Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып. Теріс мінез-құлық әлеуметтануы



1. Теріс мінез-құлық: ұғымдар, себептер, жағдайлар.

2. Жағымсыз әлеуметтік ауытқушылықтарды бастан кешірудегі құқық қорғау органдарының ролі.

1. Қазіргі кезде жылдар бойы тек көпшіліктен емес, мамандардан да жасырып келген әлеуметтік статистика өткір публицистикалық жариялымдар арқылы терең ойларға жетелейді. Статистикалық органдардың мәліметтеріне сүйенсек, 1988 жылы КСРО-да 21 мың адам өлтірілген, 52 мың адам өзін-өзі өлтірген. Егер орташа есеп бойынша бұрынғы КСРО-да өзін-өзі өлтірушілердің деңгейі АҚШ пен Ұлыбританиядан да жоғары, ФРГ мен Франциядан төмен болса, РСФСР мен Балтық жағалауындағы республикаларда өз жанын өзі қиюшылардың саны жоғарыда келтірілген елдердің бәрінен де алда. 1988 жылы елімізде 1,8 миллион қылмыс тіркеліп, 679 адам сотталған, оның 10 пайызы әйелдер және 67 пайызы 30 жасқа дейінгілер екен. Басқаша айтсақ, жыл сайын жүз мыңдаған адамдар қылмыс жасап, он мыңдағаны өзін-өзі және басқаларды өлтіреді. Бұл тек тіркелген қылмыс екенін айта кету керек.

Әрине, бұл тек біздің ғана дертіміз емес. Керітартпа, құқыққа қарсы әрекет барлық кезде барлық қоғамға тән болған. Қылмысты жаза формасынан бастап, өз жанын өзі қию секілді қасіретті іспен аяқталатын керітартпа ғадеттің мәні неде? Әрине, бұл мәселе заңгерлерді, саясаткерлерді, жазушыларды және қоғамның басқа да барлық мүшелерін мазалайды. Сондықтан социология заңға қарсы және керітартпа әрекет формаларының барлығының мәнін ашуға талаптанады. Ол бұл құбылыстардың әлеуметтік табиғатына, себеп-салдарына бар ықыласын бөлетін болады.

Керітартпа ғадетті өте қысқаша қоғамның қабылдаған ережелер мен нормаларын белгілі бір топтың бұзуы деп анықтаса болады. Девианттық әрекет әлемнің қалыптасқан тәртібін бұзады және сондай сезім тудырады.

Девианттық мінез-құлық, немесе девиация (лат. deviatis - ауытқу), – адамдардың немесе олардың топтарының барша жұрт мойындаған әлеуметтік әрекет пен қылық нормаларынан ауытқушылық, бұл нормаларды бұзуға соқтыратын және әлеуметтік топтар немесе қоғам тарапынан оған назар аударатын ауытқушылық.

Әр топ керітартпа ғадеттің жеке анықтамасын жасауы таңғалдырады. Мысалы, «Упразднили» әңгімесіндегі А.П. Чеховтың кейіпкері үшін атақты алып тастау оның әлеуметтік кеңістігін тас-талқан еткен өрескел девианттық акт. Ондаған жылдар өтсе де мүлде өзгерген әлеуметтік жүйеде әлеуметтік артықшылықты ретке келтірудегі қарапайым әрекеттер оның дұрыс емес екендігі жайлы пікір тудыруы қызық екен. Бұл нақты бір шешімнің, топтық түсініктің жарқын көрінісі.

Керітартпа ғадет ретінде қарастырылатын мәселе әлеуметтік топқа енетін индивидтердің әлеуметтік анықтамасы болады. Сондықтан ғадеттің белгілі бір жүйесі, кісі өлтіру, адам жеу болсын, өздігінен керітартпа бола алмайды. Керітартпа ғадет әлеуметтік бірліктің көптеген бөлігіне жағымсыз әсер қалдырып, ондай әрекеттерге бой ұратын индивидтерге қарсы белгілі бір санкциялар тудырады. Бұл санкциялардың сипаты әр түрлі болуы мүмкін. Ол өлім жазасы да, сөз арқылы айыптау ғана да болады.

Керітартпа ғадет тарихи жағдайға орай мәнді болады. Бір қоғамдағы бір индивидтің әр түрлі кезеңінде ғадеттің әр түрлі типі керітартпа ретінде қарастырылуы мүмкін. Кез-келген мұндай ғадеттің сипаты белгілі мәселеге сай қаралуы ықтимал: өз елінің азаматтарын өлтіру көп жағдайда қылмыс деп саналады, ал қарсыластарды соғыс кезінде өлтіру ерлік ретінде айтылып, қоғам оны марапаттайды.

Қандай болмасын ғадеттің керітартпалық сипаты — бүтін қоғамның еншілігіне тән емес. Бұл белгілі әлеуметтік топтардың қоғамға «дұрыс» және «керітартпа» ғадет дегенге өз түсініктерін енгізе алуына тәуелді болады. Академик А.Д. Сахаровтың адам құқы үшін көп жылғы еңбегі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бұрмаланып, оның әлеуметтік мәні керісінше көрсетіліп келді. 1983 жылы өте көп таралыммен жарық көрген кітаптан үзінді келтірейік: «Сахаров қай жерде бас көтерсе де, реакцияны колдады. Мысалы, Пиночет қолшоқпарларының Чилиде қан жосыта билікке келуіне тәнті болды. Оның үстіне демократия мен бейбітшілік күштерінің жеңіске жетуіне орай ызаға булыққанын жасырған жоқ. Ұзаққа созылған, өте ауыр соғыста Вьетнам америка империалистерін жеңіп шыққанда, Сахаров 1975 жылдың күзінде Вашингтонды ащы айқаймен айыптай жөнелді.

Арандатушы Сахаров өзінің сатқындық әрекеттерімен өзінің халқы мен мемлекетінің мүддесін сатып кетті...»

Алты жыл өткен соң 1989 жылдың желтоқсанында мемлекеттік биліктің жоғарғы органы — халық депутаттары мен бұқара халық «сатқын» деген адамның ұлылығына бас иіп, онымен қоштасуға келді. Керітартпа ғадеттің салыстырмалылығы бұл жағдайда айқындала түсіп тұр.

Позитивизм ауқымында керітартпа ғадеттің, әсіресе қылмысты әрекеттің мән-мағынасы бір қылмыстың астарында түсіндіріледі. Оның мәні қылмыскердің кәдуілгі адамдардың арасынан шығуының ерекшеліктерін түсіндіре алатын себептер механизмін табуға болады. Мұндай жорамалдың негізінде позитивизм үш негізгі әдісті, оның керітартпа шектен шыққан формасын түсіндіре алатын жайттарды анықтап берді. Оларды былайша белгілесе болады:

- биогенетикалық түсініктемесі немесе тұқым қуалаушылықтың әсері;

- психогенетикалық амал, соған орай қылмысты ғадеттің себептері сәбиді бастапқы әлеуметтендіру ерекшеліктерінде, олардың психологиялық сипаттамалары мен тәжірибелерінде қалыптасады;

- социогенетикалық теориялар, олар қылмысты ғадеттің отбасы, тап, субъективті мәдениет, бейрәсім топтар тұрғысындағы әлеуметтік ортаның ықпалында болуы.

Басқаша айтқанда, позитивистік дәстүр үшін қылмысты ғадет индивидтің ықпал етуінен тыс жатқандай болады. Барлық үш тәсілде де адам — ген, алғашқы туа болмаған әлеуметтендіру, әлеуметтік орта секілді детерминациялайтын факторлардың ықпалында қалушы болып қарастырылады.

Қазіргі социологияда бұл позитивистік пайымдарды әр түрлі бағыттардың өкілдері қатаң сынауда. Кез келген қылмыс әлеуметтік қасиетке ие, белгілі бір көпшілікке мәлім ережелерді бұзу болып есептеледі.

Қылмыстың мәні мен сипатын анықтаудағы қиындықтар — статистика іс жүзінде тек қана тіркелген қылмыстарды ғана қарастыра алатындығына байланысты. Көп мәселе құқық қорғау органдарының өз жұмыстарына тиянақты қарап, ел сеніміне ие болуы мен олардың қызметіне жұртшылықтың көзқарасына байланысты. Қандай қоғам болсын ондағы бұқаралық ақпарат құралдарының мәні зор. Қылмыстың бұқаралық ақпарат құралдарында қалай көрсетілуіне орай, қоғамның да белгілі бір кезеңде қылмыс деңгейіне баға беру солай болады.

Статистикалық тұрғыда өте сенімді бекітілген факторлердің бірі мынандай: қылмыс пен халықтың жалпы санындағы ерлер мен жастардың үлес салмағы арасында тұрақты және нақты байланыс қалыптасады. Урбанизация деңгейі мен қылмыс арасында да тұрақты байланыс бар. Ол көп жағдайда қала өмірінде әлеуметтік бақылау типінің ауысуына байланысты болады.

Кейбір социологтар әлеуметтік ортаның әсері, ең алдымен қылмысты ортада субъективті мәдениетті дүниеге әкеледі деп санайды. Бұл девианттық сипаттағы нормалар, құндылықтар, ғадет үлгілері үлкен қоғамдағы субъективті мәдениетте бір ұрпақтан келесі ұрпаққа жалғасып отырады. Бұл нормалар мен құндылықтар үлкен қоғамның мәдениетінен мүлде ерекшеленеді.

Әсіресе, қылмысты субъективті мәдениет жастарға анық әсер етеді. Әлеуметтік үлкен тәжірибенің жоқтығынан және қарым-қатынастың аясы тар әлеуметтік базасында жасөспірім өзінің тікелей ортасына, өз замандастарына тәуелді болады. Қандайда бір жастардың субъективті мәдениетінде қылмысты ғадеттің элементтері енуінен олар жастар үшін «мықты адам» белгілеріне ие болады. Бұл таңғаларлық жай. Алайда, кейбір жастардың субъективті мәдениетінің «тоғышарлық моральдан» еркін болуын, сонымен бірге ғадеттің топтық нормаларымен де үйлесіп жататындығын ғылыми социология әдістерімен түсіндіруге болады. Топтық нормалардың күші осы топтардың жалпы қабылданған нормаларды бұзған кезінде, яғни жастардың девианттық ғадетімен түсіндіріледі. Өз тобында жоғарғы статусқа жетудегі қажеттілік басқа статустық көзқарастардан жоғары тұрады. Осы негізде кез келген жастардың субъективті мәдениеті девиантты болады деп айту дұрыс болмас. Біріншіден, әр қоғамдағы керітартпа ғадетті абсолютті деп қарауға болмайды. Екіншіден, мұндай субъективті мәдениет нормаларының басқа кең ауқымды мәдениет нормаларына қарағанда баламалық сипаты болуы міндетті емес. Үшіншіден, жастардың субъективті мәдениеті қоғам өміріне мәнді инновация өндіре алады. Мұнда батыстағы 1960 жылдардың екінші жартысында орын алған студенттер қозғалысының азаматтық мәнін еске түсірсек жеткілікті.

Қылмыс проблемасының тағы бір өлшемі бар. Ол әлеуметтік проблеманың классикалық мәнділігінде. Қылмыс әлеуметтік иерархия сатысында кеңейеді. Осы топтағы жоғары статустық биіктікке ашық түрде көтерілу қиындатылған. Ондай бағыттың артықшылығын білген соң оған қалайда жетуді мақсат ету сезімі пайда болады. Әрине, бұл аңғалдық, бірақ эгалитаристердің дұрыстығын мойындау керек: өте күшті әлеуметтік дифференцация кезінде қылмыс мүмкіндігі өседі.

Қылмыстың субъективті мәдениетінің әр түрлі салалары бар. Ол қылмыс амалдары мен білімін қылмыскерлердің бір ұрпағынан екіншісіне жеткізу, қылмыс топтары арасындағы күрес, нашақорлық түрінде болуы мүмкін. Қазандағы және басқа қалалардағы қайғылы оқиғалар бір-бірімен қарсыласқан жасөспірімдер бандыларының адам айтқысыз қатігездік көрсетіп, әр түрлі субъективті мәдениеттерге байыпты әлеуметтік талдау жасау қажеттігін айқындай түсті. Мұнда территориялық факторлар үлкен маңызға ие. Әдебиетімізде территориялық әлеуметтік дамуымызды көрсететіндей ештеңе жазылмай отыр. Айталық, жасөспірімдер бандасындағы «біздікі» және «бөтендікі» деген территорияға орай туған символикалық бейнелердің өзінен күшті детерминация байқалады. Айналаға көзқарас бойынша жүргізілген зерттеулер қала территориясы шектеулі аймақ, жастар емес, сонымен бірге ересек адамдардың да санасында эмоционалдық жинақы образ тудыратынын байқатты. Жасөспірімдердің «бөтендерге» деген агрессивті қарым-қатынасы олардың өмірінде сан-қырлы рольге ие. Жасөспірімдердің санасында ықпалы күшті территориялық топтарға жатуы бедел ретінде қалыптасады. Бұл көп жағдайда жоғары мақсаты болмаса да, өмірге айтарлықтай кауіп төндіретін бірлескен қызметке негізделген әлеуметтенудің белгілі бір тәжірибесі. Бұл лидерлерді сайлаудың да бір тәсілі. Осы тұрғыда социологтар мен криминологтардың көзқарастарында ұқсастықтар бар: осындай топтың жетекшісі қылмысты істерге араласқан ересек адам болса, онда топ ішіндегі ұйымшылдық нығая түседі.

Бір жағынан көптеген қылмысты акциялар қандайда бір рационалды идеяларға, мысалы материалдық жетістікке, жетуді мақсат етпейді. Қылмысты субъективті мәдениет қолайсыз немесе қаскүнем ортаға бой үйрету ретінде көрініс алады. Әлеуметтік топ әлеуметтік иерархияның төменгі сатысында тұрғаңда, ол тиісінше басқа топтардан төмен бағаланады. Бірақ проблеманың басқа да қыры бар. Төменгі статустық топтар өзі-өзіне төменгі баға береді. Бұл өзі-өзіне төменгі баға беру, білім беру жүйесі, ақпарат құралдары, құқық қорғау органдары тарапынан қатты қысым болу нәтижесінен пайда болады. Мұндай жағдайда да қылмысты субъективті мәдениет өзін-өзі көрсетудің баламалы тәсілін ұсына алады. Қылмысты субъективті мәдениет жалпы мәдени нормалар мен құндылықтарды жоққа шығара, басқаша құндылықтар жүйесі мен нормаларды құра отырып өзін-өзі ақтап шығады.

Қылмыскердің ғадеті өз тобының стандарттарына сай келуінің себебі оның жалпы мәдени нормаларды мүлде кері итеруінде емес пе. Жастарға келсек, мұнда қарама-қайшы көрініс жұмсалады. Жастардың субъективті мәдениеті кейде қылмысты субъективті мәдениетті тез қабылдайды. Себебі заңға қайшы әрекеттер инновация мен әдеттің прогрессивті модельдерімен жиі шатастыры-лады. Жастардың өз ғадетінде жалпы стандарттарға сай жүретіндері субъективті мәдениетте өте төмен бағаланады.

Өкінішке орай, біздің криминологияда қылмысты ұйымдардың классификациясы ғылыми тұрғыда қалыптасу кезеңінде жүр. Бірақ қылмыстың көпшілігі тұрақты қылмыскерлермен емес, уақытша құрылған тұрақсыз бірлестіктер арқылы жасалады деп анық айтуға болады. Оның үстіне қылмысты істердің көпшілігі жеке адамдарға тән, ал тұрмыс деңгейіндегі қылмысты әрекеттер бассыздық пен ішімдіктің әсерінен болып жатады. Тұрақты қылмысты топтардың, әр түрлі мафиялардың ықпалына мән бермеуге болмас. Алайда, арнаулы зерттеулерге зер салсақ, мафиялық топтардың белгілі бір субъективті мәдениетпен нақты байланысы жоқ екенін байқауға болады. Мұнда мафиялық топтардың әлеуметтік құрамы әркелкі. Қылмысты субъективті мәдениеттің тіршілік етуі үшін мәдени нормаларды, құндылықтарды, әдістерді, «практикалық» білімді беріп отыратын ұзақ мерзімдік құрылымдар қажет. Сонымен бірге қылмысты субъективті мәдениет жайында айта отырып, оның «кылмыстылық» деңгейі белгілі бір жәйттегі келісімнің жемісі екендігін ұмытып кетеміз. Әлеуметтік топтың кез-келгенінде керітартпа ғадет, ережеге қарсы әрекеттерімен ерекшеленетін жеке адамдар болады. Осы тұста криминолог-мамандардың көзқарасын келтіре кетейік: «...Қылығына қарай жазалау философиясы қылмыскерге ғана назар аудартады.

Мен жұмысымнан айрылдым, өйткені экономика құлдырады, өзімді және отбасымды асырау үшін ұрлыққа түсемін, немесе мен кәмелетке толмадым, ал мемлекет жас баланың еңбегін реттеу үшін заң қабылдады, сондықтан мен ұрлық жасаймын немесе мен ызаға булықтым, өйткені терімнің түсі мені қысым көрсету объектісіне айналдырды, мүмкіндігімді шектеді,— қылығына қарай жазалау моделі, қазіргідей, өзімнің теріс қылығым үшін қатаң болмаса да жазалану қажеттігі туралы ғана сөз етеді. Мұндай жағдайда жеке жауапкершілікті толық жоққа шығару талап етілмейді. Кінә мен жазаға бар көңілді бұру арқылы көрсетілген моделі: капиталистік экономиканың серпіні; таптар, нәсілдер арасындағы, жынысына қарай заңды бұзғанда қоғам мүшелері жауапкершілікке тартылатындай құрылымдық сипаттағы жағдайды туғызатын пайда мен шығынды бөлісу әдісі; бір таптың мүддесінің екінші бір таптың мүддесі есебінен көрініс табуы сияқты проблемаларды назардан ығыстырып шығарады. Осының барлығы бір тәртіп бұзушының абстрактылы түрде қарсы болуының пайдасына шешіледі. Міне, дәл осы шеттетілген проблемаларға, түбегейлі саяси өзгерістерге көңіл бөлу қажет. Қылығына қарай жазалау моделі бұл істе кедергі болады. Ол өз сауалдарымен қылмыскердің әлеуметтік жағдайын ескермей, тіптен сол сауалдарды орынды етіп алуға көңіл қоймайды».

Осыған орай қылмыстың себептері, әр түрлі жүйелердің ара қатынасы, қылмысты әрекеттердің субъективті мәніне орай жауаптар талап ететін көп сауалдар пайда болады. Ондай проблемалардың бірі — криминалдық статистика проблемасы. Маманға сөз берейік: «Қылмыс өсіп отыр ма? Егер біз бұл сұраққа жауап беруге тырыссақ, біз міндетті түрде жеңілеміз. Егер қылмыстың жалпыға мәлім өлшемдері, қылмыстың ауырлығы, латентті қылмыстың мөлшерін анықтау әдісінің жоқтығы. Сонымен бірге, ресми тіркелген қылмыстар оның жалпы мөлшерін анықтауға келмейтіндігін ескерсек, бұл сұраққа біз қалай жауап бере аламыз? Біз шарасыздығымызды мойындауымыз керек. Біз оны білмейміз және ешқашан біле алмаймыз да. Мұны бізге қылмысты ғадеттің кейбір түрлері арқылы білуге болады. Бірақ, тұтасқан дей алмаспыз, өйткені сол тұтастыққа не енетінін өзіміз де білмейміз».

2. Қылмыстың ресми статистикасы әлеуметтік зерттеудің объектісі. Сол статистиканың өзі коғам мен қылмыскерлердің, әлеуметтік бақылаудың өзара қызметінің күрделі нәтижесі, криминалды статистика - бұл құқық қорғау органдарына берілетін мәліметтер. Бұл, әрине, жақсы қырынан алғандағысы. Өйткені, криминалдық статистиканы бұрмалау немесе мүлде жауып тастау, әрине, идеологиялық мақсатта орын алуы мүмкін. Соңғы уақытқа дейін біздің еліміздегі қылмыстың жәй-күйін мүлде білмей келдік. Өйткені бұл ақпарат тіптен мамандар үшін қол жетпестей болды. Ресми статистикада мүлде көрсетілмейтін қылмыс тобы, мысалы, зорлау сияқтылары бар. Бұл, әрине, бұрмалау емес. Өйткені зорлық көргендердің өздері құқық қорғау органдарына зорлау актісі туралы, моральдық тұрғыдан алғанда, хабарлай алмайды. Тағы да бір маңызды факторды есепке алмауға болмайды. Құқық қорғау органдарының көптеген қызметкерлері практикалық істе қылмыс деген бір бөлек және белгілі бір ғадет өз алдына бір бөлек деген тұрғыда қарайды. Кейбір жағдайда қылмыс фактілері енжарлықтан заң қорғау органдары кызметкерлерінің ішкі есебіне орай, немесе уақыттың жетпеуінен және т.б. себептерден тіркелмейді. Тәртіп сақтаушылардың кәсіби деңгейі де өзінің жағымсыз үлесін қосып жатады.

Қылмыс статистикасы тек қана істің нақты көрінісі емес, сонымен бірге күрделі әлеуметтік процестердің жемісі. Қылмыскерлер мен тәртіпті бұзушылардың өздері мұндай мәліметті қалыптастыруға ықпал етудің бір ғана жағы. Қоғамдағы қылмыс деңгейін анықтайтын, белгілі бір жағдайда шартты түрдегі өзекті төрт күшті атауға болады. Олар: тәртіп бұзушылар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық пікір.

Керітартпа ғадеттің дәстүрлі социологиясында айтарлықтай кемшіліктердің бірі - керітартпа ғадет нақты анықтауға болатын дерек іспеттес.

Осының салдарынан тәртіп бұзушылар ерекше қасиеттері бар адамдар ретінде қабылданады.

Іс жүзінде мынандай бір социологиялық проблеманы шешу керек: неге бір әрекет белгілі бір адамдар үшін қылмыс емес, басқа біреулер үшін қылмыс ретінде қаралады. Бұл сауалға жауап беруге талпыну «айдар тағу» теориясына айналады. Бір жолы қылмыс әрекетіне орай айдар тағылған индивидке немесе топқа содан кейінгі кездерде де келесі бір заңға қарсы әрекетке дайындық ретінде қарайтын болады. Айдары бар адамдардың шынайы әрекеті мен істеріне ден қоймайды. Құқық қорғау органдарындағы кез келген қызметкер бұл проблеманың алуан қырлары бар екенін түсінеді. Байырғы қылмыскерді жек көру, оларды жұмысқа орналастыру мен тіркеуде қысым жасау кей кездері оларды жаңадан қылмыс жасауға итермелейді. Мұндай кері кетушілікті тек қана қоғамның бұған кері әсер етуінен байқауға болады. Сондықтан ресми статистика тек қана осы тұрғыдағы құқық қорғау органдарының қызметіне тоқталып, ал бір елдегі, қала немесе аймақтағы қылмыстың жай жапсарына үңілмейді.

Бұл процесті жіктеп, талдау үшін заңды жасаушылардың өзінен бастау керек. Бүгін көпшілікке заңдар көп жағдайда саяси күрестің жемісі екені айқындалып отыр. Заңды қабылдау процесіне көбірек ықпал етуге мүмкіндігі бар топтар басқаларға заңға қарсы, керітартпа ғадетке деген өз түсінігін қалыптастырады. Осының салдарынан заңды қабылдауға ықпалы аздау кейбір топтар басқаларға қарағанда қылмыс жасауға «бейімдірек» келеді. Ал басқа топтар деп отырғанымыз заңды қабылдауға жақынырақ тұрады.

Өмірде тәжірибесі бар ересек адамға құқық қорғау органдарының селекциялық дискриминация дегенді жиі қолданатындығы мәлім. Оның себебі, құқық қорғау органдарының жеке кемшіліктерінде емес. Олар кез-келген секілді өз саласында белгілі қалыптасқан стереотиптер мен стандарттарға жүгінеді. Сол стереотиптер заңға қарсы ғадет туралы түсініктер құқық қорғау органдарына ықпал ету сипатын анықтайды. Мұндай «селекция», яғни қылмыс жасаған жеке индивидтерді таңдап алу, оның нақты қауіп тудыруына байланысты емес, белгілі топ пен адамдарға деген бұрынғы қалыптасқан көзкарасқа байланысты болады. Бұрындары ұзын шаш қойғандарды милицияға қарай сүйреп әкелу әдет болғаны біздің есімізде.

Керітартпа ғадет айдарына сүйену тек қана қарсылық білдіруді таныту емес, сонымен бірге кез-келген әрекетті, әлеуметтік ортаның анық бейнесін түсіну. Бұл айдар қоғамға ешқандай қауіп төндірмесе де, іс-әрекеттің мазмұнын түсінбеуден тағылады. Екі еркектің қол ұстасып келе жатуы тосын көзге оғаш көрінеді. Яғни, ол керітартпа ғадет ретінде қабылданып, өмірдегі кенет құбылыс ретінде тіркеледі. Айдар тағу процесінің басты мәні, сол айдардың өзі девиант және қоғам үшін өте қажетті болуында. Бұл айдар индивидтің «бұзылған» сипатын айқындайды. Мұндай айдардың мәніне орай түрлі пікірлер білдірсе болады. Адамдар өз өмірінде бір мезгілде отағасы, партия мүшесі, аға, көрші, ұстаз ретінде көптеген қызметтерді орындайды емес пе?

Алайда, керітартпа ғадет жағдайында бәрі күрделірек. Бұл тек әлеуметтік мәнділіктің бірі ғана емес. Бұл шешуші мәнге де ие. Мысалы, егер адам нашақорлыққа тәуелділікпен ауырса, онда оны қоғам студент немесе жұмысшы, қала немесе ауыл тұрғыны ретінде емес, ең алдымен нашақор ретінде қабылдайды. Дәлірек айтсақ, оның барлық қасиеттері негізгі, яғни сол нашақорлықка тәуелді, осындай сырттан берілген бағасы оның өзі-өзіне қоятын ішкі бағасына да айналатындығын айта кету керек. Мұндай айдар тағуды өзгерту өте қиын. Барлық өткен-кеткен ғадет тек осы көзқарастың аясында айтылатын болады.

Міне, осының нәтижесінде әркімнің өз-өзіне баға беру күші кемітіліп, соның салдарынан ішкі кедергілер, этикалық ішкі тосқауылдар жойылады. Осылайша қоғамның жеке адамға деген бұзылған қатынасы, ең соңында саналы түрде қылмыс жасауға әкеліп соқтырады. Кейбір криминалогтардың айтуына қарағанда, қоғам өзінің қатысы арқылы керітартпа ғадетті өзі жасайды. Қылмысты ғадетке айдар тағу қылмыстың алдын алудың орнына, керісінше, оның көбейуіне әкеліп соқтырады. Мұндай мәлімдемеге орай дәлелдемелер келтіру оңай нәрсе емес.

Феноменологиялық социология керітартпа ғадетті зерттеуге өз үлесін қосты. Бұл социологияның шығу тегін қысқаша еске салайық. Феноменологиялық социология субъективті мән қоюдың (мысалы, актерлер өз әрекетіне) роліне зор баға береді. Актерлердің әрекетіне мән бере қарайтын интеракционистерге қарағанда, феноменологиялық социология, ең алдымен этнометодология, актерлердің субъективті мәнін басым бағалайды. Этнометодологияның керітартпа ғадетін зерттеуде заңға қарсы әрекеттің «объективті» мәніне емес, қылмыскердің, полисменнің, соттың ғадеті мен оның ішкі мағынасына басты назар аударады.

Батыстың заң социологиясының қазіргі кезеңдегі ірі теоретиктерінің бірі Ж. Карбонье басқа бір тіркесте: «Тарихи талдау құқықтық және әлеуметтік құқықтық емес бағыттар қимылсыз екенін көрсетеді. Бір саладан екінші салаға ауысу, осы ауысулардың өзі құқық саласын қамтуға көмектесетіндіктен, заң құбылыстары ретінде қарастырылады.... Кейде билік тезірек нәтижеге жету үшін күнделікті тұрмыс салтына, әдет ғұрыпқа заң жүзінде әсер етуін пайдалы деп ойлайды. Бұл жағдайда жаңа салаларға үстемдік құрады. Әр түрлі замандарда мемлекет өмір салтына тәртіп енгізуді мемлекет өзіне мақсат етіп қойды. Байлық пен дәулетке (тарихи мәні бар) қарсы заңдар, азық-түлікпен қамтамасыз етуді реттеу (мысалы, 1940-1945 ж.ж.) заңдары. Реакциялық деп саналған сәнге тыйым салу заңдарын (Ұлы Петр сақал қоюға, Ататүрік фескаға тыйым салған) еске түсірсек те жеткілікті», - дейді. Әлеуметтік құқықтық және әлеуметтік құқықсыздық шындығында да шағын, бірақ та өте ықпалды топтардың мүдделеріне сай, белгілі бір адамдардың әрекеттеріне байланысты болары шарт.

Егер заңға қарсы іс-әрекеттерге қоғам заңдастырылған санкциялар жүйесімен жауап берсе, ал кейбір девиантты ғадетке құқықтық реттеу жасалмайды немесе ол ішінара ғана іске асырылады. Оның үстіне керітартпа ғадеттің мұндай түрлері адам үшін аса мәнді болады. Мәселе — өзін-өзі өлтіру жайында.

Күні бүгінге дейін социологтар арасында Э. Дюркгейм көзқарасына орай ортақ пікір қалыптасқан жоқ. Алайда оның «Өз жанын өзі қию» деген еңбегінің социология тарихындағы классикалық мәні сақталып отыр. 1897 жылы Парижде жарық көрген бұл еңбек социологиялық теорияның жылдам дамуына және аса көп материалдың жинақталуына қарамастан кейінірек те дүние жүзі тілдерінде бірнеше рет қайта басылып шықты. Бұл классикалық жұмыстың негізгі мазмұны қандай?

Э. Дюркгейм ауызекі тіл әрқашан астарлы болады деп бастап, оны дәл сипаттап көрсетуден тайсақтамайды. Өзін-өзі өлтіру термині құрбан болған адамның өзі іске асырған жағымды немесе жағымсыз әрекеттерден тура немесе жанама түрде пайда болады. Бірақ бұл формула өлімнің екі түрін анықтай алмайтындықтан нақты емес. Өйткені көзге түспеу үшін өз тамырын өзі кескілеп өлтіру бар да, өз адалдығын дәлелдеу үшін өз жанын өзі қиған жапон самурайының өлімі бар, ол екеуін өлімнің бір тобына жатқызуға болмайды.

Сондықтан сипаттаманы өзгерте отырып, өз жанын өзі қию — бұл құрбан болған адамның сол әрекеттің неге әкелерін білуі деп айтуға бола ма? Проблема өлімнен кейін мұндай әрекетті түсіндіру күрделілігімен ерекшеленеді.

Оның үстіне әрекетті жеке адамның алдына қойған мақсат арқылы анықтау қиын. Кейде бір әрекеттің өзі әр түрлі себептермен түсіндіріледі. Соғыс кезіндегі ең соңғы сәтіне дейін жаны қиналып өлген өлім абстиненттік синдром салдарынан өзін-өзі өлтірген нашақордың өлімінен әлеуметтік тұрғыдан алғанда мүлдем өзгеше. Соңы өте қайғылы, бірақ ұлы мұрат үшін қажет өлім бола ма, жоқ әлде өзі қалаған өлім бола ма - бәрібір екі жағдайда да адам өзін-өзі құрбандыққа шалады.

Өзін-өзі өлтірушіліктің бәріне тән ортақ сипат — мұнда құрбан болар адам осындай ахуалға итермелейтін себептерге қарамастан, оның іске асатын сәтін біледі. Мұнымен олар өз өлімін өзі тудырмайтын, оның саналы жасаушысы болмайтын басқа қазалардан ерекшеленеді.

Э. Дюркгеймнің пікірінше, өзін-өзі өлтіру термині осындай қазаға сай келеді. Мұндай терең және қасіретті, әрқашан қарама-қайшылығы көп әрекетте социологты не мәселе қызықтырады? Егер өз жанын өзі қиюды белгілі бір қоғамнан тыс жасалған құбылыс деп қарасақ, онда өз жанын өзі қиюдың жиынтығы өзін-өзі өлтірудің жекеленген актілерінің жиынтығы ретінде қарастырылмайды. Жекелеген актілердің жиынтығы болып саналмайтын жаңа құбылыс пайда болады. Шындығында, кез келген қоғамға, белгілі бір уақыт аралығында, өзін-өзі өлтіру кішкене ғана өзгерістермен тән болады.
Э. Дюркгейм өзін-өзі өлтіру санының халық санына қатынасын өзін-өзі өлтіру тудырған қазаға ұшырау деңгейі деп атады. Бұл осы нақты бір қоғамның жағдайына тән маңызды сипаты. Онша ұзақ мерзімге созылмаған өзін-өзі өлтірудің қалыпты деңгейін осы өлімнің жалпы сипаттарына көңіл бөлмей анықтау дұрыс болмас еді. Өткен және одан кейінгі кезеңдердегі, әлеуметтік тұрғыдан алғанда әркелкі жағдайларына қарамастан, өзін-өзі өлтірудің бірқатар ортақ сипаты бар. Э. Дюркгеймнің пікірінше, әр қоғам өзін-өзі өлтірудің, еркін құрбандықтың белгілі бір мөлшерін белгілеуге бейім келеді. Дәл осы қоғамдық бейімділік социологиялық талдаудың объектісі болып табылады.

Э. Дюркгейм өзін-өзі өлтірудің барлық шарттарын зерттеуге емес, өзін-өзі өлтірудің әлеуметтік деңгейі деген құбылысты ғана қарастыруға ден қойды. Социолог шеттетілген индивитке емес, белгілі бір топқа әсер ететін себептерді зерттейді. Сондықтан болар өзін-өзі өлтіру деп аталатын факторлардың ішінде оған жалпы қоғамға әсер ететіндері қызықтырады. Өзін-өзі өлтірудің деңгейі ең алдымен осы факторлардың нәтижесі.

Алайда, психикалық дені дұрыс адамдардың өзін-өзі өлтіру түрлерін анықтау статистикалық сипаттағы қателіктермен ғана емес, сонымен бірге ондай әрекеттің шынайы мәнін ашу қиындығымен ерекшеленеді.

Бірақ тағы да бір әдіс бар. Яғни, өзін-өзі өлтірудің әр типі және оның салдарының әр типі бар. Э. Дюркгейм себеп-салдар принципінің жалпы ғылымилығына иек артады. Өйткені бірдей алғышарттар жағдайында қандай топтың болсын бірдей нәтижеге жетпеуі мүмкін емес. Егер нәтиже түрлі болса, онда Э. Дюркгейм және оның замандастарының ойлағанындай, себеп-салдар принципі бұзылады. Қазіргі ғылымда себеп-салдар принципінің басқаша түсінілетіндігін айта кету керек. Э. Дюркгеймнің пікірінше, кез-келген ерекшелік әр түрлі сапаға ие болады. Сондықтан, біз өзін-өзі өлтірудің әлеуметтік сипатын оның себеп-салдарына қарап бөлеміз. Бұл алдын ала анықталған сипаттамаларға қарағанда дұрысырақ.

Өзін-өзі өлтіруге апаратын алғышарттарды оның айырмашылықтарына иек артпай зерттеу керек. Содан кейін бұл шарттар белгілі бір тәсілмен, белгілі бір таптарға жіктелуі тиіс. Осы негізге сүйене отырып, өзін-өзі өлтірудің арнаулы түрі осы таптардың кайсысына жататындығын сенімді түрде айтуға болады. Демек, морфологиялық классификацияның орнына этнологиялық, себеп-салдар классификациясы беріледі. Біз себеп-салдардан нәтижеге қарай қадам басамыз, ал бұл этиологиялық талдау жіктелудің морфологиялық түрімен толықтырылуы тиіс, яғни керісінше емес. Э. Дюркгейм кері әдіс осы жағдайда өзін-өзі өлтіруді зерттеудің бірден бір қолайлы тәсілі деп есептейді.

Өзін-өзі өлтірудің себеп-салдарын қалай анықтауға болады? Құқықтық жүйе өзін-өзі өлтірудің себебі отбасындағы ұрыс-керіс, жан ауруы, ішімдікке салыну және т.б. салдарынан болады дейді. Көптеген елдердің статистикасында бұл факторлар өзін-өзі өлтірудің басты себебі ретінде көрінеді. Бірақ өзін-өзі өлтірудің себеп-салдарына әкеліп саятын мұндай пікір шындығында да, осы статистикаға жауаптылардың пікірі секілді. Егер статистика сол себептерге сәйкес келсе, онда ол өзін-өзі өлтірудіц нақты себебі болғанмен, тек қана нақты себептермен байланысты болатын үстірт индикаторы ғана.

Өзін-өзі өлтірудің әлеуметтік себептері мен шарттарын зерттеуде әр түрлі әлеуметтік институттарға иек артуға тура келеді. Мұны Э. Дюркгейм діннен, оның өзін-өзі өлтіруге қатысынан бастайды. Э. Дюркгейм кезеңіндегі Испания, Португалия, Франция секілді протестандық елдерде өзін-өзі өлтіру аз болды.

Әрине, Испания мен Португалиядағы сол кездегі капитализмнің дамуы Германиядан төмен болды. Сондықтан тек діни көзқарастар емес, сонымен бірге басқа да әлеуметтік жағдайлар ерекшеленетін еді. Бірақ та Германияда, оның ішінде Баварияда, католиктердің ең көп тұратын жерінде өзін-өзі өлтірудің деңгейі ең төмен болды. Э. Дюркгейм кезінде еврейлер арасындағы өзін-өзі құрбан ету католиктерден де төмен болды дейді. Еуропа елдеріндегі еврейлердің арасында қала өміріне көшу деңгейінің жоғарылауына қарамастан осылай болды. Мұндай ерекшеліктерді діни немесе ұлттық азшылықтардың өмір сүріп кету деңгейіне орай деп түсіндіру де бар. Протестанттық, католиктік немесе иудаизм секілді діндер өзін-өзі құрбан етуді айыптайды. Католизм мен протестанттық арасында түбегейлі айырмашылық бар, соңғысы алдыңғысына қарағанда көп еркіндікке ие қылады. Протестанттық, Э. Дюркгеймнің пікірінше, жалпы құндылықтарға деген иелігі және діни тәжірибесі аздау болғандықтан, жеке ойдың үлкен көлемдегі еркіндігіне жол ашады. Қазіргі қоғамда бірде-бір дін белгілі бір доктринасыз өмір сүре алмайды. Протестанттардың арасындағы өзін-өзі өлтірудің деңгейі жоғары болуының себебі, олардың шіркеумен байланысының өте төмен болуымен түсіндіріледі. Ал католик шіркеуі өте тығыз байланысқан. Бұл иудаизмге де қатысты. Ертедегі діндерге орай өмір ғадеттерін басқаратын тәжірибелерге ден қойып жеке баға беруге көңіл аз бөлінеді.

Егер дін адамды өзін-өзі өлтіруден сақтандырса, онда ол жеке діни дәйектемелермен байланысты емес, белгілі бір дін өмір сүріп отырған қоғамның жалпы сипатымен өлшенеді. Қоғам — бұл белгілі бір құндылықтар мен тәжірибелер жиынтығының өмір сүруі, олар бәріне ортақ. Бұл құндылықтар мен тәжірибелер дәстүрлі әрі үлкен нормативтік күшке ие. Ұжымдық қалып неғұрлым үлкен және күшті болса, діни бірлік және оны қоргайтын құндылықтары соғұрлым күшті интеграцияланады. Протестант шіркеуінде мұндай байланыс болмағандықтан, оның сақтандыру құндылықтары да төмен болады.

Өзін-өзі өлтірудің алдын алу немесе, керісінше, оларға рұқсат беру арқылы басқа әлеуметтік институттар қандай қызмет атқарады?

Э. Дюркгейм осы тұрғыда отбасының орнын қарастырады. Э. Дюркгейм заманына сай статистика бұл тұрғыда бір жақты емес. Мысалы, 25 жасар еркектер арасында сақталу коэффициенті үйленбегендерге қарағанда үйленгендерде үш есе жоғары. Басқаша айтқанда, жиырма бес жастағы бойдақтар арасында, жиырма бес жастағы отағасылармен салыстырғаңда өзін-өзі өлтіру жиірек кездеседі.

Э. Дюркгейм отбасында және қоғамда өзін-өзі өлтіру арасындағы байланысқа орай бірнеше заңдарды қалыптастырады:

- өте ерте некелесу, әсіресе ерлер арасында, өзін-өзі өлтіру деңгейін өсіреді;

- жиырма жастан жоғары некеде тұрғандар арасында, осы жастағы үйленбеген және тұрмысқа шықпағандарға қарағанда, өзін-өзі өлтіру деңгейі төменірек болады;

- «сақтандыру коэффициенті», яғни некеге отырғаннан кейін мінездері өзгереді;

- жесірлер мен ажырасқандар, үйлі-барандыларға қарағанда, өзін-өзі өлтіруге көбірек бейім келеді, бірақ та тұрақты жалғыз бастыларға қарағанда бұл бағытта ұстамдылық байқатады.

Мұндай әркелкі статистиканы қалай түсіндіруге болады? Э. Дюркгеймнің пікірінше, мұнда екі түрлі көзқарас айтылуы мүмкін. Біріншісі, оның себебін отбасылық өмір, адамды мен-меншілдіктен алыстататын психологиялық жайлылықты қалыптастырып, өзін-өзі өлтірудің алдын алатын үй-іші ахуалмен байланыстыратын көзқарас. Екіншісі матримониалдық таңдаудың өзі шешуші мәнге ие болуы мүмкін дейтін көзқарас. Басқаша айтқанда, үйлену немесе тұрмысқа шығу, некеге отырудың өзі еріксіз реттеуші, сүзгі ретінде қызмет етеді. Некеге отыруға ерік білдіргендердің бәрі бірдей мұны жүзеге асыра алмайды, ал некеге отырғанда сақтай алмайды. «Қалыпты» отбасыны белгілі бір мінез, интеллект, денсаулық секілді қасиеттерге ие болмай құру мүмкін емес.

Осылайша отбасылық топтың құрылысы зерттеп отырған феноменді — отбасы мен өзін-өзі өлтіру арасындағы байланысты түсіндіреді. Алайда, нақты бір қосымшаны енгізу керек. Отбасы адамдарды балалардан және ата-аналардан құрылған бүтіндей бір топ ретінде өзін-өзі өлтіру әрекетінен қорғайтын маңызды фактор болып табылады. Әрине, күйеуі мен жұбайы отбасының мүшесі ретінде осы бір әсерлі ықпалды сезінеді. Бірақ күйеуі мен жұбайы ретінде емес, әкесі мен анасы бүтіндей отбасының тұрақты тұтастығы аясында сезінеді. Егер қосағының бірі қаза болса немесе жоғалып кетсе екіншісінің өзін-өзі өлтіру қаупі күшейеді. Э. Дюркгеймнің пікірінше, бұл тек қана олардың жеке байланыстары үзілгендіктен емес, бүтіндей отбасының өзі жүйе ретінде апатқа ұшырауынан болуы ықтимал. Яғни отбасылық топ, діни бірлік секілді, өзін-өзі өлтірушілерге ықпалды әсер етуші бола алады.

Э. Дюркгейм еңбегінде талдаудың келесі бір объектісі ретінде әр түрлі саяси институттар және олардың қоғамдағы өзін-өзі өлтіруге ықпалы негізге алынады. Э. Дюркгейм ірі әлеуметтік сілкіністер және халықтық соғыстар ұжымдық көңіл күйдің, әлеуметтік интеграцияланудың өсуіне ықпал етіп, патриотизм рухының көтерілуіне ынталандырады, барша адамзаттың белсенділігін бір ортақ мақсатқа жетуге жұмылдырады, сөйтіп уақытша болса да бүкіл қоғамның байланыстылығын нығайтуға ықпал етеді.

Бұл әлеуметтік интеграцияның күшеюі, дағдарысқа немесе соғыстың тууына орай емес, олар әкелген күреске сай туып отырғандығын атап өту керек. Ортақ қауіпке орай біріккен халық өз мүдделері туралы аз ойлап, жалпы мақсаттарды шешуді көздейді. Бұған дәлел ретінде қоғамдық санадағы ірі қоғамдық сілкіністер кезеңінде жалпымемлекеттік, таптық немесе ұлттық ауқымдағы мәселелердің бірінші кезекке қойылатындығын айтуға болады.

Осылайша белгілі шарттылықпен төмендегідей пікірлердің айтылуы мүмкін:

- қоғамдағы өзін-өзі өлтіру деңгейі діни қоғамның интеграциялану дәрежесіне кері пропорционал;

- өзін-өзі өлтіру деңгейі отбасылық қоғамның интеграциялануы дәрежесіне кері пропорционал.

Жалпы қорытынды мынадай формада айтылуы мүмкін — өзін-өзі өлтіру деңгейі индивид жататын әлеуметтік топтың интеграциялану деңгейіне кері пропорционал.

Бірақ индивидтердің жеке мақсаттары кез-келген қоғамдық мақсаттардан маңыздырақ болғанда, олардың индивидуалдылығы ұжымдық, топтық, отбасылық мен-мендіктен жоғары болмайынша, кері интеграциялануы мүмкін емес. Индивидтің топқа деген қатысы әлсіреген сайын, оның оған деген тәуелділігі азая береді. Жеке бастың өзімшілдігі әлеуметтік өзімшілдіктен басым болғанда өзімшілдіктің артықшылығынан пайда болған өзін-өзі өлтірудің белгілі бір түрі айқындалады. Сондықтан өзін-өзі өлтірудің мұндай түрі өзімшілдіктің өзін-өзі өлтіруі деп аталады. Өзімшіл адам өзін-өзі өлтіру әрекеті алдында шарасыздық танытуы бізді таң қалдырады. Мұны немен түсіндіруге болады? Ғадетіне сай қандай да бір болмасын өмір саласында рұқсат етілген немесе рұқсат етілмеген деп тек өзінің жеке өлшемдері бағалайтын, өзімшіл жан өзін-өзі өлтіруге қойылатын тыйымнан өздігінен еріксіз түрде айырылады. Егер адам осы тұрғыда өзімшіл болса, ол қоғамдық тыйым салынған шектеулерді бұзуға құқылымын деп санаса, онда өзін-өзі өлтіруге салынған тыйымды бұзу оған түкке тұрмайды.

Барлық қазіргі этнографтар, тарихшылар, өзін-өзі өлтіру жабайы қоғамдарда кеңінен етек алған деп мойындайды. Мұндай құбылыстар,
Э. Дюркгеймнің айтуынша, үш топқа бөлінуі мүмкін. Біріншісі, бұл қарт немесе ауру адамдар; екіншісі, күйеулері өлген соң өзін-өзі өлтіретін әйелдер; үшіншісі, қожайынның қайтыс болуына орай малайдың өз жанын өзі қиюы немесе ұстазы өлген соң шәкірттің өз жанын өзі қиюы. Барлық осы жағдайда индивид өз жанын өзі қиюы жай ғана құбылыс емес, бұл оның осы ахуалға орай моральдық және әлеуметтік парызы іспеттес. Егер ол бұл парызды өтемесе жазықты болып дін жағынан да жазаланатын болады.

Қоғам жеке адамды өз жанын өзі қиюға итермелеген сәтте ол адамның өз еркін билеуіне жағдайы аз болады. Сол топтың өзі өте күшті интеграцияланған болса жеке адам сол топтың тарапынан қысым көреді.

Өз жанын өзі қиюдың альтруистік деп аталатын екінші типі өзін-өзі өлтірудің әр түрінен құрылады. Олар: а) міндеттенген, күштеу арқылы өзін-өзі өлтіру; ә) альтруистік таңдап алынган өзін-өзі өлтіру; б) жекелей альтруистік өзін өзі өлтіру, оның таза формасы ретінде діни тұрғыда өз жанын өзі қию.

Қазіргі қоғамда мұндай жан қиюшылық соғыс кезеңіндегі әскерлерге тән. Көп жағдайда әскери құрылым жабайы қоғамдарға ұқсауына, қазіргі кез келген әскердің өте қатаң сатылап бөлінуіне, топтардың жеке ғадетке қатал шек қоятынына байланысты жеке адамдардың тәуелсіз әрекеттері тосқауылға ұшырайды. Азаматтық қоғамда жеке адам ұжымдық қадағалаудан және бақылаудан кеңірек босатылады. Әрине, Э. Дюркгейммен толық келісуге болмас, бірақ қазіргі әскердегі құрылымдық қатынастардың осындай қыры құрбан етушілікке зор ықпал ететіндігін мойындау керек.

Э. Дюркгейм бірде-бір адам, егер оның қажеттілігі барлық жағдайда өтелмесе бақытты өмір сүре алмайды деп санаған. Адам өзінің табиғатына сай өз қажеттіліктерінің шегін анықтай алмайды. Сондықтан Э. Дюркгейм адам шексіз қажеттілікте жүреді деп санайды. Сыртқы реттеусіз біздің қанағаттану қабілетіміз шексіздікке ие және оны ешкім етей алмайды. Ал басқа қырынан алғанда, мұндай шексіз қажеттілік белгілі бір жағдайға ғана орай өтелуі мүмкін емес. Мұндай қанағаттанбаушылық патологиялық феномен тұрғысынан қарастырылуы әділетті.

Мұны тек қана қоғам тежей алады. Сілкініс кезінде тіпті қоғамның өзі де бұл орайда қабілетсіздік танытады. Мұны қоғамдағы өзін-өзі құрбан етудің үлкен секіріс жасауымен түсіндіруге болады. Мысалы, экономикалық сілкіністер, дағдарыстар кезінде көптеген адамдар аяқ астынан күйсіздікке ұшырайды. Олар өздерінің қажеттіліктерін шектеп, экономикалық ғадетін қатаң бақылауға үйренулері тиіс. Қоғам оларды жаңа тірлікке көндіруге шамасы келмейді немесе қосымша шектеулерге бейім ете алмайды.

Бірақ проблеманы жағымсыз экономикалық құбылыс ретінде қарастыруға болмайды. Мұны өмірде билікке аяқ астынан ие болатын шұғыл секіріске байланысты орнайтын ахуал ретінде қарастырған да жөн. Мұндай жағдайда өмірдің шарттары дереу өзгереді. Әрине, қажеттілікті реттеудің көрсеткіші бұрынғысындай бола алмайды. Дәл осы кезде, қысқа мерзім ішінде, көрсеткіш тез өзгере алмайды. Қоғамдық және жеке адамдық баға көрсеткіші өзгеруі үшін белгілі бір уақыт керек.

Бұл кезде әлеуметтік күштер тепе-теңдікті сақтай алмайтын жағдайда болады. Мұндай тұрақсыздықтың жарқын көрінісі — экономикалық билік мәселесінде айтарлықтай табысқа жеткендердін тағдырымен, қоғамдық пікірде олардың бұрынғы көзқарастарымен белгіленуі мүмкін. Бұл олардың өзінің өзіне берген бағасы тарапынан өз жағдайына әсер етеді.

Мұндай жағдайда жеке адам заңды, әділ негізі бар талаптардың бар екенін білмейді. Бұл әлеуметтік саяси таптар арасындағы жұмысты үлестіру принципіне де ықпал етеді. Ал бұл дегеніміз әлеуметтік жанжалдың шарықтай өсуіне шынайы негіз болып табылады. Әр тап, әр әлеуметтік топ қоғам байлығын үлестіруде өзін оның үлкен үлесіне ие болуға құқылымын деп санайды. Әлеуметтік қатынастардың мұндай ретсізденген немесе аномия кезінде, қызбалық тәртіпке келтіруге көбіне көнбейтіндіктен, жағдай да ширыға түседі.

Э. Дюркгеймнің пікірінше, діннің реттеуші механизмнен коммерциялық жолмен азат етілуі аномия қалпын күшейтеді. Үкімет билігі экономикалық билікті реттеуші емес оның құралы мен малайы болып қалады.

Демек, аномия қазіргі қоғамда өзін-өзі құрбан етуге жағдай тудыратын тұрақты және негізгі фактор. Ол өзін-өзі өлтіру жеке адам қоғамға бекітілмей, олардың өздері қоғам тарапынан реттелуін анықтайтын жаңа түріне байланысты болады. Өзімшілдікпен өз жанын өзі қию, жеке адамның өмір сүруде ешқандай негіз жоқ деп ойлауынан туады. Альтруистік өз жанын өзі қию адамға өлімнің өзі өмірден биік көрінгендігінен іске асады. Ал аномистік өз жанын өзі қию жеке адамның әрекеті реттелмеген соң, соның салдарынан іске асады.

Өзімшілдік және аномистік өз жанын өзі қию бір-біріне екі жағдайда да жеке адамға қоғамның әлсіз әсер етуімен ұқсайды. Бірақ мұндай кемшіліктің сипаты әрқалай. Өзімшілдікпен өз жанын өзі қиюда адам өз әрекетімен қоғамға мүлдем мән бермейді. Ал аномиялық өз жанын өзі қиюда ол өз әрекетін реттеуге талпынады. Бірақ қоғам оны мұндай реттеуден ада етеді.

Осылайша керітартпа әдеттің социологиялық проблемаларын қысқаша талдау арқылы бұл мәселелер тек қана «экзотикалық» қызығушылық тудырмайтындығына көз жеткіземіз. Шын мәнінде, керітартпа ғадеттің проблемасы социологияның барлық проблемаларымен байланысты.

Әдепсіз, девиантты ғадет, әрине, біздің социологияда зерттеледі. Біз, өкінішке орай, әдепсіз, социологиялық тұрғыда девианттық ғадеттің өмірдің барлық салаларында, барлық жастық кезеңдерінде, ерлер мен әйелдер, білімділер мен білімсіздер, жетекшілер мен олардың қол астындағылар және тағы басқа да топтар арасында өркендеуіне куә болып та жүрміз.

Дау тудыратын мұндай тақырып көп жылдар бойы зерттеушілердің назарынан тыс қалып келді. Енді девианттық ғадеттің нақты мысалдарына көшейік.

Бір кезде А.П. Чехов өзінің кейіпкерінің тілімен былай деген еді. Адамды дүниеде екі нәрсе құрдымға әкеліп тірейді. Ол — жаман әйел және ішімдікке деген құмарлық. Қазіргі социологияның бағытын зерттей келе, жаман әйелдің өзі де жекеленген сөлекет құбылыс деп қарастырмай оның тек қана әлеуметтік дерт екендігіне көз жеткізуге тырысамыз.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 2947 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.027 с)...