Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып. Қоғам әлеуметтiк жүйе ретiнде



1. Қоғам тұтас жүйе ретiнде

2. Қоғамдық даму ұғымы және оның қозғаушы күштері мен түрлерi.

3. Қоғамдық прогресс және регресс. Әлеуметтік революция және эволюция — дамудың негізгі формалары.

1. «Қоғам» деген ұғым әлеуметтану ғылымының басты категориясы болып табылады.

Күнделікті өмірде бұл ұғым кең түрде және әр түрлі мағынада қолданылады. Мәселен: 1) таңдаулы адамдардың қоғамы; 2 ) театр өнерін сүюшілер қоғамы; 3) Ресей немесе Қазақстан қоғамы; 4) адамзат қоғамы, т.б. мағынада қолдану бар. Әлеуметану ғылымы осы аталғандардың ішіндегі үшінші топтағы «қоғам» ұғымын зерттейді.

Көп уақытқа дейін «мемлекет» және «қоғам» ұғымдарын мазмұн және терминологиялық жағынан айырып көрсету болмады. Бұл ұғымдардың мазмұнын айыруда алғаш қадам жасаған итальяндық ғалым Н. Макиавелли болды. Ол мемлекет ұғымын "қоғам" ұғымынан айырып қарау үшiн «stato» деген арнайы термин енгізді.

Бұл аталған ұғымдардың айырмашылығын немістің ұлы философы Гегель теориялық жағынан негіздеп, дәлелдеді.

«Мемлекет», «қоғам», «ел» деген ұғымдарды синоним ретінде түсіну әлі де кездеседі. Әрине, бұл атаулардың арасында жақындық болғанымен, оларда айырмашылық бар.

Егер біз оларға жеке тоқталсақ, қоғам - бір-бірімен өзара байланыста, қарым-қатынаста болатын адамдардың үлкен қоғамдасуы; мемлекет сол қоғамды басқаратын билік органы; ел әлгі аталған қоғам қалыптасып, мекендейтін белгілі бір территория.

Ғылыми әдебиеттерде «қоғамның» мәнін түсіндіруге бағытталған анықтамалардың саны 150-ден астам. Әрине, олардың бәрі бірдей «қоғам» деген ұғымның мәні мен мазмұнын толық аша алмағанмен, бұл анықтамаларда ортақ сипатты белгілер бар.

Мәселен, әлеуметтанудың негізін қалаушы француз ғалымы Огюст Конт қоғамды белгілі бір қызмет атқаратын, ынтымақтастық пен қоғамдық еңбек бөлінісіне негізделген жүйе деп тұжырымдай келе қоғамның негізін отбасы, таптар және мемлекет құрайды деген анықтама береді.

Француз әлеуметтанушысы Эмиль Дюркгейм қоғамды коллективтік санаға негізделген, жеке индивидке қарағанда жоғары, бастанқылық сипаты бар рухани нақтылық деп түсіндіреді. Яғни, қоғамның тұтастығының негізі коллективтік, жалпыға тән сана деген тұжырымды айтады.

Көрнекті неміс ғалымы М. Вебер: «Қоғам — адамдардың бір-біріне ықпал, әсер етуінен туындайтын әлеуметтік байланыстардың жиынтығы», - дейді.

Американдық әлеуметтанушы Парсонстың пікірінше, қоғам-адамдар арасындағы қарым-қатынастардың жүйесі, ал, ол қарым-қатынастардың негізі — ережелер (нормалар) мен құндылықтар болып табылады деген.

Ал, К. Маркс қоғамды адамдардың бірлесiп қызмет етулерінің нәтижесінде пайда болып, тарихи дамып отыратын қатынастардың жиынтығы ретінде түсіндіреді.

Бұл анықтамалардың бәріне тән ортақ сипатты белгі - қоғамды өзара тығыз байланыста болатын элементтердің тұтас жүйесі ретінде қарастыру. Бұл — қоғам өміріне жүйелік тұрғыдан қарау деп аталады.

Қоғамға жүйелік тұрғыдан қараудың негізгі принциптеріне көшпес бұрын, алдымен жүйе (система) дегенге анықтама беру керек. Жүйе — өзара байланыста болып, белгілі бір тәртіпке келтірілген элементтерден тұратын, өздігінен дамитын және өзін өзі реттеп отыратын күрделі тұтастық. Кез-келген тұтас жүйенің ішкі табиғатын, мазмұнын оны құрайтын элементтердің құрамы айқындайды. Қоғам — әлеуметтік жүйе. Ал, әлеуметтік жүйе деп, негізгі элементтері адамдар арасындағы өзара байланыстар мен қарым-қатынастардан, өзара ықпалдасудан тұратын күрделі тұтастықты айтамыз.

Жекелеген адамдар және адам топтарының арасында болатын байланыстар, қарым-қатынастар және өзара ықпалдасу тұрақты сипатта болады және тарихи дамып, бір ұрпақтан екінші бір ұрпаққа ауысып отырады.

Әлеуметтік байланыстар фактілердің жиынтығы. Ол белгілі бір адамдар немесе адамдар тобының арасында нақты бір уақытта бірлесе қызмет ету нәтижесінде пайда болады. Ол байланыстар объективтік қажеттіліктен туындайды және белгілі бір мақсатты көздейді

Әлеуметтік өзара ықпалдасу бұл да жеке адамдар мен адам топтарының бір-біріне әсер немесе ықпал етулерінің нәтижесінде пайда болатын процестер. Күнделікті өмірде адамдар өздерінің іс-әрекеттері арқылы басқаларға әсер етеді. Соның нәтижесінде шағын топтарда немесе тұтас қоғамда өзгерістер болып отырады.

Әлеуметтік қарым-қатынастар — адамдар және топтар арасында болатын салыстырмалы түрдегі біршама тұрақты байланыстар. Кез-келген адам өз өмірінде сан қилы қатынастарға түседі. Мәселен, өзінің отбасымен, туған-туысқандарымен — туыстық қарым-қатынаста болса, құрбыларымен — достық, жолдастық қатынаста; өндірісте - еңбек қатынасында болады; билік орындарымен — саяси қатынас орнатады.

Сонымен, қоғамның тұтастығын осы жоғарыда айтылған әлеуметтiк мәні бар байланыстар, қарым-қатынастар және адамдардың өзара әсерлесуі қамтамасыз етеді. Бұлар жеке тұлғалардан жоғары тұрады. Өйткені қоғамның әрбір адамға қарағанда бастапқылық сипаты бар. Адам өз өмірін бастағанда әлгі айтылған әлеуметтік қарым-қатынастар мен байланыстарға тап болады. Өзiнiң әлеуметтенуінің барысында адам оларға араласады.

Әлеуметтік жүйедегі элементтердің (адамдардың) орналасуында белгілі бір тәртіп болады. Басқаша айтқанда, әлеуметтік жүйе элементтердің координациясы мен субординациясынан тұрады.

Координация жүйенің тұтастығын қамтамасыз ететін элементтер арасындағы белгілі бір келісім. Яғни, қоғам мүшелері бір-бірімен өзара келісімде өмір сүрулері қажет.

Субординация — тұтас жүйедегі элементтердің тең емес, әркелкі маңызынан туындайтын билеу және тәуелді болу қатынастары. Бұл — қоғамда иерархия бар деген сөз. Ал, қоғамның қалыптасып, дамуында биліктің маңызды орын алатындығы баршамызға мәлім.

Әлеуметтануда қоғамға жүйе тұрғысынан қарау детерменистік көзқараспен толықтырылады. Бұл теория марксизмде айқын көрініс тапқан. Маркстік ілім бойынша, қоғамның өзі экономикалық, саяси, әлеуметтік және идеологиялық деген жүйелерге жіктеледі. Олардың арақатынасы себеп-салдарлық байланысқа негізделген. Яғни, әр жүйе өз алдына жеке-дара емес, керісінше, басқаларымен өзара тығыз байланыста болады. Марксизм бұл жүйелердің ішінде экономикалық жүйеге басты орын береді. Өйткені экономикалық жүйенің негізiнде материалдық игіліктер өндірісі қоғам мүшелерін өмір сүруге қажетті алғышарттармен қамтамасыз етеді. Бұл аталған жүйе қоғамның негізі болып саналады және әлеуметтік, саяси, идеологиялық салалармен өзара тығыз байланыста болады.

Қоғам деген не, оның адам өміріндегі ролі мен орны қандай деген сұрақ барлық социологиялық ағымдар үшін басты сұрақ болып келгенін жоғарыда келтірілген тарихи шолудан көрдік. Қоғам ұғымына анықтама бермес бұрын «табиғат», «қоғам» деген жалпы ұғымдардың мазмұнын, арақатынасын қарастырып көрейiк.

Бұл екі ұғымның арақатынасын бұған дейінгі әлеуметтік философия курсында қарастырған болатынбыз. Алайда, социология үшін методологиялық (жалпы теориялық) жетекші болып табылатын ол мәселені тағы бір қарастырғанның артықшылығы болмас.

Қоғам - табиғаттың құрамдас бір бөлігі дедік. Сонымен бірге табиғатпен тепе-тең нәрсе ретінде қарауға болмайтынын да ескеру қажет: бірінші жағдайда «табиғат» ұғымын шегіне жеткен аса кең мағынада алып, адамның ой-санасынан тыс және тәуелсіз өмір сүретiн объективтік шындықты, бүкіл дүниені білдіру тұрғысында қолданамыз. Бұл тұрғыдан қарағанда, қоғам — табиғаттың бір бөлiгiболады.

Ал екінші мағынада алғанда, «табиғат» әлдеқайда тар мағынада қарастырылып, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесін, географиялық-табиғи дүниені білдіру үшін қолданылады. Бұл әсiресе адамның тек биологиялық жан емес, ол негізінен әлеуметтік жан екендігін атап көрсету үшін қажет. Адам, қоғам, әрине, табиғат дамуының нәтижесінде келіп шықты, бірақ адам табиғаттың сапа жағынан жаңа, әлдеқайда жоғары әлеуметтік формасы екенін естен шығармау қажет. К. Маркс адамның мәні - қоғамдық қатынастардың жиынтығы екендігінде деп анықтағанда, ол адам ең алдымен қоғамның тікелей жемісі екенін атап көрсетпекші болды.

Белгілі югославиялық социолог Д. Маркович адамның мынадай үш негізгі ерекшелігін - жасампаздығын, еркіндік-бостандығын және әлеуметтік жан екендігін атап көрсетеді де мынадай анықтаманы ұсынады: «адам дегеніміз - өзінің табиғатқа деген жасампаздық қатынасында өзін еркін, әрекетшіл және басқа адамдармен бірігіп әрекет етіп, сөйтіп өзінің биологиялық және әлеуметтік болмысын қамтамасыз ететін субъект ретінде көрсететін қоғамдық жануар».

Демек, «табиғат» және «қоғам» деген екі ұғымды тепе-тең қарауға да, сондай-ақ бір-біріне қарама-қарсы қойып, мүлдем бөліп тастауға да болмайды. Олар біртұтас шындық дүниенің сапа жағынан айырмасы бар екі формасы болады. Ал бұл адам мен қоғамның біртұтас екі негізін — табиғи-әлеуметтік (биоәлеуметтік) негізін дұрыс түсінуге мүмкіндік береді.

Бұл айтылғандардың теориялық жағымен қатар саяси-практикалық маңызы да бар. Тарихи тәжірибенің көрсетуінше, қоғамның (елдің) әлеуметтік-экономикалық өмірін жоспарлағанда табиғат жағдайларын ескермеу толып жатқан сәтсіздіктерге әкеп соғады. Бұл бір жағынан. Екінші жағынан алғанда, елдің, мемлекеттің саясатын белгілегенде адамның биологиялық табиғатын шешуші фактор деп қарау, сөйтіп қоғам өміріне табиғат заңдарын қолдану реакцияшыл қорытындыларға негізделген керітартпа әрекеттер тудырады.

Сонымен, қоғам дегеніміз не? Ең жалпы мағынада алғанда, қоғам дегеніміз адамдардың бірлесуі, жиынтығы. Хайуандардың да, оның ішінде адам тектес маймылдардың да жиынтығы, тобырлары бар, бірақ олардың кейбір сырт көріністері адам қоғамына ұқсас болғанымен, оларды қоғам деуге болмайды. Қоғам - санасы, ақыл-ойы бар адамдардың жиынтығы.

Жануарлардың биологиялық қатынасы шын мәніне келгенде табиғатпен қатынас болса, ал адам қоғамындағы қатынастар - адамдардың адамдарға деген қатынастары. Бұл біріншіден.

Екіншіден, Робинзон Крузо сияқты жеке адамның өмірі немесе бірінен бірі алшақ тұрған бірнеше адамдардың да өмірі — қоғам өмірі емес. Қоғам болуы үшін ең кемі екі адам болуы тиіс. Қоғам деген не?—деген сұраққа Маркс «адамдардың өзара қарым-қатынасының нәтижесі» деді.

Қоғам адамдардың қалай болса солай жай жинала салуы емес, ол адамдардың арасындағы айтарлықтай тұрақты және жеткілікті дәрежедегі берік қарым-катынасы бар бірлестік. Күнделікті тұрмыста «қоғам» ұғымы түрлі мағынада қолданылғанымен, бірақ социологияда «қоғам» деп мына төмендегідей сипаттамалары бар жиынтықты айтады: 1) өмір сүретін территория бірлігі болуы; 2) өзара байланысы тұрақты және біртұтас адамдар жиынтығының болуы; 3) өзін-өзі қамтамасыз ету, өзін-өзі басқаруы, өсіріп отыруы, т.б. болуы; 4) әлеуметтік байланыстардың негізін құрайтын мінез-кұлық нормалары мен әдет-ғұрыптар жүйесін құратын дамыған мәдени дәрежесінің болуы.

«Қоғам» ұғымына жалпылама анықтама берудің қиындығы бір қатар жағдайларға байланысты. Біріншіден, бұл көлемі жағынан өте кең және мазмұны жағынан аса абстрактілі ұғым. Екіншіден, қоғам алуан түрлі тұрғыдан қарастыруға болатын аса күрделі, көп қырлы құбылыс болып табылады. Үшіншіден, «қоғам» —тарихи ұғым, сондықтан оның анықтамасы барлық даму кезеңдерінің бәрін қамтуы тиіс. Төртіншіден, «қоғам» — әлеуметтік философияға да, социологияға да, тарихқа да, әлеуметтік психологияға да және басқа ғылымдарға қатысы бар ұғым.

Жоғарыда айтылған жағдайлардың бәрін ескере отырып, «қоғам» ұғымына мынадай жалпы анықтама беруге болады: Қоғам - өз қажеттерін қанағаттандыру мақсатында өзара байланысудың тарихи қалыптасқан формасында біріккен адамдар жиынтығы (тобы); бұл топ — тұрақты және біртұтас, өзін-өзі қамтамасыз етіп, өзiн-өзі басқаратын, адамдардың өзара байланысы мен өзара әрекетін басқаратын айрықша әлеуметтік нормалары мен әдет-ғұрыптарын қамтитын мәдени дәрежесі жоғары жиынтық.

«Қоғам» ұғымын «ел», «мемлекет» деген жиі қолданылатын ұғымдардан айыра білу қажет. «Ел» деп біздің планетамыздың, белгілі бір мемлекетке қатысты шекарасы бар географиялык территорияда тұратын халықты айтады. «Мемлекет» - елдің саяси системасының басты белгілерін бейнелейтін ұғым. Ал «қоғам» - елдiң әлеуметтік құрылысын сипаттайтын ұғым.

Қоғам бір текті емес, оның ішкі құрылысы және толып жатқан әлеуметтік құбылыстары мен процестері бар. Оның құрамдас элементтерін құратын мыналар: адамдар, әлеуметтік байланыстар мен қатынастар, әлеуметтік институттар мен ұйымдар, әлеуметтік топтар мен қауымдастықтар, әлеуметтік нормалар мен әдет-ғұрыптар, т.б. Социологияның міндеті қоғамның осындай құрылысын ашып көрсетіп, оның аса маңызды элементтерінің ғылыми классификациясын жасап беру болуы тиіс.

2. Социология коғамның әлеуметтік құрылысымен тығыз байланысты. Сондықтан, ол қоғам өзгермейтін, қатып-семіп қалған құбылыс па, әлде ол өзгеріс, қозғалыс, дамуда болатын тірі әлеуметтік организм бе, ал егер ол дамитын болса, онда оны дамытушы күштер, факторлар қандай деген мәселеге жауап беруді талап етеді.

Социологиялық теориялардың басым көпшілігі қоғамдық құбылыстардың өзгерісі мен дамуын мойындайды. Алайда даму деген не, оның мәні мен бағыты қандай, оның қозғаушы күштері неде деген сұрақтарға олар түрліше жауап қайырады. Қоғамның даму формалары мен қозғаушы күштері жайлы теориялардың барлығын қарастыру мүмкіндігіміздің жоқтығын ескере отырып, біз тек идеалистік көзқарастар мен тұрпайы материалистік теорияларды және қоғам дамуының ғылыми-материалистік ұғымын ғана қысқаша қарастырамыз.

Қоғам жайлы идеалистік теориялардың бәріне ортақ нәрсе сол, олар қоғам дамуының, қозғаушы күшін идеядан, сана формаларынан іздейді.

Объективтік-идеалистік социология қоғамның қозғаушы күшін «жоғары» идеядан немесе абсолюттік идеядан іздейді. Енді бір идеалистік теориялар ол күшті қоғамдық сананың айрықша формаларынан, мәселен, «халықтың рухани күшінен», «ұжымдық санадан», т.б. іздейді. Қайсы бір идеалистік теориялар қоғамдық дамуды ұлы қайраткер адамдар, олардың идеялары мен қабілеттері, практикалық іс-әрекеттері шешеді деп түсіндіреді. «Күштеу теориясы» деген идеалистік теория да бар. Бұл теория қоғамдағы өзгерістердің басты күші саяси факторлар, ең алдымен мемлекет деп есептейді.

Тұрпайы материалистік теориялардың ішінде ең кең тарағандары: «қажеттіліктің өсуі» теориясы, «географиялық материализм» және «демографиялық» теориялар.

«Қажеттіліктің өсуі» теориясы қоғам дамуының қозғаушы күші жаңадан туып отыратын қажеттерді қанағаттандыру үшін күресуде деп санайтын батыстық социал-реформистік теорияға жатады. Бұл теория бойынша, үздіксіз өсіп отыратын қажетсіну мен оны қанағаттандыру мүмкіндігі арасында ұдайы сәйкессіздік және күрес туып отырады, ал бұл күрес қоғамды ілгері жылжытады. Сырттай қарағанда дұрыс сияқты көрінетін бұл социал-реформистік теорияға үңіле қараса, оның қателігін байқау қиын емес, өйткені, қажеттіліктің өзі, тұтынудың сипаты өндірістен тәуелді екенін түсіну қиын емес: тұтыну қажеттігі өндірістен туады. Демографиялық теория бойынша қоғам дамуының негізгі қозғаушы күші тұрғын халықтың өсу дәрежесі болып табылады.

Адам - басты өндіргіш күш, сондықтан, өндіргіш күштердің дамуының белгілі бір дәрежесі тұрғын халықтың сан жағынан өсуіне мүмкіндік қана тудырады, ал, негізгі түпкі қозғаушы күш өндіріс құрал-техникасының дамуы болып қала бермек.

Географиялық материализм теориясы бойынша географиялық орта қоғам дамуының шешуші күші болып табылады. Бұл теория географиялық детерминизм және географиялық поссибилизм болып екіге бөлінеді.

Географиялық детерминизм теориясы бойынша, географиялық орта тек қоғамның жалпы даму барысын ғана емес, сондай-ақ, қоғамдық құбылыстардың әрқайсысының барысын да айқындайтын шешуші күш болып табылады. Географиялық поссибилизм қоғамның дамуына географиялық ортамен қатар басқа факторлар да әсер етеді дейді.

Әрине, географиялық орта өндірістің дамуына қолайлы немесе қолайсыз жағдайлар тудырады да, ол қоғам дамуына өндіргіш күштердің дамуы арқылы әсер етеді. Сондықтан, оның ролін жоққа шығаруға болмайды, бірақ, оны абсолюттендіру дұрыс емес.

Қоғам дамуының қозғаушы күшін нағыз ғылыми-материалистік тұрғыдан түсіну үшін «әлеуметтік өзгеріс», «қозғалыс» және «даму» ұғымдарының арақатынасын дұрыс айқындап алған жөн.

Қоғам ұдайы қозғалыста бола отырып, тиісті әлеуметтік өзгерістерге ұшырайды: құбылыстар мен олардың құрамдас бөліктері бір күйден екінші күйге ауысады, қайсы бір кұбылыстар дүниеге келіп, енді біреулер жойылып жатады, т.т. Ол өзгерістер микроқұбылыстар деңгейінде немесе макроқұбылыстар (тұтас қоғам және топтар) деңгейінде болуы мүмкін. Өзгерістерді бір-бiрiнен тек көлемі, деңгейі жағынан ғана емес, сондай-ақ, мазмұны мен мәні жағынан да айыруға болады, яғни, оларды бір сападан екінші сапаға өту сипаты жағынан да айыруға болады.

Күнделікті ойлау-сөйлеу практикасында «өзгеріс», қозғалыс», «даму» ұғымдары тепе-тең мағынада қолданыла береді. Өзгеріс дегеніміз - қозғалыс, ал қозғалыссыз өзгеріс жоқ. Сондай-ақ, қозғалыс дегеніміз алуан түрлі өзгерістер.

Алайда өзгеріс, қозғалыстардың барлығы бірдей «даму» бола бермейді. Даму деп философияда (әлеуметтік философияда да) материалдық заттар мен құбылыстардың белгілі бір бағыттағы, яғни, өткеннен болашаққа қарай өтетін, ескіден жаңаның тууына алып келетін сапалық өзгерістерді айтады. Олай болса, социологияда даму деп кез-келген әлеуметтік өзгерістерді түсiнбестен, жаңа қоғамдық қатынастар мен құбылыстардың тууына себепкер болатын айтарлықтай терең мазмұнды, сапалық өзгерістерді түсінеді.

Түрлі социологиялық теориялар қоғамдық дамуды мойындағанымен, бірақ дамудың қозғаушы күштері мен себептері, заңдылықтары жайлы әр түрлі анықтама береді. Бұларға дұрыс баға беру үшін алдымен қоғамдық дамудың марксистік емес басқа теорияларын қарастырған жөн сияқты.

Қоғам дамуының қозғаушы күші жайлы мәселеде марксизм дүниенiң материялылығы және оның бірлігі жайлы ілімді басшылыққа алады: қоғам табиғатпен бірлікте, өйткені, ол материялық дүниенің бір бөлігі, сондықтан, материялық дүниенің жалпы даму заңдары қоғамда да әрекет етеді. Сонымен қатар, қоғам шындық дүниенің айрықша бір бөлігі, өйткені ол жалпы заңдар, қоғамдағы адамдардың іс-әрекетінің негізінде, әлеуметтік қатынастар түрінде жүзеге асады.

Осы тұрғыдан алғанда, марксизм, табиғаттағы сияқты, қоғамдық дамудың да қозғаушы күштерін оның өз ішінен іздейді: адамдар қоғамда өмір сүру үшін ішіп-жеуі, киінуі керек, баспанасы болуы қажет, ал бұларды өндіру керек, өндіру үшін қоғамдық өңдіріс ұйымдастыру қажет. Олай болса, қоғам өмірінің ең бірінші де қажетті шарты — материалдық игіліктер өндірісін күн сайын, сағат сайын үздіксіз іске асыру. Демек, материалдық игіліктерді үздіксіз жүргізу адамзат тарихының үздіксіздігінің және мәдени жетістіктерінің бірден-бір шарты болып табылады. Адамзат қоғамы дамуының қозғаушы күші жайлы марксистік көзқарас К. Маркстің «Саяси экономия сынына» деген еңбегінің алғы сөзінде мынадай сөздермен қысқаша да толық анықтап берілген: «Дамудың белгілі бір деңгейінде қоғамның материалдық өндіргіш күштері сол кезде бар өндірістік қатынастарға немесе бұған дейін өзінің даму формасы болып келген меншіктік қатынастарға қайшы келеді, өйткені бұл қатынастар өндіргіш күштердің даму формасынан енді олардың тұсауына айналады. Сонда әлеуметтік революция дәуірі туады. Экономикалық негіздері өзгергеннен кейін айтарлықтай тез арада зәулім қондырманың бәрінде төңкеріс болады. Мұндай төңкерістерді талдағанда өндірістің экономикалық жағдайындағы материалдық төңкерістен юридикалық, саяси, діни, көркемөнер және философия, қысқасы идеологиялық формаларда болатын төңкерістерді әрдайым айыра білу қажет. Жеке адам жайлы оның өзінің өзі жайлы ойының негізінде пікір айтуға болмайтыны сияқты, төңкерістердің мұндай дәуірі жайлы да оның санасы бойынша пікір айтуға болмайды. Керісінше, ол сананы қоғамның, материалдық өмірінің қайшылығынан, қоғамдық өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың арасындағы конфликттен шығарып түсіндіру керек» (К. Маркс пен Ф. Энгельс. Шығ. 13 т., 1-8 б.).

Сонымен, марксизм ілімі бойынша, қоғамның жалпы даму заңына сәйкес қоғам дамуы өндірістің дамуының нәтижесі, ал өндіріс негізгі әлеуметтік процесс болып табылады.

Қоғам дамуының қозғаушы күші жайлы марксизм ілімі қоғамның дамуы объективті де қажетті процесс, яғни қоғамдағы уақиғалар адамдардың санасынан, қалауы мен еркінен тәуелсіз жүріп жататын объективтік заңды құбылыс деп тұжырымдайды. Алайда қоғам құбылыстарының заңдылығы субъективтік фактордың ролін, яғни адамдардың саналы іс-әрекетінің қоғам дамуындағы ролі мен маңызын жоққа шығармайды, қайта оларды жоғары бағалайды.

Марксистік ілім әлеуметтік дамудың қозғаушы күштерін қоғамның өз ішінен іздей отырып, олар өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастырдың арасындағы қайшылық екенін дәлелдеп береді. Бұл кайшылық түрліше әлеуметтік топтардың, ал таптық қоғамдарда түрліше таптардың мүдделерінің әр түрлілігінің көрінісі болып табылады. Атап айтқанда, ол негізгі кайшылық сол қоғамдағы негізгі таптардың арасындағы кайшылық. Сөйтіп, тап күресі, сайып келгенде, өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың арасындағы қайшылықтарды шешіп, олардың арасында сәйкестік орнату болып табылады осы жөнінен алғанда, тап күресі таптық қоғамдардың дамуының негізгі қозғаушы күші деп саналады.

Адамдардың таптарға бөлінетінін және олардың арасындағы таптық күресті социологтар марксизмнен әлдеқайда бұрын байқаған болатын. Алайда, идеалистер болғандықтан, олардың бәрi қоғамның таптарға бөлінуінің объективтік негізін дұрыс түсіндіре алмады. Марксизм ғана материалистік диалектиканы қоғам өмірін зерттеуге қолдана отырып, қоғамның таптарға бөлінуінің шын себебін ашып берді: таптар деп адамдардың қоғамдық өндірістің белгілі бір тарихи жүйесiндегi орнына қарай, олардың өндіріс құрал-жабдықтарына деген (көбінесе заң түрінде бекітіліп тұжырымдалған) қатынасына қарай, еңбектің қоғамдық ұйымдасуында атқаратын роліне қарай, ал олай болса, олардың қоғамдық байлықтан алатын үлесінің мөлшеріне және үлесті алу тәсіліне қарай айырылатын үлкен топтарын түсіну керектігін ашып берді.

Бұл аталған төрт белгінің ішінде тап үшін ең негізгісі, бастысы өңдіріс кұрал-жабдықтарына деген қатынас болып табылады, өйткені қалған басқа белгілер (таптардың қоғамдық байлықтан алатын үлесінің мөлшері мен тәсілі де) осы белгі арқылы анықталады.

Таптар мәңгі өмір сүрмейді. Алғашқы қауымдық қоғамда таптар болған емес, өйткені, онда жеке меншік болған жоқ. Себебі, тастан, сүйектен жасалған тұрпайы еңбек құралдары күнделікті iшiп-жеуден артылатын қосымша өнім өндіруге мүмкіндік бермейді. Тек кейін металл құралдар (алдымен қола, одан кейін темір құралдар) шыққаннан кейін ғана еңбек өнімділігі артып, күнделікті ішіп-жеуден артылатын қосымша өнім пайда болды — ол жинақтала келе ру басыларының, әскер басыларының жеке меншігіне айналып, олар өздерінің бұрынғы қандас туыстарын басыбайлы құлға айналдырды. Демек, таптардың шығуының басты себебі экономикалық теңсіздік екен, олай болса, тап күресінің бірінші формасы — экономикалық күрес, бұдан кейінгі формалары саяси және идеологиялық күрестер болып табылады.

Таптар пайда болғаннан кейін олардың арасында мүдде қайшылықтары туып, олар біртіндеп шиеленісе келе енді келісімге келеалмайтын антагонистік сипатқа ие болды. Содан бері антагонистік таптық қоғамдардың тарихы таптар күресінің тарихына айналды.

Әрбір таптық қоғамда негізгі және негізгі емес таптар бар. Сол қоғамдағы өндіріс тәсілі тудырған таптар негізгі таптар болып табылады, ал бұрынғы қоғамнан қалған таптар немесе болашақ қоғамның бастамасы ретінде туған жаңа таптар негізгі емес деп аталады. Сондай-ақ, түрліше басқа қоғамдық топтар (интеллигенция, дін қызметшілері, т.б.) болады.

Таптар күресінің антагонистік қоғамдардағы дамуының қозғаушы күші болып табылады. Бұл күрестер тек көтерілістер мен революцялық төңкерістер кезінде ғана емес, сондай-ақ, айтарлықтай «бейбіт» кездерде де қоғам өмірін ілгері жылжытады. Мәселен, капитализм тұсында тап күресі өндіргіш күштерді жетілдірудің қозғаушысы болады. Егер жұмысшылардың жұмыс күнін қысқарту, еңбек жағдайын жақсарту үшін күресі болмаса, капиталист көп жағдайда жаңа техника мен технологияны өндіріске өндірмей жүре берер еді.

Қысқасы, тап күресінсіз таптық қоғамдарда әлеуметтік прогресс жүзеге аспаған болар еді.

3. Қоғам дамуының қозғаушы күштері және әлеуметтік өзгерістердің негізгі формалары жайлы мәселелерді дұрыс түсіну үшін қоғамның әлеуметтік типтері жайлы, атап айтқанда, марксизмнің қоғамдық-экономикалық формация жайлы ұғымын білудің маңызы зор. К. Маркс өзінен бұрынғы әлеуметтік философия өкілдерінің қоғам жайлы жалпылама пайымдамаларына қарама-қарсы «қоғамдық-экономикалық формация» категориясын ұсынып, оның ғылыми анықтамасын тұжырымдап берді: қоғамдық-экономикалық формация деп өндіргіш күштердің дамуының нақты деңгейімен анықталатын негізгі өндірістік қатынастардың төңірегінде қалыптасқан және өндіріс құрал-жабдықтарына деген меншік формасынан көрінетін, айтарлықтай тұрақы біртұтас қоғамдық қатынастардың жиынтығын айтады.

Қоғамдық-экономикалық формация ұғымы қоғам дамуының жеке сатыларындағы бірқатар нақты қоғамдардың ұқсас белгілерін терең зерттеп, жалпылаудың нәтижесінде тұжырымдалды. Осының негізінде бес қоғамдық-экономикалық формация атап көрсетіліп, олардың тарихи даму ретін, бағытын ашып берді: тарихи даму өткеннен болашаққа қарай, төменгіден жоғарыға қарай, ескі сападан жаңа сапаға өту арқылы жүреді. Қоғамдық дамудың бұл жолы социологияда әлеуметтік прогресс деп аталады.

Алайда қоғамда прогрессивтік күштермен қатар керітартпа реакцияшыл күштер де әрекет етіп, әлеуметтік жаңалықтарға кедергі жасауы, тіпті тарихты кері қайыруға да әрекет жасауы мүмкін. Ол ма, тоқырау кезеңдері мен кері кету фактілері де болып тұрады. Бұл жеке елдер мен мемлекеттерде жиі кездеседі. Мәселен, бұрынғы КСРО республикаларында қазір сондай тоқырау кезеңі болып тұр. Мұндай құбылыстар әлеуметтік регресс деп аталады.

Әлеуметтік прогресс пен регресті бір-бірінен айыру үшін оның критерийі қандай және ол критерий (өлшеуіш) объективтік сипатта ма, соны анықтау қажет, өйткені оның критерийін объективтік сипатта емес, таза субъективтік сипатта карастыратындар да социология мен әлеуметтік философияда жиі кездеседі. Сонымен қатар, объективтік деген сөзді өз мүддесі тұрғысында бұрмалап қолданатындар да жоқ емес. Әрине, түрлі таптардың, әлеуметтік топтар мен партиялардың мақсат-мүдделері түрліше, кейде тікелей қарама-қарсы болып келеді. Сондықтан, қандай көзқарастар, пікірлер объективтік шындықты дәл бейнелеп, объективтік ақиқатты білдіретінін анықтаудың маңызы зор. Мәселен, XVIII ғ. Ұлы Француз революциясы — прогрессивтік, 1945 ж. Герман фашизмінің талқандалуы да прогрессивтік құбылыстар.

Қоғамдық прогрестің жалпы адамдық критерийі — қоғамдық құбылыстың адамның адамдық табиғатына, оның жан-жақты еркін даму қажеті мен мүддесіне объективті түрде сәйкес келуі немесе сәйкес келмеу дәрежесі.

Марксист емес социологтар мен тарихшылардың бір қатары қоғам дамуының прогрессивтік сипатын мойындамайды. Мысал ретінде «мәдени-тарихи тип теориясы» дегенді алуға болады. Бұл теорияның негізін салған Ресей социологы Н.Я. Данилевский деген дүниедегі халықтарды «тарихи» және «тарихи емес» деп екіге бөлді. «Тарихи емес» халықтар «өзіндік цивилизация» жасап, тарихи процестің субъектісі болуға қабілетсіз болады, ал «тарихи» халықтарға, айырықша мәдени-тарихи цивилизацияға қабілетті халықтарға славяндар, гректер, роман-герман халықтары сияқты 13 халық жатады. Бұл «тарихи» халықтарды бөліп алудың негізі мынадай төрт белгіні ұштастырып көрсету дейді, ол: дін, мәдениет, саяси және қоғамдық-экономикалық құбылыс.

Неміс социологы О. Шпенглер (1880-1936) мәдени-тарихи типтер теориясын өзінше дамыта отырып, циклдық даму теориясын ойлап шығарды (8 мәдени-тарихи типке бөлді) — өрлеуші («мәдениет») және құлдыраушы («цивилизация») даму бағыттары. Одан кейін оның ағылшындық ізбасары
А. Тойнби (1889-1975) тарихи процестің циклдік моделін (нұсқасын) дүниежүзілік діндердің (ислам, христиан, будда) халықтарды бiріктірушілік ролін мойындау бағытында біраз өзгертті. Діндер, оның пікірінше, ең жоғарғы рухани байлық болып табылады.

П. Сорокин мәдени-тарихи типтердің айрықша тұжырымдамасын ұсынды. О. Шпенглерден және А. Тойнбиден оның айырмашылығы сол, ол қоғамдық прогресті жоққа шығарған жоқ. Ол болашақта бүкіл адамзаттың біртұтас жаңа цивилизациясын қалыптастыруға болады деді. Оның бұл идеясы және онымен тығыз байланысты түрлі әлеуметтік жүйелердi біріктіру (конвергенция) теориясы социологтар арасында кең қолдау тауып, қазіргі заманғы глобализм деген бағыт (тұжырымдама) туып, бірден кең етек алуына әкеп соқты.

Бұл бағыттың мәні сол, әрбір елдің, әрбір халықтың өмірі мен дамуы барған сайын бүкіл дүниенің тұтас дамуына тікелей байланысты бола береді деген пікірді және бұған, керісінше, қазіргі заманғы дүниежүзілік (глобалдық) проблемалардың табысты шешілуі барлық елдер мен халықтардың бірлесе белсенді әрекет етуіне байланысты деген пікірді дәлелдеу. Әлеуметтік қозғалыстар даму формасына қарай әлеуметтік революция және эволюция болып екіге бөлінеді.

Диалектиканың белгілі заңдарын қоғам өміріндегі қозғалыстарды түсіндіруге қолдансақ, қоғамдық дамудың екі формасы — революциялық және эволюциялық формалары келіп шығады.

Өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың арасындағы қайшылықты шешу үшін ескірген өндірістік қатынастарды жойып, оның орнына өндіргіш күштердің жаңа мазмұнына сәйкес келетін жаңа сипатты өндірістік қатынастар орнату қажет дедік жоғарыда. Сөйтіп, өндіріс тәсілі ескі сападан жаңа сапаға өтеді. Қоғамдағы мұндай сапалық өзгеріс революциялық даму деп аталады.

Ал, өзгеріс бір сапаның ішінде ғана болса, сөйтіп қоғам өмірін біртіндеп жетілдірумен шектелсе, мұндай даму эволюциялық деп аталады. Әлеуметтік революция мен әлеуметтік эволюция - қоғамдық дамудың өзара тығыз байланысты және бірін-бірі толықтырып отыратын екі қажетті формасы. Оларды бір-бірінен бөліп тастап, жеке-дара, байланыссыз қолдануға болмайды. Мазмұн мен форма, мән мен құбылыс, сан мен сапа деген қос философиялық категориялар сияқты революция мен эволюция да диалектикалық бірлікте болады. Марксизм социологиясы бұл екі даму формасын бірлікте қолданады: эволюциясыз революция жоқ, ал революция эволюцияны аяқтайды деп түсіндіреді. Осы тұрғыдан алғанда, ол әлеуметтік революцияның маңызын жоққа шығарып, тек эволюциялық өзгерістерді ғана мойындайтын сыңаржақ эволюционизм қоғамтануда реформистік көзқарасқа — реформизмге әкеліп соғады деп тұжырымдады.

Эволюцияшыл реформистер революцияны кездейсоқ, керексіз, заңсыз қоғамдық құбылыс деп санады, өйткені эволюцияның көмегімен-ақ, олардың пікірінше, терең мазмұнды әлеуметтік өзгерістер жасауға болады, сондықтан революцияны болдырмауға болады дейді. Бұл, әрине, дұрыс емес.

Кейбіреулер әлеуметтік революцияны аса тар мағынада, яғни тек саяси төңкеріс мағынасында, тек мемлекеттік өкімет билігін тартып алып, ескінің бәрін жою, қирату мағынасында ғана түсінеді. Әлеуметтік революцияны бұлайша тар мағынада түсінгенде, ол қоғам дамуының қажетті, заңды формасы болудан қалады. Сондықтан, әлеуметтік революцияны біртіндеп, бірақ, одан бұрынғы эволюциялық дамумен салыстырғанда, айтарлықтай жылдам жүзеге асатын кең көлемді құрылымдылықты әр тарапты сапалық өзгеріс (даму) деп түсіну қажет. Мәселен, Францияда буржуазиялық революция төрт жылда (1789-1793 жылдары) тез жүзеге асса, ал Германияда 1848 жылдан 1918 жылға дейін 70 жылға созылды.

Сонымен, әлеуметтік революцияны жүзеге асыру қажет болғанда, оны әрбір қоғамның ішкі-сыртқы құрылыс ерекшеліктерін, ондағы таптық-әлеуметтік қатынастардың сипатын, т.б. мұқият ескере отырып іске асыру, ал ол үшін дамудың эволюциялық және революциялық формаларының диалектикалық бірлігін қатаң басшылыққа алу қажет.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 6993 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.018 с)...