Саясат өте қызық іс, үйткені біз бәріміз алуан түрліміз. Біздің арамызда қалай өмір сүру керек, қоғамнан кім және не алуы керек, кім билікке лайық, жалпы қоғамдық игіліктер қалай үлестірілуі керек, ең соңында қоғамдық өмірдің негізінде не жатыр – келісім бе жоқ әлде дау-жанжал ма деген сұрақтарға ортақ келісім жоқ. Адамдар көбіне осынау мәселердің қалай шешілуі керектігіне де келісе бермейді... Аристотельдің пікірі бойынша осының бәрі саясатты «патшалар ғылымы» етеді – оның көмегімен өмірді жақсартып, кемелденген қоғам құруға болады. Осылайша саясат, - ең әуелі және ең бастысы әлеуметтік қызмет болып табылады. Бұл қашанда диалог – және ешқашанда монолог болмақ емес. Мейлі Робинзон Крузо сияқты жеке тұлғалар - өзінің жеке шаруашылығын құру, өнер туындысын жасау және т.б. көптеген істерге қабілетті бола қойсын, бірақ олардың бір де бірі саясатпен айналыса алмайды. Үйткені саясат бейнелеп айтқанда, Жұмабай пайда болғанда ғана басталмақ». Міне осылайша профессор Хейвуд «патшалар ғылымы» туралы сүйкімді сөз бастайды, сөз сарыны бізге профессордың көпті көрген «Робинзон Крузо» екендігін, ал оқырманның оның адал да ыждағатты шәкірті «Жұмабай» екендігін көрсетеді. Осынау әзілмен әспеттелген, әлде бір даналық дәрісіндегідей өзара сенімділік сезімі кітаптың соңғы сөйлеміне дейін сізді баурап алады.

Оқулықтың мәтіні қысқа, алайда қысқа болса да түйіні толық. Автор саяси теорияның бірде бір мәнді мәселесін назардан тыс қалдырмайды. Ол бәрін де айтып үлгереді.

Ол сіздерге әуелі мәселенің мәнін баяндайды, ал сонан соң сұрақтар қояды. Қойған сұрақтары кәуділігі сұрақтардан өзгеше, жауап іздеп талпынған жан мәселеге терең үңіліп, тың тұжырымдар табары даусыз. Сұрақтар тек қана қайталау мен жаттауға арналмаған, ол оқырманды ұстаз көтерген идеялар төңірегінде өздігінен ізденіп, ойлануға жетелейді. Міне ол, саясат дегеннің не екендігін баяндады. Ал сонан соң мына сұрақтарға жауап табуды өтінеді: «Егер саясат өзінің мәнінде әлеуметтік болатын болса, онда неге барлық қоғамдық қызмет саяси болмайды? Неге саясат туралы түсініктер көбіне ойға жағымсыз салыстыруларды салған және салып келуде? Саясатты сындарлы да ізгілікті іс ретінде қорғап не айтуға болады? Саясаттың «соңы» болуы мүмкін бе? Неліктен саясатты ғылыми тұрғыдан зерттеу ұстанымы қашан да көпшілікті қызықтырып келеді? Саясатты шынайылықпен, ешқандай үстірт көзқарассыз зерттеу мүмкін бе?». Бас қатыруға тұралық, керемет сұрақтар емес пе?!

Ал сонымен оқулықтағы мағлұматтарға сүйене отырып, сіз осынау сұрақтар туралы толғанғаныңызда, автор – оқығаныңызға қосымша ретінде – кітаптың жиегінде тақырыптың тұздығын: түсініктің маңызды анықтамасын, олардың өзара байланыстарын кескінін сызып, диаграммалары мен кестелерін бедерлі белгімен белгілеп береді.

Сұхбаттың салихалы да сенімділігіне профессордың саясаттың заңдар мен қисындар және кескіндер ғана емес – ол тірі, нақты жандардың тіршілігі, қызметі екендігін, саяси теориялар – оларды жасаушы жандардың өнегелі өмірі мен толайым тағдыры екендігін тұщымды тілмен баяндауы өз септігін тигізеді. Сіз сонда ғана Сократтың моральдық–саяси теориясы – оның тек қана көзқарастары ғана емес, - ол оның өмір жолы, ондағы басқан әрбір қадамы, қабылдаған әрбір шешімі екендігін ұғасыз. Сіз Платон мен Аристотель саяси режимдердің қандай классификациясын

ХVІ

ұсынғандығын ұғып қана қоймай, оқулықта берілген олардың суреттердегі келбетіне көз саласыз, олардың өмірі жайлы сенімді деректерден келтірілген үздік-үздік сырлармен де

таныса аласыз. Осылайша саясаттың қатаң қисындары қарапайым кісілік келбеттке бет бұрады.

Ең маңыздысы, көненің кемеңгерлері Хейвудтың баяндауында баяғыда өтіп кеткен, оқырманды тарихи, архаикалық қызығушылық тұрғысынан қызықтыратын тұлғалар ретінде емес, қайта сізбен бізге замандас мына өмірдің бір тұлғасындай кейіпке енеді. Үйткені, автордың бізге дәлелдеп көрсеткеніндей, көненің кеменгерлері, бүгінгі саяси теорияларды толғандырып жүрген мәселелердің көпшілігін тұжырымдаған және оларды шешудің «шешімдерін» де ұсынған екен. Платон, Аристотель, Гоббс, Локктар – саяси теориялардың кешегі күні ғана емес, ол сондай-ақ оның бүгінгі күні де, кей жағдайда тіпті оның болашағы да екен. Талғамы терең бір фәлсәфашы бірде: «Батыстың философиясының барлығы бар болғаны – Плотанның тұжырымдарын талдау -ғой», деген екен. Әрине, кез-келген қанатты сөз сияқты, бұл сөздің де асыра айтылғандығы даусыз. Алайда, асыра айтылса да ақиқаттың ауылынан алыс қонбағандығы дау тудырмайды. Міне осыны өзінің кітабында Эндрю Хейвуд шынайы шеберлікпен аша білген.

Сонымен бірге оқулықта саяси ойдың даму тарихы басымдық сипатқа ие емес. Мұндағы мұрат тарих емес. Тарих мұнда қазіргі заманға кіріспе ретінде қызмет еткен. Автордың басты назары – саяси теориялардың қазіргі заманғы ахуалына аударылған. Ең заманауи ахуалға. Біздің қолымыздағы кітап – бұл асыра айтқандық емес, шын мәніндегі ХХІ – ғасырдың оқулығы. Сонымен бірге ол бүкіл болмыс бітімімен болашаққа ұмтылған кітап. Кітап қарастырылатын түсініктердің көбінің «пост» сөзімен: постмодернизм, постматериализм, постфордизм, постсоциализм, постиндустриализм және т.б. басталатындығы тектен-тек емес. Осынау «бір ауыз сөз» ХХ жүзжылдықтан соңғы («пост») басталып жатқан жаңа дәуірдің рәмізі іспетті. Осынау «бір ауыз сөз» өткен өмір өзінің бар болмыс бітімімен кетіп бара жатқандығының, ал жаңаның әлі қалыптаспағандығының, әлі өзінің айқын кескін келбетін анықтамағандығына байланысты өзіндік болмысты бейнелейтін теңеу мен атауға ие болмағандығының дәлелі. Профессор Хейвуд болашақтың барлаушысындай өзі post-world («постәлем») деп атаған әлеуметтік-саяси болмыстың жаңа әлемінің есігін ашады. Танылып -талқыланған құбылыстар мен тұжырымдалған түсініктер әлемінен ол оқырманды әлі белесі мен бедері белгісіз, түпкілікті танылып, түбегейлі шешілмеген түйіндер әлеміне жетелейді. Ол осылайша оқырманды ғылыми білімнің алғы шебіне шығарады, алда алынбаған асқарлар мен танылмаған тұңғұйықтар кеңістігі ғана болмақ. Ол осы арқылы оқырманды онан әрі ізденіске, өзіндік толғанысқа итермелейді. Шығармашылыққа баулиды.

Ұсынылып отырған оқулықтың құндылығы да осында. Автор әрқашан да саясаттың – тек қана Ғылым еместігін, оның сонымен бірге Өнер екендігін және шығармашылық шыңдалу екендігін ескертіп отырады. Сол себепті де оның жазған оқулығы – шығармашылық еңбектің беташары ғана болмақ. Оқулық тек заңдылықтардың жалпы баяндалуын, әлеуметтік және саяси институттардың байланыстары мен өзара қарым-қатынастарының жалпы сипаттамасын ғана береді. Ол саясаттың «арифметикасымен» таныстырады (егер нақтырақ айтсақ «жоғары математикасымен»). Ал енді, осынау «математикалық» қисындарды адам қызметінің нақты жағдайларында пайдалану – Шығармашылық үрдіс болып табылады. Оны нақты кескіндерге, кестелерге, матрицалар мен сызбаларға сыйғыза алмайсың. Шығармашылық та шынығып, шыңдалуды қажет етеді, алайда ол оқулықпен іске асар іс емес. Әрине оқулық қажет, алайда, мүлдем жеткіліксіз. Профессор Хейвуд мұны да ескертеді. Шығармашылыққа «шыңдалу» дегеніміз - саяси әрекеттердің субъектілері нақты саясаткерлердің іс тәжірибесін, олардың мақсаттарын, ниеттері мен қол жеткізген нәтижелерін салыстыра

ХVІ І

отырып үйрену және өзің үшін қажетті ғибратты алу болмақ. Шығармашылыққа шыңдалу – демек, саяси ойдың классиктерінің адамзаттың әлеуметтік қызмет жолын неғұрлым терең тұжырымдаған еңбектерін оқып, үйрену деген сөз. Профессор Хейвуд осындай еңбектерге сілтеме жасайды. Бұл оның шын мәнінде саяси теорияның мәніне, саяси Өнердің тереңіне дендеп енудің жолын ұсынып отырған бағдарламасы болып табылады.

Бұл Эндрю Хейвудтың педагогикалық шеберлігінің және бір қыры. Біз жоғарыда атап өткендей, саясат, саяси теориялар дегеніміз - мүдделер қақтығысы мен идеялар күресін қамтыған кеңістік болып табылады. Осынау күрестің бар болмысын, тартысқа түскен тараптардың бір де бірінің ашық қорғаушысы болмай, ғылыми объективтілікті сақтай отырып баяндай алу – Ұлы өнер. Жалпы айтқанда – идеологиялық тұрғыда айшықталған трактат емес, болмысты толық және объективті түрде суреттеу. Өзің жазып жатқан құбылыстар, оқиғалар мен теориялар туралы жазбаларыңа жеке басыңның сүйіспеншігі мен жек көрушілігі ықпал етпеуі қажет.

Осындай өнерді профессор Хейвуд толық меңгерген. Бұл әсіресе, «Қазіргі заманғы саяси идеологиялар» сияқты аса күрделі тақырыптарды жазу мен талдау барысында өзінің сүйіспеншілігі мен жек көрушілігін көрсетпей жаза алуынан анық байқалады. Бұндай жағдайда өзіңнің сүйіспеншілігің мен жек көрушілігіңді жасыра алу қиын іс. Бұл Эндрю Хейвудтің қолынан келген. Осының айқын дәлелі ретінде – оның ХХ ғасырдың өн бойында өзара күресіп өткен «либериализм» және «социализм» идеологияларының арақатынасын талдауы бола алады. Профессор Хенйвуд Маркстың социалистік теориясының фундаменталдық ережелерін аса зор құрметпен баяндай отырып, Джон Локк пен оның ізбасарлары қалыптастырған либерализмнің базистік идеяларын да айрықша құрметпен сөз етеді. Ол өзара бәсекелес идеологиялардың артықшылықтары мен әлсіз тұстарын ашып көрсетеді. Ол тарихи және теориялық даму барысында осынау идеологиялардың өздерінің шектеуліктерін қалай жеңе алғандығын, қиырлардағы кертартпалықтардан қалай бас тартқандықтарын, олардан тым қарабайыр және осыған байланысты әсіре ұраншыл ұрда-жық ағымдар мен концепциялардың қалай бөлініп қалып отырғандығын жіті бақылайды. Ол бұл идеологиялардың неғұрлым терең және неғұрлым сындарлы формаларының бір-біріне түсіністікпен қарайтындығын, бір-бірінен пайдалы идеялар мен ізгілікті құндылықтарды алып отырғандығын алға тартады. Соның нәтижесінде либералдық және социалистік идеялардың құндылықтарының өзара ықпалдасуының барысында пайда болған «үшінші жолдың» идеялары мейлінше жүйеленіп, кристалдана түседі. Осылайша қазіргі заманғы өзінің теориялық негізінің өзегі ретінде (социалистік теориялардың өзегі болған) «теңдік» қағидасын ұстанған (Джон Роулстың, Исай Берлиннің) либералистік концепциялары либерализмінің айрықша типі – социалистік либерализмге айналады. Міне осы либерализмнің қазіргі заманғы түрі қазіргі заманғы социализмнің либералдық «еркіндікті» өзінің идеялық өзегіне айналдырған түрімен ете қабысып кетеді. Міне шын мәніндегі жемісті тұжырым дегенің осы!

Әрине ұсынылып отырған оқулық – біздің ғылыми-педагогикалық әдебиеттегі бірден-бір оқулық емес. Бүгін кітап дүкендерінің қай біріне бас сұқпаңыз, саясат туралы отандастарымыз жазған сан-алуан оқулықтарды табарыңыз даусыз. Олар қатарында (менің пікір бойынша, үздіктері) – В.П.Пугачев пен А.И. Соловьевтердің «Введение в политологию» (М., 2001), әсіресе 2004 жылы МГИМО (У) саясаттану факультеті ұжымының проф. А.Ю. Мельвилдің басшылығымен шығарған – «Политология» оқулықтарын атаған болар едім. Проф. Хейвудтың оқулығы қаншалықты жақсы болғанымен, ол отандық оқулықтарды алмастыра алмайтындығы белгілі. Үйткені онда оқулықтардан ойып орын алатын ресейліктердің саяси білімінің маңызды құрамдас

ХVІ ІІ

бөлігі – Ресейдің тарихына саяси көзқарас, қазіргі күндегі ресейдің әлеуметтік-саяси дамуының мәселелерін талдау, бүгінгі күнде сіздер мен біздер ғұмыр кешіп жатқан әлеуметтік және рухани кеңістік қамтылмаған. Эндрю Хейвудтың кітабы – біздің оқулықтарға қосылған жақсы толықтырушы. Ол бізге қазіргі заманғы батыстың саяси ойының тынысы мен жүрек қағысын жеткізеді. Соған қарамай батыстық автордың талантты туындысымен таныса отырып, жадымызда бір кездері А.С.Пушкин тұжырымдаған ұран: «Европаға ене отырып, Ресей болып қалуды» қайта жаңғыртамыз.





Дата публикования: 2015-02-18; Прочитано: 724 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.012 с)...