Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Мазмұны. Қарым-қатынасты дұрыс реттеуде тыңдау ерекше орын алады



Қарым-қатынасты дұрыс реттеуде тыңдау ерекше орын алады. Тыңдай білу өнер. Мұғалімнің ең басты қасиеті тыңдай білу және тыңдата білу. Тыңдата алу үшін студент сіздің еркіңізді, мәдениетіңізді, жеке ерекшелігіңізді сезіне алатындай болуы керек. Сөйлеу кезінде адамның адамгершілік қасиеттері, ерік-жігері мен қажыр қайраты немесе жалтақтық, жағымпаздығы да айқын аңғарылып тұрады. Мұғалімнің дауыс ырғағы оқушыларға түрліше әсер етеді. Сондықтан мұғалім сөзін оқушыларды қуантатын жерде қуантып, қолайсыз көріністерге реніш тудыратындай етіп құруы тиіс. Өз сабағына жан-тәнімен берілген мұғалім шын жүректен шыққан сөз арқылы өзін тыңдата алады. Сабақ бергенде мұғалімнің даусы оқушылардың бас миына жеткілікті қозу аймағын туғыза алатындай көтеріңкі ашық шығуы керек. Кейбір мұғалімдердің сөзі естілер-естілмес жай, бір сазды болады. Оның өзі оқушыларға гипноздық түрде әсер етіп, оларды жалықтырып, ұйқы жағдайына келтіреді. Осыдан кейін мұғалім мен білім алушы арасында реніш туындайды. Студенттердің оқытушыны тыңдай жағдайы бірдей болмайды. Олардың ішінде белсенді және немқұрайлы, сыни тыңдайтындар кездеседі. Білімгерлердің бірдей тыңдауын қамтамасыз ету үшін де шеберлік қажет. Бір сабақта 3 реттен артық күлдіргі әңгіме айтылса, бұның өзі де сабақ сапасын жоғалтатын көрінеді. Сондықтан білімгерлердің көңілін аулаймын деп шектен шығып кетуге де болмайды.

Нәтижелі тұлғааралық коммуникацияның тағы бір психологиялық шарты – ортақтасу серіктерінің тиімді тыңдау техникасын меңгеруі. Бір қарағанда өзара жақын «есту», «тыңдау» ұғымдарының айырмасы жоқ сияқты болып көрінеді. Адамдар бір-бірін естіп тұрып тыңдамайды. Кейбір адамдардың тыңдау қабілеті жоғары болады, ешқандай күш жұмсамай-ақ есте сақтай алады. Тыңдау бұл естігеніңді есте сақтау және түсіну деген сөз. Ол адамның өмір сүру тәжірбиесінен жиналады.

Адамдар бір-бірін қалай тыңдайды?

Бір әйел қызын отоларингологқа алып келеді, оның ойынша қызының құлағы дұрыс естімейді деп шағымданады. Дәрігер екі құлағын бірдей қарап шығып, еш ауруы жоқ екенін, «қызыңыздың естімеу себебі – ол сізбен байланысты үзіп тастайды» деген. (отключиться) Мұқият тыңдау индивидтен белсенділік пен саналы күш жұмсауды, жігерді қажет етеді. Адам сыртқы дыбыстардан тек өзіне қызықты қажет деректерге ғана жауап беретін үдерісті тыңдау дейміз. Бұл үдеріс газет оқығанға ұқсайды. Газет оқыған кезде көп материалды көзбен жүгіртіп қана өтеміз де, өзімізге қызықты материалды мұқият оқып шығамыз. Сол сияқты сыртқы информацияларды жүре тыңдаймыз да, кейбіреуін мұқият зер салып тыңдаймыз. Зерттеу бойынша 42-53 пайыз біз басқаларды тыңдаймыз, 16-32 пайыз өзіміз сөйлейміз, 15-17 пайыз оқимыз, 9-14 пайыз жазамыз. Тыңдау көп уақыт алады. Мұғалімнің ең сапалы қасиетінің бірі оқушыны тыңдай білу. Тыңдаушы қандай болуы қажет?

Тыңдау үдерісінде адамға қандай факторлар әсер етеді?

Таңертеңнен бері естігендерімізді еске түсірейік.

Көпшілік адамдар өздерін жақсы тыңдаушымыз деп санайды. Өздерін 70-80 пайыз тыңдауға қабілеттіміз дейді. Алайда, зерттеушілер адамның тыңдау қабілеті 25 пайыз ғана екен, ал қалған информацияның 75 пайызы өзінің мағынасын жоғалтады екен. Неге біздер естіп отырып, тыңдамаймыз?

Мұқият тыңдауға кедергі келтіретін мынадай факторларды анықтауға болады:

1. Күнделікті еститін сөздеріміздің көлемі өте көп. Достарыңның, көшедегі адамдардың, радионың, теледидардың сөзін тыңдаймыз. Адам бір күн бойында тек 5 сағат қана сергек жүреді екен, бұл уақыттың 3-тен 1-бөлігі деген сөз. Қалған уақытта ылғи да күш жұмсаумен, алаңдаумен (напряженный) жүретін көрінеді. Сондықтан да әрбір сөзге энергия жұмсап, мұқият тыңдау мүмкін емес.

2. Біз ылғи да көкейімізде жүрген ойлармен жүреміз. Мысалы, тезірек инд. план тапсыру керек болса, қасыңа келген әңгімелесуші адамның сөзін естігенмен, тыңдамайсың. Оның сөзіне қарағанда өзіңнің проблемаң маңыздырақ. Немесе лекция кезінде кешегі болған оқиғаның әсерінен шыға алмай отырасың.

3. Физиологиялық себептері мынадай: біз сөйлегеннен гөрі, тезірек ойланамыз. Жәй адам 1 минутта 500 сөз ести алады, ал сөйлеу қарқыны минутына 120-150 сөз. Сонда арасында бос уақытта өзіміздің проблемаларымызды ойлануға уақыт бар.

Тыңдаудың түрлері. («Псевдослушатели») Жалған тыңдаушылар. Олар тыңдап отырған сияқты басын изейді: келіскен, келіспегенін білдіріп, басын изеп «ия-ия», о-о» деп отырады. Бірақ ол ешнәрсе түсінген де жоқ, тыңдаған да жоқ. Себебі ол өзінің ойымен әлек, немесе іші пысып отыр. Нәтижесінде ешқандай тыңдау процесі жүрген жоқ.

«Өзімшіл тыңдаушы». («Самовлюбленный») тек өзін ғана тыңдаса екен дейді, басқаны тыңдауға уақыты да, зауқы да жоқ.

«Өз жанынан қосушы» («Слушатель-сочинитель») Мұндай адам ешуақытта аяғына дейін тыңдамайды. Түсінбеген жерлерін өзі ойынан қосып алады. Сондықтан оның бәрі түсінікті дегені әңгімелесушіні түсіндім дегені емес.

«Тыңдаушы бал ара» ол өзіне маңызды, қызықты нәрсені ғана тыңдайды. Басқа информацияның бәрін дұрыс емес, керек емес деп санайды.

«Тыңдаушы – шаншар» сөйлеуші қашан қате жібереді екен деп аңдып отырады. Сол қатені сөйлеушіге міндетті түрде ескертіп айтады.

Бірқатар адамдар үшін осы тыңдау түрлері қарым-қатынас стиліне айналған.

Белгілі бір жағдайда әрқайсымыз осы тыңдаушылардың түріне жатуымыз мүмкін. Бұл факторларды мүлдем жою мүмкін емес, бірақ әрекетті бақылауға, өте байқампаз болып, эмоциональды түрде өзімізді басқара алуымыз қажет.

Тыңдаудың мақсаты:

1) жәй тыңдау

2) мазмұнын түсіну үшін тыңдау

3) мазмұнын есіңе сақтау үшін тыңдау. Бұлар энергия көп жұмсамайтын тыңдаудың төменгі деңгейі.

4) естігенін бағалау және талдау үшін тыңдау

5) басқаларға көмектесу үшін тыңдау. Бұл энергия көп жұмсалатын тыңдаудың жоғары деңгейі.

Әлеуметтік коммуникацияның мамандарының пікірі бойынша тыңдау мақсаты түсіну,есте сақтау, анализ бен бағалау үшін, және сөйлесушінің сеніміне кіру үшін қажет деп санайды. Белгілі бір жағдайда мақсат қойса, сол мақсатқа сәйкес тыңдау деңгейі де әр түрлі болады. Мысалы, жарылғыш құралмен қалай жұмыс істеу керек десе, мұнда есте сақтау, түсіну үшін тыңдайсыз. Ал жұмыс орныңызға (организация) компьютер алу керек болса, тыңдап қана қоймай оны талдап, бағалайсыз, ал егер таныс адамыңыз жақынын жоғалтып алған кезде сізде эмпатикалық тыңдау жүреді. Яғни әр түрлі ситуацияға байланысты, тыңдау деңгейі де өзгеріп отырады. Ал лекция кезінде емтиханды жақсы тапсыру үшін студент есіне сақтау, түсіну және анализ жасау үшін тыңдауы қажет. Студенттер арасында «Мен сіздің лекцияыңызға қатыстым, бірақ бұл тақырып туралы естімедім» дейтіндер жиі кездеседі.

А.Құдиярова өзінің еңбегінде тыңдаудың екі түрін көрсетеді: тиімді тыңдау және тиімсіз тыңдау.

Тиімсіз тыңдау түрлері:

- сөйлеушінің сөзін, сезімін дұрыс ұқпау;

- сөйлеушіде оны естімегендей түйсік туғызу;

- сөйлеушінің мәселесін өзіне ыңғайлап ауыстыру;

- сөйлеушінің сөзін күлкіге айналдыру, маңызсыз деп табу;

- талқыланған мәселенің дұрыс шешімін таба алмау;

- өзара түсінушілікті дамытпау;

Тиімді тыңдау – бұл тыңдаушыдан тұрақты зейінді, қызығушылықты, өзгенің мәселесін беріліп қабылдауға дайындықты талап ететін күрделі ерікті құбылыс. Тиімді тыңдаудың екі түрі бар: рефлексиялық және бейрефлексиялық

Рефлексиялық (белсенді) тыңдау сөйлеушіге тек эмоциялық демеу емес, ол белгілі бір мәселені шешуге араласқан кезде пайдаланылады. Бұндай жағдайда тыңдаушы кері байланысты сөз арқылы жеткізеді. Тыңдаушы әңгіме тақырыбы бойынша ашық және жабық түрдегі сұрақтарды қояды, сөйлемдердің мәнін анықтау үшін қайталайды (перифраз) қорытады, түйіндейді.

Рефлексиялық тыңдау түрлеріне істің жай-жапсарын анықтау, перефраз айту жатады. Істің жай-жапсарын анықтау дегеніміз «Қайта айтып жібересіз бе?», Сіз бірнәрсе айтқыңыз келді ме?» деген сұрақтарды құрал ретінде пайдаланады.

Мысалы, студент «Көңіл-күйім болмай тұр. Біздің топта менен басқасының бәрі жақсы балл алды» ддейді. Сіз оны тыңдап, істің жай-жапсарын білу үшін «Неге олай болды?» деп сұрасаңыз, ол өзінің қобалжуын, көңілі толмаған нәрсенің бәрін жайып салады. Сонда сен ол адамның ішкі күйзелісін ашуға, шығаруға әсер етесің. Ал егер «ой, соған бола да адам уайымдай ма?» десе, ол «мені ешкім түсінгісі келмейді» деп өзін-өзі қорғауға итермелейсің.

Перефраз айту дегеніміз тыңдап тұрғаныңды білдіру үшін сөйлеушінің өз сөзін қайталау. Оның мақсаты айтылған нәрсенің анықтығын тексеру. Перефраз «Менің түсінуім бойынша....», «Сіздің ойыңыз бойынша...», Басқа сөзбен айтқанда, сіз былайша ойлайсыз...»

Бейрефлексиялық тыңдау басқаша сөзбен айтқанда, зейінді үндемеу, сөз айтылмай тек бейсөз тәсілдерді (басты изеу, бет және көз қимылы) белсенді қолдану арқылы сөйлеушінің жан дүниесін ақтаруға мүмкіндік беру. Зейінді үндемеу сөйлеуші мәселені айта бастағанда, ішкі толқуларын сыртқа шығаруға асыққанда өте орынды тәсіл. Бейсөз тәсілдерге кейде «иә», «е-ей», «а-а», не соңғы сөздерін қайталау қосылады.

Әдебиеттер тізімі:

1. А.Құдиярова «Ортақтасу психологиясы» (қарым-қатынас) А., «Дарын» 2002. 40-бет

2. В.Н. Куницына, Н.В.Казаринова, В.М. Погольша. «Межличностное отношение». Учебник для вузов., Питер, 2001 -544 стр.





Дата публикования: 2015-04-08; Прочитано: 1484 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.009 с)...