Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Баспагер



Бет ретін жаттаған,

Мәнін ұқпай басқаның.

Қағаздарды қаттаған,

Жұмысы зор баспаның.

Машина жоқ бұрынғы,

Қаттап бәрін жапсырды.

Кітап етіп жырымды,

Қолыма әкеп тапсырды.

Қиял өрлеп мендегі,

Кітап бетін пішті кеп.

Баспагердің еңбегі,

Барлығынан күштірек.

Демей орын тарлығын,

Қат-қат кітап басқаны.

Зыпылдатып барлығын,

Лезде басып тастады.

Шығын, пайда санасын,

Онда бар ма ұтатын.

Қайран болып қаласың,

Дайын болса кітабың.

Ақын болса басқалар,

Кітапқа қол жетер ме.

Баспагерде бас та бар,

Тегін еңбек етер ме.

Баспа қиын ұққанға,

Қимыл болмас қарамай.

Жыр кітабың шыққанда,

Қуанасың баладай.

Өлең артып басатын,

Кітап болсын томдаған.

Баспагерлер жасасын,

Ақындарды қолдаған.

КЕТІП ҚАЛАЙЫҚ

Жиналыста басты ақтап,

Ой айтайық, қалайық.

Жамандықтан қашқақтап,

Кетіп мүлде қалайық.

Кісіге сай табандық,

Нақ керегін алайық.

Құрып кетсін жамандық,

Игілікке барайық.

Қаңқу өсек қаулатпақ,

Емес бізге ылайық.

Күншілдерден аулақтап,

Іргемізді бұрайық.

Ас берсең де тасты атпақ,

Кетті сөзі өтіп-ақ.

Жамандардан қашқақтап,

Қалайықшы кетіп-ақ.

Ақша ма ар өлшемі,

Арды қайда қамайық?

Түсі жылы деуші еді,

Игілерге барайық.

Май толтырған ұрты бар,

Дегенінен талмасын.

Кетсе кетсін құрғырлар,

Өз бастарын жалмасын.

ОЙХОЙ, ДҮНИЕ!

Қарақшы тірлік торыған,

Ақша мен байлық алдамшы.

Жапырақ жайған молынан,

Дүние шіркін жалғаншы.

Ханнан да дүние қалған-ды,

Алданыш еткен баланы.

Жалт-жұлт еткен жалғанды,

Қалай бір мақтап болады?

Қамаған әкеп тар үйге-ай,

Қара жер, бәрін жалмадың.

Дүние, ойхой, дариғай-ай,

Кімдерден осы қалмадың!

Бір рет қана берілер,

Дүние осы, дүркіре!

Салдар да өтті, серілер,

Ойнақшып дәурен сүрді де.

Арманын айтып өткендер,

Етпестен патша қанағат.

Әжем мен атам өткен жер,

Бүгінде маған аманат.

Мұхиттан өтер жүзіп кім,

Ұтылмау керек мұндайда.

Дариға дүние, қызықсың,

Шегіңе жетер күн қайда.

Бойлыдан бұрын ойлы адам,

Сын болар тегі қысылса.

Ойхой, бір заман, ой заман,

Мені де шетке ысырма!

Тіршілік бақта тұрғаным,

Төккенім терді көптен көп.

Дүниеге келдім, ырзамын,

Ешкімге айтар өкпем жоқ.





Дата публикования: 2015-10-09; Прочитано: 344 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...