Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Шарасызбын



Амалым жоқ қайтуға,

Жолым жатыр сызулы.

Тіл бармайды айтуға,

Айтпа ұя бұзуды.

Аспандағы алтыным,

Жерде жүрген құлыңмын.

Абақтыда бар күнім,

Мәнісін ұқ жырымның.

Жер ортасы жастамын,

Тағы қақтым қанатты.

Ашық болса аспаным,

Жүрек күннен жаныпты.

Қайда барам қарманып,

Оралатын өз үйім.

Жанымда бар арманым,

Тарқатылды сөз түйін.

Ой қиялы шалқытып,

Аспандатты, көтерді.

Жол ішекше тартылып,

Міндеттерім өтелді.

Бармай кетсем жаныңа,

Құрығыр деп жазғырма.

Қол соз арман таңына,

Үмітіңді аз қылма.

СҮЙІКТІМ

Сенсізде маған бақ келмей,

Шабытым қалған өзгермей.

Кімім бар менің тап сендей,

Жазғырам неге көзге ілмей.

Келісті жырсыз ән болмас,

Өрілер өлең мәні бар.

Ақынға болу жанжолдас,

Өсекші жырдан қамығар.

Алдыңда қалай ақталам,

Төтеген басым шойынға.

Жазылған өлең қаптаған,

Бір менің ғана ойым ба?

Өзіңмен ғана бақытым,

Түсінер жансың оқыған.

Халықтың ұлы ақының,

Ойларын жұрттың тоқыған.

Арзандау деме, ой тегін,

Бақытым өлең, бар құндым.

Жылауық жырды қайтемін,

Шындығын айттым халқымның.

Қамырын ойдың ашыттым,

Ақының ғана үн қатар.

Ойларын барша ғашықтың,

Мен жазбай хатқа кім жазар?

Тезіне салса алда сын,

Сүйеніш еттім қайыңды.

Қарағым, асыл қалқашым,

Ұғыншы осы жайымды.

БЕТЕГЕЛІ ДАЛА

Астасқан аспан көгіне,

Ойменен бірге озды үміт.

Көз жетпей дала шегіне,

Таңырқап тұрмын көз сүзіп.

Кезбейді дала құйыны,

Негізі байлық жыр-әннің.

Арқаның байтақ қиыры,

Атадан қалған мұрамсың.

Белгілі қайда барарым,

Жеткізбес қиял ұшаққа.

Жасыл да, жасыл алабым,

Тартасың мені құшаққа.

Оралған ұлың шағылдан,

Арқаға келді түн қатып.

Сарыарқа белі шақырған,

Далама болдым шын ғашық.

Атажұрт артық ғаламда,

Несібең тұр ғой, татып ал.

Бетеге біткен даламда,

Құтым бар өзім дарытар.

Күйін бір кешпей кезбенің,

Жыр өрдім дара дарынмен.

Қазақтың жері өз жерім,

Жайнатам оны барыммен.

ЖЫР ҚАЛСЫН

Небір сыр кескілескен санада асқан,

Төзімді мезі болған жеп алады.

Қалқам-ай, ғашық болған бала жастан,

Жыр қалмай менен саған не қалады?!

Жыр қалмай менен саған не қалады,

Күресте қайраттанған жеңе алады.

Бұйығы тіршілікте жүрген сәтте,

Тоқпағы уақыттың сабалады.

Жыр қалмай менен саған қалады не,

Ойымыз сол баяғы шала міне.

Отыз жыл өтіп кеткен арадағы,

Жастықтың бізге қояр талабы не?

Қайран-ай, қияндағы сері кезім,

Киік ең, ғашықтығым қызыл ерін.

Бағасын нарықтамай кеткен шақтың,

Еске алып қадірін де сезінесің.

Жылды алған, ай мен күнді, сағатты алған,

О, уақыт, жиналғансың ағаттардан.

Мал қалмай қора-қора шұбатылар,

Жыр қалсын сол бір кезден қабатталған.

ӨМІР ТУРАЛЫ ЖЫР

Жыр етсем өмірді,

Не айтып таусылам.

Көтерші көңілді,

Ұғайын даусыңнан.

Өмір - ән шырқалар,

Нүктесін қоймаған.

Таулар да, қырқалар,

Тал тұрып ойлаған.

Өмірдің мәні көп,

Кім оны бағалар?

Айтады дәлірек,

Көп көрген ағалар.

Жыр осы өмірің,

Мәңгілік әуендей.

Өмір - ән, өмір - үн,

Өсірген мәуеңдей.

Жыр тегі өмірің,

Базарың тарқамас.

Өмір – үй, өмір – ін,

Оған қай бар талас.

КӨЗІЛДІРІК

Таққаным жанарыма көзілдірік,

Қараймын жан-жағыма көз ілдіріп.

Бұрыннан мұрат қылып көрмеген соң,

Тағуға керек екен төзімділік.

Кигенім жанарыма көздік әйнек,

Тоқтадым жастық шағым оздыма-ай деп.

Анықтап берген кезде көмескімді,

Мақтадым тек ішімнен осылай деп.

Кигенім шырағыма шыны әйнек,

Таңданам өмірдің бұл шыныма-ай деп.

Бейшара болып қалған сияқтымын,

Ойлаған шіркін шақты кім бұлай деп.

Кигенім шырағыма әйнектерім,

Тұрмағын кигенімді жай деп тегін.

Қаларсың мәңгібақи жолдасым боп,

Тағдырым серігімдей байлап бердің.

Тақсам бір таға қоям әйнегімді,

Сымбаты бұзар дейсің қай жерімді.

Көруге көмегі мол дүние арқылы,

Шырағым жарқылдаумен қайта күлді.

ЕЛУГЕ ЖӨНЕП БАРАМЫН

Таудан да биік талабым,

Шаттыққа толы алабым.

Қарамай осы қуатқа,

Елуге жөнеп барамын.

Елуге кетіп барамын,

Түп-түгел қару-жарағым.

Жастықтан қалған жерім жоқ,

Бойымда менің бар ағын.

Бойымда менің бар ағын,

Артыма тоқтап қарадым.

Інілер қуған қырықтан,

Қимай да кетіп барамын.

Елуге қарай жол алдым,

Мұнар да мұнар көз алдым.

Қарамай соған екпіндеп,

Мінберден тұрып сөз алдым.

Мінберден тұрып шырқадым,

Басында қырық қырқаның.

Елуде қандай күй кешем,

Түсінбей жүрмін бұл жағын.

Түсінбей тұрмын бұл жағын,

Жыр тоқу дәстүр жылдағым.

Жастықтың қимай қиқуын,

Құрбыға қолды бұлғадым.

Құрбыға қолды бұлғадым,

Жабырқап тұрмай шындадым.

Қайнаған болат-құрыш ем,

Иілсем де жөн сынбағым.

Сымбаттан таймай сындарым,

Қара бір нардай қыңбадым.

Елуге таяп қалғанда,

Кімге айтам көңіл мұңдарын?!

АҚҚУЛАР ҚАЙТЫП БАРАДЫ

Туған жер есен қал десіп,

Соңғы рет артқа қарады.

Қиқу да қиқу әндетіп,

Аққулар қайтып барады.

Құстарын қимай жөнетіп,

Дарханды аймақ қалады.

Даланы әнге бөлетіп,

Ақ құстар ұшып барады.

Ақ құстар ұшып барады,

Тізбекте құстар алаңы.

Үндері құлақ жарады,

Ойында бардай алаңы.

Аймақтан туған алыстау,

Адам мен құсқа батады.

Күн қайда сірә алыспау,

Аз емес тірлік шатағы.

Қаңқылдап тобы тарады,

Міндеті мұнда өтеліп.

Аққулар қайтып барады,

Даланы басқа көтеріп.

Қимастық әнін айтыңдар,

Туған жер жанды толғатқан.

Аман-сау елге қайтыңдар,

Арманды алып ол жақтан.

СҮЙГЕНІМЕ

Менен сен нелер алдың мақтарлықтай,

Бітірдім не сенімді ақтарлықтай?

Өмірдің жүгін тартып келе бердім,

Өлеңді қатпарлатып жаттарлықтай.

Менен сен нелер алдың мадақтардық,

Арманға мұнарлаған тақап бардық.

Тауына тіршіліктің бірге шығып,

Борышты өтей жүріп тағы ақталдық.

Менен сен нелер алдың ұмытпастай,

Не ұттың неке жолға шығып жастай?

Мен сені көгіме алып көтердім бе,

Көксеңгір биігімді бұлт баспай.

Сен менің сүйгенім ең, сенім арттың,

Жылға ем, кедергіні жеңіп ақтым.

Қосылып өзіңменен өзен болып,

Бүгінде дариядайын кеңіп ақтым.

Саламыз балаларым тарамдалған,

Мейірің жанда болса жарамды алған.

Өзіңмен мұхиттарға бірге барып,

Тірлікке нәр бергенбіз жаһандалған.

Сен менің ғаламымсың әлеуетті,

Жүрегің жас жанымды алау етті.

Өлмеймін, өлеуге де құқым болмас,

Сен барда жалғастырған бұл әулетті.

Қызым Қарашаш пен күйеу

балам Нұрболдың тойына

Түсінер әке болсам бала жанын,

Мен үшін саған кім бар таласатын.

Әкеңнен ақша емес – жыр қалсын деп,

Тойыңа өлең жаздым, Қарашашым.

Тойыңа өлең жаздым, Қарашашым,

Байыбын ұғынады жараса кім.

Аққу боп ұшып кеттің ұямыздан,

Сыңарын тапқандай боп жарасатын.

Мәпелеп, әлпештеген құсым едің,

Қыз жанын әке болдым түсінетін.

Алладан бақытыңды тілеп тұрмын,

Алдында тойға келген кісілердің.

Кеудеден үзіп беріп қызғалдағын,

Қондыру құтты ұяға болды арманым.

Күйеудің ең жақсысы сөзге тұрса,

Ұлымдай бола аласың Нұрболжаным.

Тән алып қыздың қонақ боларына,

Көз жазып кім ойлаған қаларыма.

Орының білінген соң ортамызда,

Қимастық жас үйірілді жанарыма.

Арманға сенім артсаң алданбассың,

Ақылың ғаламтордай жалғанғасын.

«Тас түскен жеріне ауыр» деген сөз бар,

Бақытты боларыңды Аллам жазсын!

Алдырма бойыңды еш жеңілдікке,

Сынайды алаңдатып өмір тіпте.

Әкеңнің тілегі де жалғыз осы -

Бақытты бол қарағым өмірлікке!

5 қараша 2011 жыл

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫРЫ

Арайлы таңым тәуелсіз күнде атып тұр,

Қазақтың елі абат қой қара, бақыт кіл!

20 жыл болды осылай таңым атқалы,

Бәріне куә тарихты терген уақыт бұл.

Қазағым азат, даласы дархан байырғы,

Атағы оның төрт құбылаға жайылды.

Достары артып, дұшпаны сірә қалмады,

Тайқазаны да орнына әкеп қойылды.

Қазақтай бағы жанған бір жұрттар бар ме екен,

Мақсаты менен арманы тағы алда кең.

Ғаламдап барып әлемнің болар тұлғасы,

Қазаққа лайық көшбасшы болу ол деген.

Қазақтың жұрты биіктеп барып самғады,

Шын барыстану елдіктің болды арманы.

Серпінді жоба Елбасым салған дара жол,

Жүктеді борыш мойынға артқан салмағы.

Тәуелсіз жұртым, егемен елім бақытты,

Еңсере бердік жиырма жыл бойы уақытты.

Дағдарысқа да мойымай жүріп атандай,

Қазақтың жұрты бірлесе түсіп тағы ұтты.

Көп ұлт бізде мақсаты ортақ бауырлар,

Біріккендерге салмағы болмас ауырлар.

Дінім де мені игіліктерге бастайды,

Абаттануда қалалар менен ауылдар.

Нұрлана түсті арайлы атқан күн мына,

Жүлдеге жеттім армандарыма ұмтыла.

Жұмыртқа салды бозторғай қойдың үстіне,

Тәуелсіздігім береке беріп жұртыма!

ЕЛГЕ СӘЛЕМ

Аманба, Тамды жұрты тамылжыған,

Сендегі барлық жастар жалынды жан.

Құмың мен тасың жатыр алтындалып,

Даңқың тұр талай құзды бағындырған.

Өзіңе жеткенімше құмартамын,

Жөні бар мадақтардық бұл ортаның.

Ән салса сексеуілі жүзгенімен,

Ақтауы тым алыстан мұнартатын.

Шопаны қой қайырған қырқасынан,

Ақыннан Өмірзақтай жыр тасыған.

Жаңарған Тамды бүгін тәуелсіз боп,

Намыстың отын көрем тұлғасынан.

Сағынып Тамды жұртын қарайладым,

Өрбіткен ордам едің талай дарын.

Өзіңде өткен күнде арман бар ма,

Ашымас сен дегенде қалай жаным.

Сен бүгін азат жұртсың ғаламданған,

Заманнан Отанымсың бағаңды алған.

Мыңғырған шаруаң түссе өркенделе,

Сағынып жол түскенде саған барам.

Өзбек пен қазақ бірге туысады,

Арманның алыс жолын қуысады.

Көре алмас қызғаншақтың іші күйсін,

Болмаса барыс-келіс суысады.

Сәлемім елге жетсін жалындаған,

Тамдыдай жұмақ өлке табылмаған.

Жүрсем де қанша шетте, орның бөлек,

Мен емес құдіретіңе табынбаған.

ЖЕЛТОҚСАН – ТӘУЕЛСІЗДІК!

Қазақ кім, осы жұртты ойландырды,

«Басқалар» қазақ жайын ойлам қылды.

300 жыл өз әмірін жүргізгендер,

Тарихты басқа оське айналдырды.

70 жыл Кеңес деген тұмшалады,

Кім көрген бұрын-соңды мұншаманы!

«Әкең де, шешең Ленин» деп балаға,

Ұлттық намысыңды паршалады.

Шыдамның шегі келді ернеуіне,

Тосқауыл тұрғанымен өрлеуіне.

Қоршаудан шығармайды бұл қазақты,

Тағы да жол бермейді төрлеуіне.

Айтқаны Мәскеу жақтың ұран болды,

Қазаққа билік сөзі құран болды.

Уыстан шыққан қалып тор ішінде,

Шегіне жетіп бізде шыдам тұрды.

Қонаев ең көреген алым еді,

Ардақтап арқа тұтты қалың елі.

Осы ұлы көшбасшыны тақтан қуып,

Қазаққа және қолды салып еді.

Колбиндей сүмелекті алып келді,

Шегінен шыққандықты халық көрді.

«Қазаққа қазақ басшы құрып қалса»,

Ұлтымның ұландары намыс көрді.

Боданда болған қазақ төзіп келді,

Басынған Мәскеу елді езіп келді.

Шыдамның шегі осы болғаннан соң,

Жиналып билікке айтар кезек келді.

Бір күнде бәрін қойып орынына,

Орталық толып тұрды толымына.

Қазақты көнбіс деді о басынан,

«Сыр суы келмеген соң тобығына».

Қай қазақ төр бермеген қонағына,

Ал, бірақ арын бермес тонатуға.

Бір топ жас осыны ойлап барды алаңға,

Биліктен мән-жай сұрап қол алуға.

Іріген партияның шоқпары бар,

Қай сөзге осындайда тоқтады олар.

Мән-жайды жәймен айтып түсіндірмей,

Қарумен қарақұрым қаптады олар.

«Нашақор», «маскүнем» деп жастарымды,

Жазалау бұйрығы да тасталынды.

Қару жоқ, еркін шыққан қазақтарды,

«Тара!» деп бас-көз демей бастап ұрды.

Өзінен өзі шошып билік тұрды,

Сымдайын әскерлерін киліктірді.

Алаңнан қуып қазақ жігіт, қызын,

Қаруын тас төбеден шүйліктірді.

Кеңестің көздегені даттау болды,

Ал, бізде мылтықтан оқ атпау болды.

Тыңдаған билік қайда, қазағымды,

Тапжылмай танкіменен таптау болды.

Қаншама қаны ақты жастарымның,

Ұранын кім тыңдаған, тастар үнін.

«Қазаққа қазақ керек!» деген рас,

Шаханов топты ортада бастар еді.

Күн-түнге ұласты аяз қысқан мезет,

Қазаққа тордан шығу келіп кезек.

Бас жарып, шығып жатты көз көгеріп,

Қазаққа қырандайын ерік керек.

Желтоқсан ызғарлы шақ уын шашты,

Ал, билік шындық жайын ала қашты.

Кіріп ап кабинетке бұйрық беріп,

Соңғы дем тұмшалатып, қара басты.

Қыздары қазағымның қайсар еді,

Алаңға келесі күн қайта келді.

Бір тұрып жігіттермен тізе қосып,

Айтарын бет бүркемей айта берді.

Етінен өтті таяқ, аяз тағы,

Ұлт үшін сонда жанын аямады.

Қамады, келтектеді шаштан тартып,

Деуменен «неге қазақ оянады».

Мыңдаған қазақ жасы жазаланды,

Оқудан қуылып та «тазаланды».

Бәрібір желтоқсанның шындығы бар,

Билікті жан шошытып, мазалады.

Шаханов шындық жайын қазбалады,

Кеңестің үлгі алғанда басқалары.

Бұрқ етті Кавказ жақтан тағы бір шаң,

Күткен жұрт бұл қазақтан бастаманы.

Ай өтті, жылдар жылжып қолмен жапқан,

Бәрібір келді егемен армандатқан.

Тәуелсіз болдық соңы арпалысып,

Билік-ай, неткен сұм ең тарқап жатқан!

Нағыз ер - желтоқсаншы көзсіз ерім,

Бүгінде мінберлерден естілесің.

Бастаған тәуелсіздік көшін сендер,

Бағаңды қазақпыз ғой кеш беретін.

Өтіпті ширек ғасыр керуенделген,

Қазағым тәуелсіз ел өркендеген.

20 жыл еркін елміз арманы жоқ,

Тыныштық бақ орнаған өлкемде кең.

Желтоқсан біздің ұлы бастамамыз,

Келісіп көп ұлтпен дос табамыз.

Әкелген бар бақытты желтоқсаншы,

Шындықты айтпай қалай жасқанамыз!

Шын батыр осы аға-апаларым,

Берілер кезі келді бағаларың.

«Жасырып болмас айды алақанмен»,

Құрбандық жолға барған сақаларым.

Қандарың сіңді алаңға қызылданған,

Үндерің естіледі ызыңдалған.

Жылдардың ширек ғасыр сыры ашылмай,

Мұрағат томы жатыр бұзылмаған.

Тәуелсіз еркін елдің түлектері,

Қазақ деп соққан тулап жүректері.

Жасасын, желтоқсаншы батырларым!

Халқымның қабыл болсын тілектері!

16.11.2011

ЖАУЫНГЕРДІҢ ЖАРЫ

Құрбан болмай ұғады екен жайды кім,

Тәрік еткен елі үшін байлығын.

Жанарына қырау қатқан қаһарлы,

Әйел көрдім уын жұтқан қайғының.

Елі үшін жігіт еді жаралған,

Сәті келіп көрші елге жол алған.

Ауған жаққа кеткен жары келмеді,

Жәшіктегі мүрде ғана оралған.

Әйел дертін қарап қалай ұға алам,

Ауыр сірә жай-жағдайын сұраған.

Қайғы дерті садақ болып тигенде,

Неткен азап, қалай оған шыдаған?!

Жастық қайда, жар құшатын күн қайда!

Жігер құрғыр осындайда сынбай ма?

Қорған болу оңай болса оңай да,

Басу айту оңай емес мұндайда.

Ардақтысы болар кезің елдің сен,

Мына адамдар тұрар ма еді еркіңмен.

Арқасынан қағуға да бата алмай,

Мұңлы жарды төңіректей бердім мен.

Тағдыр таңдап кетсе оған бар ма айып,

Ақ арманын ұластырып жалғайық.

Қорған болсақ жесірлерге қорған боп,

Ей адамдар, осыларды қорғайық.

2011, ҚОШ ЕНДІ!

Өткізіп қырық тоғыз жастың жылын,

Деп айтам жаңа қадам бастым бүгін.

Өкпем жоқ өтер жылға айтатындай,

Кітаптың парақтарын аштым бірін.

Өткен жыл өтіп барар кезегімен,

Азамат есеп етер өз ебімен.

Мендағы арманыммен қауышамын,

Бүгінім жаңарған соң кешегімнен.

Қош енді, 2011 тарих жылым,

Сен мені қанаттадың жарықтығым.

Елуге осы жылдан соң келемін,

Кете алман есеюден қашып бүгін.

Ер жасы келетұғын кезегімен,

Соншама, 2011, тез өтіп ең.

Кідіріп бір азырақ тұрмадың-ау,

Әкелдің ширек ғасыр қос екіден.

Жыл өтсе, өте берсін, шара қайда,

Орын жоқ келте ойлар шалақайға.

Аға боп, осыдан соң ата болып,

Ақсақал ақылшымыз балақайға.

2011 өтіп барар кідірмеген,

Нүктесіз толып жатқан үтірменен.

Сөйлем-жыл таусылмасын өмірімде,

Несібе ала алмайды жүгірмеген.

Жылдардың шығарып сап керуендерін,

Өрістер меніңдағы өркендеуім.

Тағдырға ризамын дарын берген,

Келтірем өлең жолдың көркемдеуін.

Жыл кетсе, кете берсін тоқтамаған,

Кезім жоқ жастығымды жоқтамаған.

Көңілім сол баяғы он сегізде,

Бәріне өзің куә Хақ-Тағалам!

ТУҒАН ЖЕРДІ САҒЫНУ

Алыста қалған құмақтар,

Сағынтар да құмартар.

Жауабы қиын сұрақтар,

Батпандай етіп сын артар.

Жырақта қалған жылдарым,

Жастығым болып қалғиды.

Ізімде қыз бен ұлдарым,

Ізбасарым боп қарғиды.

Туған жер алыс, қиянда,

Жететін оған кез бар ма.

Бар қызық туған ұямда,

Құмартпас мені өзге арна.

Жылдардың тізіп керуенін,

Моншақтай жиып келемін.

Тағдырдың жазып бергенін,

Шығарам етіп өлеңім.

Туған жер ыстық қашанда,

Жететін оған қай аумақ.

Жалғыз үй тұрған жапанда,

Бір бала өзі жүр аунап.

Осымен өткен балалық,

Сағынтып мені барады.

Бала боп артқа қаралық,

Жақындат, қалқам, араны.

Сағынам туған үйімді,

Шайланы тұрған қалқиып.

Бүгінде көңіл сүйінді,

Барсам деп саған жан қиып.

ЖАЛҒЫЗБЫН

Жалғызбын, сыр бөлісер кімдерің бар,

Мәнсіз боп өтпесінші күндерім әр.

Оңаша ой түйемін қалып дара,

Еліме өтейтұғын міндетім бар.

Ақша деп сабылмадым, жүгірмедім,

Өркенім өсе түсті бүгін менің.

Елуді бетке алып келе бердім,

Алланың медеті боп жүгінгенім.

Алланың медеті боп жүгінгенім,

Әдірә күндеріме түкірмедім.

Ол-дағы несібем ғой ием берген,

Түзелер ада кеткен түбінде мін.

Жалғызбын, жапандамын ойды баққан,

Айырған қозы, ешкі, қойды лақтан.

Жыр етіп өмірімді түрлей бердім,

Айбарым бар шабытта ай құлатқан.

Дарамын, қалғымаймын соныменен,

Келемін Мұқаң салған жолыменен.

Қаламды айырбастап компьютерге,

Басамын пернелерді оң-солыменен.

Шабытты еншілеген шағымдамын,

Алланың несібесі табынғаным.

Ортадан шығып кеткен кезім де жоқ,

Жұртыма рас ол да бағынбағым.

Қалаймын оңашалы еркіндікті,

Түс берді жылдар өтіп көркім тіпті.

Толыссам, ол да менің байлығымдай,

Құм ұлын Сарыарқаға жерсіндірді.

Ой досым жалғыздықтан құтқарады,

Құт қуған өлеңнен де құт табады.

Ел аман, жұртым тыныш болса солай,

Алланың мені жақтап құптағаны.

ЖАҢА ЖЫЛ КЕЛІП ҚАЛДЫ

Таяды Жаңа жылдың жетер шағы,

Қиын-ау ескі жылдың өтер шағы.

Қимаймын 2011 сені қуған,

Жыл дайын босағада жетер тағы.

Жыл кетер он екі айын буып-түйіп,

Қыс келген шақта жұртқа суық тиіп.

Сондада тойдың сәні аязды шақ,

Аққайнар ұрттайтыны ауыз тиіп.

Есіктен келер ата ақ сақалды,

Балалар күтер сыйлы Ақшақарды.

Мезгілдің ақ парағы аунай бере,

Қызығы таза жылдың басталады.

Жыл жылжып дәуір көші адымдайды,

Уақыт тап осындай табылмайды.

Әр адам өз заманын мадақтамай,

Жанына серік етпес Атымтайды.

Жыл келсін, жылмен бірге бағым келсін,

Жыр жазсам жаңа жылға ақын дерсің.
Тазарам жаңа заман көшіменен,

Ақылға ақ жүректі арын берсін.

БАЛАҒАШЫҚ

Жүректің түкпірінде есімің тұр,

Артық сөз жазсам егер кешірім қыл.

Балалық махаббаттың кейіпкері ең,

Соны айтсам мына жұртқа, несі мін бұл.

Соны айтсам жарыма да, несі мін бұл,

Селт еткен сол балалық сезімім тұр.

Мен кеттім, сен де кеттің махаббатта,

Аша алмай жастық дәурен есігін бір.

Балалық балғын шақтың ынтығы ең,

Ой түйіп бір болуға құлшынып ем.

Жазбады екеумізге тағдыр жолы,

Бағымда өсер деген талшыбық ең.

Есімің жыр боп қалды санадағы,

Жазмыштың болды сонан қалағаны.

Өкпе артпа, қатем болса кешір тағы,

Ағаңа газет жазған қаладағы.

Жастық-ай жайнаңдаған, сайраңдаған,

Күндерге алақұйын қайраң қалам.

Білмесем қадіріңді кешір тағы,

Бәріне мен кінәлі ойланбаған.

Атыңды мақтан етем гүл сипатым,

Көңілім алабұртып жүр қимасын.

Елуді бетке алған шақта тағы,

Жыр құшақ дестеленген гүл жинадым.

Қарызбын тағдырыма кезіктірген,

Гүлім ең сезімімде сезіп білген.

Өкпем жоқ өзге жанға артар тағы,

Тәңірім тойын бастан кешіктірген.

Гүл-ару, Ажырықты асылысың,

Бір әлем алдырмайтын ғашығы үшін.

Қол жетпей мен қалғанда жарты жолда,

Сен кеттің өз ұяңа басы бүтін.

ҚЫЗЫМА

Жан қызым, Қарашашым,

Мен үшін дара басың.

Берік бол өз-өзіңе,

Қыз болып жаралғасын.

Жан қызым, қарлығашым,

Ақадал арлы басың.

Уайым арқалама,

Кезің жоқ сарқылатын.

Жан қызым қаракөзім,

Есімде бала кезің.

Сен менің мақтанымсың,

Деп айтар жан әкешің.

Қызымсың үлбіреген,

Айырам гүлді немен.

Өзіңсіз ұша алмадым,

Той да өтпей дүркіреген.

Жазымсың, көктемім де,

Қол созып жеткенім де.

Сен менің өмірімнің,

Айналдың кептеріне.

Жат жұртқа ұзатқаным,

Қастерлі ұзақ таңым.

Кіршіксіз әке үмітін,

Ақуыз қыз ақтасын.

Сен менің көгершінім,

Өркендеп көгер, шыным.

Әкеңнің тілегі сол,

Өмірдің көтер жүгін.

ЖАСТЫҚ ШАҚПЕН БІРГЕМІН

Біргемін жастығыммен бұрынғыдай,

Сұлулар тұр баяғы бұрымдыдай.

Ешбірін нашарсың деп қайырмадым,

Тереңнен өмір мәнін ұғындым-ай.

Жастықпен бірге жүрмін шұрқырасып,

Әтірдің иіс суын бұрқыратып.

Той қуам, ой да қуам бозбалаша,

Шабытым толысады жыр құратып.

Жыр құрап ашыламын аспанымдай,

Толысар жыр жолдарым қас-қағымдай-ай.

Жастықты жырлау үшін жаратылсам,

Мойынды бұрам қайда басқа мұндай.

Ақынмын деп бірақта мақтанбаймын,

Өзімше байлық жиып жатқандаймын.

Осынша қазынам бар ашылмаған,

Сырымды осалдықпен ақтармаймын.

Жастықпен бірге болам толғанымша,

Азбаймын ақылдан бір қалғанымша.

Алла ием қуат берсе неге енді,

Ұмтылмай қалып кетем алға мұнша.

Кемелге келіп жеттім қоржындалған,

Қоржында жырларым көп толқындалған.

Қазына қойынымда, үңіліп көр,

Өңім жоқ елуде де солғындалған.

Жастығым, өзім сүйген балаусалым,

Қолға ұстар өлең жолда жалаушамын.

Ту болып көтерілем қолдасаңдар,

Бұлқынған шабытпенен алау жаным.

Жастықтың ауылына тұрақтадым,

Келмейді осы кезден жырақтағым.

Біргемін ұрпағыммен, еліммен де,

Жауабым дайын болса сұрақтарың.

ҚЫРЫҚТЫ ҚИМАЙ ТҰРАМЫН

Қырық та кетіп барады,

Ойында болмай алаңы.

Мен оны қимай тұрғанда,

Артына кейін қарады.

Қырықты қалай қиямын,

Күндерім қалды миялым.

Алшақтап кетер сәт туса,

Самғай да түскер қиялым.

Қырықты қимай қаламын,

Қолымда жүрдек қаламым.

Шабыттан қалған кезім жоқ,

Демеймін көп қой амалым.

Қырықта қызық өмірің,

Тойладық тойдың небірін.

Елуге барсам осылай,

Басылмас па екен көңілім.

Қырықта тоқтап ой түйдім,

Мәнісін қарап жай-күйдің.

Көштен бір қалар кезім жоқ,

Кімің бар маған қой дейтін.

Қырықты қоныс еткенмін,

Арманға мұнда жеткенмін.

Қайтып бір келер күнім жоқ,

Бәріне мақұл өткеннің.

Қырықта болған қылықты,

Ақылды, ойлы, білікті.

Елуде қалай болады,

Ағалар қалай жүріпті?

Қырық жас – жастық кезі еді,

Оны да адам сезеді.

Қырықтан асқан жігіттің,

Талмастай болар өзегі.

Қырықта тұрмын кідіріп,

Жатқанда жолым шұбырып.

Сапарым тоқтап қалмасын,

Заманым кетпей құбылып.

Биылғы жасым – қырығым,

Есіркеп жатыр қыр ұлын.

Құмақтан келді далаға,

Арманын қуған бір ұлың.

Қырықта шықтым құзарға,

Арман тұр тағы мұзарда.

Аяңдап барам биіктеп,

Қимаймын күнді қызарса.

Қырықта тұрмын қимаған,

Өлеңдер жазып жинаған.

Елуде қандай тіршілік,

Ел-жұртым болар сыйлаған.

Қырықтың тез-ақ өткені,

Көктемім бірақ өтпеді.

Көңілім әлі балауса,

Мені осы ырза еткені.

ЗАМАНЫМА ӨКПЕМ ЖОҚ

Заманыма өкпем жоқ,

Бар мүмкіндік тудырды.

Армансыз күн өткен көп,

Жаман ойды қудырды.

Дәуіріме ырзамын,

Еркелеткен, тулатқан.

Араңдағы бір дарын,

Кенде болмай қунақтан.

Ақын еттің жырыммен,

Өлең өрген тұсымда.

Ой бөлістім сырыммен,

Ұшырғанда құсың да.

Заманыма сын айтпан,

Қолды байлап қоймаған.

Жолымды ашып, ұлғайтқан,

Тудырған да ой маған.

Денім сауда тосылып,

Қалған кезім болмады.

Көкпарыңа қосылып,

Бәйгеден де қалмады.

Келем солай жосылып,

Заманамен жарысқан.

Мен дарының, осыны ұқ,

Барлай алар алыстан.

Замандасым, барлығың,

Менің бауыр, туысым.

Дүниенің тарлығын,

Біліп жолды қуыстым.

Өкпелеген түгім жоқ,

Ұлы жолда келемін.

Арқалаған жүгім көп,

Керегіңе беретін.

АЖЫРЫҚТЫ АРУЫ

Ай сүйіп ақ жүзіңді аймалаған,

Құм көлді ақ шағылдар шайқамаған.

Жүрегің аруанадай мейірімді,

Қалайша жаным оны байқамаған!

Ақтаудың шыңдарындай мәртебелім,

Орны бар ауылдағы әр төбенің.

Сен бөлек, басқа арулар бөлек тағы,

Қиялдан асқан неткен көркем едің!

Ауылың Ажырықты ер түлеткен,

Қой бағып Жабай атам ерлік еткен.

Тасы мен ақ шағылы қасиетті,

Суынан татқан жанның еркі кеткен.

Күн ғашық келбетіңді қызғанғандай,

Ой тасып көңіліңді бұзған қандай.

Бар сұлу алдыңа кеп жығылады,

Қазы боп сұлулыққа біз барғандай.

Құм мен тау арасында Ажырықты,

Жаман ой, пиғыл болса қашырыпты.

Аруы өзің болып осы ауылдың,

Ақынның жыр-шабытын тасытыпты.

Ажырық өскен алқап һәм сұлулар,

Өзіме жақын мұнда бір жылу бар.

Ойымнан кетпей қойып магнитше,

Тартады мені өзіне ұмтылудар.

ӘКЕМ БАЙҒҰС

Не көрдің шолақ өмірде,

Алыстың жаумен соғысып.

Күнімді тілеп менің де,

Заманмен өттің тоғысып.

Баққаның түйе шудалы,

Нәпақа тердің бейнетпен.

Атаның жолын қуғаны,

Шаруаның шаңын сүйреткен.

Жетімдік көріп жасыңнан,

Анаңмен көрдің көресі.

Соғыс та өтті басыңнан,

Тағдырдың өзі төреші.

Қарызбын саған, әкешім,

Тірлікке мені әкелдің.

Жауапты болып әке үшін,

Келеді көкке көтергім.

Ұл-қызың өсіп артыңда,

Ізіңді күнде жалғадық.

Жұмақта жүрсең тартынба,

Дегенге сенем Алланы ұқ.

ҚАРЫЗЫМДЫ ҚАЛАЙ ӨТЕЙМІН?

Қарызбын жан анама асыраған,

Анашым дүниедегі асыл адам.

Қарызын өтей алмай әлі жүрмін,

Батады қабырғама осы маған.

Жыр арнап шумақтадым өлеңімді,

Өлшеп бір болмас, ана, көлеміңді.

Дархансың әрі шексіз ұзақ жолсың,

Төлеп те бола алмадым төлемімді.

Мейірім аналардан таратылған,

Өлімге ана жаны ара тұрған.

Бала үшін тайсалмаған қайран апа,

Ажалдың ауызына баратырған.

Қуантып әрбір сөзі балақайын,

Көруге ынтық апа алақайын.

Ақ жаулық арындай-ақ таза тіптен,

Мақтайды дарын етіп шалақайын.

Қарызбын, қарыздармын, борыштымын,

Анамдай менің үшін болысты кім.

Түн демей, күндіз демей арқалаған,

Қиынын елеместен жол үстінің.

Анашым, асылзадам, арман әнім,

Сен барда тарқамаған салтанатым.

Сен кеттің, мейірім де бірге кетті,

Ал, менде борышты өтеу бар талабым.

Не етемін анашымды қайтарардай,

Жазылмай жыр да қалған, айта алмай.

Осының бәрін бүгін жайып салсам,

Жағдайым болар ма екен жай табардай.

ТАШКЕНТІМ – АНАМ!

Бау-бақшасы жемісті,

Күні сондай шуақты.

Сәулеті де келісті,

Келешегі қуатты.

Ташкентім – анамсың,

Жұлдызы өзің шығыстың.

Сәлемін ал балаңның,

Жақсылығың жұғыссын.

Сайыпқыран қорғаған,

Ұлы шаһар Ташкентім.

Асқан қала бар ма одан,

Ғаламданып өскен тым.

Адамдары мейірімді,

Ақ алтыны байлығы.

Нан шаһары дейтін-ді,

Мекеннің де жайлысы.

Қақпасы боп шығыстың,

Құшағыңды ашасың.

Барлық адам ұғыссын,

Көркің ғажап аса тым.

Молшылықты көремін,

Ташкенттен анамдай.

Қанат жайып келесің,

Теңеу сірә таба алмай.

Бас қаласы аймақтың,

Өзгелерге күн болған.

Рызықты байтақсың,

Заманменен шыңдалған.





Дата публикования: 2015-10-09; Прочитано: 489 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.168 с)...