Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Оқу-үйретім әдістерінің мәні және мазмұны



Мұғалімнің білімдерді ауызша баяндау және шәкірттердің оқу-үйренім, танымдық іс-әрекетінің белсенділігін көтеру әдістері.

Әдістер жүйесінде жетекші орын сөздік әдістерге беріледі. Бір кезеңдерде бұл әдістер білім ұсынудың жалғыз-ақ тәсілі болған. Ғұлама педагогтар – Я.А.Коменский, К.Д.Ушинский және т.б. – мұндай әдістердің маңызын әсірелеуге қарсы тұрып, оларды көрнекілік және тәжірибелік әдістермен толықтырып бару қажеттілігін дәлелдеп бақты. Қазіргі кезде сөздік әдістерге көбіне “көнерген”, “белсенділік көтеруге” жарамайды деген сын тағылуда. Ал іс жүзінде, бұл әдістер тобына шынайы назар салған жөн, себебі сөздік әдістер қысқа мерзімде ауқымды ақпарат жеткізіп, шәкірттер алдына мәселелі міндеттер қойып, олардың орындалу жолдарын көрсетуге мүмкіндік береді.

Айта кету қажет, 20-30 жылдары педагогикада сөздік әдістердің маңызын кеміту әрекеттері де болған. Сондағы келтірілген дәйектер: олар оқу-үйретім, үйренім, танымдық іс-әрекеттерінің белсендігін көтермейді-міс, сабақ үдерісін “дайын білімдерді” ұсынумен шектейді-міс.

Сөздік әдістер келесі түрлерге ажыралады: әңгімелеу, түсіндіру, сұхбат, пікір-талас, дәрісбаян.

Әңгімелеу әдісі сабақ материалының мазмұнын ауызша баяндау жолымен жүргізуді көздейді. Бұл әдіс педагогикалық үдерістің барша кезеңдерінде қолданылады. Тек қана баяндау сипаты, оның көлемі, уақыт шегі сыныптан сыныпқа өзгеріске түседі. Мақсаттарына орай әңгімелеудің бірнеше түрі бар: әңгіме-кіріспе, әңгіме-баян, әңгіме-қорытынды.

Алғашқысының мақсаты – балаларды алдағы күнде басқа әдістермен ұсынылатын (мысалы, сұхбат жолымен) жаңа материалды қабылдауға дайындау. Әңгімелеудің бұл түрі салыстырмалы қысқалығымен, жарқындылығымен, көңіл-күй көтеріңкілігімен ерекшеленіп, жаңа тақырыппен қызықтыра, оны белсенділікпен игеруге ынталандыру сипатымен көрінеді.

Әңгіме-баяндау барысында мұғалім жаңа тақырып мазмұнын ашады, нақты, қисынды даму жоспарымен басты, мәнді тұстарын бірізділікпен бөле атап, көрнекіліктер және дәйекті де дәлелді мысалдар пайдалана, баяндайды.

Әңгіме-қорытынды әдіс дәріс ақырында келтіріледі. Ұстаз онда өзекті ой-пікірлердің басын қосып, қорытады, шешімге келтіреді, осы тақырып бойынша шәкірттердің бұдан былайғы өзіндік жұмыстарына нұсқаулар береді.

Әңгімелеу барысында келесі тәсілдер қолданылады: ақпаратты баяндау, зейін белсенділігін көтеру, жадта (мнемикалық, ассоциативті) қалдыруды жеделдестіру, қисынды салыстырулар, сәйкестендірулер, өзектісін бөліп алу, қорытындылау.

Жаңа білімдерді баяндау әдісі ретінде әңгімелеуге, әдетте, бірнеше педагогикалық талаптар қойылады

- әңгімелеу сабақтың идеялық-адамгершілік бағдарын қамтамасыз етуге міндетті;

- шынайы әрі ғылыми тексерілген, деректерді қамтуы тиіс;

- алға тартылған тұжырымдардың дұрыстығын дәлелдейтін дәйекті де жарқын деректер мен мысалдарды көптеп қамтуы қажет;

- айқын баяндау қисынына ие болуы тиіс;

- көңіл-күй көтеріңкілігімен еленгені жөн;

- қарапайым және түсінікті тілмен баяндалуы лазым;

- баяндалушы деректер мен оқиғаларға болған мұғалімнің жеке бағамы және көзқарас, қатынастары көрініс бергені абзал.

Түсіндіру. Түсіндірме әдісінің мәні – бұл меңгерілуі тиіс нысандардың, кейбір ұғымдар мен құбылыстардың мәнді қасиеттері мен заңдылықтарын ауызша сөзбен тәптіштеп, балалар санасына жеткізу.

Түсіндіру – баяндаудың монологтық жүйесі. Түсіндіру әдісін мұғалім көбіне теориялық материалдарды өтуде, химиялық, физикалық, математикалық есептерді шешу мен теоремалар мәнін жеткізуде, табиғат және қоғам өмірінің түбегейлі себептері мен салдарын ашуда қолданады. Бұл әдісті пайдалануда келесі талаптарға мән берілуі тиіс:

- сұрақ міндеті, мәні және мәселесі нақ әрі анық болуы шартты;

- себеп-салдарлы байланыстар, дәйектер мен дәлелдер бірізділікпен ашылып барғаны дұрыс;

- салыстыру, сәйкестендіру, ұқсастыру тәсілдері орынды қолданылуы қажет;

- көрікті де жарқын мысалдар тартылуы керек;

- баяндау мүлтіксіз қисынға ие болғаны абзал.

Оқу-үйретім әдісі ретінде түсіндіру әрқандай жас тобындағы балалармен жұмыс істеуде кең қолданымға ие. Дегенмен, жоғары және орта оқу топтарында сабақ материалының күрделенуі және балалардың ақыл-ес мүмкіндіктерінің артуымен бұл әдісті қолдану қажеттігі кіші сынып оқушыларымен жұмыс істегендегіден гөрі көтеріле түседі.

Әңгіме-сұхбат – сабақ барысындағы диалогтық әдіс. Бұл әдісте мұғалім мұқият ойластырылған жүйесімен шәкіртті жаңа материалды түсінуге жеткізеді немесе олардың бұдан бұрынғы өтілген материалды қаншалықты игергенін тексереді. Әңгіме-сұхбат дидактикалық жұмыстың ежелден қолданымға түскен түрлерінің бірі. Оны Сократ шеберлікпен пайдалана білген, осыдан педагогика тарихында “сократтық сұхбат” ұғымы қалыптасқан.

Нақты міндеттерге, оқу-үйретім материалының мазмұнына, шәкірттердің шығармашыл танымдық іс-әрекеттеріне орай дидактикалық үдерісте сұхбат жүргізудің бірнеше түрі ажыралған.

Қазіргі күндегі кең қолданымда жүрген – “ эвристикалық сұхбат ” (эврика – таптым, аштым). Эвристикалық сұхбат барысында ұстаз өз шәкірттерінде қалыптасқан білімдер мен тәжірибеге сүйене отырып, оларды жаңа білімдерді түсінуге, ережелер мен қорытулар шығаруға бағыттайды.

Жаңа білімдермен таныстыру үшін хабарлау сұхбаты қолданылады. Егер сұхбат жаңа материалды ұсыну алдынан жоспарланса, ол кіріспе сұхбат сипатын алады. Мұндай сұхбат мақсаты – балаларды жаңалықты тануға дайындық қалпына келтіруді көздейді. Бекіту сұхбаты жаңа материал өтілгеннен кейін іске асырылады.

Сұхбат барысында сұрақтар бір балаға арналуы (жеке-дара сұхбат) немесе бүкіл сыныпқа (фронтальды сұхбат) қойылуы мүмкін. Әңгімелесудің нәтижелі болуы, көбіне қойылған сұрақтардың жүйелі де дұрыс болуына тәуелді.

Әңгімелесу әдісінің артықшылығы келесідей:

- белсенділік көтереді;

- шәкірттің жады мен сөйлеу қабілетін дамытады;

- игерілген білімді айқын байқауға мүмкіндік береді;

- тәрбиелік ықпалы орасан;

- нақтамалық құрал ретінде өте пайдалы.

Сонымен бірге бұл әдіс кемшіліктен де бос емес:

- көп уақытты талап етеді;

- қойылған сұраққа күмәнді жауап та болуы ықтимал (бала кейбір сұрақтарға білмегендігінен әдейі қате жауап беріп, ол басқалар санасында бекіп қалуы мүмкін).

Пікір-талас. Әдіс ретінде пікір-талас белгілі мәселе бойынша ой, тұжырым алмасуға негізделеді. Ортаға түсіп жатқан көзқарас, пікірлер әрбір қатысушының өз ойына сәйкес өрнектеліп, не басқа адамдардың ойын арқау етуі мүмкін. Бұл әдісті шәкірттердің біршама дәрежеде кемелденіп, дербес ой топшылауға, өз дәлелдегенін дәйектеп, деректеп, негіздей алатындай жағдайға жеткен шағында пайдаланған тиімді. Жақсы өткізілген пікір-талас жоғары оқу-үйретім, танымдық және тәрбиелік құндылыққа ие. Қойылған мәселені тереңдей түсінуге, басқалар пікірімен санасуға үйретеді.

Дәрісбаян (лекция). Әңгімелеу және түсіндірме әдістері кіші сыныптарда көлемі шағын келген материалды өтуде қолданылады. Ал үлкен жастағылармен жұмыс барысында кейбір тақырыптар бойынша сабақ уақытының 20-30 минутын, кейде тіпті бүкіл сабақты, көлемді болған жаңа ақпараттар легін мұғалімдердің ауызша баяндауына тура келеді. Мұндай материалды ұсыну үшін дәрісбаян формасы қолданылады. Дәрістік материалды алдын ала дайындалған мәтін бойынша тыңдаушыға сөзбе-сөз ауызша жеткізу ежелден келе жатқан университеттік тәсіл. Мысалы, ағылшын жоғары оқу орындарында осы күнге дейін университет профессорынан өз сабағына дәрісбаян мәтінімен келіп, студенттерге сол бойынша мазмұнын баяндауы талап етіледі. Ал басқа елдерде бұл дәстүр өз маңызын жойып, өтіліп жатқан материалды түсіндірудің ерекше бір әдісі ретінде сақталып қалған. Бұл тұрғыдан дәрісбаянның әдіс ретінде қажеті – мұғалімнің біршама ұзақ уақыт аралығында шәкірттердің танымдық белсенділігін көтеру тәсілдерін пайдалана отырып, ауқымы көлемді де кең мазмұнды өз шәкірттеріне жеткізуді көздеуінен.

Дәрісбаян тиімділігі оның оқу-үйретім материалын тыңдаушылар тарапынан бітімді және біртұтас, сонымен бірге сол материалды қисынды жанамалықпен және тақырыптар бойынша өзара байланыстылықта қабылдау мүмкіндіктерін қамтамасыз ете алуында.

Мектеп дәрісбаяны өткен материалды қайталауда да қолданылуы мүмкін. Мұндай дәрісбаяндар шолу дәрісбаяны деп аталады.

Қазіргі заман мектептері жағдайында әдіс ретінде дәрісбаян шәкірттердің танымдық іс-әрекетінің белсенділігін көтеруге, проблемді таным міндеттерін шешуге қажет ғылыми ақпараттарды өзбетінше іздестіруге, тақырыптық тапсырмаларды орындауға, зерттеушілік қызметтерге жанасқандай өзіндік тәжірибе мен эксперименттер өткізуге жәрдемін тигізеді.

Мұғалімнің жаңа материалды ауызша баяндауы, әдетте, көрнекі құралдарды пайдаланумен ұштастырылады. Осыдан дидактикалық құралдардағы суреттер мен заттай көрнекіліктерді қолдана білу үлкен маңызға ие.

Дәрісбаян барысында көрнекі құралдарды пайдалануда келесі талаптарды орындау міндетті шарт:

- қолданымдағы көрнекі құралдар балалардың жас деңгейіне сай болуы қажет;

- көрнекілік орнымен, қажетті шамада қолданылып, брізділікпен сабақтың қажетті сәтінде көрсетілуі тиіс;

- бақылауды көрсетілетін нысан баршаға бірдей жақсы көрінетін жағдайда орындаған дұрыс;

- көрнекілікті ұсынуда ондағы басты да мәнді мазмұнды айқын бөліп алу қажет;

- көрсетілетін құрал сабақ мазмұнына сәйкес болғаны абзал;

- көрнекі құралдағы не көрсетілетін заттағы ниетті ақпаратты табуға балалардың өздерін тартқан жөн.

Көрнекі құралды пайдалану тиімділігі көбіне сөз және көрнекілікті ұтымды ұштастыруға, игеріліп жатқан заттар мен құбылыстардың мәнін ашатын қасиеттер мен ерекшеліктерді айыра білуге байланысты мұғалім ептілігіне тәуелді келеді.

Білімдерді ауызша баяндау әдістерін қарастыруда мұғалім, әсіресе, өтілетін материалды қабылдау және саналы түсінуге орайлас шәкірттердің белсенділігін көтеруге арналған сұрақтарға көбірек мән бергені жөн.

Тыңдау арқылы материалды қабылдау бала тарапынан жоғары зейінділікті және ықпалды ерік күшін салуды қажет етеді. Өз заманында К.Д.Ушинский ескерткеніндей, сабақ дұрыс өтілмесе, шәкірт дәріске “сырттай қатысып”, ал іштей өз жөнімен болып, “ойсыз бас” кейпіне енеді. Бұл жөнінде С.Т.Шацкий де жазған: көп жағдайда бала сабақта “педагогикалық мүлгуге” түсіп, яғни зейін сақтаған сияқты қалып көрсетеді, бірақ ұсынылған материалды қабылдау үшін ешбір құлық жасамай, сабақ жұмысынан немқұрайлықпен шет отырады. Дегенмен, мұндай кемшілік ауызша баяндау әдісінің өзінің олқылығынан емес, оны орнымен, дұрыс қолданбағандықтан. Сондықтан сабақта мұғалім шәкірттерінің ойлау белсенділігін көтеретін әрі зейін сақтауға көмек беретін педагогикалық тәсілдерді пайдалануы қажет.

Мұндай тәсілдердің бірі – ауызша баяндау барысында өтіліп жатқан материалды шәкірт қабылдап және түсінуі үшін мұғалім мәселелі жағдайлар түзіп, қабылдау және түсіну үдерісінде шешілуі керек танымдық міндеттер мен сұрақтар қойып баруы тиіс.

Ең қарапайым тәсіл – бұл жаңа материал тақырыбын нақты белгілеп, шәкірттер пайымдауы қажет негізгі сұрақтарды ажырата ұсыну. Осындай, шәкірттің “білетіні” мен “білмейтіні” арасында іштей қарама-қайшылық туындаған жағдайда ғана, сол қайшылықты шешуге деген қажеттілік пайда болады әрі осыдан бала танымдық белсенді әрекетке кіріседі.

Шәкірттердің өз білгенін ауызша баяндау кезіндегі ой белсенділігін көтеруге олардың өткен сабақтарда игергендерін жаңа деректермен, мысалдармен салыстыру, сәйкестендіру қажеттігін туындататын тәсілдерді тиімді пайдалану ұтымды келеді.

Салыстырудың адам ой-өрісінің кеңеюіне ықпал жасауының психологиялық тетіктерін өз заманында Гельвеций ашып, түсіндіруге тырысқан: “Заттарды бір-бірімен әрқилы салыстыру зейінді қажет етеді, ал зейін қою күш салуды керек қылады, ал әрқандай күш салу- бір нәрсені орындауға мәжбүрлеуші ынта-ықыласты пайда етеді”.

Игерілуі тиіс материалды шәкірттердің белсенді түрде қабылдап, түсінуінде мұғалімнің өз баянына тартымды сипат беріп, оны мәнерлі де қызғылықты етіп ұсынуы өте маңызды рөл атқарады. Мұндайда ең алдымен ескеретін жәйт – оқу-үйренім материалының өзі шәкірттің білуге деген құштарлығын арттырып, ой-өрісін кеңейту белсенділігіне ынталандырушы көптеген ықпал түрлеріне ие. Олар қатарында келесілерін атауға болады: ғылыми ақпараттың жаңалығы, деректер жарқындығы, қорытындылардың бірегейлігі, калыптасқан ұғымдардың мәнін ашудағы жаңашылкөзқарас, құбылыс мәніне тереңдей ене білу.

К.Д.Ушинский жазғандай, «пән біз үшін жаңалық болуы тиіс, жаңалық болғанда да ол бүрынғы білгенімізді толықтыруы не жоққа шығаруы, шынайтқа келгенде, біздің жан дүниемізде қалыптасқан болмысты өзгертетіндей қызғылықты болуы тиіс».

Дәрісбаяндарда кең көлемді ақпараттар ұсынылатындықтан, олардың жоспарын ауызша ғана хабарлап қоймастан, сынып тақтасында не арнайы жасалған кестеде өрнектеп, балалар назарына ұсыну қажет. Мұндай жоспарды шәкірттер өз конспект дәптеріне мұқияттап жазып алғаны абзал. Игерілген материалды бекіту әдістері: әңгіме-сұхбат, оқулық, кітаппен жұмыс.

Мұғалімнің нақты пәндік білімді ауызша баяндауы шәкірттің алғашқы қабылдауы мен ұғымына байланысты. Алайда М.А.Данилов ескерткендей, «алғашқы сауаттану кезеңіндегі білімдер шәкірттердің белсенді, дербес ойлауы мен іс-әрекеттерінің кепілі бола алмайды; Бұл жөнінде әдіскер-биолог Н.М.Верзилин де «ғылыми ұғымдар бір сәтте қалыптаспайды, ол үшін бірнеше кезеңдер қажет, сол кезеңдердің әрқайсысында ой толығып, бұрынғы білгендері кеңейеді, нақты деректермен толыға түседі, осыдан шәкірттің игеріп жатқан дүниесі оның бойына сіңіп, меншікті қорына айналады». Бұл тұрғыдан мұғалімнің түсіндіру, ұғындыру әрекетін маңызды деп білсек те, оны тәлім-тәрбиенің бастауы деп таныған әбден жөн.

Дидактиканың аталған заңдылығына орай ұсынылған материалдарды игеруге арналған келесі оқу-үйретім жұмыстары - бекіту, есте қалдыру және тереңдете түсіну - үлкен маңызға ие.

Әңгімелесу әдісі -мұғалім баяндаған материал игеруге біршама қиын болмаса, өз тиімділігін береді, мұндай да жәй қайталау, қайта жаңғырту тәсілін пайдаланған жетіп жатыр. Бұл сипаттағы әңгіме-сұхбат мәні - орынды қойылған сұрақтармен баланы өтілген материалды белсенді қайталауға жұмылдырып, оны тереңдете түсіну мен есте сақтауға көмектесу. Нақты сабақта өтілген матералды сол бойда меңгертуге арналған әдіс ретінде әңгімелесу - өте қолайлы кұрал, әрі ол мектептік пәндердің бәріне бірдей қолданыла береді.

Окулық және кітаппен жұмыс. Оқу(чтение) – үйретім және үйренімнің аса маңызды әдісі. Сезімге әсер еткеннің бәрі - өтпелі. Шәкірт бойына ендіретініміздің баршасы - кітап арқылы болмақ.

Бастауыш сыныптарда кітаппен жұмыс негізінен мұғалім басшылығында орындалады. Ал одан жоғарлаған сайын мұндай іс шәкірттің дербес, өз бетінше әркетінің арқасында жүргізіледі. Баспа көздерімен жұмыс орындаудың бірнеше тәсілдері анықталған. Олардың негізгілері:

к онспектілеу - оқылғанның мазмұнын қысқаша баяндап, хатқа түсіру; өз атынан немесе үшінші адам атынан жазба баян істеу; автор атынан конспектілеу дербес ойлау қабілетін дамытуға өте пайдалы;

мәтіннің жәй не күрделі жоспарын түзу; жоспар түзу үшін мәтінмен танысқаннан соң оны бөліктерге келтіріп, әр бөлігіне тақырып беру;

тезиске келтіру - мәтіннің негізгі ой - тұжырымдарын белгілеп алу;

түсініктеме жазу - негізгі мән-мағынаны жоғалтпай, оқығанның мазмұнын өте қысқа баянмен өрнектеу;

пікір жазу - оқылғанға қысқаша өз көзқарас, бағамыңды білдіру;

анықтама беру - ізденіп, тапқан нәрсе бойынша мәлімет дайындау; анықтамалар түрі: тұрақты ақпараттар өмірнамалық, терминологиялық, географиялық болуы мүмкін.

формальды-логикалы жоба түзу - оқылған мәтіннің сөздік-сұлбалық бейнесін жасау;

тақырыптық-сөздік (тезаурус) түзу: бөлім, тақырып бойынша тұғырлы ұғымдар кешенін ретке келтіру;

идеялар жайылым парағын (матрица) жасау - әрқилы авторлар еңбектерінде келтірілген біртекті заттар, құбылыстардың салыстырмалы сипаттамасын беру.

Жаңа материал мәнін түсіну және оны игеру бойынша шәкірттердің өзіндік жұмыс әдістері.

Мұғалімнің материалды ауызша баяңдауымен бір қатар оқу-үйретім үдерісінде ұсынылған ақпаратты өз бетінше қабылдауы мен түсіне игеру жұмыстарына байланысты әдістер әдеуір орын иелейді. Мұндай өте маңызды әдістер жөнінде К.Д.Ушинский: «Тек өзіндік жұмыстар ғана шәкірттердің нақты білімдерді тереңдей меңгеріп, өз ой-өрісін дамытуына мүмкіндік ашады» - деп тұжырымдаған еді.

Оқу-үйретім үдерісіне енген өзіндік жұмыстар - мұғалімнің тікелей қатысынсыз орындалатын істер, дегенмен, шәкірттің мұндай еңбегі ұстаздың күні ілгері берген тапсырмалары негізінде, арнайы белгіленген мерзімде атқарылуы тиіс. Бұл жағдайда шәкірттің көзделген мақсатқа қол жеткізуі өз күш-қуатын жұмсап, өзінің ақыл-ес, тән-дене әркеттерінің нәтижелерін қандай да бір формада пайдалануымен іске асады.

Сабақтағы кітаппен жұмыс оқу-тәрбие ісінде өз тиімділігімен көрінуі үшін келесі шарттарды ұстану талабы қойылады:

• Ең алдымен, сабақта өз бетінше кітаппен игерілуі тиіс материалдың (тақырыптың) дұрыс іріктелуі маңызды келеді. Дегенмен, естен шығармайтын жәйт - кез келген сұрақ (мәселе) мұғалім басшылығынсыз өз бетінше шешіле бермейді – шәкірттің оған дайындығы жетпей қалуы мүмкін. Осыдан, дидактиканың түсініктілік принципіне арқа сүйеу және оны іске қосу баланың кітаппен дербес жұмыс істеуін дұрыс ұйымдастырып, материал игерудегі мақсатқа жеткізудің кепілі.

• Дәрістер барысында мұғалім шәкірттерінің өзіндік жұмыстарына бақылау салып, өтіліп жатқан материалды түсінуі қай деңгейде екенін білу үшін олардың кейбіріне сұрақтар қоюы қажет. Керек болса, көмектесу шарт.

• Шәкірттердің оқулық бойынша өз бетінше жаңа материалдың мәнін түсіну және игеру ептіліктерін қалыптастыруға баса назар аударған жөн.

• Көп жағдайда оқулықтармен орындалатын өзіндік жұмыстар дәрістерде шығармашыл-ізденісті тапсырмаларға байланыстырып, шәкірттерді игеріліп жатқан материалды тереңірек түсінуге ынталандыру мақсатында кішігірім эксперимент-тәжірибелер өткізіп, ұсынылған көрнекі құралдарды мәндік талдауға салып пайдаланған дұрыс.

• Суреттеме сипатындағы сұрақтарды өздерінше шешіп, игеру мақсатында оқулықтағы жаңа материалдың кейбір тұстарын шәкірттер таңдап алу формасында пайдалануы мүмкін. Бұл жағдайда мұғалімнің материал баяндау жұмысы шәкірттердің оқулық үстіндегі жұмыстарымен алмасып баруы мүмкін.

• Жаңа материалды өту барысында көбіне бұрыннан игергендерді қысқаша қайта жаңғырту қажеттігі туындайды. Мұндайда қолданылатын дәстүрлі әдіс - ауызша сауалнама. Алайда, бұл күтілген тиімділікті бермеуі мүмкін, себебі балалардың көбі қалаған кезде өтілгенді еске түсіре алмайды, осыдан қайталап айтып беру күмәнді. Осындада оқулықпен орындалатын өзіндік жұмыс шәкірт үшін таптырмайтын көмекші.

• Сабақтың бас-аяғы бүкілдей оқулықпен болатын өзіндік жұмысқа бағышталмауы тиіс. Оны оқу-үйретім ісінің басқа түрлері, формаларымен ауысып тұрғаны пайдалы, мысалы, өтілген материалдың игерілу сапасын тексеру, шәкірт таным, білімдерін одан әрі тереңдетуге арналған жаттығулар ұсыну және т.б. Өзіндік жұмыс басында не оның ақырында сабақ қатысушысына келесідей екі сұрақ қоюды ұмытпаңыз: «Оқулық сенің адам болып жетілуіңе көмектесе ме?; «Сенің азамат болып қалыптасуыңа жәрдем береді ме?».

Шәкірттердің жаңа материалды өз бетінше оқулықпен жұмыс істеп, игеруінде мұғалім біліктілігінің деңгейі мен оның әдіскерлік шеберлігінің дәрежесі де өте маңызды келеді.





Дата публикования: 2015-03-29; Прочитано: 1459 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.016 с)...