Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып. Білім беру әлеуметтануы



1. Білім берудің әлеуметтанулық мәселелері.

2. Білім әлеуметтік институт ретінде.

1. Білім беру социологиясы дәстүрлі социологиялық тақырыптардың бірі. Сонымен қатар бұл тақырыптың ертеден бері қарастырыла бастағанына қарамастан, онда талас тудыратын шешілмеген мәселелер өте көп. Білім берудің социологиялық проблемаларымен іс жүзінде социологиялық бағыттардың барлық өкілдері айналысып жүр.

1938 жылы Э. Дюркгейм қайтыс болғаннан кейін көп жылдар өткен соң Парижде оның «Эволюция образовательной мысли» атты еңбегі жарық көреді. Онда оның білім беруге байланысты гуманистер идеалының тарихи логикасы болғандығын атап өтетін бірнеше өте керемет идеялары ұсынылады. Мысалы, ХVII-XVIII ғасырларда Францияда өз еңбектерін бірінші кезекте ұсынған әдебиетшілер, философтар, ғалымдардан тұратын белгілі интеллектуалдық элита қалыптасқан болатын. Осы орта сол кезеңнің интеллектуалдық процесіне орай аталатын есімдерді дүниеге әкелді. Білім берудің міндеті осы бір таңдаулы интеллектуалдық қабат үшін адамдарды әзірлеу болды.

Міне, осындай білім берудің анық элитарлық теориясы миллиондаған қарапайым адамдарды есепке алмай тастайды. Бір жағынан демократиялық өзгерістер тұсында да білім берудің гуманистік моделі білім берудің ғылыми социологиялық теориясымен ешқандай ұқсастық таппайды. Білім берудің гуманистік айқындамасы адам табиғатының жақсаруына, әр адамның бойында адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына негізделген. Бірақ адам табиғаты бір өркениеттен басқа өркениетке қарағанда көбірек орын алатын спецификалық жайт емес қой. Бір әдебиетті басқаларға қарағанда адамгершілікті деп бөле-жара қарау, айталық француз, неміс немесе орыс әдебиетінің ерекше гуманистік сипаты бар деу мүлде дұрыс емес. Джек Лондонның ересек баланы анасы ұрып-соғуы жайлы тамаша әңгімесі бар. Онда ешқашан жыламайтын бала бұл жолы анасының бұрынғысынан таяқпен әлсіздеу ұрғанын сезе қойып, анасының қазасы жақындағанынан күдіктеніп, аяқ асты жылап қоя береді. Бұл басқа мәдениеттің ауқымында патриархалдық зорлық көрсету ретінде қабылданса, ал, осы тұста бала махаббатының жарқын көрінісіне айналып отыр. Аталмыш «адам табиғаты» адам санасының талас тудыратын кұрылысы іспеттес. Қоғамдық сана табиғи түрде қабылдайтын сезімдер, кез келген қоғамның саналы өмір сүруі үшін қажетті идеялар бір халықтар үшін өте керек болса, ал келесі біреулері үшін ол мүлде қажеті жоқ болып отырады.

Э. Дюркгейм өзі Еуропа мәдениетінің өкілі ретінде еуропа гуманизмі ауқымындағы адамның моделі жайлы белгілі бір пікірлер айтып өткен. Бұл адам моделінің жинағы санатына қарамастан сол «адамның» өзі еуропа өркениетінде дамыған спецификалық шарттарға тән болады. Адам табиғатын дұрыс көрсете алатын бірден бір идеалға сай айқындама бар деп тұжырымдауға болмайды. Адамның бұл образы белгілі бір тарихи мерзім және аймақтық жеңістікпен байланысты болады. Бірақ осы ойлардан да білім берудің баламалы моделі туындайды. Э. Дюркгейм білім берудің социологиялық қырларын айқын анықтап берді. Өзінің біршама енбектерінде ол білім берудің функционалистік айқындамасын дамытты.

Ең алдымен Э. Дюркгейм білім беру жүйесінің өзекті қызметіне назар аударады. Осындай маңызды қызмет ретінде әлеуметтік нормалар мен құндылықтарды қарастырады. Оның пікірінше, қоғам оның мүшелері арасында бірлік болған жағдайда ғана өмір сүріп кете алады. Білім беру арқылы оқушыларды оқу процесі кезінде соған қалыптастырады. Мұндай әлеуметтік өмірге деген көзқарастардың бірлігі болмаса, ұжымдық тұрмыс, ынтымақтастықтың да болмауы ықтимал. Кез-келген қоғамның алдында тұрған мәселе индивидтерден құрылған бұқараны біріктіріп, белгілі бір әлеуметтік тұтас бірлікке қатысын анықтау.

Қазіргі заманда білім берудің формалды жүйесі атқарып отырған функцияны кез-келген (отбасы немесе құрдастар) әлеуметтік институт орындай алмайды. Өйткені, отбасы мүшелері туыстық қарым-қатынастармен бекітілсе, ал, құрдастар арасында ол жақын адамды өзі таңдайды. Алайда, ірі қоғамда мемлекет немесе тап, ұлттық немесе кәсіби деңгейде басқа принциптерге орай негізделеді. Ірі қоғамда адамдар туыстық немесе өзі ұнататын адамдармен емес, оған мүлде қатысы жоқ адамдармен қызмет етуі міндетті. Сондықтан білім беру жүйесі әлеуметтік әрекетті іске асыратын бірден бір сала. Білім беру мекемелерінде индивид басқа индивидтермен қалыпты, жүйеленген ережелерге сай әрекет етуі тиіс. Бұл жағдай қоғамның әлеуметтік нормалары мен ережелеріне сай құбылысты көрсететін болады. Басқаша айтқанда, қалыптасқан нормалар мен ережелерді қадірлеу қалыптастырылады.

Әрине, қазіргі қоғамда білім беру жүйесі кәсіби білім берудің ең басты құралы ретінде жүретінін ұмытпау керек. Егер дәстүрлі қоғамдарда білім беру жекелей әсер ету арқылы оқушыға, үлкеннен кішіге өтіп отырса, енді қазіргі қоғамда стандартты формада формальды түрде білім беру іске асырылып жатыр. Бұл әрине, білім беру жүйесін қоғамның барлық мүшелерін әлеуметтендіру факторына және құралына айналдырады.

Социологиядағы функционалистік дәстүрді айтарлықтай дамытқан
Т. Парсонс болды. Оның көзқарасы басқаша. Ол Э. Дюркгейммен білім беру жүйесі индивидті қоғаммен байланыстырудағы әлеуметтендіруші ролінің маңызына орай келіседі.

Бірақ Т. Парсонс отбасы және білім беру мекемелерінде әлеуметтендіру ерекшеліктерін жеке-жеке талдап көрсетеді. Кез келген отбасында кез келген сәби арнайы, отбасылық, жеке стандарттық көзқарастар бойынша сыналады. Ол жеке біреудің сәбиі ретінде қарастырылып, қоғамдық стандарттан тыс қалады. Жалпы қоғамда индивидтер туыстық байланыс, ұнату, ұнатпау дегеннен тәуелсіз болып, жалпы стандарттармен өлшенеді. Отбасы ішінде сәбидің мәртебесі туылған күннен бастап анықталады. Бірақ үлкен қоғамда әлеуметтік мәртебесіне индивид өз күш-жігерінің арқасында қол жеткізеді.

Осылайша индивидтің отбасындағы шама-шарқы жалпы қоғамдағы жағдайын ерекшелендіреді. Бұл өзгешелік негізінен екі бағытта өрбиді. Біріншіден, отбасында қоғамда индивидтер бағаланатын стандарттар, нормалар өзгешелеу болады. Екіншіден, адамның отбасында және қоғамда қол жеткізген әлеуметтік мәртебесі де өзгешелеу болып келеді.

Индивид бір стандарттан екінші стандартқа өтуге үйренуі, бір күйден екінші бір күйге енуі үшін қазіргі қоғамдар білім берудің формальды жүйесі - арнаулы механизмді жасап берді. Т. Парсонстың білім беру социологиясындағы аса маңызды ережелердің бірі - білім беру жүйесі қалыпты жағдайда меритократиялық принциптер бойынша қызмет етуі тиіс. Яғни индивидтерді нақты еңбегіне қарай бағалау қажет. Т. Парсонс білім берудің жүйесін өте дарынды индивидтерді қоғамның өте құнды бағыттарына жинақтау деп қарастырған. Т. Парсонс бойынша, білімін, қолынан келетін ісін, қабілетін тексеруге орай білім беру жүйесі аса маңызды әлеуметтік функцияны — қоғамда әлеуметтік рольдерді үлестіру функциясын іске асырады.

Білім беру социологиясының орталық проблемасы "интеллект коэффициенті" деп аталатын орны мен ролін бағалаумен байланысты. Адамдар табиғи дарындылығымен айтарлықтай ерекшеленеді. Осы орайда интеллект деген ұғым абстрактілі ойлауды нақты түрде білдіреді. Алайда, мұндай дефиниция әр адамның интеллектуалдық бай қасиетін көрсете алмайды. Интеллект коэффициентін өлшеу негізінде оқушыларды кластардың және оқу орындарының әр түрлі типіне бөлу жүргізіліп келеді. Интеллект коэффициентіне негізделген өлшемдерді сынаудан бұрын мұндай амалды жақтаушылардың дәлелдемелерін қарастырып өтейік.

1960 жылдардың соңында, 1970 жылдардың бас кезінде кейбір америка және ағылшын психологтары, оның ішінде Х. Айзенк, әр түрлі өлшемдер негізіне сүйене отырып, қара нәсілді америкалықтардың ақ нәсілділерге қарағанда интеллект коэффициенті төменірек болатындығын мәлімдейді. Олар мұндай ерекшеліктерді генетикалық факторлардың негізіне сүйене түсіндіреді. Қосымша дәлел ретінде осы пікірді жақтаушылар әр түрлі жағдайда өсіп-өнген бір жұмыртқалы егіздерге жүргізілген зерттеулерді келтіреді. Ол бойынша, индивидтер арасында интеллект коэффициенті тұрғысынан қарағанда аса мәнді айырмашылық бола қойған жоқты. Алайда, бұл көзқарасқа мықты қарсы дәлелдемелер де кездеседі. Интеллект коэффициентін тексеру үшін жасалған болжамдар оны кұрастырушылардың мәдени бағыт-бағдарына байланысты болады. Әр түрлі мәдениеттің өкілдері үшін болжамда келтірілген қандай да бір тапсырманың өзі алабөтен болуы ықтимал. М. Коул мен С. Скрибкердің «Культура и мышление» еңбегінен мысал келтірейік. Бұл еңбекте олар белгілі психолог А.Р. Лурияның 1980 жылдары Орта Азия шаруалары арасында жүргізген зерттеулерінен мәліметтер келтіреді. А.Р. Лурия шаруаларға олардың өндірістік тәжірибесімен байланысты, ал кейбірінің мазмұны кәсіби қызметіне қатысы жоқ силлогизмдерді ұсынады. Міне, «практикалық» есептің бір мысалы: «Жылы және ылғалды жерде мақта өседі. Н. қышқылында жылы, әрі ылғалды. Онда мақта өсе ме, жоқ па?» Өндірістегі тәжірибесіне қатысы жоқ силлогизмге төмендегідей логикалық есеп келтірілді: «Мәңгі қар басқан солтүстікте барлық аюлар ақ болып келеді. Х. деген солтүстікте. Ондағы аюлар ақ па, жоқ әлде басқаша ма?». Бірінші есепті шешу оларға қиын тимеді. Олар дұрыс шешім қабылдады, бірақ, оларға «Дәл солай, мұны мен өзім де білемін» деп негізделген жауаптар тән болды. Алайда, екінші типтегі силлогизмдерге олар мүлде басқаша жауап берді. Міне, ақ аюлар туралы есепке берген жауабы: «Мен онда аюлардың қандай болатынын білмеймін. Мен онда болған емеспін, білмеймін де». «X. деген шалдан сұраңыз, ол онда болған, сізге айтып та бере алады». Мектепте оқымаған, ұжымдық шаруашылықта жұмыс істемеген шаруалардың барлығы дерлік сізге осылай жауап береді. Олар логикалық алғышарттардың жүйесін қабылдап, олардан қорытынды шығаруға қарсылық білдіреді.

Осы тұрғыда Канада маманы О. Клинебергтің де зерттеулері қызғылықты. Ол АҚШ-тағы үнді мәдениетті балаларымен жұмыс істейді. Балаларға ол әр түрлі көлемдегі шариктерді әр түрлі ұяларға орналастыруды ұсынады. Балалар бұл тапсырманы оңай орындағанымен, берілген уақыт ішінде үлгере алмайды. Бірақ бұл балалардың және осы мәдениет өкілдерінің интеллектісінің төмендігінің көрінісі емес. Американың қазіргі қоғам өкілдеріне қарағанда осы мәдениеттің өкілдері бұл операцияны іске асырудың жылдамдығына үлкен мән берген жоқ. Сондықтан эксперимент жүргізушінің тапсырманы тез орындауға қойған талабын олар дұрыс түсінген жоқ.

Әрине, біз америка өндірістері мен Орта Азияның ауыл тұрғындары арасынан ұқсастық белгісін іздестірмейміз. Бұл өте әркелкі мәдениеттер. Олар бір-бірінің арасындағы түбегейлі ерекшеліктерімен байқалып қоймай, еуропа мәдениетінен де алшақ жатыр. Сондықтан интеллект коэффициентіне жүргізілген зерттеулер, оны бір мәдени дәстүр ауқымында жүргізу басқа мәдениет өкілдерінің интеллектуалдық қабілетін өлшеуге жауап бере алмауы да ықтимал. Алайда, бұл проблемаға келгенде ұлттық, этникалық ерекшелігі төңірегінде ғана шектелген жөн. Бұл ұлттық топтың ішінде әр түрлі субъективті мәдениеттің өкілдері болады. Осы субъективті мәдениет өкілдері өзара мәдени бағытымен және интеллектуалдық деңгейімен де ерекшеленеді. Сондықтан олардың интеллектуалдық денгейіне ат үсті қарауға болмайды.

Білім беру социологиясы үшін таптық және ұлттық айырмашылықтар осы салада үлкен қызығушылық тудырып отыр. Әр түрлі әлеуметтік топтардың өкілдері үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы табыстардың алғышарттары кандай?

Кейбір социологтардың айтуынша, әлеуметтік топтың ішіндегі құндылықтар мектептегі, жоғары оку орнындағы оқу табыстары мен кемшіліктеріне байланысты болады екен. Америка социологы Х. Хайменнің пікірінше, жұмысшы табының құндылықтар жүйесі, білім беру мекемесінде қызмет істегенде белгілі бір шындықтар тудырады. Құндылықтар жүйесінде осындай ерекшеліктер ол үшін мынадай тұрғыда болады:

- жұмысшы табы шартты білім алуға жеке басының табысы ретінде қарамайды. Белгілі бір міндеттелген білім деңгейіне жеткен соң, ол білім алуын тоқтатады;

- жұмысшы табы жұмысты, жұмыс орнын бағалағанда бір қалыптылықты, сенімділікті, экономикалық табысты мақсат етіп, алдағы уақытқа ұзақ мерзімге күш-жігер мен ресурстарын жұмсауға мүдделі емес;

- жұмысшылар ұжымдық әрекеттің тиімділігіне (жеке табысқа емес), оның тәсілдеріне көп назар аударады.

Әрине, мұндай әрекеттер жұмысшының нақты күйін көрсетіп отырады. Жұмысшылардың, шындығында, білім алуды жалғастыруда мүмкіндіктері аз болады. Сондықтан көп жағдайда білім алу жүйесінде олар өз мүмкіндіктеріне нақты шындық тұрғысынан қарайды. Алайда, мұндай сенім олардың білім алуды жалғастыруға деген мүмкіндіктерін одан әрі кеміте түседі.

Бұл бағыттың кейбір мәселелері қатаң сынға алынған болатын. Біріншіден, жұмысшы табы өкілдерінің іс-әрекетінен, оның ішкі мотивінен осылай тура қорытынды шығаруға болмайды. Жұмысшы табы өкілдері оқуға деген жоғары ынтасы бар екенін айтады, бірақ ресурстардың жеткіліксіздігі олардың сыртқы әрекеттеріне әсер етеді. Басқаша айтқанда, жұмысшы табының өкілдері мәдени мақсаттары басқа топтың өкілдерімен бөлісе алады. Екіншіден, әр түрлі әлеуметтік ортада өскен оқушылардың жемісті болуына зиялы педагогтар да ықпал ете алады.

Ағылшын социологы Дж. Дуглас 1940-1960 жылдар аралығында өте қызық, ұзақ мерзімді зерттеулер жүргізген еді. Ұзақ уақыт ішінде ол бес мыңға жуық оқушыларды бақылайды. Дж. Дуглас оқушыларды қабілетіне қарай бірнеше топтарға бөліп, содан кейін оларды төрт әлеуметтік топтарға жатқызады. Зерттеудің мақсаты қабілеттері біркелкі, бірақ әр түрлі әлеуметтік топқа жататын балалардың білім алу жүйесінде өздерін қалай ұстайтындықтарын анықтау болды. Ол «қабілеті жоқ» оқушылардың жұмысшы табының төменгі қабатынан шыққандардың 50 пайызы 15 жасында мектепті тастап кететіндігін, ал, маманданған жұмысшы ортасынан шыққандардың 35 пайызына дейін сирейтіндігін көрсетті. Осылайша, мұнда тек қана қабілет емес, әр түрлі ортадан шыққандардың әлеуметтік мәртебесі да маңызды мәнге ие болады.

Білім берудің социологиялық проблемаларын шешуге интеракционистік бағыттың өкілдері қызықты амал ұсынады. Функционалистер қолайлы әдістемеге, яғни адамның әрекетіне сыртқы ортаға әсер беруі негізінде қарастырады және соған сүйенеді. Мұндай ынталандырушы күшке индивидтің әлеуметтік ортасы немесе генетикалық бағдарламасы, дәлірек айтсақ, индивидтен тыс тұрған барлық әлеуметтік және табиғи күштер кіреді.

Интеракционистердің пікірінше, адам айналасын өзі бақылап отырады. Әлеуметтік шындық интеракционистер үшін жеке адамдардың әлеуметтік өзара әрекетінен құралады. Батыс социологтарының бір бөлігі педагогтардың көпшілігі «идеал оқушы» моделін, осындай белгілі бір стандартты ұстанатындығын атап өтеді. Оқушының мұндай идеалды образы оқушының ең жақын, өзіне сай қасиеттеріне орай қалыптастырылады. Оқушының осы идеалды образға жақындығы немесе алшақтығы оның табысын анықтайтын болады.

Бірақ осы тәсілдердің әлеуметтік мәні неде? Педагогтардың өздері байсалды бақылаушы емес. Олардың өздері әлеуметтік және мәдени мақсаттардың ықпалында болады.

Оқу процесінде педагогтар қолданатын әдістемелердің бірі «ағымдарға бөліну» деп шартты түрде аталады. Оның мәні оқушылар қабілеттеріне қарай ағымдарға бөлінеді. Оқушы әйтеуір бір ағымға түскенде, педагогтың санасында оның барлық оқудағы табыстары алдын ала айқындалатын болады.

Интеракционизм ауқымында тағы да басқа айқындамалар бар. Ондай айқындамалардың бірі «айдар тағу» деп аталады. Бұл термин «теріс тәртіп» социологиясынан еніп отыр. Ең бір күрделі проблемалардың бірі — құқық тәртібін бұзушылар жазасын өтегеннен соң олардан алда да кауіптенуге болатын заң бұзушы деп қарастыру мәселесі. Осыған ұқсас жағдай оқу орындарында да қалыптасып отыр. Мектепте, колледжде, институтта девиант — бұл тәртіп ережесі мен оқу ережесін бұзушы. Оқушыға бір айдар тағылса, содан кейін оған шын мәнінде де сол көзқараспен қарайтын болады. Басқаларға кешіріммен қараған жағдайда, мұндай оқушы жиі кешірілмейді. Кез келген индивид мұндай қысымшылықты сезінген соң, өзін өсіре ұстайтын болады. Егер өзі секілді индивидтермен біріксе, онда оқу орнында субъективті мәдениет пайда болады. Мұндай субъективті мәдениет оқу орнындағы жалпы жағдайға әсер етіп, оқу процесінің төмендеуіне әкеліп соқтырады.

Қазіргі социологияда жемісті айқындамалардың біріне мәдени капитал айқындамасы жатады. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, мәдени капиталды жасап беру жас адамның өміріндегі табысқа кенелудің маңызды факторы болады. Мәдени капитал негізінен білім беру жүйесі арқылы беріледі. Кәсіби және жалпы мәдени білім жүйесіндегі мәдени капитал, болашақта байлық пен билікке қатысына орай, әлеуметтік топтардың ерекшеленуінің мәні іспеттес.

Кейбір деректерде көрсетілгендей, бұрынғы КСРО құрамындағы елдерде мұғалімдер мен ауыл шаруашылығы мамандарының 50 пайызы өз мамандықтары бойынша қызмет істемеді, ал, өнеркәсіпте мамандығы болмаса да, 300 мыңға жуық инженер жұмыс істеді. Жоғары оқу орнының күндізгі бөлімі студенттерінің 10 пайызға жуығы, ал жоғары білім алған барлық мамандардың 30 пайызға жуығы жан жақка шашырап кеткен.

Осылайша білім беру жүйесі қоғам деңгейінде құрылымдық деформацияның белгісін көрсетіп, социологияның көкейкесті мәселелерінің бірі ретінде білім беру социологиясының үш маңызды проблемасын айқындай түседі:

- жоғары және кәсіби білім беруде барлық ұлттық, әлеуметтік топтар үшін формалды түрде айтылатын, заң жүзінде білім алу мүмкіндіктердің теңдігі деген құрғақ сөздің орнына аса мәртебелі, болашағы зор мамандықтарға ие болуына мүмкіндіктер ашу;

- әлеуметтік құрылымдағы деформацияның әсері білім беру жүйесіндегі деформацияға ықпал етуі, білім беру жүйесінің бұрмаланған құндылықтар жүйесіндегі, мәдени нормалар мен оған қарсы нормалардағы ролі, білім беру жүйесінің саяси демократияландыру процесіне ықпал етуі;.

- білім беру мекемелерінің балама түрлерін, олардың әлеуметтік тиімділігін қарастыру. Мәселен, ашық университеттер, колледждер, гимназиялар, діни оқу орындары және т.б. Бүгінгі білім берудің келте жүйесі қоғамның келтеленуінің жарқын көрінісі, ол қоғам өмірінің ішкі сипатын, деңгейін көрсете алмайды.

2. Адам қоғамы, әсіресе, қазіргідей нарықтық жағдайда іс-әрекетті, еңбекті, қызметті, жұмысты табысты әрі тиімді жүргізуі үшін жан-жақты, терең білімді, мамандандырылған, білгір, саналы адамдарды қажет етеді. Сондықтан оқу, ағарту, білім беру саласына қоғамда ерекше көңіл аударылып, оған жұмсалатын арнаулы қаржы бөлінуі қажет.

Бұрынғы КСРО-да, оның ішінде одақтас республикаларда бұл игілікті істі жүргізіп дамыту тек қана экономика саласын дамытудан қалған қаржыны мәдени салаға көшіру арқылы жүзеге асырылған. Ол ол ма, бөлінген аз қаржының өзін шөміштен қысып үнемдейтін болған. Сөйтіп, ел-жүрттың, халықтың рухани дамуы төмендеп, жалпы қоғамның дамуына зор кедергілер жасалды. Басқа дамыған өркениетті елдердің халқымен салыстырғанда біздің (оның ішінде кезінде КСРО құрамында болған республикалар бар) халқымыздың білім дәрежесі және мәдени белсенділігі әлдеқайда төмен. Бұл көрсеткіштер бойынша дүние жүзінде біз 28-інші орындамыз, ал, қазір бұл көрсеткіш деңгейінен де төмендеп кетті. Статистикалық деректер бойынша, театрларда адамдардың 100 пайызы болса, мұражайлар мен басқа да мәдени ошақтарында онан да төмен. Көркемөнер пәндері мектептерде жоқтың қасы.

Кітапханалардағы оқырмандардың сандары да өте аз. Осының нәтижесінде көптеген кітаптар бірнеше жылдар бойы орнынан қозғалмай, шаң басып тұрады.

Екінші дүние жүзілік соғыс біткеннен кейін АҚШ пен Жапония қоғамды дамытудың екі жолын таңдап алды. АҚШ-та «капиталды техникаға жұмсау жолы таңдалды - бұл техниканы, техникалық паркті жаңарту (модернизация), технологияны жаңарту, т.б. Ал, жапондықтар капиталды «адамға жұмсау» жолын таңдады - бұл адам тұлғасының шығармашылық және кәсіби қабілетін дамытып жетілдіру. «Қаржыны адамға салу» әлдеқайда өз артықшылығын көрсетті. Оны бүгінгі Жапон қоғамының қарыштап дамуы аңғартты.

Өткен уақыттағы оқу, білім беру жүйесінің бір артықшылығы — ол оның адамгершілік (гуманистік) бағытының күштілігінде болды. Қоғамның белгілі бір тобының өкілдері тілді, әдебиетті, көркемөнер, суретті талдай білуі қажет болды. Жалпы адамзаттық құндылықтармен танысу олардың қоршаған дүниені терең, кең түсіне білуіне әсер етті. Зиялы қауым — әрбір қоғамның мақтанышы. Бұлар бірнеше ондаған, тіпті жүздеген жылдардың ішінде қалыптасады, істелінеді.

Қандай да бір басқару түрі болмасын, зиялы қауымның өкілдері қоғамның кішігірім әлеуметтік тобын құрайды да әрбір ұлттың терең парасатын, шығармашылық қабілетін жария етушісі, жақтаушысы ғана емес, сонымен бірге ұлттың адамгершілік, мәдени, рухани үлгісі (эталон) болып саналады.

Өкінішке қарай, қоғамның осындай жіңішке жігі қиыншылыққа, апатқа жиі ұшырап отырғанын тарихтан білеміз. 1917-ші жылы Қазан төңкерісінен кейін көп зиялы адамдар, оның ішінде ғалымдар, инженерлер, әдебиетшілер, т.б. өз елін, отанын тастап кетуге мәжбүр болды. Елде қалған көптеген зиялы адамдар Сталиндік репрессияның нақақ құрбандарына айналды. Қазір де зиялы қауымның кейбір өкілдері қиын жағдайларда жүр.

Қазір оқу, білім жүйесі дағдарыста. Бұл дағдарыстың болу себебі, біздегі жүйенің басқа сапалы жүйеге ауысудағы қиындықтарға тікелей байланысты. Ал, жаңа жүйе барлық салалардағы іс-қызметтің жаңа өндіріске, технологияға сәйкес жаңа түрін, әдісін, тәсілін, стилін, тәртібін, оқу-білімін, ғылымын қажет етеді. Ол қоғамның ілгерілеп дамуының қажетті алғышарты және адам өмірінің, әсіресе оның белсенді жұмысының, маңызды түрі болып саналады.

Сондықтан жаңа XXI ғасырда үздіксіз оқу, білім алу басқа өркениетті, дамыған елдердегідей біздің саясатымыздың басты қағидасы болуы керек. Бұл туралы біздің өкіметіміздің білім туралы заңында жақсы айтылған. Үздіксіз білім алуды білім мерзімін ұзарту және оқушылар санын ересек адамдардың санымен өлшеу деп жансақ түсінуге болмайды. Әрбір мектептің алдындағы міндет — ол әрбір адамды әр түрлі жұмыс пен іс-қызметті өз бетімен істей алуға және өздігінен білім алуға үйрету.

Болашақ білім жүйесінде университеттердің атқаратын қызметі ерекше болады. Қандай да бір университет болмасын, ол адамға жан-жақты мәдениет беру құралы болуы керек. Университеттердің мұндай болуына толық мүмкіншіліктері бар. Университет жұмысшы күшін өндірмейді. Оның басты міндеті — адамның адамгершілік қасиеттерін дамытып, қалыптастыру.

Қоғамның әр түрлі даму кезеңдеріне сай университеттердің білім жүйесіндегі оқу процестері әр түрлі дәрежеде, деңгейде қызмет атқарды, соған орай оның беделі де әр түрлі болды. Алғашқыда университеттерде өнерге қатысты пәндер оқытылмайтын еді, ондағы гуманитарлық қоғамдық ғылымдар жаратылыс және техникалық ғылымдардың өлшем-үлгілерімен жүргізілді. Ақыл-ой, еңбектің бір түрі ретінде жүргізілетін ғылымдарға шек қойылып, тек қана нақтылы тиімді, пайдалы ғылымдар (мысалы, математика, физика, химия, биология, техникалық ғылымдар, т.с.с. жүргізілді). Ал, адамның жеке тұлға ретінде жан-жақты үйлесімді дамуына, оның адамгершілік қасиеттерінің жетілуіне назар аударылмады. Сондықтан бүгінгі күннің басты мәселесі — бұрынғы университетті қайта жаңғырту. Оның алуан түрлі меселелерінің ішіндегі басты, негізгі мәселе — қоғамдық гуманитарлық білім беруді қайта қалпына келтіру. Мұның өзі — гуманитарлық факультеттерді көбейту деген ой емес, ол оқу орындарын бітіруші мамандардың жоғары дәрежедегі мәдениетін қалыптастыру болып табылады.

Оқу, білім — қоғамдағы оқшау тұрған сала емес. Ол қоғамдағы әр түрлі құбылыс, процестерді бейнелей алатын сала. Ал, жоғары мамандандырылған, саналы, өз бетімен істелінетін еңбек, іс-қызмет, жұмыс беделінің төмендеуі қоғамдағы оқу, білім саласының заңды беделін түсіріп, маңызын кемітеді. Әрине, айта берсе, кемшілік, олқылықтар өте көп. Бұлардың объективтік және субъективтік себептері бар. Объективтік басты себептерге оқу, білім жүйесін қажетті қаржымен қамтамасыз етілмеуі жатса, субъективтік себептердің бастыларына — оқу, білім жүйесінің ғылыми дәлелденген, өмірдің барлық және әрбір салаларына сәйкес келетін тиімді оқытудың білім жоспарын, бағдарламасын, әдістемелерін, оқу және көрнекті құралдарын жасап, компьютерлерді кең қолдану, жаңа педагог кадрларды іріктеп алу, отбасымен байланыс-қатынастарды күшейту, т.с.с.

Қорыта айтқанда, оқу, білім ерекше әлеуметтік институт, ол — өз бетімен біршама дербес әлеуметтік қызмет атқарады. Нақтылап айтсақ, ол әрбір адамды білімнің негізімен жан-жақты, терең қаруландыруын, әлеуметтік және рухани тәрбиені сабақтастыруын, тұлғаны әлеуметтендіруін, оның интеллектуалды және рухани мүмкіндігін қалыптастырады, т.б.

Қоғамның оқу, білім құбылыстарын, процестерін жалпы әлеуметтанудың арнаулы теориясы — білім әлеуметтануы зерттейді. Ол білім жүйесінің белгілі бір заңдылықтары арқылы жеке әлеуметтік институт ретінде дамуын, оның қоғаммен және оның алуан түрлі салаларымен, басқа да әлеуметтік жүйелермен, процестермен, институттармен әр түрлі қарым-қатынасын, байланысын талдайды. Сонымен бірге білім жүйесі қоғамның әлеуметтік құрылымына, қоғамдық қатынастарға, еңбектің өнімділігіне, өндіріске және басқа іс-қызметтің тиімділігіне әсерін, жеке адамды тұлғаға айналдырудағы интеллектуалды, білім процесінің ролін, адамның табиғат және қоғам туралы білімді, озық тәжірибені игеріп, бойына сіңіріп, оның үйлесімді дамуын, білім деңгейінің қызметке, жұмысқа, тәртіпке әсерін, адамдардың ғылыми көзқарасының қалыптасуын, адамның қоғамдағы әлеуметтік жағдайының өзгеруін, т.б. талдап зерттейді.

Толық жасанды және сырттай басқарылады деп тұжырымдау мүлде дұрыс емес. Тоталитарлық қоғамдарда, мысалы 30-ыншы жылдардағы Германияда, әлеуметтік құрылымның толық басқарылатыны жайлы сөз қозғаудың өзі ағаттық болар еді. Қысқаша айтқанда, әлеуметтік құрылымның дамуындағы индустриализация, тұрғындардың қала тұрмысына көшуіне байланысты көптеген жасырын құбылыстар мұны реттеуге талпынған кез келген басқару жүйесін бұзып отырды. Тоқырау жылдарында үлкен қалалардың өріс алуына шек қоюшылық іс жүзіне аспай қалғандығын ескеру керек. Ал, мұнда тіркеудің қатаң механизмінен бастап, жатып ішерлер мен бұзақылар секілді қажетсіз элементтерді қоныс аударуға дейінгі қатаң шаралар жүзеге асырылды емес пе? Бірақ, жер аударған соң осындай "қажетсіз" адамдар қай жерде, қандай күйде тіршілік етіп жатқандығы ешкімді ойландырмаса керек.

Екінші жағынан, қоғамның өзі де бір қалыпты болған жоқ. Шынайы қалыптылық әлеуметтік жүйенің қалыптылығы жайлы жас сәбидің түсінігіндей көзқарасымызды ысырып тастаған шақта, яғни тек демократиялық мәмілеге жеткенде ғана орнайды. Қорқыту мен күш көрсету арқылы негізделген қалыптылық - әлеуметтік жүйенің өте шиеленіскен сипаты. Бірнеше айдың ішінде күрделі әлеуметтік саяси жүйені түбегейлі өзгерткен Шығыс Еуропа елдерінің ахуалы мұндай қалыптылықтың қаншалықты шартты екендігін анық көрсетіп берді.

Сонымен қатар біз С.Г. Кордонскийдің әлеуметтік құрылымды жасанды құрастырылған және қол жетпейтін нормативтеріне қарай емес, оның шынайы әлеуметтік функцияларына орай зерттеу керек деген негізгі идеясымен келісеміз. Біз әр түрлі статустық топтар, әркелкі әлеуметтік страттарды зерттеу арқылы, қазіргі заман социологиясының барлық мықты арсеналын пайдалану қай қоғамда өмір сүріп отырғанымызды түсіндіре алады деп есептейміз. Және бұл құрғақ мәселе емес, өйткені бұдан болашақта біз қандай бағытпен дамып, алға жылжуымыз да айқындалары анық.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 4974 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.013 с)...