Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып. Әлеуметтану тарихының негiзгi бағыттары 4 страница



Көп арналы мәдениетке жету жолындағы бұдан кейiнгi табыс Батыстың мәдени-тарихи түрімен байланысты болды, оның саяси және ғылыми-мәдени негiздерi бар болатын. Н.Я. Данилевскийдің айтуынша, болашағы зор мәдени-тарихи түрғысында славян үлгісі болды, ол орыс халқы арасында кең тарады. Бұл үлгі, оның пайымдауынша, ең алғашқы толық төрт тармақты негіздеме болуға тиіс. Ол тіршілік және әлеуметтік укладтың толық мәдени жиынтығын, белгілерін қамтамасыз етеді.

Н.Я. Данилевский славянофильство идеяларын орыс халқы мен ресейлiк мемлекеттiң «славян үлгiсiн» орнықтыру жолында басқа халықтарға қарсы күреске шақырып, керiтартпа қорытынды шақыруға дейiн апарып тастады. Либералдық социологиялық сыни көзқарас (Н.М. Михайловский, Н.И. Кареев) бұл көзқарасты орыстың қоғамдық сана-сезiмінiң iзгiлiк дәстүрлерiнен ауытқушылық деп түсiнедi.

Питирим Александрович Сорокин (1889-1968) социолог ретінде Ресейде қалыптасты. 1922 жылы Ресейден кетуге мәжбүр болды. АҚШ-та ғылым жағынан биікке көтерілді. Ол біздің ғасырымыздың социологиялық аспанындағы ең көрнекті тұлға деп бағаланылады. П.А. Сорокин - көптеген зерттеулер саласының қарлығашы. Ол 50-ден астам кітап пен 200-ден астам мақала жазды. 1965 жылы Америка социологиялық ассоциацияның президенті болып сайланды.

П.А. Сорокин социология тарихынан аса манызды үш тұжырымдаманың жасаушысы болып орын алды:

1) әлеуметтік икемділік теориясы;

2) әлеуметтік-мәдени үндестік теориясы;

3) қоғам тектес бірлесімділік теориясы.

П.А. Сорокин әлеуметтік стратификация (қоғамды страт-жiктерге бөлу) және әлеуметтік икемділік теориясының негізгі ережелерін қалыптастырады. «Әлеуметтік және мәдени икемділік» кітабы (1929) қазірге дейін осы проблема жөніндегі үздік туынды болып қала беруде. Оның қорытындысы: стратификацияланбаған қоғам — аңыз, әлеуметтік теңсіздік мәңгілік және тұрақты құбылыс болып табылады. Тарих барысында тек оның нысандары ғана өзгеріп тұрады. Әлеуметтік стратификацияның себептері — адамдардың табиғи, биомінез-құлықтық мәңгі өшпес қайшылықтары, басқарушылар-ұйымдастырушылар мен басқарылатындарды, т.б. кажет ететін бірлескен қызмет.

П.А. Сорокин дүние жүзінде алғашқылардың бірі болып әлеуметтік икемдiлiк ұғымын айқындап берді, осыған сәйкес бұл икемдiлiк бір әлеуметтік жағдайдан екінші жағдайға адамдардың әлеуметтік жағынан көшуі ғана деп түсіндіріп қоймай, сондай-ақ объектілердің, құндылықтардың, ең алдымен азамат қызметімен жасалғанның немесе өзгертілгеннің бірі деп түсіндірді. Әлеуметтік икемділік — қоғамның табиғи күй-жайы. Оның негізгі түрі — көлбеу және тік тұру икемділігі болады. Адамның бір әлеуметтік топтан екiншісіне көшуі, бір дәрежеде тұрып ауыстырылуы, мәселен, азаматтығының өзгеруі, бір кәсіпорыннан екіншісіне бірдей қызметінен ауысуы мысал бола алады.

Тiк бойлаудағы икемдiлiк дегенiмiз — жеке адамның немесе әлеуметтiк объектiнiң бір елден екiншісіне орын ауыстыруы деген сөз. Ауысудың бағыттарына қарай П.А. Сорокин икемділіктің екі түрін ажыратады - өрлеу және төмендеу, демек, әлеуметтік өрлеу және әлеуметтiк төмендеу. Тік бойлау икемдiгі ең алдымен мансаппен байланысты. Ғылым «елек» проблемасына ерекше көңіл бөледі, бұл — адамдарды әлеуметтiк страттарына сәйкес iріктеу және орналастыру тетігі деген сөз. Шiркеу, мектеп, тайпа, түрлі ұйымдар — тік бойлау икемдігінiң «арналары» мен «көтергіштері», бұлар барлық стратификациялық қоғамдарда бар.

Әлеуметтiк-мәдени үндестік туралы П.А. Сорокиннiң зерттеуi кеңінен белгiлi болды. Бұл теорияның шеңберінде ол тарихи үрдiстердi мәдениеттер тұрпаттарын ауыстырып отыру — мәдени соны жүйелер деп бағалады. Олардың әрқайсысының негізінде біріктiрушi фактор ретiнде үш философиялық бағам бар – түпкi нәтижелi құндылықтың табиғаты (түпкі нақты болмыс), қажеттердiң, олардың дәрежесi мен қанағаттандырылуы туралы көзқарас. Олардың ішіндегі бастысы – түпкi құндылықтың табиғаты туралы көзқарас. П.А. Сорокиннiң айтуынша, бұл сұрақка адамзат негізгі үш жауап берді.

Оның бірінде былай делiнеді: «Түпкі шынайы болмыс пен құндылықтар сезім мүшелерiнiң көмегі арқылы қабылданып отырады. Бұдан басқа болмыс та, парасаттық құндылықтар да жоқ». Осы пайымдауға сезiмталдық деп аталатын орасан зор мәдени соны жүйе негізделген.

Екінші бір жауапта былай делінген: «Шынайы түпкi болмыс немесе құндылық — сезімнен тыс және болмыстан тыс құдай». Сезiмталдық және өзге болмыс немесе құндылық – елес те, жалған құндылық та. Ой-сезiмi деп аталатын бұл мәдени соны жүйеге тән болып отыр. Соны жүйе христиан дiнi негiзiнде құрылған. Әлеуметтiк мәдени жүйенi П.А. Сорокин қоғам мен мәдениет аясында бiр мезгiлде қарастырылатын құбылыстарға жатқызады.

Еуропада ортағасырлық мәдениеттiң сенуi идеосоциалдық мәдениеттiң күйреуiнен, сезiмталдық мәдени соны жүйеден басталды. Олардың өзара араласуы нәтижесінде Еуропада XIII-XIV ғасырларда (Грецияда б.з.д. V-ІV ғғ.) мүлде жаңа мәдениет пайда болды. Оның негізгі бағыты мынадай: объективтiк ақиқат, әсiресе сезімталдық. Осы бағытқа енгізілген мәдени жүйе идеалистік болып аталды.

Сонымен, П.А. Сорокин мәдениеттің негізгі үш нұсқасын атап көрсеттi: сезімталдық — онда болмысты тікелей сезім арқылы қабылдау басым болады; ой сезімталдығы - онда байқамдық басым болады; идеалистiк – онда тиiмдiлiк ақыл-ой басым болады. Аталған мәдени бағдарлар барлық негізгі әлеуметтік құрылымдар мен үрдістерді бейнелейді. Қоғамдағы өзгерістер, бір мәдениет тұрпатынан екiншісіне көшу қоғамдық құрылымдардың қақтығыстарымен және күйреуімен, соғыстармен, революциялармен және басқа күйзелістермен айғақталып отырады. Бір мәдени соны жүйеден екiншiсiне көшер жағдайда, ескі құндылықтар күйреп, жаңалары нығаймаған шақта адам адасып қалады, ол ескегі жоқ қайыққа ұқсайды, ол жел күшiмен бет алдына ығып, ұстамды адами күштiң ықпалынсыз, кез келген жаққа тарта бередi. Мұндай жағдайда ол алуан кесапатқа ұшырайды. П.А. Сорокиннiң бұл пайымдаулары әсiресе адам мiнез-құлығын түсiндiре алады, бұл жағдайды бiз де бастан өткiзiп жатырмыз. Әлеуметтiк мәдени үндестiк тұжырымдамасы әлеуметтiк өзгерiстер мен оның диалектикасының қоғамдағы iргетастары мен қозғаушы күштерiн талап берудiң алғашқы қадамдарының бiрi болып табылады.

«Қоғамның бiрiктiрiлу тұрпаты» теориясы. Онда П.А. Сорокин келешек туралы өз нұсқасын ұсынуды мақсат еттi. ХХ ғ. 60-шы жылдарында-ақ конвергенция теориясы шеңберiнде ол қоғамның бiрыңғай тұрпатын құруға шақырды. Оның терминологиясы бойынша, қоғамның бiрлестiрушi тұрпаты түрлi қоғамдық жүйелердiң оңды құндылықтарының көпшiлiгiн бiрлестiруге тиiс. Онда меншiк нұсқаларының алуан түрлiлiгi, еңбекке ынталандырудың және басқарудың алуан түрлiлiгi және басқа пiкiрлер орын алды.
П.А. Сорокиннiң көзқарасы ұстаным ретiнде өмiршең болды. Адамзат қиындық көрсе де, бiрте-бiрте бiрлесуге бет алды. Бұған Еуропа мысал бола алады, ол Еуропаның ортақ үйiн құруда.

П.А. Сорокиннiң бүкіл шығармашылығына интегрализм тән болды. «Мен өзiмдiк интегралдық дүниетаным жасап бердiм, ол бiлiмдер мен сенiмдер жүйесi болып табылады, онда жаратылыстану, философия, социология, психология, саясат, экономика, өнер тағылымдары бар», - деп қорытындылады өзiнiң шығармашылық жолын жан-жақты бiлiмдар ғалым. Интегралдық көзқарас үйлесiмдi, бiрегей бiртұтастыққа мәңгiлiк те соны құндылықтарды бiрiктiре түседi, ол материалистiк және идеалистiк көзқарастарда бiрдей орын алады, - дейдi П.А. Сорокин. Ол былай деп есептейдi: үш бiлiм арналары – сезiм, парасат, индукция арқылы толығырақ және құнды ақиқатқа ие бола аламыз. Интегралдық iлiм дегенiмiз – тәжiрибе жасаушы ғалымдар мен ойшылдардың ғана емес, сонымен қатар, Иисус, Конфуций мен Лао-Цзы секiлдi ұлы дiни және парасатты көсемдерден, сондай-ақ, Бетховен мен Бах, Гомер мен Шекспир, Федоций мен Микеланджело секiлдi ұлы өнер қайраткерлерiнен де бiлiм алып отырамыз.

П.А. Сорокин қоғамның, мәдениет әлемінің, Ақиқат, Жақсылық пен Әсемдiлiк біртұтас интегралдық құндылығын да ерекше атап көрсетедi. П.А. Сорокиннiң айтуынша, табиғаттың өзiнде адамның жасампаздығы мен жетiлуiн, ақыл-ой өрiсi мен мiнез-қылығының дамуын, адамда және одан тыс әлемде қатынастардың өрге басуын қамтамасыз ету – адамзаттың басты нысанасы. Ол былай деп санады: өмiрi өткен сезiмталдық мәдениеттен келешектегi идеационалдық немесе идеалистiк мәдениетке көшердегi дағдарысты жеңудiң қажеттi шарты өзiмшiл емес шығармашылық ықылас болып табылады. Ол осыдан адамзаттың аса қажеттi қазiргi керексiнуiн көре бiлдi.

3. Қазақ ағартушылығының негізін салушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (1835-1866) - демократиялық ұлттық мәдениетiмiздiң көрнекті өкілі. Энциклопедист-ғалым, шығыстанушы, саяхатшы, публицист және қоғамдық қайраткер Шоқан Уәлиханов өз бойында шын мәнінде еуропалық білімділік пен Шығыс халықтарының мәдениеті жайлы терең түсінікті үйлестірді және қысқа ғұмырында мол да жан-жақты шығармашылық мұра қалдырды.

Ш.Ш. Уәлихановтың азамат, ғалым және ойшыл ретінде қалыптасуында орыстың озық мәдениеті мен ғылыми қайраткерлерінің маңызды роль атқарғанын атап өтуіміз қажет. Ш.Ш. Уәлиханов В.Г. Белинскийдің,
Н.Г. Чернышевскийдің, А.И. Герценнің, Н.А. Добролюбовтың еңбектерін оқып үйренді, олардың көзқарастары мен идеяларын қуаттады.

Шоқан өзінің 30 жылдық аз өмірінің ішінде этнография, Қазақстан және Орта Азия тарихы мен мәдениеті саласында еңбектер қалдырған ғалым, ағартушы-демократ. Ш.Ш. Уәлиханов тікелей социологиялық мәселелер жөнінде еңбектер жазбаған, алайда, көптеген шығармаларынан қоғам туралы пікірлері мен тұжырымдарын байқауға болады. Ол "Қазақтардағы шамандықтың қалдығы", "Даладағы мұсылмандық жөнінде", "Тәңір (құдай)" деген еңбектерінде әлеуметтанудың негізгі мәселесіне қатысты пікірлер айтады. Ең алдымен Ш.Ш. Уәлихановтың сыртқы дүниенің адам санасынан тыс өмір сүретіндігіне шек келтірмейтіндігін айту керек. Қазақ жерінде шамандықтың орын алу себебін түсіндіргенде "сыртқы дүние - күн, ай, жұлдыздар және жер -алғашқы құдірет болып табылады" деп көрсетеді. Сонымен бірге, шамандықтың шығу тегін мұқият зерттеуінен және басқа да еңбектерінен Шоқанның себептілік заңдылығын құптайтындығы, себепсіз құбылыс болмайтындығына кәміл сенетіндігі байқалады.

Шоқанның прогрестi халықтың материалдық тұрмыс жағдайының жақсаруымен тiкелей байланыстыруы қоғамды дұрыс философиялық тұрғыдан түсiнудiң бiрден-бiр белгiсi деуімiзге болады. Сонымен бiрге Ш.Ш. Уәлиханов қоғамның топқа, жiкке бөлiнетiндiгiн, үстем топтың мүддесi қалың бұқараның мұң-мұқтажына қайшы келетiндiгiн атап көрсетедi.

Ерекше назар аударарлық нәрсе — Шоқанның демократиялық көзқарастары. Мысалы, «Сот реформалары жөніндегі жазбалар» атты еңбегінде патша өкіметі тағайындаған соттан қазақ даласында әзірше табиғи түрде сұрыпталатын билер артық деген қорытындыға келеді. Себебі, би болу үшін ол адам әділдігімен, шешендігімен көзге түсуі керек. Егер әділ болмаса оған ешкім билік айтқызуға келмей қояды, ал патша өкіметі сайлаған сот белгілі уақытқа шейін сот міндетін атқаратын болады, оның іс-әрекетінде немкетерлік пен мансапқорлық жайлап, әділетсіз, парақор болатынын дәлелдейді. Халық дұрыс даму үшін, алдымен оған қажет нәрселер - өзіндік даму, өзiн-өзi қорғау, өзiн-өзi басқару және өз соты болуы шарт. Осы өзгерiстер енгiзiлiп және сақталып қалу үшiн реформалар халықтың материалдық мұқтажына сәйкес және ұлттық сипатына бейiм болуы да керек деген пiкiр айтады. Ш.Ш. Уәлихановтың ойынша, дерексiз теорияларға негiзделген немесе басқа елдiң өмірiнен алынған реформалар күшпен енгізілсе халыққа орасан зиянын тигізеді. Сонымен бірге, Шоқан халық өзімен ғана тұйықталып, жекеленіп өмір сүруі керек деген ойдан аулақ. Керісінше, еуропалық, жалпы адамзаттық мәдениетті меңгеру қай елдің болмасын алдына қоятын мақсаты болу керек деген ойды қолдайды. Әрине, еуропалық мәдениетті меңгеру үшін қазақ халқы ағарту мәселесін іске асыруы қажет. Бұл ретте қазақ жұрты үшін орыс мәдениетінің маңызын Шоқан ерекше жоғары бағалады. Осы себептен де көптеген мақалаларында қазақ даласында орыс мектептерін ашуды, басқа да білім ошақтарын көбейтуді кеңес етеді. Қазақ жерінде дәрігерлік жағдай мен жәрдемнің төзімсіз екендігіне қинала көңіл аударады. Алғашқы кезде осы қиыншылықтардың бәрін патша өкімет шеше алады деп сенді. Ресейдің мәдениетті көтермелемек тәсіліне үлкен үміт артады. Шоқан Ресейдің оқу орнын бітіріп, Еуропадағы ғылыми жетістіктерді жақсы меңгерсе де өз халқынан ажырамады, халқының мұңын, әсіресе, қалың бұқараның жоғын жоқтады. Г.Н. Потанин Еуропаға құштарлық Шоқанды өз халқынан ажырата алмады, керісінше, ол тәрбиеленген еуропалық рух өз елінің қызметшісі болуын міндеттеді деп жазды.

Қазақ ағартушылығының көрнекті өкілі, педагог-жаңашыл және жазушы Ыбырай Алтынсариннің (1841-1889) дүниетанымының қалыптасуына туған ел халық ауыз әдебиетi, прогрессивтi орыс мәдениеті мен Еуропа ойшылдарының еңбектері өз әсерін тигізді. Ш.Ш. Уәлиханов секілді Ы. Алтынсарин да өз халқының артта қалушылығын жоюдың бірден-бір жолы ағартушылықта деп сенді және Қазақстандағы халық ағарту ісінің ұйымдастырылуы мен дамуына белсене араласты.

Ыбырай Алтынсарин арнайы социологиялық тақырыпта еңбек жазбаған, дегенмен, ағарту және қоғам мәселелерін талқылауға арналған шығармаларында дүниеге көзқарастық пікірлер қалыптастырған. Ыбырайдың көптеген өлеңдері мен әңгімелерінен оның қоршаған дүниенің санадан тыс және тәуелсіз өмір сүретіндігін мойындайтынын байқаймыз. «Жаз», «Өзен» сияқты өлеңдерінде табиғатты өзінше тамашалау ғана емес, сонымен бірге, оның адам санасынан тыс және тәуелсіз екендігі сезіледі.

Ы. Алтынсариннің этикалық және эстетикалық көзқарастары құндылығы және маңызы жағынан ерекше орын алады. Мысалы, «Жаз», «Өзен» деген өлеңдерде табиғаттың сұлулығы, көкорай шалғынды көркі, күмістей сылдыраған суы, көкжиектің мұнарланған сағымы шебер тілмен суреттеледі. Бұл шығармалар жастарды, сұлулықты, ғажайып табиғатты сүйе бiлуге, құрметтей бiлуге тәрбиелейдi. Ағартушылық жөнiндегi көптеген хаттары мен жазбаларында қазақ балаларына ән-күйден, суреттен сабақ беру керек екендiгiн мәселе етiп қояды. Бұдан Ыбырайдың жастарға эстетикалық тәрбие берудің маңызын жоғары бағалағандығын көреміз.

Этикалық тәрбие жөніндегі пікірлерін, ой-тұжырымдарын бағалы асыл мұра деуге болады. Ең алдымен, Ыбырайдың өз басының өте жоғары дәрежелі мәдениет иесі болғандығын айта кету керек.

Жастарды инабаттылық пен адамгершілікке тәрбиелейтін шығармалары ерекше орын алады. Еңбекті сүю, үлкенді құрметтеу, мейірімділік, кішіпейілділік сияқты қасиеттерді қырда өскен балаларға түсінікті болатындай әңгіме, мысалдар арқылы жеткізе білді. Ыбырай әлеуметтік мәселелерді көптеген еңбектерінде талқылайды. Ресей оқу орындарынан білім алып, өркениеттен нәр алған Алтынсарин демократиялық ағартушылық идеяларын қазақ елінде жүзеге асыру үшін талмай еңбек етті. «Кел, балалар, оқылық», «Өнер білім бар жұрттар» сияқты өлеңдерінде жастарды өнерге, білімге шақырды.

Қазақ ағартушылығында, қазақ халқының бүкіл прогрессивті мәдениеті тарихында үлкен орын алған ұлы ақын, ойшыл-демократ, сазгер Абай Құнанбайұлы (1845-1904)болды. Оның шығармашылық мұрасы өлең, поэма, философиялық проза, аудармалар мен әндерден тұрады. Абай - қазақ әдебиетінде сыншыл реализмнің негізін салушы. Ол «ақынның азаматтық парызы шындықты бейнелеуде, қоғамдық кесірді әділет пен ақылдың билігіне жүгіндіруде» деп білді.

Абай Құнанбаев өзінің аса дарындылығы, ой-өрісінің тереңдігі, халқына деген қамқорлығымен әлемге танымал болды. Абайдың дүниеге көзқарасы, ойы мен қыры мол, күрделі. Оны біржақты бағалау, бір бояумен көрсету мүмкін емес. Дүние туралы пікіріне келсек, деизмге жақын деуге болады. Біріншіден, сыртқы дүниенің санадан тыс өмір сүретіндігін қуаттайды. Мысалы, қырық үшінші қара сөзінде адам «...көзбен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады», - дейді.

Сонымен бірге көптеген өлеңдерінде, отыз сегізінші сөзінде жан-жануарларды, адамды, тіпті, машина, фабрикаларды алла жаратты деген тұжырым жасайды. «Мен» және «менікі» деген философиялық мәселені қарастырып, өзіндік тұжырымға келеді. Ақынның ойынша, «мен» - ақын, жан, «менікі» - адам денесі. «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, «менікі» өлсе өлсін, оған бекі» деп, дене өлгенімен жан өлмейді деген қорытындыға келеді. Абай таным туралы құнды пiкiрлер қалдырды. Түйсiктерiмiз арқылы дүниеден хабар аламыз, пайда, залалды айыратын қуаттың аты – ақыл, - дейдi.

Көптеген өлеңдерi мен қара сөздерiнен диалектикалық тұжырымдардың бейнесiн көруге болады. Дүниенiң өзгерiсте, дамуда екендігін болжайды. Мұнымен бірге әр нәрсенiң өлшеуі бар, өлшеуiн білмек - бір үлкен керек іс деген пікір айтады. Өлеңдер мен қара сөздеріне зер салып қарасақ, көптеген социологиялық мәселелерді қарастырып, өзіндік ой-пікір, тұжырым жасағанын байқаймыз. Шығармаларының басым көпшілігінде өмір, өмірдегі адамның орны, оның мақсаты, мұң-мұқтажы туралы ой шертіледі. Абай шығармаларында философияның негізгі мәселесі кеңінен талқыланады.

Абай шығармаларындағы негізгі тақырып - моральдық проблемалар. Еңбекке, ғылымға мойын бұрмай, ауыл арасында бос қыдырумен күнін өткізген пысықсымақтар жөнінде, өмірін бос өткізіп жүрген жастарды қатты сынайды. Әсіресе, пайдасы үшін арын сатқан, екі жүзді адамдарға жиіркенішпен қарайды. Жастарды азғырып, ру тартысы, болыс сайлауының партия таласына баурап жүрген ауыл атқамінерлеріне ренішін білдіреді. Жастарға ғылым таппай мақтанбауды, өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ сияқты мінездерден аулақ болуды кеңес етеді.

Қоғам өмірін түсінуде Абайдың көзқарасы, әрине, идеалистік тұрғыда болды. Ол кездегі қазақ халқының әлеуметтік даму деңгейі төмен болуының себебінен қоғамның объективтік зандылықтарын дәл анықтау өте қиын еді.

Абай адам мәселесін оның қайшылыққа толы қоғамдық болмысының аясында қарастырады. Осыдан келіп адамның әлеуметтік белсенділігі, шығармашылық мүмкіндігінің шексіздік туралы идея туады. Ал адам - өз тағдырының қожасы және құрушысы. Адам тіршілігінің бірегейлігі, жердегі тіршілігінің құндылығы, әр адам жанының қайталанбас сонылығы, идеялары — Абай тұжырымдамасындағы негізгі идеялар. Өз шығармаларында ол адамға мейірбандық көрсету, сұлулыққа ұмтылу — жоғары имандылық қасиетінің белгісі, көрінісі деп айтудан жалықпайды.

Адамдардың әр түрлілігі жайлы айта келіп, Абай әр адамның өмірде өз орнын табуының маңыздылығын атап көрсетеді. Адамның өз орнын, өзін табуына жол сілтеу, бағыт беру - ағартушының, бұқараны тәрбиелеушінің бірінші міндеті осы деп біледі. Осыдан келіп «Адам бол!» деген Абай этикасының негізгі принципінің мағынасы мен мәні ашыла түседі: әр адам өзінің шығармашылық мүмкіндігін іске асырып, өзін жетілдіре алады және жетілдіруі тиіс. Сонда ғана ол жаратылысынан өзіне белгіленген орынға сай келеді.

Абай - ұлы гуманист. Абстрактылы, утопиялық сарынды гуманист. Ол құдай идеясын адамнан жоғары сырт күш деп қабылдайды. Өлмес жан туралы, мәңгiлiк, шексiздiк жайлы ой қозғағанмен, бұл ұғымдар дiни мағынада емес, әл-Фараби секiлдi игi iстер мен ойдың әлеумет жадындағы мәңгiлiктiгi деген түсiнiкте келтiрiледi.

Абай әредік «мен» және «менікі» деп метафизикалық түрде адамның рухани дүниесі мен тән тіршілігін, биологиялық болмысын қарама-қарсы қояды. Әйтсе де, бұл қарама-қарсылықты жан мен тән дуализміне дейін өрбіте қоймайды. Осылайша Абай адам мәселесін этикалық, қоғамдық-саяси, т.б. аспектілерде ғана қарастырып қоймай, толық философиялық дәрежеде ұғынуға ұмтылғанын атап өтуіміз қажет.

Абайдың өмірі, шығармалары терең адамгершілік мағынаға ие және ағартушылық-тәрбиелік мәні жағынан баға жетпес құнды дүние.

Қазақ халқының қарапайым ой-пікірлерінен алғаш философиялық деңгейге дейін көтеріле алған Абайдың немере інісі Шәкәрім Құдайбердиев (1858-1931)болды. Ол Абайдың «Қырық бес қара сөзіндегі» ой толғау дәстүрін дамыта отырып, 1898 жылдан бастап отыз жылдай табанды ізденіс жасап, еңбек етті, сөйтіп «Үш анық» деген философиялық еңбегін жазып шықты. Ол еңбегінде Шәкәрім түрлі философиялық мәселелерге арнайы тоқталады. Бұлар — дүние, таным, тән мен жан, жану мен шіру, ождан, т.б. сияқты мәселелер. Ождан, -дейді Шәкәрім, - адамдағы нысап, әділет, мейірім, осы үшеуінің қосындысы. Оны тілейтін жан деп түсінеді Шәкәрім. Бұл еңбегінде ол бірде материяны мойындаса, бірде идеяны алғашқы санап, идеализмге бас иеді, бірде ғылымға жүгінсе, бірде спиритизмді қуаттайды. Бұл Шәкәрімнің ізденісі қиын болғандығын, қазақ арасында бұған дейін қалыптасқан, жүйеленген философия мектептерінің болмағандығын көрсетсе керек. Көлемі шағын кітапшаны ұзақ жыл зерттеп жазғаны да соны дәлелдейді. «Мен жанды былай түсінемін, - дейді ол, - біз дененің түп негізін тексергендей, жанның да түбін тексерсек, жан да дене сияқты басынан бар болып табылады». Сөйтіп, адамның адамгершілік, ар-ожданының негізі жан өлмейтін, өшпейтін, мәңгі құбылыс болып шығады. Одан әрі Шәкәрім былай дейді: «Ғылым жолында әлде неше түрленіп, өзгерсе де дененің еш нәрсесі жоғалмаған сияқты жанның да еш нәрсесі жоғалмайды» Бірақ, мұндай қайшылықтарына қарамастан, жалпы алғанда Шәкәрім прогреске, ғылымға, адамдыққа сенеді. «Мәселен, - дейді ол, - мен асқан білімді, өнерлі болып керек нәрсенің бәрін жасап шығаратын зор машина жасасам, соның істеп шығарған нәрселерін мен жасады дейсіз бе, машина жасады дейсіз бе? Бер жағынан қарағанда, дәл сол кезде жасап шығарған машина ғой. Ал ол машинаға соншалық қуат, шеберлік һәм машинаға керекті нәрселерді шығарып тұрған жаратылыстың негiзi табиғаты ғой». Ал ол табиғаттың ар жағында басты жаратушы, тәңiрi бар деп түсiнген. Бiрақ, ескi дiн молдалары жаратылыс жолында оның сырына шорқақтығынан бұл туралы анықтап ұқтыра алмаған деп қорытады Шәкәрiм. Тiптi ғылым арқылы ол жанның да бар екенiн дәлелдеуге ұмтылды. Жанды қуат, энергия деп түсінеді Шәкәрім. «Мен жан жоқ, өлген соң өмір жоқ дегенге таң қаламын», - деп жазды ол. Оның пікірінше, прогреске тірек болатын таза дене, толық мінез, ой, істер.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 1540 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.011 с)...