Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Шахрисабз



Шілдеде қары жатқан тауларында,

Сан алуан мәуе өскен бауларында.

Мәңгілік көктем шаһар Шахрисабз,

Жұмақтың өзі қонған аумағына.

Шығыстың қайталанбас шырайы бар,

Жылғасын шұбыртады ұдайы қар.

Көлеңке, жемісті бақ, үр қыздары,

Бұл маңның қайталанбас сыңайы бар.

Бабамыз Әмір-Темір туып өскен,

Не алуан ерлік, өнер қуып өскен.

Шырайлы Шахрисабз тұнған тарих,

Қалмаған жаңарғанда ұлы көштен.

Асуы бел бермеген жолаушыға,

Осында шырын дәмді палаушы да.

Сырнай мен кернейлері баурап алып,

Сан бермес кереметі санаушыға.

Еншілес туысқаны Самарханның,

Арманы болған мекен талай жанның.

Жалаңтөс Баһадүрім билік еткен,

Көнекөз сыр естимін маңайдан бір.

Шаһарым қадым әрі жаңарғаным,

Өсірген қуат беріп бала арманын.

Күмбірлеп мұнаралар сырын жаяр,

Шахрисабз һам ғажайып Самарханым.

МҰҚАҒАЛИ ТУҒАН КҮН

Сын айтады бұған кім,

Арманын кім жалғайды?

Туған күні Мұқаңның,

Сірә еленбей қалмайды.

Жаңа менен көнені,

Деп санаған жақыным.

Дауыл жырдың кені еді,

Ай маңдайлы ақыным.

Тулап жүрек соғысы,

Марғаулықты қуған күн.

Ақпан айдың тоғызы,

Мұқағали туған күн.

Атырабын жарық қып,

Жайнар еді тоба деп.

Тірі болса жарықтық,

Жырдан күмбез соғар ед.

Әруағы тыңдап тұр,

Алысы мен жақын кім.

Онсыз жыры зырлап тұр,

Тап өзіндей ақынның.

Жоқтайтұғын бар інің,

Бәрімізге ағасың.

Ақ маңдайлы дарыным,

Алмай кеткен бағасын.

Алып беріп ақыңды,

Биік еттік бүгінде.

Еске алайық ақынды,

Өзі туған күнінде.

ҚАС БОЛМАДЫМ ЕШКІМГЕ

Өз үйім деп кең сарай,

Талпыныспен өстім де.

Тумысымнан мен солай,

Қас болмадым ешкімге.

Жансарайын босатып,

Шуақ болып тарадым.

Тас атқанға - ас атып,

Кешіріммен қарадым.

Текке берсең баға көп,

Жылуыммен мұзды ерттім.

Дұшпанды да аға деп,

Көзқарасын өзгерттім.

Көңілдерді қош етіп,

Тас жүректі шоқ еттім.

Бар адамды дос етіп,

Дұшпандарды жоқ еттім.

Ши шықса егер қазақтан,

Қан ойнайды кегінде.

Бір-біріне тас атқан,

Адам болмас тегінде.

Босқа жұмсап әліңді,

Дақпырттанып дүрлікпе.

Сол себепті бәріңді,

Дос етемін бірлікте.

Жылармыз да күлерміз,

Назар аудар затыңа.

Қазақ деген ұлы елміз,

Кір келмесін атыңа.

АЛМАҒА

Өмірдің сыны түсті басыңа кеп,

Кім ақыл айтар екен қасыңа кеп.

Қазасы Қонысжанның қайыр берсін,

Құранды бағыштаған асына кеп.

Өмірден қыршын кетті қарашығың,

Мұнарды күннің жүзін, қара бүгін.

Бар адам тоқтап қалды саған қарап,

Алланың келгенінде қарарының.

Сұм дүние дөңгеленді тоқтамаған,

Апа ма өз бауырын жоқтамаған.

Қонысжан жаны жайсаң жігіт еді,

Өзгені орынсыз еш боқтамаған.

Артында бала-шаға, үйі қалды,

Ақылмен бәрін қайта түйіп алшы.

Әділдік іздеп бардың Астанаға,

Шындықтың шырылдаған күйіп арты.

ГМЗ тажал құшқан аждаһадай,

Іш күйіп, өзек от боп маздағаны-ай.

Өлімі бауырыңның жанға батып,

Ауыр жүк сені басып тастағаны-ай.

Ер адам ісін істеп мойымадың,

Орыны қайда заңның қойылатын?

Өз-өзін мерт етті деп олар айтса,

Жазасы әлдекімнің жойылатын.

Марқұмның қаны сірә жібермейді,

Алла тұр, бәрін тізіп түгендейді.

Құдайға тапсырдағы қарап қалма,

Ол рас, жаратушым жүгендейді.

Қазаның болсын арты қайырымды,

Өзіңдей жан бауырдан айырылды.

Әлі-ақ әділдіктің күні шығып,

Жиятын кезің келер айылыңды.

ҚЫС

Өзендер қатып қалды шыңылтырдан,

Табаның бейне темір қаңылтырдан.

Аязы Сарыарқаның сыйламайды,

Осы күн бар адамды жаңылдырған.

Осы күн бар адамды жаңылдырған,

Төрт бірдей қабырғаға таңылдырған.

Қаздаңдап аттап басар күнің қараң,

Бораны ақ түнек боп қағындырған.

Ақ қары қабатталып киізденген,

Ағашы қырау шалып мүйізденген.

Ақ қанат жапырақтар түгел өсіп,

Атадай мұрты қатып түйе іздеген.

Сырғанақ тепкен бала тоңдым демес,

Сылқым да аязыңда оңдым демес.

Тоқтасаң аяғыңның басы қыршып,

Тызақтап қарап тұрып тоңғың келмес.

Бораны етегіңді көтереді,

Желі сол арқа тұстан итереді.

Сырғанап қайда барып тұрақтайсың,

Қолтықтап жан құрбыңды кетер едің.

Қыс мінез тұрағы жоқ бетті шымшыр,

Аяздай айналсоқтап бұл бір жын жүр.

Жастықта қыс мінезі ойлатпайды,

Қыз күлкі қармен ұрсаң «сыңғыр-сыңғыр».

ҚЫСТЫҢ СОҢҒЫ ТЫРЫСЫ

Қар ерісе маза кетер қысыңнан,

Күш көрсетер көктем шыға қызыл таң.

Мұзы кеуіп жылап жатыр қыс байғұс,

Одан мен жоқ қарап тұрып қысылған.

Қыс қысқарып, мазаламас адамды,

Қарға келіп таратады хабарды.

Адамдарға тазалықты жеткізіп,

Қала көркі баяғыша жаңарды.

Қыс құрсауын босатуда еріксіз,

Қоқыс біткен жиналуда көріксіз.

Аула бойы қыбыр-қыбыр адамдар,

Мәз боламыз жас балаша көріп біз.

Қар жаумайды, жаңбыр да жоқ әзірге,

Киімі жоқ ағаш сұрсыз қазірде.

Ит біткенге бәрібір-ау шамасы,

Бала біткен дайын қуған әзілге.

Қыс қауқарсыз, наурыз болса күшінде,

Біз оларға қазы сынды пішінде.

Ақтық сәтте қарын шашып қарпиды,

Еріп жатыр мұз кірпішті мүсін де.

Қыстың соңы алабұртқан шағында,

Көктем жетер бәз-баяғы бабынша.

Шығарып сап аязын да тұрамыз,

Тырбаңдаймыз тірлік-дабыл қағылса.

КҮН СӘУЛЕСІ

Күн сәулесі күлімдейді көгімнен,

Әр шапағы шашу шашар төгілген.

Күн болмаса біз болмаушы едік деп,

Күнге мадақ жазып жаттым төзіммен.

Күн сәулесі жылу құйған жаныма,

Таң атқанда қуанушы ем тағы да.

Өмірімнің түгемесе базары,

Берем күнше тәулік сайын жағыла.

Күндей ыстық ана жаны шуақты,

Екеуі де жанға берер қуатты.

Ана – күнмен, күн – анамен туысқан,

Осы сөзім нағыз шындық сияқты.

Күн сөнбесін, анадағы сөнбесін,

Мен марқайдым ана сүтін емгесін.

Күнді еміп барлық тірлік жанданды,

Күн – ғаламат таусылмайтын көмбесің.

Күн қадірін ұғысайық, ұғайық,

Күн сықылды таңда арайлап шығайық.

Тіршіліктің қайлаларын соққылап,

Кедергіні ұрып қана жығайық.

Күн құдірет, өмір сондай қадірлі,

Жылытады ұяң менен қабірді.

Қос мекенің күн арқылы жаңарып,

Тудырады қорқақ пенен батырды.

ЖАЛАҚЫМ

Қызық екен жалақыға жалтаңдау,

Болмаған соң ақшалы бір талтаңдау.

Айды күтіп, күнді санап қоямыз,

Зорға жетіп ақырына балпаңдау.

Жалақымыз еңбегімнің өлшемі,

Оның кімдер нақ бағасын өлшеді.

Біліп жатқан ешкім де жоқ ол жағын,

Бәлікім ол бір күндік істің бөлшегі.

Жалақылы болған қандай шаттығың,

Осыменен өлшенеді аптығың.

Артып кетсең артық ақша төлемес,

Жатқанымен қағып әйел қап түбін.

Айлық ақы отыз күнмен теңескен,

Он екі ай жылыңменен тең өскен.

Осыменен өтіп жатыр өмірің,

Шығамын деп ұмтыласың белестен.

Жалақының қандай жақсы молдығы,

Толысар ед қазынаңның қоржыны.

Айдан айға әзер жетіп жығылсаң,

Той болады айлық алған сол күні.

Жалақым бар алпыс мыңға жетпеген,

Әйел байғұс соның бәрін ептеген.

Бала оқытып, несие де төлейміз,

Қара қазан-қазынамыз кеппеген.

Табысым жоқ келіп жатқан қосымша,

Шағымданған жерім қалай осынша?

Жалақымды мақтан етем бәріңе,

Мені түсін қарапайым досымша.

АҒА БОЛДЫМ

Көп алдында аға болдым еңселі,

Кең демедім емен есік кеңсені.

Көпті көріп аға болып қалыппын,

Жағдайды ұқ жетістік пен мендегі.

Аға болдым, кіші емеспін елеусіз,

Алға озам жол жүргенде демеусіз.

Мұның қалай деп айтпайды ешбірі,

Сөз бастаймын қарап тұрып желеусіз.

Аға болдым інілер мен қыздарға,

Сөз орамас жасы кіші біз барда.

Ағалардың ізін қуып жүргенде,

Шығатұғын кезек кепті құздарға.

Есейгенің ес білгеннен жауапты,

Болу керек содан кейін сауатты.

Әр сөзіңе дәлел керек мұндайда,

Қант пенен айыра біл науатты.

Аға болу міндет саған артады,

Аталарым осы жолмен шарлады.

Солар салған соқпақ маған бұйырып,

Керуендері алға қарай тартады.

АҚПАН КЕТІП БАРАДЫ

Ақпан кетіп барады күні бітіп,

Наурыз туар ертең-ақ күні күліп.

Уақыттың көшінде біз келеміз,

Мұңаймаймыз бірақта мұны біліп.

Ақпан кетіп барады ақтарыла,

Қыс түгеді тамаша шақта мына.

Күнтізбені аударып таңырқаймын,

Күннің сондай тез өтіп жатқанына.

Ақпан ауып барады былтырғыдай,

Ақ көрпесі сөгіліп бір түр ұдай.

Күн суығын сондада жияр емес,

Сыбасқан мұз сыр бермей мың жылғыдай.

Ақпан қыстың соңғы айы түгесілген,

Қаталдығы қалардай мінезінен.

Тамшылайды мұздардың найзалары,

Тамаша шақ бұлдағы біле білсең.

Шығарып сап ақпанды қыр басынан,

Күтіп алып наурызды ырғатылған.

Көктем иісін сағынып бой түзейміз,

Бір жақсылық жетердей тұлғасынан.

Ақпан кетіп барады қарай-қарай,

Шұғыласы таңында арайламай.

Бұлт біткенді қалдырып бара жатыр,

Қалтарысты желімен тонай-тонай.

ҰЛУ ЖЫЛЫ КЕЛЕДІ

Наурыз туып, Ұлу жылы келеді,

Кім біледі елге несін береді.

Жаңа жылды жақсылықпен күтеміз,

Тарылтпаса болды елде өрені.

Қазақы жыл – жаңа жылым наурызым,

Құтты болшы осындғы бауырым үшін.

Ұлу деген жаратқанның жәндігі,

Бар адамның мықты етші саулығын.

Көктем-наурыз мерекеміз бұрынғы,

Жылға арна болса егер жырыңды.

Берекеміз кірсін осы дәуірде,

Ала кетіп ескі-құсқы шығынды.

Наурыз – бағым, берекелі мезгілім,

Жақтырмайды дейсің нұрлы кезді кім.

Шаттық керек менің мына ортама,

Алла берген менің осы өз күнім.

Наурыз келді атырапты шат етіп,

Түзетуде болса кімде қателік.

Өмір-өзен ағып жатқан дария,

Тіршілікке әркез шүкір етелік.

Ұлу келсін, басқа келсін мейілі,

Адамдардың тарылмаса пейілі.

Наурызкөже дастарқаннан тыйылмай,

Жер-ананың бусансыншы мейірі!

ЖҰМЫС КҮНІ

Жұмыс күні бүгін де аяқталды,

Үйге қайтар шақ міне таяп қалды.

Еден жуар апайым күтіп отыр,

Сыңғырлатып шелегін, таяқтарды.

Жұмыс істеу адамды марқайтады,

Уақыт қой білдіртпей қартайтады.

Өз кәсібің өзіңді қанағат қып,

Бойға тарар жалақы балқаймағы.

Жұмыс күнім бітіпті тағы бүгін,

Жыр тоқимын дегенде бағы бүтін.

Алла берген осы шақ бақытты кез,

Үйге барсам аламын тағы тыным.

Жұмыс күнде уақыт зымырайды,

Ауа суып кейіпі қыңырайды.

Оған қарап жататын мен емеспін,

Шабытым тұр қуатты күн райлы.

Кеңсемдегі кездерім кемімеген,

Кім қуады осынау мені неден.

Махаббатым жұмыста, тұрақтымын,

Сағат жылжып барады кезіменен.

Мерзім осы тоқтаусыз ұрғылаған,

Ақынына кім қарар жыр жұраған.

Атам жүрген жолменен келе жаттым,

Шахтёрдеймін кенішін бұрғылаған.

КӨКТЕМНІҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІ

Күтіп алдым көктемнің тұңғыш күнін,

Енді көкке көктеммен бірге ұш жырым.

Шығарып сап қыс айын қарап тұрдым,

Дәлелденіп пайымдау білгіштігім.

Көктем келді базарын күркіреткен,

Топ торғайын ұшырып дүркіреткен.

Ормандарға жан бітіп, ағаш бүрлеп,

Соңғы рет аулада қар күреткен.

Көктем қандай шырайлы базарлаған,

Ақынба ол көктем жыр жаза алмаған.

Қалам кердім қарап ап сынық айға,

Қазынаммен көл-көсір қазандаған.

Оянуда бар өлке қатып жатқан,

Боялуда араймен атып жатқан.

Тіршілікке таңдана қарап жатып,

Көршілерден мән ұқтым бақыт тапқан.

Көктем жетті біздерге, бәрімізге,

Тойы қызу жүрмекші әлі бізде.

Бірге болу дегенің нағыз бақыт,

Наурыз жырын айтамыз әлімізше.

Көктем жетті, оралды кетіп қалған,

Сірескен мұз бусанды қатып қалған.

Бұлбұл әні басталып бұтақтарда,

Бас айналып барады бақыттардан.

ЖАРҚЫРАЙМЫН

Қаратүнек құрғызбай,

Сыр ұқтырам санатқа.

Жарқыраймын жұлдыздай,

Жарық беріп тарапқа.

Құпиям көп білгенге,

Болжам тегін сыздырған.

Мен жарықпын күннен де,

Жылуым бар қыздырған.

Жүрек тоқтап басылмай,

Мақтаулыны мақтаймын.

Жарқыраймын жасындай,

Бықсық болып жатпаймын.

Жоғын жоқтап түзудің,

Тау мен тасқа тетемін.

Жыр жолында қызумын,

Ғасырларға жетемін.

Мәні болып әр күннің,

Жырға үлес қостық көп.

Жарқыраған жарқылмын,

Менен өткен ыстық жоқ.

Ілгерілеп білімім,

Досты көрер көзім көп.

Ғасырымның күнімін,

Басылардай кезім жоқ.

Алла жазса қарарын,

Құп көреміз оған біз.

Мен жарқырап барамын,

Болашаққа күмәнсіз.

ӨМІРДІҢ ЖАРТЫСЫНА КЕЛІП ЖЕТТІК

Тындырдым десем осы мен

Нелерді, келмес күлкім де.

Желмая тірлік көшімен,

Желіп те келдік бұл күнге.

Ешкімді келмей үркіткім,

Орнатсам бақты басыма.

Жартысын басып тірліктің,

Ердің де келдім жасына.

Адам да, алға жортады аң,

Аңсарын түсер сағына.

Үлесті алып ортадан,

Қалмадым топтан тағы да.

Жыр-маржан алқа тағынып,

Тоғытып ойды қамадым.

Балалық шақты сағынып,

Ертеңге кетіп барамын.

Көкпары-тұрмыс тартысы,

Артымнан жоқ қой қалғысы.

Өтсе де өмір жартысы,

Бітпеген тірлік талқысы.

Беретін жасқа бата көп,

Айтарға ақыл жарасын.

Аға боп тағы ата боп,

Ейсейіп күнде барамын.

Хандардан дүние қалған ба,

Өлтіртпес жанды ақыл-ой.

Орнымды біліп жалғанда,

Жинағым келді абырой.

КӨРІКТІМ

Көркем де сұлу көріктім,

Түсімде сені көріппін.

Өзіңдей болып көңілді,

Көтерер дейсің келіп кім.

Көріктім жаным, көріктім,

Жауладың бәрін еріктің.

Махаббат күйі тербетіп,

Көктеммен бірге желіктім.

Мөлдірім, маржан моншағым,

Еріксіз жанды қоршадың.

Алау боп жанып өзіңдей,

Қуантар мені мұнша кім.

Көріктім, қалқам көріктім,

Қол создым сені көріп шын.

Алыстап кеткен араны,

Жалғайды дейсің келіп кім.

САҒЫНУ

Өмірдің шуы, сыңғыры,

Үлесті болса қалдырмас.

Бұлыңғыр күндер бұлдыры,

Өткеннен хабар алдырмас.

Уақыт жатса ағылып,

Жалпақтан басып жалғанды.

Күндерді керуен сағынып,

Ескеріп жатам қалғанды.

Мерзімге кімдер не демек,

Шыққанбыз біздер шынығып.

Сағыну деген керемет,

Ұғыну сондай ұлықық.

Өмірдің өзі шабылыс,

Аңсайсың гүлді солмайтын.

Болмаса егер сағыныш,

Сезім де сірә болмайтын.

Таныта алмай әлімді,

Дегенмен оза шабайық.

Сағынып жүрмін бәріңді,

Достарым, тағы қалайық.

Не уәж айтам күлсеңдер,

Халыққа дүйім тарарда ән.

Жүрегім менің білсеңдер,

Сағыныштардан жаралған.

ЖЫРЫМДЫ ЖҮРЕМ ТАРАТЫП

Ызыңдап жатсам күй шықты,

Шабытқа дарын қаратып.

Халқыма мынау түйсікті,

Жырымды жүрсем таратып.

Атадан қалған киедей,

Тумысым еді турылық.

Түймедей ойдан түйедей,

Бунақтар шықты бунығып.

Ел барда қалай қиналам,

Аға үйін жүрем жол етіп.

Қатпарды кертіп жинаған,

Топтадым бәрін том етіп.

Айырған майдан тортам бол,

Күн болып жырдан шығайық.

Ақыным десең ортаңқол,

Тырыстым соған ылайық.

Табылар сылтау барарға,

Көңілді жүдеу марқа қып.

Қызылқұм менен Сарыарқа,

Арасын жүрем жалғатып.

Ортаңа күнде келемін,

Көмескі тартпай қат-қат із.

Полатбегіңнің өлеңін,

Таңдап бір оқып жатсаңыз.

Аузыма елді қаратып,

Өлеңді өрдім табанда.

Жырымды жүрмін таратып,

Болмас деп арман ағаңда.

ТАРИХ

Тіршілік мәні жарықта,

Кімдерің күнім дей алар.

Бүгінім ертең тарихқа,

Айналады, не амал.

Дәуірді басқан жүздеген,

Жолменен мая желеміз.

Бабалар кеткен ізбенен,

Біздер де қуып келеміз.

Өз мінін кімдер жөндемек,

Таңба боп тарих қарары.

Өмірдің көші дөңгелеп,

Ағыспен ауып барады.

Ағыспен ауып барады,

Адам да сонда салменен.

Артына атам қарады,

Бірі жоқ бірақ қал деген.

Кетуге құрып шақ қалған,

Толтырып қазақ шығынды.

Тарихтың бетін ақтарсам,

Мұралар шықты бұрынғы.

Ажалдан ешкім қаша алмас,

Дәуірге жаным қара да өт.

Тарихты қайта жаза алмас,

Наполеоның да, Геродот.

ТАБАЛДЫРЫҚ

Кемелге жақын келген шағымдамын,

Босаға маған болған табандылық.

Маңдайша сүйенгенім, табынғаным,

Әжемнен қалған осы табалдырық.

Жаныңа жат болсын деп жаман қылық,

Борыштың қаршадайдан жүгін жегіп.

Өсірген бала күннен адал қылып,

Әжеме борыштармын одүниелік.

Киіз үй тірегіндей табалдырық,

Қоймады әже ақылы сый алдырмай.

Ой тұрды орағытқан санамда ұлық,

Арманға жетелейтін ұялдырмай.

Дегенмен айлар жылды ауыстырды,

Кеткен жоқ ешбір пенде маған күліп.

Табынтып бақытыммен қауыштырды,

Атамнан қалған осы табалдырық.

Түндігін желпіп аптап, суығымен,

Тағдырдың тауқымет сап бүтініне.

Ұстаған керегелер уығымен,

Үлкен үй түзу ұшқан түтіні де.

Атанға кетсемде тең артып қашып,

Ойымда болмады рас жаманшылық.

Жүрсем де қиыр шетте шалқып-тасып,

Табындым саған келіп, табалдырық.

БОТАМ

Десем де өлең жазбайын,

Осы әнді естіп ес білдім.

Ауылға барсаң жаздайын,

Ботаның үнін естірсің.

Қораға келіп сүйендім,

Қиынан жоқпын тартынған.

Әкемнен қалған түйенің,

Ботасы шықты алдымнан.

Қалмайды ойда аташын,

Қадымнан ұққан сырымды.

Енесін күтіп боташым,

Әуенге басты бұрынғы.

Ботаны ұқсам мына мен,

Түйешің едім кешегі.

Тұп-тұнық көзі бір әлем,

Сұлулық деген осы еді.

Құмарлық қарап қана ма-ай,

Ұстап бір алдым үш аттай.

Әкесін көрген баладай,

Ботамды бердім құшақтай.

Түйеші пірі қойшының,

Шудалы кекіл шатырдай.

Әкемнен қалған ойсылым,

Қоймады мені жатырқай.

Бар ойды жиып, аяқтап,

Пір тұттым шаруа-мектепті.

Әкемнен қалған таяқты ап,

Түйеші болғым кеп кетті.

АЛТЫН ҚАЗУШЫЛАР

Байланып көзі жастардың,

Алтын деп ойы қорытылар.

Астында қалып тастардың,

Көмілді талай сорлылар.

Киелі жерде қақсу бар,

Байлығын текке бермес те.

Бестөбе менен Ақсуда,

Талайлар кетті келмеске.

Деген соң олжа, пайда бар,

Елемей қауіпін бас алған.

Алтынын жалап айдаһар,

Күзетер еді қашаннан.

Алтыннан бар деп еншілер,

Дорба мен талай қап кетті.

Байлық деп сорлы кеншілер,

Шахтадан шықпай қап кетті.

Еңбегін ісі ақтаса,

Тірлігін еді түзеткен.

Жасырын түсіп шахтаға,

Байлығын бөлді күзетпен.

Жерінен рахат көрер-ау,

Іздесе алтын сөкпеңдер.

Аллаға жауап берер-ау,

Сорына сорпа төккендер.

Алтынды алап киелі,

Стволь керік әне тұр.

Баласы менен әйелі,

Шахтёрді күтіп әлі отыр.





Дата публикования: 2015-10-09; Прочитано: 376 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.092 с)...