Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Босанудың бірінші кезеңінде әйелді күту және бақылау



Әйел босанудың бірінші кезеңін босану алдындағы бөлмедегі төсекте өткізеді: оған тұруға тек қана судың бүтіндігінде және нәрестенің жақын жатқан бөлігі кіші жамбас қуысына енгенде ғана рұқсат етіледі. Медицина қызметкері босану алды бөлмесінде үздіксіз болып, босанушылардың жалпы жағдайын, көңіл-күйін бақылап, тері және кілегей қабаттарының түсін, көру қабілетін, бас ауруын қадағалап отыруы керек. Акушер босанушы әйелге зор көңіл бөліп, дәрігердің тағайындауларын уақытында орындап, босану кезеңінің дұрыс өтуіне сенімді болуды арттыру сияқты өздерінің босану алдындағы жұмыстарын дұрыс атқаруы керек.

Акушер әйелдің жалпы жағдайын бақылау барысында әр 2 сағат сайын оның қан қысымын өлшейді, тамыр соғысын анықтайды, дене қызуын өлшейді, босанудың бірінші кезеңінде босану ағымын бақылайды. Босану ағымының күштілігі толғақтың жалғасуымен, оның күшімен және ұзақтылығымен анықталады. Оны келесі түрде анықтауға болады: акушер оң қолын жатыр түбіне орналастырады. Секундомермен толғақтың ұзақтығын және арасындағы үзілісті анықтайды. Толғақ қолға жатырдың жиырылуы ретінде, ал үзіліс – босауы ретінде сезіледі.

Үшінші және төртінші акушерлік сыртқы тексеру арқылы акушер нәрестенің жақын жатқан бөлігінің кіші жамбасқа ену қатынасын байқайды. Туу өзегіндегі нәресте басының қозғалысы босану ағымының қарқынына, жатыр мойнының ашылу дәрежесіне, қағанақ суының уақытында ағуына байланысты болады. Босанудың бірінші кезеңінде қағанақ қабының бүтіндігінде бас босаңсымайды, негізінде тар жамбастың кіреберіс қуысынан төмен тұрады. Босану өзектеріне қарай қозғалуды нәресте басы босанудың екінші кезеңінде – жатыр өзегінің толық ашылып, қағанақ суы кеткеннен кейінгі шығу кезеңінде бастайды.

Жатыр өзегінің ашылу дәрежесін, жақын орналасқан бөлігінің биіктігін анықтау үшін қынаптық тексеру өткізу керек. Оны арнайы жабдықталған тексеру бөлмесінде өткізеді. Қынаптық тексеру кезінде инфекцияның кіру қаупін азайту үшін қынаптық тексеруді 2 рет қана жүргізеді. Бірінші қынаптық тексеру әйел босану алдындағы бөлмеге келгенде, ал екінші тексеру – қағанақ суы кеткеннен кейін жүргізіледі. Патологиялық босануларда ғана қосымша тексерулер өткізіледі.

 
 


Босанудың бірінші кезеңінде ұрық жағдайын бақылауға көп көңіл бөлінеді. Ұрық жағдайын анықтау үшін акушерлік стетоскоппен ұрықтың жүрек соғысын тыңдайды. Жүрек соғысын бірінші кезеңде 20 минут, ал қағанақ суы кеткеннен кейін 10 минут сайын тыңдайды. Қалыпты жағдайда ұрықтың жүрек соғысы минутына 110-160 рет болуы керек. Ал егер акушер ұрықтың жүрек соғысын тексеру барысында қандай да бір өзгерістерді сезсе, тез арада дәрігерге хабарлауы тиіс. Жүрек соғысының ырғағы минутына 90-100 ретке азайып, болмаса 160-180 ретке ұлғаюы мүмкін. Жиі ритмнің өзгеруі оның дыбысының өзгеруімен үйлесуі мүмкін. Ұрықтың жүрек соғысының ритмі мен дыбысының өзгеруі көбіне ұрықтың гипоксияға (оттегінің жетіспеуі) ұшырауын көрсетеді. Ұрық гипоксиясының қосымша белгілеріне оның қозғалыс белсенділігінің артуын жатқызуға болады: босанатын әйел ұрықтың тым жиі қозғалысын, болмаса керісінше әлсіз қозғалысын сезінеді. Осыған байланысты акушер босанатын әйелдің хал-жағдайын үнемі бақылап, сұрастырып отыруы керек.

Егер дәрігер нәрестенің гипоксияға ұшырағанын нақтылайтын болса, ұрықтың жағдайын жақсарту үшін акушер оның белгілеген тағайындауларын (оттегі ингаляциясы, көктамырға 40% глюкоза ерітіндісінің 40 мл, 5% аскорбин қышқылының 4 мл, 100 мл кокарбоксилаза, 1% сигетин ерітіндісінің 4 мл) мұқият орындауы керек.

Босану ағымының дұрыс өтуіне қуық жұмысының да тигізетін әсері бар. Әйел қуығын әр 2-3 сағат сайын босатып отыруы керек. Толы қуық босану ағымына кері әсерін тигізеді. Егер де әйел өздігінен қуығын босата алмаса, қуыққа катетер қою арқылы (жасанды зәр шығару) босатады (39 сурет).

       
   

Жатыр өзегі толық ашылғанда және нәресте басы тар жамбас қуысына түскенде, босанатын әйелді туу залына ауыстырады.

Босанудың екінші кезеңі. Бұл жатыр мойнының толық ашылып, нәрестенің жамбас қуысынан өтіп, өмірге келуі. Осы кезеңде жатыр құрсақ, жамбас бұлшық еттерінің, диафрагманың жиырылып, әйелдің күшенуі басталады. Күшену әр 2-3 минутта қайталанып, 50-60 секундқа созылады. Бұл кезеңнің ұзақтығы тұңғыш босанатындарда бір-екі сағатқа дейін, ал босанып жүргендерде 30-40 минутқа созылады. Дәрігер бұл кезеңде әйелдің жалпы жағдайын, күшену қарқынын, нәрестенің жүрек соғысын (әрбір күшенуден кейін 1-2 минуттан соң), оның жамбас қуысынан жылжу жылдамдығын анықтап, босандыруда акушерлік көмек көрсетеді.

Нәресте басының жамбас қуысының

жазықтықтарына қатысы

1. Бастың жамбас қуысының кіреберіс жазықтығынан жоғарғы қондырылуы: бас қозғалмалы немесе жамбас қуысына тіреледі. Қынаптық зерттеуде: шат жігі сегізкөз мүйісі, шекара сызығы анықталады, жамбас қуысы бос, ал төбе жігі жамбас қуысының көлденең өлшемінде, кіші және үлкен еңбектер бірдей деңгейде орналасады.

2. Жамбас қуысының кіреберіс жазықтығында бастың кіші сегментімен орналасуы: бас өзінің үлкен шеңберімен кіреберіс жазықтығынан жоғарғы тұрады, қозғалмайды. Қынаптық зерттеуде: шаттың ішкі беті мен сегізкөздің ішкі ойысы бос, сегізкөз мүйісіне тек бүгілген саусақпен жетуге болады. Төбе жігі аздап қиғаш өлшемінде тұрады.

3. Жамбастың кіреберіс жазықтығында бастың үлкен сегментімен орналасуы: бас өзінің үлкен шеңберімен жамбас қуысының кіреберіс жазықтығында тұрады. Қынаптық зерттеуде: бас шат жігі мен сегізкөздің жоғарғы үштен бір бөлігін жауып тұрады, сегізкөз мүйісі анықталмайды. Кіші еңбек үлкен еңбектен төмен тұрады. Ал төбе жігі қиғаш өлшемде.

4. Бас жамбас қуысының кең бөлігінде: шаттың жоғарғы жағынан бастың бөлігі шамалы анықталады. Қынаптық зерттеуде: шат жігінің ішкі бетінің үштен екі бөлігі және сегізкөз ойысының жоғарғы жағы бас сүйегімен қалқаланған. Шонданай өсінділері анықталады, ал төбе жігі қиғаш өлшемде тұрады.

5. Бас жамбас қуысының тар бөлігінде: шаттың жоғарғы жағынан бас анықталмайды. Қынаптық зерттеуде шат жігінің ішкі беті түгел, сегізкөз ойысының үштен екі бөлігі бас сүйегімен қалқаланған. Шонданай өсінділері шамалы анықталады. Ал төбе жігі қиғаш өлшемде тұрғанмен тік өлшемге жақындау.

6. Бас жамбастың шығаберіс жазықтығында: сегіз көз ойысы толығымен баспен қалқаланған, сүйек өсінділері анықталмайды, ал төбе жігі шығаберіс жазықтығының тік өлшемінде тұрады.

       
 
 
40 сурет. Нәресте басының жамбас қуысының жазықтарына қатынасы:   а – бастың жамбастың кіреберіс жазықтығында орнығуы б – жамбастың кіреберіс жазықтығында бастың кіші сегментімен орнығуы в – жамбастың кіреберіс жазықтығында бастың үлкен сегментімен орнығуы г – нәрістенің басы жамбас қуысында д – бас жамбастың шығаберіс жазықтығында


Нәресте өмірге келу үшін жамбас қуысы мен жыныс ернеуінен өтуі керек. Бұл жол төрт жазықтықтан тұрады. Олардың әрқайсысының өзіндік өлшемдері, табиғи ерекшеліктері болғандықтан, әр жазықтықта нәрестенің басы, денесі икемділіп, әр түрлі қимыл жасайды.

Босану жолдарынан өткенде нәрестенің жасайтын қимылдарының, әсіресе, бас қимылының жиынтығын босану биомеханизмі дейді.

Бастың шүйде сүйегімен туылу екі түрге бөлінеді, оның жиілігі – 96 %.

1. Шүйде сүйегінің алға қарап тууы.

2. Шүйде сүйегінің артқа қарап тууы.

Босану механизмі орындалу үшін төмендегідей жағдайлар қажет:

1. Жатыр бұлшық еттерінің жиырлуы;

2. Диафрагманың (көк еттің) және құрсақ еттерінің жиырылуы;

3. Жамбас түбі бұлшық еттерінің жиырылуы;

4. Нәрестенің бас өлшемі мен жамбас қуысы өлшемдерінің сәйкес келуі;

5. Босану күшінің жеткілікті болуы.





Дата публикования: 2014-10-30; Прочитано: 4961 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.009 с)...