Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Дамытушы оқу-үйретімінің психологиялық ерекшеліктері



ХХ-ғасырдың соңғы ширегінде жарияланған психологиялық, педагогикалық әдебиеттерде көптеген педагогикалық бағыттар мен принциптердің тиімділігі жайында біршама әңгіме қозғалған. Мысалы, жеке-дара үйретім (обучение) мәселесі, «екілік» бағасыз үйретім тәжірибесі, т.б. жөнінде мақалалар жарияланды. Алайда мұндай бір жақты идеялар педагогикада науқанды шара деңгейінен ары көтеріле алмады. Сондықтан да З.И.Калмыковтың әділ тұжырымына сенсек: «үйретім тиімділігін көтерудің жекеленген жолдарын, олардың шәкірт ақыл-есінің даму деңгейіне ықпалын зерттеу әбден қажет, бірақ жеткіліксіз».

«Ақыл-ес дамуы» ұғымы өте кең қолданылуда, бірақ адам ақылдылығын, оның ақыл дамуының деңгейін қалай анықтауға болады? Бұл жөнінде нақты жауап әзірге жоқ. Бүгінгі таңда психолог ғалымдардың келісімді пайымы: адамның ақыл-ес дамуына нақты ықпал жасап, жетекшілік қызмет атқарушы – бұл жүйелі оқу-үйретім (обучение). Мұндай пікір адамның әлеуметтік табиғатын әділ де дәйекті танудан, тұлғаның психологиялық дамуы оның жасап жатқан қоғамдық-тарихи жағдайларға байланысты өріс алатынына дәлел. Өмірдің алғашқы қадамынан бастап бала ересектер ықпалымен өткен әулет тәжірибесін өз белсенділігі арқасында игереді, қажетіне орай меншіктейді. Осы тәжірибені меңгеру үдерісінде баланың ақыл-ес дамуы жүріп жатады, адамилық қабілеттері қалыптасады.

Дегенмен, ғалымдар арасында адамның ақыл-ес дамуында білімнің орны жөнінде қайшылықты пікірлер туындады. Мысалы, А.Н.Леонтьев еңбектерінде ақыл-ес дамуы игерілген біліммен теңдестіріледі, себебі, оның пікірнше, даму толығымен баланың жасап әрі өсіп жатқан әлеуметтік жағдайларында қабылдаған қауымдық тәжірибесінің сипатыменен анықталады. Ал ендігі бір ғалымдар тобы (Е.Н.Кабанова-Мюллер, В.А.Крутецкий) білім маңызын жоққа шығармайды, бірақ оны әсірелемейді де.

Аталған авторлар пайымынша, адамның ақыл-ес дамуын анықтайтын білім емес, сол білімді игеру, меңгеру және қолдануға бағытталған адами мүмкіндіктер, игерілген білімдерді жаңа жағдайларда пайдалана алу ептіліктері.

З.Н.Калмынова ұсынған анықтама: ақыл-ес дамуы – бұл адамның жасап жатқан әлеуметтік-тарихи жағдайларына, оның психологиялық жеке-дара ерекшеліктеріне сәйкес жас шағы мен жинақтаған өмірлік тәжірибесіне байланысты және іс-әрекетінде өтіп жататын сандық және сапалық өзгерістердің күрделі қозғалысты жүйесі.

Осыған орай жас шағына сай болған білім жетімсіздігі адамның ақыл-ес дамуының төмен деңгейде екендігінің көрсеткіші.

Жаттанды (формалды) қабылданған білім бұрыннан үйреншікті жағдайларда ғана, өте тар аймақта қолданылып, жасампаз әрекет күшке ие бола алмайды. Осыдан да ақыл-ес дамуының бірлігі ретінде саналы меңгерілген өнімді әрекеттік білімдер қорын атауға болады.

Өнімді әрекеттік білімдер қатарында ақыл-ес дамуы болуы тиіс. Адам біліктілігінің негізі – үйретімдік қабілетті де (обучаемость) ескеру маңызды келеді. Үйретімдік қабілет – бұл тұлғаның ақыл-ес қасиеттерінің, қалыптасып барушы ақыл сапаларының жүйелік бірлігі. Оқу-үйретім іс-әрекетінің өнімділігі басқа да әртүрлі шарттар (тірек білімнің, ынталандырушы сеп-түрткілердің болуы және т.б.) қатарында осы үйретімдік қабілетіне тәуелді келеді.

Ақыл тереңділігі жаңа материалды меңгеру желісінде адамның дерексіздену (абстракция) деңгейіне көтерілуі мен қорыта алу ұқыбынан көрінеді. Ойлау әрекетінің бұндай сапалары бұрыннан бар білім және әрекет тәсілдерін қисынды да орында пайдаланған күнде ашылуы мүмкін болған адамзаттың соны жаңалық болар білімдерді табуында айқындықпен көрінеді.

Ой енжарлығы мен шабандығының белгілері: дайын үлгіге еліктегіштік, үйреншікті ой желісінен шыға алмау, бір әрекет жүйесінен екіншісіне өтуде қиналу. Жаңа білімдерді меңгеру және пайдалануда табысқа жету үшін маңызды келетін құбылыс – жағдай талабына сай мәнді белгілерді бөліп алу ғана емес, сонымен бірге олардың барша жиынтығын жадта ұстаумен соларға орай әрекет жасап, кездейсоқ ықпалдарға бірден берілмеу, дұрыс жолдан ауытқымай, қатерлік шешімдерден сақтану.

Жаңадан қалыптасудағы ұғымның мәнді белгілерін, заңдылықтарын және оларға қол жеткізуге жәрдемші болған әдіс, тәсілдерді нақтылауға мүмкіндік беретін ақыл саласы – бұл ой әрекетінің саналылығы.

Ақыл дербестігі жаңа білімдерді игеруде, мәселе, міндеттерді шешудің жаңа жолдарын табудағы белсенділігінен көрінеді. Бұл сапаның жоғарғы деңгейіне жеткен адам сырттай ықпалға иек артпастан, нақты білгіленген міндет шеңберінен шыға отырып, тек дұрыс қана емес, сонымен бірге ұтымды шешім қабылдауға ұқыпты. Ойлаудың мұндай жоғары ұқыптылық деңгейін Д.Б.Богоявленский креативтік қабілет деп атаған.

Үйретімділіктің бірігімді сандық көрсеткіші ойлау үнемділігінен байқалады да, ол мәселені шешуге мүмкіндік беретін талдау негізінен алынған нақты материалдың санымен, жаңа білімді «ашуға» жұмсалған уақыт бірлігімен өлшенеді. Жеке дара үйретімге жеткілікті ой үнемінің салыстырмалы шамасын қарапайым ұғымдық эксперимент негізінде қалаған мұғалім анықтай алады.

Оны өткізгенге дейін әр шәкіртте жаңа материалды түсінуге қажет білімдер мен ептіліктердің қандай да бір мөлшерінің бар не жоқтығын айқындап алған жөн, одан соң сол білімдердің орнығуын қамтамасыз ететін сынып жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Жаңа материалды бір не бірнеше түсіндіруден соңғы шәкірттің білім деңгейі ойлау үнемділігінің көрсеткішін байқатады.

Дамытушы оқу-үйретімнің негізгі психологиялық принциптері келесідей:

- оқу-үйретімнің проблемді болуы:

- ойлау іс-әрекеттерінің әрқилы түрлерінің (көрнекі-әрекеттіктен, тәжірибеден, көрнекі-бейнеліден, жанама, абстракт-теориялықтан) ұтымды дамуы;

- оқу-үйретімнің даралықтығы және жіктемелігі; ақыл-ой әрекеттерінің алгоритмдік не эвристикалық тәсілдер түрінде арнайы қалыптасуы; академиялық іс-әрекеттерді арнайы ұйымдастыру.





Дата публикования: 2015-03-29; Прочитано: 1316 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...