Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып. Тұлғаның әлеуметтанулық сипаттамалары



1. Тұлға ұғымының мәні мен түсінігі.

2. Тұлға туралы теориялар. Әлеуметтік мәртебе және әлеуметтік рольдер.

3. Тұлғаның әлеуметтену процесі.

4. Тұлға - әлеуметтік қатынастардың объектісі және субъектісі ретінде

1. Тұлға проблемасы бірқатар ғылымдардың - философия, социология, психология, педагогика, т.б. ғылымдардың зерттеу объектісіне жатады.

Мәселен, философия тұлғаны таным мен творчествоның, іс-әрекеттің субъектісі ретінде қарастырса, психология оны психикалық қасиеттер мен процестердің: мінез-құлық, темперамент, қабілет, т.б. тұрақты жиынтығы ретінде зерттейді.

Осы аталған және басқа да ғылымдардың ғылыми мәліметтеріне сүйене отырып, әлеуметтану ғылымы тұлғаны әлеуметтік өмірге белсенді түрде араласатын, әлеуметтік қатынастардың субъектісі ретінде қарастырады. Тұлға - әлеуметтанудың өзекті проблемаларының бірі, өйткені қоғамдағы болып жататын әлеуметтік құбылыстар мен процестердің, сол сияқты жекелеген адамдар мен әлеуметтік топтардың іс-әрекеттерінің себептерін, мәнін жеке тұлғалардың мәнді сипатты белгілері арқылы түсінуге болады. Басқаша айтқанда, жеке тұлғаның мінез-құлқы арқылы тұтас топтың, қоғамның өмірін түсінуге болады.

Әлеуметтану тұлғаның қоғам өмірінің барлық дерлік салаларындағы қызметін (отбасы, экология, саясат, құқық, білім беру мен тәрбие, мәдениет, т.б.) өзінің зерттеу пәніне жатқызады.

Тұлға әлеуметтік қатынастар мен байланыстардың бастапқы агенті болып саналады. «Тұлға» дегеніміз кім? Бұл сұраққа жауап беру үшін «адам», «индивид», «тұлға» деген ұғымдардың арасындағы мазмұндық айырмашылықты біліп алуымыз керек. «Адам» деген адамзат баласының жер бетіндегі басқа биологиялық организмдерден өзгеше қасиеттерін сипаттайтын жалпылама ұғым.

«Индивид» - адам тегінің нақты өкілі, жеке адам. Индивидуалдық — бұл әр адамның өзіне ғана тән жеке-дара қасиеттерінің жиынтығы, яғни бір адамның екінші адамнан айырмашылығы. Ал, «тұлға» дегеніміз, адамның тек табиғи-биологиялық қасиеті ғана емес, ол табиғаттан тысқары тұрған, тек қана қоғамда өмір сүріп, қоғаммен тығыз байланыс-қатынастар негізінде қалыптасқан адамдардың мәні. Мұны адамның әлеуметтік сипатының бастамасы деп те атайды. Нақтылап айтсақ, тұлға дегеніміз, индивидтің табиғаттан тыс адами қасиеті, яғни оның әлеуметтік өмірінің мәнді жақтарын сипаттайтын сапасы.

Адам қоғамсыз өмір сүре алмайды. Менің өмір сүруімді, сенің өмір сүруіңді және басқалардың өмір сүруін қажет етеді және керісінше де солай.

Индивид - жеке-дара адам. Барлық адамға тән ортақ қасиет — ол тек қоғамда ғана өмір сүреді. Ол қоғам ішінде ғана нәтиже алады, себебі ол қоғамдық болмыс тәжірибесін бойына сіңіреді. Жаңа туған сәбидің ата-анасынан тәуелсіз өмір сүруге ешқандай қабілеті болмайды. Бұл жағынан ол жануар, хайуанаттардың кез-келгенінен әлсіз екені белгілі. Мысалы, жұмыртқадан шыққан құс балапаны бірден тамақ іздеп жүгіреді. Ата-ананың, басқа адамдардың қамқорлық көмегінсіз адам баласы өсіп жетіле алмаған болар еді.

Мысалы, кездейсоқ бір жағдайлармен кішкентай адам балаларын аңдардың алып кетіп, жылдар бойы өз орталарында тірі қалдырып қойған фактілерін тарихтан жақсы білеміз. Қырыққа жақын мәлім болған жағдайлардың барлығында да балалар адам қалпынан айырылып қалған. Төрт аяқтап еңбектеп жүріп, өзін асырап өсірген жануарлардың барлық қимылдарына еліктеуден басқа ешбір қабілеттері болмаған. Кейін олардың қолға түскендерін адам қалпына келтіріп, сөйлеуді, екі аяқпен жүруді үйретуге тырысқан талай белгілі маман-ғалымдардың әрекеттері нәтиже бермеген.

Демек, адамның адамдық қасиеттерін қалыптастыратын тек қоғамдық орта. Ол үшін адам туған күнінен бастап, сол ортадан қол үзіп кетпеуі міндет. Осы ортамен тығыз байланыста, қатынаста болып, сол ортаның (топтың, ұйымның, алуан түрлі басқа қауымдастықтардың) іс-тәжірибелерін, сапа қасиеттерін өзінің бойына сіңіруі қажет.

Адамның жануарлар дүниесінен бөлініп шығуының негізі — өмір сүру ортасын өз еңбегімен өзгерту, қайта жасау тәсілін, ол үшін еңбек құралдарын, оның ең қарапайым түрінен бастап, бірте-бірте жетілдіру жолын меңгеру қабілетінде болды. Тек еңбек процесінде адамдар бір-бірімен қатынас, байланыс жасауды, ойларын бір-біріне сөз арқылы жеткізуді үйренеді. Бара-бара адам еңбегі бүкіл материалдық және рухани мәдениет жүйесінің субъектісі, яғни жасаушысы болып шықты. Қоғамдық қатынастар адамның өмір сүруіне қажетті материалдық игіліктерді (тамақ, киім, баспана) өндіру қажеттілігінен туады.

Осыларды еске ала отырып, адам дегеніміз, еңбек әрекетімен шұғылдана алатын, әлеуметтік қатынастарға түсетін, өзара байланыс жасауға толық қабілеті бар тіршілік иесі деп анықтама беруге болады.

Бұдан адам мәнінің тек қоғамдық-әлеуметтік жағы шамадан тыс үлкейтіліп, оның биологиялық, психологиялық жақтарының маңызы төмендетіліп, жоққа шығарылып отыр деген пікір тумауы тиіс. Анығында, адамның өлшемі (кейбір уақытта құрылымы деп те айтады) үш түрлі болады: биологиялық, психологиялық және әлеуметтік. Биологиялық өлшем бұл адам организмінің түр бейнесі мен құрылымының (морфологиясының), басқаша айтқанда, организмнің құрылысын және формаларын зерттейді, оның атқаратын, орындайтын қызметін, шығу негізін, ми, жүйке жүйесін, т.б. қамтиды.

Психологиялық өлшем адамның ішкі жан дүниесі, онда жүріп жататын саналы және санадан тыс құбылыстар мен процестер, сезім жүйесі (мысалы, құмарлығы, жек көру, не сүю, мақтаныш, не қорлану, күйініш, не наразылық, ойлау, т.б.), адамның еркі мен сипатын (бейнесін), темпераментін, т.б. қамтиды.

Осыған орай жеке-жеке алып қарағанда бұл екі өлшемнің әрқайсысы адам ұғымын тұтас тұлға ретінде ашып бере алмайды, өйткені, биология мен психология адамдарды жеке-дара зерттеп, оларды тұлға ретінде көрсете алмайды.

Әлеуметтік өлшем - адамды тұлға, яғни белгілі бір тип, бірнеше адамның үлгісі, образы, бейнесі, моделі ретінде қарайды. Тұлғаны жан-жақты осылай қалыптастыратын оны қоршап тұрған орта, мұнда ол үнемі іс-әрекет, қызмет атқарады, үнемі онымен тығыз байланыс, қатынаста болады. Осыған сәйкес әрбір қоғам өзіне тән лайықты тұлғаны қалыптастырып отырады.

Әлеуметтану тұлғаның идеалды типін, яғни оның қоғамның идеясына сәйкес келетін немесе идеалды емес, яғни, қоғамға сәйкес келмейтін типін, оның идеалды типтен қандай ерекшелігі, айырмашылығы барын зерттейді. Әлеуметтануда тұлға негізгі екі тұрғыдан қарастырылады:

а) тұлғаның қоғамдық қатынастар жүйесіне араласып, мұның бар жақсылықтарын бойына сіңіріп, тұлға ретінде қалыптасуын;

е) әлеуметтік қатынастардың және саналы іс-әрекеттің субъектісі ретінде тұлғаны қарастырады.

Туған сәби әлі тұлға емес. Ол тек қана индивид. Ол адам тегінің өкілі. Ол тұлға болу үшін негізгі екі шарт қажет:

1) биологиялық, генетикалық дамудың алғышарттары;

2) әлеуметтік ортаның болуы.

Өйткені, онда мәдени орта болады, онымен жас сәби бала әр уақытта байланыста, қатынаста болуы керек. Онсыз, яғни әлеуметтік ортасыз, сәби бала жан-жақты дами алмайды.

Әрбір тұлғаның белгілі бір деңгейде іштей санасы, қасиеті болады. Осылардың жиынтығы тұлғаның құрылымын қалыптастырады.

2. Адамның аса күрделі табиғаты оның қоғамдағы әр түрлі байланыс-қатынастары қазіргі әлеуметтануда адамға, оның тұлғалық түріне байланысты, алуан түрлі модельдерді жасауға ықпал етті. Осылардың бірі — адамның бейнесіне (образын) әлеуметтік рольдердің жиынтығы ретінде қарау.

Мұны тұлғаның рольдік тұжырымдамасы дейді. Бұл тұжырымдаманың мазмұны мынадай: қоғамдағы әрбір адам ондағы алуан түрлі әлеуметтік топтарға кіреді. Мысалы, отбасына, оқу тобына, достар компаниясына, өндіріс ұйымына, т.б. Әрбір топтағы адамның белгілі бір орны, өзінің көзқарасы, бағыты болады, оған белгілі бір талап-тілектер қойылып, ол оны орындайды. Сонымен, нақтылы жағдайда бір адам бірде әке немесе шеше, екінші жағдайда осы адам - дос, үшінші жағдайда - бастық болады, яғни нақтылы адам әр жағдайда әр түрлі рольдерде қызмет атқарады.

Осындай қызметтердің маңызды, мәнді жақтары «әлеуметтік роль», «әлеуметтік мәртебе» ұғымдарын тудырады. Әлеуметтік роль - қоғамдағы адамдардың белгілі бір алатын орнына, жағдайына, олардың басқалармен қарым-қатынастарына байланысты және қабылдаған ережелерге сәйкес адамдардың атқаратын қызметтері.

Басқаша айтқанда, әлеуметтік роль дегеніміз - қоғамдағы адамдардың белгілі бір қызмет атқарған жағдайда, белгілі бір тәртіп нормаларын сақтауын айтамыз. Ал, рольдік жүйе дегеніміз адамның қоғамдағы алатын орнына, жағдайына, тұрмысына сәйкес істейтін қызметінің жиынтығы. Адамдардың әлеуметтік рольдерді бойына сіңіріп, игеріп, меңгеруі тұлғаны әлеуметтендіру процесінің бір бөлігі, оның қоғамға, топқа толық енуінің негізгі қажетті шарты.

Әлеуметтік рольдердің мысалы ретінде адамдардың мамандыққа байланысты ролін айтуға болады. Әлеуметтік рольдерді игеріп, меңгеруде адам әлеуметтік тәртіп стандарттарын игеріп, меңгереді, өзін-өзі бағалап, бақылауды іске асырады. Сөйтсе де, адам өмірде бірнеше байланыс қатынастарға еніп, әр түрлі рольдегі іс-қызметтерді орындауға мәжбүр болады. Сондықтан, адамға қойылатын талап-тілектер де қайшылықта болады. Осылардың салдарынан адам сыртқы дүниемен байланысында, өзінің тұтастығын, бүтіндігін, бір сөзбен айтқанда, «мендігін» сақтау үшін белгілі бір шартты қажет етеді. Бұл оның өзімен өзінің болуын және әр түрлі қызмет рольдерін орындау үшін керек. Бұл тұрғыдан қарағанда тұлғаның өзі осындай шарт ретінде болады.

Осы тетік өзі орталық қызмет атқарушы орган болып, өзінің «мені» атқаратын қызметімен біріктіріледі, өзінің іс-әрекетіне адамгершілік баға беріп, оны іске асырады, өзінің орнын тек қана бір әлеуметтік топтан іздеп қоймай, сонымен қатар, өмір сүрудің мақсатын білу үшін екінші бір құбылыстардың мәнін, мақсатын білуге ұмтылады.

Сонымен, жан-жақты дамыған тұлға өзінің рольдік мінез-құлқын белгілі бір әлеуметтік ситуацияға байланысты пайдаланып, оны бейімділік құралы ретінде қолданады. Басқаша айтқанда, рольдік мінез-құлық дегеніміз - индивидтің (адамның) іс жүзіндегі мінез-құлығы.

Сонымен, жан-жақты дамыған тұлға белгілі бір әлеуметтік жағдайда бейімделу құралы ретінде рольдік мінез-құлықты пайдаланады. Рольдік мінез-құлықты рольмен алмастыруға болмайды. Әлеуметтік рольдің негізгі компоненттері сатылы жүйе ретінде құрылады.

Рольдік тұжырымдама американың әлеуметтік психологиясында XX ғасырдың 30-шы жылдары пайда болды. Оның ірі өкілдері Кули Чарльз Хортон (1864-1929), Мид Джордж Герберт (1863-1931), т.б.

Ч.Х. Кули «шағын кіші» топтар теориясының негізін салушылардың бірі, оның «Зеркальное я», «Человеческая природа» и «Социальный порядок» (1902 ж.), «Социальная организация» (1909 ж.), «Социальный процесс» (1918 ж.), «Социологическая теория», «Социальное исследование» (1930 ж.) деген еңбектері бар. Ч. Кулидің жалпы әлеуметтік теорияларының негізінде әлеуметтік ұйым және сананың әлеуметтік процестерді қалыптастырудағы шешуші ролін мойындау жатыр.

Ал, Дж. Мидтің әлеуметтану теориясының пайда болу негізінде өткенде болған әрекет, оқиға (қысқаша «акт») ұғымы жатыр. Бұл «акт» ұғымы әрекеттенуші субъектінің шынайы өмірді қабылдаудағы ерекшелігін анықтайды. Дж. Мидтің пікірінше, әрекет етуші субъект кең мағынада физикалық «субъект», «тірі форма», әлеуметтік «мен» («я») ретінде қарастырылады. Объектілер ұғымының мазмұны, Дж. Мидтің пікірінше, индивидтің өткендегі барлық ерекшелігімен сипатталатын тәжірибесі. Осыған орай объектілер индивид пен олардың арасындағы қатынастарды бейнелейді.

Ч. Кули мен Дж. Мидтің бұл теориялары әлеуметтанудағы әр түрлі ағымдарда кең тараған. Оның ішінде тұлғаның рольдік тұжырымдамасын
Т. Парсонс өзінің әлеуметтік-функционалдық талдау теориясында көп қолданды.

Жалпы тұлғаның рольдік теориясы тұлғаның бейімделу процестерін көп дәріптей отырып, оның белсенді, творчестволық жағын жоққа шығарады.

Ч. Кули тұлғаның қалыптасуы айналасындағы адамдармен алуан түрлі қарым-қатынастар мен байланыстар негізінде болады деп тұжырымдады. Осылардың негізінде адам өзінің «айнадағы мен» деген имиджін жасайды. Ол үш элементтен құрылады:

а) жұрт мені қалай қабылдайды;

ә) жұрт менің сыртқы түріме қалай әсер етеді;

б) мен жұрттың тигізген ықпалына қалай жауап беремін.

Бұл теория біздің қоғамдық пікірді қалай қабылдап, оған қалай жауап беру керектігін түсіндіреді.

Дж. Мид тұлға өзінің «менін» қалай алға дамытатынын түсіндіруде тіпті тереңдеп кетті. Ч. Кули сияқты Дж. Мид тұлға, яғни «мен» деген ұғым, әлеуметтік дамудың жемісі, ол өзі сияқты адамдармен әр түрлі қарым-қатынас, байланыстар негізінде қалыптасады деп санайды.

Жас бала біреудің мінез-құлқының себебін түсіндіре алмайды. Тек қана өзінің мінез-құлқын ойлау арқылы жас бала өмірде бірінші қадам жасайды. Өзін «ойлауды» үйренгеннен кейін, ол басқа адам туралы ойлай алады, сол арқылы өзінің «менін» сезіне бастайды.

Дж. Мидтің пікірінше, адамның тұлғаға айналу процесі үш түрлі сатыдан құрылады.

Бірінші - иммитация. Бұл сатыда балалар үлкен адамдардың мінезіне еліктейді, бірақ, оны түсінбейді. Кішкене бала үйдің еденін жумақшы болып, өзінің ойыншық шаңсорғышымен бөлмеде жүреді.

Екіншісі, ойын сатысы. Бұл уақытта кішкене бала өзінің мінезін белгілі бір рольді орындау арқылы көрсетеді. Ол дәрігер, өрт сөндіруші, т.б. Ойын процесінде балалар бұл рольдерді өздері істеп көрсетеді. Қуыршақтармен ойнағанда жас балалар оларды еркелетіп немесе ұрсып, әке-шешелерінің қылықтарын қайталайды. Сөйтіп, балалар өз істерін ойлап жасайтын қабілетке жете бастайды.

Үшінші саты - ұжымдық ойын. Мұнда балалар тек өздерін ғана ойлап қоймайды, сонымен қатар, басқалардың нені күтетінін түсіне бастайды. Мысалы, футбол ойнап жүрген бала ойынның барлық ережелерін біледі. Бұны команданың барлық ойыншылары да біледі. Балалардың футбол ойынының тәртібін, ережелерін білу оларды адамдардың қоғамда өздерін қалай ұстау тәртіптерін біліп, меңгеруіне бағыттайды. Бұл тәртіп, ережелер қоғамда заң және ережелер түрінде көрінетінін де түсініп, жақсы біледі.

Тұлға туралы рольдік теорияда адамның әлеуметтік мінез-құлқы негізгі екі ұғыммен түсіндіріледі. Олар: «әлеуметтік мәртебе» және «әлеуметтік роль». Әлеуметтік роль туралы жоғарыда біраз айтылды. Енді бұларға толығырақ тоқталайық.

Мысалы, әрбір адам әлеуметтік жүйеде бірнеше қызметтерді атқарады. Осыны мәртебе дейді. Әрбір адамның бірнеше мәртебесі болуы мүмкін, бірақ, оның жағдайын бір ғана мәртебе анықтайды. Бұл жалғыз мәртебе басты немесе интегралды деп аталады. Ол басты немесе интегралды мәртебе адамның қызметі (лауазымы) арқылы белгіленеді. Мысалы, директор, профессор сияқты әлеуметтік мәртебе адамның сыртқы мінез-құлқы мен пішінінен (киімі, сөйлеу мәнері) және басқа әлеуметтік мамандық белгілері ең алдымен адамның алдына қойған өмірлік басты нысаналарынан, іс-әрекеттерінен, мақсаттарынан, т.б. байқалады.

Әлеуметтанушылар мәртебелердің екі түрін бөліп көрсетеді. Біреуі — қоғамнан берілген (предписание), екіншісі адамның өз еңбегінің нәтижесінде қол жеткізген (приобретенный) мәртебе. Қоғамнан берілген мәртебе — бұл тұлғаның этникалық шығу тегімен, туған жерімен, отбасымен, т.б. байланысты. Еңбегі арқылы қол жеткізген мәртебе адамның қажырлы еңбек етуіне байланысты. Мысалы, жазушы, ғалым, директор, т.б. Мәртебенің табиғи деген түрі болады. Тұлғаның табиғи мәртебесі адамның мәнді, тұрақты сипатты белгілеріне байланысты (әр адам, әйел, бала, жасөспірім, қарт, т.б.). Кәсібіне, қызметіне (лауазым) байланысты мәртебе — тұлғаның базистік (яғни, негізгі) мәртебесі болып есептеледі. Ол ересек адамның интегралдық мәртебесінің негізі болады. Бұл мәртебеге адамның әлеуметтік, экономикалық, өндірістік салаларда қызметі, орны (мысалы, дәрігер, инженер, мұғалім, банкир, т.б.) жатады.

Қорыта айтқанда, қандай да бір қоғамда адамның әлеуметтік жүйедегі орны бар. Ал, қоғамның адамға белігілі бір талап қоюы оның әлеуметтік ролінің мазмұнын, мәнін құрайды. Сонымен, әлеуметтік роль дегеніміз әлеуметтік жүйеде белгілі бір мәртебесі бар адамның орындайтын іс-әрекетінің жиынтығы.

Әрбір мәртебе бірнеше рольдерден құрылады. Нақтылы мәртебеден шыққан бірнеше рольдердің қосындысын рольдер жиынтығы (набор) деп атайды. Әлеуметтік роль рольдік тосу, күту, үміт ету және рольдік мінез-құлық болып екіге бөлінеді.

Рольдік тосу, күту, үміт ету (ожидание) — бұл ойын ережесіне сәйкес нақтылы рольден бірдеңені үміт ету, тосу, күту, ал, рольдік тәртіп дегеніміз - адамның өзінің ролі шеңберінде белгілі бір міндеттерді атқару. Күңделікті өмірде адам бір рольді алып, осыған байланысты құқықтар мен міндеттерді анық түсінеді, бұдан іс-әрекеттің, жұмыстың жобасын, оларды атқарудың реттерін біледі және өзінің мінез-құлқын айналасындағы адамдардың мүдделерімен сәйкестендіреді.

Қоғам бұл мәселеде әр уақытта «осылай болу керек» деген қағиданы басшылыққа алады. Осыған сәйкес қоғамда бақылау жүйесі орнаған. Ол қоғамдық пікірден тәртіп сақтау органдарына дейін бар және осыған орай қоғамдық-әлеуметтік санкция жүйесі орнап, қызмет атқарады. Ол адамды ұялтып бетіне басудан (порицание) кінәлаудан, айыптаудан (осуждение), күштеуге дейінгі шараларға барады.

3. Жоғарыда көрсетілгендей, тұлға дегеніміз, жоғары шарықтап дамыған, жан-жақты, терең жетілген адам. «Тұлға» ұғымы адамның әлеуметтік дамуының сапалық көрсеткіші. Бұл адамның биологиялық табиғи қасиеті емес. Ол тек қана адамның әлеуметтік орта жағдайында ғана пайда болады, яғни, ол белгілі бір топта, бірлікте өмір сүреді, мұнсыз болмайды, сөйтіп, ол адам қоғамдағы барлық қатынастарды, тәжірибені, құнды бағалы нысандарды, бағыттарды өз бойына сіңіріп, меңгеріп, өмірде қолданады. Сөйтіп, қоғамды одан әрі жетілдіріп, дамыта отырып, өзі жаңа сапа, қасиетке, яғни, тұлғалыққа ие болады.

Осыдан барып, тұлға - қоғамдық қатынастардың жемісі деген тұжырым жасалады. Екінші жағынан, әрбір тұлға өзінше ерекше, қоғамнан біршама тәуелсіз, еркін болады. Оның осындай өзгешелік қасиеттерін, қабілеттерін тұлғаның ерекшелігі деп атайды.

Құқықтық мемлекеттерде жеке тұлға өркениет пен мәдениеттің жоғары адамгершілік қасиеттердің жиынтығы және субъектісі ретінде танылады.

Тұлғаны одан әрі әлеуметтендіру процесі тек қана адамдардың алуан түрлі бірліктері мен топтық шеңберінде болуымен шектелмейді. Тұлғаны әлеуметтендіру оны өз бетімен еркін адамзаттың алдыңғы қатарлы тәжірибелеріне, мәдени бағалы құндылықтарына, нысандарына, бағыттарына, т.б. белсенді араласып, оларды терең игеруге, бойына сіңіруге, өңдеуге мәжбүр етеді. Бұларды игерудің нақтылы жолдары болады. Олар:

а) іс-әрекет, қызмет, бұған ойын, оқу, еңбек ету жатады;

ә) қарым-қатынас, бұл — адамдардың бір-бірімен ұдайы, үздіксіз алуан түрлі қоғамдық қатынастарда болуын керек етеді;

б) өзіндік сана — сезімді дамыту, бұған ми мен жүректің өз бетінше қызмет, іс-әрекет етуі жатады.

Осылардың негізінде тұлғаның ерекшелік қасиеттері одан әрі тереңдей түседі, оның әлеуметтік тұрғыдан өзін-өзі тануы, өзінше бағалау қасиеттері қалыптасады. Әлеуметтік тәжірибеде, мәдениетте сабақтастық болады. Бұл бағалы, құнды нысана-бағыттарды, тәжірибелерді, іске бейімделуді, мұраттарды ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру, бұларды толық игеріп, меңгеру, өмірде нақты қолданумен тығыз байланысты. Құндылық, бағалық мұраттар, бағыттар адамның нақты дүниедегі бағалы, құнды қатынастарын анықтайды, өйткені бағалық құндылықтар адамның талап-тілегін, мұқтаждығын, мүддесін қанағаттандырады, ал, олар екінші жағынан, адамның белсенді іс-әрекеттерінің, қызметінің көзі болып саналады. Осындай жағдайларға байланысты әрбір адамды әлеуметтендіру қоғамның дамуындағы көкейтесті мәселелердің қатарына жатады.

Тұлғаны әлеуметтендіру. Индивидті тұлғаға айналдыру процесін әлеуметтендіру дейміз. Тұлғаның қалыптасуы белсенді іс-әрекет, қызмет істеуде және басқа адамдармен қарым-қатынас жасауда іске асады. Тұлға — белгілі тарихи-мәдени ортада өмір сүретін, қалыптасқан әлеуметтік-психологиялық және моральдық (яғни адамгершілік) қасиеттерді бойына сіңірген, шынайы өмірді тануға және өзгертуге бағытталған жасампаз іс-әрекет субъектісі. Басқаша айтқанда, тұлға қоғамның өмір тәжірибесін бойына сіңіріп, жан-жақты жетілген адам.

Тұлғаның қалыптасуы оның белсенді іс-әрекеті мен басқа адамдармен пікір алмасу процесінде өтеді. Әлеуметтендіру индивидке сырттан еріксіз танылатын нәрсе емес. Керісінше, индивидтің іс-әрекетке белсенді араласуымен, өзінің қимылы мен мінез-құлқын қоғам талабына сай, лайықтап, үнемі дұрыс жолға салып, өзгертіп отыруы арқылы іске асады.

Соның арқасында адамда өз мінез-құлқын, іс-әрекетін, қызметін басқа адамдардың сондай мінез-құлықтарымен салыстыра бағалау, сөйтіп, өзінің кім екенін түсіну, өзін-өзі тану қабілеті жетіледі.

Тұлғалық қасиеттердің ішіндегі аса маңыздысы оның өмірге өзіндік көзқарасының болуы. Адамның көзқарасы ғылыми немесе ғылыми емес, т.б. болуы мүмкін. Осыдан көзқарастың әлеуметтік жағына көңіл аударсақ, жеке тұлғаның қандай қоғамдық топтарға, саяси қозғалыстарға қызмет жасайтынын, қандай топтар мен қозғалыстарға қарсы екенін, озық ойлы, не керітартпа екенін аңғаратын боламыз.

Адам тұлғаға айналуында екі үлкен кезеңнен өтеді. Біріншісі - туғаннан ер жеткенге дейін. Екіншісі — ер жеткен, кемеліне келгеннен кейінгі кезең. Бірінші кезеңде жасөспірім бала сыртқы дүние туралы белгілі бір деңгейде білім жиынтығының жүйесін, негізгі бағалы, құнды бағыттар мен нұсқауларды игеріп, меңгереді. Ол бірнеше әлеуметтік рольдер атқарады.

Екінші кезеңде тұлғаның бүтін, біртұтас көзқарасы, идеологиясы және белсенділігі, өмірлік құбылыстарға байланысты бағыты қалыптасады. Осы екінші кезеңде тұлға әлеуметтік сипатта болады, оның өмірлік стратегиясы және өзіндік ерекшелігі басым көрінеді.

Тұлғаға айналудың бірінші кезеңі барлық адамдарда бар, бірақ екінші кезеңнің сипаты барлық адамдарда байқала бермейді. Кейбір адамдар өзінің соңғы күніне дейін өзгермей, қарапайым болып қала береді. Ал, кейбіреулер тіпті жиырма бес жасында тұлғаға айналады. Әрине, өкінішке қарай, мұндайлар қоғамда өте сирек кездеседі. Жеке дара адамды, индивидті тұлғаға айналдыруда әр түрлі оқу орындарының атқаратын қызметі зор.

4. Тұлға тек қана әлеуметтік-қоғамдық қатынастардың жемісі ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік іс-әрекеттердің маңызды субъектісі де болып саналады. Бұл іс-әрекет, қызмет қоғамның барлық салаларында әрдайым көрініп отырады. Мысалы, экономикада, саясатта, рухани өмірде, т.б. Көрнекті неміс әлеуметтанушысы Макс Вебер әрбір адам өзінің іс-әрекетіне белгілі бір мән, мағына береді деп атап көрсеткен. Олар осыларды өмірде қолданады. Одан әрі саналы адамның әлеуметтік іс-қимылы, әрекеті, қызметі адамның мінез-құлқына тең, өйткені әлеуметтік іс-әрекет өзінше жеке дара бағытталып, өмір сүре алмайды, ол әр уақытта басқа адамдарға бағытталады. М. Вебер осындай іс-әрекеттің біреуге бағытталуын, нысаналануын тосу, күту, үміт ету дейді. Мұнсыз ешқандай іс-әрекет, қимыл әлеуметтік болып саналмайды. Мұндай әлеуметтік іс-қимылдың алуан түрлері болады. Олардың ең бастысы мақсатқа сәйкес келетін іс-әрекет. Бұл мақсатқа сәйкес келетін іс-әрекет тұлғаның ойлаған мақсатына жетуі үшін қолданылады.

Бұл жолда тұлға өзіне сәйкес қажетті құралдарды пайдаланады.
М. Вебердің пікірінше, мақсатқа сәйкес келетін іс-әрекет, қимыл негізгі идеалдық тип болып саналады. Ал, саналы емес іс-әрекеттің салдары әр уақытта қалыптасқан нормадан ауытқуға (девиацияға) әкеледі. Әлеуметтік іс-әрекеттің парасаттылығы, ақылға жеңдірушілігі - тарихи процестің басты бағыты. М. Вебер әлеуметтік іс-әрекетті, қимылды 4 типке бөледі:

1. Ақыл-ойдың мақсатқа бағытталуы (целерациональный). Мұнда әрбір іс-әрекеттің мақсаты мен құрылымының бір-біріне сәйкестігі көзделеді.

2. Іс-әрекеттің құндылыққа бағытталуы. Мұнда әрбір іс-әрекеттің басқа құндылық, бағалық үшін өмір сүруі (мысалы, діни немесе моральдық, т.б.) көзделген.

3. Аффективтік. Бұл адамның эмоциялық реакциясына негізделген (аффективия).

4. Дәстүрлік. Мұнда адамның іс-әрекеті белгілі бір дәстүр, салтқа сәйкес болады.

Тұлғаның әлеуметтік қызметі деп адамның өмірді өзінше игеріп, меңгеруі және адамның өзінің қоғамдық қатынастарды, құбылыс, процестерді өзгертуші субъект ретінде дамып, жетілдіруін айтады.

Әлеуметтік іс-әрекет пен қызметтің қозғаушы күші объективтік жағдайлармен байланысты. Объективтік жағдай адамдардың қажеттілігінен, мұң-мұқтажынан, мүддесінен, мақсатынан шығады.

Басқаша айтқанда, адамды іс-әрекетке, қызметке итермелейтін негізгі себептер — қажеттілік, мұқтаждық, мүдде және мақсат. Қажеттілік өмірде болады, бірақ, ол қолда жоқ зәрулікке жатады. Қажеттілік табиғи және әлеуметтік болып екіге бөлінеді. Табиғи қажеттілік, ол өз кезегінде әлеуметтік қажеттілікке ұласады.

Табиғи қажеттілікке тамақ ішу, киім кию, баспана, т.б. қажеттіліктер (мұқтаждықтар) жатады. Мұндай әлеуметтік қажеттілікке еңбек ету, басқа адамдармен байланыс-қатынаста болу, қоғамдық өмірге араласу, т.б. қажеттіліктер (мұқтаждықтар) кіреді. Қажеттілікті адам терең сезініп, түсінсе, оны өтеуге, іске асыруға тырысса, ол мүддеге, ал, мүдде мақсатқа айналады. Мұның өзі екінші жағынан, тұлғаның қажеттілікке, мұқтаждыққа, мүддеге, мақсатқа терең көзқарасын қалыптастыруын керек етеді.

Адам мүддесі, мақсаты белгілі бір қажеттілікті (мұқтаждықты, зәрулікті) қанағаттандыру мүмкіндігіне қарай тұлғаның іс-әрекетінің, қызметтерінің бағыттарын белгілеп отырады. Жалпы мүдде, мақсат адамның қоғамда өмір сүру қызметінің қалыптасқан жағдайлары мен орындарын сақтау немесе оларды өзгерту үшін күреске жеке адамдарды жұмылдыратын шешуші себеп ретінде байқалады.

Мүдделердің, мақсаттардың негізінде әлеуметтік талап-тілектерді білдіретін адамдардың қажеттіліктері жатады. Осыған орай мүдде, мақсат бір нәрсеге, затқа деген қажеттілікті түсінудің түрі ретінде көрінеді.

Қажеттілік тұлғаны өзін қоршаған әлеуметтік ортамен қатар сыртқы табиғатпен тығыз байланыстырады, өйткені адам табиғаттан өзіне керегін алып, өзінің мүддесін, мақсатын қанағаттандырып отырады. Ол табиғатқа тәуелді болады, бірақ бұл тәуелділікті біршама бәсеңдетуге, төмендетуге тырысады. Сөйтіп, ол табиғаттағы жоқ заттарды қолдан жасап, өзінің қажеттілігін, мұқтаждығын қанағаттандырады. Осылардың нәтижесінде тұлға табиғаттан біршама тәуелсіз болады.

Қажеттілік - объективті дүниенің даму заңдарының негізгі бір түрі. Осыған орай тұлға қажеттілікті терең, жан-жақты түсініп, оны меңгеріп, өзінің ісінде, қызметінде пайдаланып отырады. Екінші жағынан, қажеттілік тұлғаның өмірдегі белсенділігін, жауапкершілігін арттырудың басты факторларына жатады. Тұлғаның атқаратын іс-әрекеті, қызметі белгілі бір нақты мүдделерді жүзеге асыруға бағытталады.

Кейбір жағдайларда адам жаңа бір әлеуметтік жағдайда өзінің мүдделерін өзгерте алмайтын халге ұшыраса, онда ол өзінің жүріс-тұрысын, мінез-құлқын өзгертуге, яғни бейімдеуге, мәжбүр болады.

Бейімделу - өмір сүру жағдайларының өзгерісіне деген сол адамның көзқарасының қалыптасуына көмектеседі, сөйтіп түсініспеушіліктің нәтижесінде пайда болатын шиеленісті жоюға, я болмаса оны бәсеңдетуге жағдай туғызады. Қажеттіліктің мүддеге айналуы, ал, мүдденің мақсатқа айналуы бұл субъект қызметінің екі сатысы. Мұның әрқайсысы іс-әрекеттің себебі ретінде сипатталады.

Мүдденің мақсатқа айналу сатысында қозғаушы күш ретінде болатын адамдардың ынталары, бастамалары, ниеттері, т.б. маңызды роль атқарады, осылардың өзара байланыс-қатынастары тұлғаның қызметінің әлеуметтік жағын құрайды. Әлеуметтік іс-әрекеттің, қызметтің сырт көрінісі адамның нақтылы көзқарасынан, жалпы идеологиясынан да байқалады. Тұлғадағы жоғары адамгершілік, құнды, бағалы нұсқаулар, мұраттар, бағдарламалар оны қоршаған әлеуметтік ортаға бейімделу ретінде де бола отырып, тұлғаның жоғары кәсіби мамандығын, белсенділігін, жауапкершілігін, іскерлігін ұдайы арттырып отырады. Бұл қатынастар индивидтің нақтылы қызметінің мәні мен мазмұнын, оның мақсаты мен міндетін қалай түсінетініне, осы қызметтің қажеттілігіне деген сеніміне қарай өзінің қызметіне қанағаттану немесе қанағаттанбау сезіміне сәйкес құрылады.

Жеке адам мен қоғам арасындағы әлеуметтік қатынастар әлеуметтік бақылау жағдайында қалыптасып, іске асырылады.

Әлеуметтік бақылау дегеніміз, оның ішінде құқықтық түрде де реттеу арқылы әлеуметтік жүйені құрайтын элементтердің өзара әрекетін реттеу жолымен қамтамасыз етеді және сол жүйенің өздігінен басқарылу тәсілі болып табылады.

Сол сияқты әлеуметтік бақылау дегеніміз — ол жеке дара адам мен қоғамның, азамат пен мемлекеттің өзара қатынастарын реттейтін құрал. Әлеуметтік бақылау шеңберіндегі әлеуметтік қатынас дегеніміз, ол — субъект (адам, адамдардың алуан топтары мен бірлестіктері, т.б.) мен объектінің (сырт дүниенің) жай ғана қатынасы емес, бұлар әр түрлі сипаттағы элементтердің өзара қарым-қатынастары.

Сөйтіп, әлеуметтік бақылау дегеніміз, ол индивидтердің әлеуметтік тәртібін тек саяси мекемелердің ғана тұрғысынан емес, сонымен қатар басқа да әлеуметтік мекемелердің (яғни, білім берудің, мәдениеттің, мораль, т.б.) тарапынан да реттеу болып табылады.

Әлеуметтік бақылау - топтың, ұжымның, қоғамның тұрақтылығын, бірлігін сақтайды.

Адамның іс-әрекеті деп, оның мұқтаждығы мен алдына қойған мақсатты жүзеге асыруға бағытталған әрекеттердің жиынтығын айтамыз.

М. Вебер атап көрсеткендей, адамның мінез-құлқы деп оның іс-әрекетінің, қызметінің сыртқы көрінісін айтады. Оның негізгі үш түрі болады:
а) инстинктивті; ә) қарапайым; б) әлеуметтік.

Мінез-құлықтың бірінші және екінші түрі көбінесе саналы, ерікті емес түріне жатады да, оның әлеуметтік мәні болмайды.

Мінез-құлықтың мұндай түрлерін психология ғылымы зерттейді. Екінші жағынан, кейбір осындай тәртіптің түрлерінде әлеуметтік жақтар болуы мүмкін (мысалы, білместіктен, байқаусыздан жасалған қылмыстар). Мінез-құлықтың саналы өз үлгісі тек адамға ғана тән. Ол адамның ақыл-ойының көмегі мен еркін бақылауы арқылы іске асырылады. Сондықтан оның әлеуметтік маңызы және әлеуметтік мәні болады. Мұндайды әлеуметтік мінез-құлық деп санайды.

Әлеуметтік мінез-құлық әр түрлі болады, олар:

а) индивидуалды (яғни жеке адамның мінез-құлқы);

ә) ұжымдық — бұл жалпы мұқтаждығы, талап-тілегі және іс-әрекет мақсатының бірлігі негізінде құрылған ұйымдасқан топтың мінез-құлықтары;

б) бұқаралық — бұл бір типті әрі ұйымдаспаған үлкен бұқара тобының мінезі-құлқы.

Жеке адам мінез-құлығының құрылымы үш элементен тұрады:

а) мотивация, мұқтаждық пен себеп-дәлелдердің көкейтесті мәселелері;

ә) шешімдер, яғни шешімнің мақсаты, оны іске асырудағы құралдарды іріктеп алу, жоспарлау;

б) іске асыру, өмірге ендіру. Бұл қоршаған ортаға әсер ету, болатын нәтижені талдау, іс-қимылдарды жүзеге асыру.

Әлеуметтік мінез-құлықтың өлшемі болып қылық саналады.

Қылық — бұл іс-ерекет. Мұның әлеуметтік маңызы және мәні болады. Мысалы, анасы баласына уақытында тамақ бермесе, бұл жағымсыз қылық болып есептеледі.

Әлеуметтік тәртіп белгілі бір әлеуметтік ережелерге сәйкес келсе, қалыпты дейді. Ал, мінез-құлық нормаға сәйкес келмесе, оны ауытқыған (немесе девианттық) мінез-құлық дейді. Бұл ауытқуды (девианттық) әлеуметтанудың арнаулы теориясы — ауытқу мінез-құлқының әлеуметтануы зерттейді.

Ауытқу тәртібіне құқық пен мораль принциптерінен кейін кету, оларды бұзу жатады.

Ауытқу тәртібі еңбек, өндіріс саласында, жеке адамдар арасында, ұйымдық қарым-қатынастарда, қызметте, жұмыста, тұрмыс-салтында, т.б. жиі кездесіп отырады. Мұндай жат қылықтарға бұзақылық, ұрлық, маскүнемдік, нашақорлық, өз-өзіне қол жұмсау, жезөкшелік, т.б. жатады. Мұндай ауытқу мінез-құлықтарына қарсы күрестер еліміздің барлық салаларында алуан түрлі әдістермен қатаң жүзеге асырылуда.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 3310 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.026 с)...