Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Мамыр жауыны



Алла нұры тамады-ақ,

Себелеуден ән шықты.

Ақ тамшылар сабалап,

Тұла бойды малшынтты.

Жанның тапқан дауасын,

Бұл тысырлар ән шығар.

Ыстық күннің ауасын,

Салқындатты тамшылар.

Тереземнің жақтауын,

Маржан етті ағыны.

Мамырдағы ақ жауын,

Жанға сондай жағымды.

Жауынды аңсар қауым бар,

Жыр да арнап жаза алам.

Жауаса жаусын жауындар,

Мен де сондай тазарам.

Болашаққа қол ұрып,

Мәз боп сондай жатамын.

Ақ жауынға шомылып,

Рақатқа батамын.

ҚҰДА КЕЛГЕНДЕГІ БАТА

Сұрасаң бата берейін,

Арта берсін мерейің.

Ақ тілекпен әрқашан,

Жақсылыққа келейін.

Берейін бата, сұрадың,

Жарқырап жансын шырағың.

Қайырлы болсын қадамы,

Жаңадан болған құданың.

Құдамен артар танысың,

Ата-аналық қарызың.

Құтты жерге қондыру,

Қыз баланы парызың.

Несібе келіп оңынан,

Тәңірім берсін молынан.

Қыз бала қонақ деген бар,

Оңғарсын Алла жолынан!

Әумин!

ӨМІР ЖЫРЫ

Аунатып өмір жырдың парақтарын,

Шабытты түсте келген таратқаным.

Көкпары тіршілікте қарап қалмай,

Санамның салдым ойға санаттарын.

Өмір жыр тақырыбым, таңдағаным,

Жолына осы әлемнің шам жағамын.

Несіне ақының боп тұрам бүгін,

Ортаңа бармаса егер таңдамалым.

Өмірім жырдан ғана сабақталған,

Ойым тұр жылды азық қып қабатталған.

Аулына өлең деген ат байладым,

Жыр-жауһар атырабым абатталған.

Өмірім жыр күмбезін қалап жатыр,

Небір ой сәулеттері тарап жатыр.

Ішінен ең керегін қиыстырып,

Жібердім осыларды сарапқа бір.

Ауылым өлең өлке ортасында,

Жырқұмар осы болар ордасы да.

Ой айттым оймақтайын ойыстырып,

Сай етіп көпшіліктің қолқасына.

Жырларым жарамаса байыбыңа,

Аяма, сал ортаға айыбына.

Елуде еленетін жыр жазбасам,

Іліп ал аямастан айырыңа.

Тамдының құмын кешкен талтаңымын,

Ығында кеткенім жоқ қалталының.

Өмірдің өзін жыр қып жазып жүрген,

Қағаздан қару жиған балталымын.

Кейбіреу ақын жанын ұғынбайды,

Деп айтар сөзін босқа шығындайды.

Өлеңім сендейлерді еліртпесе,

Сүрінер, бірақта ол жығылмайды.

ЖЕЛДЕТКІШ

Зырылдап айналғанда желдеткішім,

Салқынға аялайды кел деп пішін.

Осыдан рақат тауып отырасың,

Шабыттың оятардай селдеткішін.

Шілденің шіліңгірі қайнап жатқан,

Күн түгіл аспандағы айды ойнатқан.

Арқада күн ысыса жер бусанып,

Көкшеден самал ессе «ойхойлатқан».

Желдеткіш бөлмемдегі зырылдаған,

Басы оның қай тарапқа бұрылмаған.

Тазартып маңайымды, бусандырып,

Кейде тік, ал кей кезде қырындаған.

Самалы аймалаған кекілімді,

Аптамен астарласып жеті күнгі.

Уақыт жел боп тағы бара жатты,

Ойлатпай қу тіршілік өкінуді.

Кім қанша айналады қалқандары,

Тоқтамай қалмас тегі жалғандағы.

Желдете түсер ме екен тіршілікте,

Аңсарым, қаншама өмір армандары.

САЙТТА

Ғаламтор додасында отығаным,

Тіркеп ап қатарға кеп қосылғанын.

Сайтта кірпік қақпай зейін қойдым,

Іліп ап қапелімде тосылғанын.

Кім-кімдер нелер айтып еркелеген,

Ал бірі ақыл айтып серкелеген.

Бірігіп сан тараптан бір қазанға,

Тасқындап, бірі кейде келтелеген.

Мәшүріп Мәкүріпке жалғанады,

Түк қалмай баяғыда-ақ жалған аты.

Сүттен ақ, судан таза ылғи сері,

Арудың құрылуда салтанаты.

Суреттер, бейнебаян, саз әуені,

Дейді олар бір-біріне «жаз әуелі».

Сайтта қым-қуытты байланыстар,

Қалдырды бір бәлеге таза мені.

Дамылсыз қосылыстар, қосындылар,

Бірде сол бәз-баяғы досың шығар.

Қылжақтап бас ауыртып жоқты шатып,

Ойынды балдыз келіп осылдырар.

Сонымен кеш жатасың түн ауарда,

Дақ салар дегенім жоқ мынау арға.

Агент бұл заманның кереметі,

Кім білер, батырар ма күнәларға.

Ғаламдап бара жатты дәуіріміз,

Ойлының біздер осы ауырымыз.

Жеңілдік опа бермес қай-қайда да,

Әйтеуір аман болсын қауымымыз.

ОЙНАҚЫ ҚЫЗ

Шортан ба әлде сазан ба, балтырлы қыз,

Балтырлы қыз, назарда бал тілді қыз.

Ойын ұрлап ақынның бара жатып,

Жақындауға жаныңа зар қылдыңыз.

Бар болмысы көрінген, жарқылдаған,

Құлай жаздап келеді артыңда адам.

Артыңда адам, алдыңда тағы да адам,

Қандай ғажап ай едің алтындаған!

Күннен артық қызуың суынбаған,

Небір ойлар ашқарақ туындаған.

Қуғындаған сұқтардан аман өтіп,

Қарауылдан құтылып туырлаған.

Ойнақы қыз, жайнаңкөз, аядайым,

Сенен енді несіне аянайын.

Жыр боп жатты іздерің басып кеткен,

Жанға рахат сыйлайтын саядайын.

Жұпарланып барады жамалыңыз,

Алдырмайтын ордадай қамалыңыз.

Махаббаттың отына күйе алмай,

Кейін қайттым болмас деп амалымыз.

ЖҮСІП ӘЛҚОЖАҰЛЫНА

Шықса да сексен екі жас тауына,

Орын жоқ кітаптарын тастауына.

Ел ішін аралайды шежіре қарт,

Балдыздың қырын қарап жастауына.

Жөкеңнің еңбегі зор қаламдағы,

Бір тынбай жаза түскен қаламсабы.

Шежіре, естеліктер теріп жүріп,

Кітабын шығаратын амалдады.

Еңбекқор жазу жайын бошалатқан,

Әулие, киелі адам қожа жақтан.

Батасы ақ тілекпен беретұғын,

Адамға кімге болса аса мақтан.

Қайтпаған бойындағы қажыры бар,

Жинаған кітаптағы азығы бар.

Алланың құлы болған осы ағада,

Кімдердің қай-қайда да жазығы бар.

Сөз ерген арқасына айтылатын,

Болғанмен шежіреге бай тұратын.

Жөкеңнің жөні бөлек сондадағы,

Жоғалтпай сақтап жүрген ойшыл атын.

ШІЛДЕДЕ

Арқада шілде болар жаз айында,

Іңгендей лайықты таза айырға.

Шіңілдір ыстығымен төбе ойып,

Тарттырар саясызды сазайында.

Шілдеде шегіртке жоқ шырылдаған,

Маса жоқ ызыңдайтын қырылмаған.

Терегі көкке кеткен баяғыдан,

Мойыны кейін қарап бұрылмаған.

Күн күлер бұлт жоқта қызуланып,

Күйеді қап-қара боп қыз «уланып».

Балмұздақ сататындар байып қалар,

Сауданың қанағатын бұзуға анық.

Қауыншы қарбызымен келер сонан,

Сатарман көтере мол алар одан.

Қым-қуыт тіршіліктің қазанында,

Құтылып шықсам дейді өліарадан.

Шілденің қырық күндік күні керуен,

Аға үміт артып отыр інілерден.

Тас жолда жұмыс жасап жас жігіттер,

Амалсыз ата-ананың тіліне ерген.

Жемісті шілде айы бұрынғыдан,

Сұлуша кейіп киген бұрынғы таң.

Шалбарлы шолақ балақ балтырлы қыз,

Озып тұр көз көргенде бұрымдыдан.

Шілденің шұбатылса шырайлары,

Осыны жаман-ау деп кім айтады.

Тамыздың тамызатын нұры болмай,

Қызуы Сарыарқадан құлайды әні.

Құласа күн сынады, ұмсынады,

Табиғат құбылысын білсін әлі.

Жыл сайын шілде келсін шежірелі,

Елімнің ыдырамай ынтымағы.

ШҮЙКЕБАС

Қайсыбір шүйкебаспен сөзге келдім,

Кінәсін арқалардай өзгелердің.

Ізіме жарамайтын басып кеткен,

Ішінен шыққан күйік сүзбелердің.

Шүйкебас үміті бар қылығымен,

Баурамақ ойы болды былығымен.

Ондайға бой алдырар қай ақымақ,

Айнаның бет қарамас сынығымен.

Шүйкебас шырайқұмар қуыскеудем,

Адамды ойы таза жуыс көрсем.

Сен өзі сөз ұқпайтын миғұласың,

Түсетін ылаң ба едің уыс көрсең.

Алыстан борап жатты жаманатың,

Жаманат тоғытар ма қанағатын.

Сен бөлек, мен басқаша адам едім,

Ақымақ қандай болар таласатын?

Шүйкебас, керек емес шүйілгенің,

Жартылай қызықтырмас киінгенің.

Аман бол өз күніңе әдіра қап,

Бекерге неге керек күйінгенім.

ӨРТСӨНДІРУШІЛЕР

Көңілде алау жандырып,

Өмірді мәңгі ән қылып.

Жалын мен оттан қайтпаған,

Өршіген отты сөндіріп.

Кезі жоқ оттан тайсалған,

Кезекші аға жайсаң жан.

Өртсөндіруші – ұлы адам,

Өлімнің бетін қайтарған.

Жанарын алмай алыстан,

Қиындықтарға барысқан.

Сатымен жедел өрмелеп,

Жауменен тілсіз алысқан.

Болған соң жедел қызымет,

Сапарға дайын жүз рет.

Машина көрсең қып-қызыл,

Жол беріп оған тағзым ет.

Шлемді аға дос көрдім,

Еңбегін оның ескердім.

Жалыннан бала тұншықпай,

Жанбасын үйі ешкімнің.

Өрт шықса деумен қайдасың,

Ойламай аға пайдасын.

Жамандық біткен жансын дер,

Жақсылық өмір жайнасын.

Жалынға дауа таба алар,

Еңбегін елі бағалар.

Адамға өмір сыйлаған,

Өртсөндіруші ағалар.

Шланга, құрал, күрегі,

Күзетіп үйді жүреді.

Елу жыл бойы алысқан,

Жалынмен, отпен үнемі.

Степногорды келіп көр,

Бар ма екен мұнан көрік жер.

Өрт сөндіретін қаламда,

Жасасын осы жігіттер!

Тұтанса алау даламда,

Сынақ қой ол бір маған да.

Ажалдың тілі сумаңдап,

Өршімес алау қаламда.

Арманның оты жалғанса,

Азамат сыннан қалған ба.

Құтқаруларға барамыз,

Көмекке қажет болғанда.

Деген соң жұртым аман қал,

Демеймін ойда алаң бар.

Мерейтой құтты болсыншы,

Өртсөндіруші мамандар!

БӨЛМЕДЕ АҒАШ ГҮЛДЕДІ

Жеміс салып жатыр биыл ағашым,

Нәріменен бере түсіп бағасын.

Бөлмедегі лимон өнім берсе егер,

Онан артық қайдан рахат табасың.

Өссе өссін жемістері жетіліп,

Жүрген өзім оны баптап өсіріп.

Мақтанамын ағашымды аялап,

Мәуесі жоқ болғанда ол несі құт.

Қандай жақсы жеміс берген төгіліп,

Болмағанда өсуінде көп ілік.

Төбемізден төніп тұрса жарасар,

Бөлмемізден тұрақ тауып бекініп.

Лимон деген жақсы жеміс, сіңімді,

Жоғалтады бетте болса мініңді.

Әжімдерді құртып тағы жояды,

Қайта аттырар жастық деген күніңді.

Осылай деп бір дос айтты ол жайлы,

Білгіш шіркін небір арман қозғайды.

Болса болсын соның айтқан болжамы,

Жақсылаған кімге жаман хал-жайды.

Бөлмеде ағаш керік болып барады,

Өткен-кеткен таңырқаумен қарады.

Әйдік ағаш бойді тіреп жетіліп,

Жайнай түсті экзотика дарағы.

Жаным да сол ағашпенен бойлады,

Жүзеге асып армандарым ойдағы.

Елу жасқа толдым енді сәтімен,

Өлеңімнің кітап болып қаймағы.

АҚША МЕН АРМАН

Ақшам жоқ, арманым көп таусылмаған,

Бойымда жырларым көп қаусырмаған.

Сонымен келе бердім алға аттап,

Демеді ешбір адам жаусың маған.

Ойымда арамдығым болмаған-ды,

Қаламай келдім бірақ алдағанды.

Ауылынан адалдықтың алыстамай,

Жанымды қаламадым жалдағанды.

Ақшам жоқ, ақылым бар қаптап қойған,

Кітап жоқ, өлең дайын тақтап қойған.

Сонда да алға қарай бара бердім,

Адамдар табылар деп жақтап қойған.

Ақылды ақшаға ешкім сатып алмас,

Аққуды азық үшін атып алмас.

Адалдық қайдан болса алдан шығар,

Еңбекқор алма піс деп жатып алмас.

Ақшаға сататұғын арым болмас,

Өз-өзін мадақтаған дарын болмас.

Шын ақын өнерімен мойындатып,

Бос сөзге кім қайдағы жақын бармас.

Ақшасыз өлең жаздым, бұлдамадым,

Сиясы кеппей жатып бұл қаламым.

Жаңадан туындыны тудырады,

Келтірмей тұрып қатар жыл санағын.

Ақша мен арман қатар келе берді,

Шабытсыз күндер күнде өле берді.

Ой қуып дала кездім тоқтамастан,

Кідіртпей теңіздегі кемелерді.

Арманы адамзаттың таусылмайды,

Жыр жазар ақыныңыз маусым жайлы.

Ай өтер, жылдар өтер, мен өтпеспін,

Құм менен теңіз тағы тау жырлайды.

Сол күндер қатарласқан алдан шығар,

Біреуге өлеңдерім арман шығар.

Ақшасыз ақыныңыз өлең топтап,

Кітабын сіз сүйетін қолдан құрар.

ДАРЫНЫМА СЕНЕМІН

Дәл солай деуге бүгін құқылымын,

Қалғаны рас менде жұпыны күн.

Елуге келдім сөйтіп қарап қалмай,

Мерзімнің жеткен кезде шұғылы тым.

Таудамын жұрт шықпаған құзға жақын,

Кімің бар мені бүгін қызғанатын?

Асқардан қарап тұрмын барлығыңа,

Иілмес шүкір қазір қызға басым.

Мен бүгін дарынымның таңындамын,

Сел сынды ағызатын шағымдамын.

Өлеңнің өлкесінде атым да тұр,

Рас ол бастығыма бағынбасым.

Мен тағы шабыт мінген салтымдамын,

Келмейді дөкейлерге жалпылдағым.

Кейінгі түлектерге басшы болып,

Жетелдеп келе бердім талпынғанын.

Өзен мен көл де мені бөгемеді,

Алланың өзі ғана егем еді.

Келемін өмір-тартыс ағынында,

Танымас қалың елім неге мені?

Еркін құс қанат қаққан көгімдемін,

Жау болса алысудан шегінбедім.

Өлеңнің өлкесінен қоныс теуіп,

Жаңбыр-жыр болып тағы себілгенмін.

Кім білген қайда барып тұрарымды,

Тоқтатар түрім де жоқ жыр ағынды.

Алысқа бара жаттым байыз таппай,

Шулатып шабытпенен ұлар үнді.

Күшіне мінген тағы бурадаймын,

Теңіз де емеспін-ау шуламайтын.

Сұлулық келбетіме қона қалған,

Өзіндей Көкшедегі Бурабайдың.

Аспан да маған ғашық жырақтамас,

Жас та мас беймезгілде сұрақтамас.

Қариялар «біздің бала осы еді-ау» деп,

Ретсіз өлеңшісін сынақтамас.

Құм біткен ызыңдайды мені іздеп,

Мен келсем Тауелібай еліміз деп.

Сарыарқа ол да жат боп көрінбейді,

Біздегі кереметті көріңіз деп.

Осының барлығының тобындамын,

От болдым, тағы қызу шоғындамын.

Алладан қуат болып оңғарғанда,

Тауыңа көзсіз барып соғылмадым.

Мен қайта өрлеген шақ бабымдамын,

Өлеңін көрсетеді ақынға кім.

Дауыл жыр құрап тағы арқаландым,

Ауылдың далаңқайы сағынғаным.

Мен бүгін аға болған ордалымын,

Пана іздеп келген болса қорғанымын.

Ешкімнен қаймығатын түрім де жоқ,

Сенгенім баяғыдан сол дарыным.





Дата публикования: 2015-10-09; Прочитано: 322 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.038 с)...