Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тамдытау



Тамдының таулары бар өркештелген,

Құмы бар төсеніш пен көрпе істеген.

Тамдытау Тауелібай мақтанышы,

Байлығы кім-кімдермен белдеспеген.

Тамдытау Ақтауымнан басталады,

Әз Тамды қызылқұмның астанасы.

Ұл-қызы осы өңірдің тегін емес,

Қарты мен қасиетті жас баласы.

Қариясы шежірелі сыры басым,

Ақында Өмірзақтай жыры басым.

Күйінен Жамаңғара нар бусанып,

Суынан бурабайдың шынығасың.

Тамдытау Мұрынтауға ұласады,

О шеті құшып жатқан Нұратаны.

Адамы таңырқаса абайламай,

Көзімен оқ тимей-ақ құлатады.

Тамдытау Сыр мен Әму ортасында,

Өзбектің қалғанымен картасында.

Қазақтың өз тұрағы баяғыдан,

Жазу бар сенбесең көр жартасында.

Тамдытау баршаларға асыл арман,

Алтынын күрекпен-ақ қазып алған.

Киесін елемеген пақырлардың,

Аңдаусыз тас астында басы қалған.

Тамдыдан келгенім жоқ жырақтағым,

Кешуші ем жалаңаяқ құмақтарын.

Сенде өскен ұл мен қызда арман болмас,

Өзіңнен басқа жерді ұнатпадым.

СӘЛЕМ, МЕКТЕП!

Жаз өтіп, келді қыркүйек,

Мектептің маңы думанды.

Анаңдай мектеп әлдилеп,

Қалайды білім қуғанды.

Күз жетті, қызық осында,

Мектептің өзі жаңарған.

Қыркүйек айдың басында,

Шәкірттің жаны тазарған.

Гүл толы бүгін құшақтар,

Жүздер де нұрға бөленген.

Білімнің жолы ұзақ жол,

Құштарлар оған бөленген.

Сыңғыры енді қағылар,

Қоңырау үні жағымды.

Сыныптан бала табылар,

Ашасың мұнан бағыңды.

Жемісі піскен күз айы,

Жаздан соң жетті асығып.

Есейтіп бізді ұдайы,

Көңілді кетті тасытып.

Достардың басы бірігіп,

Ұстаздар келді жұмысқа.

Сыныптың іші жылынып,

Қалмады жол да тұрысқа.

Оқулық алып бәріміз,

Сыныпқа келдік сағынып.

Түсейік көзге қане біз,

Білімге ғана табынып.

Мектепке сәлем әкелдік,

Ұстазға тағзым етумен.

Боламыз үлгі етерлік,

Жетістіктерге жетумен.

ҚЫРКҮЙЕК КЕЛДІ ОРАЛЫП

Қыркүйек келді қайта кеткен бұрын,

Жазбенен ығыстырып көктем күнін.

Күз осы оқу жылы мектебіне,

Шәкірттің ұстазымен жеткендігін.

Күз осы сүмбілесін саумалайтын,

Достарың атырапта қаумалайтын.

Қызығы балдәуреннің жалғаса сап,

Жауыны төбемізден жаумалайтын.

Қыркүйек – күз айының бастамасы,

Оқу да осы күннен басталады.

Сағынып ұстаз-шәкірт қауышуда,

Міндеттер атқаратын бастан асты.

Жапырақ сарғаяды осыдан-ақ,

Аяғы талаптыны асырамақ.

Білімді озып шығар білектіден,

Ғылымды қуған жұрттан басымырақ.

Күз келсе, қыркүйектің басталғаны,

Жадырар жаз сияқты жастар жаны.

Шуағын алтын күн де аямайды,

Қазақтың молаяды дастарқаны.

Келсе күз келе берсін, кідірмесін,

Дүние толастатпай дүбірлерін.

Тіршілік диханда да атойлайды,

Озады пысық болса кім ілгері.

Қыркүйек – тамыздан соң келген айым,

Жасап бер табиғатқа өлке жайын.

Тоңдырма адам жанын, жайлы болып,

Қуансын өзің жетіп келген сайын.

КОМПЬЮТЕРІМ

Бар жазуды жеңілдетіп,

Әріптерді тізгізген.

Жыр жазсын деп емін-еркін,

Шабыт күттің сіз бізден.

Ақ сандығым қасымдағы,

Жиған барлық бағымды.

Шабытым да басымдағы,

Саған нәр боп ағылды.

Айналайын, компьютерім,

Сен болмасаң не етер ем.

Жыр мен тағы ән-күйлерім,

Шашырап-ақ кетер ең.

Ақылысың адамзаттың,

Жиынтығы толысқан.

Сен арқылы қадам бастым,

Кездерім аз шалысқан.

Компьютерсіз жалығар ем,

Шашыратып жырымды.

Сен жанымнан табыла бер,

Досымдай боп бұрынғы.

Жырға толса рюкзагым,

Жаманатқа қимағам.

Заманыма ризамын,

Сені маған сыйлаған.

БАҚТАЛАС

Оңайдан олжа аңсайды,

Реті келсе тап бермек.

Біреуге болса жан қайғы,

Екіншісіне мал керек.

Хандарда болған тақ талас,

Бауырын құрбан шалады.

Адамда осы бақталас,

Аяқтан қағып шалады.

Жақының сені жақтамас,

Жоғыңда болмас берері.

Озғанды неге мақтамас,

Қалғанға сосын күледі.

Биікке самғап сұңқарың,

Қыраның шалса қияқты.

Бәйгеден келсе тұлпарың,

Қуанатындар саяқ-ты.

Мәз болар қалсаң мазаққа,

Иықтан болмай сүйері.

Бақталас орыс, қазақ та,

Көрінсең іші күйеді.

Қатырып сонан сілесін,

Қарызын айтсаң шап етер.

Көре алмайтындар мінезін,

Көріне бірге әкетер.

АҚҚУЛАР ҚАЙДА ЖОҒАЛДЫ?

Аппақ та, аппақ аққулар,

Қай жаққа кетіп жоғалды?

Болғанда көлде аққу бар,

Махаббат еді көз алды.

Қанатын керіп ақ құсым,

Ұзады екен қай жаққа?

Жаралған еді бақ үшін,

Орыны қалды байтақта.

Жыраққа кеткен пәктігім,

Кімдерді пана тұтасың?

Өзінің адам шаттығын,

Адалдығымен ұтатын.

Шүрегей қаптап көлімде,

Өлексе іздер кеміргіш.

Өлшеуі болмай өмірде,

Өлермендер-ақ семіргіш.

Аққудай пәк құс болар ма,

Айдында ізі қалмаған.

Көздеп бір атқыш алар ма,

Жөргектен кебін жалмаған.

Аққуды аңсап, еледім,

Қалқамдай қалған жырақда,

Шөліркеп көлге келемін,

Жауапты іздеп сұраққа.

.

ҒАШЫҚ ЖЫРЫ

Өзге жанды қалай мен қабылдаймын,

Сол баяғы қалпымнан жаңылмаймын.

Жалғыз қалсам өзіңді іздеп күнде,

Жолыққанша асығып жабырқаймын.

Өзің жайлы ой мені қашырмайды,

Әнім жырға сенсізде қосылмайды.

Домбырамның күйі де келмей қалып,

Сен болмасаң қабағым ашылмайды.

Бала көңіл баяғы басылмаған,

Ай періштем, жалғызым, асылзадам.

Бақыт жайлы жырдағы тумас еді,

Сен болмасаң дүниеде жасындаған.

Ғашық болып көзіне құралайдың,

Балқып бәрі деміңе тұла бойдың.

Ақ періштем, сен келіп демемесең,

Сапарымнан жаңылып, тұралаймын.

Ғашықтықтың тарқамас құмар күні,

Бұл өмірдің осы екен ең артығы.

Махаббаттың отына жылынғаннан,

Алауладым қайтадан сен арқылы.

ЖЕТІМ БАЛА

Талабы тау тіреген,

Көрсетпес көркін ғана.

Жанары жәудіреген,

Жаутаңкөз көрдім бала.

Болса да ән сап жүрген,

Арманы қанша-қанша.

Анасын аңсап жүрген,

Жүрегі парша-парша.

Ән сайыс өткізілсе,

Жүретін алдын бермей.

Сүйкімді бет-жүзі де,

Өз балам болсын дердей.

Балалық қызығы көп,

Күлмейді көп кеңкілдей.

Ойында бұзығы жоқ,

Көңілі көк зеңгірдей.

Қанағат етіп жүрген,

Ішкі ойын бала сақтар.

Қамқорлық күтіп жүрген,

Балада болашақ бар.

Күніңе сенерсің деп,

Көңілге күй сап кеттім.

Өзгемен теңелсін деп,

Басынан сипап кеттім.

.

ҒАШЫҚТЫҚ

Жүрегімді өртеген,

Саған деген ынтығым.

Сен ғаламат көркем ең,

Ұқшы жанның шындығын.

Жер айналып, құр күйіп,

Барам жанып, өртеніп.

Саған жету бір қиын,

Ғашық күйін шертемін.

Күз келгенде алтынды,

Сен құлпырдың даладай.

Қалқам, ғажап қалпыңды,

Аңсап келем баладай.

Сұлулыққа құмартқан,

Ұқшы байғұс халімді.

Сенен сұлу кім артқан,

Сен деп қанат қағылды.

Махаббаттың маздасын,

Өшпейтұған алауы.

Сен өлтіре жаздадың,

Жүректің бар жамауы.

Тарқамайтын базарым,

Ару-айдын қалпыңда.

Қайда барсам таза арым,

Ғашық жүрек бар мұнда!

ҚҰС БОЛЫП ҰШСАМ

Құс болып ұшсам, шіркін-ай,

Жетер ем саған кідірмей.

Кетпейді естен күлкің-ай,

Тұрғаның қалқам бүгіндей.

Құс болсам егер қанатым,

Талмастан саған барар ем.

От болып кеудем жанатын,

Алауды менен алар ең.

Қиялмен ұшып барамын,

Қарсы ал мені жеткенде.

Көрінші көзге, қарағым,

Жазғыра көрмей текке енді.

Құс болып ұшсам, шіркін-ай,

Көгіңде бірге қалқыр ем.

Халімді қояр кім сұрай,

Өзіңді көріп шалқыр ем.

Арманды қуып алысқа,

Кеттің деп, қалқам, жазғырма.

Жаралған адам жарысқа,

Жаныңды жаңғырт жаз қыл да.





Дата публикования: 2015-10-09; Прочитано: 342 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.021 с)...