Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Еден жуушы



Ойды бір бөліп, ақылды,

Сыпырып көңіл бұрғызды.

Жыр жазып отқан пақырды,

Орнынан қозғап тұрғызды.

Қабаттан келіп төменгі,

Ойымды таудан құлатты.

Жумай-ақ қойса еденді,

Туар ед жырым тұрақты.

Тазалық сақтау сертінде,

Болған соң қалай даттамақ.

Еденін жуар мерзімде,

Міндетін ол да ақтамақ.

Жыр болып жатса шер менде,

Кітап боп өлең басылмай.

Су толы шелек келгенде,

Шумағым қалды жазылмай.

Жанрда өлең ту сынды,

Ұққаным осы менің де.

Еденін жуса жусыншы,

Тазалық керек тегінде.

Музалы шабыт саз еді,

Осы боп маған керегі.

Шаңы жоқ бөлме таза еді,

Несіне жуа береді.

Шабытты қуып, жан алып,

Еденші жетсе не дейін.

Апайдан кейін жаңарып,

Тағы да өрлей берейін.

САРЫАРҚА САМАЛЫ

Көктемнің осы салты ма,

Сарыарқа төкті таң әнін.

Сәуірді әкеп алдыма,

Естірді салқын самалын.

Наурыздың асып қарары,

Өтті ғой шулы той анық.

Бусанып жерім барады,

Сап-сары дала оянып.

Жылымық тартып салқын бақ,

Дегендей күнге сенейік.

Арқаның жері аршындап,

Тынысы кетті кеңейіп.

Сәніне келген жоқ айдын,

Мән көрмен жаға сиқынан.

Тоңдары еріп тоғайдың,

Жәндігі тұрды ұйқыдан.

Жақындап науқан біз күткен,

Сәуірдің шырқар бар әні.

Самалы есіп түстіктен,

Қойынға еніп барады.

Маусымға қарай бейімде,

Пайда да бермес талпынбау.

Кекілді тарап кейінге,

Еседі самал салқындау.

Таңдарды талай атырып,

Тәңірге тұрып жүгіндім.

Күндерді ыстық шақырып,

Басталды желі бүгіннің.

ТЕМІР ЕСІК

Қорқады ашық болса баладағы,

Есіктен тұратындай жебір есіп.

Домофон деп аталған қаладағы,

Орнатты үйімізге темір есік.

Бұлдағы қаладағы ғұрып шығар,

Онсызда мән жоқ дейді бала-шаға.

Әркімнің кілті бар кіріп-шығар,

О, құдай, бұл қазаққа жараса ма?

Қонақжай қазақта жоқ ұғыстық ар,

Тұрмайды ауылдай боп өмір есіп.

Қызарған шырағынан дыбыс шығар,

Орнады үй алдынан темір есік.

Төзімді шыдайтұғын темір етіп,

Оғаштық «жаңалыққа» өршімедім.

Орнады дәлізімде темір есік,

Мақтады оны көріп көршілерім.

Мысықты маймаңдатып жүргізбейсің,

Қонақты байқап көріп мән-жайынан.

Танымас бір адамды кіргізбейсің,

Жел есіп тұрсадағы маңдайынан.

Қазақы ғұрыпыңды қиындатып,

Айтпайсың танымасқа есіміңді.

Құдайы қонақтарға тыйым салып,

Ашпайсың жез қаптаған есігіңді.

Әйел мен жегеннен соң бала жайын,

Бізге де жараспады жеңіл есік.

Өкпелеп жүрмеңіздер жамағайын,

Орнады үйімізде темір есік.

ТЫШҚАН

Қайтарар кім бар бізді жолымыздан,

Заманың мынау көкке алып ұшқан.

Ұзақ күн компьютерде жұмыс істеп,

Тінтуір тышқан түспес қолымыздан.

Аударып деректерді күнде мың бір,

Ғаламтор көз алдыңда сандық құрғыр.

Бар істі бітіретін сол арқылы,

Тышқан деп мұны айтқан қандай білгір.

Пернесін бассаң күйін дүбірлетпек,

Жатпайсың көк сандықта кібіртектеп.

Заманның тышқанында мағына бар,

Тынбайтын күні бойы жүгіртектеп.

Бұл тышқан жүрген сайын семіре ме,

Молаяр бар дерегің кемімесе.

Зияны бар деуші еді көп отырса,

Кім білген, өміріңді кеміре ме.

Дей алмас ешкім келіп пайдаң қайда,

Табасың керегіңді ойланбай да.

Тышқаннан ада кетер күнің қане,

Бар жұмыс осыған кеп байланғанда.

Ғаламат артып жатса адам жеткен,

Шолпанға қиялдағы қадам жеткен.

Бітсе сол жұмыс шіркін біте қойып,

Тышқан боп кетпесе де адам біткен.





Дата публикования: 2015-10-09; Прочитано: 1361 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.008 с)...